«Рөлдегі 319 сағат»: қазақ отбасы GAC GS8 көлігімен Шымкенттен Парижге барып қайтты

RU
Freedom Freedom О редакции О редакции Добавить в источники Google Добавить в источники Google
Дата публикации: 31.08.2026, 16:48
2026-08-31T16:48:54+05:00
«Рөлдегі 319 сағат»: қазақ отбасы GAC GS8 көлігімен Шымкенттен Парижге барып қайтты

Жандос Шалқарбаев бірнеше жыл бұрын ТМД елдерін жүк көлігімен аралаған. Қазір әйелі мен төрт баласын жеті орындық кроссоверге отырғызып, Еуропаны шарлап жүр. Биыл жазда Шымкенттен шыққан отбасы армандаған сапарға аттанды. Өздерінің GAC GS8 көлігімен 15 елді басып өтіп, Парижге барып қайтты. 17 500 шақырым жол жүріп, сапарға 39 күн жұмсаған. Жол бойында көлікте және Ла-Манш жағалауындағы кемпингте түнеді, Грекияға пароммен өтті, Миланнан 100 шақырым жерде көлік тонайтындардың тұзағына түсіп қала жаздады. Жандос еуротурға қалай дайындалғанын, көліктің Еуропаның тар көшелері мен жолдарында қаншалықты көмектескенін және отбасының келесі сапарға GAC GS8 көлігімен қайда барғысы келетінін айтып берді.

Шымкент тұрғыны фурамен «қоштасып», қытайлық кроссовермен автосаяхатқа шықты

Жандос Шалқарбаевтың жұмысы үнемі көлікпен байланысты болды. Алғашында косметика жеткізетін жүргізуші-экспедитор болып еңбек етті. Кейін «автомансабы» бірден жоғарылап, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы мұнай кен орындарында арнайы техниканың жүргізушісі болды. Ал 2016 жылы Жандос жүк көлігінің жүргізушісі атанып, бүкіл ТМД-ны және басқа да елдерді жүк көлігімен аралады. Барған жерлерінің қатарында тіпті Ауғанстан да бар.

Алайда отбасы мен ата-анасы оның бұл жұмысқа деген қызығушылығын құптамады. Төрт жыл бойы үнемі жолда жүргеннен кейін фурамен қоштасуға тура келді. Содан бері Жандос кәсіпкерлікпен айналысып, Шымкенттен 45 шақырым жерде глэмпинг ашты. Бірақ рөлден қол үзген жоқ. Соңғы екі жылда көлікке деген қызығушылығын отбасымен бірге қытайлық кроссовер мініп, әлемді аралау арқылы басып келеді.

— Жолдан ешқашан шаршамаймын. Фурамен жүргенде шекарада 3-4 күн тұрып қалатын кездеріміз болатын. Оған да шыдайтынбыз. Сондықтан ұзақ сапарлардан қорықпаймын, күнделікті өмірде де рөлде көп отырамын. Бұған дейін Toyota Alphard көлігін жүргіздім. Төрт баламыз бар, сондықтан көліктің іші кең болуы керек. Бірақ өзіміздің глэмпингімізді ашқан кезде қиындық туындады. Алдыңғы жетекті минивэнмен тауға көтерілу қиын болып, қыста тік өрлерде көлік артқа сырғи бастады. Біртіндеп жаңа көлік алу туралы ойлана бастадым. Негізінен көліктің сыйымдылығы мен жанармай шығынына мән бердім.

Бірнеше нұсқаның ішінде толық жетекті GAC GS8 болды. Оны ұзақ зерттеп, тіпті тест-драйвтан да өткіздім. Өйткені таулы серпантинмен жүруге қолайлы болды. Бұл — жеті орындық кроссовер. Турбокомпрессорлы 2 литрлік қозғалтқышы бар, сондықтан жанармайды үнемді жұмсайды. Екі жылдан бері жүргізіп келемін. Өз байқауымша, тасжолда шамамен 8 литр бензин жұмсайды, ал қалада 12 литрден аспайды.

Жандос көлік алар алдында бір жыл бойы ойланған болса, GS8 алғаннан кейін үлкен автосаяхат туралы жоспарын ұзаққа қалдырмады. 2025 жылы әйелі және төрт баласымен Түркияны аралады. Астрахань, Грозный, Тбилиси, Батуми, Ыстамбұл, Өлідениз, Амасья, Каппадокия, Памуккале, Алания және Каш арқылы өткен сапар 25 күнге созылды. Елге оралған соң отбасы жаңа көлікпен келесі сапарын жоспарлай бастады. Ал 2026 жылдың жазында батыл ой жүзеге асты, олар көлікпен Парижге дейін барды.

Ресей шекарасындағы ұзын-сонар кезек, Литваға кіруге кеткен 200 еуро және Ла-Манш жағалауындағы GS8-дегі түн

Отбасы еуротурға бір жылға жуық дайындалды. Маршрут құрып, басқа саяхатшылардың тәжірибесін зерттеді, Шенген визасы мен «Жасыл карта» (Green Card), яғни көлікке арналған халықаралық сақтандыру полисін рәсімдеді. Ал көліктің өзіне ерекше дайындық қажет болған жоқ.

— Түркиядан кейін GS8 өзін өте жақсы көрсетті, сондықтан қосымша шығын шығарудың қажеті болмады. Бірақ жайлы болу үшін өткен жылы автобокс, маркиза, жиһаздары бар шатыр және кемпингте кейде тоқтау үшін ұсақ-түйек заттар сатып алдық. Барлығына шамамен 500 мың теңге жұмсадық. Бұдан бөлек, көлікті алған бойда бронды үлдірмен қаптаттым. Оған шамамен 750 мың теңге кетті. Бірақ бұлар міндетті шығындар емес. Менің кроссоверім бұл шығындарсыз да діттеген жеріне жетер еді. Қаласаңыз, автобокссыз да жүруге болады. Көліктің іші өте кең, тіпті жасырын орындары да бар. Еуропаға аттанар алдында ғана жаңа фильтр мен май сатып алдым. Оларды Беларусьте ауыстырдым. Шекарадан өткенше жететіндей етіп канистрлерге бензин де құйып алдым.

Шымкенттен отбасы Ақтөбеге, одан әрі Ресей шекарасына қарай жол тартты. Жандостың айтуынша, тексеру өте тез өткен. Бірақ 8 сағат кезек күтуге тура келген.

— Қазан мен Мәскеу арқылы өтіп, кейін Минскіге бардық. Беларусьтен Литваға өттік. Айтпақшы, онда электронды кезек бар. Шекарадан өту үшін бір-екі күн күтуге тура келеді. Бірақ ресми ақылы орын алуға болады. 200 еуро төлесеңіз, ұзақ күтпей бірден шекараға өтесіз. Одан әрі Польша мен Германия арқылы жүрдік. Әр елде 1-3 күн тоқтап, демалып, қаланы араладық. Мысалы, Берлинде Рейхстаг пен Холокост құрбандарына арналған мемориалды көріп үлгердік.

Келесі аялдама — Амстердам, одан кейін Бельгияның Брюсселі. Содан соң Нормандиядағы Этретаға бардық. Бұл — Парижден 200 шақырым жердегі Ла-Манш жағалауында орналасқан қала. Бұл жер бүкіл отбасымыздың есінде ерекше қалды. Мұнда үй жалдап қана қоймай, кемпингте де тоқтадық. Ақ борлы жартастар мен теңіз үстінен атқан таңның көрінісі керемет. Біріміз шатырда, енді біріміз көлікте ұйықтадық.

Айтпақшы, GS8-де түнеу өте жайлы. Орындықтары жиналып, ұйықтауға ыңғайлы орынға айналады. Жағалауда демалғаннан кейін тарихы терең, алып бекініс-қала Мон-Сен-Мишельге бардық. Жолда тағы біраз уақыт жүріп, ақыры Парижге жеттік.

Аптап ыстық, тар көшедегі әбігер және Милан маңындағы көлік тонау

Жандостың айтуынша, Еуропада 40 градусқа жуық ыстық пен жоғары ылғалдылыққа тап болған. Бірақ көлік бұл сынақтан да сүрінбей өтті.

— GAC GS8-де үш аймақты климат-бақылау жүйесі бар. Бұл өте ыңғайлы. Жүргізуші ретінде өзіме, алдыңғы жолаушы орнында отырған әйеліме және артқы қатардағы балаларға температураны бөлек қоюға болады. Сонымен қатар ауа ионизаторы мен алдыңғы орындықтарды желдету жүйесі бар. Егер осы функциялар болмағанда, Еуропа елдерінің ыстығына төзу өте қиын болар еді.

Аптап ыстықтан бөлек, сапар барысында тағы бір қиындық кездесті. Еуропаның тар көшелері мен Альпі және Апеннин тауларындағы ирек жолдар GS8 секілді ірі кроссоверге әрдайым қолайлы бола бермеді.

— Тар көшелерде 540 градусқа шолу жасайтын жүйе көп көмектесті. Ол көліктің айналасын 360 градуспен ғана көрсетіп қоймайды, сонымен бірге тағы 180 градусқа дейінгі кеңістікті, яғни көліктің астыңғы жағын да «көрсетеді». Литвада сондай кішкентай жерге кіріп кетіппіз, тіпті айналарды жинауға тура келді. Екі жақта да санаулы миллиметр ғана қалды. Сол кезде ақылды жүйелердің көмегімен жол тауып шықтық.

Жандос адаптивті круиз-бақылау жүйесі де тасжолдар мен автобандардағы жұмыстың бір бөлігін өз мойнына алғанын айтты. Ал мультимедиялық жүйе ұзақ жолды қысқартқандай болды: отбасы жол бойы үлкен кіріктірілген экраннан фильмдер көрген.

— Шынымды айтсам, Еуропа қалаларында, әсіресе Италия мен Францияда, GAC көлігім үшін қатты алаңдадым. Бұл елдерде көліктің терезесін сындырып, ішіндегі заттарды ұрлау өте жиі болатынын алдын ала білдім. Тіпті қуаттағыштың сымын да көзге көрінетін жерде қалдырмаған дұрыс. Сондықтан әйелім екеуміз тек жабық, күзетілетін тұрақтарды пайдаланамыз деп шештік. Дегенмен бір жолы көшедегі тонау оқиғасының ортасында қалуға шақ қалдық. Миланнан 100 шақырым жердегі үлкен аутлетке бардық. Сауда жасауға кірісіп кеткен едік, мен ChatGPT-ден бұл жердің қаншалықты қауіпсіз екенін сұрауды жөн көрдім. Ол жерде де мұндай жағдайлар жиі болатынын білдім. Сондықтан дүкенге кезек-кезек кірдік. Бұл бізді құтқарған сияқты. Өйткені біз сауда жасап жүрген уақытта сол тұрақтың өзінде бірден үш көліктің терезесін сындырып, ішін тонап кеткен.

Италиядан Грекияға дейін теңіз жолы, Дағыстандағы сынаққа толы сапар және GAC-пен әлемнің арғы шетіне саяхат арманы

Жандос қайтар жолды басқа бағытпен жоспарлады. Сондықтан отбасы Швейцарияға, одан Италияға барды. Милан, Генуя, Венеция, Рим, Бари, Бриндизи қалаларын аралап, Ватиканға да соқты. Одан кейін оларды Игуменицаға дейінгі 12 сағаттық паром сапары күтіп тұрды. Оның құны 290 мың теңге болды. Сол жерде және ежелгі Салоникиде демалғаннан кейін таныс маршрутпен жүріп, Түркияның бес қаласы арқылы Грузияға, одан әрі Дағыстанға жетіп, Қазақстанға оралды.

— Таулы жерлер, серпантиндер мен төбелер, жазықтар мен далалық — қай жерде де көлігімнің аспасының қаншалықты жұмсақ екенін байқадым. GS8-дің жанармай шығыны да қуантты. Еуропаның кейбір тасжолдарында 7-8 литрдей ғана жұмсады. Бірақ сапалы жанармай үшін көбірек төлейсің. Мысалы, Германияда бір литрі 2,5 еуро тұрады. Айтпақшы, жүк көлігінің жүргізушісі болып жүрген кезімде Ресейдегі бензиннің сапасы да жоғары екенін байқайтынмын. Бірақ бұл жолы жанармай тапшылығының қызған шағына тап болдық. Көбіне 30 литрден артық бермеді, ал бір жанармай бекетінде 3 сағаттан астам күтуге тура келді.

Жандос пен оның отбасының саяхаты 39 күнге созылып, жалпы жүріп өткен жолы 17 500 шақырымды құрады. Рөлде өткізген 319 сағат ішінде ол әр елдегі көлік жүргізу мәдениетін де зерттеп үлгерді.

— Еуропаның кейбір елдерінде, мысалы Германияда, жүргізушілердің бір-біріне деген құрметі өте жоғары. Егер автобанда сол жақ жолақпен келе жатсаң, артыңдағы жүргізуші сигнал беріп, жарығын жақпайды. Өзің жол берсең, алғыс білдіреді, жол бермесең, сабырмен артыңнан жүре береді. Италиядағы көлік жүргізу стилі қазақстандықтарға ұқсайды: эмоцияға беріліп, шалт қимылдайды. Ең қауіпті жүргізу стилін Дағыстанда көрдім. Грузия мен Түркияда да өте жылдам жүреді, бірақ бір-бірін сыйлайды. Ал жаяу жүргіншілерге келгенде олай емес. Егер жүргізуші ретінде алған барлық әсерімді — жолдағы мәдениет, жолдардың сапасы және көлік қозғалысының деңгейін — қорытындыласам, Польша көш бастайды. Онда жолдағы адамдар ең сыпайы әрі сабырлы.

Автокөлікпен саяхаттау немесе дайын тур арасында таңдау тұрса, Жандостың пікірі анық. Оның айтуынша, бұған экономикалық себеп те бар. Мысалы, әйелі екеуі екі адамға арналған шағын круизге 4 млн теңге жұмсаған. Ал алты адам болып, ештеңеден өздерін шектемей, 15 ел арқылы 39 күндік автосаяхатқа шамамен 7 млн теңге кеткен. Жандос өзінің GAC GS8 көлігін екі ауқымды сапарда жан-жақты сынап көрді. Енді көлігіне тағы бір бағытты сеніп тапсырғысы келеді. Отбасы 20-25 мың шақырымнан да ұзақ жаңа маршрутты жоспарлап қойды.