«Қызмет көрсететін порталдан цифрлық көмекшіге дейін»: ҰАТ басшысымен eGov-тың болашағы туралы сұхбат
Қазақстанда eGov цифрлық үкімет порталы іске қосылғалы 20 жыл өтті. 2006 жылы алғаш ашылғанда, онда мемлекеттік органдардың жұмысы туралы мәлімет қана берілетін. Бүгінде осы жүйе арқылы мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамын үйден шықпай-ақ алуға болады.
Енді портал түбегейлі жаңармақ. Оның eGov 3.0 деп аталатын жаңа нұсқасы заманауи технология негізінде жасалып, жүйеге жасанды интеллект көмекшісі GPT де енгізілді. Ол қызметтің нақты атауын білмейтін адамға да керегін тауып береді.
Digital Business «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Бекмановпен порталдың алдағы өзгерістері туралы сөйлесті. Ол жаңа нұсқаның бұрынғы жүйеден айырмашылығын, кәсіпкерлерге бөлек қосымша не үшін қажет екенін және ескірген мемлекеттік жүйелер қалай жаңартылатынын айтып берді.
«eGov халыққа бірдей мүмкіндік берді»
– Дәулет Нысанқұлұлы, eGov іске қосылғалы 20 жыл өтті. Осы уақыт ішінде жүйенің елге берген ең үлкен пайдасы қандай?
– Бұрын мемлекеттік қызметті қаншалықты тез алатыныңыз танысыңыздың бар-жоғына байланысты еді. Бір адам апталап күтсе, екіншісі дәл сол шаруаны әлдеқайда жылдам бітіретін. eGov ортақ тәртіп орнатып, қызмет алу мүмкіндігін бәріне тең етті.
Қазір мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамын интернет арқылы алуға болады. ХҚКО-да кезек күту, қағаз жинау, бір құжат үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыру сияқты мәселелер азайып келеді.
Ол үшін жаңа технология енгізу жеткіліксіз болды. Заң талаптарын да қайта қарауға тура келді. Соның нәтижесінде азаматтардан 30-дан астам анықтаманы талап ету тоқтатылды.
Мысалы, бұрын мекенжай анықтамасы жылына 10–12 миллион рет берілетін. Қазір оны ешқайда апарудың қажеті жоқ. Мемлекеттік органдар қажетті мәліметті тиісті жүйеден өздері алады. Осылайша азаматтар мен мемлекеттік органдардың арасындағы кедергі азайды.
– Бұл өзгерісті қай қызметтен анық байқауға болады?
– Мен мемлекеттік қызметтер саласында 2008–2009 жылдардан бері жұмыс істеймін. ҰАТ-қа eGov енді дамып келе жатқан кезде келдім.
Алғаш айналысқан қызметтерімнің бірі – соттылықтың бар-жоғы туралы анықтама беру. Ол кезде прокуратурадан жауап алу үшін сегіз күн күту керек еді. Қазір бұл анықтаманы екі-үш минутта, ешқайда бармай-ақ алуға болады.
Тұрғылықты жері бойынша тіркелу тәртібі де қатты өзгерді. Бұрын адам алдымен паспорт үстеліне барып, бұрынғы мекенжайындағы тіркеуден шығатын. Әскери міндетті азаматтар бір әскери комиссариаттағы есептен шығып, екіншісіне қайта тіркелетін. Статистикалық талон мен үй кітапшасы да сұралатын. Қазір мұның бәрін бірнеше минутта онлайн жасауға болады.
Жеке кәсіп ашу да жеңілдеді. Бұрын құжаттарды салық органына апарып, бес-жеті күн күтетін. Қазір кәсіп бастағаны туралы мемлекетке хабарласа жеткілікті.
Цифрландырудың негізгі қағидасы қарапайым: мемлекетте бар мәліметті азаматтан қайта сұрамау керек.
– Бірақ мектептер, балабақшалар, тіпті кейбір мемлекеттік органдар әлі күнге дейін қағаз сұрайды. Неліктен?
– Көбіне бұл – бұрыннан қалған әдет. Егер мәлімет мемлекеттік жүйеде тұрса, мекеме оны азаматтан қайта сұрамауға тиіс.
eGov-та бөтен адам неге туысыңыз болып шығады?
– Кейде адамдар eGov Mobile қосымшасынан бөтен баланың, немесе өзіне қатысы жоқ басқа адамның деректерін көріп қалады. Мұндай қателікке кім жауапты?
– Әр дерекке оны жинап, сақтайтын мемлекеттік орган жауап береді. Мысалы, АХАТ жазбалары бір жүйеде, тұрғылықты жері бойынша тіркеу мәліметтері басқа жүйеде, ал медициналық деректер тағы бір жүйеде сақталады.
eGov бұл мәліметтерді өзі енгізбейді, тек тиісті мемлекеттік дерекқордан алып көрсетеді.
Дегенмен портал мұндай қателерді анықтауға көмектеседі. Адам өзі туралы мәліметтерді қарап, қате немесе сәйкес келмейтін тұстарын бірден байқай алады.
– Ал ҰАТ-тың жауапкершілігі қандай?
– Біз eGov-тың тұрақты жұмыс істеуіне, қызметтердің қолжетімді болуына, жүйелердің өзара мәлімет алмасуына және деректің дұрыс көрсетілуіне жауап береміз.
Ал қате мәліметті сол дерекқорды жүргізетін мемлекеттік орган түзетеді.
eGov 3.0 тек жаңа дизайнмен шектелмейді
– eGov-ты неге жаңарту керек болды?
– eGov 20 жыл бұрын мемлекеттік органдар туралы ақпарат беретін сайт ретінде жасалды. 2012–2014 жылдары ол мемлекеттік қызмет көрсететін жүйеге айнала бастады. Алайда оның бастапқы техникалық негізі ұзақ уақыт өзгеріссіз қалды.
Порталдың барлық бөлігі бір-бірімен тығыз байланысқан еді. Сондықтан біреуін өзгерту үшін өзгелерін де қайта қарау қажет болатын.
Мысалы, порталда 300 қызмет бар делік. Алғашында құжаттарға тек электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылатын. Кейін SMS пен QR-код арқылы растау мүмкіндігі қосылды. Ескі жүйеде жаңа тәсілді 300 қызметтің әрқайсысына жеке-жеке енгізу керек еді. Сол себепті SMS немесе QR-код арқылы растау бір қызметте болғанымен, екіншісінде болмауы мүмкін.
Кейде шағын ғана өзгеріс енгізу үшін бүкіл порталды уақытша тоқтатуға тура келетін.
eGov 3.0 бір-біріне тәуелсіз шағын бөліктерден тұрады. Мамандар мұны микросервистік архитектура деп атайды. Енді жүйенің бір бөлігін жаңартқанда, қалған қызметтер жұмысын жалғастыра береді.
– Яғни eGov 3.0-да сыртқы көріністен гөрі ішкі құрылым көбірек өзгере ме?
– Иә. Негізгі өзгеріс қолданушыға көрінбейтін техникалық бөлікте болады.
Жаңғырту жұмысын мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арасында мәлімет алмасуға арналған электрондық үкімет шлюзінен бастадық. Алдымен шлюз жаңартылды. Одан кейін адамның жеке басын растау, құжатқа қол қою секілді негізгі қызметтер жаңа жүйеге көшіріле бастады.
Тағы бір маңызды мәселе – жүйенің бастапқы коды. Бұрын мердігер ауысқанда бағдарламаның соңғы нұсқасын жаңа орындаушыға беру қиын болатын.
QazTech-та кодтың бәрі ортақ қорда сақталады. Жаңа әзірлеуші келсе, жұмысты тоқтаған жерінен бірден жалғастыра алады.
– Бұл мердігерді ауыстыруды жеңілдете ме?
– Иә.
Кәсіпкерлерге жеке қосымша не үшін қажет?
– Кәсіпкерлерге арналған eGov Business бар. Барлық қызметті кәдімгі eGov Mobile қосымшасына біріктіруге болмай ма?
– Соңғы жылдары халыққа мемлекеттік қызмет алу әлдеқайда жеңілдеді. Қызметтердің көбін бірнеше минутта рәсімдеуге болады. Кейде мемлекет азаматтың өтініш беруін күтпей-ақ, қажетті қызметті өзі ұсынады. Мысалы, бала дүниеге келгенде ата-ананың ХҚКО-ға баруы қажет емес. Олар сәбиге қоятын есімін SMS-хабарламаға жауап ретінде жібере алады. Осындай ыңғайлы жүйе кәсіпкерлерге де қажет.
Қазір компанияны тіркеу, лицензия алу және өзге де қызметтер онлайн көрсетіледі. Ендігі мақсатымыз – кәсіпкерге қажет мүмкіндіктердің бәрін eGov Business қосымшасына жинау.
Онда мемлекеттік қызметтер, бизнесті қолдау шаралары, субсидиялар, салық күнтізбесі және басқа да пайдалы құралдар болады. Қазір салық органдарының, «Бәйтерек» холдингінің және өзге ұйымдардың жеке қосымшалары мен сайттары бар. Кәсіпкер олардың әрқайсысына бөлек кіруге мәжбүр. Біз негізгі қызметтердің бәрін бір жерге жинағымыз келеді.
– eGov Business-ке тағы қандай мүмкіндік қосылады?
– Қыркүйекте Smart Contract қызметін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның көмегімен кәсіпкерлер келісімшарттарды онлайн рәсімдеп, мердігерлермен және басқа серіктестермен мәміле жасай алады.
Құжатқа электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылады. Оны қағазға басып шығарудың немесе делдал іздеудің қажеті болмайды.
2026 жылы eGov Business қосымшасы 135 мың рет жүктелді. Оны ай сайын шамамен 35 мың кәсіпкер пайдаланады. Бұл – жақында ғана іске қосылған мемлекеттік өнім. Оны арнайы жарнамалап жатқан жоқпыз. Соған қарамастан, қолданушылар саны біртіндеп артып келеді.
Қызметтер көбейген сайын кәсіпкерлер eGov Business-ті мемлекетпен жұмыс істеуге арналған негізгі қосымша ретінде қолданады деп ойлаймыз.
Қызметті іздемейсіз, қажетіңізді eGov тауып береді
– Алдағы уақытта eGov қандай болуы керек?
– Қазір eGov Mobile мен eGov Business негізінен мемлекеттік қызметтер тізімі ретінде жұмыс істейді. Болашақта олар адамның сұрағын түсініп, шаруасын соңына дейін бітіруге көмектесетін жеке көмекшіге айналуы керек.
Сол үшін eGov GPT жасанды интеллект көмекшісін жасадық. Қолданушы қызметтің ресми атауын білуге немесе оны түрлі бөлімнен іздеуге міндетті емес. Не қажет екенін қарапайым тілмен жазса жеткілікті. Жүйе тиісті қызметті тауып, әрі қарай не істеу керегін түсіндіреді.
Мысалы, адам: «Баламды басқа мектепке ауыстырғым келеді», – деп жазады. Жүйе оның балаларының қайсысы мектеп жасында екенін анықтап, қажетті құжаттарды көрсетеді. Содан кейін өтінішті дайындап береді. Адамға мәліметтерді тексеріп, өтінішті растау ғана қалады.
Қазір eGov GPT арқылы ең жиі қолданылатын 50 қызметті алуға болады. Мемлекеттік қызметтерге түсетін өтініштердің шамамен 30 пайызы осы 50 қызметке тиесілі.
– Мемлекеттік органдар жасанды интеллектіні тағы қандай жұмыстарда қолданып жүр?
– Биыл Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қостық. Мемлекеттік органдар осы платформа арқылы өздеріне қажет жасанды интеллект құралдарын әзірлей алады.
Мысалы, Көлік министрлігімен бірге азаматтардың өтініштерін сұрыптайтын жобаны сынап көрдік. Бұрын бір хат жауапты маманға жеткенше бірнеше басшының алдынан өтетін. Бұған бірнеше күн кететін. Қазір жасанды интеллект өтініштің мазмұнын оқып, мәселемен қай орган айналысатынын анықтайды да, хатты бірден жауапты маманға жібереді. Осының арқасында Көлік министрлігінде өтінішті тиісті маманға жеткізуге кететін уақыт шамамен 75 пайызға қысқарды.
Жүйе жауаптың алғашқы нұсқасын да дайындайды. Қызметкер оны тексеріп, қажет жерін толықтырады немесе түзетеді. Соның арқасында жауап әзірлеуге кететін уақыт шамамен 30 пайызға азайды.
Ескі мемлекеттік жүйелерді неге қайта құру керек?
– Жоғары аудиторлық палатаның дерегінше, ҰАТ-тың қарауындағы 34 ақпараттық жүйенің 85 пайызы ескірген. Бұл қазіргі жағдайды қаншалықты дәл көрсетеді?
– Негізгі мемлекеттік жүйелердің көбі 2007–2008 жылдары жасалған. Олардың қатарында жеке және заңды тұлғалар туралы дерекқорлар, АХАТ пен лицензиялау жүйелері бар.
Содан бері оларға көптеген қызмет қосылды. Бірақ негізгі техникалық бөлігі өзгерген жоқ. Жыл сайын жаңа қызметтер қосылғанымен, жүйелердің өзегі бұрынғы қалпында қалды. Жоғары аудиторлық палата осы мәселені көтерді.
Қазір мұндай жүйелердің біразы ҰАТ-қа сенімгерлік басқаруға берілді. Біз оларды біртіндеп жаңа технологияларға көшіреміз.
– 2027 жылдың соңына дейін QazTech платформасына 108 ақпараттық жүйе көшіру жоспарланған. Қазір қаншасы көшірілді?
– Қазір он жүйе көшірілді. Жыл соңына дейін олардың санын 39-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
QazTech мемлекеттік жүйелерге ортақ технологиялық негіз болады. Қазір әр мемлекеттік орган әртүрлі технологияларды қолданады. Оның үстіне, бір мекеме жасап қойған дүниені екіншісі қайта әзірлейді. Соның салдарынан уақыт пен қаржы артық жұмсалады.
QazTech ортақ талаптар мен дайын құралдарды ұсынады. Мысалы, жыл сайын 1 сәуірде балаларды бірінші сыныпқа қабылдау басталғанда өтініш күрт көбейеді. Бұрын мұндай кезде жүйе баяулап немесе істен шығып, ата-аналардың наразылығын туғызатын.
Биыл бірінші сыныпқа қабылдау қызметі QazTech платформасында жұмыс істеді. Өтініш көп болғанына қарамастан, ешқандай іркіліс болған жоқ.
– QazTech-қа көшкеннен кейін тағы не өзгереді?
– Платформада дайын құралдар жиынтығы болады. Мысалы, жаңа ақпараттық жүйе әзірлейтін министрлік адамның жеке басын растау немесе құжатқа электрондық қол қою қызметін қайтадан жасамайды. Дайын құралды қолдану арқылы өз саласына қажет жүйені әзірлейді.
Осындай оннан астам құрал жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл жаңа жүйелерді тезірек іске қосып, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
QazTech қанша қаржы үнемдейді?
– QazTech-тың мемлекет қаржысын қаншалықты үнемдейтінін қазір есептеуге бола ма?
– Әзірге нақты сан айтуға ерте. Платформа биылғы 1 сәуірде ғана толық жұмыс істей бастады.
Мемлекеттік жүйелердің басым бөлігі QazTech-қа көшкеннен кейін ғана қанша қаржы үнемделгенін есептей аламыз. Оған бірнеше жыл қажет. Дегенмен оның пайдасы қазірдің өзінде байқалып жатыр. Мысалы, бұрын әр мемлекеттік орган ақпараттық қауіпсіздік жүйесін өзі жасайтын. QazTech-та қауіпсіздікке қажет негізгі құралдардың бір бөлігі алдын ала енгізілген.
– Сонда қауіпсіздік те ортақ жүйе арқылы басқарыла ма?
– Иә. SecOps құралдары жүйелердің жұмысын үнемі бақылап, ықтимал қатерлерді анықтайды.
Мемлекеттік органға қауіпсіздік жүйесін басынан бастап жасаудың қажеті жоқ.
– Соңғы кезде деректердің сыртқа шығып кеткені туралы жиі естиміз. Мемлекеттік жүйелер кибершабуылдан қаншалықты қорғалған?
– QazTech жарты жылдан астам уақыт сынақтан өтті. Мемлекеттік техникалық қызмет платформаның ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай екенін растап, тиісті сертификат берді.
Ақпараттық қауіпсіздік тұрақты назарды қажет етеді. Сондықтан ол алдағы уақытта да негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.
ҰАТ мамандарына министрліктер неге көз салады?
– Сіз ҰАТ-та талдаушы болып бастап, қазір компанияны басқарып отырсыз. Бүгінгі жас мамандар да осындай жолдан өте ала ма?
– Иә, әрине. Қазір департамент басқарып отырған қызметкерлердің көбі осыдан екі-үш жыл бұрын маман болып жұмыс істеген. Мысалы, eGov 3.0 жобасына жауапты Назгүл Жағабаева да маман болып бастаған. Қазір ел үшін маңызды бағытты басқарып отыр.
ҰАТ-тан шығып, мемлекеттік қызметте өскен мамандар да бар. Дархан Ахмедиев кезінде талдаушы болып жұмыс істеген, қазір қорғаныс министрінің орынбасары. Ербол Оспанов пен Таласбек Қанафин де еңбек жолын ҰАТ-та бастаған. Қазір олар денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы вице-министрлері болып қызмет атқарады. Бағдат Мусин де кезінде осы компанияда жұмыс істеген.
Сондықтан ҰАТ-ты мамандар шыңдалатын мектеп деп айтуға болады.
– ҰАТ-та шыңдалған маманның басты артықшылығы неде?
– Ол технологияны меңгеріп қана қоймай, мемлекеттік органдармен күнделікті жұмыс істейді.
Бір қызметті цифрландыру үшін оның қалай көрсетілетінін басынан аяғына дейін зерттеу керек. Маман заңдарды, бұйрықтарды және мекеменің ішкі жұмыс тәртібін қарайды. Біраз уақыттан кейін ол бұл жұмысты сол мемлекеттік органның қызметкеріндей түсіне бастайды. Қай бөлікті алып тастауға, нені жеңілдетуге және қандай жұмысты автоматтандыруға болатынын көреді.
Сөйтіп, технологияны да, мемлекеттік басқарудың ішкі тәртібін де білетін маман қалыптасады. ҰАТ-тан шыққан қызметкерлердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуының бір себебі – осы.
Алда қандай міндеттер тұр?
– ҰАТ алдағы бір жылда қандай жұмыстарға басымдық береді?
– Бірінші бағыт – QazTech. Мемлекеттік жүйелерді осы платформаға көшіруді жалғастырамыз. Әр мекеме бір жұмысты қайта-қайта жасамауы үшін дайын құралдардың санын көбейтеміз.
Екінші бағыт – eGov Mobile және eGov Business. eGov GPT-ті одан әрі жетілдіреміз. Бұл қосымшалар азамат пен кәсіпкердің қажетін түсініп, қызметті басынан аяғына дейін алуға көмектесуі керек.
Үшінші бағыт – ақпараттық қауіпсіздік. Жаңа қызметтер мен платформалардың бәрі қауіпсіздік талаптарына сай жасалуға тиіс.
Басты мақсатымыз – мемлекеттік қызмет алуды барынша жеңілдету.