Биометрия және AI-артықшылықтар: бизнеске арналған ASUS ExpertCenter P400 AiO моноблогын сынаймыз

Кәсіпкерлер компьютерден не күтеді? Жүйесі жылдам болсын, браузерде он шақты бет ашылса да қиналмасын, деректерді қауіпсіз сақтасын, сыртқы түрі жинақы, стильді көрінсін. Оған қоса, жақсы камера, микрофон және жұмысты жеңілдететін AI-көмекші болса тіпті керемет.

Бұл жолы Digital Business редакциясына сынақтан өткізу үшін ASUS ExpertCenter P400 AiO бизнес-моноблогы берілді. Ендеше, ол талаптарға сай ма, бірге қарап көрейік.

Әскери-өндірістік стандарт немесе 9 келі сенімділік

Сырт көзге моноблок минималистік дизайнда жасалған: қапталы жіңішке, қырлары сүйір, болат каркасы бар, қаптамасы – қара күңгірт пластик. Логотип пен порт атаулары корпустың ішіне әдемі жасырылған. Ақ түсті нұсқасы да бар.

Құрылғы тіреуімен қоса 9 кг тартады, бұл ASUS шығарған ең жіңішке моноблок. Ол америкалық әскери-өндірістік MIL-STD-810H стандарты талаптарына сай, қол тигізгенде де, сырт көзге де мықты екені байқалады.

Қосу үшін бір ғана электр ұяшығы керек. Бұл ASUS ExpertCenter P400 AiO-ды қуат көзі аз бөлмеде қолдануға мүмкіндік береді. Қалаған жағдайда моноблокты қабырғаға бекітуге де болады, VESA стандарты тіреуіштерімен үйлесімді.

Мониторды 15 см шегінде көтеріп-түсіруге, екі жаққа 45 градусқа бұруға болады, жеңіл әрі бірқалыпты қозғалады. Дегенмен, бұрғанда белгі беретін дыбыс жетіспейді, ол монитордың дәл орныққанын түсінуге көмектесер еді. Көлденең бағытта сәл қатты жүрсе, тігінен, әсіресе төмен қарай, керісінше, тым жеңіл. Төменгі нүктеде мониторды бұрғанда тіреуге тиіп кетпеу үшін төменнен бұрылуды шектейтін бекіткіш болғаны артық етпес еді.

Жинақтың ішінде тінтуір мен пернетақта болғаны қуантады. Бірақ олар сымды және пластигі моноблоктың материалына қарағанда қарапайымдау. Әйтсе де, басқа нұсқаларында сымсыз тінтуір мен пернетақтасы бар, тіпті ақ түсті түрі де ұсынылады.

Кенсингтон құлпы және басқа да жасырын мүмкіндіктер

Монитор ашық әрі кең, 27″ диагональді FullHD. Экранды 180 градусқа дейін бұрауға болатыны ұнады: егер құжаттар көбіне вертикалды форматта болса, бұл өте ыңғайлы. Әлеуметтік желілермен де осылай жұмыс істеу қолайлы.

Мониторда шағылысуға қарсы жабыны бар, көк жарық деңгейі төмен делінген, бұны TÜV Rheinland сертификаты да растайды. Басқа танымал брендтің IPS-мониторымен салыстырып көрдік, ASUS ExpertCenter P400 AiO-да көз расымен аз шаршайды.

Сенсорлық экранды нұсқасы да бар, бұл дизайнерлерге сөзсіз ұнайды. Экранды тік форматқа бұрып қолдану нұсқаулықтарды, кітаптарды, құжаттарды жылжытып оқуға өте ыңғайлы.

ASUS ExpertCenter P400 AiO-ның ерекшелігі – корпустың ішінде жасырылатын веб-камера. Камера FullHD (1080p) сапасында жазып, жақсы детализация береді, бірақ шексіз мүмкіндігі жоқ: жарық азайса, сурет дәнектеліп көріне бастайды. Құрылғыны автоматты қосу/өшіру функциясына инфрақызыл камера жауап береді, ол иесін танып, жүйені өзі басқарады.

Корпусқа микрофон және 5 Вт-тық екі динамик орнатылған, Dolby Atmos қолдауы бар. Бұл көп моноблоктағы әдеттегі 3 Вт шешімнен шамамен екі есе қуатты, сол себепті дыбыс қанық әрі едәуір жоғары. Күнделікті жұмысқа, оқыту видеоларын қарауға, қоңыраулар мен кездесулерге толығымен жеткілікті.

Периферия қосуға арналған порттар жеткілікті: екінші монитор не проектор үшін HDMI, 3 USB 3.2 порты, LAN (RJ-45), USB 3.2 Type C, USB 2.0 Type A, аудио шығыс және тіпті кенсингтон құлпына арналған арнайы слот та бар (кенсингтон құлпы – болат тросы бар құрылғы, оны компьютерді қозғалмайтын, ірі немесе ауыр затқа бекітіп ұрлықтың алдын алу үшін қолданады – Digital Business ескерт.).

Ойынға емес, жұмысқа арналған қуатты бизнес-моноблок

Бізге берілген ASUS ExpertCenter P400 AiO-ның сипаттамасы:

  • процессор: 13th Gen Intel(R) Core(TM) i7-13620H (2.40 GHz);
  • жедел жады: 16 ГБ DDR5;
  • Windows 11 Pro;
  • SSD: 1 ТБ.

Жедел жады көлемін 64 ГБ-қа дейін ұлғайтуға болады, ал корпус үш SSD-ны RAID-массивке біріктіріп орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл жылдамдықты арттырып, ақпараттың қауіпсіз сақталуына көмектеседі. Қазақстанда сатылатын үлгілерде деректерді шифрлау үшін TPM 2.0 криптопроцессоры орнатылған.

Іс жүзінде қалай? Офистік бағдарламаларда – өте шапшаң. Құрылғы 15 секундтан аз уақытта жүктеледі. Браузер, Excel, Word, PowerPoint, Adobe Reader, тіпті Photoshop-та жұмыс істеу өте ыңғайлы.

Intel Extreme Tuning Utility кірістірілген утилита арқылы өткізілген өнімділік тесттері мынадай нәтиже көрсетті:

  • Қалыпты режимдегі процессор температурасы: 52–55°C.
  • Стресс-тест кезіндегі процессор температурасы: 78–84°C.
  • Benchmark сынағының нәтижесі: 4071 Marks.

Бұл көрсеткіштер ASUS ExpertCenter P400 AiO-ның базалық жұмысқа толық жарайтынын және кеңсе бағдарламаларының кез келгенін еркін көтеретінін білдіреді. Бірақ графикамен кәсіби жұмыс немесе ойын ойнауға арналмаған, себебі жеке видеокарта мен салқындату жүйесі қарастырылмаған.

Моноблок Wi-Fi 7 қосарлы диапазонды модулімен жабдықталған, интернетке жоғары жылдамдықпен қосылуға мүмкіндік береді. Алайда Қазақстандағы провайдерлер әзірге оның толық мүмкіндігін аша алмайды.

Есесіне жасанды интеллектке жол ашық, және бұл жағынан ASUS-тың бизнеске ұсынатын мүмкіндіктері бар.

AI бизнес-көмекші мен аудармашы әрдайым дайын

Моноблокта ASUS AI ExpertMeet кірістірілген интеллектуалды көмекші бар. Ол субтитрлерді жазып, әңгіменің стенографиясын жасайды, сөйлейтіндердің дауыстарын бөледі, визуалды эффектілер жасайды, бірнеше тілге синхронды аударма жүргізеді және видеоконференцияларды жазып алады.

Іс жүзінде мәтіннің транскрибциясы тез жасалып, мессенджерге ұқсас диалог терезеге шығады. Алайда аударма мен тіл тануға қатысты мүмкіндіктер ағылшын тіліне бейімделген. Орыс және қазақ тіліндегі диалогтарды нейрондық желі әлі қате жазады. Бәлкім, кірістірілген микрофонды дәлірек баптаса, жақсартатын шығар.

AI Meeting Minutes функциясы шуды басу жағынан жақсы жұмыс істейді, бірақ белгілі бір шегі бар, ал трансляция кезінде су таңбаларын қоюда ешқандай қиындық болған жоқ. Бұл функция да дауыстық хабарларды мәтінге айналдырып, келіссөздердің негізгі ойын қысқаша жазып береді. Маңыздысы, нейрондық желі кіріс деректерін талдай отырып, оларды ешқайда жібермей, өзінде сақтайды, ақпараттың кездейсоқ таралып кету мүмкіндігін болдырмайды.

Windows 11 базасындағы көп құрылғы сияқты, ASUS ExpertCenter P400 AiO Microsoft компаниясының сандық AI көмекшісі Copilot-пен жабдықталған. Мұнда ол іскерлік коммуникация мен коммерциялық деректерді қорғауға бағытталған. Мәтін жазады, іздеу сұраныстарын орындайды және тіпті сурет генерациялайды. Көмекшіні шақыру үшін пернетақта мен тапсырмалар панелінде бөлек батырма бар.

Деректерді қорғауға ExpertGuardian жүйесі жауап береді, ал BIOS және драйверлердің фирмалық бағдарламасы 5 жыл бойы жаңартылып отырады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін моноблокта 30 күндік лицензиялы Kaspersky антивирусы орнатылған.

Қорытынды

ASUS ExpertCenter P400 AiO – стильді дизайны, сапалы ішкі құрамы, деректерді қорғаудың ойластырылған жүйесі және тиімді офис жұмысына арналған AI-көмекшісі бар бизнес-моноблок.

Артықшылықтары:

  • Қатты корпусы, оны қабырғаға іліп, әр бағытқа бұруға болады;
  • Қосылым порттарының кең жиынтығы, оперативті жады мен SSD-ны кеңейту мүмкіндігі;
  • Корпустың ішінде жасырылған веб-камера;
  • Құпиялықты қамтамасыз ету және деректердің тарап кетуін азайту үшін бірнеше қорғау жүйесі;
  • Бизнестік коммуникацияға бағытталған AI-көмекші.

Кемшіліктері:

  • Мониторды бұру жүйесін жетілдіру қажет;
  • Қосымша берілетін пернетақта мен тышқан моноблоктың сапасына сәйкес емес;
  • AI дауысты тану және автоматты аудару кейде дұрыс жұмыс істемейді.

Нарықта ASUS ExpertCenter P400 AiO әртүрлі нұсқада ұсынылған. Бағасы 250 000 теңгеден басталып, оперативті жадының көлемі, SSD, процессор қуаты және сенсорлы экран сияқты опцияларға байланысты өзгереді. Баға мен сапа арақатынасы бойынша қарасақ, ASUS моноблогы – бизнес үшін таптырмас жұмыс қаруы.

ASUS