Ноутбук әдетте әмбебап құрылғы болуы тиіс, бірақ соңғы жылдары бұл талап жаңа деңгейге көтерілді. Жұмыс форматының өзгеруі (гибридті немесе қашықтан жұмыс істеу) және салалардың дамуы (генеративті жасанды интеллекттің келуі) автономдық пен атқаратын міндеттердің алуан түрлілігін талап етеді. Құрылғы корпоративтік деректерді қорғау, AI-есептеулерді орындау, сонымен қатар кино сияқты ойын-сауық контентін сапалы көрсету секілді міндеттерді қатар атқаруы қажет. Ешкім жаңа блокбастерді бозғылт экраннан көргісі келмейді. Бір сөзбен, ноутбук бүгінде таптырмас құралға айналды, оларға деген сұраныс одан сайын артып жатыр. Жаңартылған ASUS ExpertBook B ноутбуктері кез келген талапшыл пайдаланушының көңілінен шығады, дейді компаниядағылар. Digital Business жаңа үлгілерді зерттеп, нәтижесін айтып береді.
ExpertBook B5: бизнеске де, үйге де арналған жаңа үлгі
Таныстықты жаңа ExpertBook B5 үлгісінен бастаймыз. Оның екі нұсқасы бар: 16 дюймдік (B5605) және 14 дюймдік (B5405). Бірінші нұсқада сандық пернетақта блогы бар, бұл есепшілер мен қаржыгерлерге, жалпы көп санмен жұмыс істейтін мамандарға ыңғайлы. Үлкен тачпад та қуантады: сезімталдығы төмен болса да, курсорды жылжытқанда саусақты жиі ауыстырудың қажеті жоқ.
ASUS ExpertBook B5
Ноутбук диагоналына сай ықшам әрі жеңіл: салмағы 1,75 кг, қалыңдығы 17,9 мм. Инженерлер бұл көрсеткішті 18 мм-ден аз етуге күш салғаны байқалады. Ең таңғаларлығы — жұқалығымен қатар корпустың MIL-STD 810H әскери стандартына сай беріктігі және модульдік құрылымы. Соңғысы ноутбукті оңай жөндеуге әрі қажет болса қосымша жабдықтауға мүмкіндік береді. Яғни кейбір өндірушілер жасайтын аналық платаға жабыстырылған бөлшектер мұнда жоқ.
Стационарлы жұмысқа да, жол үстінде де ыңғайлы
Тағы бір маңызды артықшылық – ASUS ExpertCool фирмалық салқындату жүйесі. Ол ноутбуктың қақпағы жабық тұрғанда да жылуды тарата алады. Әдетте мұндай жағдайда құрылғылар қатты қызып кетеді, бірақ ExpertBook бұл тұрғыда ерекше. Бұдан бөлек, ноутбукке бір уақытта үш бірдей 4K-мониторды қосу мүмкіндігі бар.
Ал, мынадай порттар жиынтығы арқасында ExpertBook B5-ті моноблок режимінде (батареясы үздіксіз қуат көзі қызметін атқарады) пайдалану өте ыңғайлы.
Қосылымдар да кең: HDMI 2.1 TMDS, microSD ұясы, екі Thunderbolt 4 (USB-C), екі USB 3.2 Gen1 (Type-A), 3,5 мм құлаққап шығысы, тіпті Ethernet те бар. Бұл, бір жағынан, қазір сирек кездесетін шешім, ал екінші жағынан, стационарлы жағдайда жұмыс істегенде аса маңызды қоңыраулар мен үлкен файлдарды жіберген кезде сымды интернет ең тұрақты нұсқа болып қала береді. Айтпақшы, сымсыз байланысы да жоғары деңгейде: енді ғана кең тарай бастаған Wi-Fi 7 қолжетімді, бірақ әдепкі Wi-Fi 6 кеңсе мен үйге артығымен жетеді.
ASUS ExpertBook B5
Қалай болғанда да, пайдаланушылардың алдында бір дилемма бар: қақпақты жабу — бұл 2,5K (2560 × 1600) өлшемді, 400 кд/м2 жарықтығы бар, 144 Гц жаңарту жиілігімен және 16:10 арақатынасымен ерекшеленетін тамаша дисплейден айырылу деген сөз. Әдетте мұндай жоғары жиілік ойын ноутбуктеріне тән. Ал бұл үлгінің «темірі» көптеген релиздерді көтере алғанымен, ол негізінен басқа міндеттерге арналған.
Дегенмен, мұнда құрылғының барынша әмбебаптығына қайта оралған жөн. ExpertBook B5 құпия ақпаратпен қауіпсіз жұмыс істеуге, автоматты аудармасы бар қорғалған қоңыраулар өткізуге мүмкіндік береді, ал экраны — кез келген контентті жайлы тамашалауды қамтамасыз етеді. Үзіліс кезінде менеджердің жарты сағатқа «Цивилизацияға» кіріп кетуін кім сөгіп жатар, әсіресе қолында осындай керемет дисплей болса?
Қауіпсіздікке басымдық берген «темір»
Жұқа корпустың ішінде не бар? Архитектурасы кіріктірілген Intel Arc графикалық модулінен, Ultra 7-ге дейінгі Intel Core (Series 2) процессорларынан, 64 ГБ жедел жад және 2 ТБ-қа дейінгі SSD-ден құралған. Бұл тіпті фотографтар үшін жеткілікті болуы мүмкін, дегенмен ASUS негізгі басымдықты корпоративтік сегментке береді. Ең бастысы — ExpertBook B5-те бөлек нейропроцессор орнатылған. Оның қуаты 13 TOPS, ал AI-есептеулердің жиынтық қуаты 99 TOPS-қа дейін жетеді. Үлкен тілдік модельдер бұлтты қолданғанда ол не үшін керек? Екі себебі бар:
Архитектура ExpertBook B5
Біріншіден, нақты міндеттер үшін жергілікті модельді орнатып алуға әбден болады. Екіншіден, ASUS деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жеке AI ExpertMeet пакетін әзірледі, ол тікелей құрылғының өзінде жұмыс істейді. Қолданбаның мүмкіндіктері мол: қоңырау кезінде шуды азайтады, цифрлық сутаңба қояды, кездесудің қысқаша конспектісін жасайды, спикерлерді бөліп көрсетеді, субтитрлерді сол мезетте аударады. Айтпақшы, AI ExpertMeet төменде сөз болатын басқа ExpertBook B үлгілерінде де бар.
ExpertBook B5-тің қорғаныс жүйесі де бай: көптігі сонша, басында тіпті шатасып қаласың. Мысалы:
• Саусақ ізі сканері;
• Бетті тануға арналған инфрақызыл камера;
• Қосымша смарт-карта сканері;
• Secured-core PC стандартына сәйкестендіру мүмкіндігі: екі BIOS чипі, Opal 2.0 дискісі;
• Қосымша TPM 2.0 дискретті модулі — транзакциялар жүргізу және аутентификация деректерін сақтау үшін.
Кейбір жүйелер әдепкі жинаққа кірмесе де, бұл базалық модельдің қолжетімді болуына мүмкіндік берді. Деректерді барынша қорғауға арналған технологиялар негізінен бизнес-пайдаланушыларға бағытталған, ал үйдегі қарапайым қажеттіліктер үшін ExpertBook B5-ті аталған қосымша мүмкіндіктерсіз-ақ алуға болады.
ExpertBook B1: серияның алғашқы нұсқасы
ASUS бизнес-сегментіндегі бастапқы модель ешқандай үлкен ымыраны білдірмейді: B1 — B-сериясына «кіру билеті» болғанымен, жасанды интеллект көмегімен ыңғайлы жұмыс істеуге арналған AI ExpertMeet пакетімен толыққанды жабдықталған.
ExpertBook B1
ASUS құрылғыны жөндеуды ыңғайлы етуді де ойластырған: төменгі қақпақ бар болғаны төрт бұрамамен бекітілген, ал оның астында аккумулятор орналасқан, оны сыйымдылығы жоғары (63 Вт*сағ дейін) батареяға ауыстыру оңай. Басқа да компоненттерге жеңіл қол жеткізуге болады, бұл құрылғыны тек келіссөз бөлмесіндегі әдемі аксессуар емес, шын мәніндегі жұмыс құралы етеді.
ExpertBook B1 екі нұсқада ұсынылған: 14 дюймдік (B1403) және 15,6 дюймдік (B1503). Мұнда экранның арақатынасы сәл өзгеше — 16:9. Сымсыз қосылу мүмкіндіктері ішінде Bluetooth 5.3 және Wi-Fi 6E-ге дейінгі нұсқасы бар, алайда интернетке кабель арқылы қосылу да қарастырылған. Сонымен қатар, 64 ГБ-қа дейін жедел жад пен 1 ТБ көлеміндегі сақтау құрылғысын орнатуға болады, бұл корпоративтік қажеттіліктер үшін әбден жеткілікті. Әрине, заманауи қорғаныс жүйесі де бар: саусақ ізі сканері, TPM 2.0 криптопроцессоры және қосымша McAfee антивирусын орнату мүмкіндігі.
ExpertBook B9 OLED: сәнді экраны мен ерекше корпусы бар флагман
Егер ешқандай ымырасыз премиум құрылғы іздесеңіз, онда сөзсіз B9 OLED үлгісіне назар аудару керек. Оның корпусының өзі неге тұрады: бүгінде бәріміз алюминийден, хирургиялық болаттан, тіпті титаннан жасалған девайстарға үйреніп кеттік… Ал магний-литий қорытпасы ше? Бұл материал қолға жағымды ғана емес, сонымен қатар өте берік. Айтпақшы, ASUS экологияға да ерекше көңіл бөледі: өндірісте Thixomolding арнайы технологиясы қолданылады, ол материал шығынын үштен бірге азайтады, ал жасау уақытын 75%-ға қысқартады. Салмағы небәрі 990 грамм, ал диагоналі 14 дюймды ноутбук үнемі өзіңізбен бірге алып жүруге және «далада» жұмыс істеуге таптырмас нұсқа.
ExpertBook B9 OLED
Құрылғының қаптал жақтауы өте жіңішке, бұл ноутбукты одан да ықшам етіп көрсетеді. Ол OLED-экранды жан-жағынан қоршап тұр, бұл флагманды басқа үлгілерден ерекшелендіретін басты сипаттардың бірі. Смартфондарда бұл матрица түрі стандартқа айналды: мұндай контраст, қанық түстер және қою қараны әзірге басқа ешбір технология бере алмайды. Экранның арақатынасы — 16:10, ал ажыратымдылығы 2880 х 1800 нүкте. Жаңа ExpertBook B5 сияқты, B9 үлгісіне де үш сыртқы 4K-дисплейді қосуға болады.
Тағы бір қызықты ерекшелігі — қосу батырмасы оң қапталда орналасқан (бұл жерде оны абайсызда басып жіберу мүмкін емес), әрі оған саусақ ізін танитын сканер де кіріктірілген. Ноутбукте бет-әлпетті тануға арналған инфрақызыл камера мен NFC-сканер бар: құрылғыны арнайы карталар арқылы да ашуға болады.
ExpertBook B9 OLED
Жаңа үлгілерге тән кейбір жасанды интеллект функциялары мұнда да бар. Олардың ішінде камераға арналған смарт-фильтрлер мен ақылды шу басу жүйесі. Соңғысы қазіргі жұмыс ырғағында аса өзекті: қоңырауларға конференциядан, күту залынан, кафеден қосылуға тура келеді, бірақ кез келген жағдайда әңгімелесушілеріңіз сізді жақсы естиді, әрі айналадағы шулы орта үшін кешірім сұраудың қажеті болмайды.
Оптималды нұсқа заманауи бизнес міндеттері үшін
ExpertBook сериясы кең ауқымды іскерлік міндеттер үшін сенімді шешім ретінде көрінеді: ноутбуктер заманауи жасанды интеллект мүмкіндіктерімен жабдықталған маңызды құралдарға ие. Олар жұмысты ғана емес, пайдаланушының имиджін де айтарлықтай жақсартады. Смарт-шуды басу арқасында әңгімелесушілер сізді анық естиді, ақылды сүзгілер бейнені айқынырақ көрсетеді, ал экрандағы ақпарат сутаңбалармен қорғалады. Алғаш қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін бұл функциялар қазіргі бизнестегі қашықтан байланыс кезінде маңызды рөл атқарады.