28 сағат қайта қуаттаусыз: ASUS ExpertBook P5 бизнес-ноутбугын сынақтан өткізейік

Күзде Intel генеративті жасанды интеллектпен жұмыс істеуге және барынша автономды болуға бағытталған жаңа портативті процессорлар әлемінде өз нұсқасын таныстырды. ASUS компаниясы алғашқылардың бірі болып жаңа «темірмен» жабдықталған ноутбуктарды ұсынды, әрі бұл құрылғылар Core Ultra Series 2 чиптерінің мүмкіндіктерін толықтай пайдаланады.
Digital Business ExpertBook P5 моделін зерттеп, оны мақсатты аудитория өкілі — Datanomix.pro жобасының теңқұрылтайшысы Александр Полоротовқа сынап көруге берді. Кәсіпкерге браузердегі жүздеген ашық бет, қоңыраулар үшін сапалы камера мен микрофон, жұмысты жеңілдететін Copilot, сондай-ақ ұзаққа шыдайтын аккумулятор қажет. Яғни, бұл ноутбук оңай еңсере алуы тиіс тапсырмалар. Бұдан не шыққанын шолудан оқыңыз.
Жеңіл салмақ пен порттардың кең жиынтығы
ExpertBook P5 бизнес-класқа арналған құрылғы ретінде сыртқы көрінісімен де, сапасымен де көзге түседі: алюминий корпусы жоғары деңгейде жиналған — ештеңе майыспайды, сықырламайды, босамайды. Қалыңдығы небәрі 1,64 см екеніне қарамастан, ASUS оны одан да жіңішке етіп көрсетуді шебер меңгерген: шеттері қиғаш болғандықтан, құрылғыны қолда ұстап тұрғанда одан да ықшам көрінеді.
Александр Apple құрылғыларын пайдаланушы, сондықтан ASUS-қа оңай болмайтыны анық: мұндағы мәселе «алмалы» өнімдермен тікелей салыстыруда емес, олардың әйгілі «магиясында». Дегенмен, біздің кейіпкер алдымен ноутбуктің салмағын атап өтті — бар-жоғы 1,27 кг: «Субъективті түрде тіпті MacBook Air-ден де жеңіл сияқты, MacBook Pro туралы айтпаса да болады. Бұрын іссапарларда салмағы аз болғаны үшін iPad қолданатынмын, бірақ дисплейінің шағын болғаны және клавиатура-чехолымен бірге есептегенде салмағы көңілімнен шықпайтын. Енді оның орнын ExpertBook P5 басты».

Модельдің тек порттар жиынтығы ғана емес, олардың орналастырылуы да қуантады. Барлығы дерлік (бір USB-A портынан басқа) сол жақта орналастырылған. Осылайша, оң жақта тышқанға арналған орын бос қалады, басқа сымдармен қабаттастырмай жұмыс істеуге ыңғайлы. Әрине, солақайлар бұған ренжуі мүмкін, бірақ статистика сондай: біз оңқайлар әлемінде өмір сүреміз және көптеген құрылғылар соларға бейімделген.
Ал порттардың өзіне келер болсақ, бәрі жоғары деңгейде жасалған: екі Thunderbolt 4 (сыртқы түрі USB-C сияқты, бірақ жылдамдығы әлдеқайда жоғары – 40 Гбит/с-қа дейін), екі USB Type-A 3.2 Gen 2 (10 Гбит/с-қа дейін), HDMI 2.1 және 3,5 мм құлаққап ұясы бар. Ethernet-кабель үшін жеке порттың жоқтығына мін тағуға болар еді, бірақ қазір ол архаизм десе болады. Егер қатты қажет болса, USB-C арқылы қосылатын адаптерлер бар. Мұндай порттар жиынтығы бірнеше дисплейді қосудан бастап, аса үлкен файлдарды жылдам тасымалдау мен сыртқы жадымен үздіксіз жұмыс істеуге дейін — кез келген тапсырманы атқаруға жетеді.
Жаңарту жиілігі 144 Гц 2.5K дисплей. Ол не үшін қажет?
Айтпақшы, ExpertBook P5-тің ерекшеліктерінің бірі — екі SSD-ге арналған слот (PCIe 4.0 стандарты), бұл жалпы 3 ТБ дейінгі жады орнатуға мүмкіндік береді. Мұндай көлем кәсіби фотографтарға да, видеомамандарға да (иә, олар үшін әрқашан жад жеткіліксіз), жоғары сападағы фильмдерді жинаушыларға да жеткілікті. Оның үстіне, бұл фильмдерді 2.5K дисплейде (2560 × 1600 пиксель) 16:10 қатынасы мен 144 Гц жаңарту жиілігінде тамашалауға болады.

Мұндай экран, әсіресе жаңарту жиілігі бойынша айтар болсақ, тіпті артық деуге болады. Мұндай параметрлер көбінесе геймерлерге арналған ноутбуктарда кездеседі — сол жерде 144 Гц шынайы бағаланады. ExpertBook P5-тің техникалық жабдықталуы (төменде толығырақ тоқталамыз) заманауи ойындарды да іске қосуға қауқарлы, бірақ мұндай сценарий бұл құрылғы үшін негізгі қолдану мақсаты емес сияқты.
Дегенмен, ASUS сатып алушыларға тамаша экран беруді жөн көрген екен, бұған қарсы емеспіз. Ал 14 дюймдік диагональ — бұл сегмент үшін ең оңтайлы шешім: 15,6 дюймдік құрылғылар барлық сөмкеге сия бермейді, ал ықшам үлгілерді алып жүру әлдеқайда ыңғайлы.
Қалған «темірде» не бар?
Пернетақтада жеке цифрлық блок жоқ, осындай диагональ үшін стандартты шешім, әрі Numpad бәріне бірдей қажет емес. Пернесі тактильді жағынан да, басу жағынан да жағымды. Басылу тереңдегі жақсы — 1,5 мм.
ASUS тачпадқа да ерекше көңіл бөлген. Біріншіден, ол көлемді: ені 13 см, биіктігі 8 см. Егер тышқансыз жұмыс істесеңіз, мұндай сенсорлы тақта өте қолайлы. Екіншіден, дәлдігі мен қимылдарды тану бойынша да жоғары деңгейде. MacBook-тың жанкүйері Александр (оның трекпады индустрия эталоны деп есептеледі) былай дейді: «Mac пен ASUS тачпадтарының UX жағынан еш айырмашылығын байқамадым — сол үшін үлкен лайк!»

Процессор жағына келсек, ноутбук екі нұсқада ұсынылған: Intel Core Ultra 5 (максималды жиілігі 4,5 ГГц) және Intel Core Ultra 7 (4,8 ГГц-қа дейін). Базалық чипте жедел жады көлемі 16 немесе 32 ГБ, ал үлкен модель тек 32 ГБ-пен келеді. Екі нұсқада да LPDDR5X стандарты қолданылады.
Сымсыз модульдер ішінде Bluetooth 5.3 және Wi-Fi 6E бар. Егер 6 ГГц жиілігін қолдайтын роутер болса, мыңдаған пәтерлік тұрғын үй кешенінде де тұрақты байланысты қамтамасыз етуге болады; 2,4 ГГц арнасы көп жағдайда толып тұрады, 5 ГГц те кең таралған, ал 6 ГГц әлі сирек, бұл жиілікті қолданатын құрылғылар саны аз, әрі деректерді беру жылдамдығы жоғары.
Ноутбук өте тыныш жұмыс істейді, сондықтан оны салқындату үшін желдеткіш қосу қажеттілігі сирек туындайды. Күнделікті тапсырмалар: презентациямен, құжаттармен жұмыс, қоңыраулар, генеративті модельдерді пайдалану кезінде Александр құрылғының тыныштығын ерекше атап өтті: «Менің сценарийімде ноутбук өте тыныш жұмыс істейді, салқындату жүйесінің дауысын мүлде естімеймін. Өзімді бензинмен жүретін көліктен электрокарға ауысқандай сезіндім».
Жасанды интеллектке арналған жеке чип
Алайда, ExpertBook P5-тің басты артықшылығы — жаңа процессор да емес, заманауи Wi-Fi да емес, жасанды интеллектті өңдеуге арналған Intel AI Boost NPU атты жеке нейрочип. Бұл чип негізгі процессорға байланысты ерекшеленеді: Core Ultra 5 үлгісінде өнімділігі — 40 TOPS және Core Ultra 7 үлгісінде — 47 TOPS. TOPS — бұл тера (яғни триллион) операция/секунд деген мағынадағы қысқартылған атау. Мұндай сандар жарнамада әдемі көрінгенімен, олардың көп пе, аз ба екенін қалай бағалаймыз? Егер салыстырар болсақ: Qualcomm Snapdragon X — сәл аздау (шамамен 45 TOPS), AMD Ryzen AI 300 Series — сәл көптеу (50 TOPS). Яғни, ExpertBook P5 бәсекелестермен деңгейлес. Дегенмен, ЖИ-міндеттердің әртүрлілігіне байланысты нақты айырмашылықты сезіну қиын.

Жеке нейропроцессор жасанды интеллектті тікелей құрылғыда іске қосуға мүмкіндік береді, бұл мәліметтерді серверге жіберуді қажет етпейді. Осылайша қауіпсіздік артады және мобильділік жақсарады: ЖИ-ге интернет қажет емес. ExpertBook P5 Microsoft Copilot+ қолдауынан бөлек, жұмысқа арналған кең мүмкіндіктер жинағын ұсынады.
Жасанды интеллект нақты өмірде
Барлық ЖИ-функциялар AI ExpertMeet пакеті аясында біріктірілген, бұл қашықтан жұмыс істеуге арнайы бейімделген шешім. Мысалы: қоңырау кезінде ақылды шусыздандыру жүйесі фондық дыбыстарды автоматты түрде кесіп тастайды, Full HD камера пайдаланушыны тіпті ол қозғалып жүрсе де, кадрдың ортасында ұстап тұруға тырысады, ал, әртүрлі тілдерде сөйлескенде, нақты уақыт режимінде субтитр түріндегі аударма көрсетіледі.
Тағы бір пайдалы мүмкіндік — AI Meeting Minutes: бұл технология әрбір спикердің сөзі бойынша негізгі тезистерді автоматты түрде шығарады.
Кейбіреулерге сутаңба (водяной знак) функциясы да қызық болады: ол презентацияны құпия деп белгілей алады немесе виртуалды визитка түрінде спикердің байланыс деректерін көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл қоңырауға қатысушылар үшін контактілерді бірден сақтап қалуға ыңғайлы.
Александрға бұл мүмкіндіктер де ұнады: «Мүмкін, мен заманауи функциялардан артта қалған шығармын, бірақ видеоқоңырауда визитка көрсету функциясы мені таңғалдырды. Кездесулер үшін өте ыңғайлы болып көрінді. Бірақ неге бұл мүмкіндікті “шұқу” әдісімен білдім? Маған онбординг, яғни әр функцияны тиісті сәтте түсіндіріп беретін бағыттаушы жетіспеді».
Александр ЖИ-функциялар туралы аралас әсерде қалды: «ASUS-тың фирмалық дыбыс оқшаулау жүйесі мен Zoom немесе Google Meet-тің бағдарламалық шусыздандыруы арасында үлкен айырмашылықты байқамадым». Бірақ кәсіпкер Copilot-ты шақыруға арналған жеке батырманы жоғары бағалады: «Бұны бірден басып іске қосуға болатыны өте ыңғайлы, ешқандай кездейсоқ пернелер комбинациясын есте сақтаудың қажеті жоқ».

Автономды жұмыс уақыты
Заманауи әрі қуатты процессорлар, жеке нейрочип, жасанды интеллектке арналған кең мүмкіндіктер — мұның бәрі жұқа корпуста орналастырылған. Мұндай жағдайда «батарея қанша уақытқа жетеді?» деген сұрақ өзінен-өзі туындайды және бұл тұрғыда ASUS қатты таңғалдырды. 28 сағатқа дейін жұмыс істеу уақыты көрсетілген. Оның үстіне, ресми сайтта мұндай нәтижелерге Wi-Fi қосулы, дыбыс деңгейі 15% және экран жарықтығы 75% болған жағдайда қол жеткізілгені айтылған. Яғни, егер ноутбукты кәдімгі жазу машинкасына айналдырып, сымсыз модульдерді өшіріп, дыбысты алып тастап, жарықтықты азайтсаңыз — бұл көрсеткіш одан да артуы мүмкін.

Александр ExpertBook P5-ті күнделікті пайдалану барысында 63 Вт*сағ сыйымдылығы бар батареяның ұзаққа шыдайтынын растады: «Ноутбукты соңғы рет екі күн бұрын қуаттадым, ал қазір әлі 24% заряд қалып тұр».
***
ExpertBook P5 соңғы бір-екі жылдағы барлық өзекті технологияны: энергия үнемдейтін жеке нейрочипі бар Intel Core Ultra Series 2 процессорын, көптеген ЖИ-функцияларды қолдану мүмкіндігін, порттар жиынтығын (Thunderbolt 4, USB-A 3.2 Gen 2) және т.б. біріктіріп отыр. Иә, қазіргі таңда Wi-Fi 7 және Bluetooth 5.4 секілді стандарттар бар, ал бұл модель Wi-Fi 6E және Bluetooth 5.3-пен жабдықталған. Алайда олар арасындағы айырмашылықтар нақты өмірде әзірге айтарлықтай сезілмейді.
Нәтижесінде, бұл ноутбук: жоғары сапалы экран, таңғаларлық автономдылық, ыңғайлы трекпад пен клавиатура, жеңіл салмақ сияқты артықшылықтарға ие. Бұның бәрі ExpertBook P5-ті ең алдымен жұмыс мақсатында қолданатындар үшін әмбебап әрі өзекті шешімге айналдырады. Әсіресе, жұмысын жасанды интеллект арқылы оңтайландыруды қалайтын адамдар үшін — бұл өте орынды таңдау.