Қазақстандық азаматтар нейрожеліге сирек кездесетін көз ауруларын анықтауды үйретті. Ол мыңдаған қате диагнозды жоя алады

ZebraEye – бұл AI көмегімен жұмыс істейтін бұлттық шешім, ол дәрігерлерге медициналық түсірілімді пайдалана отырып, сирек кездесетін көз ауруларының диагностикасын жасауға көмектеседі. Стартаптың құрылғанына небәрі жарты жыл болса да, оның командасы қазақстандық клиникалармен алғашқы келісім-шарттар жасап жатыр. Жобаның негізін қалаушылар, оның ішінде Cerebra бас директоры Досжан Жүсіпов АҚШ нарығына шыққысы келеді және pre-seed кезеңіне дайындалып жатыр.

Нейрондық желі бүкіл әлем дәрігерлеріне қаншалықты пайдалы және шетелдік аналогтармен салыстырғанда қазақстандық өнімнің артықшылығы қандай? Digital Business және Astana Hub бірлескен «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасы аясында ZebraEye компаниясының бас директоры және тең құрылтайшысы Яна Тенмен болған сұхбатты оқыңыздар.

«Ауру белгілері жасырын болғанда оны анықтау өте қиын»

— Яна, сіз стартап индустриясына жақында ғана келдіңіз. Өзіңіз туралы айтып беріңізші?

— IT-саласына кездейсоқ тап болдым. 2019 жылы DAR компаниялар тобына маркетолог болып жұмысқа орналастым, онда стартаптарды дамыту стратегиясын әзірлеуді үйрендім. Тауардың техникалық шартын жасап, оны нарыққа шығара алатын әмбебап маманға айналдым. Содан кейін MyVentures-ке ауыстым, венчурлық инвестициялар туралы білімімді толықтырдым.

Кейін мені Әмірліктердегі Metayasi гибридтік компаниясына жұмысқа шақырды. Жоба криптоға қатысты болды. Мен онда криптоқыс созылғанша бір жылдай жұмыс істедім. Бұдан әрі қалудың мәні жоқ еді.

Өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстанға оралдым. YCombinator Startup School-да оқып, AI мен сәулет саласы біріккен стартап құруға кірістім.

– AI тақырыбына хайпқа бола қызықтыңыз ба?

– Жасанды интеллект технологиясы мені көптен бері қызықтырды. Олар адами факторды барынша азайта алатын сияқты. Қай саланы алмасақ та, оның салдары қымбатқа түседі.

Менің алғашқы стартапымның идеясы AI көмегімен ғимараттардың 3D үлгісін жасау болды. Сайттың мекен-жайы көрсетілсе, жеткілікті, бағдарлама геология, климат және құрылыс нормалары туралы қажетті деректерді шығарып береді. Содан кейін нейрондық желі деректер негізінде жоба құрайды.

Қазіргі стартаптың құрылтайшылары Арман Оспанов пен Досжан Жүсіпов маған тәлімгер ретінде көмектесті. Жұмыс барысында ZebraEye идеясы туды. Екі жобаны қатар алып жүру мүмкін еместігін түсініп, medtech стартапты таңдадым. Ол маған әлдеқайда перспективалы болып көрінді.

— Бір қарағанда, стартаптың атауы медицинамен байланысты емес сияқты. Неге бұлай атадыңыздар?

— Өмірде жиі кездесетін жайт: өзімізге таныс нұсқаны ғана таңдаймыз, ықтималдығы төмен сценарийлерді жіберіп аламыз. Медицинада да солай: ауру қарапайым белгілердің ішіне жасырынғанда оны анықтау қиын. Бұл зебра әсері.

Сериалдардың бірінде доктор Хаус: «Мен зебра іздедім, өйткені әріптестерім барлық жылқыны тапты», — деді. Ол қалыптан тыс ойлап, басқа дәрігерлердің нені жіберіп алғанын байқады. Стартапты осылай атаудың мәні сол.

«Тыныш өмір сүргісі келетіндер стартапқа жоламайды»

— Білуімше, соңғы жарты жылда денсаулығыңыз сыр берді. Бұл туралы айтып бере аласыз ба?

— Стартапта екінші ай жұмыс істеп жүргенімде дәрігерлер ішімдегі өсіп келе жатқан ісікті анықтады. Мен ол туралы бұрын білетінмін. Тек ол кезде дәрігерлер ісік үлкеймейтінін айтқан еді. Бірақ өсті. Ісік анемияны тудырды, ал қызыл жасушалардың болмауы тахикардияға ұласты, сондықтан ота жасауға рұқсат етілмеді.

Дәрігерлер ісікті сылып жатқан кезде қан кетіп, тоқтамайды деп қорықты. Соның кесірінен дәрі-дәрмектің ауыр дозасын қабылдай бастадым, кейін бәрібір отаға жаттым. Ультрадыбыстық зерттеу ісік 7 см-ге дейін өскенін көрсетті. Оның көлемі үш айлық ұрықтың тұрқындай болғандықтан, операциядан кейін асқыну болды. Бақытыма орай, ісік қатерсіз болып шықты.

— Сөйте тұра жұмыс істей бердіңіз бе?

– Ота жасаған кезде ғана кеңсеге барған жоқпын. Ем қабылдап жүргенімді ұзақ уақыт бойы ешкім білген жоқ. Кейде темірдің ауыр дозасынан кейін ыстығым көтеріліп, жағдайым нашарлайтын еді. Ондай күндері үйде жұмыс істедім.

Жігіттерге проблемамды айтып, уайымдауына себеп болғым келмеді. Арман мен оған ауруым туралы айтқанда таңқалған сияқты, ал әзірлеуші-жігіттер әлі күнге дейін “менің хикаямды” білмейді. Сөйте тұра, өнім тұрғысынан қарағанда бізде өсім бар. Емімнің жобаға кері әсері тиген жоқ.

— Еңбекке жарамсыз себебінен демалыс алу жайлы ойламадыңыз ба? Денсаулық бәрінен де маңызды ғой.

— Меніңше, тыныш өмір сүргісі келетіндер стартапқа жоламайды. Жұмысты уақытша тоқтатып қою мүмкіндігі болды. Оның үстіне клиенттеріміз де, инвесторлар алдында міндеттемелеріміз де болған жоқ. Бірақ мен табиғатымнан шыдамсыз адаммын. Google for Startups іріктеуінен өткенімді білгенде ота жасатқаныма 1 апта өтсе де, Астанаға ұшып кеттім. Дәрігерлер ұшуға тыйым салғанына қарамадым. Әр стартапшы аздап есуас шығар.

«Қазір біздің үлгіміз 99% дәлдікпен аурудың 6 түрін анықтайды»

— Сіздің өнім қандай мәселені шешеді?

– Бәріміз нашар экология жағдайында өмір сүріп жатырмыз, салауатты өмір салтын ұстанбаймыз, үнемі гаджет ұстап отырамыз. Бірінші кезекте, көзге зиян. Ғалымдардың болжамы бойынша жақын болашақта адамзат көз аурулары індетіне тап болады. Қазіргідей дәрігерлер саны азайып жатқан жағдайда біз бұл толқынмен күресе алмаймыз.

Офтальмология – күрделі бағыт. Біз сирек кездесетін ауруларға назар салдық. Әлемде аурудың бұл түрлерінен 500 миллион адам зардап шегіп жатыр. Сөйте тұра, мұндай жағдайдың 40%-ында дұрыс емес диагноз қойылады.

Ең өкініштісі, сирек кездесетін аурулардың 80%-ы тұқым қуалайды. Науқас емделсе де, ол ауру ұрпағына берілуі мүмкін. Әлем халқының демографиялық өсімімен қатар, патологиялар ықтималдылығы да артады. Сондықтан біз дәрігерге көмек болатын пайдалы құрал жасағымыз келді. 2023 жылдың наурызында MVP әзірлеуге кірістік те, оны сынақтан сәтті өткіздік.

— Нейрожеліні үйреткен команда мен фотодеректер қоры туралы не айтасыз?

— Жұмыс тобын тез жасақтадық. Қазір оның құрамында ML-инженер, бір frontend пен тағы бір backend-әзірлеуші бар.

Деректерді айтар болсам, АҚШ нарығына шығуды жоспарлап отырғандықтан, бізге америкалық түсірілімдер қоры қажет болды. Қолымызға The Shiley Eye Institute of the University of California San Diegо 100 мың фото дерегі тиді. Қазір біздің үлгіміз 99% дәлдікпен сирек патологияларды қосқанда аурудың 6 түрін анықтайды.

— Жақын уақытта нейрожелі анықтай алатын аурулар тізімін кеңейту жоспарыңызда бар ма?

— Шын мәнінде, 6 ауру аз емес. Мысалы, Қазақстанда ұқсас жоба бар, ол тек бір патологияны анықтай алады. Шетелдік шешімдер де сондай. Бұл тұрғыда біз алда келеміз.

Әзірге жобамыз бізге берілетін деректерге тәуелді. Жуырда біз оптикалық когерент томографиясын назар салатын боламыз. Оның көмегімен дәрігерлер көз тіндерін инфрақызыл сәулемен егжейлі-тегжейлі сканерлейді. Мұндай жабдық көптеген көз клиникасында бар. Біз сондай-ақ эндотелий микроскопынан алынған деректерді талдаймыз, бірақ ол ТМД елдерінде жиі кездеспейді. Мысалы, Қазақстанда мұндай құрылғы бесеу ғана.

— Жүйені ауруханалармен қалай кіріктіресіз? Ол үшін не қажет?

—Дәрігерлер үшін қолданушы жолын барынша жеңілдеткіміз келіп, бұлттық шешім әзірледік. Сайтқа кіріп, фотодеректі жүктеу жеткілікті, жүйе нәтижесін шығарып береді. Бізбен жұмыс істей отырып, клиникалар ештеңе орнатпайды. Тек ғаламторға қосылса болды. Нарық пісіп-жетіліп, дәрігерлер мұндай технологияға дайын болған кезде жүйені медициналық жабдықтармен кіріктіретін боламыз.

— Өңірлерге шығып, жергілікті ауруханалармен жұмыс істеу жоспарыңызда бар ма?

— Мемлекеттік емханаларды да қарастырып жатырмыз. Жүктемесі ауыр болғандықтан дәрігерлер бір науқасты қабылдау үшін тек 5-10 минут бөле алады. Біздің өнім оларға көмек болары анық.

Басқа күрделі проблема бар – шағын қалалар мен ауылдық жерде медициналық жабдықтар тапшы. Өңірлік ауруханаларды жабдықпен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында Денсаулық сақтау министрлігімен жұмыс істесек тамаша болар еді. Біз оларға дәрігердің цифрлық көмекшісі ретінде өз софтымызды ұсынар едік.

«MedTech cтартаптар жылдар бойы табыс таппауы мүмкін, ал біз екі мәміле жасап жатырмыз»

– Іске қосар шақта жобаны кім инвестициялады?

— Стартапты жеке қаржыға, негізінен Арман Оспанов пен Досжан Жүсіповтың ақшасына дамытып жатырмыз. Жыл соңына шейін ғылыми жұмыс, деректерді сатып алу және технологияны жетілдіру үшін раунд (pre-seed) көтеруді жоспарлап отырмыз. Жалақы қорын түскен табыстан жауып отырамыз.

— Қалай табыс табасыздар?

– Жазылу үлгісіне тоқтадық. Бағасы еліне, диагностика жасалатын аурулар саны мен жазылу мерзіміне, мысалы бір ай немесе одан көп, соған байланысты болады. АҚШ үшін жазылған болса, бір суретті талдаудың ең төменгі құны – $50.

— Биыл бірнеше акселерация бағдарламасынан өттіңіздер. Пайдасы болды ма?

— Жобаны бастаған екі айдан бастап мені түрлі акселераторға алады. Трекшнсіз, әрі ешқандай инвестиция тартпасам да, жай ғана MVP-мен қатысып жүрмін. Менің ойымша, инвесторлар жан-жақтан MedTech-ке назар аударып, болашағы үшін белсенді түрде инвестиция салып жатқан сияқты.

Мамырда Draper University бағдарламасына өттім, алайда АҚШ-қа виза бермей қойды. Бірақ мен Google for Startups-тың Silkway Accelerator бағдарламасына өтінім бердім және бұған еш өкінбеймін.

MedTech-ті коммерциялау өте қиын. Стартаптар жылдар бойы табыс таппауы мүмкін, ал біз қазірдің өзінде екі мәміле жасап, Astana Vision жеке клиника желісімен интеграция мәселесін талқылап жатырмыз. Бұның бәрі Google бағдарламасы трекерлері көмегінің арқасы.

«АҚШ-тың мәдениеті басқа, адамдармен тіл табысу оңай»

— Бұрын АҚШ-та таралуға дайындалып жатқаныныңызды айттыңыз. Бұл тіпті қазақстандық нарықта табысқа жеткен тәжірибелі стартаптар үшін де күрделі сынақ. Халықаралық бәсекелестіктен қорықпайсыз ба?

— АҚШ-қа MedTech стартапымен кіру одан да қиын, өйткені медицина қатаң реттелетін сала. Бірақ жобаңызда АҚШ-та тұратын қажетті адамдар болса, бәрі оңайырақ. Мәселен қазір Stanford Health Care профессорымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер ол бізге қосылса, клиникалық сынақтарды тегін немесе өте аз ақшаға жүргізе аламыз. Қосымша шығындарсыз жаңа деректерді алу мүмкіндігі де болады.

АҚШ-та төрт негізгі бәсекелесіміз бар, бірақ AI-диагностика – жаңа сала, оған қоса бағытымыз тар. Бұл саладағы ең ерте жасалған жобаның өзіне 5 жыл. Бәсекелестік біз ойлағандай жоғары емес. Біреудің табысы қайта бізге пайдалы. Нөлден бастап жол салудың қажеті болмайды.

— Құрылтайшылар тәжірибесінің стартаптың дамуына қандай да көмегі бар ма?

— Cerebra нарықтың барлауына көп ақша жұмсайды. Бұл АҚШ-қа шығып жатқан және беделді бағдарламалардан өтіп жатқан алғашқы қазақстандық MedTech стартап. Оның тәжірибесінен іске асқанын алып, көп нәрсені үйренуге болады. Менің тікелей білім алу мүмкіндігім бар.

Сонда да, жігіттер де, мен де CEO мықты және толыққанды болуы керек деген сенімдеміз. Сондықтан мен бәрін өзім істеймін, бұл маған тиімді болу әдетін дамытуға көмектеседі. Мысалы, Калифорния университетімен өзім байланысып, фотодеректерді беру туралы келіссөздер жүргіздім.

Қазақстанда біреумен байланысу қиын және IT-сала әлі жас. АҚШ-тың мәдениеті басқа, адамдарымен тіл табысу оңай. Керек профессорға жобаң туралы жазсаң, сені бірден түсінеді және өтінішіңді орындауға тырысады.

Досжан ЖүсіповАрман ОспановAIZebraEyeЯна ТенMedTechстартаптар