Бүкіл әлем ойнайтын мобильді ойын шығару үшін қазақстандық тұрғын екі бизнесін сатты. iDosGames тарихы

Айдос Рыскелдинов – қазақстандық бизнесмен. Таксопарк пен вендинг кофе аппараттары желісіне иелік еткен. Айдос бір сәтте екі табысты бизнесті сатып, бар ақшаны iDosGames геймдев студиясына салды. Олардың мобильді ойындары ортақ экожүйеге біріктірілген, токені мен үлкен NFT-маркетплейсі бар. Тек 2022 жылы компания криптовалюта сатудан $450 мың табыс тапты. Компания қазір қалай дамып жатқаны туралы Айдостың Digital Business-ке берген сұхбатынан оқыңыз.

Digital Business редакциясы Astana Hub-пен бірлесіп «Қазақстанның 100 стартап-тарихы» жобасын іске қосты. Бұл – қазақстандық кәсіпкерлер мен Astana Hub бағдарламаларына қатысушы шетелдіктердің теңдессіз өнімдері мен сервистері жайлы жарқын оқиғалар. Біз аталған стартаптардың бірі міндетті түрде «unicorn» болып, Қазақстанды әлемдік IT-нарықта танымал етеді деп сенеміз. Сондай-ақ, түрлі кәсіпкер жігіттердің бір жерде жиналған тәжірибесі аудиторияны жаңа, батыл және креативті стартаптарға шабыттандырады деген үміттеміз.

Жоба үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығады және біздің кейіпкерлеріміз үшін толығымен тегін болады. Егер сіз де жобаның бір бөлігі болғыңыз келсе – бізге жазыңыз: editor@digitalbusiness.kz

«АҚШ-та бір қолданушыдан түсетін жарнама табысы Орталық Азиядағыдан он есе жоғары»

— Айдос, iDosGames-ке дейін немен айналыстыңыз?

— 2012 жылдан бері классикалық бизнес құрдым. Неше түрлісін істеп көрдім, iDosGames-ке дейінгі соңғы жобаларым — таксопарк пен вендинг кофеаппараттары желісі.

Ал мобильді ойындар студиясын құру идеясы 2015 жылы келді. Сол уақыттан бастап ақырындап индустрияны зерттедім, жобаның бастапқы инвестициясын есептедім. Екі рет — 2015 және 2017 жылдары бизнес бастауды кейінге қалдырдым, себебі қаражатым жетпеді. 2019 жылы қолымда бар бизнесті сатып, назарымды iDosGames-ке салғанда соның сәті туды.

— Не нәрсеге қызыққаныңызды түсінбей отырмын. Жақсы табыс әкелетін екі кәсіп бар. Ал, мобильді ойын әзірлеп шығару мүлдем жаңа сала ғой…

— Менің аз-маз техникалық білімім бар: жобаларымның бәрінде сайт пен интернет-дүкен жасаумен айналыстым. Дизайннан басқасының бәрін істедім. Сондықтан, веб-бағдарламалау дағдылары менде бар еді. Алайда, ол мобильді ойын құрумен байланысты емес, мүлдем басқа сала.

Қызығушылығымның себебі қарапайым: бала кезімнен компьютерлік ойындарды жақсы көремін. 3 жасымда Dendy ойнағаным әлі есімде. Яғни, бұл ескі арманым. Бастапқы капиталды есептеп, бұл бастамамды өзімнен басқа ешкім қаржыландыра алмайтынын түсінгенімде оған көзқарасым өзгерді.

— Сіз блокчейнде мобильді ойындар әзірлеуден бастадыңыз. 2019 жылы Қазақстанда бұл сала өзекті ме еді?

— Жалпы әлемді алып қарасақ, криптоқаржыға қатысты хайптың алғашқы толқыны 2016-2017 жылдары болды. Ол кезде түрлі токендерді өзім сатып алып отырдым, ақшамның бір бөлігі алаяқтарға кетті. Сөйте тұра, блокчейн өте керемет технология екенін және оны кез келген жерде пайдалануға болатынын түсіндім.

Шамамен сол сәттерде жеке жобамның идеясы пайда болды: iDosGames өнімді осы жерде, Қазақстанда, бірақ бірден шетелдік нарыққа арнап жасай алады. Негізінен — Еуропа мен Солтүстік Америка үшін, өйткені ол жерлерде бір қолданушыдан түсетін жарнамалық табыс Орталық Азиядағыдан он есе жоғары. Сондықтан, біздің мобильді ойындардың негізгі аудиториясы — АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония және Бразилия тұрғындары. Бастапқыда біздің ойындардың орыс тіліндегі нұсқасы болған жоқ.

— Ойын ішіндегі токендері бар жүйе қаншалықты өміршең? Әлемде ақша табуға болатын түрлі қосымшалардың миллионы шығарылған сияқты, бірақ басым бөлігі — алаяқтық.

— Келісемін. Сол себепті біз iDosGames жұмысын бастағаннан ақша табуға емес, геймплейге баса мән бердік. Қараңыз: хайп қуған блокчейн-ойындар «өтеді», өйткені олар ақша табуға уәде береді. Қызығушылық толқыны аудитория жинауға және тіпті, тез ақша табуға көмектеседі. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды: адамдар ойнап көреді де, жаңа қосымша шыққан сәтте-ақ соған көшіп кетеді.

Біз адамдарға крипто-құралдар жөнінде мүлдем айтпаймыз. Біздің әрбір ойын тартымды және еліктіретін геймплей болуы керек. Қолданушыға ұнаса, ол дамиды, профилін жетілдереді, NFT-те істелген тауарлар мен скиндер сатып алады. Адам ойын ішіндегі валютаны әмиянына шығарып алғысы келген кезде ғана токенге ұшырасады. Бұл жағдайда ол осы әмиянды қалай алу және валютаны қалай дұрыс шығару керектігі туралы нұсқау алады. Яғни, iDosGames жобаларының бәрінде классикалық ойындар мен блокчейндегі жобалар араласқан.

«Біздің платформаның арқасында ойынды 2 күн ішінде жасап шығара аламыз»

— Сіздің алғашқы жобалардың бірі — шутер ShootGun — PlayMarket-те 2021 жылы пайда болды. 2 жыл уақыт жұмсайтындай мобильді ойындарды әзірлеу соншалықты қиын болғаны ма?

— Жоқ, әрине. Бірақ көбі біле бермейтін маңызды жайт бар: iDosGames — бұл тек геймдев-студия емес. Құрылған сәттен бері біз SDK-платформа (software development kit — digitalbusiness.kz ескертпесі) да жасаймыз. Бұл мобильді ойындар жасайтын конструктор сияқты нәрсе, идеядан шығаруға дейінгі уақытты 1 аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Қарапайым тілмен айтсақ: біз өз ойындарымызды шығарып қана қоймай, басқа ойын әзірлеушілерге процесті автоматтандырып, оңтайландыратын, сонымен бірге продакшн уақытын айтарлықтай қысқартатын өнім жасап береміз.SDK-платформаны әлі әзірлеп жатырмыз және оны 2023 жылдың соңында шығарамыз деп үміттенемін.

— Толығырақ түсіндіріңізші, SDK-ның мәні неде?

— SDK ойын әзірлеуде жиі қолданылатын шешімдер жиынтығы. Мысалы, ойын әзірлеушілерге реферал бағдарламаларды іске қосып, қолданушылардың достары мен таныстарын шақыруға мүмкіндік беретін инвайт-жүйе. Ойын ішіндегі заттар сатылатын ақылды дүкен, тауарлар маркетплейсы және тағы басқасы бар. Және біз үшін маңыздысы – блокчейндегі жобаларды жүзеге асырған кезде қажетті әмиян.

Негізінде SDK — мобильді ойындарда жиі қолданылатын және Retention Rate және LTV-ге әсер ететін процестер жиынтығы бар конструктор.

— Бұл платформа — әзірлеуге көп жылдар қажет болатындай күрделі өнім ме?

— Иә. iDosGames пайда болған бірінші жылда бір мобильді ойындар әзірлеу процесіне терең үңіліп, үйрендік. Содан кейін алғашқы ойындарды іске қостық, SDK-ның негізгі элементтерін сынақтан өткіздік. Бұл оңай емес: алдымен өнімді жасау, содан кейін белгілі бір құралдардың негізгі көрсеткіштерге қалай әсер ететінін өлшейтін көптеген AB-тесттерін өткізу. Біздің гипотезалар сол LTV-ге теріс әсер еткен жағдайлар болды.

Сондықтан бүкіл процесс бірнеше жылға созылды.

— Бірақ қазір, түсінгенімше, сіздер ойынды бір-екі апта ішінде жасап шығара аласыздар, солай ма?

— Рас. Кейде одан да аз уақыт кетеді. Мысалы: 2023 жылдың көктемінде Only Up ойыны хайп болды. Біздің SDK арқасында 2 күн ішінде ұқсас шешім жасап шығардық. Содан кейін Play Market пен Apple Store дүкендерінде күн сайын бірнеше мың органикалық жүктелуді жинадық.

— Дұрыс естісем, сіздер хайп идеяларды алып, оларды жай ғана қайталап шығарасыздар ма? Өйткені, бұған дейін айтқан ShootGun PUBG-ге өте ұқсас…

— iDosGames бенчмаркаларға назар аударады, ең жақсы тәжірибелерді көшіреді және оларды өз шешімдерімен толықтырады. Бұның еш сөкеттігі жоқ.

Неге екенін білмеймін, көбі геймдев-нарықта бәсекелестік жоғары деп ойлайды. Ондаған мың компания әр қолданушы үшін таласатындай. Бірақ, мобильді ойындарды әлемде 4 миллиардтан астам адам ойнайтынын ешкім ескермейді. Сіз мысалға келтірген сол PUBG-ды алсақ, бұл қосымшаның онға жуық жақсы бәсекелесі бар. Сондықтан, біз жаман немесе ұят нәрсе жасап отырған жоқпыз, жай ғана өз аудиториямызды іздеп жатырмыз.

«2022 жылы iDosGames токендер сатылымынан $450 мың табыс тапты»

— iDosGames командасында қанша адам бар?

— Қазір жетеуміз: бағдарлама әзірлеушілер, дизайнерлер, продакт-менеджерлер. Жұмыс қызған шақта 10 қызметкер болды.

— SDK әзірленіп жатқанда неден ақша таптыңыздар?

— Бірінші шыққан ойындардан. ShootGun мен біздің 2048 нұсқамыз шығынның бір бөлігін жабатын ақша әкелді.

Компанияға өнімдерден түсетін кірісті 3-ке бөлуге болады:

  1. Жарнама. Бір қосымшаны телефонға жүктеп алған адам онда қанша жарнама болатынын жақсы біледі;
  2. Ойын ішіндегі транзакциялар. Ойындарда кейіпкерді тезірек келесі деңгейге көтеруге және табысқа жетуге көмектесетін заттарды сатып алуға болатын дүкен бар. Оны фиат ақшаға да, өзіміздің криптовалютаға да сатып алуға болады;
  3. Жазылу. Ол жарнаманы алып тастау үшін немесе ойын ішіндегі ресурстарды тезірек игеру үшін керек.

Қазір біз шығындарымызды толықтай дерлік өтеп жатырмыз. 2022 жылы тек қана токен сатудан $450 мың жинадық. Болашақта біз құралды пайдаланатын басқа әзірлеушілердің ойындарынан ақша алған кезде SDK платформасынан да табыс таба бастаймыз.

— Сіздің студия ойындарының аудиториясына қатысты сандармен бөлісіңізші.

— 250 мыңнан астам тіркелген қолданушымыз бар. MAU — күнделікті кіретін 47 мың адам. Ойындарымыз ең жақсы өтетін 3 ел: АҚШ, Бразилия, Филиппин аралдары.

«Жыл соңына дейінгі жоспар —SDK-ны көпшілікке тарату»

— Таяу бір-бір жарым жылда сіздің компаниядан не күтуге болады?

— Мақсатымыз — SDK-платформасын аяқтау. 4 жыл ішінде бұл бағыттағы міндетімізді сәл өзгерттік. О баста SDK басқа студиялар мен ойын әзірлеушілерге ғана қажет болар деп ойладық. Енді біз мобильді ойындарды — блокчейнмен немесе онсыз — барлық адамдар жасай алатындай етіп құрғымыз келеді. Тіпті бағдарламалау тілін білмесе де. Ең дұрысы, пайдаланушы толық мәтіндік сипаттаманы беріп, дайын ойынды алатынындай ету керек.

2023 жылдың соңына қарай біз SDK-ны көпшілікке таратуды, B2B ойындарын әзірлеу нарығына шығуды және жүздеген басқа ойындар біздің токендер мен криптоны пайдаланатындай етуді жоспарлап отырмыз.

Әлемдік геймдев және геймтек-компаниялармен серіктес болғымыз келеді. Нарық үлкен, бәріне орын жетеді.

— Жоспарда тағы не бар?

— iDosGames қазір университеттер жанынан геймдев-әзірлеу зертханаларын ашып жатыр. Мұндай жобаны ҚазМУ, NARXOZ University және ХАТУ-да іске асырдық. Бұл бағытты Қазақстанда танымал еткіміз келеді.

iDosGamesҚазақстанның 100 стартапы