Елімізде қандай да бір екінші деңгейдегі банк лицензиясынан айырылған жағдайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшылар алдындағы міндеттемелерді өз мойнына алып, оларға кепілді өтем төлейтіндігін отандастарымыз жақсы біледі. Алайда ҚДКБҚ бұл үшін ақшаны қайдан алатындығын көпшіліктің біле бермейтіні анық.
Digital Business бұл мәселені ҚДКБҚ Төрағасы Әділ Өтембаевпен талқылады. Білікті қаржы маманы Қор қызметінің механизмі, қаржыландыру көздері, өтем төлеу тәртібі және басқа да мәселелер туралы жан-жақты мағлұматтар берді.
Қор қаражат жинайды, бірақ бұл салық төлеушілердің ақшалары емес
Елімізде депозиттерге кепілдік берудің «тілектестік» жүйесі жұмыс істейді. Ол бойынша қаржы жинау осы жүйеге қатысатын банктердің есебінен жүзеге асырылады.
«Қор депозиттерге кепілдік беру жүйесінің операторы қызметін атқарады. Сәйкесінше банктер тарапынан төленетін жарналардың жинақталуын, сақталуын және жүйенің жалпы ойдағыдай жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Кепілдендірілген депозиттер бойынша өтем төлеу үшін салық төлеушілердің ақшалары пайдаланылмайды. Барлық шығындарды Жүйеге қатысушы банктер көтереді. Бұл әлемдік стандарттарға толығымен сәйкес келеді», – деп түсіндірді Әділ Нұрланұлы.
Депозиттер бойынша өтем төлеу қандай да бір банк банкрот болған кезде жинақталады немесе Қор алдын ала жинақтау негізінде резерв қалыптастырады.
«Қазақстанда біз екінші қағида бойынша жұмыс атқарамыз – ҚДКБҚ өтем төлеуге арналған резервті банктердің жарналары есебінен үздіксіз жинақтап отырады. Банктердің бірі банкрот болған жағдайда арнайы резервтің қаражаты кепілдік берілген депозиттер бойынша өтем төлеуге жұмсалады. Атап өту керек, резерв жинақтау қағидасы әлемде басымдыққа ие, арақатынас шамамен 6:1 -ге тең», – дейді Ә. Өтембаев.
Қазіргі уақытта Қордың жинақталған арнайы резерві 1,4 трлн теңгені құрайды.
«Жеке тұлғаларға тиесілі депозиттердің көлемі серпінді түрде өсуде – өткен тамыз айының қорытындысы бойынша былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім – 17,4%-ға тең. Қазіргі уақытта депозиттердің жалпы сомасы 26 трлн теңгеге жетті. Біз бұл жағдайда да резервтің жеткіліктілік параметрін сақтаймыз», – деді ҚДКБҚ Төрағасы.
Бір салымшыға берілетін максималды кепілдік сомасы
Әділ Өтембаевтың айтуынша ҚДКБҚ жұмыс істеп келе жатқан 25 жыл ішінде лицензиясынан айырылған 11 банктің салымшылары алдындағы міндеттемелерін толығымен өтеген.
Наразы болған клиенттер жоқ
Бір банкте бір салымшы үшін берілетін максималды кепілдік сомасы 20 млн теңгені құрайды. Бірақ мұндай соманы әлі елімізде кепілді өтем ретінде ешбір салымшы алмаған.
«Қор мұндай кепілді өтем сомасын жинақ салымдар бойынша немесе бір салымшының бір банкте ұлттық валютада бірнеше депозиті және олардың ішінде жинақ салымы да болған кезде төлейді. Бұл норма 2022 жылы енгізілген. Содан бері ешбір банк лицензиясынан айырылған жоқ. Ал оған дейін ҚДКБҚ атынан берілетін максималды кепілдік сомасы 15 млн теңгені құрады (кепілдік сомасы 2018 жылдан бері күшінде болды). Сәйкесінше лицензиясынан айырылған 5 банкте, олардың ішінде «Астана Банкі», «Тенгри Банкте» орналастырылған депозиттер бойынша мұндай соманы 143 депозитор алды», – деді Ә. Өтембаев.
Төлем жылдамдығы
ҚДКБҚ Төрағасының айтуынша салым сомасы төлем жылдамдығына еш әсер етпейді.
«Төлем жылдамдығы депозиттегі ақшаның көлеміне тәуелді емес. Егер банк лицензиясынан айырылса, Қор заң бойынша салымшыларға 35 жұмыс күні ішінде, ал іс жүзінде одан да ерте – 6-8 жұмыс күні ішінде-ақ өтем төлей бастайды. Төлем басталар сәтте Қордың барлық міндеттемелері бойынша төленетін ақша алдын ала жеткілікті көлемде қарастырылып қойылады. Өтем төлеу агент банк арқылы жүзеге асырылады және төлем мерзімі бір жылға созылады», — дейді Өтембаев.
Банк лицензиясынан айырылса
Банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшының үрейге, уайымға бой алдыруына ешқандай негіз жоқ.
«Салымшы агент банкке жеке басын куәландыратын құжатпен келіп, қарапайым нысанда әзірленген өтінішті толтырады. Өтінішті қарау және өтемді төлеу немесе оны салымшының қолданыстағы банк шотына аудару – 5 жұмыс күні ішінде жасалады. Қор агент банкті жұмыс істеп тұрған әлеуетті банктердің ішінен өзі таңдайды. Бұл жерде маңызды талап – филиалдық желінің болуы. Мысалы, Тенгри Банк салымшылары өтем ақшаларын «Еуразиялық банк» АҚ филиалдары арқылы алды», — дейді ҚДКБҚ Төрағасы.
Қазақстанда қандай да бір банк жабылған кезде алдымен қандай іс-қимылдар жасалады? Банктің ауыр жағдайын бірінші кім біледі және бұған Жүйе қалай жауап береді? Салымшыларға өтем төлеу шарасы қалай ұйымдастырылады? Бұл сұрақтар әсіресе Астана Банкі, Delta Bank және AsiaCredit Bank лицензияларынан айырылғаннан кейін қазақстандықтарды қатты толғандырады. ҚДКБҚ басшысы бұл саұрақтарды да жауапсыз қалдырмады.
«Жиырмасыншы жылдардағы» жайттарға тоқталайын. Бұл – АзияКредит Банк, Capital Bank Kazakhstan және Tengri Bank жайында. Атап өтер болсам, бұл банктер лицензиясынан айырылған күннен бастап, 6-8 жұмыс күні ішінде салымшыларға өтем төлеуге қол жеткіздік. Қалайша? Біріншіден, әрине үздіксіз қаржылық дайындық. Арнайы резервтің жинақталған қаражаты өтімді активтерге салынған. Осылайша біз резервті қашанда жеткілікті деңгейде сақтаймыз», — дейді Өтембаев.
Қанша ақша болғандығы
Өтембаев тиісті құжаттарды көтеріп, Tengri Bank лицензиясынан айырылған сәтте, Қордың арнайы резерві 604 млрд теңгені құрағандығын, ал депозиторлар алдындағы міндеттеме – 17,8 млрд теңге болғанын айтты.
«АзияКредит Банк: резерв 601 млрд теңге – Қордың кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемесі 19 млрд теңге. Capital Bank Kazakhstan: резерв 650 млрд теңге – Қордың депозиторлар алдындағы міндеттемелері – 1,7 млрд теңге. Әрине, біздің басты құжатымыз – бұл депозиторлардың тізілімі. Банкте дерекқордың дұрыс жүргізілгені өте маңызды. Қордың салымшылар алдындағы міндеттемелері тізілім негізінде айқындалады. Сондықтан біз кепілдік берілген депозиттер мен кепілдік берілген сомаларды есепке алу сапасын бақылау үшін шешімдерді біртіндеп, дәйектілікпен енгіземіз. Атап өтуім керек, жалпы төлемдерге арналған ақпаратты жақсарту және төлем механизміне технологияларды енгізу – бұл Қор қызметінің басымды бағыттарының бірі», — деді Әділ Өтембаев.
Тәуекелдермен бастапқы сатыда жұмыс істеудің пайдасы
ҚДКБҚ қатысушы банктердің тәуекел бейінін есепке ала отырып, жарналардың сараланған жүйесін қолданатыны белгілі және банктің қаржылық ахуалын бағалау моделі банк секторының қаржылық орнықтылығына қауіп төндіретін тәуекелдерді ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді.
«ҚДКБҚ моделі жарнаның мөлшерлемесін есептеп қана қоймайды, сонымен қатар болжамдық күшке ие. Осылайша банк секторының дамуы аясында Қордың сарапшылары, Директорлар кеңесі, оның ішінде тәуелсіз директорлар, Ұлттық Банктің сарапшылары оны қайта қарап, талдамалық әлеуетін күшейтіп отырады. Әрине, ерекше жағдайлар болып тұрады. Олар болжауға келмейді, бұл мысалы, bank run немесе «салымшылардың үрейі». Бірақ егер банктің қаржылық ахуалы бір сәтте нашарлап кетпеген болса, қаржылық ахуалдың немесе басқарушылық шешімдердің нашарлау үдерісі тұрақты бола бастаса, ҚДКБҚ мұндай тәуекелдерді ерте бастан анықтап біле алады, — деді Әділ Өтембаев.
Стресс-тестілеулер және Ұлттық Банкпен жұмыс істеу
Әділ Нұрланұлы Қордың арнайы резервтің жеткіліктілігін анықтауға бағытталған стресс-тестілеуле тұрақты өткізіліп тұратындығын жеткізді. Оның айтуынша бұл әртүрлі сценарийлерді қарастырады және бүкіл банк жүйесін қамтиды. Қор елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету аясында Ұлттық Банкпен және қаржы реттеушісімен өзара әрекеттеседі.
«Заңнамада ақпарат алмасу және іс-әрекеттерімізді үйлестіру үшін мықты құқықтық негіздер қарастырылған. Атап айтар болсақ, қаржылық ахуалы тұрақсыз, депозиторлар мен кредиторлардың мүдделеріне немесе елдің қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіретін не болмаса төлем қабілетінен айырылған банк туралы ақпараттарға ерте бастан қол жеткізе алатындығы туралы құқықтық негіз қарастырылған. Сол үшін ҚДКБҚ үшін салымшылармен есеп айырысу – Қордың заңмен жүктелген міндеттемелерді орындауға және әртүрлі сценарийлерде өз міндеттемелері бойынша жауап беруге дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған күнделікті жұмыстардың бірі. Басты мақсатымыз – салымшылардың банк жүйесіне деген сенімін қолдау және елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге белсене қатысу», — деді Қор басшысы.
Қырағылық
Әділ Нұрланұлы ҚДКБҚ барлық бизнес-процестердің әрбір кезеңін тездетуге күш салып жатқандығын атап өтті.
«Банктермен арада деректердің сапасы бойынша талаптарды сақтауды бақылауға бағытталған алдын алу жұмыстары депозиторлардың тізілімін қалыптаструды және қабылдауды тездетуге мүмкіндік береді. Ал Қор агент банктерді өзі таңдап, тізбесін алдын ала дайындап қояды. Біздің қызметкерлер қалай әрекет жасау керектігін нақты біледі, қолдарында мақұлданған бақылау тізімдері, мерзімі көрсетілген қадамдық әрекет жоспары бар. Нәтижесінде өтем төлеуді бастау мерзімі заңнамада белгіленген 35 жұмыс күнінен 6-8 жұмыс күніне дейін қысқаруы мүмкін. Ал кепілді өтем сомаларының 90%-ы алғашқы 3-4 айдың ішінде-ақ төленеді», — деді Digital Business-тің қонағы.
Қазақстандықтар банкрот болған банктегі кепілдіктен артық ақшаларын да қайтара алуы мүмкін
Егер лицензиясынан айырылған банктегі ақшаңыз кепілдік берілген максималды сомадан артық болса не істеуге болады? Digital Business Қор Төрағасына бұл сұрақты да қойды.
Күрделі жағдай, бірақ лажсыз емес
Білікті қаржыгер мұндай жағдайда Жүйенің қалай жұмыс істейтіндігі, төлемнің қалай жүзеге асырылатындығы, жинақ ақша кепілдік сомасынан асып кетпес үшін не істеуге болатындығы туралы түсіндіріп берді.
«Мұндай депозиторлар басқалармен бірге Қордан максималды кепілдік сомасы шегінде өтем алады. Мысалы, салымшының мерзімді депозитінде 11 млн теңге бар делік. Пайыздар да есептелген. Мұндай жағдайда Қор салымшыға 10 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілді өтем төлейді. Ол бұл ақшаны басқа салымшылармен бірге агент банктен кезегіне қарай алады. Ал кепілдік сомасынан артық ақшаны, біздің мысалымызда 1 млн теңгені және банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген пайыздық сыйақыларды банктің тарату комиссиясынан алу құқығына ие. Ал тарату комиссиясы банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі шыққан соң құрылады», — деді Ә. Өтембаев.
Оның айтуынша тарату комиссиясы салымшылармен есеп айырысуға мүдделі.
Бірақ бұған уақыт керек.
«Бұл жерде нақты мерзім белгіленбеген. Өйткені тарату комиссиясы кредиторлардың ақшаларын банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен ақша есебінен төлейді. Олардың жұмысын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) жүктелген. Ал ҚДКБҚ міндеті – салымшылармен кепілдік берілген сома шегінде есеп айырысу», — деді Қор Төрағасы.
Бұл маңызды
Қазіргі уақытта максималды кепілдік сомасының көлемі салымның түріне және қандай валютада ашылғандығына тікелей байланысты, яғни:
• теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 миллион теңгені,
• теңгедегі жинақ салымдардан басқа карточкалар, шоттар және депозиттер бойынша – 10 миллион теңгені,
• шетел валютасындағы салымдар, карточкалар және шоттар бойынша – теңгелік баламада 5 миллион теңгені құрайды.
Егер салымшының бір банкте әртүрлі бірнеше депозиті, төлем карточкасы, ағымдағы банк шоты және солардың арасында жинақ салымы да бар болса, Қор салымшының әрбір салымы бойынша белгіленген кепілдік соманы ескеріп, оған ортақ өтем ақша төлейді. Бірақ оның көлемі бір салымшы үшін 20 млн теңгеден асырылмайды. Сондықтан Қор салымшыларға жинақ ақшаларын пайыздарымен қоса есептеп, әрбір салым бойынша белгіленген кепілдік сомасынан асырмастан, бір емес, бірнеше банкте әртүрлі салымдарда орналастыруға кеңес береді. Өйткені кепілдік әрбір банк бойынша бөлек төленеді.
Кепілдік сомасының көлемі жеткілікті деңгейде ме?
Жоғары инфляция, ұлттық валюта бағамының құбылуы және инвестицияға деген қызығушылықтың артуы кезінде қазақстандықтар банктердегі жинақ ақшаларының қаншалықты қорғалғандығы туралы жиі ойланатын болған. Бағалар біртіндеп өсуде. Ал Қор тарапынан бір салымшыға бір банк бойынша берілетін максималды кепілдік сомасы, яғни 20 млн теңге жеткілікті деңгейде ме?
Әділ Өтембаев бұл сұраққа да тоқталды. Ол бұл ретте кепілдік сомаларының қалай қалыптасқандығы, оны көтерудің жоспарда бары-жоғы және қазақстандықтардың депозиттерінде қанша ақша бар екендігі туралы ақпарат берді.
«Атап өту керек, қазіргі уақытта жеке тұлғаларға тиесілі барлық депозиттік шоттардың 98,6%-ы – қалдық ақшасы 1 млн теңгеге дейінгі, ал 99,6%-ы – қалдық ақшасы 5 млн теңгеге дейінгі шоттар. Ал депозиттік шоттардың 99,8%-ы ҚДКБҚ кепілдігімен толық көлемде қорғалған. Тек ірі салымдардың аздаған үлес салмағы ғана (шоттардың шамамен 0,2%-ы) толық көлемде өтелмейді. Яғни олардағы қалдық ақша максималды кепілдік сомасынан артық», – деді Әділ Өтембаев.
Жоғары кепілдіктің қауіптілігі
Қор Төрағасының айтуынша кепілдік мөлшерін арттырудың халыққа келіп-кетер тиімділігі аз. Ол негізінен анағұрлым ауқатты салымшылардың жағдайына оң әсер етеді. Сонымен қатар кепілдікті шектен тыс көтере беру – салымшылардың жинақ ақшаларды әртүрлі банктерде сақтауға деген ынта-ықыласын төмендетіп жібереді.
«Бұл өз кезегінде жинақ ақшалардың бір банкте шоғырлануына және банктер арасында бәсекелестікті төмендетуге әкеп соғар еді. Бұдан басқа, банк тарапынан да, салымшылар тарапынан да моральдық тәуекел немесе жауапсыздық тәуекелі (moral hazard) пайда болуы ықтимал. Яғни салымшылар алдындағы тәуекелдердің бір бөлігін кепілдік беру жүйесі өзіне алатындықтан, кейбір банктер өздерінің кредиттік қызметінде тым қауіпті тәуекелдерге баруға бейім болады. Егер мұндай кепілдік берілмеген жағдайда олар мұндай тәуекелдерге әрине, бармас еді. Басқа жағынан алып қарағанда, жинақ ақшалары қай банкте жатса да Қор тарапынан өтелетіндігін білетін салымшылар жинақ ақшалары үшін уайымдауды азайтады, банк таңдауға сылбыр, жауапсыз қарай бастайды», – деді Ә. Өтембаев.
Өркениетті елдердегі секілді
Әділ Өтембаевтың айтуынша Қазақстанда депозиттер бойынша кепілдік мөлшері әлемдік стандарттарға сәйкес келеді.
«Халықаралық Валюта Қорының бағалауы бойынша кепілдік деңгейі халықтың жан басына шаққанда 1-2 Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемінен жоғары болуы керек. Ал Қазақстанда кепілдік мөлшері халықтың жан басына шаққанда ЖІӨ деңгейінен 3 есеге жуық жоғары. Иә, кепілдік мөлшері АҚШ-та (250 мың доллар) және Еуроодақта (100 мың еуро) жоғары. Алайда бұл елдерде халықтың жан басына шаққанда ЖІӨ мөлшері едәуір жоғары. Сәйкесінше кепілдік мөлшері де едәуір жоғары, бірақ ол бәрібір халықтың жан басына шаққанда 3 ЖІӨ-ден аспайды», – деді ҚДКБҚ Төрағасы.
ТМД елдері ішінде бірінші орындамыз
Бұл ретте ТМД елдерімен салыстырғанда Қазақстанда кепілдік мөлшерінің ағымдағы деңгейі – ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
«Салыстырып қарайтын болсақ, Ресейде 1,4 млн рубль (9 млн теңге), Қырғызстанда 1 млн сом (6,2 млн теңге), Өзбекстанда 200 млн сом (8,8 млн теңге), Грузияда 5 мың лари (3 млн теңге), – дейді қаржыгер.
ҚДКБҚ кепілдіктерді әрбір банк бойынша бөлек төлейді
Кепілдік мөлшерін арттыру жеке тұлғаларға тиесілі депозиттердің жиынтық көлемін арттырмайды, бірақ кепілді өтемді төлеу бойынша Қордың әлеуетті міндеттемелерін арттырады.
«Бұл арнайы резервтің көлемін арттыруды талап етеді. Арнайы резервті қалыптастырудың негізгі қаржы көзі – қатысушы банктердің жарналары болып саналатындықтан, бұл жарналардың мөлшерлемелерін арттыру мәселесін қарау қажеттілігіне әкеп соғуы ықтимал. Сәйкесінше банк секторына қосымша қаржылық салмақ түсетіні даусыз. Банктер өз кезегінде өсіп жатқан операциялық шығындардың орнын толтыруы үшін кредит беру мөлшерлемелерін немесе банктік операциялар бойынша комиссияның көлемін арттыруға мәжбүр болады. Нәтижесінде кепілдік мөлшерін көтеруден негізінен анағұрлым ауқатты салымшылар ғана ұтады, ал жоғарылаған қаржылық жүктемені банктер өздерінің барлық клиенттерінің, негізінен қарапайым салымшыларының мойнына артатын болады», – деді тәжірибелі маман.
ҚДКБҚ кепілдігінің лимиті салымшының жинақ ақшасы үшін әрбір банк бойынша жеке-жеке белгіленген.
«Қазіргі уақытта ірі салымшылар өздерінің жинақ ақшаларын банктер арасында үлестіре отырып, кепілдік берілген қаражаттың көлемін 200-300 млн теңгеге дейін көтеріп, тәуекелдерін әртараптандыруы мүмкін ғой? Сондықтан біздің берер кеңесіміз – жинақ ақшаларды, әсіресе ірі ақшаларды кепілдік берілген шекті сома көлемінде әртүрлі банктерде орналастыру керек. Мысалы, қазіргі сәтте 17 банк теңгелік депозиттерді қабылдайды. Ал теңгедегі мерзімсіз салымдар бойынша максималды кепілдік сомасы – 10 млн теңге. Сәйкесінше 170 миллион теңге қолданыстағы заңнама аясында толығымен қорғалған деген сөз», – дейді Ә. Өтембаев.
Жүйеге 21 банк қатысады. Әрқайсысы заң бойынша жеке тұлғалардың депозиттерін тартуға құқылы.
«Жинақ салымдар бойынша максималды кепілдік сомасы – 20 млн теңге. Бұл салымды 12 банк қабылдайды. Олардың әрқайсысына максималды кепілдік шегінде қаражат орналастыра отырып, 240 млн теңгені заң аясында толығымен қорғауға болады. Бұл талап ауқатты салымшыларға ғана емес, қарапайым салымшыларға да сәйкес келеді. Егер жылжымайтын мүлік немесе көлік сатып, ірі сомаға қол жеткізсеңіз немесе көлемді, ірі бұйым сатып алуға ақша жинасаңыз ақшаңызды әрбір банкке өтелетін кепілдік сомасы шегінде орналастырыңыз деп кеңес берер едік», – дейді ҚДКБҚ басшысы.
Бүгінде Қазақстанда банктердің лицензиядан айырылуы сирек кездесетін жағдай. Бірақ әрбір осындай жағдай, оның ішінде депозиттер бойынша кепілді өтем төлеу мәселесі салымшылар арасында бәрібір үрей туғызатыны сөзсіз.
Өтем төлеу рәсімі барынша қарапайым
ҚДКБҚ Төрағасы сонымен қатар өтем төлеу процесінің қалай жүргізілетіндігі және өтем алу үшін қайда жүгіну керектігін, қандай құжаттар ұсыну керектігіне тоқталды.
«Егер банк лицензиясынан айырылып, өтем төлеу агент банк арқылы жүргізіліп жатса, салымшыдан қарапайым нысанда әзірленген өтініш жеке басты куәландырушы құжат керек. Өтем сенімхат арқылы немесе өсиетнама арқылы да төленуі мүмкін. Онда қосымша құжаттар қажет болады. Ол туралы біз қашанда ақпарат беріп тұрамыз», – деді Өтембаев.
Өтініш беру мерзімі – күнтізбелік бір жыл.
«Төлем мерзімі аяқталған соң, салымшылардың талап етпеген өтем ақшалары олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған, жеке зейнетақы шоттарына аударылады. Осылайша бұл ақшалар сақталып қана қоймайды, сонымен қатар иелеріне инвестициялық табыс әкеледі. Заңнамада осындай норма қарастырылған», – деді Қор Төрағасы.
Дәлелді себептер
Әділ Өтембаевтың айтуынша, егер салымшы өтем алу мерзімін дәлелді себептерге байланысты өткізіп алған болса, ақшасы зейнетақы қорына аударылып кетсе де, өтем ақшасын алу үшін ҚДКБҚ-ға жазбаша түрде өтініш бере алады.
«Мысалы, ол төлем мерзімі барысында шетелде, әскери қызметте болса немесе мұра алу процесінде жүрсе, өтем алуға өтініш бере алады. Дәлелді себептердің толық тізбесі заңнамада көрсетілген. Біздің колл-орталықтың мамандары 1460 тегін қысқа телефон нөмірі арқылы ақыл-кеңес беруге қашанда дайын», — деді Әділ Өтембаев.
Бұдан басқа, ҚДКБҚ Төрағасы кепілді өтемді жеке тұлғалардан басқа тағы қандай тұлғалардың ала алатындығын және оларға қандай талаптар қойылатындығы туралы да әңгімелеп берді.
«ҚДКБҚ бизнестің тек кейбір санаттарын және кәсіби көрсетілетін қызметтердің кейбір салаларын ғана қорғайды. Олар – дара кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және медиаторлар. Қор тарапынан олар да жеке тұлғалармен бірдей деңгейде қорғалған» , — деді Әділ Нұрланұлы.
Ал бизнестің басқа өкілдері үшін жағдай мүлдем басқаша.
«Қазақстанда бизнестің басқа субъектілерінің, мысалы, акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестердің депозиттері мен шоттары ҚДКБҚ кепілдігімен қорғалмаған. Бұл негізі біздің өңірге тән жағдай», — деді Ә. Өтембаев.
Егер Қазақстанда қандай да бір ірі банктердің бірі банкрот болса не болады? Шыны керек, ондай банктің лицензиясынан айырылуы екіталай. Бірақ қаржыгер бұл сұраққа да тыңғылықты жауап берді. Шынында, жаман айтпай жақсы жоқ, егер сондай оқиға бола қалса, Қордың арнайы резервінің ақшасы салымшыларға өтем төлеуге жетер ме екен?
Мұндай сценарий қарастырылған
ҚДКБҚ Төрағасының айтуынша Қазақстанда тұрақты қаржы жүйесі құрылған. Барлық сценарийлер, олардың ішінде ең ауыр сценарийлер де заң жүзінде қарастырылған.
«Негізі ҚДКБҚ тарапынан лицензиясынан айырылған банк салымшыларына төленетін өтем ақша – салымшылардың мүдделерін қорғаудың соңғы шарасы. Өйткені ең алдымен қаржы реттеушісі банктің қаржылық ахуалын жақсарту және тәуекелдерді азайту үшін барлық шараларды жүзеге асыруға күш салады. Бұл процесте Қордың рөлі – егер банк “құтқаруға” жатпаса және лицензиясынан айырылса, салымшыларға өтем төлеу. Бұл үшін барлық ресурстар қамтылады. Бұған дейін айтқанымыздай, Қордың арнайы резервінің көлемі 1,4 трлн теңгеге жақын және бұл жеткілікті. Ақшалар өтімді активтерге орналастырылған. Сондықтан Қорда төлемдерді қашанда шұғыл түрде бастауға барлық қаржылық мүмкіндіктер бар», – дейді Әділ Өтембаев.
Ал егер жетпесе
Қорда мұндай жағдайда да ескерілген. Отандық заңнамада қаржыландырудың үш резервтік механизмі қарастырылған.
«Тағы да айта кетейін, бұл сценарийлердің ешқайсысына салық төлеушілердің ақшалары тартылмайды. Барлық шығындар Жүйеге қатысушы банктер арасында үлестіріледі. Бұл ретте лицензиясынан айырылған банктің салымшыларына төленетін ақша кешіктірілмейді. Алайда айтарым, ең үздік практика – Жүйеге тиесілі резервтің пайдаланылмауы», – деді Қор Төрағасы.
Оның айтуынша барлық тараптар үшін халықаралық тәжірибедегі ең үздік әдіс – «P & A» операциясы.
«Егер банк дәрменсіз болса және оның қызметі тоқтатылса, онда банктің активтері оның салымшылар алдындағы міндеттемелерімен бірге сатып алушы банкке берілуі мүмкін. Егер қандай да бір істеп тұрған банк бірінші кезекте депозиттер бойынша міндеттемелерді алуға дайын болса, бұл әбден мүмкін. Оның үстіне бұл салымшылар үшін де, депозиттегі ақшалары кепілдік сомасынан асатын салымшылар үшін де өте ыңғайлы. Сондықтан бұл норма барлық тараптардың мүдделерін жақсы қорғайды», – деді Қор Төрағасы.
Қазақстанда P&A операцияларын жүргізуге құқықтық негіздер бар ма?
Құқықтық негіз ғана емес, нақты тәжірибелер де бар.
«Қазақстанда P&A операциясын жүргізуге толық құқықтық негіз де, тәжірибе де бар. Мысалы, Қазинвестбанк. Оның депозиттер бойынша міндеттемелері активтерімен бірге сатып алушы банкке берілді. Банктер туралы жаңа заңда дәрменсіз банктерді реттеуге байланысты барлық нормалар біздің ойымызша күшейеді. Бұл ретте реттеу құралдарының бірі – осы P&A», – деді Әділ Өтембаев.
Сонымен қатар ҚДКБҚ Төрағасы Қордың банктермен қалай жұмыс істейтіндігін, олардың тұрақтылығы қалай бағаланатындығы және банк секторының ашықтығына қалай ықпал етілетіндігі жайлы түсініктеме берді.
Не нәрсені түсіну қажет
ҚДКБҚ қадағалаушы орган болмаса да, Жүйеге қатысатын банктердің қаржылық ахуалын бағалауда маңызды рөл атқарады. Бұл ислам банктерінен басқа банктер үшін міндет.
«Жүйенің резервтері қатысушы банктердің жарналары есебінен қалыптасады. Қор жарналарды әділ түрде, яғни тәуекелге пропорционалды түрде есептеу үшін банктердің қаржылық жағдайын бағалауға арналған өз моделін пайдаланады және оны үздіксіз дамытып отырады. Модель бойынша банктің қаржылық ахуалын бағалауға 18 параметр қолданылады. Модельде сапа жағын анықтайтын көрсеткіштер де бар. Бұған қоса, жалпы балды есептеу барысында қолданылатын параметрлердің бірі – банктің маңызды ақпаратты ашық ақпарат көздерінде жариялауы. ҚДКБҚ-ның бұл параметрді пайдалануы банк секторын ашық бола түсуге ынталандыра түседі. Депозиттерді өзіне тарту «стилі», басқаша айтқанда, банктің саясаты басқыншы немесе ұстамды сипатқа ие болуы да банктің қорытынды жарнасына әсер етеді. Сонымен қатар біз банктің өткен айларына мониторинг жүргіземіз. Өйткені мұның да ағымдағы тоқсанның жалпы балына ықпалы мол», — деді сұхбат беруші.
Банктерді тәртіпке шақыру
Бұл тұрғыда ҚДКБҚ қадағалаушы орган болмаса да, Жүйеге қатысуы – банктерді тәртіпке шақыратын факторлардың бірі.
«Банктерді тұрақты түрде бағалап отыру – Жүйеге төленетін жарналарды банктің қаржылық тұрақтылығы мен тәуекелдеріне сай, әділ есептеуге ғана мүмкіндік беріп қоймайды, сонымен қатар банк секторындағы тәуекелдерді ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жерде ҚДКБҚ бағалау қорытындысы бойынша қатысушы банктерге беретін жалпы балы туралы ақпарат – заң бойынша құпия ақпаратқа жатады. Алайда біз банктердің салымшылары банк таңдауға аса жауапкершілікпен қарау және ашық, қолжетімді және сенуге ақпарат көздерін ғана пайдаланулары керектігімен сөзсіз келісеміз», — деді Өтембаев.
Тек ҚДКБҚ-ға ғана иек артуға болмайтындығы туралы
Сұхбат беруші банк лицензиясынан айырылған жағдайда, ҚДКБҚ салымшылар алдындағы міндеттемелерді орындауға шұғыл түрде кірісетіндігін баса айтты. Алайда:
«Іс жүзінде мынадай да жағдайлар кездеседі: клиенттердің шоттары бойынша шығыс операцияларын жүргізуді тоқтатса да, лицензиясынан әлі айырылмаған банктердің жағдайы. Бұл тәуекел bank run сценарийі бойынша өрбуі мүмкін. Не болмаса банк туралы жағымсыз жаңалықтар тараған кезде адамдар одан ақшаларын жаппай ала бастайды. Соның салдарынан банкте қолма-қол ақша, өтімділік жетіспей қалады. Бұл оның онсыз да тұрақсыз жағдайын тіпті нашарлатып жіберуі мүмкін. Астана Банкі мен Қазақ Банкіне қатысты жағдайлар Digital Business оқырмандарының әлі есінде болар. Мұндай жағдай АҚШ-тағы Silicon Valley Bank немесе Signature Bank-те де болды. Credit Suisse банкіне қатысты жағдай да ғаламдық оқиға болды», – деді Өтембаев.
Тәуекелдерді қалай бағалау керектігі туралы
Қор Төрағасы ҚДКБҚ-ның есептеулерін қайталауға болатындығын жоққа шығармайды, алайда қаржы саласы бойынша белгілі бір біліктілік керек.
«Қаржылық сауаттылығы әрқалай салымшылар үшін тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік беретін ақпарат көздері баршылық. Бірінші кезекте, әлемдік рейтингтік агенттіктердің банктерге қатысты белгілейтін рейтингтерінің өзгеру барысын бақылау керек. Олар тұрақты түрде қайта қаралып отырады. Бұл әдетте бұқаралық ақпарат көздерінде кеңінен жарияланады. Сондай-ақ банктің өзі де бұл ақпаратты әлеуметтік желідегі парақшасына орналастырады. Әлемдік рейтингтік агенттіктер өздерінің бағалауларында шынайылық танытып, кең ауқымды ақпарат ұсынады. Салымшыларға көмек және қаржылық сауаттылық саласындағы бастама ретінде біздің сарапшылар жаңа егжей-тегжейлі «нұсқаулықты» – қаржы тәуекелдерін басқару әдісін әзірледі. Ол біздің сайтта қолжетімді және үнемі жаңартылып тұрады», – деді Әділ Өтембаев.
Басқа банктермен салыстырғанда депозиттер бойынша көтеріңкі сыйақы мөлшерлемелері де көп жайтты аңғартуы мүмкін.
«Бұл жағдайда депозиттердің осы түрі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін салыстыру маңызды, мысалы, толықтыру құқығы жоқ жинақ салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері мерзімсіз салымдарға қарағанда айтарлықтай жоғары болуы мүмкін, бірақ бұл осы жағдайда тәуекелдерді емес, мерзімінен бұрын алу бойынша шектеулерді өтейді. Біздің сарапшылар қатысушы банктердің мөлшерлемелері бойынша мониторингті ай сайын жариялайды. Ол депозит нарығындағы үрдістер туралы сол сәтінде түсінік береді, сондай-ақ депозиттер бойынша қолданыстағы ұсыныстарды салыстыруға және депозиттердің әр түрі бойынша артықшылықтар мен кемшіліктерді білуге мүмкіндік береді», — деді сұхбат иесі.
Тарату үдерісіндегі банктер
Қазір Қазақстанда 9 банкте тарату үдерісі жүргізіліп жатыр. Соңғы сақтандыру жағдайлары Capital Bank Kazakhstan (47 мыңнан астам салымшы), салымшылары ең көп банк – Астана Банкіне (268 мыңнан астам салымшы) қатысты орын алды.
«Барлық 9 банк бойынша салымшыларға 113,5 млрд теңге төленді. ҚДКБҚ міндеттемелерінің 98,3%-ы орындалды. Неге 100% емес? Өтем алуға тек 148 мың депозитор ғана жүгінді (салымшылар және карточка иелері). Заң бойынша төлем мерзімі аяқталған соң, салымшылардың талап етпеген өтем ақшалары олардың БЖЗҚ-да ашылған жеке зейнетақы шоттарына аударылды. 270 мыңнан астам салымшының зейнетақы шоттарына 830,5 млн астам теңге түсті. Ал міндеттемелеріміздің қалған 1,7%-ы – көбінесе шоттарында шамалы ғана, тіпті бір теңгеден аз ақшалары бар салымшылар. Бұған дейін айтқанымыздай, 9 банктің төлем мерзімі кезінде өтініш бермеген салымшылар өтініш бермеу себебін құжат жүзінде растай отырып, Қорға әлі де тікелей жазбаша түрде өтініш бере алады. Іс жүзінде мұндай өтініштер біржолғы сипатқа ие – салымшылардың басым бөлігі (98,3%) төлем мерзімі кезінде өтініш берген. Тоғыз банк бойынша төлем мерзімі аяқталған соң, 3 жыл ішінде тек 40 салымшы ғана өтініш берді. Оларға 60 млн теңгеге өтем төленді», – деп ҚДКБҚ Төрағасы сұхбатты қорытындылады.