Грузиялық жігіттер жүргізушісіз такси дәуіріне қалаларды дайындайтын стартапқа $150 мың инвестиция салды

Нодар Лацабидзе мен Гурам Меликидзе такси шақыру қызметін сатып, QVET стартапын іске қосты. Жоба жүргізушісіз көліктерге қажетті деректерді жинаумен айналысады. Көлікке орнатылған құрылғылар жолдың жай-күйін, автомобильдер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысын тіркейді. Команда осы мәліметтерді роботакси мен жеткізуші роботтарды үйретуге бейімдеп дайындайды. Қазір жоба Тбилисиде сынақтан өткізіліп жатыр.

Digital Business пен Astana Hub бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Нодар мен Гурам бизнесті неге ақылды бағдаршамдардан бастағанын, жүргізушісіз көліктерге арналған деректер арқылы қалай табыс табуды жоспарлап отырғанын және Central Eurasia Market Entry бағдарламасына қатысу оларға не бергенін айтып берді.

«20 жылдан кейін такси жүргізушісі деген мамандық болмайды»

– Нодар, Гурам, бір-біріңізбен қалай таныстыңыздар? QVET жобасына дейін немен айналыстыңыздар?

Нодар: – Бұған дейін менде Rashi деген такси шақыру қызметі болды. Ол Тбилиси мен Батумиде және Грузияның тағы үш қаласында жұмыс істеді. Бұдан бөлек, технологиялық стартаптармен де айналыстым. Мысалы, спорт алаңдарын жалға алуға мүмкіндік беретін Sprenty платформасын іске қостым.

Сондай-ақ Берклидегі Калифорния университетінің жанындағы ғылыми орталық – Berkeley DeepDrive аясында жүргізушісіз көлік технологияларын зерттеуге қатыстым.

Гурам: – Менің мамандығым – инженер. Тбилисидегі Грузия университетінде оқыдым. Bank of Georgia стипендиясын алдым. Университет зертханаларында физика, электроника және ендірілген жүйелер салаларын зерттедім. Кейін әлемдегі ірі халықаралық такси шақыру қызметтерінің бірінде бағдарламашы-инженер болып жұмыс істедім. Ал соңғы екі жылда жасанды интеллект саласындағы инженерлік әзірлемелерге басымдық беріп жүрмін.

Гурам Меликидзе

Нодармен үш жыл бұрын Тбилисиде өткен технологиялық хакатонда таныстым. Алғаш сөйлескеннен-ақ қызығушылықтарымыз ұқсас екенін байқадық. Араласып, достасып кеттік. Шамамен төрт айдан кейін Нодардың компаниясына бағдарламашы-инженер болып жұмысқа орналастым. Кейін жобаның тең құрылтайшысы атандым. Уақыт өте келе Rashi қызметін сатып, биыл қаңтарда QVET (Quantum Verse Elevated Transportation) стартапын құрдық. Қазір компанияның техникалық директоры қызметін атқарамын. Техникалық бағыттың барлығына жауап беремін.

– Қазіргі жоба идеясы қалай пайда болды?

Нодар: – Бастапқыда қалалардағы көлік қозғалысын реттеуді көздедік. Көліктер мен жаяу жүргіншілер ағынын талдап, соған қарай бағдаршамдардың жұмысын реттейтін жүйе әзірледік.

Бірақ тез дамып, халықаралық нарыққа шыққымыз келді. Ал мемлекеттік тапсырыс берушілермен жұмыс істеу көп уақытты талап етті. Сондықтан қолымыздағы жабдықтар мен бағдарламалық жасақтаманы тағы қай салада пайдалануға болатынын ойлана бастадық.

Нодар Лацабидзе

Көп ұзамай жүргізушісіз көліктерді іске қосу үшін арнайы деректер қажет екенін түсіндік. Қазірдің өзінде АҚШ пен Еуропаның кейбір қалаларында роботаксилер жүріп жатыр. Ал Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Кавказда бұл технологияны енгізу енді ғана басталып келеді. Біз осы нарықтарда жүргізушісіз көліктердің жолға тезірек шығуына көмектесуді ұйғардық.

Осылайша, кәдімгі таксиге арнайы құрылғы орнатып, жолаушы тасымалдау кезінде жол, көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысы туралы мәлімет жинау идеясы туды. Кейін бұл деректерді роботаксилерді үйретуге бейімдеп дайындаймыз.

Гурам: – Біздіңше, көлік саласы түбегейлі өзгереді. 20 жылдан кейін такси жүргізушісі деген мамандық болмайтынына сенімдіміз. Барлық такси жүргізушісіз жүреді. Біздің есебімізше, бұл қызмет көрсетуші компанияларға өте тиімді. Өйткені жүргізушілерге жалақы төлеудің қажеті болмаса, олардың пайда маржасы кем дегенде 95 пайызға жетеді.

– QVET нақты немен айналысады? Қарапайым тілмен түсіндіріп берсеңіздер.

Гурам: – Қала ішінде жүргізушісіз жүру үшін көлік жолдың қай жерден өтетінін, қиылыстар, жаяу жүргіншілер өткелі мен тұрақтардың қайда орналасқанын білуі керек. Сондай-ақ айналасындағы көліктер мен адамдардың қалай қозғалатынын түсінуі қажет. Автопилотты үйрету үшін қала мен жол қозғалысына қатысушылардың әрекеті туралы толық мәлімет керек. Біз осы ақпаратты жинап, өңдейміз.

Ол үшін кәдімгі таксидің сыртына радар мен лидардан тұратын шағын құрылғы орнатамыз. Көлік қозғала бастағанда, құрылғы айналасындағы кеңістікті автоматты түрде сканерлейді. Радар радиотолқындарды, ал лидар лазерлік импульстерді пайдаланады.

Жиналған деректерді жасанды интеллект жүйесі өңдейді. Ол көліктердің, жаяу жүргіншілердің және басқа нысандардың қайда орналасқанын анықтап, олардың қозғалысын бақылайды. Осы мәліметтер негізінде жолдардың үш өлшемді үлгісін жасаймыз. Сонымен қатар адамдардың көлікті қалай жүргізетінін, қай жерде тежейтінін, тоқтайтынын және қалай тұраққа қоятынын зерттейміз.

– Технологиялық тұрғыдан басқа шешімдерден қандай артықшылығыңыз бар?

Гурам: – Біздің басты артықшылығымыз – радар мен лидардан алынған деректерді біріктіріп өңдеу. Лидар айналаның үш өлшемді көрінісін егжей-тегжейлі көрсетіп, нысандардың пішіні мен орналасқан жерін анықтауға көмектеседі. Ал радар оларға дейінгі қашықтық пен қозғалыс жылдамдығын өлшейді.

Бұл екі технология бірін-бірі толықтырады. Әрқайсысының, соның ішінде ауа райына байланысты да шектеулері бар. Екеуінен алынған мәліметтерді біріктіру арқылы көліктер мен жаяу жүргіншілердің нақты қайда орналасқанын, қандай жылдамдықпен және қай бағытта қозғалып бара жатқанын дәлірек анықтай аламыз.

«Жүргізушісіз таксиді іске қосу шығынын 13 есе азайта аламыз»

– Әлеуетті клиенттеріңіз кімдер?

Нодар: – Такси шақыру қызметі мен роботакси жобаларын дамытып жатқан компаниялар. Тағы бір маңызды бағыт – жеткізуші роботтарды үйрету. Оларға жаяу жүргіншілер жолы туралы толық мәлімет қажет. Мысалы, жаяу жүргіншілер өткелі қай жерде орналасқанын және жолды қалай қауіпсіз кесіп өтуге болатынын білуі керек. Тбилисиде әзірге мұндай роботтар жоқ. Бірақ олардың пайда болуын жеделдете аламыз деп үміттенеміз.

Келесі бір әлеуетті клиенттеріміз – Google Maps пен 2GIS сияқты картографиялық сервистер. Оларға да жолдар туралы толық ақпарат қажет. Бұдан бөлек, автокөлік өндірушілері мен жүргізушісіз көлік жасап жатқан Pony.ai және Lucid секілді компаниялар да біздің клиенттіміз болуы мүмкін.

Қалалық қоғамдық көлік саласында да мүмкіндік бар. Мәселен, жүргізушісіз автобустарды іске қосуға дайындық жұмыстарына қатыса аламыз.

– Неге компаниялар бұл деректерді өздері жинамайды?

Нодар: – Мұндай ақпаратты өз бетіңше жинау әрі ұзақ, әрі қымбат. Жолдарды, қиылыстар мен тұрақтарды жүргізушісіз көлік тікелей оқып, пайдалана алатындай форматта егжей-тегжейлі сипаттау керек. Ол үшін арнайы жабдықтар мен дерек жинау әдістері қажет.

Біздің есептеуімізше, егер компания жаңа қалада роботакси қызметін іске қосқысы келсе, тек сол қаланың барлық жолын, қиылыстары мен тұрақтарын картаға түсіруге 14 ай уақыт және кемінде $24 млн жұмсауы керек.

Біздің мақсатымыз – жаңа қалаға шығу мерзімін екі айға дейін қысқарту. Яғни жүргізушісіз көлікке қажетті деректерді дайындау уақытын шамамен жеті есе азайтқымыз келеді. Сонымен қатар роботаксиді іске қосуға кететін шығынды бір қалаға шаққанда $24 млн-нан $1,8 млн-ға дейін, яғни 13 есе қысқартуды көздейміз. Бұған карта жасау үшін қымбат жеке көлік паркін ұстаудан бас тарту арқылы қол жеткіземіз. Бір жылдан астам уақыт бойы арнайы сынақ жүргізушілерін жалдамаймыз. Оның орнына қала көшелерін күн сайын аралап жүретін кәдімгі таксилердің көмегіне жүгінеміз. Олар деректерді өздері-ақ жинайды.

– Өнім қазір қай жерде қолданылып жатыр?

Гурам: – Қазір Тбилисиде елдегі ең ірі екі такси шақыру қызметімен бірлесіп, жобамызды сынақтан өткізіп жатырмыз. Оның бірі – өзіміз бұрын құрған компания, екіншісі – халықаралық ірі бренд.

Дерек жинауға қарапайым көлік жүргізушілері де қатыса алады. Олар біздің құрылғыны көлігіне орнатып, күнделікті сапары кезінде жинаған мәліметтері үшін сыйақы алады. Негізі, бұл – ойын элементтері мен таныстарды тарту бағдарламасы енгізілген жүйе. Жүргізуші күнделікті шаруасымен қала ішінде жүре береді, сонымен қатар дерек жинауға қатысып, айына шамамен $400 таба алады.

– Тапсырыс берушілер сіздерге нақты қандай қызмет үшін ақы төлейді?

Нодар: – Табыс табудың үш жолы бар. Біріншісі – ай сайынғы жазылым. Екіншісі – тапсырыс берушінің сұранысы бойынша картаға қажетті деректерді жинау. Үшіншісі – API интерфейсін пайдаланғаны үшін төлем алу.

«Алматыда бета-тестілеуге дайындалып жатырмыз»

– Қазақстан нарығына шығу идеясы қалай пайда болды?

Нодар: – Бәрі LinkedIn желісіндегі бір жарияланымнан басталды. Central Eurasia Market Entry бағдарламасына қатысушылар қабылданып жатқанын көріп, Қазақстан нарығына шығу мүмкіндіктеріне қызығушылық таныттым. Жаңа өңірмен танысып, өніміміз мұнда кімдерге қажет болуы мүмкін екенін түсінгім келді. Сонымен қатар басқа мәдениетті танып-білуге қызықтым. Сөйтіп, бағдарламаға өтінім беріп, Қазақстанға келуді ұйғардық.

– Қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?

Нодар: – Бағдарлама әлеуетті клиенттермен және серіктестермен танысуға көмектесті. Тәлімгерлер ірі компаниялармен кездесу ұйымдастырып, оларға өнімімізді қалай ұсыну керектігі жөнінде кеңес берді.

Қазір Алматыда бета-тестілеу өткізуге дайындалып жатырмыз. Біздің серіктесіміз – жергілікті такси шақыру қызметі. Сондай-ақ «Перспектива» және Қазақстанда жылдамдық өлшейтін камералар мен радарлар орнатумен айналысатын Megacam компанияларымен ынтымақтастық ниеті туралы келісіміміз бар. Бұдан бөлек, Alatau City және inDrive өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз.

– Alatau City жобасына қандай пайда әкеле аласыздар?

Гурам: – Салынып жатқан бұл инновациялық қала-хабта жүргізушісіз автобустарды іске қосу бағдарламасы бар. Біз жолдар, көліктер мен жаяу жүргіншілер қозғалысы туралы деректерді жинап, өңдеуге көмектесе алар едік деп ойлаймын. Алғашқы кездесуіміздің өзінде қала басшылығының стартапымызға қызығушылық танытқанын байқадық.

– Білуімше, Қазақстанға алғаш рет келіп отырсыздар. Қандай әсер алдыңыздар?

Гурам: – Бізге мұнда өте ұнайды. Бағдарлама барысында достар да таптық. Қазақстандықтардың Грузияны жақсы көретінін байқадық. Хинкали, хачапури, грузин шарабы мен әндерін жақсы біледі. Мұнда кездескен адамдардың көбі Тбилиси немесе Батуми қалаларында кем дегенде бір рет болған. Елімізге деген осындай ықыласты көру бізге өте жағымды.

Нодар: – Бізді осылай жылы қарсы алуы және мәдениетіміздің жақындығы Қазақстанда шындап жұмыс істеуге деген ниетімізді одан әрі нығайта түсті. Қазақстанға деген қызығушылығымыз акселерациялық бағдарламаға қатысумен ғана шектелмейді. Жергілікті нарыққа ұзақ мерзімді жоспармен қарап отырмыз және осында тұрақты жұмыс істеуді көздейміз.

«Стартапты $16 млн-ға бағалап, $800 мың инвестиция тартуға дайындалып жатырмыз»

– QVET-тің құрылғылары мен бағдарламалық жасақтамасын әзірлеу үшін қандай команда жинадыңыздар?

Нодар: – Біз барлығы бес адамбыз. Әзірге қомақты табыс таба бастағанша, команданы барынша шағын ұстауға тырысамыз.

– Әзірге табыс болмаса, жобаны қандай қаражатқа дамытып жатырсыздар?

Нодар: – Өз қаражатымыздан шамамен $70 мың салдық. Оның ішінде Грузиядағы такси қызметін сатудан түскен ақша да бар. Бұдан бөлек, гранттар мен акселерациялық бағдарламалардан $80 мың қаржыландыру алдық.

Жалпы, осы уақытқа дейін шамамен $150 мың жұмсадық. Алдағы бір жылда бұдан төрт есе көп қаражат жұмсауды жоспарлап отырмыз.

– Инвестор тартуды жоспарлап отырсыздар ма?

Нодар: – Иә, стартапымызды $16 млн-ға бағалап, $800 мың көлемінде бастапқы инвестиция тартуға дайындалып жатырмыз. Бұл кезеңді келесі жылдың ақпан айының соңына дейін аяқтағымыз келеді.

Қазір Өзбекстандағы венчурлық қорлардың бірімен сөйлесіп жатырмыз. Олар бізге инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Ықтимал келісім алдында компаниямызды тексеру кезеңінен өтіп жатырмыз.

– Стартапты өз қаражатыңызға іске қосып, инвестиция тарту үшін күресу оңай емес. Осы жолда ең қиыны не болды?

Гурам: – Кейде өз ақшаңды салуға, тұрақты жалақыдан бас тартуға тура келеді. Тәуекел де жоғары, өйткені жоба ойдағыдай шықпауы мүмкін. Мұны өз тәжірибемізден білеміз. Бұған дейін қолға алған стартаптарымыздың бәрі бірдей сәтті болған жоқ.

Ең қиыны – сәтсіздіктен кейін тоқтап қалмай, өз жобаңа жұмыс істей беру. Уақыт өте келе сүрінгеннен кейін қайта тұруды үйрендік. Әрбір сәтсіздік жаңа кезеңнің бастамасы болып, басқа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін.

– QVET-ті алда қандай үлкен қадам күтіп тұр?

Нодар: – Ең жақын мақсатымыз – инвестиция тарту кезеңін аяқтау. Сонымен қатар Орталық Еуразиядан тыс нарықтарға шығуды көздеп отырмыз. Осы мақсатта жобамызды Еуропа мен АҚШ-та таныстырып жүрміз. Мысалы, Барселонада өткен Tomorrow.Mobility конгресінде сөз сөйледік.

Алдағы уақытта Балқан түбегіндегі Хорватия мен Сербияда жобамызды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол елдерде серіктестеріміз де бар.

Сонымен қатар АҚШ нарығында мүмкіндігінше тез кеңею үшін Кремний алқабындағы акселерациялық бағдарламаларды қарастырып жатырмыз.