Өзбекстандық стартап кадр іріктеуді жеңілдететін жүйе жасап, $560 мың инвестиция тартты

Аброрбек Шәріпов қаржы саласында 20 жылдан астам еңбек еткен: қарапайым қызметкерден бастап, Ташкенттегі Balton Trading Asia дистрибьюторлық компаниясының қаржы директорына дейін өсті. 2019 жылы өз жобасын қолға алып, кадр іріктеу процесін автоматтандыратын Jobster.hr жүйесін іске қосты. Қазір компанияның Өзбекстан бойынша 70-тен астам клиенті бар.

Digital Business пен Astana Hub бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Аброрбек ірі компаниядағы жұмысын тастап, неге өз бизнесін ашуға бел буғанын, Jobster.hr жобасына жеке қаражатынан қанша ақша салғанын және компания қанша уақыт бойы минусқа жұмыс істегенін айтып берді.

«Демалыс күндері досым екеуміз жертөледе отырып, стартаптың кодын жазатынбыз»

– Аброрбек, стартап құрғанға дейін немен айналыстыңыз?

– Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан Мархамат деген шағын қаладанмын. 2003 жылы Ташкенттегі Әлемдік экономика және дипломатия университетінің «Халықаралық экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бакалавриатын бітірдім. Екі жылдан кейін магистр дәрежесін алдым.

Бакалавриатты аяқтаған соң, Korzinka ірі супермаркеттер желісіне жұмысқа орналастым. Алғашында қойма меңгерушісінің көмекшісі болдым, кейін бухгалтерияда жұмыс істедім. Одан соң қаржы бөліміне ауыстым.

2005 жылы Korzinka желісінің иесі мені өзінің дистрибуциямен айналысатын басқа компаниясы – Balton Trading Asia-ға ауысуға шақырды. Онда қаржы бөлімінің қатардағы қызметкерінен қаржы директорына дейін өстім. Бұл компанияда 2023 жылға дейін жұмыс істедім.

– IT саласына қашан қызыға бастадыңыз?

– 2009 жылы компанияға ERP жүйесін енгізу міндеті маған жүктелді. АҚШ-та жасалған бұлтты Oracle NetSuite жүйесін таңдадым. Жұмыс барысында көптеген қиындыққа тап болдық. Мысалы, ол кезде Өзбекстанда NetSuite жүйесінің жұмыс істеуіне қажетті интернет жылдамдығы, яғни секундына 512 кбит болатын байланыс та жоқ еді. Егер бұл жұмыстың қаншалықты күрделі болатынын алдын ала білсем, келісер ме едім, білмеймін.

Соған қарамастан, істі соңына дейін жеткіздік. Бір жарым жылдан кейін бүкіл компания біртұтас ERP жүйесімен жұмыс істей бастады. Balton Trading Asia-ның көрсеткіштері бірнеше есе өсті. Ал мен өзімнің мықты тұсымды тауып, түрлі процестерді автоматтандырумен айналыса бастадым. Жалпы, оннан астам түрлі шешім әзірледік.

– Бір компанияда ұзақ жыл еңбек етіп, мансап құрдыңыз. Өз жобаңызды бастауға қалай бел будыңыз?

– Jobster.hr жобасының тарихы Balton Trading Asia-да жұмыс істеп жүрген кезімде басталды. 2019 жылы кадр бөлімінің мамандарына кіріп, бір рекрутердің Сарвар есімді маманның түйіндемесін қалың қағаздардың арасынан ұзақ іздеп отырғанын байқадым. Бұл мәселені үміткерлердің электронды базасын жасау арқылы шешуге болады деп ойладым.

Кадр бөлімінің басшысына барып, Telegram-да чат-бот жасауды ұсындым. Ол үміткерлерден қажетті ақпаратты жинап, оны Excel кестесі түрінде ұсынатын еді. Balton Trading Asia көбіне көк жағалы жұмысшыларды іздейтін. Мұндай адамдар түйіндемені сирек жазады әрі жұмыс іздеу сервистерін көп қолданбайды. Ал ол кезде Telegram барлығында дерлік болды.

Кадр бөлімінің басшысы бұл идеяны қолдады. Содан кейін өнімнің алғашқы қарапайым нұсқасын – MVP әзірлеуге кірістім.

– Сонда Jobster.hr компания ішінен құрылған стартап па?

– Жоқ, жобамен негізгі жұмысымнан бос уақытта айналыстым. Демалыс күндері бағдарламашы досым Нұрмұхаммад екеуміз менің үйімнің жертөлесінде отырып, код жазатынбыз. 2019 жылы Өзбекстанда стартаптар экожүйесі енді ғана қалыптасып келе жатқан еді. Біз венчурлық нарықтың ұғымдарымен ойлаған жоқпыз. Жай ғана бағдарлама жазып, бизнестегі нақты бір мәселені шешкіміз келді. 2020 жылы өнім дайын болды. Ал Balton Trading Asia біздің алғашқы клиентіміз атанды.

«Jobster.hr-дің 20 клиенті болғанда жалдамалы жұмыстан кеттім»

– Jobster.hr қазір қандай мәселелерді шешеді?

– Бұл – көп адамды жаппай жұмысқа қабылдауға арналған кадр іріктеу жүйесі. Әдетте компания арнайы сайтқа бос жұмыс орны туралы хабарландыру жарияласа, рекрутерге қоңырау мен хабарлама көптеп түседі. Әр үміткермен сөйлесіп, бір сұраққа қайта-қайта жауап беруге тура келеді. Оның үстіне, кейде жұмыс уақытынан тыс кезде де хабарласады.

Jobster.hr жүйесін пайдаланған кезде компания хабарландыруда рекрутердің байланыс нөмірінің орнына чат-ботқа немесе сауалнамаға сілтеме қалдырады. Үміткер сол сілтеме арқылы жүйеге кіріп, жиі қойылатын сұрақтарға жауап алады және бастапқы іріктеуден өтеді. Жүйе талапқа сай келмейтін үміткерлерді іріктеп алып тастап, ең лайықты кандидаттардың қысқа тізімін жасайды.

Үміткер жұмысқа жарамаса да, оның деректері жүйеде сақталады. Осылайша компанияның өз кандидаттар базасы қалыптасады. Бұдан бөлек, жұмыс беруші толық талдамаға қол жеткізеді: қанша өтінім қаралды, олардың қаншасы талапқа сай және тағы басқа мәліметтерді көре алады. Jobster.hr жүйесін компанияның веб-сайтымен, hh.uz, ishGO.uz платформаларымен, 1C бағдарламасымен, мессенджерлермен және ұйымның басқа да жүйелерімен біріктіруге болады.

Мұның бәрі кадр іріктеуге кететін шығынды орта есеппен 30 пайызға азайтып, қызметкер табу процесін бес есе жылдамдатуға мүмкіндік береді.

– Алғашқы кезде клиенттерді қалай таптыңыздар?

– Balton Trading Asia-дан кейін бізбен тағы бір әріптес ұйым жұмыс істей бастады. Ал үшінші ірі клиентіміз – Safia кондитерлік дүкендер желісін өзім суық қоңырау арқылы таптым. Safia компаниясының басшысы жас, жаңа буын өкілі екенін, бизнеске заманауи көзқараспен қарайтынын байқадым. Оған телефон соғып, қызметіміз туралы айтып, сынап көруді ұсындым. Бір-екі нақтылау сұрағын қойған соң, ол келісімін берді. Сөйтіп, Safia Jobster.hr-мен жұмыс істей бастады.

Одан кейін клиенттер бір-біріне бізді ұсына бастады. Safia сияқты танымал компанияның бізбен жұмыс істеуі жаңа келісімшарттар жасауға көп көмектесті. 2023 жылы Jobster.hr-дің клиенттер саны 20-ға жеткенде, жалдамалы жұмыстан шығып, бар күшімді стартапты дамытуға жұмсадым.

– Қазір Jobster.hr-дің қанша клиенті бар?

– 70-тен астам. Салаларға келсек, бізге көбіне қонақүй, мейрамхана және қоғамдық тамақтану бизнесі (HoReCa), супермаркеттер мен ірі сауда желілері, сондай-ақ қойма және логистика компаниялары қызығушылық танытады. KFC, Uzum Market, Korzinka және нарықтағы басқа да ірі компаниялармен жұмыс істейміз. Дегенмен Jobster.hr-дің екі немесе одан да көп филиалы, 30-дан астам қызметкері бар кез келген бизнеске пайдасы тиеді.

– Қай елдерде жұмыс істейсіздер?

– Бұған дейін Қазақстан мен Тәжікстандағы жекелеген клиенттерді жүйеге қостық. Бірақ әзірге негізгі назарымыз Өзбекстанға бағытталған. Сонымен қатар, көрші елдерде филиалдарын ашып жатқан ірі желілік клиенттеріміздің соңынан еріп, сол нарықтарға да шығып жатырмыз.

«2022 жылға дейін минусқа жұмыс істедік»

– Jobster.hr табысты қалай табады?

– Біз B2B SaaS үлгісімен жұмыс істейміз, яғни қызметімізді жазылым арқылы ұсынамыз. Бағасы жүйені пайдаланатын рекрутерлер мен менеджерлердің санына және таңдалған функцияларға байланысты.

Орта есеппен бір рекрутерге айына шамамен $65, ал менеджерге $5-тен сәл асады.

– Жобадан пайда түсіп жатыр ма?

– 2022 жылға дейін минусқа жұмыс істедік. Қазір Jobster.hr-дің айлық қайталанатын табысы (MRR) – $27 200. Бір клиенттен түсетін орташа табыс – шамамен $400.

– Жобаны дамытуға ақшаны қайдан алдыңыздар?

– Алғашқы жылдары өз қаражатымды салдым. Әуелі $18 мың, кейін тағы $125 мың жұмсадым.

2020 жылы бизнес-періштелерден $60 мың инвестиция тарттық. 2022 жылы MohirDev компаниясынан $150 мың, ал 2024 жылы Aloqa Ventures қорынан тағы $150 мың алдық.

Сондай-ақ 2024 жылы Өзбекстанның Цифрлық технологиялар министрлігі, IT Park Uzbekistan және Plug and Play ұйымдастырған President Tech Award байқауында бірінші орынға ие болдық. «Кәсіпкерлік және қаржы технологиялары» аталымында үздік атанып, $100 мың ұтып алдық. Бұған қоса, Google компаниясынан $100 мың көлемінде грант алдық.

– Биыл ақпан айында Jobster.hr ішінен ishGO.uz атты тағы бір жобаны іске қостыңыздар. Ол қандай қызмет ұсынады?

– Бұл – Өзбекстандағы HR мамандары мен рекрутерлерге арналған бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді біріктіретін платформа. Jobster.hr ірі компанияларға көбірек қолайлы болса, ishGO.uz-ды бос жұмыс орындары жиі ашыла бермейтін шағын кәсіпорындар мен фрилансер рекрутерлер пайдаланады.

ishGO.uz арқылы жұмыс берушілер үміткерлерді бастапқы іріктеуден өткізу үшін Telegram-да чат-бот жасай алады, платформамызға бос жұмыс орындары туралы хабарландыру жариялап, түйіндемелер базасына және басқа да мүмкіндіктерге қол жеткізеді.

«Стартапты студент кезде емес, кем дегенде 30 жастан кейін бастаған дұрыс»

– Jobster.hr жобасын алты жылдан астам уақыт бойы өз күшіңізбен дамыттыңыздар. Алайда 2025 жылы Кремний алқабында акселерациядан өтуге шешім қабылдадыңыздар. Неге?

– Әлемдегі миллиард долларлық бағасы бар стартаптардың басым бөлігі АҚШ-та пайда болады. Сондықтан сол елге барып, оқиғалардың ортасында болып, америкалық стартап индустриясының қалай жұмыс істейтінін өз көзіммен көргім келді. Нәтижесінде AlchemistX – Alchemist Accelerator, Astana Hub, Silkroad Innovation Hub және IT Park Uzbekistan ұйымдастырған бағдарламаға қатыстым. Мен үшін бұл B2B кәсіпкерлігінің өте мықты мектебі әрі пайдалы байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік болды. Бағдарлама ойлау жүйемді жергілікті нарық аясынан шығарып, жаһандық деңгейде ойлауға көмектесті.

– Дүниетанымыңызда не өзгерді?

– Акселератор кезінде біздің әлсіз тұсымызды түсіндім. «Хакер – хипстер – хастлер» тұжырымдамасына сәйкес, стартапты іске қосып, дамыту үшін үш адам қажет: «хакер» өнімді әзірлеумен айналысады, «хипстер» пайдаланушы тәжірибесіне жауап береді, ал «хастлер» сатылымға басымдық береді. Бізге дәл осы соңғы маман жетіспеді. Соның салдарынан шынымен жақсы идеяларымыздың көбі жүзеге аспай қалатын.

Сөйте тұра идея таңдағанда, ауыздан-ауызға тараған ұсыныстар арқылы өздігінен кеңінен танылатын жобаны таңдаған маңызды. Әйтпесе маркетингке қыруар ақша жұмсап, күткен нәтижеге жете алмауың да мүмкін.

Тағы бір көзім жеткені – стартапты студент кезде емес, кем дегенде 30 жастан кейін бастаған дұрыс. Алдымен компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинап, содан кейін ғана өз өніміңді жасаған жөн. Жасанды интеллект дамыған сайын кез келген IT шешімді әзірлеу әлдеқайда жеңілдеді. Қазір бәсекелестік күшейіп келеді. Осындай жағдайда өз саласын терең білетін, тәжірибесі мол фаундердің мүмкіндігі жоғары. Қазір тәжірибесі жоқ жастарға арналған акселераторлар көп. Бірақ меніңше, бұл дұрыс бағыт емес. Ең алдымен тәжірибелі кәсіпкерлерге қолдау көрсету керек. АҚШ-та стартап негізін қалаушылардың орташа жасы 40-45 жас болуы да тегін емес.

– Америка нарығына шығу туралы не айтасыз?

– АҚШ-та болған үш айда жергілікті супермаркеттерді зерттедім. Онда әлі күнге дейін қағаз түйіндемелерді жинап, сол арқылы қызметкер іздейтін дүкендер де, жұмысқа қабылдау процесі толық автоматтандырылған ірі сауда желілері де бар. Алайда Jobster.hr Өзбекстанда жасалды және дамушы елдердің жағдайына бейімделген. Ал АҚШ нарығына шығу үшін мүлде басқа өнім әзірлеу қажет.

Америкаға сапар маған мол тәжірибе беріп, мүмкіндігімді шынайы бағалауға көмектесті. Бұл нарыққа шығу үшін өнімді түбегейлі өзгертіп қана қоймай, компания негізін қалаушының сол елде тұрақты болуы да қажет. Біз Орталық Азиядағы дамушы нарықтарда күшті екенімізді түсіндік. Мұнда қызметкер қабылдау процесін автоматтандыруға сұраныс жоғары. Сондықтан Ташкентке оралып, дәл осы нарықтарда бизнесті кеңейтуге басымдық беруді жөн көрдім.

– Қазір Jobster.hr командасында қанша адам жұмыс істейді?

– Штатымызда барлығы 20 адам бар. Оның бесеуі ishGO.uz жобасында жұмыс істейді. Соған қарамастан, компанияның күнделікті жұмысына әлі де белсенді араласамын. Меніңше, CEO күнделікті процестерден толық шеттеп кетіп, бизнесті сол қалпында сақтап қала алмайды.

– Алдағы екі жылда Jobster.hr-ді қандай деңгейде көресіз?

– Мақсатымыз – экономикасы дамып келе жатқан елдердің нарығында жұмысшы мамандықтарындағы қызметкерлерді жалдау бойынша №1 платформаға айналу. Компания Jobster.hr жүйесіне қосылған кезде мұндай қызметкерлерді жұмысқа қабылдаудың бүкіл процесі автоматтандырылып, басшылар бұл мәселеге бас қатырмаса дейміз.

Мен үшін компанияның жаһандық деңгейге шығуы MRR көлемімен өлшенбейді. Ең маңыздысы – миллиондаған адам менің өнімімді пайдаланып, таныс-тамырға емес, өз қабілетіне сүйеніп жұмыс тапса деймін. Өзбекстанда және басқа да дамушы елдерде «таныс арқылы жұмысқа тұру» деген ұғымның жойылғанын армандаймын.