Solomon жобасын іске қоспас бұрын Султоншо Назаршоев бағдарламалық жасақтама әзірлеумен айналысқан. Қазір ол комплаенс талаптарының орындалуын автоматтандыруға, алаяқтық әрекеттерді бақылауға және қаржылық операцияларды тергеуге арналған ЖИ-платформаны дамытып жатыр. Шешім корпоративтік клиенттерге арналған және платформаны тапсырыс берушінің өз инфрақұрылымына орнату мүмкіндігін қарастырады.
Astana Hub пен Digital Business бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Султоншо бизнес концепциясы қалай өзгергенін, әзірлеушілер платформаны тапсырыс берушінің жабық жүйесіне орнату мүмкіндігін не себепті қарастырғанын және Central Eurasia Market Entry 2026 акселераторына қатысу жобаға қандай мүмкіндік беретінін айтып берді.
«Қаржы ұйымдарына нақты пайда әкелетін шешімдерге басымдық беру маңызды»
– Султоншо, Solomon жобасын іске қоспас бұрын немен айналыстыңыз?
– Solomon-ға дейін бағдарламалық жасақтама әзірлеп, цифрлық өнімдер жасаумен айналыстым. Әртүрлі IT жобаларында жұмыс істедім. Соның арқасында идеядан бастап, оны жүзеге асыруға дейінгі әр кезеңде тәжірибе жинадым.
Бұл тәжірибе маған гипотезаларды жылдам тексеруді, болашақ пайдаланушылармен үнемі сөйлесіп отыруды және нақты қажет болмаса, жүйенің архитектурасын орынсыз күрделендірмеуді үйретті. Ең басты түйгенім – жұмысты әрдайым клиенттің нақты мәселесінен бастау керек. Кез келген әзірлеме түсінікті бір міндетті шешіп, іс жүзінде пайда әкелуі тиіс. Solomon-ды да осы ұстаныммен дамытып жатырмыз.
– Жобаны құру идеясы қалай пайда болды? Сіздер шешетін мәселені анықтау үшін кімдермен сөйлестіңіздер?
– Нарықты жан-жақты зерттеп, қаржы ұйымдарының мамандары күнделікті қандай қиындықтарға тап болатынын байқадық. Сарапшылар әр жерде сақталған деректерді өңдеп, бір-бірімен байланысы жоқ көптеген белгіні салыстырады және тексерулер мен реттеуші органдарға есеп беру үшін қажетті материалдарды қолмен дайындауға мәжбүр. Сондықтан осы қайталанатын жұмыстың бәрін бір ыңғайлы ортаға біріктіріп, оған жасанды интеллектінің заманауи құралдарын қосу идеясы пайда болды.
Банк саласының өкілдерімен және комплаенс мамандарымен терең кастдев-сұхбаттар сериясын өткіздік. Бұл тәсіл жобаның бағытын нақтылауға көмектесті: барлық үдерісті қамтитын күрделі әмбебап жүйе жасауға ұмтылудың орнына, деректерді талдау, алаяқтық әрекеттерді бақылау және қаржылық операцияларды тергеуге арналған арнайы шешімдерге басымдық бердік.
– Банктердегі комплаенс мамандары немен айналысады? Олар күн сайын қандай міндеттерді шешеді және Solomon оларға қалай көмектесе алады?
– Комплаенс мамандары банктің заңнама талаптарын, реттеуші органдардың ережелері мен ішкі қағидаларын сақтауын қадағалайды. Мысалы, клиенттер мен компанияларды тексереді, қаржылық операцияларды талдайды, күмәнді әрекеттер мен алаяқтық схемаларға ықтимал қатысы бар байланыстарды анықтайды.
Мысалы, банк жүйесі әдеттен тыс транзакцияны анықтады делік. Енді маман ақшаны кім жібергенін, оның кімге арналғанын, операцияға қатысушылардың өзара байланысы бар-жоғын және қосымша тексеру жүргізуге негіз бар ма, соны анықтауы керек. Ол үшін әртүрлі дерекқорға жүгініп, операциялардың тарихын зерттейді, санкциялық тізімдерді тексереді және бірнеше дереккөзден алынған ақпаратты салыстырады.
Solomon осы жұмыстың бір бөлігін автоматтандыру үшін әзірленіп жатыр. Платформа клиенттерді тексеру, транзакцияларды бақылау және өзара байланыстарды талдау құралдарын біріктіреді. ЖИ ақпаратты жинап, жүйелеуге, маңызды болуы мүмкін деректерді анықтауға және кейінгі тергеуге қажетті материалдарды дайындауға көмектеседі. Сөйте тұра жүйе заң бұзушылықтың болған-болмағанын өздігінен шешпейді: түпкілікті қорытынды жасап, шешім қабылдау жауапкершілігі банк мамандарының өзінде қалады.
– Қазір Solomon жобасында қандай жұмыстарға басымдық беріп отырсыздар?
– Әзірлеу, өнімді басқару және қаржылық технологиялар саласындағы тәжірибемізді біріктіріп жатырмыз. Жоба өскен сайын қауіпсіздік талаптарын, қолданыстағы жүйелермен интеграция мәселелерін және банк сарапшыларының күнделікті жұмысындағы нақты қажеттіліктерді ескеру үшін тиісті мамандарды тартамыз.
Қазір біз үшін ең маңыздысы – өнімнің сапасы, пайдаланушылардан терең әрі нақты кері байланыс алу және шешіміміздің тиімділігін нақты жұмыс барысында дәлелдеу. Қаржы ұйымдарының деректер қауіпсіздігіне және қолданыстағы жүйелермен интеграцияға қоятын талаптарына ерекше мән береміз. Әсіресе банктер үшін клиенттердің деректері қайда сақталып, қайда өңделетіні және оларға кімнің қол жеткізе алатыны өте маңызды. Сондықтан Solomon платформасын тікелей тапсырыс берушінің өз инфрақұрылымына орнату мүмкіндігін қарастырдық.
«ЖИ талдау жұмысын атқарады, ал түпкілікті шешімді бәрібір адам қабылдайды»
– Қаржы ұйымдары үшін платформаны өз инфрақұрылымына орнату мүмкіндігі қаншалықты маңызды?
– Solomon on-premises сценарийлеріне арналған, яғни бағдарламалық жасақтама тікелей тапсырыс берушінің өз инфрақұрылымына орналастырылады. Қаржы саласы үшін бұл өте маңызды. Өйткені мұндай тәсіл деректерді қорғауға қатысты ішкі талаптар мен қолданыстағы реттеуші нормаларды ескеруге мүмкіндік береді. Дегенмен нақты талаптарға сәйкестік платформаның қалай бапталғанына, тапсырыс берушінің инфрақұрылымына және енгізу шарттарына байланысты.
Платформаның нақты конфигурациясын, жұмыс сценарийлерін және ақпаратты өңдеу тәртібін әрдайым клиентпен бірлесіп анықтаймыз. Біздің басты ұстанымымыз – құпия деректердің келісілген қорғалған ортадан тыс берілуіне жол бермеу немесе мұндай тәуекелді барынша азайту.
– Өнім қандай негізгі бөліктерден тұрады және ол сарапшылардың жұмысына қалай көмектеседі?
– Solomon платформасының негізін аналитикалық компоненттер, дереккөздермен жұмыс істеу мүмкіндіктері және тергеуге көмектесетін ЖИ-модульдер құрайды. Бір терезеде жеке тұлғаларды (KYC), заңды тұлғалар мен бизнесті (KYB) тексеру, қаржылық операцияларды бақылау (KYT) және алаяқтықтың алдын алуға арналған автоматтандырылған бақылау функциялары біріктірілген.
Өнім нормативтік құжаттар базасын, жария лауазымды тұлғалар туралы деректер қорын және халықаралық санкциялық тізімдерді пайдаланады. Күрделі жағдайларды тергеу кезінде сарапшылар әртүрлі дереккөзден алынған ақпаратты қолмен зерттеп, фактілерді салыстырады, операцияға қатысушылардың арасындағы байланысты анықтайды және есеп дайындайды. Solomon осы міндеттердің бір бөлігін автоматтандырып, бастапқы талдауға кететін уақытты қысқартуға арналған. Дегенмен ақпаратты өңдеу жылдамдығы істің күрделілігіне, қолжетімді деректердің көлеміне және платформаның қалай енгізілгеніне байланысты. ЖИ мамандарға талдау жұмысын жүргізуге көмектеседі, ал түпкілікті шешімді адам қабылдайды.
– Әзірлеу барысында Solomon жобасының бастапқы тұжырымдамасы өзгерді ме?
– Иә, жұмыс барысында жобаның бағытын нақтыладық. Бастапқыда банк инфрақұрылымын автоматтандырудың ауқымды бағыттарын қарастырдық. Алайда біртіндеп комплаенс пен тергеуге қажетті талдау құралдарын дамытуға толықтай ден қойдық. Нақты бір салаға мамандану пайдаланушылардың шынайы қажеттіліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Біз банктердің қолданыстағы core-жүйелерін алмастыруға тырыспаймыз. Біздің міндетіміз – оларды ақылды құралдармен үйлесімді толықтыру. Бұл мамандарға қажетті ақпаратты жылдам табуға және күрделі, қалыптан тыс жағдайларды тиімдірек талдауға көмектеседі.
«B2B сегментінде байланыс санына қарағанда, оның сапасы маңызды»
– Өнім қандай компанияларға арналған және қай бағытта әлеуеті жоғары деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, біздің мақсатты клиенттеріміз – банктер, микроқаржы және төлем ұйымдары, сондай-ақ қаржылық операцияларды тексеру мен тәуекелдерді басқаруға жоғары талап қоятын басқа да компаниялар.
Қазақстан нарығына келсек, микроқаржы ұйымдары секторының әлеуеті үлкен екенін көріп отырмыз. Елде 200-ден астам микроқаржы ұйымы тіркелген. Олар цифрлық сервистер арқылы онлайн микрокредитті белсенді беріп келеді және клиенттерді тексеруге қатысты реттеуші талаптарды қатаң сақтауға міндетті.
Тағы бір болашағы зор бағыт – финтех пен телекоммуникация операторларының тоғысқан тұсы. Бұл салада қаржылық өнімдер енді қалыптасып келеді, ал комплаенс талаптарын орындауға қажетті дайын инфрақұрылым әлі жасақталу үстінде.
– Әлеуетті клиенттермен жұмысты қалай ұйымдастырасыздар?
– Біз үшін комплаенс, тәуекелдерді басқару және IT-трансформацияға жауапты командалармен нақты мәселені талқылау маңызды. Әлеуетті клиентпен бірлесіп, шешілуі тиіс мәселені анықтаймыз, пилоттық жобаның форматын талқылаймыз және оның тиімділігін бағалау өлшемдерін алдын ала келісіп аламыз.
Коммерциялық моделіміздің негізін бағдарламалық жасақтамаға лицензия беру, сондай-ақ оны енгізу, қажеттіліктерге сай терең баптау және техникалық қолдау қызметтері құрайды. Қызмет құнын әр клиент үшін жеке есептейміз. Бұл ретте жүйелерді интеграциялау көлемін, таңдалған функцияларды және қауіпсіздік талаптарын ескереміз.
– Клиенттерді қалай тартасыздар және бәсекелестеріңіз кім?
– B2B сегментінде байланыс санына қарағанда, оның сапасы маңызды. Тиісті бөлімдермен тікелей байланыс орнатумен қатар, қаржы секторының инфрақұрылымын жетік білетін жүйелік интеграторлармен, жабдық жеткізушілерімен және кеңесшілермен серіктестікті белсенді дамытып келеміз.
Халықаралық және өңірлік нарықтарда мықты, беделді ойыншылар бар. Біздің міндетіміз – клиенттерге өз инфрақұрылымына орнатуға ыңғайлы архитектураны, кейстерді өңдеу уақытын қысқартатын құралдарды және олардың нақты міндеттеріне бейімделген түсінікті жұмыс үдерістерін ұсыну.
«Бағдарлама жергілікті қаржы ұйымдарының талаптарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді»
– Қазір Astana Hub ұйымдастырған Central Eurasia Market Entry 2026 акселерациялық бағдарламасына қатысып жатырсыздар. Бұл бағдарлама сіздерге не береді?
– Қазақстан – біз үшін стратегиялық маңызы зор әрі өте қарқынды дамып келе жатқан нарық. Бағдарламаға қатысу жергілікті қаржы ұйымдарының талаптарын тереңірек түсінуге, сала мамандарынан кәсіби баға алуға және ұзақ мерзімді серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.
Басты мақсатымыз – тұрақты B2B өнімін қалыптастырып, оның нақты пайдасын іс жүзінде дәлелдеу. Өсу қарқыны мен ресурстар тартуға қатысты барлық шешім клиенттердің қажеттілігіне және расталған сұранысқа негізделуі керек.
– Бағдарламаға қатысу қазіргі кезеңде қандай мүмкіндік беріп отыр?
– Жобаны дамытуға тың серпін алып, Solomon өнімінің нарықтың әр сегментіне қандай пайда әкелетінін нақтырақ тұжырымдадық. Салалық іс-шаралар мен жабық кездесулердің де пайдасы зор. Мысалы, тәжірибелі инвесторлар мен сарапшылар қатысатын тұрақты IT-Tea кездесулерінде қатаң, бірақ сындарлы кері байланыс алуға болады.
Ал Digital Bridge форумы сияқты халықаралық алаңдарға қатысу кредиттік бюролармен, брокерлермен және ірі экожүйелермен байланыс орнатуға көмектеседі. Сала сарапшыларымен тәжірибе алмасу өнімге қатысты болжамдарымызды дәлірек бағалауға және оны одан әрі дамытудың жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді.
– Үш жылдан кейін Solomon қандай деңгейге жетеді деп ойлайсыз?
– Әртүрлі қаржы ұйымдары мен заңнамалық жүйелердің талаптарына оңай бейімделетін сенімді әрі икемді платформа жасауды көздеп отырмыз. Біз үшін көпшілікке арналған даңғаза уәделерден гөрі тұрақты даму, өнімді сапалы енгізу және клиенттердің жоғары сеніміне ие болу маңызды.
Ұзақ мерзімді жоспарда өнімнің мүмкіндіктерін кезең-кезеңімен кеңейтіп, серіктестік интеграциялар ауқымын көбейтуді көздейміз. Бұл ретте деректер қауіпсіздігіне, клиенттерге нақты пайда әкелуге және олардың бизнесі үшін өлшенетін нәтижелерге басымдық беруді жалғастырамыз.