Самир Гадиров 2010 жылдан бері әртүрлі салада жобалар жүргізіп келеді. 2019 жылға қарай қайта өңделген қағаздан өнім шығаратын бизнесі миллион доллар тапқанымен, пандемияға төтеп бере алмады. Енді кәсіпкер Бакуде Park Hub стартапын дамытып жатыр. Бұл сервис арқылы бір абонементпен әртүрлі автотұрақты пайдалануға болады. 2026 жылдың мамырынан бері Park Hub арқылы $40 мыңға абонемент сатылған. Келесі мақсат – Алматы нарығына шығу. Команда мұнда жұмысының алғашқы жылында-ақ шығынсыз деңгейге жетуді көздеп отыр.
Digital Business пен Astana Hub бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Самир жаңа бизнес ашу идеясы қалай туғанын, Park Hub табысты неден табатынын және халықаралық нарыққа шығуды неге Қазақстаннан бастауды ұйғарғанын айтып берді.
«Бакудің орталығында көлік қоятын орын табу қиын – айналып жүресің, айналып жүресің, бірақ бос орын жоқ»
– Самир, кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
– Мектепте оқып жүрген кезімнен-ақ адамдарды біріктіретін жобаларға қызығатынмын. Адамдармен араласқанды, жаңа таныстар тапқанды, түрлі іс-шара ұйымдастырғанды жақсы көремін. 2010 жылы студент кезімде достарыммен бірге Facebook желісінде «Флешмоб-Әзербайжан» тобын құрдым. Көпшілік қатысатын акциялар ұйымдастырдық, ал түсірген бейнероликтеріміз миллиондаған қаралым жинады. Ол кезде Әзербайжанда Facebook қолданушысы небәрі 17 мың адам еді. Соның мыңға жуығы біздің іс-шараларға тұрақты түрде қатысатын. Әскерден келген соң жобадағы өз үлесімді сатып, одан кеттім.
Одан кейін Xtreme Pro – экстремалды демалысты ұнататындарға арналған қауымдастық құрдым. Кәсіби дайындығы жоқ адамдарға арнап суға секіру, виндсерфинг, сноуборд тебу сияқты түрлі шаралар ұйымдастырдық. Бірақ бұл бизнестің маусымға тәуелді екенін түсіндім. Сондықтан жаңа идеялар іздеуді жалғастырдым.
Кейін экологиялық бағыттағы GreenBaku стартапы пайда болды. Қайта өңделген қағаздан компанияларға арналған блокнот, альбом, визитка сияқты түрлі өнім шығардық. Клиенттеріміздің қатарында Әзербайжанның ірі компаниялары болды. 2019 жылға қарай алғашқы миллион доллар таптық. Бірақ пандемия басталып, корпоративтік тапсырыстар тоқтап қалды. Сөйтіп, 2021 жылы жобаны жабуға тура келді. Бұл – менің ең табысты стартапым әрі ең үлкен сәтсіздігім. Өйткені осы бизнесті сата да, ауқымын кеңейте де алмадым.
– Park Hub қалай пайда болды?
– 2022 жылы Әзербайжанның ең ірі банктерінің бірі – PASHA Bank-ке бизнесті дамыту жөніндегі аға маман болып жұмысқа орналастым. Кеңсе Бакудің қақ ортасында еді. Мұнда көптеген компания шоғырланған, мыңдаған адам жұмыс істейді, көлік кептелісі де жиі болады. Ал көлік қоятын орын табу өте қиын. Айналып жүресің, айналып жүресің, бірақ бос орын жоқ. Оның үстіне, тұрақ ақысы тәулігіне кемінде 10 доллар тұрады. Көпшілік үшін бұл қымбат.
Сондықтан досым Орман Сұлтанлымен бірге осы жағдайды өзгертуді ұйғарып, Park Hub стартапын құрдық – бұл қаланың әртүрлі тұрағын бір абонементпен пайдалануға мүмкіндік беретін сервис.
Самир Гадиров және Орман Сұлтанлы (оң жақта): жеке архивтен
PASHA Holding компаниялар тобының жеке инновациялық экожүйесі бар. Қызметкерлер стартап идеяларын ұсына алады, келешегі зор жобаларды компания қаржыландырады. Бізге $20 мың бөлінді. Сол ақшаға қосымшаның алғашқы нұсқасын әзірлеп, негізгі тұрақ жүйелерінің интеграциясы жұмыстарын төледік. Нәтижесінде әртүрлі нысандағы автотұрақтарды басқару жүйелеріне қосыла алатын платформа жасадық. Қазір командамызда 8 адам бар.
Биыл мамырда Бакуде қызмет көрсете бастадық. Сол кезде мен де жұмыстан шығып, бар уақытымды Park Hub-ты дамытуға арнадым.
– Park Hub-тың негізгі идеясы қандай?
– Жүргізуші біздің қосымшамыздан абонемент сатып алады да, жүйемізге қосылған кез келген автотұрақты пайдалана алады. Бұл күн сайын жеке-жеке ақы төлегеннен ыңғайлы әрі арзан.
Қосымшада клиенттер тұрақтардың қай жерде орналасқанын, оларға қалай жетуге болатынын және қанша бос орын бар екенін көре алады. Орынды алдын ала брондауға да болады. Ал бос орын болмаса – оны іздеп уақыт жоғалтпайды.
«Сауда орталықтарындағы тұрақ орындары күндізгі сағат төртке дейін бос тұрады»
– Абонемент қанша тұрады? Оның кәдімгі тұрақ ақысын төлегеннен қандай артықшылығы бар?
– Көлік тұрағына ең көп ақша жұмсайтындар – машинасын жұмыс күні бойы, яғни 9-10 сағатқа қалдыратындар. Бакуде бұл күніне $10-13 тұрады. Ал 20 жұмыс күнін есептесек, $200-260 шығады. Park Hub абонементі бұдан арзан.
Қазір Бакуде бізде үш түрлі тариф бар: $100, $120 және $150. Бірінші тариф кеңсе қызметкерлеріне арналған – оны таңдағандар таңғы сағат сегізден кешкі жетіге дейін тұрақты пайдалана алады. Екінші тариф тәулігіне 16 сағат тұрақтауға мүмкіндік береді, ал үшінші тарифпен автотұрақты тәулік бойы пайдалануға болады.
– Тұрақ иелеріне сіздермен жұмыс істегеннің қандай пайдасы бар?
– Біз оларға үш мүмкіндік ұсынамыз. Біріншісі – абонемент сатуды автоматтандыру. Қазір жүргізуші тұраққа абонемент алғысы келсе, ғимарат әкімшілігіне барып, келісімшарт жасасуы керек. Содан кейін ай сайын төлем төлейді. Осы жұмыстардың бәрін біз өз мойнымызға аламыз.
Екіншісі – қосымша табыс. Тұрақ иелері бос тұратын орындарынан да ақша табады.
Үшіншісі – клиенттердің сенімін арттыру. Біздің платформа арқылы тұрақ иесі жүргізушіге өз тұрағынан орын ұсынып қана қоймай, тұтас тұрақ желісін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл бірнеше фитнес-клубқа бір абонементпен кіру сияқты: бүгін үйіңнің жанындағы клубқа барсаң, ертең жұмысыңның маңындағы клубта жаттыға аласың.
– Тұрақ иелерінің табысын арттыруға көмектесетіндеріңізді айттыңыз. Ол қалай?
– Тұрақтардың қаншалықты бос не толы болатыны тәулік уақытына байланысты. Мысалы, сауда орталықтары мен қонақүйлердің тұрақтарында таңертең бос орын көп болады, ал кешке орын тапшы. Бизнес орталықтарында керісінше: күндіз тұрақтар лық толады, кешке қарай босап қалады.
Біз әртүрлі нысандағы тұрақтарды бір желіге біріктіреміз. Сонда жүргізушілер басқа нысандардағы бос орындарды да пайдалана алады. Мысалы, күндіз бизнес орталығында жұмыс істейтін адам көлігін көрші сауда орталығының тұрағына қоя алады. Ал кешке сауда орталығына келген адам көлігін бизнес орталығының тұрағына қалдырады. Осылайша тұрақ иелері бұрын бос тұратын орындарынан табыс табады.
– Тұрақ иелерінің бәрі бірдей сіздермен жұмыс істеуге дайын ба? Қарсы келгендер болды ма?
– Әркімнің көзқарасы әртүрлі. Әзербайжанда бизнес өкілдері жаңашылдыққа бірден көне қоймайды. Тұрақ иелері бос орындар туралы деректерді ашуға және жеңілдік жасауға қорқады. Сондықтан мұндай жүйенің артықшылығын түсіндіруге тура келеді. Uber нарыққа алғаш шыққанда оған да сенімсіздікпен қарағандар болды. Қазір бұл қызметті көпшілік пайдаланады.
Дегенмен тез келісетіндер де бар. Мысалы, Бакудегі ең ірі сауда орталықтары желісі таңертең бос тұратын орындарын толтыру үшін бізбен бірден жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Олардың 3000 тұрақ орны күндізгі сағат төртке дейін бос тұрады. Ал пайдалану шығыны өзгермейді.
– Қазір қандай қаржылық нәтижеге қол жеткіздіңіздер?
– Қызметті мамыр айында іске қостық. Алты айда айналымымыз шамамен $40 мыңға жетті – айына орта есеппен $6-7 мың.
Біз әртүрлі тұраққа бірдей абонемент ұсынамыз. Сондықтан табысымыз клиенттердің қай нысандарды пайдаланатынына байланысты. Кейбір тұрақтардан шығынға батамыз, ал басқаларынан, керісінше, жақсы табыс табамыз. Тұрақ иелерімен есеп айырысқаннан кейін абонемент сатудан түскен ақшаның орта есеппен 10-15 пайызы бізде қалады.
Қазір Бакуде қызметімізге 8 ғимарат қосылған. Олардың қатарында сауда орталықтары, қонақүйлер және тұрақ кешендері бар. Қосымшаға 1400 адам тіркелген, бірақ олардың бәрі бірдей ақылы абонемент сатып алған жоқ. Сұраныс маусымға қарай да өзгеріп тұрады. Жазда көп адам демалысқа кететіндіктен, тұрақтарға сұраныс азаяды. Бірақ біз мұндай ауытқулар болатынын білеміз.
«Алматыда абонемент айына 22 мың теңгеден басталады»
– Бакуден бастадыңыздар. Енді қай нарықтарға шығуды жоспарлап отырсыздар?
– Еуропа мен Орталық Азия қалаларын қарастырып жатырмыз. Алғашқы қадамды Алматыдан бастауды ұйғардық.
Қазақстан – өңірдегі технологиясы жақсы дамыған нарықтардың бірі. Оның үстіне, мұнда біздің серіктесіміз бар. Ол – тұрақтарды автоматтандыру жүйесін әзірлеген қазақстандық Parqour компаниясы.
Parqour бізге Баку мен Алматыда өзі жұмыс істейтін тұрақтарды пайдалануға жол ашады. Ал біз автоматты шлагбаумы мен көлік нөмірін танитын камералары әлі орнатылмаған ғимараттардың иелеріне олардың шешімдерін ұсынамыз. Екіжақты келісіміміз осындай.
– Алматыда абонемент бағасы қанша болады?
– Үш тарифтік аймақ болады. Жетісу, Түрксіб, Әуезов және Алатау аудандарындағы тұрақтарды пайдалану айына шамамен 22 мың теңге тұрады. Қаланың орталық аудандарындағы тұрақтарға қол жеткізу үшін 33 мың теңге төлеу керек. Ал қаланың жоғарғы бөлігіндегі іскерлік орталықтарды қоса алғанда, бүкіл желіні пайдалану айына 45 мың теңге болады.
Нарыққа оңай шығу үшін бағаларды қолжетімді етіп отырмыз. Бизнес орталықтарының қызметкерлерімен сұхбаттасқанымда, олардың тек жұмыс уақытында көлік қоюға айына 40-50 мың теңге жұмсайтынын білдім. Бұған қаланың басқа жерлеріне барғандағы тұрақ ақысы кірмейді.
Біздің артықшылығымыз – клиент аз ақшаға көбірек мүмкіндік алады. Бір ғана тұраққа арналған абонементтің орнына бірден бірнеше тұрақты пайдалана алады.
– Алматыда қызметті қашан іске қосасыздар?
– Осы айдың соңына дейін, болмаса қарашаның басында іске қосуды көздеп отырмыз. Қосымша дайын – енді оған елді таңдау батырмасын қостық.
Қазір Қазақстаннан серіктес іздеп жүрмін. Жобамызға Алматыны жақсы білетін әрі сол қалада тұрақты тұратын адам керек.
– Қазақстанда қандай қаржылық нәтижеге қол жеткізуді жоспарлап отырсыздар?
– Келесі жылдың соңына дейін Алматыда 600 абонемент сатып, шығынсыз жұмыс істеу деңгейіне жетуді көздеп отырмыз. Біздің өнім цифрлық форматта болғандықтан, өзіміз тұрақ салмаймыз, физикалық инфрақұрылымға да қаржы құймаймыз. Соның арқасында шығынды азайтып, өзін-өзі ақтау деңгейіне тезірек жете аламыз. Одан кейін бизнес пайда әкеле бастайды.
«Қазақстан нарығында компанияның 8 пайыз үлесін беріп, $150 мың инвестиция тартқымыз келеді»
– Қазақстан нарығына шығуға қалай дайындалып жатырсыздар?
– Қазір B2B стартаптарының Қазақстан нарығына шығуына көмектесетін, 12 аптаға созылатын Central Eurasia Market Entry халықаралық акселерациялық бағдарламасына қатысып жатырмыз. Бұл – жергілікті бизнес ортасын тереңірек түсінуге, серіктестермен байланыс орнатуға және қызметімізді іске қосуға дайындалуға жақсы мүмкіндік. Бағдарлама соңында Astana Hub Demo Day өткізеді. Сол жерде қатысушылар өз жобаларын әлеуетті инвесторларға таныстыра алады.
Қазақстандағы жобамыздың 8 пайыз үлесін ұсынып, $150 мың инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Қазақстандағы бизнесіміздің Әзербайжандағы бағыттан түсетін қаражат есебінен емес, өз алдына дербес дамығанын қалаймыз. Инвесторлармен бірнеше кездесу өткіздік. Кейбір қорлар жобамызға қызығушылық танытты.
Сонымен қатар Astana Hub қатысушысы болу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бизнесті дамыту үшін кластер ұсынатын барлық мүмкіндікті – инфрақұрылымды, білім беру бағдарламаларын, сараптамалық қолдауды және технологиялық кәсіпкерлер қауымдастығына қолжетімділікті пайдаланғымыз келеді.
Қазірдің өзінде Astana Hub Қазақстан нарығына шығуға қатысты заңдық мәселелерді шешуге көмектесіп жатыр: компанияны қалай тіркеу, ЖСН мен электрондық цифрлық қолтаңбаны қалай алу керек екенін түсіндіреді.
– Жобаның алдағы жоспары қандай?
– Ірі қалалардың нарығына шығамыз. Алғашқы мақсатымыз – Алматы мен Ташкент, одан кейін Ыстанбұл мен Тбилиси. Сонымен қатар Таяу Шығыс нарықтарын да қарастырып жатырмыз. Қазір Катар, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясындағы акселерациялық бағдарламаларға өтінім беріп жатырмыз.
Жобаны кеңейтуге мүмкіндік мол. Өйткені кез келген ірі қалада көлік қоятын орын іздеу – жүргізушілердің бас ауруы. Біздің стартап қандай да бір үдерісті жылдамдатып немесе цифрлық жүйелердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймайды. Ол адамдар күн сайын бетпе-бет келетін нақты мәселені шешуге көмектеседі.
Әзербайжаннан тыс жердегі алғашқы қадамымызды дәл Алматыдан бастайтынымызға ерекше қуаныштымыз. Қазақстанның бауырлас халқына осындай маңызды қызмет ұсынуға қуаныштымыз және ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатамыз деп үміттенеміз.