Қырғызстан бағдарламашысы информатика сабағының интерактивті платформасын жасап, $415 мың инвестиция тартты
Таалай Жұмабаев Deutsche Bank пен Google компаниясында бағдарламашы болып жұмыс істеген. Ал 2023 жылы корпорациядағы қызметін тастап, білім беру жобаларын дамытуға бет бұрды. Әуелі IT-мамандарға арналған тәлімгерлік академиясын ашқан Таалай кейін LUWO стартапын іске қосты. Бұл – мектептегі информатика сабағына арналған интерактивті платформа. Жобаны жасауға өз қаражатынан $350 мың жұмсап, инвесторлардан тағы $415 мың инвестиция тартты.
Digital Business пен Astana Hub бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Таалай $500 мың жылдық жалақыдан не үшін бас тартқанын, бірнеше айдың ішінде платформаға 100-ден астам мектепті қалай қосқанын және жасанды интеллект дәуірінде балаларға нені үйрету керек екенін айтып берді.
«Google-де жайлы өмір сүруге қажеттінің бәрі болды. Бірақ менің еңбегімнің арқасында не өзгеріп жатқанын көргім келді»
– Таалай, өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Жеке жобаларыңызды қолға алғанға дейінгі мансабыңыз қалай өрбіді?
– Қырғызстанда туып-өстім. 2005 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің математика-механика факультетіне бес жылдық мамандық бағдарламасы бойынша оқуға түстім. 2011 жылы университетті бітірдім. Оқу кезінде Кембридждегі Еуропалық биоинформатика институтында (EMBL-EBI) жазғы тәжірибеден өту үшін екі рет бардым. Одан кейін JetBrains компаниясына жұмысқа орналастым.
2012 жылдың мамырында Deutsche Bank-те жұмыс істеу үшін Санкт-Петербургтен Мәскеуге көшіп бардым. Ол жерде биржалық деректердің орасан зор көлемімен жұмыс істейтін өнімдерді әзірлеу үшін жаңа стратегиялық команда жасақталып жатқан. Дәл сол кезде үлкен жүктемеге төтеп беретін жүйелерге қызығушылығым оянып, кейінгі он жылдан астам уақытымды осы бағытқа арнадым. 2016 жылы Deutsche Bank-тің Нью-Йорктегі кеңсесіне дәл осындай қызметке ауыстым. Онда тағы үш жыл жұмыс істеп, грин-карта алдым.

2019 жылы Google компаниясына ауыстым. Жарнамалық платформаның Ad Manager бөліміндегі Insights & Opportunities командасына қосылдым. Біздің клиенттеріміздің қатарында Spotify, Disney және The New York Times сияқты алпауыттар болды. Ол жерде өңделетін деректер көлемі тәулігіне триллион оқиғаға дейін жететін. Машиналық оқыту арқылы клиенттерге түрлі модельдеу жүргізіп беретінбіз. Мысалы, сайттың белгілі бір жеріне бейнеролик орналастыру жарнамадан түсетін табысты қаншалықты арттыра алатынын есептедік.
– Google-ден неге кеттіңіз?
– Google-де жылына $500 мыңға дейін табатынмын. Медициналық сақтандыруым болды, саяхаттауға мүмкіндік бар, жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігі де мінсіз еді. Қысқасы, жайлы өмір сүруге қажеттінің бәрі болды. Бірақ еңбегімнің арқасында нақты не өзгеріп жатқанын көргім келді.
Instagram-да блог жүргізіп, күнделікті өмірім, жұмысым, жаттығуларым мен саяхаттарым туралы бөлісетінмін. Бір күні оқырмандарымнан: «Сендерге қандай көмегім тиюі мүмкін?» деп сұрадым. Он шақты адам жауап берді. Олармен тәжірибемді бөлісіп, тәлімгер болуымды қалады. Келесі күні-ақ АҚШ-та GrowthHungry Academy компаниясын аштым. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі бағдарламашыларға, тестілеушілерге, DevOps мамандарына, деректерді талдаушылар мен деректер инженерлеріне арналған бір жылдық онлайн бағдарлама ұсындым. Қатысушылар бағдарламалау бойынша мықты базалық білім алды: алгоритмдерді, дискретті математиканы және өнеркәсіптік бағдарламалау қағидаларын меңгерді. Бағдарламаның басқа ұқсас жобалардан басты айырмашылығы – академиядағы барлық тәлімгер Google-де инженер болып жұмыс істейтін.

Үш айдан астам уақыт бойы жобаны Google-дегі жұмысыммен қатар алып жүрдім. 2023 жылдың қыркүйегінде академия негізгі шығындарын өз кірісімен жаба бастаған соң, корпорациядан кеттім.
– Ересек бағдарламашыларға арналған тәлімгерлік академиясынан мектептегі информатика сабағына арналған интерактивті платформа жасау идеясына қалай келдіңіз?
– Бір мәселені байқадым. Тәжірибелі инженер келеді, қомақты ақша төлейді, оған Google-дің үздік тәлімгерлерін бекітеміз. Бірақ біз қайтадан мектеп бағдарламасына ораламыз. Сөйтіп, ересек мамандар мектепте-ақ меңгеруі тиіс білімдегі олқылықтардың орнын толтыру үшін мыңдаған доллар жұмсап, көп уақытын жоғалтады. Ендеше, бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін адамның есейгенін неге күтуіміз керек? Осылайша балаларға арналған жоба идеясы пайда болды. 2025 жылдың қыркүйегінде GrowthHungry академиясына соңғы топты қабылдадық. Содан кейін АҚШ-тан Қырғызстанға оралдым.

Жеке мектептердің директорлары мен құрылтайшыларымен кездесіп, сөйлесе бастадым. Барлығы информатика пәнінің жағдайы нашар екенін айтты. Оқу стандарттары ескірген, білікті мұғалімдер аз, тіпті балаларға сабақта нені үйретіп жатқанын бәрі бірдей түсіне бермейді. Мысалы, бір мұғалім жарты жыл бойы Python тілін оқытып, кейін жұмыстан кетуі мүмкін. Оның орнына оқу жылының ортасында, айталық, тек HTML тілін білетін басқа педагог келеді. Сөйтіп, бағдарлама түгел өзгеріп шыға келеді. Ақырында баланың нені меңгеретіні мектепке қандай мұғалімнің келгеніне байланысты болып қалады.
Бастапқыда өз мектебімді ашқым келді. Тіпті үш танысым оның құрылысына қаржы салуға дайын болды. Бірақ бір мектептің ашылуы басқа оқу орындарындағы жағдайды өзгертпейді. Сол кезде әртүрлі білім беру ұйымдары пайдалана алатын платформа жасау идеясы туды.
«Платформа әзірлеуге $350 мың салдым, инвесторлардан тағы $415 мың тарттым»
– Әлеуметтік желіде платформаны жасауға шамамен 10 ай кеткенін жаздыңыз. Алғашқы нұсқасы қашан дайын болды?
– Платформа әзірлеуді 2025 жылдың желтоқсанында бастадық. Бір бағдарламашыны жұмысқа алдым, ал кодты өзім жаздым. Ұйымдастыру жұмыстарына әйелім көмектесті.

2026 жылдың мамырында «Илим» жекеменшік мектебінде алғашқы сынақтан өткіздік. Пилоттық жоба мектептерге мұндай өнімнің қажет екенін көрсетті. Мектептерде алғаш таныстырған бір аптаның ішінде 1700 оқушыны оқыту жөнінде алдын ала келісімге қол жеткіздік.
– Жобаны әзірлеуге қаражатты қайдан алдыңыз? Өз ақшаңызды салдыңыз ба, әлде инвестиция тарттыңыз ба?
– Бастапқыда жобаны өз қаражатымыз бен GrowthHungry компаниясының ресурстары есебінен қаржыландырдық. 2026 жылдың мамырында жобаны мектептерге сәтті таныстырған соң, кәсіпкер достарыма және Google-де бірге жұмыс істеген инженер таныстарыма стартапқа SAFE келісімі арқылы инвестиция салуды ұсындым. Бұл – инвестордың ақшаны қазір беріп, ал стартаптағы үлесін кейін алатын қаржыландыру түрі. Әдетте үлес келесі инвестициялық раунд кезінде беріледі. Инвесторлардың үлесін есептеу үшін компанияның ең жоғары бағасын $5 млн деп белгіледік. Осылайша алғашқы $195 мың инвестиция тарттық.

2026 жылдың шілдесіне қарай платформаны пайдалануға өтінім берген мектептердегі оқушылар саны 17 мыңға жетті. Кейбір оқу орындары 30 пайызға дейін алдын ала төлем жасады. Осы кезеңде SAFE келісімі бойынша тағы екі мәміле жасадық. Бірақ бұл жолы компанияның бағалау құнына $12 млн шек қойылды. Ташкенттегі CS Angels бизнес-періштелер клубы $100 мың инвестиция салды.
Astana Hub Ventures венчурлық қоры да компанияның 1 пайыздық үлесі үшін $120 мың инвестициялады. Бұл қаржының біз үшін маңызы тек ақшамен шектелмейді. Қазақстан нарығында байланыс орнатуға да мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде жергілікті он шақты мектеп платформамызға қызығушылық танытты. Astana Hub командасы жаңа клиенттер табуға және Қазақстандағы бизнесті кеңейтуге көмектеседі деп үміттенеміз.

Жалпы, өз қаражатымнан шамамен $350 мың салдым, ал инвесторлардан $415 мың тарттық. Қазірге дейін платформаны әзірлеу мен іске қосуға осы қаражаттың шамамен $500 мыңы жұмсалды.
– Қазір стартап қай жерде орналасқан және команда жұмысы қалай ұйымдастырылған?
– Бас компаниямыз АҚШ-тың Делавэр штатында тіркелген. Қырғызстан мен Өзбекстанда екі еншілес құрылымымыз бар. Қазір командамызда 20-дан астам адам жұмыс істейді: 10 бағдарламашы, сату бөлімі, маркетинг мамандары және өзіміздің продакшн-студиямыз бар. Мамандарды әлемнің түкпір-түкпірінен жалдаймыз. Командамызда Беларусь, Грузия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Кипрден келген қызметкерлер бар. Әзірге ешкім бір елге біржола көшіп баруға дайын емес. Бірақ барлығы мұхит жағасында қыстауға қарсы емес. Сондықтан жақында командамыздың он шақты мүшесі көктемге дейін Вьетнамға ұшады. Онда бірге тұрып, үздіксіз хакатон режимінде жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.

«Илон Маск ертең Марсқа зымыран ұшырса, арғы күні бұл оқиға мектеп сабағында айтылады»
– LUWO платформасында сабақ қалай өтеді?
– Мұғалім LUWO платформасын ашса, алдынан оқу мақсаттары, слайдтар, тапсырмалардан құралған дайын сабақ шығады. Әр жолы материалдарды басынан бастап жинаудың қажеті жоқ.
Сабақ кезінде мұғалімнің компьютері тұтас бір басқару орталығына айналады. Мұғалім сол арқылы оқушылардың экранына слайд, интерактивті жаттығулар мен тестерді шығарады. Жүйе нақты уақыт режимінде қай баланың браузердегі басқа қойындыға ауысқанын, қайсысының белгілі бір тапсырмаға келгенде қиналып қалғанын көрсетеді. Оқушы тапсырманы үнсіз орындап отырып, қол көтермеуі мүмкін. Сонда да мұғалім оған көмек қажет екенін байқайды.

– Оқу курстарын кім әзірлейді? Қандай білім беру стандарттарына сүйенесіздер?
– Бағдарламаны компьютерлік ғылымдар саласындағы халықаралық стандарттарға сүйеніп әзірлейміз.
Біз мұны Real-Time Curriculum деп атаймыз. Яғни оқу бағдарламасы цифрлық әлеммен бірге өзгеріп отырады. Мысалы, ертең Илон Маск Марсқа зымыран ұшырса, арғы күні осы оқиғаға қатысты тапсырма мектеп сабағына енгізілуі мүмкін. Қазір болып жатқан оқиғаларды балалармен талқылау үшін оқулықтың келесі басылымын күтудің қажеті жоқ.
Командамызда бұрын информатика пәнінен сабақ берген, қазір оқу материалдарын әзірлеумен айналысатын маман да бар. Сонымен қатар Гарвард пен MIT сарапшыларын қоса алғанда, сыртқы әдіскерлермен үнемі кеңесіп отырамыз.

Әр сабақ тәжірибе жүзінде ондаған тексеруден өтеді. LUWO платформасын пайдаланатын барлық информатика мұғалімімен үнемі байланыстамыз. Олардың пікірлері мен ұсыныстарын ескеріп, өнімді үздіксіз жетілдіреміз. Бұған қоса, оқушылардың платформадағы әрекеттерін жасанды интеллект агенттері талдайды. Соның арқасында команда күн сайын сабақтарға ондаған түзету енгізеді.
– Сіздердің тәсіліңіздің мектептегі дәстүрлі информатика сабағынан немесе балаларға арналған бағдарламалау курстарынан басты айырмашылығы неде?
– Бағдарламалау курстары код жазуды үйретеді. Бірақ он жылдан кейін дәстүрлі бағдарламашыларға сұраныс бола ма деген үлкен сұрақ бар. Біздің мақсатымыз – әр оқушыға цифрлық сауаттылықтың негізін үйретіп, сыни ойлау қабілетін дамыту.
Біріншіден, балаларға қазіргі цифрлық әлемде қауіпсіз өмір сүруді үйретеміз. Мысалы, құпиясөздерді қалай дұрыс сақтау керек, интернеттегі алаяқтар мен дипфейктерді қалай тануға болады, кибербуллингке қалай қарсы тұру керек, цифрлық гигиенаны қалай сақтау қажет және іскерлік хаттарды қалай сауатты жазған жөн деген мәселелерді қамтимыз.
Екіншіден, белгілі бір бағдарламаның батырмаларын жаттатуға емес, түрлі жағдайда қажет болатын әмбебап дағдыларды дамытуға басымдық береміз. Мысалы, электрондық кестелермен жұмыс істеу барысында бала деректерді талдауды, үлкен көлемдегі ақпаратты сүзгіден өткізуді және қалыптан тыс ауытқуларды анықтауды үйренеді.

Үшіншіден, платформамызда бағдарламалау мен алгоритмдер жүйелі ойлауды дамыту құралы ретінде қолданылады. Бала күрделі тапсырманы бірнеше түсінікті қадамға бөлуді меңгереді. Бұл сыни ойлау қабілетін де жетілдіреді. Ал жасанды интеллект дәуірінде мұның маңызы ерекше. Өйткені адамдар нейрондық желі жасаған дүниенің бәріне соқыр сеніп қалуы мүмкін. Болашақта жасанды интеллектінің жауабын саралап, оның ойдан шығарған тұстарын немесе логикалық қателерін байқай алатын адамдар ең бағалы маман болады.
«Мектептер платформаны жетілдіруге көмектеседі, ал біз олар үшін бағаны бес жыл бойы көтермейміз»
– Платформадан табыс табу жүйесі қалай құрылған?
– Бастапқыда мектептерге әдейі символикалық баға ұсындық: бір оқушыға жылына $20. Бұл шамамен өзіндік құнның сомасы. Өзара мынадай келісімге келдік: мектептер платформаны нақты сабақтарда күн сайын сынап, жетілдіруге көмектеседі, ал біз олар үшін осы тарифті бес жыл бойы өзгертпейміз.

– Мектептермен келісімшарт жасасқанда қандай кедергілерге тап боласыздар?
– Мұғалімдер үшін платформаның өз жұмысын қалай өзгертетінін түсіну маңызды. Біреулер платформа өз орнын басады деп қауіптенеді, ал енді біреулерге сабақ өткізу тәсілін өзгерту оңай емес. Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, платформамен екі апта жұмыс істегеннен кейін күмән сейіледі. Мұғалім күнделікті қайталанатын жұмыстарға аз уақыт жұмсап, оқушыларға көбірек көңіл бөле алатынын көреді.
Екінші қиындық – нарыққа өніміміздің қандай форматта екенін басынан бастап түсіндіруге тура келеді. Мектептер жеке Python курсын немесе баға қоюға арналған электрондық күнделікті сатып алуға үйренген. Ал сабақты өткізуге арналған бірыңғай интерактивті басқару орталығының мүмкіндіктерін түсіну үшін оны іс жүзінде көрсетіп беру керек.
– Қазір LUWO платформасына қанша мектеп қосылды?
– Қазір Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және Тәжікстандағы 100-ден астам мектеп платформамызды пайдаланып отыр. 26 мың оқушыны оқытуға келісімшарттар жасалды, компанияның есепшотына $140 мың түсті. Көптеген мектеп қыркүйекте жүйені сынап көру үшін бастапқыда 5-30 пайыз көлемінде алдын ала төлем жасаған. Қазір қалған соманы аударып жатыр.

Сыныптар тізімі күн сайын түсіп жатыр. Кейбір мектептерде жөндеу жұмыстары созылып кетті, енді біреулері қосымша компьютер сатып алып жатыр. Күнтізбелік жылдың соңына дейін кемінде 30 мың баланы платформаға қосуды, шамамен $500 мың табыс табуды және операциялық шығындарды кіріспен толық жабуды көздеп отырмыз.
Алдымызға қойған өршіл мақсатымыз – 50 мың оқушыға жету. Қалай болғанда да, инвестицияның жұмсалмай қалған бөлігі бар. Сондықтан жоба қаржылық тұрғыдан тұрақты.
– Алдағы екі жылда LUWO қандай стратегиялық мақсаттарды көздеп отыр?
– Келесі оқу жылында Қазақстан нарығына кең көлемде шығуға дайындалып жатырмыз. Ал басты мақсатымыз – платформаның Орталық Азиядан тыс елдерде де сұранысқа ие екенін дәлелдеу. Қараша айында Вьетнамдағы мектептермен кездесулер өткізіп, Сингапурға зерттеу сапарына баруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Мьянма, Камбоджа, Әзербайжан, Грузия және Сербиядағы оқу орындарымен келіссөздер жүріп жатыр. Таиланд, Малайзия және Индонезия нарықтарын да зерттеп жатырмыз. Қыста Таяу Шығыс елдеріндегі мектептердің жұмысымен танысуға, ал көктемде Латын Америкасына баруға ниеттімін.

Осы оқу жылындағы басты міндетіміз – платформаны сабақтарда сынақтан өткізіп, оқыту нәтижелерін өлшеу. Кемінде 10 елдің нарығына шығып, жылдық табысты $1 млн-нан асырған кезде жаһандық қорлардан толыққанды seed-кезеңіндегі инвестиция тарту мәселесін қарастырамыз.