19 жастағы өзбекстандық емтиханға дайындайтын AI-стартап құрып, $380 мың тартты

Freedom Freedom О редакции О редакции Добавить в источники Google Добавить в источники Google
Дата публикации: 13.10.2026, 13:09
2026-10-13T13:09:12+05:00
19 жастағы өзбекстандық емтиханға дайындайтын AI-стартап құрып, $380 мың тартты

Асилбек Ашуров, кофаундер Makon AI

Асилбек Ашуров 16 жасында SAT емтиханына дайындайтын бизнес бастады. Қазір 19 жастағы кәсіпкер серіктестерімен бірге оқушыларға жеке оқу жоспарын құрып, үлгерімін бақылауға және өздігінен дайындалуға көмектесетін Makon AI стартапын дамытып жатыр. Платформада 50 мыңнан астам қолданушы тіркелген. Компания осы уақытқа дейін $380 мың инвестиция тартты.

Digital Business пен Astana Hub бірлесіп жүргізіп жатқан «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Асилбек өнімді оқушылар арасында қалай насихаттағанын, не үшін University of Chicago-да академиялық демалыс алғанын және неліктен өнімді алдымен АҚШ нарығына арнап жасап жатқанын айтып берді.

«Жоба басталғанына бірнеше апта болғанда, ай сайынғы табысымыз шамамен $5 мың болды»

– Өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Қай жерде өстіңіз? Стартапты құрғанға дейін немен айналыстыңыз?

– Гүлістанда өстім. Бұл – Ташкенттен шамамен 120 шақырым жердегі Өзбекстанның шағын қаласы. Кейін елдегі ең мықты мектептердің бірі саналатын Президент мектебінде оқыдым.

Мектепте жақсы оқыдым, сыныптағы үздік оқушылардың бірі болдым. Сыныптастарымның көбі мен сияқты SAT-қа дайындалды. Бұл – нәтижесі АҚШ университеттеріне түсу кезінде ескерілетін стандартталған емтихан.

Сол кезде SAT цифрлық форматқа енді ғана көшкен еді.

Асилбек Ашуров, Makon AI кофаундері

Фото: Yuz.uz

Камолиддин Яхшиликов екеуіміз мұны мүмкіндік деп көрдік. Емтиханға дайындыққа сұраныс артып келе жатқан, ал қажетті оқу материалдары мен түсінікті нұсқаулар аз еді. Сондықтан 2024 жылдың жазында SAT Makon деп аталатын халықаралық тестілерге дайындайтын курс бастадық.

– Алғашқы оқушыларды қайдан таптыңыздар?

– Негізгі қолданған арнамыз Telegram болды. Өзім оқушылар араласатын түрлі қауымдастықтар мен арналарға белсенді қатыстым. Өзіміздің де топтарымыз болды. Сондықтан алғашқы қолданушыларды тез жинай алдық.

Команданың жас болғаны да көмектесті, шешім қабылдаудан қорықпайтынбыз әрі өзгерістерге тез бейімделе алдық. Біз жай ғана мүмкіндікті көріп, оны пайдаландық. Негізі, нарыққа дәл керек уақытта шықтық. Жоба басталғанына бірнеше апта болғанда, ай сайынғы табысымыз шамамен $5 мың болды. Бір жылдан кейін нарықта 3-4 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компаниялармен бәсекелесе бастадық. Қазір SAT Makon-да 24 елден мыңдаған оқушы білім алып жатыр.

Сооснователи Makon AI: Камолиддин Яхшиликов, Асилбек Ашуров и Асадбек Ноибжонов.

– Бизнесті мектеп оқушысы кезіңізде бастадыңыз. Одан кейін оқу қалай болды?

– University of Chicago-ға түсіп, бірінші курсты аяқтадым. Бірақ биыл күзден бастап кемінде бір жылға академиялық демалыс алдым. Сол уақытқа дейін АҚШ-та жаңа жобамыз – Makon AI стартапын іске қосып үлгердік. Сондықтан оның дамуына толық көңіл бөлемін деп шештім. Компаниядағы негізгі процестер жолға қойылғанына көзім жеткенде оқуыма қайта оралуды жоспарлап отырмын.

Білім беру бағытындағы бизнесіміз – SAT Makon біз жалдаған командамен жұмысын жалғастырып жатыр. Ал біз, яғни кофаундерлер, негізінен Makon AI-ға көңіл бөліп отырмыз. Өйткені бұл жобаның өсу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары деп есептейміз.

«Ештеңе өзгертпесек, уақыт өте келе мыңдаған оқытушы жалдауға тура келер еді»

– SAT Makon сәтті жұмыс істеп тұрғанда, неге жаңа жобаны бастаймыз деп шештіңіздер? Бұрынғы модельде не жетіспеді?

– Бұрынғы модель бизнесті жаһандық деңгейде кеңейтуге қолайсыз екенін түсіндік. Ештеңе өзгертпесек, уақыт өте келе жүздеген, тіпті мыңдаған оқытушы жалдауға тура келер еді. Команда үлкейген сайын мұғалімдерді іріктеу мен бейімдеу сапасын, сабақтардың және оқушыларға берілетін кері байланыстың деңгейін бір қалыпта ұстау қиындай түсер еді.

Makon AI кофаундерлері: Камолиддин Яхшиликов, Асилбек Ашуров және Асадбек Ноибжонов

Makon AI кофаундерлері

Жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан тұста бұл мәселені технология арқылы шешуге болатынын көрдік. Осылайша оқушыға өздігінен дайындалуға көмектесетін, оның үлгерімін талдап, оқу жоспарын әр қолданушыға бейімдейтін жеке AI-өнім жасау идеясы пайда болды.

Makon AI-ды 2025 жылдың қазан айының соңы мен қараша айының басында іске қостық.

Сөйте тұра SAT Makon жеке бизнес ретінде жұмысын жалғастырып жатыр, бұрынғыдай оқу орталықтарымыз және онлайн бағытымыз бар. Сондықтан Makon AI-дың іске қосылуын классикалық мағынадағы пивот деп айтуға болмайды. Бұл – білім беру саласындағы тәжірибеміздің негізінде пайда болған жеке жоба.

– Сервис қалай жұмыс істейді?

– Қазір платформа АҚШ-тағы SAT және ACT мектеп бітіру емтихандарына дайындалуға көмектеседі. Алдымен қолданушы шамамен 15 сұрақтан тұратын бастапқы сауалнамадан өтеді. Онда оның қазіргі білім деңгейі, оқу мақсаты, өзіне ыңғайлы формат, сабаққа бөле алатын уақыты және басқа да параметрлер сұралады.

19 жастағы өзбекстандық емтиханға дайындайтын AI-стартап құрып, $380 мың тартты — изображение 4

Осы жауаптардың негізінде жүйе әр қолданушыға жеке оқу жоспарын құрып, тапсырмаларды өзі таңдаған күндерге бөліп береді. Қолданушының жеке аналитикалық панелі бар, онда өз нәтижелерін көре алады. Бұдан бөлек, оқушы қателерімен арнайы бөлімде жұмыс істеп, AI-оқытушыдан кеңес пен түсіндірме ала алады.

– AI-оқытушы не істей алады?

– SAT-тың нақты сұрақтарына арналған бейнеталдау мен бейнетүсіндірме жасай алады. Сондай-ақ тапсырмаларды орындау кезінде оқушыға көмектеседі: жүйе платформадағы әр сұрақтың контекстін біледі және бірден кеңес немесе түсіндірме бере алады.

– Makon AI-дың ішкі жүйесі қалай жұмыс істейді? Қандай модельдерді қолданасыздар: дайын шешімдер ме, әлде өздеріңіз жасаған модельдер ме?

– Дайын модельдерді API арқылы қолданамыз, ал олардың негізінде өз жүйемізді құрып жатырмыз.

Біздің негізгі әзірлемеміз – жекелендіру қабаты. Оқушының қазіргі білім деңгейі, мақсаты, сабақ кестесі, нәтижелері мен жіберген қателері туралы деректерді жинаймыз. Соған сүйене отырып, алгоритм оқу жоспарын құрады және дайындық барысына қарай оны үнемі түзетіп отырады. Мысалы, оқушы тапсырманың белгілі бір түрінен қайта-қайта қателессе, алгоритм сол тақырыпқа көбірек көңіл бөлуі мүмкін.

«Оқушылар 3 айда SAT нәтижесін орта есеппен 150 балға жақсартады»

– ЖИ-дың қате түсіндірме немесе қате жауап беру қаупін қалай азайтасыздар?

– Жүйені бірнеше рет сынақтан өткіздік. Нәтижесінде дәлдігі өте жоғары екенін көріп отырмыз. Сондықтан қате түсіндірме немесе қате жауап беру ықтималдығы айтарлықтай төмен.

Makon AI кофаундерлері: Камолиддин Яхшиликов, Асилбек Ашуров және компания CTO-сы Асадбек Ноибжонов

– Базаларыңызда 5 мыңға жуық сұрақ бар екен. Олар қайдан алынады?

– Дереккөздері әртүрлі. Бір бөлігі емтихан өткізетін және тапсырмаларды пайдалануға рұқсат беретін ұйымдар жариялаған ресми сұрақтар. Қалған бөлігін біздің команда дайындайды.

– Makon AI қаншалықты тиімді? Оқушылар қандай нәтиже көрсетіп жатыр?

– Біздің деректеріміз бойынша, оқушылар 3 айдың ішінде SAT нәтижесін орта есеппен 150 балға жақсартады. Мұны дайындық басталғанға дейінгі және дайындықтан кейінгі көрсеткіштерді салыстыру арқылы анықтадық.

– Оқушыларыңыз қай елдерден? Олардың саны қанша?

– Негізінен АҚШ-тағы жоғары сынып оқушылары. Барлығы 50 мыңнан астам қолданушы тіркелген, оның шамамен 500-і ақылы жазылымды пайдаланады.

– Неліктен Makon AI-дың негізгі нарығы ретінде АҚШ-ты таңдадыңыздар?

– Бастапқыда өнімді SAT және ACT емтихандарына дайындыққа бағыттап жасадық. Сондықтан АҚШ біз үшін ең табиғи нарық болды. Бұл емтихандарды тапсыратындардың негізгі бөлігі де, әлеуетті қолданушылар да сонда көбірек. Сол себепті әуел бастан өнімді ең алдымен америкалық оқушыларға бейімдеуге тырыстық.

Сонда да Өзбекстанмен және Орталық Азиямен байланысты үзген жоқпыз. Мысалы, 2026 жылғы 30 маусымда, Жастар күнінде, жастар жобалары көрмесінде Makon AI-ды Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевке таныстырдым.

Асилбек Ашуров Makon AI жобасын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевке таныстырып жатыр

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

«Алғашқы 2 айда MRR шамамен $12 мыңға жетті»

– Командада әуел бастан кімдер болды және қазір сіздермен қанша маман жұмыс істейді?

– Алғаш бизнесті бастағанда менің бір ғана кофаундерім болды, ол – Камолиддин Яхшиликов. Сол кезде оның SAT-қа дайындық саласында жұмыс істеп жүргеніне төрт жылдан асқан еді, оның ішінде оқытушы болып та жұмыс істеді. Нарықты және оқушылардың қажеттілігін жақсы түсінетін адамның командада болғаны біз үшін маңызды еді.

IT-стартапты дамыта бастағанда мықты техникалық маман қажет болды. Осылайша командаға Асадбек Ноибжонов қосылды. Ол Makon AI-дың кофаундері әрі CTO-сы болды.

Командамыз шағын, сондықтан негізгі жұмыстың бәрін үшеуіміз атқарамыз: өніммен, маркетингпен және күнделікті операциялық жұмыстармен өзіміз айналысамыз. Стартапқа толық уақыт жұмыс істейміз, күніне қалыпты 8 сағаттан әлдеқайда көп уақыт жұмсаймыз. Бірнеше айға созылатын жекелеген жобаларға сырттан мердігерлер тартамыз.

Командада емтихандардан ең жоғары балл жинаған және осы емтихандарға дайындаумен көп жыл айналысқан сарапшылар да бар.

Асилбек Ашуров, Makon AI кофаундері

– Makon AI қалай ақша табады?

– Жазылым үлгісімен жұмыс істейміз. Әртүрлі елдерде жазылым құны айына $39-дан $59-ға дейін.

– Стартап алғаш рет қашан табыс әкеле бастады?

– Өнім нарыққа шыққаннан кейін шамамен 10 күн өткен соң тұрақты табыс түсе бастады.

Алдымен өнім туралы таныстарымызға, достарымызға және туыстарымызға айттық. Кейін маркетингке кірістік: UGC-кампаниялар іске қосып, аудиторияны көбейтуге арналған түрлі құралдарды қолдандық.

Жоба бастапқы кезеңде өте жылдам өсті. Алғашқы екі айда MRR шамамен $12 мыңға жетті.

– Білуімше, B2B бағытын да дамытып жатырсыздар?

– Иә, америкалық мектептермен жұмыс істей бастадық. Қазір екі B2B серіктестігіміз жұмыс істеп тұр, тағы бірнеше білім беру ұйымы жүйеге қосылу кезеңінде.

Әзірге бұл шағын бағыт: B2B-дан айына бірнеше мың доллар түседі. Қазір бұл сегментпен жұмыс істеуді үйреніп жатырмыз – өнімнің қалай қолданылатынын, клиенттердің қандай мәселелерге тап болатынын зерттеп, кері байланыс жинаймыз.

«Пало-Альтода бірнеше ай болып, ауқымдырақ ойлай бастадық»

– Бастапқыда қанша қаржы салдыңыздар?

– SAT Makon-ды ашқан кезде көп қаржы жұмсаған жоқпыз. Негізгі инвестициямыз – өз уақытымыз болды.

– Ал стартапқа инвестиция тарту қалай жүрді?

– Барлығы шамамен $380 мың инвестиция тарттық. Оның ішінде бизнес-періштелерден алынған алғашқы инвестициялар және 2026 жылғы маусымда IT Park Ventures, Yoshlar Ventures және AloqaVentures қорларымен жапқан $300 мыңдық раунд бар.

– Инвестициялық раунд қалай өтті?

– Венчурлық қорлармен ерте көктемде сөйлесе бастадық. Ол кезде әлі университетте оқып жүрдім және инвестиция тарту жұмыстарын негізінен өзім жүргіздім. Due diligence кезеңінен өттік, қажетті құжаттарды дайындадық, қосымша сұрақтарға жауап бердік және инвесторлармен үнемі байланыста болдық. Раундты шамамен 3 айда жаба алдық.

Makon AI кофаундерлері: Камолиддин Яхшиликов, Асилбек Ашуров және Асадбек Ноибжонов

– Инвестициядан бөлек, жобаны дамыту үшін тағы қандай қолдау алдыңыздар?

– Alchemist Silkroad – Silicon Valley Residency бағдарламасына қатыстық. Бұл – Astana Hub-тың IT Park Uzbekistan, Silkroad Innovation Hub және Alchemist ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асыратын акселерациялық бағдарламасы. Калифорниядағы Пало-Альтода бірнеше ай болдық. Бұл бізге америкалық нарықты тереңірек зерттеуге мүмкіндік берді.

Сол уақыт ішінде ойлау тәсіліміз де өзгерді, ауқымдырақ ойлай бастадық. Ең құндысы деп Кремний алқабындағы ортаны айтар едім. Басқа кәсіпкерлермен, инвесторлармен және сарапшылармен бірге болуға мүмкіндік туды.

– 2-3 жылдан кейін Makon AI-ды қандай деңгейде көргіңіз келеді? Неге басымдық бермекшісіздер?

– Қазір жоғары сынып оқушыларына арналған өнімді дамытуға басымдық беріп отырмыз. Халықаралық емтихандарға дайындықты барынша түсінікті, әр оқушыға бейімделген және қолжетімді еткіміз келеді. Болашақта білім берудің басқа бағыттарына да шығуымыз мүмкін, бірақ әзірге бұл біздің жақын күндегі жоспарымызда жоқ.