Абдулло Хидоятов пен Азизбек Баходиров Өзбекстанда бірнеше жыл бойы Udevs аутсорсинг компаниясын дамытты. Кейін Ucode платформасын іске қосты. Ол жасанды интеллект көмегімен қосымшалардың бэкендін құруға және өзгертуге мүмкіндік береді. Жобаға Udevs компаниясының табысынан шамамен $300 мың жұмсалған. Қазір сервистің 30-ға жуық корпоративтік клиенті бар. Ал ай сайынғы тұрақты табысы, MRR – $5 мың.
Digital Business пен Astana Hub-тың «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» бірлескен жобасы үшін Абдулло Хидоятов өнімді жаппай нарыққа шығаруға неге бірнеше жыл бойы батылы жетпегенін және Кремний алқабына барғаннан кейін не өзгергенін айтып берді. Сондай-ақ команданың АҚШ нарығына шығуы және Үндістан мен Пәкістанда ауқымды кеңейту жоспарлары туралы әңгімелестік.
«Бір бөлшекті ауыстыру үшін бір жарым жылдық еңбекті қоқысқа тастауға тура келетін еді»
– Абдулло, стартап құрғанға дейін немен айналыстыңыз?
– Шамамен 8 жыл түрлі жобаларда әзірлеуші болып жұмыс істедім. Мысалы, Ташкенттегі MyTaxi онлайн такси шақыру сервисінде 5 жыл еңбек еттім. Қарапайым бағдарламашыдан тимлидке, кейін CTO мен CEO қызметтеріне дейін өстім.
2020 жылы Азизбек Баходировпен бірге Udevs аутсорсинг компаниясын аштық. Сайттар мен қосымшалар жасауға тапсырыс ала бастадық. Шамамен жүзінші жобамызға келгенде уақытымыздың көп бөлігін әзірлеуге емес, дайын жүйелерді қолдауға жұмсайтынымызды түсіндік. Өйткені үнемі бір нәрсені өзгертіп, жаңартып отыруға тура келеді.
– Ucode идеясы қалай пайда болды?
– Екі жобаны, былайша айтқанда, бүлдіріп алғаннан кейін бұл идея пайда болды. Ташкенттегі Sofia деп аталатын ірі кондитерлік өнімдер желісі клиенттеріміздің бірі болды. Қазір компанияның 150-ге жуық филиалы және 4 мыңнан астам қызметкері бар. 2023 жылы олар бізге бүкіл желідегі қызметкермен жұмыс істеуді автоматтандыратын HRMS жүйесін әзірлеуге тапсырыс берді. Оны жасауға шамамен бір жарым жыл жұмсадық. Осы уақыт ішінде бизнестің өзі өзгерді. Қызметкерлерді бүкіл компанияға емес, нақты филиалдарға бекіту қажет болды. Осындай кішкентай ғана өзгеріс үшін бір жарым жылдық жұмысты қоқысқа тастап, кодты басынан бастап қайта жазуға тура келетін еді. Сондықтан жобаны аяқтаудан бас тартуға мәжбүр болдық.
Екінші фейл жергілікті клиниканың бірнеше филиалына арналған жүйені әзірлеп жатқан кезде болды. Дәрігерлерге оны пайдалану ыңғайсыз екені анықталды. Интерфейсті қайта жасауға тым көп уақыт кететін. Клиент қосымша ақша төлегісі келмеді, ал біз тегін қайта жасап бере алмадық.
Сонда үлкен жобаларды әзірлегенде бағдарламашылар үшін ең қиын әрі ең ауыр мәселе – архитектуралық өзгерістер енгізу, яғни дайын жүйенің логикасы мен құрылымын өзгерту екені анық болды. Осыдан кейін Ucode платформасын іске қосуды шештік.
– Ucode қалай жұмыс істейді және ол пайдаланушыға нақты не жасауға мүмкіндік береді?
– Бастапқыда Ucode-ты өзіміз үшін жасадық. Негізгі мақсаты – әр жаңа сайт немесе қосымша үшін бэкендті нөлден бастап жасамай, кейін оны қайта өзгертуге көп уақыт жұмсамау.
Ucode ішінде әдетте әзірлеуші бөлек-бөлек баптауға мәжбүр болатын негізгі компоненттер дайын тұр: авторизация, қолжетімділік құқықтары, деректер базасы, API, бэкенд функциялары және басқа құралдар.
– Ucode-ты әзірлеуге қашан кірістіңіздер және жұмыс істейтін нұсқасын жасауға қанша уақыт кетті?
– Жұмысты шамамен 2024 жылы бастадық. Алты айдан кейін MVP дайын болды. Сынақ үшін сайт барлық достарымыз бен таныстарымызға қолжетімді болды. Сол кезде қателер шыға бастады.
Жүйе кейде сұранысты дұрыс өңдемей, пайдаланушыға «500 қатесін» көрсететін. Бұған қоса, үлкен жүктемеге төтеп бере алмады. Кейін тағы бір мәселе – интерфейс шықты. Мен бағдарламашы ретінде кестені немесе жаңа жолды қай жерге қосу керегін түсінетінмін. Ал кейін жасалған жүйемен жұмыс істейтін компания қызметкерлеріне, мысалы, қаржыгерлер мен әкімшілерге, интерфейсті түсіну қиын болды. Сондықтан UX-ті де бөлек қайта жасауға тура келді.
Қателерді біртіндеп түзетіп отырдық. Шамамен бір жылдан кейін Ucode сатуға болатындай тұрақты жүйеге айналды.
«Адамдарға функциясы шамадан тыс көп өнім емес, мәселені шешетін дайын құрал керек»
– Алғашқы кезеңде Ucode-ты кімдер пайдаланды?
– Басында платформаны өзіміз қолдандық. 2025 жылдың басынан бері Ucode көмегімен Udevs үшін шамамен бес жоба жасадық. Мысалы, бір CRM жүйесін шамамен екі аптада құрастырдық. Соған қарамастан платформаны жаппай іске қосу әлі алыс арман сияқты көрінді. Оған жетуге әлі көп уақыт бар деп ойладық.
– Неге олай ойладыңыздар?
– Өнімді мінсіз деп санамадым. Үнемі жаңа функциялар қосып, бұрынғыларын жақсартқым келетін. Бұл 2025 жылдың қыркүйегіне дейін жалғасты. Сол кезде Astana Hub Silkroad Innovation Hub, IT Park Uzbekistan және Alchemist Accelerator-мен бірлесіп өткізген Silicon Valley Residency бағдарламасының қатысушысы ретінде АҚШ-қа бардым. Бағдарлама B2B стартаптарды АҚШ нарығына шығаруға бағытталды: қатысушылар менторлармен бірге сату стратегиясын әзірледі, инвесторлармен танысты, салалық іс-шараларға қатысты және финалдық Demo Day-де жобаларын таныстыруға дайындалды.
Үш ай бойы инвесторлармен, басқа стартаптармен сөйлесіп, америкалық нарықты зерттедім. Меніңше, әлі шикі болып көрінетін жобалардың өзіне $100 мың және одан да көп инвестиция тартылып жатқанын көрдім. Сонда ең бастысы – идеяны дұрыс ұсына білу және айтқан сөзіңе жауап бере алу екенін түсіндім.
Мінсіз сәтті күтіп, уақытты босқа өткізіп жүргенімді түсіндім. Егер өткенге қайта орала алсам, ең алдымен сатуды бастар едім. Минималды MVP жасап, «алдымен ақша төлеңіздер, қалғанын кейін жетілдіреміз» дер едім.
Желтоқсанда Ташкентке оралған соң, серіктесім екеуіміз қайтадан код жазуға отырдық.
– Ucode-ты қалай өзгертемін деп шештіңіздер?
– Адамдарға функциясы шамадан тыс көп өнімнің қажеті жоқ екен. Оларға өз мәселесін шешетін дайын құрал керек. 2-3 апта ішінде Ucode-қа пайдаланушыларға бағдарлануды жеңілдету үшін дайын үлгілер жасадық: CRM, HRMS, Task Manager және қаржылық құралдар. 2026 жылдың басында пайдаланушылар саны өсе бастағанда, AI көмекшісін қосуды шештік.
«Бір жобаны генерациялауға кететін шығын $1800-ге дейін жетті»
– Ucode-қа AI-ды қалай енгіздіңіздер?
– Жасанды интеллектті баптауға шамамен 3 ай жұмсадық. Осы уақыт ішінде бірнеше мәселеге тап болдық. Соның бірі – токенге кететін шығын. Егер барлық тапсырмаға бір қуатты модельді қолдансаң, шығын тым жоғары болып кетеді. Бір жобада тек токендердің өзіне шамамен $1,8 мың жұмсағанымыз есімде.
Сондықтан тапсырмаларды бірнеше модельге бөліп беруді шештік. Күрделі жоспарлау мен архитектураны Claude-қа тапсырдық. Ал қарапайымдау міндеттер үшін басқа, арзанырақ модельдерді, соның ішінде GPT-5 пен Gemini-ді пайдалана бастадық. Осылайша шығынды азайттық.
Бірақ басқа мәселе пайда болды: әртүрлі модельдер бір-біріне жад пен контексті бере алмады. Жаңа AI-ға ауысқан кезде оның жобада бұған дейін не болғанын және оған дейін қандай шешімдер қабылданғанын түсінуін қамтамасыз ету керек болды. Сондықтан әр өзгерісті құжаттап отыра бастадық. Жобаның дизайнын, қолданылатын технологияларды және бұзуға болмайтын ережелер – гайдлайндарды бөлек жаздық. Жаңа модельге ауысқан кезде ол алдымен осы құжаттамамен танысып, содан кейін ғана жұмысты жалғастырады.
Тағы бір мәселе AI нақты бір нарыққа сәйкес келмейтін шешім ұсынған кезде туындайтын. Мысалы, Өзбекстандағы жобалардың бірінде нейрожелі Stripe жүйесін қосуды ұсынды. Бірақ бұл сервис өзбекстандық компаниялардан төлем қабылдауды қолдамайды. Осыдан кейін әр өңірге арналған жеке шектеулер мен ұсыныстарды жазып қоятын болдық.
– AI көмекшісі пайдаланушы үшін не істей алады?
– Адам өзіне керек тапсырманы қарапайым сөздермен сипаттай алады. Ал AI көмекшісі оны өзі техникалық тілге аударып, қажетті құрылымды құрастырады. MVP-ді шамамен 15-20 минутта жасауға болады. Бірақ ол әлі толық дайын өнім емес, кейін оны әрі қарай жетілдіруге болады. Бұл ретте әзірлеуші жасалған кодты, деректер базасының құрылымын және кестелер арасындағы байланыстарды көре алады. Қажет болса, өзі өзгеріс енгізеді.
Мысалы, қазір жобалардың бірінде 163 кесте және олардың арасында 293 байланыс бар. Мұның бәрін жасанды интеллект құрған күннің өзінде, әзірлеуші жүйенің ішінде не болып жатқанын көріп, қажет нәрсенің бәрін қолмен өзгерте алады. Яғни AI «қара жәшік» сияқты жұмыс істемейді — оның нәтижесі әзірлеушіге түсінікті әрі басқаруға ыңғайлы.
«АҚШ-та инвесторлардың кедергі келтірмей, керісінше көмектесе алатынын көрдім»
– Осы уақыт ішінде Ucode-ты жасауға қанша қаржы салдыңыздар?
– Жобаны сырттан инвестиция тартпай, өзіміздің Udevs аутсорсинг компаниямыздың табысы есебінен дамыттық. Нақты соманы есептеген жоқпыз, бірақ осы уақытқа дейін шамамен $200-300 мың жұмсадық. Бұл – дивиденд ретінде өзімізге алып кетуге болатын ақша еді. Бірақ оның орнына Ucode-ты дамытуға бағыттадық.
Жалпы, жобаның үнемі біреудің ақшасына тәуелді болып өмір сүруге тырысатын тәсілін аса ұнатпаймын. Оның үстіне, барлық инвестор стартаптардың қалай жұмыс істейтінін түсіне бермейді. Кейде өз ережелерін қоя бастайды: ақшаны қайда жұмсауға болады, қайда болмайды, нені жасауға болады, нені жасауға болмайды деген сияқты.
Бірақ АҚШ-та оның басқа қырын да көрдім: инвесторлар кедергі келтірмей, керісінше көмектесе алады екен. Сондықтан инвестициядан бас тартпаймыз. Әзірге ақша қажет болған кезде Udevs-ке тағы бір әзірлеу тапсырысын алып, одан табыс табамыз да, сол қаржыға Ucode-ты дамыта береміз.
– Ucode қалай табыс табады?
– AI енгізілгенге дейін айына $300 болатын тұрақты жазылым сататынбыз. AI пайда болғаннан кейін тариф жүйесін өзгертуге тура келді. Өйткені шығын енді пайдаланушының генерацияға қанша токен жұмсайтынына байланысты болды.
Қазір тегін тариф бар, ол шамамен бір рет генерация жасауға жетеді. Одан бөлек ақылы жоспарлар бар. Мысалы, базалық тариф айына $33 тұрады және 200 мың AI кредитін береді. Бұл шағын жобаны MVP деңгейіне жеткізуге шамамен жетеді. Қажет болса, токендерді бөлек сатып алуға болады.
Қазір бізде 20–30-ға жуық ақылы компания бар. Оның екеуі – АҚШ-тан. MRR шамамен $5 мың.
– Америкалық тапсырыс берушілерді қалай тарттыңыздар?
– Клиенттерді LinkedIn арқылы іздедік, Кремний алқабындағы іс-шараларға бардық, ықтимал тапсырыс берушілермен таныстық, демо өткіздік және Ucode-қа тегін қолжетімділік бердік.
– Командада қанша адам бар?
– Қазір Ucode-пен тұрақты түрде 5 адам жұмыс істейді. Өзім әзірлеуден біршама алыстап, сатылым мен маркетингке көбірек көңіл бөліп жүрмін.
– Алдағы бір жылға Ucode-қа қандай мақсат қойып отырсыздар?
– Табыс бойынша жыл соңына дейін MRR-ды $10 мыңға жеткізіп, шығын мен табыс теңесетін нүктеге жеткіміз келеді. Ал келесі жылы бұл межені $100 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
– Әрі қарай қай нарықтарда дамығыңыз келеді және неге дәл сол нарықтарды таңдадыңыздар?
– Қазір екі нарықта жұмыс істеп жатырмыз – Өзбекстан және АҚШ. Бірақ АҚШ-қа көшуді жоспарлап отырған жоқпыз. Ең көбі Америкада сату бөлімі отыратын sales house ашуымыз мүмкін. Бағдарламашыларды ол жаққа көшіргіміз келмейді. Ташкентте бізге жақсы, мұнда өмір сүру арзанырақ. Жалғыз мәселе – уақыт айырмашылығы. Бірақ оны шешуге болады.
Пәкістан, Бангладеш және Үндістанда да тәжірибе ретінде іске қосып көрдік. Өздігінен жүйеге кіріп, ешқандай оқытусыз жоба жасап көруге тырысқан 200-ге жуық қызығушылық танытқан пайдаланушы болды. Ол жақта сұраныс бар екені анықталды. Сондықтан осы елдерде ауқымды кеңейтуді жалғастырғымыз келеді.