Өзбекстандық кәсіпкер $1,7 млн инвестиция салып, фабрикаларға арналған AI жүйе жасады

Зухриддин Нуриддинов шетелде жоғары білім алып, бірнеше жыл Сингапурда тұрған. 2019 жылы ол Ташкентке оралып, тапсырыспен бағдарламалық жасақтама әзірлейтін Algorithm Gateway компаниясын құрды. Клиенттерінің бірі үшін команда тоқыма фабрикасындағы жасырын шығындар мен кідірістерді анықтауға көмектесетін сервис жасады. Бірнеше жылдан кейін MVP толыққанды өнімге – корпоративтік процестерге арналған операциялық AI жүйесі AURA OS-қа айналды. Бүгінде стартаптың 80-нен астам ақылы клиенті бар, ал жоба Орталық Азиядан тыс нарықтарға белсенді шығып жатыр.

Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Орталық Еуразияның 100 стартап-тарихы» жобасы аясында Зухриддин компанияның алғашқы клиенттері кім болғанын, кейбір қызметкерлердің жүйені енгізуге неге кедергі келтіргенін және өнімді әзірлеуге қанша миллион доллар жұмсалғанын айтып берді. Сондай-ақ AURA OS-тың дәстүрлі ERP жүйелерінен айырмашылығы неде және табысты бизнеске инвестиция не үшін қажет болғанын білдік.

«Кей жағдайда өнімділік 2 еседен де көп өсті»

– Зухриддин, стартапты іске қосқанға дейін немен айналыстыңыз?

– Малайзиядағы Cardiff Metropolitan University-де бизнес мамандығы бойынша білім алдым, диплом алғаннан кейін Сингапурға көшіп бардым. Сол жерде 2018 жылы Ұлыбританиядан келген серіктесім Джеймс Андерсонмен бірге финтех-компания құрдық. Банктерге, активтерді басқару ұйымдарына арналған түрлі шешімдер әзірледік, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия мен Гонконг нарығында блокчейн технологияларымен жұмыс істедік.

– AURA OS жүйесін жасау идеясы қалай пайда болды?

– 2019 жылы отбасылық жағдайға байланысты Ташкентке оралдым. Сингапурдағы бизнесті қашықтан жүргізуге көмектесуі үшін жергілікті бағдарламашыларды жұмысқа алдым. Сонымен қатар тапсырыспен бағдарламалық жасақтама әзірлейтін Algorithm Gateway компаниясын аштым.

Менің алдымен өнім жасап алып, кейін оған сатып алушы іздеу деген мақсатым болған жоқ. Керісінше, нақты проблемадан бастадым. Әртүрлі өңірлерде тоқыма өндірісімен айналысатын таныстарым бар еді. Олар бизнестегі қиындықтарға үнемі шағымданатын. Сол кәсіпорындардың біріне барып, нақты не мәселе екенін сұрадым.

Сөйтсем, өндірісте шикізат жиі жетіспейді екен. Оны Қытайдан немесе басқа елдерден жеткізгенше шамамен бір ай күтуге тура келеді. Соның салдарынан тапсырысты уақытында тігіп үлгермей қалатын жағдайлар жиі болады. Егер мерзім қатты созылып кетсе, клиент жеңілдік талап етуі, тауарды келесі маусымда сатып алуы немесе келісімнен мүлде бас тартуы мүмкін.

Нәтижесінде қоймаларда қажетсіз өнім көбейіп кетеді. Фабрика оны сата алмайды немесе үлкен жеңілдікпен өткізуге мәжбүр болады. Маржа азайып, шығын көбейеді. Сондықтан шикізат тапшылығы сияқты осындай ақаулардың қаупін алдын ала байқап, мәселе кідіріс пен қаржылық шығынға әкелмей тұрып не істеу керегін көрсететін жүйе жасағым келді. Осылайша AURA OS пайда болды.

– Сіздердің жүйеңіз қандай мәселелерді шешуге көмектесті?

– Ең алдымен, AURA OS кәсіпкерлерге жасырын шығындарды көруге мүмкіндік берді. Өзбекстандағы фабрикалар мен зауыттарда басшылық пен кәсіп иелері көбіне байқамайтын көптеген шығын бар. Алдымен өндіріс, сату, қор, қаржы және жеткізу тізбегіне қатысты барлық деректі біріктірдік. Содан кейін жүйе AI көмегімен өндірістің қай кезеңінде шығынға әкелетін проблемалар туындайтынын талдады.

Сонымен қатар кәсіп иелері қызметкер жалдамай-ақ, жаңа жабдық сатып алмай-ақ өндіріс қуатын арттыра алды. Мысалы, тоқыма фабрикасында адамдар бір қатарға отырып, бір желінің әртүрлі учаскесінде жұмыс істейді. Бірінші үстелдегі адам сағатына 100 дана өнім өңдей алады делік, екіншісі – небәрі 50, ал үшінші жұмысшы қайтадан 100 дана өңдейді. Бірінші және үшінші жұмысшының өнімділігі жоғары болғанымен, бүкіл желі іс жүзінде сағатына 50 дана жылдамдықпен жұмыс істейді.

AURA OS қызметкерлер мен бүкіл желінің көрсеткіштерін салыстырып, кідіріс нақты қай кезеңде пайда болғанын анықтауға көмектесті. Осыдан кейін жұмысшыларды дұрыс бөліп, өнімділігі жоғары қызметкерлерді тиісті учаскеге орналастыра алдық. Кей жағдайда ресурстарды қайта бөлгеннен кейін өнімділік шамамен 2 есе өсті.

Кәсіпорындардың бірінде халықаралық тапсырысты орындау үшін басшылық қосымша цех салып, штат санын көбейтуді жоспарлаған. Бұл үшін шамамен $7 млн инвестиция қажет деп есептелген. Біздің жүйенің талдауынан кейін қолда бар өндірістік қуаттарды қайта бөліп, кеңейту қажеттілігінен бас тартты және бастапқы жоспарға қарағанда әлдеқайда аз қызметкер жұмысқа алды.

– Сіз AURA OS-ты system of action, яғни әрекет ету жүйесі деп сипаттайсыз. Бұл нені білдіреді?

– Дәстүрлі ERP жүйелерін system of record, яғни есеп жүргізу жүйелері деп атауға болады. Олар егжей-тегжейлі әрі сапалы есеп береді. Ал біздің міндетіміз – бұл ақпаратты шешім қабылдау процесімен байланыстыру, яғни кідірістер мен қаржылық шығындардың алдын алуға әлі мүмкіндік бар кезде әрекет ету.

AURA OS компания ішіндегі есеп, қойма, сату жүйелеріне және басқа да дерек көздеріне қосылып, өндіріс, қор, сатып алу, қаржы және тапсырыстар туралы ақпаратты біріктіреді. AI командаларға жедел деректерді талдауға, ықтимал проблемаларды анықтауға және негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі.

Мысалы, жүйе екі аптадан кейін шикізат тапшылығы болуы мүмкін екенін болжаса, бұл проблеманың өндіріске ықпалын бағалап, қосымша материал сатып алу керек пе немесе қолда бар қорды қайта бөлу қажет пе деген шешім қабылдауға көмектеседі.

AURA OS ERP жүйесін AI негізіндегі жедел аналитикамен бір платформада біріктіреді. Мұндағы мақсат – басшылыққа тағы бір мониторинг тақтасын ұсыну емес. Ең маңыздысы – ақпаратты нәтиже әлі өзгертуге болатын кезде нақты әрекетпен байланыстыру.

«Стартап жұмыс істеген жылдары 500-ден астам кәсіпорынмен жұмыс істедік»

– Алғашқы клиенттеріңіз таныс кәсіпкерлер болды. Кейін басқа тапсырыс берушілерді қалай таптыңыздар?

– Хабар құлақтан құлаққа жетті. Тоқыма фабрикалары – үлкен экожүйенің бір бөлігі. Олар шикізат жеткізушілерімен, өндірістік компаниялармен, дистрибьюторлармен және бөлшек сауда дүкендерімен жұмыс істейді.

AURA OS енгізілгеннен кейін осы процестің басқа қатысушылары фабриканың енді кідіріссіз жұмыс істеп жатқанын байқады. Жүйеге қызығушылық танытып, оны өз кәсіпорындарына енгізе бастады және серіктестеріне ұсынды.

Алғашқы жылдары әртүрлі бизнеске арналған жеке бағдарламалық жасақтама әзірледік. Мысалы, менің медициналық диагностикалық орталықтар желім де бар, соған басқару жүйесін жасадық. CRM, HR жүйелері және басқа да шешімдер әзірледік. Ал 2023 жылы AURA OS-ты жеке өнім ретінде ұсындық.

– Қазір қанша клиентіңіз бар?

– Бүгінде AURA OS-тың 80-нен астам ақылы клиенті бар, олардың басым бөлігі – өндірістік компаниялар. Стартап жұмыс істеген жылдары 500-ден астам кәсіпорынмен жұмыс істедік.

Қазір негізгі бағытымыз – операциялық процестері күрделі, қорды басқару, өндірісті жоспарлау және айналым капиталы қаржылық нәтижеге тікелей әсер ететін өнеркәсіптік кәсіпорындар.

Салаларға келсек, көбіне тоқыма және тігін фабрикаларымен, жиһаз өндірушілерімен, тамақ өнімдері, сусындар мен қаптама шығаратын кәсіпорындармен жұмыс істейміз.

– Алғашқы кезеңде қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?

– Басында көптеген қарапайым қызметкер жүйені енгізуге дайын болмады. Кейбірінің техникалық білімі жеткіліксіз болды, оларға есепті қағаз жүзінде жүргізген оңай еді. Көп ұзамай адамдарды жүйені қолдануға мәжбүрлеуге болмайтынын түсіндік. Жүйені барынша қарапайым әрі түсінікті ету маңызды. Сонда оны енгізу де оңайырақ болады.

Мысалы, тауарларға RFID-белгі орнаттық (олар тауарды автоматты түрде сәйкестендіріп, ол туралы ақпаратты жүйеге жіберуге мүмкіндік береді – Digital Business ескертпесі), ал қойманың кіреберісіне RFID-оқығыш қойдық. Өнім оқу аймағынан өткен кезде құрылғы белгіні автоматты түрде танып, деректі жүйеге жібереді. Қызметкерлерге ештеңені қолмен енгізудің қажеті жоқ.

AURA OS-ты енгізуді кейбір қызметкерлердің әдейі созған кездері де болды. Мысалы, олар қосымша функцияларды қосуды талап етіп, онсыз өнімді пайдаланудан бас тартты. Кейін ашықтықтың артуы компаниядағы қалыптасқан жұмыс процестерін, мотивация жүйесін және есептілік тетіктерін өзгерткенін түсіндік. Сондықтан бұл өзгеріс бәріне бірдей қолайлы болған жоқ.

Уақыт өте келе жүйені сәтті енгізу тек технологияға байланысты емес екенін түсіндік. Қызметкерлер жүйенің өздеріне де не үшін тиімді екенін түсінуі керек. Компания операциялық шығындарды қысқартып, ақша ағынын жақсартса, қызметкердің жұмысы тұрақты болады, жалақысы кешікпейді. Ал кей жағдайда олар өздері жасауға көмектескен пайданы бөлуге қатыса алады.

Сондықтан біз AURA OS-ты жай ғана мониторинг құралы емес, бүкіл компанияны біріктіре алатын жүйе ретінде қарастырамыз.

«AURA OS әзірлеуге шамамен $1,7 млн салдық»

– AURA OS-ты кәсіпорынға енгізу қанша тұрады?

– Бағасы компанияның көлеміне, пайдаланушылар санына және цифрландыруды қажет ететін операциялық процестерге байланысты. Біздің бизнес-модель клиенттерге шешімдерді енгізуден түсетін табысты жасанды интеллект негізіндегі жаңа функциялар үшін тұрақты төлемдермен біріктіреді.

– Жобаны қандай қаражатқа дамыттыңыздар?

– AURA OS әзірлеуге шамамен $1,7 млн салдық. Бұл соманың шамамен 30%-ы – жеке қаражатым, қалған 70%-ы – бизнестің табысы, оның ішінде дивиденд ретінде төленбей, компанияда қалған пайда.

Осыған дейін бізге инвесторлар мен венчурлік қорлардың қаражаты қажет емес деп есептейтінмін. Алайда Astana Hub пен Google for Startups ұйымдастырған Silkway Accelerator бағдарламасына қатысу кезінде пікірімді өзгерттім.

– Неліктен?

– Өнімді әрі қарай дамытуға, халықаралық экспансияға және коммерциялық өсімге, сондай-ақ осы жоспарларды жүзеге асыруға қажет айналым капиталын қалыптастыруға $3 млн тартып жатырмыз. Сонымен қатар компанияны өзіме азырақ тәуелді етіп, менің қатысуымсыз да тұрақты жұмыс істей алатындай нығайтқым келеді.

– Қай елдерді қарастырып жатырсыздар?

– Ұлыбританияға, Оңтүстік-Шығыс Азияға, Түркияға және өндіріс саласы дамып келе жатқан басқа да нарықтарға бағыт алып отырмыз. Ұлыбритания мен Индонезиядағы кейбір компаниялармен жалпы құны шамамен $500 мың болатын келісімшарттарға LOI – ниет хаттарына қол қойдық.

– Сіздер Astana Hub пен Кремний алқабындағы Silkroad Innovation Hub ұйымдастыратын AlchemistX & Silicon Valley Residence бағдарламасына да қатысуға іріктелдіңіздер. Демек, AURA OS америкалық нарыққа да шыға ма?

– АҚШ-та корпоративтік сатылым үшін өнімді жай ғана ағылшын тіліне аудару жеткіліксіз. Жергілікті сатып алу процестерін, шешім қабылдау құрылымын, компаниялардың қауіпсіздікке қоятын талаптарын, сондай-ақ ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бағдарламалық жасақтаманы қалай таңдап, енгізетінін түсіну маңызды. Alchemist бағдарламасына қатысу бізге АҚШ нарығына шығу стратегиямызды бейімдеп, ондағы орнымызды біртіндеп нығайтуға мүмкіндік береді.

– AURA OS-тың алдағы бірнеше жылға жоспары қандай?

– Негізгі мақсатымыз – AURA OS-ты кәсіпорындарды басқаруға арналған жаһандық операциялық AI жүйесіне айналдыру. Сатып алу мен шикізаттан бастап, өндіріс, қор, сату, қаржы, айналым капиталы және басқарушылық шешімдер қабылдауға дейінгі бүкіл операциялық тізбекті қамтығымыз келеді.

Алдағы жылдары әлемдегі ең ірі өндірістік нарықтарға шығуды жоспарлап отырмыз. Өндірістік компаниялардың проблемалары орналасқан жеріне қарамастан бірдей, сондықтан біздің жүйе сол мәселелерді шешуге көмектесе алады.

Орталық Азияның тарихы бай. Бұл жерде ұлы тұлғалар өмір сүрген, ғасырлар бойы сауда және мәдениет жолдары тоғысқан. Енді жаңа технологиялық дәуірде өңірге осы рөлін қайтарғым келеді.

100 стартапов Центральной Евразии