Дана Шүкірбаева – Астананың тумасы. Назарбаев Зияткерлік мектебін физика-математика бағыты бойынша тәмамдап, кейін Мәскеуге кеткен. Ол жерде ММУ-да эколог мамандығын алып, одан кейін Жоғары экономика мектебінде қалалық ортаны дамыту және басқару бойынша магистр дәрежесін алған. Мәскеу көлік департаментінде жұмыс істеп, Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы үшін мәдени бағыттағы арнайы жобаларға продюсерлік еткен. Сондай-ақ Сауд Арабиясына IT шешімдерін экспорттаумен айналысқан.
2021 жылы Қазақстанға оралған соң консалтингтік бюро ашты. Кейін өзінің сарапшылар тобын кәсіпкер Мәди Сәкеннің IT мамандарымен біріктірді. Осылайша Qala AI пайда болды. Бұл – бизнес пен қала әкімдігіне үлкен деректерді талдау арқылы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект платформаларын әзірлейтін UrbanTech стартапы.
Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Дана жүйенің қаладағы 70 түрлі көрсеткішті не үшін талдайтынын, бұл деректердің бизнеске нысан ашатын жерді дұрыс таңдауға қалай көмектесетінін айтып берді. Сондай-ақ Қазақстандағы B2G стартаптар қандай қиындықтарға тап болатынын және Алматыға Жапонияның жер сілкінісіне төзімді құрылыс тәжірибесі неге қажет екенін түсіндірді.
«Қаланы басқаруда “завхоз” тәсілінен арылатын уақыт келді»
— Qala AI идеясы қалай пайда болды? Қандай мәселені шешкілеріңіз келді?
— Пандемиядан кейін Астанадан Мәскеудегі IT-компанияда қашықтан жұмысымды жалғастырдым. Бір кезде шаршап, жұмыстан шығып, өзімнің консалтингтік бюромды аштым. ESG-консалтингпен айналыстық. Өйткені пандемия кезінде Берклиде арнайы курс оқып, GRI сертификатын алған едім. Компанияларға қаржылық емес есеп әзірледік, девелоперлер мен құрылыс компанияларына урбанистикалық және әлеуметтік зерттеулер жүргіздік. Мұнда жылжымайтын мүлік пен девелопмент нарығы аса үлкен емес, ал осы бағытта арнайы білімі бар мамандар жетіспейді. Сондықтан біздің тәжірибеге сұраныс өте жоғары болды.
Сонымен қатар мені AlmaU-ға урбанистика мамандығында оқитын студенттерге геоақпараттық жүйелерден (ГИС) сабақ беруге шақырды. Студенттерге жай ғана картамен жұмыс істеу қызықсыз болды. Сондықтан оларға шынайы деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік берсек деген ой келді. Магистратурада телекоммуникациялық деректермен жұмыс істеу бойынша өте жақсы тәжірибем болған. Қазақстанда соған ұқсас нәрсе табуды ұйғардым. Университетте сабақ беріп жүріп, сол кезде Алматының Цифрландыру басқармасын басқарған Баян Қоңырбаевпен таныстым. Ал ол мені болашақ серіктесім Мәди Сәкенмен таныстырды.
Оның IT-компаниясы бұған дейін де байланыс операторларымен жұмыс істеп келген: олардың деректерін тазалап, Data Lake құрып, ақпаратты қалалық қызметтерге ыңғайлап құрылымдаған. Мысалы, ковид кезінде қалаға адамдар көп жиналатын орындарды бақылау, абоненттердің жұмыс және үй аймақтарын анықтау қажет болды.
Олар IT-мамандар ретінде техникалық жұмыстарды атқарды, ал мен урбанист ретінде бұл жерде үлкен аналитикалық мүмкіндік барын көрдім. Мәдиге бірге жұмыс істеуді ұсындым: менде қалалық экономика, экология және урбанистика бойынша сарапшылардан құралған команда бар, ал онда дұрыс бағыт-бағдар беру керек мықты IT-мамандар бар. 2023 жылдың күзінде тәуекелге барып, бір-бірінен мүлде бөлек екі команданы біріктіріп, Qala AI стартабын құрдық.
Мақсатымыз – Big Data-ны пайдаланып, қалалық ортаны кешенді бағалау және осындай өнімді Алматы әкімдігіне ұсыну болды. Қаланың географиясы күрделі, шектеулері көп, тәуекелі де жоғары: байлар мен кедейлер тұратын аудандардың жіктелуі, экология, көлік, сейсмикалық қауіп бар. Біз қаланы деректерге сүйеніп басқару идеясын ұсындық. Resilience тұжырымдамасын, яғни жай ғана тұрақты дамуды емес, түрлі тәуекелдерге дайын болу қағидатын алға тарттық. Осы факторлардың бәрін ескере отырып, қаланың дамуын жоспарлауға мүмкіндік беретін платформаны әзірледік.
— Стартапты іске қосуға кім қаржы бөлді?
— Бұл тұрғыдан алғанда, Qala AI классикалық стартап емес. Өйткені біз бірден нарыққа шығып, инвестиция іздей бастаған жоқпыз. Мәди екеуміз командаларымызды біріктіргенде, бұрыннан жұмыс істеп жүрген клиенттеріміз болды, олармен қарым-қатынасымыз қалыптасқан еді. Жалпы, алғашқы алты айда стартапты өз қаражатымызбен жүргіздік. Кейін өнім идеясын әзірлеу барысында түрлі ритейл компанияларына, девелоперлер мен құрылыс компанияларына геомаркетинг бойынша жобалар пайда болды. Сол жобалар командаға жалақы төлеуге мүмкіндік берді. Осылайша жаңа келісімшарттарға дайындалдық.
— Стартаптың дамуына Astana Hub қандай рөл атқарды?
— Qala AI жұмысын бастаған кезден-ақ Astana Hub резиденті болды. Astana Hub нетворкинг жағынан орасан зор қолдау көрсетеді. Бізді шетелдік делегациялармен кездесулерге жиі шақырады, Қазақстанның мемлекеттік сектор өкілдерімен тікелей диалог орнатуға мүмкіндік береді. Бұл B2G бағытындағы күрделі инфрақұрылымдық шешімдерді ілгерілету үшін аса қажет.
2025 жылы хабтың қолдауымен Digital Almaty форумында өткен Industrial Artificial Intelligence (AI) Battle стартаптар байқауында жеңіске жетіп, $15 мың алдық. Сол форумда Yandex Qazaqstan Startup Spotlight Award сыйлығын да иелендік.
«IT-компаниясыздар ғой, бұл деректерді жай ғана парсинг арқылы жинай саласыздар»
— Геоаналитикаға орасан зор көлемдегі ақпарат қажет. Деректерді қайдан аласыздар және олар қалай жиналады?
— Біз деректерді сатып аламыз. Бұл – клиенттерге жиі түсіндіруге тура келетін принципті ұстанымымыз. Қазақстанда адамдар фильмді тегін көруге үйренген, ақпарат үшін ақша төлеуді аса ұната бермейді. Тіпті ірі тапсырыс берушілердің өзі кейде: «Ақша төлеудің қажеті қанша? Сіздер IT-компаниясыздар ғой, бұл деректерді жай ғана парсинг арқылы жинай саласыздар», – деп сұрайды. Ал мен деректерді тұтыну мәдениетін қалыптастыруды қолдаймын. Сапалы ақпарат үшін ақша төлеу керек. Сонда дерек жеткізуші оған жауапкершілікпен қарап, оның дұрыстығы мен нақтылығына кепілдік береді.
Біріншіден, бастапқы деректерді байланыс операторлары мен фискалдық деректер операторларынан сатып аламыз. Бұл халықтың нақты тығыздығын, адамдардың қозғалысын және экономикалық белсенділікті көруге мүмкіндік береді.
Екіншіден, 2GIS және Яндекспен серіктестігіміз бар. Олардан қызығушылық тудыратын нысандар, пайдаланушылардың белсенділігі, маршруттар туралы егжей-тегжейлі ақпарат сатып аламыз.
Үшіншіден, спутниктен түсірілген ғарыштық суреттер сатып алынады. Олар NDVI сияқты экологиялық индекстерді, соның ішінде өсімдік жамылғысының индексін есептеу үшін қажет. Сонымен қатар Smart Data Ukimet секілді ашық мемлекеттік базалармен өзара интеграция жолға қойылған. Әрине, бұл ретте ЖИЦДМ арқылы ақпараттық қауіпсіздікке қатысты барлық рәсімдер сақталады.
— Сайтта өнімдер B2G (Resilient City) және B2B (Resilient Business) бағыттарына нақты бөлінген. Олардың архитектурасы мен мақсатының негізгі айырмашылығы неде?
— Resilient City Platform – қалалық әкімдіктерге арналған жүйе. Ол инфрақұрылым дамуының 70-тен астам көрсеткішін біріктіреді. Аналитика нақты бір ауладан бастап, тұтас ауданға дейін бірнеше деңгейдегі тор арқылы ұсынылады.
Көрсеткіштер бес субиндекске бөлінген: экология, салынған орта (тұрғын үй), әлеуметтік инфрақұрылым, коммерция және көлік қолжетімділігі.
Әкімдік қызметкері үшін бұл жай ғана картадағы ақпарат емес. Жүйеге what-if талдауы, яғни түрлі сценарийлерді модельдеу мүмкіндігі енгізілген. Мысалы, сегіз жаңа мектеп салу міндеті тұр делік. Платформа бас жоспардағы бос жерлерді ғана көрсетпейді. Мәселен, мектепті 300 метр солға жылжытса, халқы тығыз орналасқан шағын ауданның қажеттілігін жақсырақ өтей ала ма – соны да талдайды.
Платформа әр басқарманың KPI көрсеткіштері аясында нақты ұсыныстар береді: қай жерге ағаш отырғызу керек, қай жерде қоғамдық көлік бағыттарын күшейткен дұрыс – бәрін көрсетеді. Сонымен қатар AI-көмекші де бар. Егер шенеунікке шұғыл түрде анықтама дайындау қажет болса, чатқа: «Ағашы ең аз орналасқан жерлерді көрсет», – деп жаза алады. Жүйе өзі аналитикалық есеп жасап береді.
Resilient Business Platform басқа міндетті шешеді. Коммерциялық нысан ашуға ең тиімді орынды табуға көмектеседі. Мекенжайдың коммерциялық әлеуеті есептеледі, тұрғындардың демографиялық портреті – жасы, табысы, қызығушылықтары туралы толық ақпарат беріледі. Мекенжайды енгізсеңіз, ЖИ ұсынған кеңестермен бірге толық аналитика аласыз.
— Мемлекеттік органдарға өнім сату үшін ұзақ уақыт керек. Әкімдіктермен жұмыс істегенде қандай бюрократиялық кедергілерге тап боласыздар?
— Венчурлық нарықта B2G стартап «red flag» саналады. Мәміленің ұзаққа созылатын циклінен инвесторлар шошиды, өйткені мемлекеттік жүйе өте баяу жұмыс істейді. Әкімдікке алты ай бойы платформаның тиімділігін дәлелдейсің. Содан кейін басшылық ауысады, әкімді басқа қызметке ауыстырады да, барлық байланысты қайтадан нөлден бастауға тура келеді.
Бірақ жергілікті инновациялық шешімдер бір жерден пайда болуы керек қой. Үнемі тек шетелден немесе квазимемлекеттік алпауыттардан дайын шешім сатып ала беруге болмайды. Қаланың нақты мәселесін шешу – қоғамға тікелей әсер ету деген сөз.
Бақытымызға қарай, қатар дамып келе жатқан B2B бағыты бар. Соның арқасында компания табыс тауып, мемлекеттік келісімдер ұзаққа созылып жатқан кезде де командасын тұрақты ұстап, жұмысын жалғастыра алады.
— Өнімді қалай монетизацияладыңыздар? Өзін-өзі ақтап жатыр ма?
— Біз операциялық тұрғыдан өзін-өзі ақтайтын деңгейге жеттік. B2B сегментінде пакеттік және жазылым моделі қолданылады. Мысалы, ірі желілер, ритейл компаниялар немесе маркетплейстер ондаған мекенжайды шектеусіз талдау үшін жылдық жазылым сатып алады. Ал шағын бизнес 3–5 нысан бойынша бастапқы пакеттерді алады. Сол орындардың әрқайсысына қатысты егжей-тегжейлі аналитика жүргізуге болады.
Тек 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында B2B сегментіндегі түсім $100 мыңнан асты.
Мемлекеттік секторға келсек, біздің негізгі клиентіміз – Алматы. Сонымен қатар Петропавл, Ош, Наманган, Душанбе және Әбу-Дабиде пилоттық жобалар іске асырылды. Келісімшарттардың нақты сомасын жарияламаймыз. Бірақ қалалармен іске асырылған жобалардың жалпы көлемі қазірдің өзінде $1 млн-нан асты.
«Ешкім жер сілкінісін болжамайды. Біз қаланың оған қаншалықты дайын екенін бағалаймыз»
— 2025 жылдың көктемінде Алматыдағы сейсмикалық талдау бойынша жапониялық Nippon Koei компаниясымен меморандумға қол қойдыңыздар. Бұл идея қалай пайда болды және пилоттық жобаның мәні неде?
— Бұл жеке бастамамнан туды. Алматының урбанистикасы туралы айтып, сейсмикалық қауіпсіздікті елемеу – барып тұрған ақымақтық. Ұзақ уақыт бойы Төтенше жағдайлар департаментінің, әкімдіктердің, министрліктердің табалдырығын тоздырып, осы процесті цифрландыру идеясын ұсындым.
Бұл бағытта бұған дейін не істелгенін анықтай бастадым. Алматының сейсмикалық қауіпсіздігі бойынша соңғы маңызды зерттеу 2009 жылы аяқталғаны белгілі болды. Оны да дәл осы жапондар Жапония үкіметінің гранттық қаражатына жүргізген екен.
Nippon Koei компаниясымен байланыс орнатып, олардың сеніміне кіру үшін көп уақыт кетті. Бұл – 1946 жылы құрылған, Жапониядағы ең көне инженерлік компания. Токиоға барып, олардың кеңсесінде бір апта жұмыс істеуге мүмкіндік алдым. Тіпті 2000-жылдары Алматыдағы «Орбита» ықшамауданында тұрған және сол зерттеуді жүргізген мамандардың өздерін де таптым.
Меморандумға қол қойылғаннан кейін Қазақстанға оралып, жобаны мемлекетке қайтадан таныстыра бастадым. Нәтижесінде ауқымды бастаманы табиғи апаттар бағыты бойынша жеке бағдарламасы бар Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) қолдады.
— Платформа Алматының сейсмикалық төзімділігін нақты қалай бағалайды?
— Әлемде ешкім жер сілкінісін болжай алмайды. Егер мүмкін болғанда, жапондар мұны әлдеқашан жасап қояр еді. Болжауға болатын нәрсе – қаланың соққыға қаншалықты дайын екені.
Жоба ауқымды, үш жылға есептелген және төрт негізгі бағытты қамтиды.
Бірінші бағыт – бүкіл қалалық инфрақұрылымның цифрлық моделін жасау. Әр ғимарат бойынша орасан зор көлемде дерек жинаймыз: салынған жылы, құрылыс материалдары, тозу деңгейі. Жүйе бес немесе жеті балдық жер сілкінісі басталған жағдайда нақты нысанның төтеп бере алатынын көрсетеді. Қанша үй қирауы мүмкін екенін де есептейді.
Екінші бағыт – инвестиция бағытталатын аймақтарды басымдық бойынша анықтау. Апат болмай тұрып, аса маңызды нысандарды нүктелік түрде күшейту үшін бюджетті қайда шұғыл бағыттау керектігін көрсетеді.
Үшінші, өмірлік маңызы бар бағыт – жол желісіне қатысты саясат әзірлеу. Қуатты жер сілкінісі болған жағдайда қалада азаматтық көліктердің жүруіне қатаң тыйым салынатын көшелер болуы керек. Бұл магистральдар мүлде бос қалуға тиіс, сонда полиция, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметі қаланың шалғай аудандары мен үйінділерге кедергісіз жете алады.
Жақында болған дүмпулер кезінде алматылықтардың жаппай көлікке отырып, бір жаққа кетуге тырысып, жолдарды бітеп тастауы – шынайы апат болған жағдайда төтенше қызметтердің ешкімге көмектесе алмайтынының кепілі. Адамдар эвакуация пункттеріне жаяу жетуі керек және көмек міндетті түрде келетінін білуі тиіс.
Төртінші бағыт – эвакуация пункттерін түгендеу және «қызыл код» жағдайында әр ведомство не істеуі керектігі жөнінде нақты жоспарлар әзірлеу. Су тасқыны мәселесі көптеген жергілікті атқарушы органның не істеу керектігін білмейтінін, олардың нақты регламенттері жоқ екенін көрсетті.
Сонымен қатар эвакуация пункттерінің нақты жағдайын тексеру қажет. Апат болған жағдайда адамдардың белгіленген орындарға орналаса алатынын анық білуіміз керек. Мен әлемдегі сегіз жер сілкінісі музейіне бардым және табиғи апаттан зардап шеккендердің кейде баспанасыз ғана қалмай, қыста жалаң жерде ұйықтауға мәжбүр болғанын білемін. Қала ең нашар сценарийлерге дайын болуы керек.
Нәтижесінде біз Алматыны цифрландырғымыз келеді. Барлық аналитика экранда көрініп, деректерді көрнекі түрде пайдаланып, қай учаскелерге шұғыл назар аудару керектігін түсіну мүмкін болуы тиіс.
— Алдағы бес жылда Qala AI алдына қандай мақсаттар қойып отыр?
— Бес жылдан кейін сейсмикалық жоба толық енгізіліп, Алматы кез келген сценарийге дайын болады деген нық үміт бар.
Qala AI қалалық экономика, геоаналитика және деректермен жұмыс істеу саласындағы орнын сақтайды. Алайда стратегиялық басымдық B2B бағытына ауысады: жаңа коммерциялық өнімдер әзірлейміз, ауқымымызды кеңейтеміз және инвестиция тартамыз.
Сонымен бірге B2G жобалары да жалғаса береді. Бұл тұрғыдан біз үшін Өзбекстан нарығы тартымды. Ташкент Алматыға өте ұқсайды: онда ескі орамдар сүріліп, жаңа тұрғын үй кешендері салынып жатыр, халық тығыздығы жылдам өсуде.
Ең маңыздысы – Ташкент тұрғындары 1966 жылғы жойқын жер сілкінісін жақсы біледі. Олар оның қайталануынан қауіптенеді. Сондықтан қауіпсіздік пен сауатты геокеңістіктік жоспарлауға деген сұраныс Қазақстанға қарағанда әлдеқайда өткір.