Әлібек Достияров пен Ерсұлтан Сапар АҚШ-та бірге білім алған. Кейін әртүрлі салада еңбек жолын жалғастырған. 2024 жылы жігіттер жасанды интеллект көмегімен бизнес-презентация жасауға арналған Perceptis сервисін іске қосты. Қазір платформаның 800-ге жуық ақылы корпоративтік клиенті және 15 мың қолданушысы бар.
Digital Business пен Astana Hub-тың «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» бірлескен жобасы үшін Әлібек Достияров Perceptis-тің америкалық консалтингтік компанияларға арналған құралдан жаһандық өнімге қалай айналғанын, команданың басым бөлігін Қазақстанда не үшін жасақтайтынын және стартаптың ең ірі AI сервистерімен қалай бәсекелесіп отырғанын айтып берді.
«Консалтинг мамандарының бір мәселесін шешу үшін бастаған едік, ақыры бәріне ортақ өнім жасап шықтық»
– Әлібек, Perceptis идеясы қалай пайда болды?
– Ерсұлтан екеуміз Калифорния университетінің Берклидегі кампусында бірге оқыдық. Кейін жолымыз біраз уақытқа екі айырылды. Ерсұлтан Apple компаниясында жасанды интеллект саласында жұмыс істеді, ал мен консалтингте, McKinsey-де мансап құрдым. Бір кезде презентация мен сайттың макеттерін жасауға мүмкіндік беретін өнім ойлап табу идеясы келді. Екі аптаның ішінде алғашқы прототипті жасап, Y Combinator-ға өтінім бердік. YC-ге өтпедік, бірақ акселератордың бас директоры Гэрри Тэнмен соңғы сұхбатқа дейін жеттік. Кейін тағы да өтінім беріп, қайтадан соңғы сұхбатқа шақырылдық. Алайда сол кезде The House Fund-тың AI Accelerator бағдарламасына шақыруын қабылдап қойған едік. Бұл – жасанды интеллект саласындағы стартаптарға арналған акселерациялық бағдарлама. Осының бәрі дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетті.
Алайда көп ұзамай өнімнің ауқымы тым кең екенін түсіндік. Сондықтан нақты бір міндетке – консалтингтік компанияларға коммерциялық ұсыныс дайындау үдерісін автоматтандыруға басымдық бердік. Консультант құжаттың параметрлерін енгізеді, ал Perceptis жасанды интеллект көмегімен әлеуетті клиентке арналған дайын презентация құрастырады.
– Алғашқы сатылым қалай жүрді?
– LinkedIn-нен консалтингтік компанияның басқарушы серіктесін тауып, оған дос ретінде қосылып, «Сәлем, менің атым – Әлібек. McKinsey-де жұмыс істедім. Құны $40 млн болатын жобаларды сатуға қатыстым. Қазір немен айналысып жатқанымызды айтып бергім келеді, сөйлесіп алсақ жақсы болар еді» деп жазатынмын. Қоңырауға дейін олардың көбі менің профилімді қарап үлгеретін де: «Perceptis деген не?» деп сұрайтын. Содан кейін өнім туралы айтып, жазылым сатып алуға көндіретінмін.
Алғашқы клиентіміз екі айдың ішінде бізге шамамен $3 мың төледі. Жаңа жобаларды ұтып, салған инвестициясынан 32 есе көп қайтарым алды. Perceptis коммерциялық ұсыныстарды жылдам дайындайтыны соншалықты, кеңесші оларды бірден жібермейтін. Ол бізге: «Жігіттер, сіздерден презентацияны алған соң, бір тәулік өзімде ұстаймын. Әйтпесе тапсырыс берушілер мені тексерілмеген бірдеңені жіберіп отыр деп ойлап қалуы мүмкін», – дейтін.
Ол кезде, мысалы, ChatGPT мұндай құжаттарды мүлде жасай алмайтын. Сондықтан мұның бәрі сиқыр сияқты көрінетін.
– Кейін көптеген модель презентация жасауды үйренді. Perceptis те өзгерді ме?
– Иә, қолданушылардың өтінішімен өзгердік. Олар жақсы өнімге тез үйреніп, функциялардың көбірек болғанын қалады. Бізге: «Жобаларды осындай жылдамдықпен сататын болдық, енді оларды жүзеге асыруға көмектесетін шешім керек» деген пікірлер жиі келетін. Осылайша кез келген тақырыпта презентация жасауға көштік.
Бірақ біраз уақыт Perceptis B2B өнім болып қала берді: клиенттерді жүйеге қолмен қосып, жеке кабинетін баптап, деректерді жүктеуге көмектесетінбіз.
Ал 2026 жылдың қаңтарында платформаны баршаға аштық. Енді кез келген адам тіркеліп, тарифке ақы төлеп, сервисті пайдалана алады.
Мұның басты себептерінің бірі – бастапқыда көздеген салалардан тыс адамдарға қаншалықты пайдалы бола алатынымызды көру қызық болды. Нәтижесінде машина жасау, технология, қаржы және фармацевтика компанияларынан, сондай-ақ ғылыми ұйымдардан көптеген корпоративтік қолданушы келді.
Қазір Perceptis – кез келген тақырыпта күрделі презентациялар жасауға арналған қуатты құрал.
– Perceptis-ті алғаш ашқан адам промпт енгізгеннен кейін дайын PowerPoint-қа дейінгі жолды қалай өтеді?
– Ол жерде бір ғана терезе бар: промпт жібересіз, нәтижесі шығады.
Егер жалпы тақырыпта презентация керек болса, ештеңе жүктеудің қажеті жоқ. Perceptis ашық дереккөздерді пайдаланады. Ал компанияның ішкі деректеріне сүйеніп құжат жасағыңыз келсе, бұрыннан бар есептерді, қаржылық модельдерді немесе басқа Excel файлдарын қоса аласыз.
Алдымен жүйе шамамен үш минут ойланып, презентацияның слайдтар бойынша құрылымын ұсынады. Осы кезеңде қай тұсымен келісетініңізді, нені өзгерту керегін айта аласыз.
Содан кейін «Растау» батырмасын басасыз. Шамамен бес минуттан соң PowerPoint форматындағы дайын презентация аласыз.
– Жазылым қанша тұрады?
– Айына 10 слайд жасауға мүмкіндік беретін тегін тариф бар. Ақылы тарифтер айына $29-дан басталады. Pro – $129, ал Business – $390 тұрады. Ірі компанияларға бағасы жеке белгіленетін Enterprise тарифі ұсынылады.
«5 айда түсімді 4 есе арттырдық»
– Платформаны баршаға ашқаннан кейін түсім қалай өзгерді?
– Өкінішке қарай, нақты соманы айта алмаймын. Бұл ақпаратты тек инвесторларымызбен бөлісеміз. Бірақ платформаны кез келген адамға ашқаннан кейін түсімнің қарқынды өскенін көрдік. Алғашқы екі айда түсім екі есе артты, кейінгі үш айда тағы екі есеге өсті.
Қазір платформада 15 мың тіркелген белсенді аккаунт және ақы төлейтін шамамен 800 компания бар.
– Қолданушыларды тартуға не көмектесті?
– Жарнаманың арқасы десем болады. Бірақ күтпеген жерден тарап кеткен қызық оқиғалар да болды. Бір кезде Жапониядан тапсырыстардың көп түсіп жатқанын байқадық. Мұны бастапқыда мүлде түсіндіре алмадық, өйткені ол жақта жарнама жүргізген жоқпыз. Қолданушылардың нақты деректерін көрмейміз, бірақ олардың қандай тақырыптар бойынша сұраныс жіберетінін қарай аламыз. Осылайша Perceptis арқылы компания басшылығына арналған корпоративтік құжаттар әзірлеп жатқанын түсіндік.
Кейін X әлеуметтік желісінен Perceptis-ті өздері кездейсоқ тауып, ол туралы жазған бірнеше жапон инфлюенсерін анықтадық.
– Стартапты бастапқы кезеңде және кейін қалай қаржыландырдыңыздар?
– Алғашында өз ақшамызды салдық. Мысалы, алғашқы жалдамалы инженеріміз Назарбаев Университетінің студенті болды. Өте талантты, жасына қарамай тәжірибесі мол жігіт еді. Басында оның жалақысын өз қалтамыздан төледік.
Бірақ өніміміздің айтарлықтай күрделі екенін және оны соңына дейін өз қаражатымызбен дамыту іс жүзінде мүмкін болмайтынын түсіндік. Сондықтан алғашқы күннен-ақ қаржы іздей бастадық. Perceptis тарихында жалпы $4 млн инвестиция тарттық.
Алғашқы $500 мың инвестицияны 2024 жылдың көктемінде алдық. The House Fund пен Silkroad Innovation Hub бізге қаржы салды. Тамызға қарай толыққанды seed раундына шығатынымызды түсініп, оған дейін бізге жақын тағы бірнеше инвесторды тартуды жөн көрдік. Олардың арасында MOST қоры мен бірнеше бизнес-періштелер болды.
Келесі кезеңде $3,1 млн көлемінде seed раундын жаптық. Негізгі инвестор Streamlined Ventures болды.
Жақында шағын аралық раундты да жаптық. Оған қазақстандық Astana Hub Ventures қоры мен Silkroad Angels бизнес-періштелер клубы қолдау көрсетті.
– Series A раундының алдында аралық раунд не үшін қажет болды?
– Жыл соңына дейін компанияны жоғары бағамен толыққанды Series A раундына шығаруды жоспарлап отырмыз. Оған дейін бізбен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан қорлар мен бизнес-періштелерді тартқымыз келді, сонда олар жобаға сәл ертерек кезеңде кіре алады.
Astana Hub Ventures-ке келсек, біздіңше, қазір ол венчурлық нарықтағы ең мықты ойыншылардың бірі. Қордың белсенділігі таңғалдырады. Олар болашағы зор америкалық стартаптармен келіссөз жүргізіп жатыр. Әңгіме әзірге көпшілік біле бермейтін, бірақ Қазақстан инвесторларының назарына әлдеқашан іліккен жобалар туралы болып отыр.
– Демек, бизнесті АҚШ-та құрсаңыздар да, Perceptis-тің Қазақстанмен байланысы тығыз екен. Инвестициядан бөлек бұл байланыс неден көрінеді?
– Ең алдымен, командамыздан көрінеді. Ұзақ уақыт бойы үшеу болдық. Ерсұлтанның өзі бір армия бағдарламашыға татиды, сондықтан бастапқы кезеңде көп әзірлеуші қажет болған жоқ. Қазір командамызда 15 адам бар, оның 12-сі Қазақстанда жұмыс істейді. Мамандық иелерін өз елімізден тарту мүмкіндігін барынша пайдаланамыз. Қазақстанда мықты кадрлар көп.
Қазір Кремний алқабында жергілікті әзірлеушілерді стартапқа тарту қиын. Meta, OpenAI және Anthropic секілді компаниялар стартаптың бәсекеге түсуі қиын болатын деңгейде жалақы ұсынады.
Series A раундын жапқаннан кейін команданы шамамен екі есеге ұлғайтқымыз келеді. Кадрларды Қазақстаннан іздейміз. Оның үстіне, компанияны Қазақстан юрисдикциясында тіркеп, Astana Hub-қа қатысуға өтінім беруді жоспарлап отырмыз.
«Claude жасап жүрген нәрсе сізге жеткілікті болса, онда сіз біздің клиент емессіз»
– Perceptis презентация жасауға арналған жалғыз сервис емес. Бәсекеде қалай озып жүрсіздер?
– Өйткені біз ең жақсымыз. Бұл жай айтылған сөз емес. Биыл мамырдан тамызға дейін презентация жасауға арналған құралдарға бірнеше тәуелсіз баға берілді. Мысалы, тамыз айында Perceptis Design Arena краудсорсингтік бенчмаркіндегі корпоративтік санатта бірінші орынға шықты. Біз Claude Opus, Gamma, Manus және басқа да құралдардың алдына шықтық.
Тағы бір тәуелсіз бағалауды Caliper Lab жүргізді. Онда бізді Claude for PowerPoint-пен бірдей тапсырмалар бойынша тікелей салыстырды. Perceptis 86 балл жинаса, Claude 83 балл алды.
– Сіздіңше, мұндай нәтижеге не себеп болды?
– Біз сапаға бағытталған гибридті қозғалтқыш жасадық. Ол мақсатқа қарай әртүрлі AI модельдері мен өз алгоритмдерімізді үйлестіріп қолданады.
Жүйенің негізінде барлығына қолжетімді нейрожелілерді Claude, Gemini, GPT және басқаларын пайдаланамыз. Бірақ сіз біздің жүйеге сұраныс жіберген кезде, ол міндеттерге қарай бірнеше бөлікке бөлінеді. Кейбірін жасанды интеллект мүлде қажет емес жерлерде алдын ала белгіленген ережелер бойынша жұмыс істейтін кәдімгі алгоритмдер шешеді. Бизнеске қатысты пайымдауды қажет ететін тапсырмалар, мысалы, Claude-қа жіберіледі. Ал сапалы суреттер қажет болса, GPT қолданылады және тағы сол сияқты.
– Claude, ChatGPT және басқа да ірі AI сервистері қазірдің өзінде кәдімгі жазылым аясында презентация жасай алады. Онда Perceptis-ке бөлек ақша төлеудің қажеті қанша?
– Дәл осы сұрақты қоятын клиенттерге біздің жауабымыз мынадай: бенчмарктерге қарап, өзіңізден «Маған ең сапалы презентация керек пе, әлде Claude жасап беретіні жеткілікті ме?» деп сұрап көріңіз. Егер екіншісі жеткілікті болса, онда сіз, бәлкім, біздің клиент емессіз. Ал барынша күрделі әрі сапалы презентация қажет болса, Perceptis-ті қолданудың мәні бар.
– Стартаптың алдағы жоспары қандай?
– Әзірге әрі қарай өсе бергіміз келеді. Компанияны сату немесе жаңа компаниялар ашу бізді қызықтырмайды. Бұл өнімді жақсы жасап жатқанымызды көріп отырмыз, сондықтан оны одан әрі дамытқымыз келеді.
Келесі қадам – презентацияны интерактивті ету. Яғни оны «сөйлесе алатын» құжатқа айналдырғымыз келеді. Оған сұрақ қоюға болады. Мысалы, диаграмманы басып, «Сатылым көлемі география бойынша қалай бөлінеді?» немесе «Осы болжамды басқа көрсеткішке өзгертсек, не болады?» деп сұрайсыз да, бірден жауап аласыз.
Қазір тәуелсіз бағалаулар бойынша сапа жағынан көш бастап тұрмыз. Бұл артықшылығымызды әрі қарай да сақтап қалуға тырысамыз, өйткені бәсекелестер де қарап отырған жоқ.