Ерсұлтан Жусакинов осыдан бес жыл бұрын Call2Action.ai сервисінің негізін қалады. Содан бері жоба айтарлықтай өзгерді: бастапқыда техникалық қолдау қызметінің көмекшісі болған өнім бүгінде АҚШ-та жүк көлігі жүргізушілерін іздеуге арналған платформаға айналды.
Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Ерсұлтанмен АҚШ-тағы көлік компанияларының неге жүргізушіні айлап іздейтіні, жасанды интеллект алғашқы сұхбаттарды қалай жүргізетіні және стартаптың бос жұмыс орындарын небәрі 72 сағатта жабуға қалай көмектесетіні туралы әңгімелестік.
«Қызметкерлерді іріктеу ісіне қайта-қайта араласудан шаршадым»
— Еңбек жолыңыз қалай басталды?
— Мен Алматы қаласынанмын. Мектептен кейін Қазақ-Америка университетінің колледжіне оқуға түстім. Кейін Алматы энергетика және байланыс университетінің Радиоэлектроника және байланыс факультетінде білім алдым. Сондай-ақ Англияда оқыдым. Қазақстанға оралған соң кәсіпкерлікпен айналыса бастадым.
Әртүрлі салада бизнес жүргіздім. Қателіктер де болды, қаржылай шығын да аз болған жоқ. Соңғы сегіз жыл бойы ІТ және электронды коммерция саласында еңбек етіп келемін: маркетплейсте тауар саттым, сайт әзірлейтін компанияларды, маркетинг және SEO агенттігін басқардым. Жобалардың бірі интернет-дүкен болатын. Онда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Еуропаның бірнеше еліне спорт тағамдарын, дәрумендер, үйге және көлікке арналған тауарлар саттық.
Бұл бизнесте сату және клиенттерге қолдау көрсету бөлімдерінде жалпы саны елуге жуық адам жұмыс істеді. Қызметкерлер жиі ауысты: шамамен әр алты ай сайын біреу жұмыстан кететін. Мұндай көрсеткіш бұл сала үшін қалыпты жағдай. Көпшілігі студенттер еді. Олар оқу мен жұмысты қатар алып жүрді және бізде ұзақ жұмыс істемейтінін басынан білетін. Бір сәтте стратегия жасап, жоспар құрып отырып, қайтадан қызметкер іздеумен айналысуға мәжбүр болудан шаршадым.
2021 жылға қарай командамызда бірнеше бағдарламашы болды. Солармен бірге күнделікті операциялық жұмыстар мен қызметкер жалдауға арналған қарапайым шешім жасап шықтық. Бұл жасанды интеллектке негізделген робот еді. Ол сату менеджері мен клиенттерді қолдау қызметінің бір бөлігін алмастырды. Тапсырыс рәсімделгеннен кейін жүйе клиентке өзі хабарласып, қала, жеткізу уақыты, тауар саны мен бағасы сияқты мәліметтерді нақтылайтын. Сондай-ақ сервис жұмысқа үміткерлерге қоңырау шалып, олардың еңбек тәжірибесі, орналасқан жері және басқа да деректерді сұрайтын. Алты айдан кейін бұрынғы елу адамның орнына отыз қызметкердің жеткілікті екенін түсіндік. Осылайша жеке өнім ретінде ұсынуға болатын бағдарламаны кездейсоқ жасап шықтық. Call2Action.ai солай дүниеге келді.
— Қазір жобаңыз мүлде басқа бағытқа бет бұрған. Ол АҚШ-та жүк көлігі жүргізушілерін іздеуге көмектеседі. Қалай өзгеріп кетті?
— Call2Action.ai-дың алғашқы нұсқасын Қазақстанда саттық. Өнімді «Қазақтелеком», «Қазпошта», OLX, гүл дүкендері, стоматологиялық клиникалар және жеткізу қызметімен айналысатын компаниялар пайдаланды. Сервис автоматты түрде клиенттерге қоңырау шалып, тапсырыс мәліметтерін нақтылайтын.
Бірақ Қазақстандағы нарықтың шағын екенін және ірі клиентпен келісімшартқа қол қою кейде бір жылға дейін созылатынын түсіндік. Сондықтан Call2Action.ai-ды басқа нарықтарға шығаруға шешім қабылдадық. Алдымен MENA аймағын сынап көрдік. Antler акселераторының алғашқы легіне қабылданып, үш ай Эр-Риядта тұрдым. Онда бюрократия көп, стартап экожүйесі біз үйренген ортадан өзгеше екен. Сол нарықта орныға алмадық.
Қазақстанға оралғаннан кейін 2024 жылы Astana Hub пен Silkroad Innovation Hub ұйымдастырған AlchemistX & Silicon Valley Residence бағдарламасына өттік. Бұл бағдарлама АҚШ нарығына шығуға көмектеседі. Бұл біз үшін бетбұрыс кезең болды. Бұған дейін АҚШ-қа төрт рет турист ретінде барғанмын. Сондықтан оның нарығы өте үлкен, табыстылығы жоғары екенін, адамдардың төлеуге мүмкіндігі де, дайындығы да барын білетінмін. Бірақ бәсекесі де оңай емес.
Содан кейін қандай өнім ұсына алатынымызды зерттей бастадық. Менің жүк тасымалы саласында таныстарым болды. Олармен сөйлесе жүріп, Call2Action.ai үшін жаңа бағытты анықтадық. Ол — жүргізушілерді іздеуге көмектесу.
«Жүргізушіні табу қиын, жоғалту оңай»
— Сырт көзге бұл мәселе түсініксіз. Неге жүк көлігі жүргізушісін табу қиын?
— Әуелі жалпы жағдайды айтайын. АҚШ-тағы жүк тасымалы нарығының көлемі бір триллион долларға жуық. Бұл салада 9 млн адам еңбек етеді (оның 3,5 млн-ы — жүргізушілер). Нарықта 580 мың компания жұмыс істейді. Жүктің 75 пайызы автокөлікпен тасымалданады. Қалған 25 пайызы теміржол мен әуе тасымалының үлесіне тиесілі.
Жүргізушілердің жұмыс орнын жиі ауыстыру деңгейі жыл сайын 80-100%-ға жетеді. Яғни олардың басым бөлігі шамамен әр он екі ай сайын басқа компанияға ауысады. Мұндай мамандарды LinkedIn немесе HeadHunter сияқты платформалардан табу қиын. Он адамның екеуінде ғана түйіндеме болуы мүмкін. Инвесторларға таныстырылым жасағанда әзілдеп: «Табуы қиын, жоғалту оңай» деген сөз дәл осы жүк көлігі жүргізушілеріне қатысты дейміз.
Бұл салада қызметкерді көбіне таныстық пен ұсыныс арқылы жұмысқа алады. Көп кездесетін жағдай мынадай: эмигрант АҚШ-қа 10-15 жыл бұрын көшіп келеді, біраз уақыт жүргізуші болып жұмыс істейді, ақша жинап, бірнеше жүк көлігін лизингке алып, өз компаниясын ашады. Кейін жүргізушіні көбіне өз елінен немесе туған өңірінен іздейді. Мысалы, Қазақстаннан барған кәсіпкер елдегі туыстары мен достарына хабарласып, Америкада жүргізуші болып жұмыс істеуге дайын адам бар-жоғын сұрайды. Бұл екі тарапқа да тиімді. Өйткені бұл жұмыс жоғары жалақы төлейді, әрі жұмыс беруші мен қызметкердің дүниетанымы ұқсас болады.
Алайда кейінгі кезде жағдай өзгерді. АҚШ билігі жаңа заң қабылдап, енді Америка азаматтығы немесе грин-картасы жоқ адамдар жүргізуші болып жұмыс істей алмайтын болды. Өйткені оларға CDL (Commercial Driver’s License) — жүк көлігі жүргізушілеріне міндетті лицензияны ұзартпайды.
Valverde компаниясының есебінше, жуық арада шамамен 250 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Демек дәл сонша бос жұмыс орны пайда болады. Ал жүк көліктері ұшақтар сияқты бос тұрмауы керек. Олар рейске шыққанда ғана табыс әкеледі. Бір тіркемелі жүк көлігінің бағасы шамамен $200 мың. Мұндай техниканы көбіне сатып алмай, лизингке алады. Егер жүргізуші болмаса, ай сайын шамамен $ 5 мың жоғалтасыз. Оның ішінде лизинг төлемі мен сақтандыру шығыны бар. Сондықтан компания иелері бос жұмыс орнын мүмкіндігінше тез толтыруға мүдделі.
Valverde компаниясының есебінше, жуық арада шамамен 250 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Демек дәл сонша бос жұмыс орны пайда болады. Ал жүк көліктері ұшақтар сияқты бос тұрмауы керек. Олар рейске шыққанда ғана табыс әкеледі. Бір тіркемелі жүк көлігінің бағасы шамамен $200 мың. Мұндай техниканы көбіне сатып алмай, лизингке алады. Егер жүргізуші болмаса, ай сайын шамамен $ 5 мың жоғалтасыз. Оның ішінде лизинг төлемі мен сақтандыру шығыны бар. Сондықтан компания иелері бос жұмыс орнын мүмкіндігінше тез толтыруға мүдделі.
«Жүргізушіні 72 сағатта тауып бере аламыз»
— Бірақ жүргізушілердің әлі де LinkedIn-де парақшасы жоқ. Онда үміткерлерді қалай тауып, жұмыс берушімен қалай байланыстырасыздар?
— Call2Action.ai — клиенттің, яғни тасымалдаушы компанияның талабына сай жүргізушілерді әлеуметтік желілерден іздейтін платформа. Сервис жарнаманы өте нақты баптау арқылы қажетті аудиторияны табады. Жүргізуші жарнаманы көріп, сауалнамадан өткен соң оған жасанды интеллект негізіндегі рекрутер хабарласып, қосымша ақпарат жинап, алғашқы сұхбатты өткізеді.
Қызметкерді жұмысқа қабылдау үш кезеңнен тұрады. Біз осы үш кезеңнің бәрін қамтимыз. Бірақ рекрутердің орнын алмастырмаймыз. Бірінші кезең — жүргізушіні іздеу. Екіншісі — сұхбат өткізу және үміткерлердің барлық кезеңнен қалай өтіп жатқанын бақылау. Қанша адаммен сұхбат жүргізілді, кім іріктеудің қай сатысында тұр — бәрі жүйеде көрінеді. Үшінші кезең — нақты адамның деректерін тексеру. Оның қанша құқық бұзушылығы бар, шағым түскен бе, өз кінәсінен жол апатына түскен бе, құжаттарының жағдайы қандай, елде заңды тұрып жатыр ма — осының бәрі тексеріледі. Бұл үшін лицензияланған сыртқы провайдерлермен біріктірілген жүйелерді пайдаланамыз. Олар заң талаптарына сәйкес деректерді жинап, өңдеп, нәтижесін өз сервистері арқылы береді.
Біз Meta мен Indeed.com компанияларының ресми серіктесіміз. Соның арқасында Meta экожүйесімен және басқа да жарнама платформаларымен тереңірек ықпалдастық орнаттық. Ресми API-ларға қол жеткізіп, жарнама науқандарын жүргізуде қауіпсіздік, тұрақтылық және өнімділік деңгейін арттырдық. Осыған ұқсас басқа сервистермен де келісімдеріміз бар. Call2Action.ai жүргізушілер жиналатын негізгі алаңға айналып келеді. Алгоритмдер, мақсатты жарнама және жасанды интеллект көмегімен клиент сұранысына сай үміткерлерді табамыз. Осылайша нақты аудиторияға бағытталған жұмыс жүргіземіз. Нәтижесінде CPL-ді, яғни бір лидті тарту құнын төмендетеміз. Бұрын 100 долларлық жарнама он өтінім әкелсе, қазір дәл сол қаражатқа клиент 30-дан 100-ге дейін өтінім алады. Сонымен қатар жасанды интеллект жүргізушіні алдын ала тексеріп, жарнаманың дәл қажетті аудиторияға көрсетілуіне мүмкіндік береді.
Соңғы алты айда 20 000 жүргізушіден тұратын дерекқор жинадық. Бұл әзірге көп емес. Бірақ база жүз мың адамға жеткенде Call2Action.ai-ды АҚШ-тың жүк тасымалы саласындағы HeadHunter-і деуге болады.
Біз компаниялардың рекрутерлеріне де көмектесеміз. Бұл салада әлі күнге дейін көпшілігі Excel кестесін пайдаланып, CRM жүйелерімен жұмыс істемейді. Ал оның пайдасы анық: жүргізушілердің мәртебесін, құжаттарын, құқық бұзушылықтарын және орындаған тапсырыстарын онлайн бақылауға болады. Бұдан бөлек, қауіпсіздік те күшейеді. Өйткені флешкаға көшірілген Excel кестесіне қарағанда, басқа компанияларға сіздің жүргізушілеріңізді тауып, өздеріне шақырып алу әлдеқайда қиын болады.
Біз жүргізушіні іздеуден бастап, барлық құжатқа қол қойып, көлік тізгініне отырғанға дейінгі бүкіл жұмысқа қабылдау процесін қамтамасыз етеміз. Ең жылдам расталған нәтиже — 72 сағат. Орташа есеппен жұмысқа қабылдау мерзімі компания талаптарына, өңірге және лайықты үміткерлердің қолжетімділігіне байланысты бірнеше күннен екі-үш аптаға дейін созылады. Сонымен қатар жұмысқа қабылдау шығынын азайтамыз. Қазір бұл салада бір жүргізушіні жалдау орта есеппен $1000-ға түседі. Ал Call2Action.ai жазылымы $500-ден басталады. Бұл қаржының өзіне 2-4 жүргізушіні жұмысқа алуға болады. Жарнама бюджеті бөлек төленеді.
Тағы бір нәрсені ерекше атап өткім келеді. Біз рекрутердің орнын баспаймыз. ChatGPT барлық маманның орнын алмастырмайтыны сияқты, біздің құрал да жүргізушіні іздеу мен жұмысқа қабылдау процесін тек жылдамдатады, жеңілдетеді және арзандатады.
— Тасымалдаушы компания немесе рекрутинг агенттігі таргет-жарнаманы өзі баптап, жасанды интеллект көмекшісін қоса алады ғой. Онда сіздердің өнімнің артықшылығы неде?
— Дауыстық жасанды интеллект — өнімнің бір ғана бөлігі. Ең маңыздысы — тұтас инфрақұрылым құру. Оған жарнама платформаларымен, CRM, ATS, телефония және үміткерлерді тексеру жүйелерімен интеграция жасау, іріктеу үдерісін автоматтандыру, жасанды интеллектіні CDL жүргізушілерінің ерекшеліктеріне бейімдеу және ондаған мың сұхбат пен нақты жұмысқа қабылдау нәтижесіне сүйене отырып алгоритмдерді үздіксіз жетілдіру кіреді.
Бұдан бөлек, тиімділік жеке технологиямен емес, бүкіл жүйенің үйлесімді жұмысымен анықталады. Яғни үміткерлерді сапалы тарту, оларды жылдам өңдеу, коммуникацияны автоматтандыру және жиналған деректердің көлемі шешуші рөл атқарады. Сондықтан мұндай шешімді қайталау жай ғана дауыстық жасанды интеллект қосып немесе таргеттелген жарнаманы баптаудан әлдеқайда күрделі.
«Жасанды интеллектің қатысуымен 10 мыңнан астам сұхбат өткізілді»
— Жүргізушілерді негізінен Instagram мен Facebook арқылы іздейсіздер. Сонда үміткер өзінің жүргізуші екенін, CDL лицензиясы барын және жүк көлігін жүргізу тәжірибесі барын көрсетуі керек пе? Әйтпесе жарнаманы көрмей ме?
— Жүргізуші алдымен шағын сауалнамасы бар жарнаманы көреді. Онда «Жүргізушісіз бе?», «Қанша жылдық тәжірибеңіз бар?», «Грин-картаңыз немесе АҚШ азаматтығыңыз бар ма?», «Ұзақ қашықтыққа қатынауға дайынсыз ба?» деген сұрақтар қойылады. Осыдан кейін үміткер біздің жүйеге түседі. Бес-он минуттың ішінде оған жасанды интеллект негізіндегі рекрутер хабарласып, қосымша сұрақтар қояды. Негізі бұл қысқа ғана алғашқы сұхбат. Жүйе үміткердің қай жерде тұратынын, қандай жүк көлігін жүргізетінін, қандай тіркемемен жұмыс істейтінін анықтайды. Өйткені кейбір жүк түрлерін тасымалдаудың өз ерекшелігі бар. Сонымен қатар ағылшын тілін қаншалықты меңгергенін де бағалайды. Одан кейін Call2Action.ai компания талаптарына сәйкес үміткерлерді саралап, ең қолайлы жүргізушілерді ұсынады.
— Жасанды интеллект қателесуі мүмкін ғой. Жақсы үміткерді байқамай қалу қаупін ескересіздер ме?
— Әрине, мұндай тәуекел бар. Бірақ жасанды интеллект үнемі үйреніп отырады. Біз үлкен тілдік модельдерді (LLM) жетілдіріп, жүйені жақсарту үшін нақты сұхбаттардың жазбаларын пайдаланамыз. Бүгінге дейін жасанды интеллекттің қатысуымен 10 мыңнан астам сұхбат өткізілді. Сондықтан Call2Action.ai жүргізушілердің сөйлеу мәнерін де, әңгіменің мазмұнын да жақсы түсінеді.
«Біз софт емес, жүк көлігінің бос тұрып қалу уақытын және қызметкер жалдау шығынын азайтуды саттық»
— АҚШ-тағы алғашқы клиенттерді қалай таптыңыз?
— Олар дәстүрлі жарнама арқылы келген жоқ. Алғашқы кезеңде тасымалдаушы компаниялардың иелерімен өзім жеке сөйлестім, сала мамандарымен таныстым, кәсіби іс-шараларға қатыстым, таныстардан ұсыныс сұрадым, өзім ондаған демо-кездесу өткіздім.
Ең үлкен мәселе — сенім еді. АҚШ-тағы тасымалдаушы компания өнімнің ішінде жасанды интеллект бар екені үшін ғана оны сатып алмайды. Компания иесіне ең маңыздысы — нақты мәселесін шеше ала ма, жоқ па. Қанша жүргізуші тауып бере аламыз, олар іріктеу процесіне қаншалықты жылдам қосылады және мұның бәрі қанша қаражат үнемдейді — соған қарайды.
Сондықтан өнімнің түсінікті артықшылықтарына басымдық бердік: жүргізушіні жылдам табу, алғашқы сұхбатты автоматты түрде өткізу, әлеуетті үміткерлерді жоғалтпау және бүкіл іріктеу процесін бір жерден бақылау. Яғни біз бағдарламаны емес, жүк көліктерінің бос тұрып қалу уақытын және қызметкер жалдау шығынын азайтуды саттық.
Алғашқы сатылымдардың маңызы ерекше болды. Өйткені сол арқылы клиенттің шын мәнінде қандай тілде сөйлейтінін, не қалайтынын түсіндік. Әр кездесуден кейін өнімді де, ұсынысты да, тіпті жасанды интеллект қоятын сұрақтарды да өзгертіп отырдық. АҚШ нарығы клиентке шын мәнінде не қажет екенін, ал ненің тек стартап негізін қалаушының ойында ғана бар екенін өте тез көрсетеді.
— Қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
— Алғашқы қиындықтардың бірі — Қазақстаннан шыққан ешкім танымайтын стартап болуымыз. АҚШ-та сенің өз еліңде қаншалықты табысты болғаның ешкімді қызықтырмайды. Мұнда бәрін нөлден бастайсың: бедел жоқ, байланыс жоқ, танымал бренд жоқ. Екінші қиындық — саланы өте терең меңгеру қажеттігі. АҚШ-тағы жүк тасымалы индустриясының өз тілі, өз жұмыс тәртібі, өз заң талаптары және жүргізушілер мен тасымал түрлерінің ондаған санаты бар. Owner-operator мен company driver-дің айырмашылығын, trailer type дегеннің не екенін, неге бір жүргізуші бір компанияға сай келеді де, екіншісіне сәйкес келмейтінін түсінбейінше, клиент сені байыпты қабылдамайды.
Үшінші мәселе — қателіктің өте қымбатқа түсуі. АҚШ-та қызметкерлердің жалақысы да, бағдарламаны әзірлеу, маркетинг пен сатылым шығындары да жоғары. Егер өнім нарық сұранысына дәл келмесе, ақша тез таусылады. Сондықтан клиенттермен үнемі сөйлесуге, өнімді жылдам өзгертуге және пайда әкелмейтін функциялардан бас тартуға тура келді. Бірақ бұған кеткен күш толықтай ақталды. Шағын нарықта табысты жергілікті бизнес құруға болады. Ал әлемдік деңгейдегі компания қалыптастыру әлдеқайда қиын. АҚШ-та егер шешімің нақты нәтиже берсе, клиент оған ақша төлеуге дайын.
Мен алдымен басқа елде ірі өнім жасап алып, кейін оны Америкаға шығару оңайырақ болады деген пікірге сенбеймін. Көп жағдайда АҚШ нарығына шыққанда бәрібір бәрін қайтадан нөлден бастауға тура келеді. Себебі клиент басқа, бәсекелестік басқа, сату моделі де, күтілетін нәтиже де өзгеше.
Егер үлкен компания құрғыңыз келсе, сол мақсаттағы нарыққа мүмкіндігінше ертерек барған дұрыс. Әрине, бұл қиынырақ, қымбатырақ әрі психологиялық тұрғыдан ауырлау. Бірақ дәл осы жерде бізге бұрын жетіспеген кері байланыстың, жылдамдықтың және ауқымды ойлаудың деңгейіне қол жеткіздік.
«$120 мың өз қаражатымды салдым, тіпті көлігімді сатуға тура келді»
— Өніміңіздің бағасы қанша? Баға неге байланысты өзгереді?
— Дайын пакеттердің бағасы айына $500-ден $2000-ға дейін. Ірі клиенттер үшін жеке шарттар қарастырылады, олардың бағасы келіссөз барысында анықталады. Айына $5000 төлейтін компаниялар да бар.
Пакеттердің айырмашылығы — компания қанша қызметкер жалдайтынына, клиенттің ауқымына және қандай мәселелерді шешуі қажет екеніне байланысты. Мысалы, бір компанияның аккаунтында ештеңе бапталмаған болуы мүмкін, ал екіншісіне тек жарнаманың параметрлерін аздап түзету жеткілікті.
— Компания қазір пайда тауып жатыр ма?
— Иә, өткен айдан бастап. Қазір ай сайынғы тұрақты табысымыз (MRR) шамамен $50 мыңды құрайды. Бізде жүзден астам клиент бар. Олардың көбі елуге жуық жүк көлігі бар компаниялар. Ал Call2Action.ai командасында шамамен 12 адам жұмыс істейді.
— Компанияны бұрынғы бизнестен түскен қаржымен дамытып жатырсыздар ма, әлде инвестиция тарттыңыздар ма?
— 2024-2025 жылдары шамамен $120 мың өз қаражатымды салдым. Тіпті көлігімді сатуға тура келді.
2025 жылдың соңында pre-seed инвестициялық кезеңін аяқтап, компанияның бағалануы $6 млн болған кезде $500 мың инвестиция тарттық. Негізгі инвестор — MOST Ventures. Сонымен қатар Өзбекстан мен АҚШ-тағы бизнес-періштелер де қаржы салды.
Қыркүйекте келесі инвестициялық кезеңге дайындалып жатырмыз. $4-5 млн тартуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде бірнеше алдын ала келісім бар.
— АҚШ-тағы инвесторлар туралы айтып өттіңіз. Олармен келіссөз қалай өтті? Не нәрсеге көбірек мән береді?
— Олар алдыңғы инвестициялық кезеңге де қатысқан. Жаңа кезеңде де АҚШ инвесторларын тартуды жоспарлап отырмыз.
Мұндай келіссөздер өте нақты мәселелер төңірегінде өтеді. Көбіне идеяның өзінен гөрі бизнестің жұмыс істеп тұрғанының дәлелдері маңыздырақ. Олар табыстың өсіміне, клиенттердің сақталуына, бір клиентті тарту құнына, нарық көлеміне, командаға және негізін қалаушының жоспарды қаншалықты жылдам орындай алатынына қарайды.
Сонымен бірге инвесторлар негізін қалаушының нарықты қаншалықты терең түсінетінін мұқият бағалайды. Жүк тасымалы нарығы өте үлкен деу жеткіліксіз. Шешімді кім қабылдайды, келісім жасауға қанша уақыт кетеді, клиент неге қалады, неге кетуі мүмкін және компания он есе қалай өседі — осының бәрін нақты түсіндіру керек.
Тағы бір маңызды ерекшелік — америкалық инвесторлар тек қазіргі өнімге емес, компанияның ұзақ мерзімді мақсатына да назар аударады. Олар үшін жүк тасымалы соңғы мақсат емес, ауқымды платформа құруға бастайтын алғашқы нарық болуы тиіс. Сондықтан біз жұмысты жүк көлігі жүргізушілерінен бастайтынымызды, ал болашақта басқа да жұмысшы мамандықтарға қызметкер қабылдау процесін автоматтандырғымыз келетінін түсіндіреміз.
Талаптары өте жоғары. Инвесторлар нақты әрі ашық көрсеткіштерді, жедел жауаптарды, жақсы дайындалған data room-ды (деректер сақталатын ортаны) және тәуекелдерді толық түсінуді күтеді. Олар клиенттердің кетуі, маржа, бәсекелестер, компанияның заңдық құрылымы туралы ондаған сұрақ қоюы мүмкін. Бірақ мұның бәрі пайдалы тәжірибе. Осындай келіссөздерден кейін өз бизнесіңді бұрынғыдан да жақсырақ түсіне бастайсың.
«Канада мен Мексика нарығына шығуды ойластырып отырмыз»
— Бұл салада жүргізушілерден бөлек механик, жүк тиеуші, қойма қызметкері сияқты мамандар да көп. Болашақта соларды іздеуге де шығасыздар ма?
— Жүк тасымалы — біздің алғашқы бағытымыз ғана. Біз тасымалдаушы компаниялардың негізгі мәселесін таптық деп ойлаймыз және жұмысшы мамандықтарға арналған HeadHunter болғымыз келеді.
Қазірдің өзінде moving-индустриясында жұмыс істейтін клиенттеріміз бар. Бұл — адамдардың үйін немесе кеңсесін көшіруге көмектесетін сала. Болашақта құрылыс, Amazon мен Walmart секілді компаниялардың қойма жүйесі сияқты бағыттарға шығуды да қарастырып отырмыз. Бұл салаларда сенімді адамдар әрдайым қажет әрі оларды табу оңай емес.
— Басқа елдердің нарығына шығу жоспарда бар ма?
— Канада мен Мексикаға шығуды ойлап жүрміз. Бұл нарықтар АҚШ-қа ұқсас: аумағы үлкен, автокөлікпен жүк тасымалы кең дамыған. Болжам бойынша, бұл жоспар 2027 жылдың соңына қарай жүзеге асады.
— Компанияның болашағын қалай елестетесіз? Тәуелсіз бизнес болып қалғыңыз келе ме, әлде Amazon немесе Walmart сияқты алып компаниялардың сатып алуына қарсы емессіз бе?
— Табысты стартап негізін қалаушының жетістігі оның қанша экзит жасағанымен өлшенеді. Бізде де сондай жоспар бар. Әрине, бұл жақын арада болмайды. Егер төрт-бес жылдан кейін жүзеге асса, жақсы нәтиже деп есептеймін. Менің ойымша, бізге Workday, Deel, Rippling, Indeed сияқты ірі HR-tech компаниялары немесе USPS, Uber Freight, DHL секілді логистика саласының алпауыттары қызығушылық танытуы мүмкін. Олар біздің шешімді сатып алып, өз экожүйесіне енгізе алады.
— Егер Call2Action.ai-ды қайтадан нөлден бастауға мүмкіндік болса, нені басқаша істер едіңіз?
— АҚШ сияқты жаһандық нарыққа әлдеқайда ертерек шығар едім. Қазақстанда табысты стартап құрып алып, кейін оны әлемдік нарыққа оңай масштабтауға болады дегенге сенбеймін. Қай елге барсаңыз да, бәрібір бәрін қайтадан нөлден бастауға тура келеді.