Контент жасауға арналған AI-платформаға $85 мың инвестициялаған әзербайжандық стартап Microsoft пен Cloudflare қолдауына ие болды

Теймур Куцеба 19 жасында АҚШ-тағы инвестициядан бас тартқан. Арада бірнеше жыл өткен соң ол серіктестерімен бірге Әзербайжанда InnMedia стартапын іске қосты. Жоба контент маркетингі мен редакцияның жұмысын толықтай автоматтандыруды мақсат етеді.

Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасына арнайы берген сұхбатында Теймур контент өндіруге арналған платформаның қалай жұмыс істейтінін, стартаптарға өз тілдік моделін жасаудың не үшін қажет емес екенін, AI іздеу нәтижесіне шығатын материалды қалай жазу керектігін және InnMedia жаңа нарықтарға қалай шығуды жоспарлап отырғанын айтып берді.

«19 жасымда-ақ Кремний алқабында жұмыс істеуіме болатын еді» 

– Өзіңіз туралы айтып беріңізші. InnMedia-ға дейін немен айналыстыңыз? 

– 2014 жылы Әзербайжан мемлекеттік мұнай және өнеркәсіп университетін «Биомедициналық инженерия» мамандығы бойынша тәмамдадым. Кейін MBA дәрежесін алдым, Жаңа Зеландиядағы Waikato университетінде үлкен деректерді визуализациялау бағыты бойынша онлайн оқыдым. Бірақ кәсіби жолым әрдайым технология, сату, маркетинг және басқару салаларының тоғысқан тұсында өрбіді.

Еңбек жолымды BeSmart жеңілдіктер мен купондар ұсынатын онлайн-платформада сатудан бастадым. Кейін Әзербайжанда Lalafo маркетплейсін іске қостым, одан соң Carlsberg компаниясында аналитик болып жұмыс істедім.

Бірнеше жыл бойы IFRC – Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамдарының халықаралық федерациясында фандрайзинг, маркетинг және цифрлық өнімдер бағытында еңбек еттім. Бұл ұйымға келуіме көбіне эмоция әсер етті: дәл сол кезеңде COVID-19 пандемиясы мен өңірдегі әскери қақтығыстар қатар келді.

Сонымен қатар стартаптар мен өз бизнесімді қатар дамыттым. Айтпақшы, алғашқы питчімді 2012 жылы Кремний алқабындағы Google кеңсесінде жасадым.

– Ол қандай стартап еді және Google-ға қалай бардыңыз? 

– Адам жүрген кезде пайда болатын кинетикалық энергияның көмегімен пауэрбанкті тоққа қоспай қуаттайтын тәсіл ойлап таптым. Осы жобамен Әзербайжанда бірнеше стартап байқауында жеңіске жеттік. Соның нәтижесінде АҚШ-та тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алдық. Oracle мен MIT-те болдық, бірақ уақытымыздың басым бөлігі Кремний алқабындағы Google кеңсесінде өтті. Сол жерде инвесторлардың алдында ағылшын тілінде алғашқы питчімді жасадым.

– Ол стартап неге жүзеге аспай қалды?  

– Темір құрылғылар өндіретін америкалық компания жобаға қызығушылық танытты. Олар маған АҚШ-қа көшуді ұсынды: тұратын үйді, көшу шығындарын, техникалық шығындарды өз мойнына алып, жобаға инвестиция салуға дайын болды. Жобаны толық сатып алып, мені CEO ретінде қалдырмақ болды.

Бірақ мен, көптеген жас фаундер секілді, өз идеяма тым жоғары баға бердім. Миллиондаған доллар күттім, ондай ұсыныс болған жоқ. Содан кейін «қарын тойдыру үшін жұмыс істегенше, сызбаларды интернетке жариялап жіберемін» дедім.

Қазір ойласам, қандай мүмкіндікті жіберіп алғанымды түсінемін. 19 жасымда-ақ Кремний алқабында жұмыс істеуіме болатын еді. Бірақ ол кезде аздап ерке болдым. Спорттың арқасында (академиялық ескек есуден Әзербайжанның жеті дүркін чемпионымын, жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионымын, әлем чемпионатының финалисімін) әрбір бір жарым ай сайын шетелге шығып, дүниенің жартысын аралап үлгерген едім. Сондықтан АҚШ-қа көшу мен үшін аса құнды мүмкіндік болып көрінбеді.

«Журналист журналист болып қалуы керек, промпт жазудың маманына айналмауы тиіс» 

– InnMedia идеясы қалай дүниеге келді?  

– 2020 жылы маркетинг агенттігін құрдым. Сол кезде бір қызық жайтқа көзім жетті: әлемдегі көптеген БАҚ әлі күнге дейін ескірген жұмыс тәсілін қолданып келеді. Бір ғана контент жасау үшін бірнеше құрал мен бірнеше маман қажет болады: біреуі ақпарат іздейді, екіншісі тексереді, үшіншісі мәтін жазады, төртіншісі аударады. Одан кейін дизайнер макет әзірлейді, оператор видео түсіреді, монтажер оны өңдейді және осылай жалғаса береді. Яғни шығармашылықтан гөрі ақпаратты бір адамнан екіншісіне жеткізуге көбірек уақыт кетеді.

Содан: «Неге автокөлік өндірісі, логистика, қаржы операциялары автоматтандырылып жатыр, ал контент өндірісі әлі күнге дейін автоматтандырылмаған?» деген ой туды.

Осылайша 2023 жылы InnMedia идеясы пайда болды.

– InnMedia-ның мәні неде? Жоба қандай мәселені шешеді? 

– Компания мәтін жазуға, сурет жасауға, видео әзірлеуге, дыбыстауға арналған әртүрлі нейрожелілерді, жариялауға арналған CMS жүйесін, құжат сақтауға ERP жүйесін, клиенттермен жұмыс істеуге CRM жүйесін, бұлтты сақтау қызметін, аналитика мен контентті таратуға арналған қосымша сервистерді қатар пайдалануы мүмкін. Соның салдарынан бір-бірімен байланыспайтын көптеген құрал пайда болады. Олардың бәрін басқару қиын.

InnMedia осының бәрін бір жүйеге біріктіреді. Платформа ақпаратты анықтай алады, деректерді жинайды, талдайды, дереккөздерді тексереді, материал әзірлейді, мәтіннің бірнеше нұсқасын, сурет, аудио және видео жасайды, контентті әртүрлі арна мен тілге бейімдейді, кейін оны адамға бекітуге жолдайды және соңында жариялайды.

Яғни біз шешіп отырған негізгі мәселе – контент өндірісіндегі операциялық күрделілік. Барлық жұмыс бір ғана дашборд ішінде атқарылады. Бұл бухгалтерияға да ыңғайлы: әртүрлі сервистерге ондаған жазылымның ақысын төлеудің орнына, ай сайын бір ғана шот төленеді.

– Мұндай жүйе кімдерге қажет? 

– Бастапқыда өнімді медиа мен баспа компанияларына арнап жасадық. Бірақ кейін оның аудиториясы әлдеқайда кең екенін түсіндік. Контент тұрақты жұмыс процесінің бір бөлігі болып саналатын кез келген ұйымға қажет. Олар – БАҚ редакциялары, коммуникация агенттіктері, ірі компаниялардың маркетинг бөлімдері, суперапптар, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар және тағы басқалар. Біздің өнім орта және ірі бизнеске арналған. Аптасына Instagram-ға екі пост қана жариялайтын шағын кофеханаға мұндай жүйенің қажеті жоқ. Бұл азық-түлік алуға танкпен барғанмен бірдей.

– Компаниялар InnMedia-ны қалай пайдалана алады? 

– Мысал ретінде сауда саласын алайық. Компанияға бірнеше мың жаңа тауар келді делік. Әр өнімге сипаттама, тауар карточкасы, көрнекі материалдар, жарнамалық мәтін, қысқа видео әзірлеу қажет. InnMedia өнім туралы бастапқы ақпаратты алып, компания бекіткен талаптарға сай бүкіл контентті автоматты түрде жасап береді.

Бірнеше брендпен жұмыс істейтін жарнама агенттіктері үшін InnMedia әр брендтің tone of voice ерекшелігін, визуалдық талаптарын, өнімнің ерекшелігін және келісу рәсімдерін ескере отырып материал дайындай алады.

Ал мемлекеттік органдарда ресми құжаттың негізінде пресс-релиз, FAQ, әлеуметтік желіге арналған жазба, инфографика, аудионұсқа және бірнеше тілдегі материалдар әзірлейді.

– Бұл процесте адамның рөлі қандай? Промпт жаза ма? 

– Жүйені әзірлегенде әр адам өз ісімен айналысуы керек деген қағиданы негізге алдық. Журналист журналист болып қалуы керек, промпт жазудың маманына айналмауы тиіс. Пайдаланушы жасанды интеллектімен тікелей жұмыс істемейді және промпт жазбайды. Оның бәрі жүйенің өзіне енгізілген. Пайдаланушы интерфейске кірген кезде дайын контентті көреді. Оның міндеті – материалды тексеріп, қажет болса түзетіп, бекіту ғана.

Бірақ бұл үшін алдымен жүйені нақты компанияға бейімдеу қажет. Біз компанияның ішкі ережелерін жинаймыз, tone of voice ерекшелігін, жариялау талаптарын, дереккөздерін және келісу рәсімдерін зерттейміз. Соның негізінде модельдердің жұмысын, деректерді сақтау инфрақұрылымын, ақпаратты өңдеу жүйесін және қауіпсіздік параметрлерін баптаймыз.

Сонымен қатар әр ұйым үшін маңызды ақпарат көздерін жүйеге қосамыз. Мысалы, редакция үшін бұл әлемдік БАҚ-тың жаңалықтар таспасы, мемлекеттік порталдар мен заңнамалық актілер базасы болса, бизнес үшін ішкі құжаттар, тауар каталогтары, CRM немесе басқа да жүйелер болуы мүмкін. Платформа бұл дереккөздерді тәулік бойы бақылап, қажет болған жағдайда тиісті процесті автоматты түрде іске қосады. Мәселен, маңызды жаңалық шықса, редакторға арналған материал дайындайды, ал жаңа тауар қосылса, оның сипаттамасын, көрнекі материалдарын және түрлі арнаға арналған мәтіндерін әзірлейді.

– Мұндай контенттің сапасы қандай болады? 

– Ең алдымен және ең маңызды кезең – ақпараттың шынайылығын тексеру. Бұл процесс бізде он кезеңнен тұрады. Жасанды интеллект ақпаратты талдап, оны өзге дереккөздер мен әлеуметтік желілердегі мәліметтермен салыстырады. Егер ақпарат расталса, жаңалық тексерілген деп белгіленеді, ал расталмаса, жүйе оны автоматты түрде алып тастайды.

Осыдан кейін ғана контент жасала бастайды. Мәтін бірден қажетті тілдерде әзірленеді және редакцияның саясатына, стиліне, рұқсат етілген сөз қолданысына сай қалыптастырылады. Дәл осы кезеңде материал AI іздеу нәтижесіне бейімделеді (GEO-оңтайландыру).

– GEO-оңтайландыруға не үшін басымдық беріп отырсыздар? 

– Қазір адамдардың контент тұтыну тәсілі өзгерді. SEO бұрынғыдай тиімді емес, органикалық трафик азайып келеді және бұл үрдіс жалғаса береді. Пайдаланушылар ақпаратты енді жасанды интеллект берген жауаптар арқылы көбірек ала бастады. Көпшілік жарияланымды AI жүйелеріне бейімдеуге тырысады. Бірақ бұл нәтиже бермейді. Себебі GEO-оңтайландыруды мәтін дайын болғаннан кейін емес, оны жазу барысында ғана жасауға болады. Мұның себебі мынада: AI жүйелері пайдаланушының сұрағына жауап бергенде есептеу қуаты мен токен шығынын барынша азайтуға тырысады. Егер мәтін модель үйренген құрылымдарға сай жазылмаса, ол оны елемейді. InnMedia-да біз үлкен тілдік модельдердің (LLM) оқыту үлгілеріне табиғи түрде сәйкес келетін контент жасаймыз. Соның арқасында материалдарымыз AI іздеу нәтижесінде көрсетіледі.

«Жеке жасанды интеллект моделін жасаудың коммерциялық тұрғыдан еш мәні жоқ» 

– InnMedia-ны сізбен бірге тағы кімдер дамытып жатыр? 

– Менен бөлек тағы екі кофаундер бар. Бірақ олар көпшілік алдына шыққанды қаламайды. Командадағы міндеттер нақты бөлінген. Соның арқасында негізгі бағыттардың бәрін қамти аламыз. Бір серіктесімнің IT саласында 15 жылдық тәжірибесі бар, ал екіншісі – мұнай саласынан келген қаржы маманы.

Тұрақты командамызда 10 адам жұмыс істейді. Қарбалас кезеңдерде фриланс мамандарды тартып, қызметкерлер санын 20 адамға дейін көбейтеміз.

– Қандай LLM модельдерін қолданасыздар?

– OpenAI, Google, xAI, Anthropic және DeepSeek секілді модельдермен жұмыс істейміз. Бірақ InnMedia-ның басты артықшылығы белгілі бір модельдің өзінде емес. Біз әртүрлі LLM-дерді тиімді үйлестіретін жүйе құрдық. Қай модель қай кезде, қандай контекстпен және қандай дереккөздерге сүйеніп жұмыс істеуі керек – соның бәрін жүйе өзі басқарады. Контентті конвейерлік тәсілмен өндіру мен өңдеуге арналған, Microsoft Azure экожүйесінде құрылған AI-оркестрация технологиямызға қазір Орталық Азияның бірнеше елінде халықаралық патент рәсімдеп жатырмыз. Бұл технологиямызды көшіруден қорғауға мүмкіндік береді.

– Жеке модель жасаудың орнына неге дайын LLM модельдерін пайдалануды таңдадыңыздар?

– Оның қажеті қанша? Өз моделіңді жасау үшін ондаған миллион доллар, сирек кездесетін отызға жуық маман және бірнеше жыл уақыт керек. Оның үстіне коммерциялық тұрғыдан мұның ешқандай тиімділігі жоқ. Себебі бұл сала өте жылдам дамып жатыр.

Біз нарықтағы ең үздік шешімдерді қолданамыз. Мұны автокөлікпен салыстыруға болады. LLM – жетекші өндірушінің қозғалтқышы секілді. Қозғалтқыш жетілдірілген сайын көлік те жақсара береді және оған біз қосымша шығын шығармаймыз.

– Әзірлеу барысында ең қиын болғаны не?

– Мәселе жасанды интеллектіге мақала жазуды үйретуде емес. Ең қиыны – сенімді жүйе құру. Дереккөздермен қалай жұмыс істейміз? Қайталанатын ақпаратты қалай болдырмаймыз? Көптілді процестерді қалай құрамыз? Қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етеміз? Қызметтердің бірі істен шықса не болады? Қай кезеңде адамның растауы қажет? Осындай мәселелердің бәрін шешу оңай болған жоқ.

Екінші қиындық әзірлеуге емес, әлеуетті клиенттермен жұмысқа қатысты болды. Көптеген компания әлі күнге дейін жасанды интеллектіні енгізу деген – ChatGPT-ге бірнеше жазылым сатып алу деп ойлайды. Кейде AI құралы мен компанияның барлық жұмыс процесіне жасанды интеллектіні толық енгізудің айырмашылығын ұзақ түсіндіруге тура келеді.

«Стартаптың алғашқы кезеңінде клиентпен міндетті түрде негізін қалаушының өзі сөйлесуі керек»

– Қазір InnMedia-ны кімдер пайдаланып жатыр?

– Қазір жеке компаниялардан да, мемлекеттік сектордан да тапсырыс алып жатырмыз. Келісімшарттарымызда құпиялылық туралы талап (NDA) қатаң көрсетілген, сондықтан клиенттердің атын айта алмаймын. Тек олардың қатарында қауіпсіздік саласындағы бір мемлекеттік құрылым, ірі суперапп, бірнеше танымал БАҚ және қоғам пікірін қалыптастыру үшін медиа ресурстарды пайдаланатын B2B және B2C компаниялары бар екенін ғана айта аламын.

Сонымен қатар TECHXƏBƏR атты өз порталымыз бар. Онда технологияларымызды сынақтан өткіземіз әрі платформаның мүмкіндіктерін көрсететін шоурум ретінде пайдаланамыз.

Қазір Қазақстандағы медициналық клиникалар желісімен, алкоголь индустриясының өкілдерімен, танысу платформасымен және ірі e-commerce агрегаторымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Әр салада InnMedia-ны қолданудың өз мүмкіндігі бар: жаңалық жасауға, тауар карточкаларын дайындауға немесе танысу сервистеріне арналған анкеталарды әзірлеуге болады.

Біз нақты жобалардың көрсеткіштерін есептеп көрдік. InnMedia қолданылғанда бір контент бірлігінің құны 62 есе төмендейді, ал өндіріс жылдамдығы 24,6 есе артады. Контенттің құны 70 пайызға азаяды (бір мультиформатты контент бірлігі 2,69 доллардан басталады), ал CAC (Customer Acquisition Cost – клиент тарту құны) 2-4 есе төмен болады.

– Егер осындай контент-зауыт жасап шықсаңыздар, неге медиа нарығын жаулап алмайсыздар?

– Бір үлкен зауыт салуға болады. Немесе әлемдегі мыңдаған зауытқа арналған жабдық шығаруға болады. Біз екінші жолды таңдадық. Өйткені контент өндіру, басқару және таратуға арналған инфрақұрылымның әлемдік нарығы медиа нарығынан әлдеқайда үлкен.

– Алғашқы клиенттерді қалай таптыңыздар? Қазір қандай арналарды пайдаланасыздар?

– Алғашқы клиенттер жеке таныстық пен тікелей сатудың арқасында келді. Меніңше, стартаптың алғашқы кезеңінде бұл – ең дұрыс жол. Негізін қалаушының өзі клиентпен сөйлесуі керек. Әйтпесе нарықтағы нақты мәселе мен өнімнің арасына тым көп делдал түсіп кетеді.

Қазір барлық мүмкін арнаны пайдаланамыз. Шешім қабылдайтын адамдарды LinkedIn, Instagram және ортақ таныстар арқылы іздейміз, салалық конференцияларға қатысамыз. Бұған қоса ауыздан-ауызға тарайтын ұсыныстар да нәтиже бере бастады. Жақында бізге Қырғызстан мен Әзербайжан компаниялары біреудің ұсынысымен хабарласа бастады.

Сонымен бірге ірі жүйелік IT-интеграторлармен және дистрибьюторлармен серіктестікті дамытып жатырмыз. Белгілі бір елдерде өнімімізді сатуға лицензия береміз. Қазір осы бағытта әлемге әйгілі брендтердің бірімен келіссөз жүргізіп жатырмыз.

«Платформа тәулік бойы жұмыс істейді, ауырмайды және жұмыстан кетпейді»

– Қалай табыс табасыздар? 

– Бізде бірнеше деңгей бар. Алғашқысы – интеграциялау және енгізу жұмыстары. Екіншісі – пайдаланылған ресурстар үшін тұрақты төлем. Сондай-ақ шешімімізді white label үлгісімен, яғни басқа брендтің атынан ұсына аламыз немесе InnMedia-ның жекелеген функцияларын басқа өнімнің құрамына енгізетін инфрақұрылымдық модель бойынша жұмыс істейміз. Ал қауіпсіздік пен деректерді бақылауға қойылатын талаптары жоғары ұйымдар үшін жүйені олардың өз серверлеріне орналастырып береміз.

– Платформаны пайдалану айына орта есеппен қанша тұрады?

– Бағасы әр клиент үшін жеке есептеледі. Ол трафик көлеміне, серверге түсетін жүктемеге және қауіпсіздік талаптарына байланысты. Орта есеппен біздің жүйе он адамның жұмысын атқарады, бірақ құны төрт-бес қызметкердің жалақысымен шамалас. Оның үстіне платформа тәулік бойы жұмыс істейді, ауырмайды, жұмыстан кетпейді және оған жұмыс орны қажет емес.

Егер нақты сома туралы айтсақ, B2B сегментінде платформаны пайдалану айына$2 мыңнан басталады.

– Қазіргі табыс қандай?

– Нақты соманы жарияламаймын. Қазір біз ерте коммерцияландыру және ауқымды кеңею кезеңіндеміз. Түскен табыстың едәуір бөлігі өнімді дамытуға, инфрақұрылымды жетілдіруге және жаңа нарықтарға шығуға қайта инвестицияланып жатыр. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – мүмкіндігінше жылдам өсу.

– Жоба өзін ақтай бастады ма?

– Егер зерттеу мен әзірлеуге кеткен бастапқы шығындарды есептемесек, операциялық тұрғыдан шығынсыз жұмыс істеуге жақындадық. Ол үшін тағы екі-үш ірі келісімшарт жасасу жеткілікті. Ал бастапқы ғылыми-зерттеу және әзірлеу шығындары әзірге толық өтелген жоқ. Сондықтан салынған инвестицияның толық қайтарылуына әлі уақыт қажет.

«Стартап Google, Microsoft, Amazon, NVIDIA немесе әлемдік жаңалықтар холдингі сатып алатын "юникорнға" айналады»

– Стартапқа қанша инвестиция салынды?

– Жалпы көлемі $85 мыңнан асты. Соның $35 мыңы – өз қаражатым, қалған $50 мыңы – бизнес-періштелердің инвестициясы.

Бұдан бөлек, айтарлықтай инфрақұрылымдық қолдау алдық. InnMedia Microsoft for Startups бағдарламасы арқылы Azure қызметіне $150мың, ал Cloudflare for Startups бағдарламасы арқылы Cloudflare қызметіне $25 мың кредитке ие болды.

– Қазір жобаға инвестиция қажет пе?

– Келесі кезеңде SAFE (Simple Agreement for Future Equity – инвестор стартапқа қаржы салып, болашақта компанияның үлесін алуға құқық беретін келісім – Digital Business ескерт.) арқылы шамамен $250мың инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл қаражат бізге ауқымды кеңеюді жеделдету үшін қажет. Қазір нарықтарды мүмкіндігінше тез игеру маңызды.

– Қандай нарықтарға шығуды көздеп отырсыздар?

– Қазір Әзербайжанда жұмыс істеп жатырмыз, Қазақстан нарығына кіріп жатырмыз. Кейін Өзбекстанға, Қырғызстанға, Грузияға және Түркияға шығуды жоспарлап отырмыз. Бұл нарықтардың мәдениеті мен жұмыс ерекшелігін жақсы түсінеміз. Экспансияға дайындалып, жергілікті стартап экожүйесімен байланыс орнату үшін қазір Astana Hub пен Google for Startups ұйымдастырған Silkway Accelerator халықаралық акселерациялық бағдарламасының жетінші легіне қатысып жатырмыз.

Өңірлік кезеңге алты ай уақыт жоспарлап отырмыз. Одан кейін халықаралық ауқымды нарықтарға шығамыз. Түпкі мақсатымыз – Еуропалық одақ, Қытай және АҚШ нарығы.

– Бәсекелестеріңіз кім?

– Көптеген компания бізбен контент өндірісінің белгілі бір кезеңінде ғана бәсекелесе алады. Мысалы, Jasper маркетинг командаларына арналған AI-платформалар мен агенттерді дамытып жатыр. Arc XP редакциялар мен баспа саласына арналған AI-көмекшілерді енгізуде. Brightspot CMS және цифрлық баспа платформаларының құрамында AI функцияларын жетілдіріп келеді.

Ал Орталық Азияда осы бағыттағы жалғыз стартап бізбіз. Өңірде біздің тұжырымдамамызға толық сәйкес келетін жоба әзірге көріп тұрған жоқпын.

– Бірнеше жылдан кейін стартапты қалай елестетесіз?

– Google, Microsoft, Amazon, NVIDIA немесе әлемдік жаңалықтар холдингтерінің бірі сатып алатын «юникорнға» айналады деп ойлаймын. Бізде нақты экзит-стратегия бар және компанияның болашақ сатып алушы үшін несімен тартымды болатынын жақсы түсінеміз.

100 стартапов Центральной Евразии