Алматылық Екатерина Рехерт мамандығы бойынша экономист болғанымен, мансабын деректер талдауы саласында қалыптастырды. Ол Microsoft пен Kolesa Group компанияларында жұмыс істеген, ал 2019 жылы аналитиктерге арналған DataBoom онлайн-мектебін ашты. Бүгінде онда 40 елдің мамандары білім алады.
Digital Business пен Astana Hub-тың «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» бірлескен жобасы үшін Екатерина демалыс күндері өткізілетін бір курстың қалай халықаралық IT-мектепке айналғанын, неліктен командасын екі есе қысқартуға шешім қабылдағанын және жылына 400 миллион теңгеден астам табысқа қалай жеткенін айтып берді.
«2019 жылы түлектерді қолдан-қолға тигізбей алып кететін»
– DataBoom іске қосылғанға дейін немен айналыстыңыз?
– Мектептен кейін ҚБТУ-ға грантпен түсіп, экономист мамандығы бойынша білім алдым. Кейін Mars және Procter & Gamble компанияларында жұмыс істедім. Одан соң E2 Educational Services ұйымының Орталық Азияның жас көшбасшыларына арналған америкалық бағдарламасына іріктеуден өттім. Алдымен Wimmer Solutions IT-консалтингтік компаниясында Data/Business Intelligence талдаушысы болып еңбек еттім. Бұл компания Microsoft үшін мамандар іздеумен де айналысатын. Маған Power BI құралын қысқа мерзімде меңгеру қажет болды және бұл міндетті орындап шықтым. Бес айдан кейін Microsoft компаниясынан талдаушы қызметіне шақыру алдым.
Бұл мен үшін үлкен серпіліс болды. Мен техникалық ортадан шыққан адам емеспін, сондықтан бастапқыда қорқыныш болды. Жиналыстарда «серверлер», «API», «stored procedures» сияқты маған бейтаныс сөздер жиі айтылатын. Көп нәрсе жаңа еді. Бірақ әріптестерім мен жергілікті IT қауымдастығының қолдауы көп көмектесті. Кейін Oracle Cloud компаниясына жұмысқа орналастым. Алайда визамен байланысты мәселелер туындап, уақытша Қазақстанға оралдым. Сол кезде Канадаға көшуге дайындалып жүргенмін. Құжаттарды рәсімдеп жүрген аралықта Kolesa Group компаниясына дата-сайентист болып жұмысқа кірдім.
Жұмыс барысында Power BI мен басқа да деректерді талдау құралдарын кеңінен қолдандым. Ол кезде Қазақстанда мұндай дағды тапшы болатын. Сондықтан адамдар маған жиі: «Мұны қалай істейтініңді айтып берші», «Тренинг өткізіп берші»,- деп өтініш жасай бастады. Шамамен бір жылдай батылым жетпей жүрдім. Ақыры 2019 жылдың маусымында бес апталық офлайн курс аштым. Сабақты демалыс күндері өзім жүргіздім. Алғашқы топта бар болғаны сегіз студент болды.
– Бір курстан қалайша тұтас мектеп пайда болды?
– Шынымды айтсам, менде бизнес-жоспар да, кәсіпкер болу ниеті де болған жоқ. Бірақ сұраныс тоқтамады. 2019 жылы түлектерді қолдан-қолға тигізбей алып кететін. Мысалы, Mars компаниясы тек Power BI білетін жас мамандарды бірден жұмысқа қабылдайтын. Сөйтіп курстарды жалғастыра беруге шешім қабылдадым. Осылайша DataBoom мектебі дүниеге келді.
Көп ұзамай корпоративтік клиенттер келе бастады. Олардың қатарында Toyota, Air Astana және Beeline болды. Бір жылдан кейін мектептен түсетін табыс негізгі жұмысымдағы жалақыдан асып түсті. Сол кезде АҚШ азаматына тұрмысқа шығып, Сиэтлге көшуді жоспарлап жүрген едім. Сондықтан көп ұзамай жұмыстан шығып, бар уақытымды бизнеске арнадым.
COVID-19 пандемиясы басталғанда компания онлайн форматқа көшу есебінен қатты өсті. Zoom сабақтарына офлайндағы 20 адамның орнына 50 адамнан қатысатын болды. Кейін жеке онлайн-платформа жасап, сабақтарды жазып қойдым. Осыдан кейін тағы да бірнеше есе өсім болды. Меніңше, бұл онлайн білім беруге деген қызығушылықтың күшеюімен және Power BI мен басқа да талдау құралдарына сұраныстың артуымен тұспа-тұс келді.
– Сабақтардың танымал болуының себебі неде деп ойлайсыз?
– Мен қауымдастық ішінде белгілі адам едім. Қазақстандағы деректер талдаушыларының KZ BI Community қауымдастығын дамытумен айналыстым. Көпшілік мені 2021 жылы алғаш рет Microsoft MVP марапатын алған кезде таныды. Бұл марапат Microsoft технологиялары туралы білімін белсенді түрде бөлісетін сарапшыларға беріледі. Әлемде мұндай мамандардың саны бар болғаны үш мыңдай.
Оған қоса курстар қызық өтетін. Өзімнің техникалық емес білімімнің арқасында күрделі тақырыптарды түсіндіру үшін түрлі ерекше әрі күлкілі ұқсастықтарды қолданамын. Мысалы, Power Query-ді мен «асүй» деп атаймын. Ол жерге біз жуылмаған әрі өңделмеген азық-түлікті, яғни бастапқы деректерді алып келеміз. Кейін оларды тазалап, турап, дайын рецепттер бойынша түрлі тағамдарға, яғни кестелерге айналдырамыз. Бұл асүйде талдаушы — бас аспаз. Ол нәтижеде не алғысы келетінін нақты біледі. Ал ЖИ-көмекші — су-шеф секілді. Рецепт ұсына алады, формулаға көмектеседі немесе күнделікті қайталанатын жұмыстарды жылдамдатады. Бірақ негізгі шешімді бәрібір адам қабылдайды.
Кейбіреулер осы тәсілім үшін мені сынайды. Сонда мен: «Ең болмаса эмоция тудырдым, енді мұны өмір бойы ұмытпайсыз», — деп жауап беремін. Ал кейбіреулерге бұл өте ұнайды. Мүмкін, өзіме сабақ беру қатты ұнағандықтан, студенттерге де қызық болған шығар.
Сонымен қатар оқыту бағдарламасын басынан бастап Microsoft халықаралық сертификатын алуға дайындайтындай етіп құрдым. Әр студентке Microsoft сертификаты бар жеке тәлімгер бекітіледі. Ол студентті курстың басынан аяғына дейін сүйемелдейді. Бұл білім сапасын сақтауға және студенттердің курсты толық аяқтау көрсеткішін арттыруға көмектеседі. Әсіресе қызметкерлерін жыл сайын бізде оқытатын корпоративтік клиенттер мұны жоғары бағалайды.
Экономист ретінде қарасам, бұл жерде сұраныс пен ұсыныс дәл келді.
«Түлектердің орташа жалақысы – 514 мың теңге»
– COVID-19 кезіндегі онлайн білім берудің қарқынды өсуінен кейін мектептің жағдайы қалай болды?
– 2022 жылға дейін өсім қарқыны өте жоғары болды. Бұрын бір топ жинау үшін Facebook-тағы бір ғана жарнамалық науқан жеткілікті болса, қазір дәл сондай нәтижеге жету үшін әлдеқайда көп күш қажет. Уақыт өте келе адамдар үздіксіз онлайн кездесулерден шаршай бастады.
Нарық та өзгерді. Қазір тек Power BI білудің өзі жеткіліксіз. Бүгінде жұмыс берушілер, мейлі ірі корпорациялар болсын, мейлі шағын және орта бизнес болсын, Excel, Power BI, SQL және Python білетін талдаушыларды іздейді. Сондықтан уақыт өте келе бізде осы бағыттар бойынша да курстар пайда болды. Дегенмен біз барлық саланы қамтитын IT-мектептердің қатарынан емеспіз. Бізде бір мезгілде дизайн да, бағдарламалау да, аналитика да оқытылмайды. Мен мына сөзге сенемін: он мың соққыны білетін адамнан емес, бір соққыны он мың рет қайталаған адамнан қорқу керек. Сондықтан біздің негізгі бағытымыз бұрын да, қазір де деректер талдауы: Excel, Power BI, SQL, Python және деректермен жұмыс істеуде AI құралдарын пайдалану болып қала береді. Белгілі бір дағдыны ғана меңгергісі келетіндер үшін қысқа курстар бар. Ал жаңа мамандық игергісі немесе компания ішінде мансаптық өсуді көздейтіндер үшін ұзақ мерзімді бағдарламалар ұсынылады. Бұдан бөлек, корпоративтік оқыту бағыты бар. Бұл жағдайда компаниялар тұтас командасын оқуға жібереді.
– Қазір қанша студент оқиды және олар кімдер?
– Орта есеппен DataBoom-да ай сайын бір мезгілде шамамен 100 адам білім алады. Клиенттердің негізгі бөлігі Instagram жарнамасы мен ауызша ұсыныстар арқылы келеді.
Географиямыз кең — 40-тан астам ел. Көпшілігі Қазақстаннан. Сонымен қатар табыстың жартысына жуығын заңды тұлғалар қамтамасыз етеді. Олардың қатарында KazMinerals, Банк ЦентрКредит, Coca-Cola Almaty Bottlers, Halyk Bank және басқа да көптеген компаниялар бар. Жалпы алғанда, осы уақытқа дейін бізге 550-ден астам кәсіпорын қызметкерлерін оқыту үшін жүгінген.
Ал оқуға өз қаражатын төлейтін студенттердің оқиғасы әртүрлі. Бірі жаңа мамандық меңгерсе, енді бірі өз компаниясында өсу үшін біліктілігін арттырады.
— Курстың бағасы қанша?
— Бізде кез келген бюджетке лайық бағдарламалар бар. Бағасы 10 мың теңгеден басталады. Жақында «Бәріне арналған AI» атты курс аштық, оның құны — 50 мың теңге.
Ал Excel, Power BI, SQL және Python бойынша негізгі бағдарламалардың бағасы шамамен 200 мың теңге. Сондай-ақ барлық бағытты қамтитын алты айлық оқу бағдарламасын бірден сатып алуға болады. Оның құны шамамен 500 мың теңге.
– Оқуды аяқтағаннан кейін не болады? Жұмысқа орналасуға көмектесесіздер ме?
– Студенттер аптасына бір рет аналитиктерді жұмысқа орналастыруға маманданған мансап орталығымыздың HR мамандарынан бір сағаттық кеңес ала алады. Бұл қызмет оқу ақысының құрамына кіреді. Біз есептеп көрдік: осындай он кездесуге қатысқан студенттердің 70 пайызы аналитик ретінде жұмысқа орналасқан. Әрине, барлығының мақсаты жұмыс табу емес. Кейбіреулер үшін басты мақсат — қызметте өсу немесе жалақыны арттыру.
Жақында бір түлек бізде білім алып, мансап орталығының көмегімен алдымен Tele2 компаниясына тағылымдамадан өтті. Кейін қайтадан бізге жүгініп, бірнеше кеңес алған соң Freedom холдингіне қарасты компаниялардың біріне middle деңгейіндегі маман ретінде жұмысқа орналасты.
– Түлектердің қанша табыс табатынын есептеп көрдіңіздер ме?
– Толық мәлімет жоқ. Бірақ Astana Hub жүзеге асыратын IT мамандарын даярлауға арналған мемлекеттік Tech Orda бағдарламасының деректері бар. Осы бағдарлама арқылы қазақстандықтар жеке IT-мектептерде оқуға қаржыландыру ала алады. Сонымен қатар түлектердің жұмысқа орналасуы мен жалақысы да бақылауға алынады. Егер 2022 жылы осы бағдарлама бойынша бізде оқығандардың орташа жалақысы 398 мың теңге болса, 2025 жылғы соңғы түлектер легінде бұл көрсеткіш 514 мың теңгеге жетті.
– AI құралдарының пайда болуы деректер талдаушыларына деген сұранысқа қалай әсер етті? Студенттерді жасанды интеллект алмастырып кетеді деп қорықпайсыздар ма?
– Бізді жасанды интеллект емес, оны бізден бұрын меңгерген адамдар алмастырады. Егер бұрынғы тәсілдермен және ескі құралдармен жұмыс істей берсек, өнімділік артпайды. Уақыт өте келе жұмыс беруші жұмысты тезірек әрі сапалырақ атқаратын маманды таңдайтыны анық. Бірақ деректер талдауы мен data science қазір де өте сұранысқа ие және бұл тұрғыдан алғанда қауіпсіз мамандықтардың қатарына жатады.
Жасанды интеллект қазірдің өзінде көптеген саланы өзгертіп жатыр және болашақта барлық жерде болады. Бірақ бұл модельдер немен оқытылады? Деректермен. Ал модель дұрыс жұмыс істеуі үшін сол деректерді дайындау, талдау, тексеру және барлық үдерістерді реттеу қажет. Мұны кім атқарады? Аналитиктер, дата-сайентистер және дата-инженерлер.
«Бізде оқып шыққан АҚШ-тың 50-ден астам тұрғыны кейін жұмысқа орналаса алды»
– Жобаны қандай қаражат есебінен дамытып келесіздер?
– Алғашқы топтарды бастауға айтарлықтай шығын кеткен жоқ. Бизнес-орталықтан аудиторияны сағаттап жалға алатынмын, бөлек төлейтін жалғыз шығын кофе-брейк болатын. Адамдар ауызша ұсыныс арқылы немесе тегін жарнаманың көмегімен келетін.
Алғашқы жеке салған қаражатым бірінші лектен-ақ қайтып келді. Жоба басынан бастап табысты болды. Сол пайданы қайтадан бизнеске құйып отырдым. Осылайша ай сайын біртіндеп өсіп отырдық.
Ұзақ уақыт бойы табысты дивиденд ретінде бөлмей, компанияда қалдырдым. Қаржылық қор қалыптастырып, компанияның ақша айналымында қиындықтарсыз тұрақты жұмыс істегенін қаладым.
2021 жылдан бері Astana Hub қатысушысымыз. Бұл да бизнестің дамуына көмектесті. Резиденттерге салықтық жеңілдіктер беріледі, соның арқасында қаражаттың көбірек бөлігін қайтадан дамытуға бағыттауға болады. Бірақ сонымен бірге есептілік те қатаң. Сондықтан салыққа, құжаттарға және барлық міндеттемелерге өте мұқият қараймыз.
— Қанша табыс табасыздар?
— 2025 жылдың қорытындысы бойынша түсіміміз 422 миллион теңге болды. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында клиенттерден шамамен 40 миллион теңге түсті. Бірақ бізде бұл кезең әдетте қарқын жинау уақыты саналады. Негізгі табыс төртінші тоқсанда келеді.
Қазір өсім қарқыны алғашқы жылдардағыдай емес. Соған қарамастан 2023 жылдан бері бағаларды көтерген жоқпыз. Бұрынғы көрсеткіштерді жаңа өнімдердің арқасында сақтап отырмыз. Сонымен қатар тиімділікті арттырып, команданың жұмысын оңтайландыруға тырысамыз. Мысалы, қызметкерлер санын 100 адамнан 50 адамға дейін қысқарттық.
– Мұндай жаппай қысқарту жұмыс тиімділігіне әсер етпеді ме?
– Бұл онлайн білім беру нарығындағы пандемия кезіндегі қарқынды өсімнен кейінгі құлдырауға берілген жауап болды. 2020 жылы артық адам жалдап, қателестім. Қажет болғаннан әлдеқайда көп қызметкер қабылдадым. Кейін көптеген функциялар мен үдерістердің нақты пайда әкелмейтінін түсіндік.
Қазір нарық біршама тұрақтанды, студент тарту қиындай түсті. Сондықтан кейбір жұмыстарды жеңілдетуге, автоматтандыруға немесе мүлде алып тастауға болатыны белгілі болды. Мысалы, копирайтердің жұмысын толықтай жасанды интеллект атқарады. Соған қарамастан команданың тиімділігі төмендеген жоқ.
– Команданы қалай басқарасыз?
– Біз түгелдей қашықтан жұмыс істейміз. Соңғы он жыл бойы екі елде — Қазақстан мен АҚШ-та тұрып келемін. Сиэтлде көптеген технологиялық компаниялардың бас кеңселері орналасқан. Сондықтан кейбір командалармен, соның ішінде Power BI өнімін әзірлейтін мамандармен де жеке кездесуге мүмкіндік бар.
Ал Алматыда болған кезде қызметкерлермен жиі кездесемін, корпоративтік клиенттермен сөйлесемін, түрлі іс-шараларда сөз сөйлеп, офлайн кездесулер өткіземін.
– Осы жеті жыл ішінде кәсіпкер ретінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Кейде қызмет көрсету сапасы тиіс деңгейде болмай қалған жағдайлар болды. Ондай кезде мәселені шешуге немесе оқуға төленген ақшаны қайтаруға тырыстық.
Мен үшін бедел бәрінен қымбат. Қажет болса, ақша жоғалтсам да, қатені түзеткенді жөн көремін. Клиенттермен, қызметкерлермен және серіктестермен қарым-қатынаста әрқашан ұзақ мерзімді байланыс ретінде қараймын. Өйткені бұл адаммен қашан және қандай жағдайда қайта жолығатыныңды ешқашан білмейсің.
Одан да күрделі жағдайлар болды. Бірде қызметкер компаниядан ірі көлемдегі қаражатты шығарып алып кеткен. Кейін ол ақшаны сот арқылы қайтаруға тура келді және біз оны қайтарып алдық. Сол кезде біреу маған: «Егер әлі ешкіммен соттаспаған болсаң, демек әлі толыққанды кәсіпкер емессің», — деген еді. Солайша кәсіпкерлік өмірдің жағымсыз сынағынан өткен шығармын.
Осы жеті жыл ішінде белгісіздікке деген төзімділігім де айтарлықтай артты. Бұған бизнестегі тәжірибе де, ата-ана болу да әсер етті. Бала дүниеге келгенде де бәрін бақылауда ұстау мүмкін емес екенін түсінесің. Тіпті бір сағаттан кейін не болатынын да нақты біле алмайсың.
– Биыл мектептің жоспары қандай?
– Жыл соңында АҚШ-қа қайта оралған соң DataBoom-ды америкалық нарықта белсендірек дамытуды жоспарлап отырмын. Алғашқы нәтижеміз де бар. Бізде оқыған АҚШ-тың 50-ден астам тұрғыны кейін жұмысқа орналаса алды немесе мансапта өсті.
АҚШ нарығы үшін біздің оқу бағдарламаларымыз жергілікті курстарға қарағанда бірнеше есе арзан. Соған қарамастан сапа жағынан олармен еркін бәсекелесе аламыз. Сондықтан бұл бағыт біз үшін болашағы зор деп есептеймін.