Қазақстандық стартап мұғалімдерге арналған AI-сервиске 120 млн теңге инвестиция тартып, қазір оны 13 мың педагог пайдаланады

Freedom Broker Freedom Broker О редакции О редакции Ищем лучшие бизнесы Казахстана Ищем лучшие бизнесы Казахстана
Дата публикации: 05.06.2026, 08:55
2026-06-05T08:55:24+05:00
Қазақстандық стартап мұғалімдерге арналған AI-сервиске 120 млн теңге инвестиция тартып, қазір оны 13 мың педагог пайдаланады

Мәдияр Ерғали мен Еламан Бауыржанұлы екі жылдан бері мұғалімдерге сабақ жоспарын құруға, ойын, бейнеролик, презентация және сабақта қолданылатын өзге де интерактивті материалдар әзірлеуге көмектесетін Shyraq AI стартапын дамытып жатыр.

Digital Business пен Astana Hub бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Мәдияр стартаптың неге инвестор іздемейтінін, мұғалімдерге арналған сервисті ақылы ету қаншалық дұрыс екенін және AI-дың қателерін қалай шешіп жатқанын айтып берді.

«Мұғалімдер өзгенің баласын тәрбиелеу үшін уақытын да, күшін де жұмсайды, бірақ олардың еңбегі лайықты бағаланбайды» 

— Өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Shyraq AI-ға дейін немен айналыстыңыз? 

— Мен Тараз қаласынанмын. Қазақ-түрік лицейінде оқыдым. Дәл сол жерде жаңа нәрсе жасауға қызығушылығым оянды: информатика мен робототехника олимпиадаларына қатыстым, ал Infomatrix халықаралық робототехника жобалары байқауында үшінші орын алдым. Сол кезде ІТ көмегімен күрделі мәселелерді шешудің қаншалықты қызықты екенін түсіндім.

Кейін Назарбаев Университетінің Computer Science мамандығына түстім. Үшінші курстан бастап веб-әзірлеу саласында жұмыс істеп, Telegram-боттар жасадым. Университетті тәмамдаған соң бірден Армениядағы компаниядан қашықтан жұмыс істеуге ұсыныс алдым. Ол жерде жарты жылдай бағдарлама жасақтаушы болып еңбек еттім де, өзгенің қол астында жұмыс істеу маған ұнамайтынын түсіндім. Содан кейін сыныптасыммен бірге Таразда оқушыларға арналған білім беру орталығын аштық. Онда балалар математика мен ағылшын тілінен білімін жетілдіре алатын. Ғимаратты жөндеуге қаржы құйдық, бірақ өкінішке қарай, жеткілікті клиент тарта алмадық. Соның салдарынан орталық жабылып қалды, ал мен біраз уақыт қарызымды өтеумен жүрдім.

2023 жылы жасанды интеллект қарқынды дами бастағанда осы бағытта жұмыс істеп көруге бел будым. Банкке дата-сайентист болып орналастым. Жаңа ортаға тез бейімделіп, кәсіби деңгейімді көтердім және көптеген күнделікті процесті оңай автоматтандыруға болатынын аңғардым. Соның нәтижесінде жұмыс міндеттеріне аптасына небәрі 2–3 сағат жұмсап, қалған уақытымды оқуға арнадым.

Мадияр Ергали, стартап Shyraq AI

Мәдияр Ерғали

— Банктегілер сіздің осылай жұмыс істейтініңізді білді ме? 

— Жоқ, ешқандай мәселе болған жоқ. Банк үлкен ұйым болғандықтан, бір қызметкердің күнделікті жұмысы азайғанымен, жалпы процеске әсер етпейді. Көп жағдайда қызметкерлер қайталана беретін тапсырмалармен айналысады. Мен ондай жұмысқа уақытымды кетіргім келмеді, сондықтан оны автоматтандырып қойдым. Бірақ негізгі міндеттерімді толық атқардым: деректерді талдадым, қажетті ақпаратты жинадым және дата-инженерияға қатысты мәселелерді шешумен айналыстым.

Мадияр Ергали, стартап Shyraq AI

— Банктен неге кеттіңіз? 

— Бір орында тұрмайтын белсенді адамдар банк саласында тез жалығады. Өйткені үлкен құрылымда кез келген өзгерісті енгізу үшін ұзақ уақыт керек. Ал адамның тез дамып, жаңа дүние жасағысы келеді.

Кейін жеке мектепке мұғалім болып орналастым. Бос уақытымда аутсорс жобалар алып, түрлі қосымшаларға API арқылы AI-функцияларын енгізуге көмектестім. Одан кейін 3-4 ай бойы FUN&SUN компаниясында жақсы қызметте жұмыс істедім. Онда жасанды интеллект негізіндегі ішкі құжат айналымы жүйесін және корпоративтік RAG-жүйесін (RAG — Retrieval-Augmented Generation, яғни AI модельдерін құжаттар немесе деректер базасымен байланыстыратын технология) енгізумен айналыстым.

Мектепте бір семестр ғана жұмыс істесем де, мұғалім еңбегінің жүктемесі мен жауапкершілігі дәрігер мамандығымен деңгейлес екенін түсіндім. Қазақстанда педагогтердің еңбегі бағаланбайды. Ал шын мәнінде олар өзгенің баласының оқыту үшін уақытын да, күш-жігерін де жұмсап жүр. Сол кезде мұғалімдердің мәселесін шешетін сервис құру идеясы пайда болды.

Қазіргі серіктесім Еламан Бауыржанұлымен сол кезде таныстым. Бірге Shyraq AI жобасын жасай бастадық.

Еламан Бауыржанулы, стартап Shyraq AI

Еламан Бауыржанұлы

— Бизнес серіктесті қалай таңдадыңыз? 

— Бізді ортақ танысымыз таныстырды. Ол маған ІТ-жоба бастағысы келетін өте мықты сату және маркетинг маманы бар екенін айтып, күш біріктіруді ұсынды. Сөйлестік, содан бері екі жылдай табысты жұмыс істеп келеміз. Басынан-ақ міндеттерді бөліп алдық: мен өнім мен технологияға жауап беремін, ал Еламан сатылым мен маркетингті жүргізеді.

Бизнеске бет бұрғысы келетін барлық ІТ маманына өзінің әлсіз тұстарын толықтыра алатын серіктес табуға кеңес берер едім. Өйткені әзірлеушілер техникалық мәселелерге терең кіріп кетеді де, сатылымға күш-қуат қалмайды. Ал өнімнің құндылығын жеткізе алатын, адамдармен еркін тіл табысатын, белсенді адам қажет. Бізде дәл солай болды. Оның үстіне Еламанның мұғалімдерге бағытталған табысты бизнесі болғандықтан, бұл аудиторияны жақсы түсінді.

«Сабақ жоспарлауға кететін уақытты 90%-ға қысқарттық» 

— Shyraq AI мұғалімдердің қандай мәселесін шешеді? 

— Ең алдымен сабақ жоспарлау мен құжат дайындауды жеңілдетеді, қысқа мерзімді жоспар (ҚМЖ), авторлық бағдарлама, ғылыми жоба әзірлеуге көмектеседі. Жасанды интеллект арқылы осы процестерді автоматтандырдық және бұл мұғалімнің жоспарлауға жұмсайтын уақытын шамамен 90%-ға қысқартады.

стартап Shyraq AI

— Ол үшін мұғалім промпт жазуды білуі керек пе? 

– Жоқ, және бұл әдейі жасалған шешім. Біз «дұрыс сұрақ қойсаң ғана жауап беретін» ChatGPT логикасынан бас тарттық. Shyraq AI жүйесінде мұғалім тек пәнді, сыныпты, тілді және сабақ тақырыбын таңдайды да, «Генерация» батырмасын басады. 3-5 минут ішінде Оқу-ағарту министрлігі талап ететін ресми форматтағы толық дайын қысқа мерзімді жоспарды алады. Оның ішінде оқу бағдарламасындағы оқу мақсаты, сабақ мақсаты, күтілетін нәтиже, сабақтың бес кезеңі (ұйымдастыру, негізгі бөлім, бекіту, рефлексия, үй тапсырмасы), дескрипторы бар бағалау критерийлері, саралау тәсілдері, пәнаралық байланыстар және құндылықтар бар. Осының бәрін бірден Word форматына жүктеп алып, басып шығарып, еш өзгеріссіз оқу ісінің меңгерушісіне тапсыруға болады.

– Жүйе интернеттен кездейсоқ мәтін құрастырып жібермейтініне қалай көз жеткізесіздер? 

– Біз дайын шаблондарды да, мазмұнды өздігінен ойдан шығаратын «жалаң» жасанды интеллектіні де қолданбаймыз. Бізде гибридті жүйе бар. Shyraq AI платформасына Қазақстандағы ресми оқулықтардың барлығы алдын ала жүктеліп, индекстелген. Мұғалім жоспар жасағанда жүйе RAG технологиясы арқылы нақты пәннің, нақты сыныптың және нақты тілдегі ресми оқулығынан тапсырмалар мен материалдарды алады. Тіпті бет нөмірін көрсетіп, тапсырмалардағы суреттерді де шығара алады.

Осының арқасында уақыттың шамамен 90%-ы үнемделеді. Бұрын мұғалім жоспар жазуға 1,5-2 сағат жұмсаса, қазір оған 5 минут жеткілікті. Оның үстіне жоспар интернеттегі кездейсоқ ақпаратқа емес, нақты оқулыққа негізделеді. Дегенмен мұғалімнің шығармашылық үлесі бәрібір қажет. Ол жоспарды қарап шығып, қажет болса түзету енгізуі тиіс.

Уақыты мүлде тапшы мұғалімдер үшін кәсіби әдіскерлер мен магистр дәрежесі бар кураторлар әзірлеген дайын ҚМЖ (қысқа мерзімді жоспар), БЖБ (бөлім бойынша жиынтық бағалау) және ТЖБ (тоқсан бойынша жиынтық бағалау) жинақтары ұсынылады. Ал қажетті материал табылмаған жағдайда, мұғалім платформаның ішіндегі AI құралдарының көмегімен презентация, құжат пен ойындарды өзі жасай алады. Компьютерді немесе смартфонды қолдануда қиындық көретіндерге кураторлар бейнеқоңырау арқылы түсіндіріп, үйретеді.

— Сабақ жоспарларынан бөлек Shyraq AI-да тағы қандай құралдар бар? 

– Қазір сабаққа арналған AI-негізіндегі білім беру ойындарын және тапсырма генерациясын енгізіп жатырмыз. Мұғалім тек сабақ атауын, тақырыбын, мақсатын, қолданылатын оқулықты және қандай ойын қажет екенін көрсетеді. Егер ерекше талаптары болса, арнайы промпт өрісіне жаза алады. Кейін батырманы басса жеткілікті – 3-5 минутта бәрі дайын болады.

стартап Shyraq AI

Физика мен химия бойынша зертханалық жұмыстар мен тәжірибелердің симуляциясы да бар. Қазір биология, география және Қазақстан тарихы пәндеріне арналған ұқсас шешімдерді әзірлеп жатырмыз. Бұл әсіресе нақты тәжірибе өткізуге жабдығы немесе мүмкіндігі жоқ мектептер үшін маңызды.

Сондай-ақ Қазақстанның білім беру стандарттарына бейімделген «Ыбырай Бот» қызметі бар. Ол нақты жауаптарды жылдам табуға көмектеседі. Ал «Тұлға» сервисі тарихи тұлғалармен сұхбаттасуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек сабаққа арналған презентация конструкторы жұмыс істейді.

стартап Shyraq AI

Маңызды технологиялық ерекшеліктің бірі — барлық материалды жүктеп алып, интернетсіз де пайдалануға болады. Бұл функция әсіресе интернет жиі істен шығатын ауыл мектептеріндегі мұғалімдер үшін өте маңызды.

Мадияр Ергали и Еламан Бауыржанулы, стартап Shyraq AI

— Жасанды интеллектің жаңсақ жауап беру проблемасымен қалай күресесіздер?  

— Бұл мәселені әлемде әлі ешкім толық шеше алған жоқ. Біздің байқауымызша, AI көбіне гуманитарлық пәндерде, әсіресе мәтіні интернетте жоқ көне әдеби шығармаларға қатысты ақпаратты ойдан шығарып жатады. Мұндай жағдайда мұғалімдерге кітаптың қажетті бетін суретке түсіріп, оны сұранысқа қосымша контекст ретінде тіркеуді ұсынамыз.

Сонымен қатар әдіскерлеріміз генерацияланған контентті мезгіл-мезгіл тексеріп отырады, қажет болса промптарды түзетеміз. Бұған қоса, RAG жүйесі жасанды интеллектінің ақпаратты тек бекітілген мектеп оқулықтарынан алуына мүмкіндік береді.

стартап Shyraq AI

Дегенмен ең маңыздысы — материалды балаларға көрсетпес бұрын мұғалімнің өзі тексеруі.

— Командаңыз және технологиялық стек туралы айтып берсеңіз. 

— Біздің ІТ бөлімде үш маман жұмыс істейді, оның ішінде мен CTO қызметін атқарамын. Соған қарамастан бірнеше адамның жұмысын атқарып отырмыз. Бұдан бөлек, он шақты әдіскер-куратор, бес маркетолог және жиырма сату менеджері бар. Бір кезеңде серіктесімнің екінші бизнесімен ресурстарды біріктірген кезде команда құрамында 70 адам болды. Оның ішінде ІТ бөлімінде тағылымдамадан өтушілерді қоса есептегенде 13 адам жұмыс істеді.

Технологияларға келсек, OpenAI, Google және Anthropic компанияларының модельдерін қатар қолданамыз. Өзіміздің локалды LLM-модельдерді GPU серверлерінде оқытып көруге де талпыныс жасадық. Бірақ мұндай шешімдерді жаппай қолдану экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып шықты. Өз серверлеріңді ұстау өте үлкен инвестицияны талап етеді және мұғалімдер сегментімен жұмыс істегенде ол шығын ақталмайды. Сондықтан қазір тапсырмаға қарай әртүрлі модельдерді (кейбірі жылдам жұмыс істейді, кейбірі арзанырақ) үйлестіріп қолданамыз. Ал «Тұлға» модуліндегі кейіпкерлердің бейнесін жасау үшін үшінші тараптың бейнегенерация сервистерін пайдаланамыз.

Мадияр Ергали и Еламан Бауыржанулы, стартап Shyraq AI

«Мұғалімдер есебінен табыс табу — моральдық тұрғыдан күмәнді нәрсе» 

— Жоба қалай ақша табады? 

Айлық немесе жылдық жазылым арқылы жұмыс істейміз. Бағасы тарифке байланысты: классикалық лимиті бар жазылым бар, сонымен қатар кредиттік жүйе де бар. Онда пайдаланушының функцияларға қатаң шектеуі болмайды, бірақ ішкі балл есептен алынып отырады. Мысалы, барлық кредитті бірден 200 ҚМЖ генерациясына жұмсауға болады.

Қазір біз кредиттік жүйеге көштік те, базалық тарифтің бағасын екі есе, яғни айына 10 мыңнан 5 мың теңгеге дейін төмендеттік. Жаңа оқу жылында сұраныс қандай болатынын көреміз.

Мадияр Ергали, стартап Shyraq AI

Шынын айтсам, егер мұғалімдер лимитті 100% пайдаланса, біз қатты минусқа кетер едік. Бірақ көпшілігі платформаны тек нақты қажет болған кезде ғана қолданады, соның арқасында экономика теңеседі. Оның үстіне платформаға ең көп жүктеме оқу жылының басында түседі, кейін белсенділік азаяды. Сондықтан жалпы нәтиже оң.

— Демек, пайда табуға бола ма? 

— Пайда бар, бірақ соншалықты үлкен емес. Бір жарым жылдай минуста жұмыс істедік. Қазірдің өзінде кей маусымда шығынға кетеміз, бірақ жылдық есеппен нөлге немесе шағын плюсқа шығамыз. Дегенмен жобаның әлеуметтік маңызы бар, ол  мұғалімдердің уақытын шынымен үнемдейді.

Жалпы алғанда, мұғалімдер есебінен көп ақша табу — моральдық тұрғыдан күмәнді нәрсе. Сондықтан тағы бір стартап — Instagram, WhatsApp және Telegram арқылы чат-боттар көмегімен коммуникацияны автоматтандыратын Xrox  платформасын дамытып жатырмыз. Онда айналымы шамамен миллиард теңгеге жуық ірі клиенттер бар, олар жүйені лид жинау үшін белсенді пайдаланады.

Мадияр Ергали и Еламан Бауыржанулы, стартап Shyraq AI

Shyraq AI-ға келсек, біз платформаны Қазақстандағы барлық мұғалімдер үшін барынша қолжетімді еткіміз келеді. Сондықтан қазір мемлекетпен байланыс орнатуға тырысып жатырмыз.

— Ол қалай жұмыс істейді? 

Мұғалімдерге қосымша шығын түспеуі үшін Shyraq AI-ды Оқу-ағарту министрлігі бір орталықтан сатып алса дейміз. Өйткені кей мұғалімдер үшін бірнеше мың теңге де айтарлықтай шығын. Кей мектептер біздің платформаны облыстық білім басқармаларының сұранысы бойынша мемлекеттік тендер арқылы сатып алып та жүр. Бұл тәжірибе модельдің жұмыс істей алатынын көрсетіп отыр.

— Платформаны қанша мұғалім қолданады? 

— Тұрақты түрде шамамен 13 мың мұғалім қолданады. Елдегі 400 мыңнан астам мұғалімнің ішінде шамамен 155 мыңы біздің Instagram парақшамызға жазылған. Жүйеде 65 мың қолданушы тіркелген, оның 58,5 мыңы демо-нұсқаны қолданып көрген, яғни мүмкіндіктерін біледі.

Мадияр Ергали, стартап Shyraq AI

Біз Қазақстандағы мұғалімдердің төлем қабілеті бар аудиториясының шегіне шамамен жеттік деп ойлаймыз. Демек келесі логикалық қадам — мемлекеттік деңгейге шығу.

«Өзіміздің жергілікті LLM модельдерді үйретіп көрдік, бірақ ол экономикалық тұрғыдан тиімсіз» 

— Бастапқыда мұғалімдерді жазылуға көндіру қиын болды ма? 

— Еламан біз танысардан бұрын 1,5 жыл бойы педагогтермен жұмыс істеген (аттестациядан өтуге көмектескен, авторлық бағдарламалар мен әдістемелік журналдар дайындауға жәрдемдескен). Сол тәжірибе бізге аудиторияның нақты проблемасын бірден түсінуге көмектесті. Бірақ клиент базасын нөлден жинадық. Ең қиыны — алғашқы оң пікірді алып, сенім қалыптастыру болды.

— Қазір қандай тарту арналары жақсы жұмыс істейді? 

— Instagram, TikTok және «ауыздан ауызға тарау». Әсіресе соңғы жарты жылда күшті жұмыс істеп тұр. Себебі мұғалімдерге ресми деңгейде жасанды интеллект құралдарын меңгеру міндеттелді. Олар пайдалы сервистерді өздері іздейді, тапса, бір-біріне ұсынады.

Мадияр Ергали и Еламан Бауыржанулы, стартап Shyraq AI

— Shyraq AI-дың артықшылығы неде? Өйткені мұғалім ChatGPT-дің өзінде де генерация жасай алады ғой. Оның үстіне ірі AI компаниялары өз сервистеріне жаңа функцияларды тез қосып жатыр. 

— Біздің негізгі құндылығымыз — жай ғана контент генерациялау емес. Shyraq AI-дың күші — сервистің локализациясы, кураторлық қолдау және елдің білім стандартына бейімделу. Біз педагогтерді тек платформаны қолдануға емес, дамуға, блог жүргізуге, медиа жасауға және технологиядан қалыс қалмауға үйретеміз.

Әрине, ірі AI модельдер дамиды, біз де олармен бірге дамимыз, жаңа мүмкіндіктерін өз өнімімізге енгіземіз. Менің ойымша, клиент базасын ұстап қала алатын, сапалы адамдық сервис ұсынатын және өзгеріске бейім компаниялар кез келген дағдарыстан өтеді.

— Қазақстандық мұғалімдер ЖИ-дің енуіне және сабаққа интерактивті материал жасауға қаншалықты дайын? 

— Көп мұғалім әлі де бәрін өз орнына біреу жасап берсе дейді. Сондықтан біздің кураторларға бұл платформа — мұғалімді алмастыратын нәрсе емес, оның шығармашылығын күшейтетін құрал екенін жиі түсіндіруге тура келеді.

Бірақ өте белсенді педагогтер де бар. Олар жүйені тез меңгеріп, өз мектептерінде және өңірлерінде оқыту семинарын өткізіп жүр, блог жүргізеді, әріптестеріне ҚМЖ мен авторлық бағдарламалар жасауға көмектеседі, тіпті коммерциялық негізде де жұмыс істейді.

Белсенді амбассадорларды қолдаймыз. Оларға Shyraq AI серіктесінің құрметті төсбелгісін табыстаймыз.

Мадияр Ергали, стартап Shyraq AI

«Қазақстандағы орнымызды әлсіретіп алмас үшін жаңа нарықтарға шығудан қорқамыз» 

— Shyraq AI-ға қанша қаржы салынды? Инвестиция тарттыңыздар ма? 

— Өз қаражатымызбен дамып келеміз: серіктес бастапқыда өз бизнесінен шамамен 60 млн теңге салды. Сонымен қатар несие де алдық: былтыр шамамен 20 млн теңге, биыл 40 млн теңге. Барлық қарызды жауып тастадық, ал бастапқы инвестиция өзін ақтады.

— Қазір инвестор керек пе? 

— Жоқ, инвестор іздемейміз. Бірақ егер сол аймақтарда операциялық және маркетингтік шығынды өз мойнына алатын серіктестер табылса, ТМД елдеріне франшиза арқылы шығу кезінде серіктестікке ашықпыз.

Мадияр Ергали, стартап Shyraq AI

— Неге франшиза арқылы дейсіз? 

— Қазақстандағы орнымызды әлсіретіп алмау үшін жаңа нарықтарға өзіміз шығуға әзірге қорқамыз.Тарихта халықаралық экспансия кезінде мүмкіндігін асыра бағалап, күйреп қалған стартаптар көп.

Біз үшін Shyraq AI — Қазақстанның дамуына үлес қосатын жоба. Ал табысты басқа ІТ бағыттарынан табамыз.

— Болашақта жобаны қалай елестетесіз? 

— Жақын уақытта оқушылар аудиториясына да шығуға дайындалып жатырмыз, жаңа оқу жылының басында алғашқы сервисті ұсынамыз. Қазір әлемдегі үздік білім беру тәжірибелерін, соның ішінде Сингапур әдістемесін жүйемізге бейімдеп жатырмыз. Сондықтан жақын арада Shyraq AI ішінде командалық жұмысқа негізделген сапалы интерактивті оқу модульдері пайда болады, оны оқушылар сабақтан тыс уақытта да орындай алады.

Мадияр Ергали и Еламан Бауыржанулы, стартап Shyraq AI

Жалпы, мұғалім, оқушы және ата-ананы біріктіретін үлкен білім беру экожүйесін — суперқосымша құрғымыз келеді. Тіпті серіктестермен бірге іске қосатын кеңсе тауарларының маркетплейсіне дейін бар. Алдағы үш жыл осы модельдің қаншалықты өміршең екенін түсінуге жеткілікті болады деп ойлаймын.