Қазақ қызы 7 млн теңге ақшасын құйып, балалардың тілін дамытуға арналған стартапты іске қосты

Freedom Broker Freedom Broker О редакции О редакции Узкие места цифровизации в Казахстане Узкие места цифровизации в Казахстане
Дата публикации: 29.05.2026, 13:22
2026-05-29T13:22:26+05:00
Қазақ қызы 7 млн теңге ақшасын құйып, балалардың тілін дамытуға арналған стартапты іске қосты

Алматылық Айнұр Нұрәділ бұрын Ғылым академиясында жұмыс істеген. Кейін ол AR Sana атты мобильді қосымша ойлап тапты. Бұл сервис қазақтілді балалардың сөйлеу қабілетін жасанды интеллект пен толықтырылған шынайылық технологиясы арқылы дамытуға көмектеседі. Команда қазір балалардың дауысына негізделген жеке AI моделін жасап, сервисті іске қосуға дайындалып жатыр.

Digital Business пен Astana Hub-тың «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» бірлескен жобасына берген сұхбатында Айнұр логопедия орталығына өнім әлі шықпай тұрып идеяны қалай сатқанын және ЖИ және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жобасын лифт ішінде бірнеше минутта қалай таныстырып үлгергенін айтып берді. Сондай-ақ ол неге құны 70 мың доллар болатын дайын AI модель қазақстандық стартапқа сәйкес келмегенін және команда түрлі акселерациялық бағдарламалардан 15 млн теңгеден астам қаржы ұтып алғанын да бөлісті.

«Логопедия орталығы өнім шықпай тұрып-ақ 89 мың теңге төлеп қойды»

— Өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Стартапқа дейін немен айналыстыңыз?

— Мен Алматыданмын. Отбасымызбен түгел физика-математика бағытындағы гимназияда оқыдық. Біздің әулетте үш буын ұстаз бар: магистрлер, PhD докторлар, ғылым докторлары, академиктер. IT мамандығы бойынша бакалаврды тәмамдаған соң Ғылым академиясына жұмысқа кірдім. Ақпараттық және есептеу технологиялары институтындағы ақпараттық процестерді талдау және модельдеу зертханасында еңбек еттім. Бағытым — мәтіндік деректерді талдау болды. Кейін компьютерлік көру саласына қызыға бастадым.

Одан кейін «Болашақ» бағдарламасымен Нью-Йорк университетіне оқуға түсіп, Design & Media мамандығын меңгердім. Қазақстанға оралған соң Astana IT University-де аға лектор болып жұмыс істедім. Маған әсіресе дипломдық жұмыстар мен жобаларға жетекшілік ету ұнайтын. Біртіндеп өзім бір дүние жасағым келді. Сөйтіп балалардың тілін ойын арқылы дамытуға көмектесетін AR Sana мобильді қосымшасын жасау идеясы келді.

— Идея қайдан туды?

— АҚШ-та оқып жүрген кезде ұлым енді 3 жасқа толған еді. Алғашында тек қазақша сөйлейтін. Бірақ Нью-Йорктегі қандастарымыз көбіне өзара орысша сөйлесетін. Соның әсерінен балам ана тілін ұмыта бастады. Екі жылдан кейін елге оралғанда қазақ тіліндегі күрделі дыбыстарды дұрыс айта алмай қалды. Сол кезде балаларға мемлекеттік тілді үйрететін платформа жасағым келді.

Идеямды тексеріп, мамандарға көрсету үшін Astana Hub-қа бардым. Сол жерде кездейсоқ Startup Garage 2025 инкубациялық бағдарламасына тап болдым. Презентациямды жіберіп едім, қабылдады. Бағдарламада бізбен трекерлер мен ондаған сарапшы жұмыс істеді. Даниил Мацкевич (Squares.kz іс-шара алаңдарын жалға беру сервисінің тең құрылтайшысы — Digital Business ескерт.) менің жобамды стартап деу қиын екенін айтты. Мысалы, ертең Duolingo қазақ тілін қосса, менің жобам өзектілігін жоғалтады деді. Содан кейін стартап қандай болуы керек екенін зерттей бастадым және ата-аналармен көп сөйлестім.

Сол әңгімелер барысында бұдан да маңызды мәселе барын түсіндім. Ол — балалардың сөйлеу дамуының кешеуілдеуі. Әр төртінші ата-ана осы проблема туралы айтты. Осылайша мектепке дейінгі балалар логопедиялық жаттығулар орындап, тілін дамытатын мобильді платформа жасау идеясы туды. Алдымен логопедтермен бірге әдістеме құрдық, кейін соның негізінде геймификация элементтері бар қосымша әзірлей бастадық. Жаттығулардың дұрыс орындалуын нейрожелі бақылауы керек болды.

– Неден бастадыңыз?

— Алдымен мәселені зерттеп алдым. Ол үшін ондаған логопедия орталығын араладым. Мұндай қосымшаға сұраныс бар ма, соны түсіну керек болды. Жолдан бір орталыққа кіріп, жобаның тек идеясын 89 мың теңгеге сатып жібердім. Бұл баға да кездейсоқ айтылды, ол кезде қаржы жағын әлі ойламаған едім. Сол сәтте мамандар мұндай қосымшаға ақша төлеуге дайын екенін түсіндім.

Жобаны жасау үшін команда керек болды. Оны Instagram арқылы жинаймын деп шештім. Жай ғана: «Осындай идеям бар, кім қосылғысы келеді?» деп жаздым. Маған Astana IT University-дегі диплом жазып жүрген студенттерім хабарласты. Олар әлі күнге дейін стартапта жұмыс істейді. Басында бес адам болып жиналдық, содан бері біргеміз. Ғалымбек (CTO) — ойын механикаларын әзірлейтін негізгі маман, Нұрай (COO) — операциялық менеджер, Самир — 3D-суретші, Бибімәриям — аудиодизайнер әрі SMM маманы. Сонымен қатар жартылай жұмыс істейтін және аутсорстағы мамандар да бар.

«Министрдің артынан жүгіріп барып, жоба туралы айту үшін лифтіге секіріп міндім»

— Қосымша сөйлеу тілін қалай дамытады?

— AR Sana екі бағыттан тұратын платформа.

AR Sana App – түрлі тапсырмасы бар ойын форматындағы мобильді қосымша. Бала телефон экранына қарап, өзін және бөлмесін көреді, ал қосымша толықтырылған шынайылық арқылы виртуалды кейіпкерлер мен тапсырмаларды қосады. Кейіпкер экранға үрлеу, тілді түтікше қылып бүгу сияқты жаттығуларды көрсетеді, ал бала оны камера алдында қайталайды. Егер дұрыс орындаса, ойын әрі қарай жалғасады.

Жаттығулардың дұрыс орындалуын жасанды интеллект, сөйлеуді тану және бет қимылын бақылау жүйелері тексереді. Жалпы саны 350 ойын болады деп жоспарлап отырмыз, қазір 80-нен астамы дайын.

AR Sana Lab — логопедтер мен мамандарға арналған веб-платформа. Мұнда олар баланың жетістігін бақылап, үй тапсырмасы туралы деректерді кесте мен дайын есеп түрінде көре алады. Егер бала белгілі бір деңгейді өте алмаса, логопедтер тапсырманы жеңілдете алады. Маңыздысы — біз AR Sana-ны маманның орнын басатын құрал ретінде көрсетпейміз. Біз тек үй тапсырмасы бөлігін жеңілдетіп, қосымша көмекші құрал боламыз.

Атауында бірнеше мағына бар. AR — біз қолданатын толықтырылған шынайылық технологиясы. Sana — қазақша «сана», «интеллект» ұғымы. Ал «ар сана» дегенде ар-намыс, адамгершілік мәні жатыр. Команда жұмысында осы ұстанымды басшылыққа алады.

— Қай жастан бастап қолдануға болады?

— Бір жарым жастан бастап. Бұл кезеңде бала сөз айтуға, қысқа тіркестер құрауға, заттарды атауға, «бер», «көрсет» сияқты етістіктерді қолдануға талпынуы керек. Егер бұл дағдылар баяу қалыптасса, маманға қаралған дұрыс. Кішкентай балаларға сөйлеуді бастауға арналған тапсырмалар береміз, ал ересектеу балаларға дыбысты дұрыс айту мен байланыстырып сөйлеуді дамыту жаттығулары ұсынылады.

— Сабақтар қалай өтеді?

— Тапсырмалар 7-13 минутқа созылады. Біз ойын элементтерін қолданамыз. Peer-to-peer оқыту әдісі (бір әлеуметтік топтағы адамдардың бір-бірін оқыту тәсілі – Digital Business ескерт.) ең тиімді тәсілдердің бірі саналады. Сондықтан балалар AR Sana-да ересек мұғаліммен емес, өз құрдасы – виртуалды қыз Санамен жұмыс істейді.

Біз оның өмірбаянын ойлап таптық: мінезі, жиі қолданатын сөздері, әдеттері, тіпті жұлдыз белгісіне дейін бар. Ол — көшбасшы мінезді, алға бастайтын, қиындықтан қорықпайтын кейіпкер. Санадан бөлек тағы үш кейіпкер бар: логопед, Әміртай және Есен.

— Баланың дыбысты қалай айтып жатқанын нейрожелі бақылайды дедіңіз. Қандай модель қолданасыздар?

— Назарбаев университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты — ISSAI жасаған қазақтілді модель ересектердің дауысына негізделген. Сондықтан біз дұрыс сөйлейтін балалардың дауысы арқылы өз AI моделімізді жасап жатырмыз. Датасет жинау үшін мектептермен, ата-аналармен келіссөз жүргіздік.

Аудиожазба жинау баяу жүріп жатқан. Бірақ бір жағдай көмектесті. Astana Hub-та өткен шаралардың біріне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев келген еді. Сөз сөйлегеннен кейін кетіп бара жатқанда министрдің артынан жүгіріп барып, лифтіге бірге кіріп кеттім. Министр де, күзетшілер де аң-таң. Нағыз elevator pitch (өнімді қысқаша таныстыру форматы — Digital Business ескерт.) болды: тұраққа түскенше AR Sana-ның техникалық мәселелерін айтып, қандай көмек қажет екенін түсіндіріп үлгердім. Кейін жоба жайлы кеңірек сөйлестік. Мен AR Sana-дағы техникалық қиындықтарды, балалардың дауысын жинау қажеттігін және білім беру ұйымдарының қолдауы қаншалық маңызды екенін айттым. Жаслан Хасенұлы бастамаға мұқият қарап, бұл мәселені Оқу-ағарту министрлігімен талқылайтынын айтты.

Көп ұзамай бізбен білім беру және түзету орталықтары хабарласа бастады. Жоба дәл сол кезде жаңа кезеңге өтті. Мектептермен, логопедтермен және ата-аналармен бірлескен жұмыстың арқасында AI модельдерімізді оқытуға арналған сөйлеу деректерін жинау айтарлықтай жылдамдады.

Бір айдың ішінде балалардың сөйлеуіне қатысты 17 мыңнан астам қысқа аудиожазба жинадық. Барлығы ата-аналар мен білім беру ұйымдарының ресми келісімімен жүргізілді. Біз үшін барлық этикалық және заң талаптарын сақтау өте маңызды болды: деректер аноним түрде жиналды, балалардың жеке мәліметтері ашылған жоқ.

Бұл біз үшін жай ғана технология немесе датасет емес еді. Осы арқылы ата-аналар, мамандар мен мектептердің балаларға ерте көмек көрсету және сөйлеу тілін дамытуға қолжетімді жүйе құру идеясын қолдауға дайын екенін көрдік.

Әрине, оңай жолды таңдауға болар еді. АҚШ-та ағылшын тіліндегі дайын сөйлеуді тану моделінің бағасы $50-70 мың тұрады. Бірақ біздің мақсат — алдымен Қазақстанда мемлекеттік тілде өнім шығару, содан кейін ғана шетел нарығына шығу.

— Қосымша қолданысқа қашан шығады?

— Қазір pre-launch кезеңіндеміз. Релиз 2-3 айдан кейін, жаз ортасында болады деп жоспарланып отыр. Қазір түрлі орталықтардың логопедтері AR Sana-ны тексеріп жатыр. Біз Easy Study, «ЛогоАзбука» орталықтарында, сондай-ақ Астана, Семей және Алматыдағы бірнеше мектепте пилоттық жобаны бастап кеттік. Кері байланыс жинап, алғашқы нұсқаға кіретін әдістерді сынап жатырмыз. Бастапқы кезеңде шамамен 150 ойын сценарийі болады.

«Кейбір ата-анаға баласының сөйлеуінде кідіріс барын мойындау өте ауыр»

— Жоба қалай табыс табады?

— Біз B2B2C моделін қолданамыз. Логопедтер ата-аналарға AR Sana-ны ұсынады. Қосымшаның тегін нұсқасында 5 базалық тапсырма бар. Ал толық қолдану үшін ата-аналар айына $9,99 төлейді.

Бұдан бөлек, мекемелерге арналған Enterprise-жазылым бар. Ол логопедиялық орталықтарға, мектептер мен балабақшаларға арналған. Жылдық құны — $1500. Бұл жағдайда қосымшаны бір ата-ана емес, тұтас ұйым пайдалана алады: мамандар балалармен жұмыс істеп, бірнеше оқушыны қоса алады, олардың жетістігін бақылап, ата-аналарға үй тапсырмасын қосымша арқылы жіберуге мүмкіндік алады.

— Клиент тарту үшін не істеп жатырсыздар?

— Алғашында орталықтарға қоңырау шалып бастадық. Бірақ ол нәтиже бермеді: сөйлесуге де сирек шақыратын. Кейін ең тиімді жол — мекемеге өзің барып, басшылармен кездесуге тырысу екенін түсіндік.

Бізге медианың да көмегі көп тиді: жобамыз туралы «Хабар» телеарнасы мен «Егемен Қазақстан» газеті жазды. Осыдан кейін логопедтер бізді алаяқ емес екенімізді түсініп, тыңдай бастады. AR Sana-да жасанды интеллект қолданылатынын айту да әсер етті. Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауларының бірінде технологияны дамыту маңызын айтқан еді, мемлекеттік мекемелерде мұны естіген. Өнімді таныстырып, жасанды интеллектпен жұмыс істейтінін айтқанда, мамандардың қызығушылығы арта түсті.

Қазір 5 орталықпен және 2 мектеппен жұмыс істейміз. Жалпы саны 35-тен астам маман бізбен бірге қызмет етіп жатыр.

— Логопедтердің ұсынысына ата-аналар қалай қарайды?

— Көп ата-ана баланың сөйлеуін ерте жастан дамыту мен тұрақты жаттығудың маңызды екенін түсінеді. Бірақ іс жүзінде бұдан да терең мәселе бар. Балаға көмек қажет болуы мүмкін екенін қабылдау көп адамға эмоционалды тұрғыдан өте қиын.

Қорқыныштан, алаңдаушылықтан немесе «өзі кетеді» деген үміттен кей отбасылар маманға қаралуды кейінге қалдырып, баланың ерте дамуындағы аса маңызды уақытты жоғалтып алады. Ата-ананың шешіміне үлкендердің де пікірі әсер етеді: ата-әжелер «әр бала әртүрлі», «кейін сөйлеп кетеді», «бәрінің өз уақыты бар» деп жұбатады.

Кейде шынымен солай болуы мүмкін. Бірақ кейбір жағдайда ерте қолдау мен уақытылы диагностика баланың кейінгі дамуына шешуші әсер етеді. Сондықтан біз сөйлеу дамуы туралы ата-ананы кінәламай, қысым көрсетпей, барынша ұқыпты айтуға тырысамыз. Көмек үкім сияқты емес, баланың болашағына жасалған қамқорлық ретінде қабылданғанын қалаймыз.

Кейде ата-аналардан «бала қосымша арқылы қалай жаттығады?» деген сұрақ естиміз. Бірақ біз AR Sana логопедтің немесе тікелей қарым-қатынастың орнын басады демейміз. Бұл — қосымша құрал ғана. Бала маманмен жұмыс істейді, отбасымен араласады, ал қосымша жаттығуларды ойын түрінде тұрақты қайталап, нәтижені бекітуге көмектеседі.

«Суық суда тұрып, жобамды таныстырдым»

— AR Sana-ны жасауға қанша қаражат кетті?

— Өз қаражатымнан 7 млн теңге салдым. Негізгі шығын бағдарламашылар мен дизайнерлердің еңбекақысына кетті. Бірақ тегін көмектесуге дайын адамдар да көп болды. Мысалы, логопедтер ЖИ моделін үйрету үшін дауыс үлгілерін жинауға көмектесті.

Сонымен қатар түрлі акселерациялық бағдарламаларға қатысып жүрміз. Жалпы алғанда, сол арқылы шамамен 15 млн теңге ұтып алдық.

— Қандай акселераторға қатыстыңыз?

— Astana Hub-қа идеямен келгенге дейін стартаптар туралы ештеңе білмедім. Сол кезде Startup Garage атты үш айлық инкубаторға өтіп, 308 жобаның ішінен үздік 15-ке кірдік. Осылайша медиа назарын аудардық. Кейін Astana Hub ұйымдастырған тағы бір үш айлық бағдарлама — Sales Bootcamp-та екінші орын алдық. Одан кейін NU Impact Foundation-ның Social Startup бағдарламасына қатысып, 150 стартаптың арасынан Demo Day-де үздік ондыққа кірдік те, 10 млн теңге ұтып алдық.

Жақында World Bank-тің венчурлық бағдарламасына өтінім бердік. Бірнеше күн бұрын Demo Day финалына өткеніміз және үшінші орын алғанымыз туралы хабар келді. Ол жақта жобаны операциялық директор Нұрай таныстырып жатыр.

Қазір АҚШ-та Astana Hub пен Draper University ұйымдастырған Кремний алқабындағы Hero Training бағдарламасынан өтіп жүрмін. Бұл бағдарламаның ерекшелігі — өнімге емес, фаундердің өзіне басымдық береді. Әдетте кәсіпкерлерді тосын жағдайларға салып, олардың беймәлім ортада қалай әрекет ететінін бақылайды. Мысалы, бір шара көшеде өтті, ауа температурасы шамамен +13 градус еді. Сол сәтте танымал венчурлық инвестор Тим Дрейпер костюмімен терең бассейнге секіріп кетті. Мен де артынан секірдім де, суық суда тұрып өз жобамды таныстырдым. Жақында Survival Week бағдарламасынан оралдық. Онда төзімділік пен көшбасшылыққа байланысты түрлі сынақтар болды.

Тим Дрейпер

— АҚШ-тағы бағдарламаға қатысып жүргеніңізді ескерсек, сол нарыққа шығуды жоспарлап отырсыз ба?

— Әрине, ондай жоспарымыз бар. Бірақ қазір нарықты зерттеп жатырмыз. Біз үшін Кремний алқабы өте маңызды бағыт: мұнда кәсіпкер өте көп, стартаптар мен венчурлық қорлардың үлкен қауымдастығы қалыптасқан, бір-біріне қолдау көрсету мәдениеті жақсы дамыған. Бірнеше логопедия орталығына барып, олардың қызығушылығын және мәселенің қаншалықты өзекті екенін бағалауды жоспарлап отырмыз. Бізге бөлек ЖИ моделі қажет болады. Бірақ ағылшын тіліне арналған дайын модельдер қазірдің өзінде бар. Дегенмен өнімнің алғашқы нұсқасын ең алдымен Қазақстанда іске қосуды жоспарлап отырмыз.