Ташкенттік кәсіпкер Акмаль Пайзиевтың бизнес саласында жүргеніне 20 жылдан асты. Осы аралықта ол бес компания құрған. Солардың екеуін ірі нарық ойыншыларына сатып, табысты экзит жасады. Қазір Акмаль Numeo AI деп аталатын жаңа жобасын дамытып жатыр. Бұл компания логистика мен жүк тасымалына арналған арнайы жасанды интеллект агенттерін әзірлейді. Үлкен тәжірибесіне қарамастан, бұл стартап өзбекстандық фаундер үшін бір жағынан жаңа, әрі зерттелмеген бағыт болды. Біріншіден, компания АҚШ-та тіркелген және тек сол нарыққа бағытталған. Бұған дейін кәсіпкер тек өз елінде жұмыс істеді. Екіншіден, бұл мүлде басқа сала. Жоба индустрияның жанама қатысушыларына емес, тікелей жүк тасымалдаушыларға көмектеседі. Үшіншіден, шешім жасанды интеллектке негізделген. Бұл қазір қарқынды дамып келе жатқан бағыт және жоба NFX венчурлық қорынан бірнеше миллион доллар инвестиция алған.
Digital Business пен Astana Hub бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Акмаль Numeo AI-дың қалай дамып жатқанын және жалпы көлемі қазірдің өзінде 850 миллиард долларды құрайтын АҚШ-тағы логистика нарығының ерекшеліктерін айтып берді. Сондай-ақ ол сала қызметкерлерінің жасанды интеллектке деген сенімсіздігі мен стартапты америкалық нарықта қалай кеңейтуді жоспарлап отырғаны жайлы да сөз етті.
«АҚШ-та жүк тасымалдау компанияларын құрған өзбекстандықтар мен Орталық Азиядан шыққан адамдар көп»
— Бұған дейін немен айналыстыңыз? IT саласына қалай келдіңіз?
— Мен стартаптармен айналысып келе жатқаныма 20 жыл болды. Барлығы төрт ірі жобам болды, олардың екеуін сәтті экзитпен жаптық. Ал Numeo AI — біздің бесінші компаниямыз.
Бұған дейін біз телеметрия платформасы MaxTrack-ті, тамақ жеткізу қызметі Express24-ті (кейін оны «Яндекс» сатып алды) және MyTaxi атты корпоративтік тасымалдау сервистерінің өзбекстандық көшбасшысын құрдық. Сондай-ақ HR-процестерді автоматтандыратын Workly жобасын іске қостық. Айтпақшы, жақында Workly компаниясы қазақстандық Clockster стартабымен бірігіп, енді өнім мен команданы бірыңғай бренд аясында біріктіріп дамытуға келісті.
— Тамақ жеткізу, жолаушы тасымалы, телеметрия — бұлардың бәрі логистикамен тығыз байланысты. Numeo AI идеясы да осының жалғасы сияқты. Бірақ бәрібір, жаңа жобаға қалай келдіңіз?
— Өткен жылы АҚШ-қа көшіп кетіп, жаңа компания құру туралы ойлай бастадым. Бастапқы идея мүлде басқа болатын, оған біраз уақыт жұмыс істеп те үлгердік.
Алғашында мейрамхана бизнесіндегі қызмет сапасын жақсартуға арналған шешім әзірлемек болдық. Стартаптың атауы SpeechSense еді. Идеясы — «цифрлық супервайзер» жасау. Бұрынғы жобаларымның бірінде мен шамамен жеті жыл бойы мейрамханалармен жұмыс істедім, сондықтан олардың ішкі мәселелерін жақсы түсінемін. Мысалы, басқару тиімділігі мен клиенттермен байланыс кейде әлсіз болатын. Сол тұста жасанды интеллект бұл проблеманы шешуге көмектесе алады деген ой келді.
Біз мекеме қызметкерлері (официанттар, хостестер) мен келушілер арасындағы әңгімені тыңдап, талдайтын арнайы цифрлық микрофон жасағымыз келді. Жасанды интеллект әңгіменің контекстін түсініп, клиенттің шағымын, әңгіме реңкін, туындаған мәселелерді және қызметкерлердің оны қалай шешкенін анықтай алады. Содан кейін жүйе бизнестің жалпы жұмысы мен қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар беретін еді.
Бірақ қиындыққа тап болдық. Егер үлкен компания құруды қаласаң, өніміңді ірі желілерге ұсынуың керек. Ал мұнда кедергі бар: танымал франшизалар қоғам алдында беделіне нұқсан келтіруі мүмкін кез келген нәрседен қорқады. Мысалы, «Starbucks сіздің әңгімеңізді тыңдайды» деген жаңалық шықса, бұл компанияның атына үлкен дақ түсірер еді, тіпті AI жүйесі америкалық заңдарға сай жұмыс істесе де.
Бұл біз үшін тоқтам болды. Заңдық тұрғыдан барлық мәселені шешуге болатын еді, бірақ егер компания имидждік қауіптен сескеніп, технологияны қабылдағысы келмесе, олардың көзқарасын өзгерту өте қиын. Біз мұны ірі мейрамхана желілерімен келіссөз жүргізу кезінде нақты байқадық.
Сол себепті бұл идеяны кейінге қалдырып, бар тәжірибе мен AI технологиясын басқа салада қолдану туралы ойлана бастадық. Солай логистика бағытына келдік. Мұнда бәрі өзгеше, әрі біз ешкімді «тыңдамаймыз». AI-агент тікелей нарықтағы қатысушылармен: тасымалдаушылармен, брокерлермен, логистермен жұмыс істейді.
Біздің мақсат — қазіргі тиімсіз, баяу, қолмен істелетін процестерді оңтайландыру. Мысалы, мыңдаған ұсыныстың ішінен тиімді жүкті табу немесе жақсырақ бағаға келісу. Мұның бәрін дәл қазір жасанды интеллект арқылы істеуге болады, ол толыққанды цифрлық қызметкер рөлін атқара алады.
Тағы бір маңызды нәрсе — АҚШ-та жүк тасымалдау саласында өзбекстандықтар мен Орталық Азиядан шыққан адамдар құрған компаниялар көп. Бұл нарыққа кіруді жеңілдетіп, клиенттермен тіл табысуды оңайлатады.
— Сіз логистикада тиімсіз процестер бар дедіңіз. Ол нақты неден көрінеді және AI-агент жағдайды қалай жақсартады?
— Мұнда бәрі адамдарға тәуелді, ал біз, өзіңіз білесіз, мінсіз емеспіз. Кейде шешімді эмоциямен қабылдаймыз, ол ең тиімді нұсқа болмауы мүмкін. Немесе толық ақпарат жетіспеген жағдайда әрекет етеміз, яғни шешім болжам мен түйсіктің негізінде қабылданады.
Мысалы, жүргізуші бос және Чикагода тапсырыс ала алады делік. Ұсыныстар тізімін ашсаңыз, мыңдаған түрлі жүк бар. Солардың арасынан 20-30 минут ішінде қайсысы ең тиімді, ең пайдалы екенін қалай анықтайсыз? Оның үстіне, жаңа ұсыныстар әр секунд сайын пайда болып тұрады. Осындай жағдайда алгоритмдер адамнан әлдеқайда жақсы жұмыс істейді.
Біз Big Data жинаймыз, ал онымен жасанды интеллект жұмыс істейді. Ол контекстті түсінеді, саудаласа алады, логистер мен жүргізушілер үшін тиімдірек шарттар ұсына алады.
«Көп адам әлі де AI-мен сөйлесуге немесе хат алмасуға қорқады»
— Numeo AI нені қамтиды? Қандай өнімдеріңіз бар және олар қалай жұмыс істейді?
— Біздің компания логистикаға арналған AI-агенттер әзірлейді, яғни цифрлық қызметкерлер. Олар бизнес басқаруды жақсартып, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Қазір бізде екі агент бар:
- Spot Finder — жүк тасымалдау компанияларына ең тиімді тапсырыстарды табуға көмектеседі. Мысалы, AI-агент тапсырыс берушімен телефон арқылы немесе электронды хат арқылы сөйлесіп, жеткізу бағасын тиімдірек деңгейге дейін саудалай алады.
- Updater Agent — Spot Finder тапсырысты тауып, тиімді шарттар бойынша келісім жасаған соң, жеткізудің толық процесін басқарады. Бұл агент жүргізушімен, брокермен, диспетчермен байланысып, барлық процесті үйлестіреді.
— Жүк тасымалы саласы өте үлкен. Мұндай бағытта ойлап жүрген ірі ойыншылар бар шығар? Бәсекелестеріңіз бар ма?
— Біз жұмыс істейтін бағыт, яғни жүк тасымалдау компанияларына арналған сегмент әзірге айтарлықтай бос. Күшті бәсекелес көріп тұрған жоқпыз. Біріншіден, AI-агенттер бағыты әлі жаңа, шамамен бір жыл бұрын ғана дами бастады. Екіншіден, бұл нарықтың өзі өте ұсақталып кеткен, күрделі сала. Көп компаниялар брокерлерге бағытталған шешімдер ұсынады, ал біз, керісінше, тасымалдаушыларға көмектесеміз. Ал бұл бағытта жүргендерде көбіне ірі инвестиция немесе ресурстар жоқ.
Сондықтан жақын арада Numeo AI-ға шынайы бәсекелес шығуы екіталай деп ойлаймын. Қазір ондай компаниялар өте аз.
— Қазір сіздердің қанша клиентіңіз бар? Ал алғашқы клиенттермен келіссөздер қалай өтті? Өнім жаңа, бәсекелес жоқ, компанияларды сендіру қиын болмады ма?
— Spot Finder-ді шамамен мыңға жуық компания қолданады, ал Updater Agent-тің 60 шақты клиенті бар. Келіссөздер жағынан қиындық болған жоқ. Тіпті өнім толық дайын болмай тұрып, сегіз клиент бізге 1-3 мың доллар аралығында төлеген. Біз олардың нақты мәселесін тап білдік және оны қалай шешуге болатынын көрсеттік. Ал компаниялар біздің нарықты жақсы түсінетінімізді көрді.
Бірақ қиындық басқа жақтан шықты. Агенттерді бар инфрақұрылымға енгізу оңай болмады. Техникалық жағынан да, қызметкерлер тарапынан да кедергілер кездесті. Компания иесіне шешім ұнауы мүмкін, бірақ қарапайым қызметкерлер жаңа жүйені қабылдағысы келмейді, бұл табиғи құбылыс.
— Қызметкерлер неге қарсы болды? Олар AI-агент өз орнын басады деп қорықты ма?
— Себеп көп. Біріншіден, біздің өнім жаңа, бұрын логистика индустриясында мұндай шешім болған емес. Екіншіден, адамдар әлі де жасанды интеллектке сенбейді. Мысалы, диспетчер мұндай көмекшіге сақтықпен қарайды. Жүк тасымалы — өте консервативті сала, сондықтан көп адам әлі күнге дейін AI-мен хат алмасудан немесе сөйлесуден қорқады.
«Біз қаржы іздемедік, венчурлық қордың өзі бізге бірінші хабарласты»
— Numeo AI-дың бизнес-моделі қандай?
— Қазір жазылым жүйесімен жұмыс істейміз, бірақ алдағы уақытта басқа модельге көшуді жоспарлап отырмыз, мәміледен пайыз алуға көшеміз.
— Numeo AI табысқа шықты ма? Қандай көрсеткіштермен бөлісе аласыз?
— Жоқ, әзірге табысқа шықпадық, инвестиция есебінен жұмыс істеп отырмыз. Клиенттер базасы 1000-нан аса компания болғанымен, әзірге «плюске» өтпедік. Бізде 20 қызметкер бар. MRR және басқа көрсеткіштерді ашып айта алмаймын.
— Инвестиция демекші, сіздер NFX венчурлық қорынан қаражат алдыңыздар. Бұл қалай болды?
— Иә, жалпы сомасы 2,7 миллион доллар инвестиция алдық. Біз қаржы іздеп жүрген жоқ едік, қордың өзі бізге хабарласты. Шарттар бойынша тез келісіп, биыл мамыр айында раундты жаптық. Шынын айтсам, АҚШ нарығы үшін бұл аса үлкен сома емес.
— Жаңа инвестициялық раунд жоспарыңызда бар ма?
— Қазір жоқ. Бірақ болашақта қарастыруымыз мүмкін.
— Сіздер қазір тек АҚШ нарығында жұмыс істейсіздер. Басқа елдерге шығу жоспары бар ма?
— Жоқ, АҚШ нарығының өзі өте үлкен, мұнда істейтін жұмыс әлі көп. Логистика саласының жалпы көлемі 850 миллиард доллар болса, біз жұмыс істейтін Spot Market бөлігі — шамамен 20%, яғни 170 миллиард доллар. Ал BPO (Business Process Outsourcing — бизнес-процестерді сыртқы компанияға беру — Digital Business еск.) сегментінің көлемі шамамен 25 миллиард доллар. Сондықтан бұл нарық бізге жеткілікті. Әлемде бұған тең келетін басқа нарық жоқ деуге болады.
— Numeo AI-дің 2026 жылға жоспары қандай?
— Болжам жасау қиын, себебі біз — стартаппыз, бәрі тез өзгеруі мүмкін. Стратегия — тұрақты компанияларға тән ұғым. Ал біз сияқты жас жобаларда жағдайға қарай әрекет етеміз.
— Соңғы жылдары жасанды интеллект көптеген салаға еніп кетті. Сіздің ойыңызша, осы «AI-дегі дүрлікпе» қашан басылады? Басыла ма?
— Рас, қазір AI айналасында үлкен хайп бар. Бірақ мен оның тоқтайды деп ойламаймын. Керісінше, бұл үрдіс жалғаса береді. Жасанды интеллект қолдануға болатын бағыттар өте көп. Әртүрлі салалар мен нишаларда көптеген жаңа стартаптар пайда болатыны анық.