«Meta-ға сатудан бас тарттық». Higgsfield AI-дің негізін қалаушы стартаптың сатылмай қалғаны және IPO жоспары туралы
Higgsfield AI – бүгінде әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан стартаптардың бірі. Қазақстаннан шыққан бұл жоба жасанды интеллект зерттеушісі Ерзат Дулат пен Snap Inc компаниясында генеративті AI бөлімін басқарған Алекс Машрабовтың бастамасымен құрылды. Екі жылға жетпейтін уақыт ішінде стартап миллиондаған белсенді қолданушы жинап үлгерді. Олардың арасында әлемге әйгілі актерлер, әншілер мен спортшылар бар. Сондай-ақ Higgsfield AI жетекші венчурлық қорлар мен белгілі бизнес-қамқоршылардан $16 миллион инвестиция тарта алды. Бірер уақыт бұрын компанияны Meta сатып алғысы келген, келісім құны жүздеген миллион долларға бағаланған! Алайда команда ұсыныстан бас тартты.
Digital Business-ке берген эксклюзивті сұхбатында Ерзат Дулат Higgsfield AI-дің АҚШ, Қытай мен Жапонияда қалай танымал болғанын, жобаның табысы қандай қарқынмен өсіп жатқанын және неге команда B2B бағытын дамытуды көздеп отырғанын айтты. Сондай-ақ Meta-мен келіссөздер, Марк Цукербергтің реакциясы және алдағы жоспарлар жайлы сөз қозғалды.
«Біздің мақсат – GenAI-ға кіру шегін төмендету»
— Ерзат, былтыр мамырда алғаш сұхбаттасқанымызда, Higgsfield AI әлі даму кезеңінің басында еді. Ол кезде Diffuse атты мобильді қосымшаның алғашқы нұсқасы ғана болды. Онда қолданушылар дайын клиптер мен өз фотоларын пайдаланып шағын роликтер жасай алатын. Қазір Higgsfield AI – түрлі форматтағы қысқа видеолар генерациялайтын толыққанды платформа. Оны әлемдік жұлдыздар мен ірі брендтер қолданады. Бұндай нәтижеге қысқа уақытта қалай жеттіңіздер?
— Қазір біз күрделі контент генерациялау саласында әлемдегі ең мықты командалардың біріміз деп ойлаймын. Қамту ауқымы бойынша Higgsfield AI қазіргі таңда әлеуметтік желі форматына бейім видео жасауға арналған ең үздік өнім. Бұл – факт. Қытайлық шешімдерден де алда тұрмыз.
Негізі, қазіргі Higgsfield AI біздің басқа жобамыз – Reel Magic атты ұзақ контент генерациялау сервисінен туындады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, тіпті промпт-инженерлердің өзі фильм немесе сериал секілді толыққанды өнімдерді AI арқылы жасай алмайды. Сол себепті Reel Magic-ті жеңілдетіп, әлеуметтік желілерге арналған қысқа видеоларға бағытталған веб-қосымшаға айналдырдық.
Higgsfield AI-де видео жасау үшін промпт жазудың қажеті жоқ. Click to Video принципі жұмыс істейді: қолданушы ұнаған пресетті таңдап, фото немесе видеосын жүктейді, қалғанын жүйе өзі орындайды. Бұл контент жасауды айтарлықтай жеңілдетеді. Жақында Draw to Video жаңа форматын іске қостық, онда видео үстіне қалаған суретті салуға болады.
Біздің платформада кез келген контентті жасауға болады. Мысалы, француздық Sandro сән бренді мен испандық MELLER көзілдірік бренді жарнамалық роликтерін Higgsfield AI арқылы жасады. Ал Еуропаның үздік чемпионаттарында ойнаған әйгілі футболшы Златан Ибрагимович арнайы эффектілері бар ойын-сауық видеосын жасап, Instagram-да жариялады.
Біздің мақсат – GenAI қолдануды барынша жеңілдету. Бұл стратегия әзірге нәтижесін беріп жатыр: Higgsfield AI-ді әлемдік жұлдыздар қолданып жатыр. Білетінім, біздің құралмен Уилл Смит, Снуп Дог және Мадонна ролик жасаған. Бірде әлемдік деңгейдегі танымал музыкант әрі продюсер бізге хат жазған екен, бірақ ол жалпы почта ағымында байқалмай қалыпты. Кейіннен ол біздің Instagram парақшамызға лайк баса бастағанда ғана оның жазылушымыз екенін көрдік. Сол күні команда онлайн кездесіп, бірлескен жобалар жөнінде келісіп алды.
— Higgsfield AI-дің танымалдығы көктемде күрт артты. Сіздің платформа жасаған видеолар АҚШ-та, Қытайда және Жапонияда вирус сияқты тарап кетті. Бұл кездейсоқтық па, әлде ойластырылған маркетинг стратегиясының жемісі ме?
— Екеуі де деп ойлаймын. Команданың ішкі экспертизасы арқасында бірден сапалы өнім шығардық, ол өзі-ақ виралды болды. Бірақ эффектіні жеделдету үшін мықты маркетинг бөлімін құрдық. Ерекшелігі – біз маркетинг командасына техникалық білімі бар, математика мен физикаға мықты адамдарды алдық.
Қазір біздің маркетингті IQ деңгейі жоғары, аналитикалық ойлайтын мамандар басқарады. Олар – Қазақстан мен АҚШ-тың үздік университет түлектері, Ernst&Young, McKinsey, KPMG сияқты алпауыт компанияларда жұмыс істеген тәжірибелі жандар. Олар үнемі жаңа гипотеза ұсынып, әлеуметтік желілерде жылдам сынақтан өткізеді.
Осылайша команда виралдылықты «бұзып», оны басқарылатын процеске айналдырды. Наурыздан бастап әр ай сайын жаңа трендтерді іске қосып отырмыз. Кремний алқабындағы инвесторлар да, фаундерлер де біздің X, Instagram, TikTok-та осындай ауқымға қалай қол жеткізгенімізді түсінбейді. Өйткені Илон Маск немесе OpenAI болмасаң, табиғи ақпараттық шуды тудыру қиын.
«Табыс ай сайын 100%-ға өсіп жатыр»
— Higgsfield AI-дің қазір қанша белсенді қолданушысы бар?
— Соңғы мәлімет бойынша, күніне 650 мың қолданушы. Айлық көрсеткіші ондаған миллион. Трафик өте жоғары. Оның үстіне біз тек 5 тегін кредит береміз, ол бір видео мен бірнеше фото жасауға ғана жетеді. Сондықтан ақылы қолданушылар жеткілікті.
Қолданушымыздың көбі АҚШ-тан. Сонымен қатар Higgsfield AI-дың Оңтүстік Корея мен Жапонияда да белсенді аудиториясы бар. Айтпақшы, ол жақтағы қауым өте креативті. Қыркүйекте Токиода Sony-дің қолдауымен ірі офлайн-конференция өтеді. Онда жапон промт-инженерлері біздің платформаны қалай қолдану керегін кез келген адамға тегін үйретпек. Қызығы, бұл шараны біз ұйымдастырған жоқпыз: бір танымал жапондық YouTube-блогер қолға алыпты. Ол маған хабарласып, осындай бастамасы бар екенін жеткізді. Әрине, біз қуандық.
Соңғы уақытта Қытайда да жақсы өсім байқалып жатыр. Жергілікті сериалдың арқасында біздің өнім қайтадан вирус сияқты таралды. Онда кейіпкер бөлшектеніп кететін дезинтеграция эффектісі қолданылған. Бірде таңғы 5-те кеңседе отырғанда, Alipay арқылы жазылымдардың күрт артып кеткенін байқадық.
— Осындай төлем жасайтын пайдаланушылар легі Higgsfield AI-ды өзін-өзі ақтайтын деңгейге жеткізді ме?
— Біздің табысымыз ай сайын 100%-ға өсіп келеді. Өкінішке қарай, соңғы сандарды айта алмаймын, бірақ мамыр айында ARR (Annual Recurring Revenue – жыл сайынғы қайталанатын табыс – Digital Business еск.) $11 млн құрады. Шын мәнінде, бізде gross margin (жалпы маржа – сатудың рентабельділігін анықтайтын коэффициент – Digital Business еск.) өте жоғары. Тіпті OpenAI мен Atrophic-тен де жоғары, олардың көрсеткіші 40–50% шамасында.
Бірақ біз үшін пайда табу басты мақсат емес. Барлық кірісті дамуға, соның ішінде, ең алдымен R&D-ге, модельдерді оқытуға жұмсап жатырмыз. Сондай-ақ маркетинг пен команданы кеңейтуге қаржы құямыз. Мысалы, жуырда бізге Chief Strategy Officer (CSO) болып Махи де Сильва қосылды. Бұл — Кремний алқабының нағыз аңызы, ол кезінде Илон Масктің алғашқы компаниясын сатып алған әрі Opera Mediaworks-тің ( жарнама мен маркетингке арналған ірі платформа – Digital Business еск.) бас директоры болған. Оның АҚШ-тағы нетуоркі кең, сондықтан біз B2B бағытын дамытуға кірістік.
– Дұрыс түсінсем, енді сіздер бизнеске арналған шешімдер ұсынбақсыздар?
— Иә, дәл солай. Қазірдің өзінде Fortune 100 тізіміндегі алпауыттар мен көптеген стартаптар, соның ішінде «юникорндар» API арқылы біздің модельдерімізге қол жеткізгісі келеді. Сондай-ақ Figma секілді корпоративтік жоспарларды ұсынуды көздеп отырмыз.
Үлкен корпорациялармен жұмыс істеу үшін қазір B2B-сатылымдар департаментін құрып жатырмыз. Сол үшін амбициясы бар, ақылды әрі өскісі келетін мамандар іздейміз. Higgsfield AI – осындай адамдар үшін ең дұрыс орын деп ойлаймын. Біз оларға өзін толық көрсете алатындай жағдай жасаймыз, әрі біздің Chief Strategy Officer-дің тәжірибесінен үйренуге, Amazon, Walmart деңгейіндегі компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береміз.
Қазір АҚШ нарығында B2B-сатылымдар құратын сатылым бөлімінің жетекшісін, аккаунт-менеджерлерді, сондай-ақ процесті жылдамдата алатын операциялық менеджерлерді іздеп жатырмыз. Егер қызығушылық болса, маған тікелей Instagram арқылы жаза аласыздар.
Неге біз B2B тақырыбына терең үңілуді ұйғардық? Егер «юникорндарды» қарасақ, олардың басым бөлігі – B2B-стартаптар. Мұның себебі – америкалық венчурлік қорлар B2B үлгісін жақсырақ түсінеді, сондықтан да оларға басымдық береді. АҚШ-та венчурлік капиталдың көп бөлігі дәл осы B2B-жобаларға құйылады, сондықтан біз де осы бағытқа ставка жасауды жөн көрдік.
«Біздің қазіргі өсім қарқынымен компания бір жылдан кейін кем дегенде 10 есе қымбаттайды»
— Жуырда Meta Higgsfield AI-ды сатып алғысы келгені белгілі болды. Бірақ сіздер мәміледен бас тарттыңыздар. Себебін айтып бересіз бе?
– Бұл туралы The Information басылымы жазды. Ол жерде Кремний алқабына қатысты түрлі зерттеулер, құпия материалдар мен қауесеттер жарияланады. Сол себепті кейбір жайттарды айтып бере аламын. Жалпы Марк Цукерберг видео генерациясына байланысты AI-стартап сатып алғысы келген. Ал Higgsfield AI ол кезде әлеуметтік желілердегі қамту жағынан көш бастап тұрғандықтан, біз оның тізімінде бірінші нөмірлі кандидат болдық.
Meta-ның топ-менеджерлері бізге тікелей ұсыныспен шықты. Нақты соманы айта алмаймын, бірақ жүздеген миллион доллар туралы сөз болды, яғни компанияның бағалау құны. Шынын айтқанда, келіссөздер өте қиын болды: ұзақ сөйлестік, қарсы талап қойдық. Цукербергтің өзімен тікелей сөйлеспедік, бірақ ол біз туралы нақты білген және оған мәміленің барысы жайлы хабарланып отырды.
Біз командамен бірге соңғы жауапты бермес бұрын бірнеше апта ойландық. Өйткені Higgsfield AI әлі жас компания ғой, әлі екі жыл да толмаған. Алайда, бәрібір мәміледен бас тартуды жөн көрдік.
– Неге? Шарттары көңілден шықпады ма?
– Қазіргі өсім қарқынымызды ескерсек, бір жылдан кейін компанияның құны кем дегенде 10 есе артады деп ойлаймыз. Команда бұл шешімді қолдады. Бізде амбициясы зор жігіттер бар, олар мегаөнім жасағысы келеді. Өйткені GenAI әлі ерте даму кезеңінде тұр. Алдағы бірнеше жылда генеративті жасанды интеллект технологиясы адамдардың өміріне терең еніп, Instagram мен Google сияқты кеңінен қолданыла бастайтынын бәрі жақсы түсінеді. Сол кезде мүлде басқа valuation туралы әңгіме қозғалады.
Сонымен қатар, біз оң белгіні байқап отырмыз. Мысалы, Figma-ның IPO-ға сәтті шығуы, бұл нарықтың ашылып, экзит үшін тек стратегтердің acquisition-ы ғана емес, сонымен бірге ашық нарықтағы мүмкіндіктердің бар екенін көрсетеді. Сондықтан барлық факторларды ескере келе, платформаны қазір сату біз үшін тиімсіз деп шештік.
– Higgsfield AI-дің дамуындағы global vision қандай?
– Кез келген стартап үшін түпкі мақсат – ашық нарыққа шығу немесе ірі стратегке сатылу. Жеке өзім Higgsfield AI-ді IPO-ға жеткізгім келеді. Командадағы көпшілік те осы ойда, біз алып технологиялық компания құруды армандаймыз. Бірақ нарықтың қалай әрекет ететінін ешкім дөп басып айта алмайды. Бұған дейін айтқанымдай, Figma-ның IPO-ға сәтті шығуы біз үшін жақсы белгі. Соңғы жылдары ірі tech-компаниялар IPO-ға шықпағанын ескерейік.
Қазір біз жаңа инвестиция тартып жатырмыз, Series A раундын жабу процесіндеміз. Күзде бұл туралы ресми хабарлаймыз деп ойлаймын. Бұған дейін жалпы көлемі $16 млн инвестиция тарттық.
Алдымызда ауқымды жоспар бар. Қазіргі backlog бойынша ойға алғанның 10%-ын ғана жүзеге асырдық. Өнімнің функционалы мен қолдану аясы әлдеқайда кеңейеді. Higgsfield AI басты платформа болып қала береді, мұнда кез келген адам генеративті жасанды интеллекттің көмегімен қалаған контентін – сериалдар, фильмдер, жарнамалық роликтер және тағы басқасын жасай алады.