Банк саласындағы өзгерістерден бастап зейнетақы реформасына дейін: Елена Бахмутова Қазақстандағы қаржы жүйесінің шамадан тыс реттелу жағдайындағы ахуалы туралы

Соңғы бір жылда Қазақстанда қарыз алушылардың құқықтарын күшейтуге бағытталған заңнамаға өзгерістер енгізу тақырыбы белсенді талқыланып жатыр. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Елена Бахмутова мұндай «қарыз алушыны қорғауға» бағытталған біржақты қадамдардың елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығына неге қауіп төндіретінін түсіндірді. Сонымен қатар ол банктерді салықты арттыру арқылы казиномен теңестіру әрекетін неліктен орынсыз деп санайтынын, сондай-ақ зейнетақы саласына жеке басқарушы компаниялар жүйесін қайтаруды не үшін ұсынатынын егжей-тегжейлі түсіндірді. Бұл туралы Елена Бахмутованың Digital Business порталына берген үлкен сұхбатында оқыңыз.
Сұхбаттан алынған 3 дәйексөз:
1.«Салық кодексіне ұсынылып отырған соңғы өзгерістер, ашық айтсақ, банктерді казиномен теңестіріп отыр».
2.«Қазақстанға шетелдік банктер мен инвесторлар келсін десек, бір-ақ шарт керек: банк бизнесі тартымды әрі болжамды болуы тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі жағдай олай емес».
3.«Бізге жеке зейнетақы қорларына емес, зейнетақы активтерін басқарудағы бәсекеге негізделген жеке басқарушы компаниялар жүйесіне қайта оралу қажет. Бұл — принципті мәселе».
«Қарыз алушы банктен алған ақшаны қайтарып, қарыз шартының күшін жоюға міндетті»
— Қазір банк қызметі туралы заң Сенаттың қарауында жатыр. Ұсынылған түзетулерді қалай бағалайсыз? Даулы тұстары бар ма?
— Қолданыстағы банк туралы заң алғаш рет 1995 жылы қабылданған, содан бері оған өте көп өзгеріс енгізілді. Соңғы бірнеше жылда бұл заңға өзгерістер енгізілмеген бірде-бір кезең болған жоқ. Қазір де Сенат қарауында бірқатар өзгеріс бар: кейбірі шынымен қажет, бірақ меніңше, олардың бір бөлігі артық, тіпті жүйеге зиян келтіруі мүмкін.
— Нақты қай өзгерістер туралы айтып отырсыз?
— Біз қазіргі таңда қарыз алушылар мен тұтынушылар құқықтарын қорғауға тым біржақты бет бұрылып жатқанын байқап отырмыз. Өзінің мәні жағынан бұл идеяға қарсылығым жоқ, бұл шын мәнінде маңызды және әлемдік үздік тәжірибеге сай. Қаржы өнімдері күрделі, сондықтан банк пен басқа қаржылық ұйымдар клиент өнімнің табиғатын түсініп, қабылдайтын міндеттемелерін орындай алатынына көз жеткізуге міндетті. Халықаралық тәжірибедегі мінез-құлықты қадағалаудың мәні де осында.
Алайда қазіргі енгізіліп жатқан тәсілдерден тепе-теңдік кеткен. Мысал келтірейін. Былтыр банк туралы заңға кепілсіз тұтынушылық несие алу кезінде ерлі-зайыптының міндетті келісімі талап етіледі деген норма енгізілді. Идеяның өзі қаншалықты орынды — ол бөлек мәселе. Бірақ салдарын қарап көрейік. Түрлі себептерге байланысты, соның ішінде ақпаратты әдейі жасыру жағдайында жұбайының келісімі дұрыс алынбай қалды, ал қарыз алушы болса, несие шартына қол қойып, ақшаны алды да, өз қажетіне жұмсады.
Егер мәміле жарамсыз деп танылса, тараптар бастапқы жағдайына оралуы тиіс. Яғни қарыз алушы банктен алған ақшаны қайтарып, несие шартын жоюға міндетті. Бұл ретте банкке немесе оның лауазымды тұлғаларына банктік қызмет жүргізу ережелерін бұзғаны үшін реттеуші санкция қолдана алады. Алайда, заңға енгізілген нормаларға сәйкес, банк процедураны бұза отырып берілген несиені қайтаруды талап ете алмайды. Яғни, несие кешірілуі тиіс. Маған белгілісі, мұндай механизм әлемнің ешбір елінде жоқ.
— Тағы қандай өзгерістер даулы деп есептейсіз?
— Қазір Сенат қарауындағы банк туралы заңға ұсынылған түзетулер аясында осындай «процедуралық» бұзушылықтардың тізімі айтарлықтай кеңейтілген, бірақ сонымен бірге банк пен микроқаржы ұйымына қарыз алушыдан ақша қайтаруды талап етуге тыйым салу сақталып отыр.
Меніңше, мұндай ұсынылып отырған «қорғау» нормалары шамадан тыс және адал емес қарыз алушылардың негізсіз пайда табуына түрткі болуы мүмкін.
— Егер осы түзетулер түгел қабылданса, қаржы жүйесі үшін салдары қандай болуы мүмкін?
— Барлық айтылған өзгерістің бір ортақ мәселесі бар: олар банктер үшін тәуекелді арттырады және қарыз алушылардың өз міндеттемелерінен жалтаруына жағдай жасайды. Банктер несиені тартылған қаражат есебінен береді, соның ішінде салымшылардың депозит қаражаты есебінен. Олар бұл ақшаны кейін сыйақысымен бірге қайтаруы керек. Ал әкімшілік кедергілердің негізсіз өсуі адал тұтынушылардың басым бөлігі үшін қаржы қызметтерін алуды қиындатады. Мінез-құлықты қадағалау барлық клиенттің мүддесін ескеруі тиіс. Өз тәуекелдерін бағалай алмайтын тұтынушыларға қаржы өнімдеріне қолжетімділікті шектеу әдістері бүкіл нарыққа бірдей қолданылмауы керек.
Келесі бір тақырып — алаяқтық. Бұл мәселе бойынша реттеушілер, банктер мен мобильді операторлар арасында тығыз өзара әрекет қажет. Цифрландыру мен жасанды интеллект алаяқтық тәсілдерге де қолданыла бастады.
Қаржы қызметтерін тұтынушылардың алаяқтық немесе басқа да осыған ұқсас мінез-құлқын ажырата білу маңызды. Заң шығарушы мен реттеуші органдар енгізіп жатқан қаржы қызметтеріне қол жеткізуді шектейтін тыйымдар шынымен алаяқтық деңгейін азайтады дегенге сену қиын. Екі жаққа тең және тиімді тәсіл болуы үшін қоғамда бұл тақырыпты үнемі талқылап, азаматтарды цифрлық гигиена ережелеріне үйрету, өз міндеттемелерін жауапкершілікпен қабылдауға ынталандыру қажет.
Алаяқтық әдістерін үнемі зерттеп, оларды алдын алу мен зардап шеккен клиенттерді қорғаудың тиімді тәсілдерін іздеу қажет. Алайда банктерге алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен клиенттердің шығынын өтету міндетін жүктеудің кері әсері болуы мүмкін. Мұндай тәсіл проблеманы шешкендей көрінгенімен, іс жүзінде алаяқтық схемалардың көбеюіне және алаяқтардың жазасыз қалуына жол ашады.
— Бұл өзгерістердің бір себебі ретінде халықтың несие жүктемесі жоғары екені аталады. Сіз не ойлайсыз? Жаңа нормалар адал несие алушыларға зиян келтіре ме?
— Қазақстанда 8,5 миллионнан астам адамның несиесі бар. Бұл, расымен, үлкен көрсеткіш. Бірақ бұдан бірден «қазақстандықтардың несие жүктемесі тым жоғары» деген тұжырым жасауға болмайды. Несие өнімдерінің кең таралуы автоматты түрде олардың шамадан тыс ауыр екенін білдірмейді.
Несие жүктемесі — бұл адамның кіріс деңгейінен тым көп міндеттеме алуы. Мұндай жағдайлар бар, бірақ ел көлемінде таралған құбылыс емес. Әрине, онымен күресу керек. Бірақ қазірдің өзінде тиімді құралдар бар. Ең тиімділерінің бірі — қарыз жүктемесін есептеу (қарыз төлеуге жұмсалатын шығынның табысқа қатынасы), ол қазір 0,5-тен аспауы тиіс. Сонымен қатар, 60 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар азаматтарға жаңа қарыз беруге тыйым салынған.
Несие жүктемесін азайту үшін көлеңкелі экономиканы қысқарту, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру, азаматтардың кірісін айқын есептеуге мүмкіндік беретін тиімді құралдар қажет. Бұл — борыш жүктемесін дұрыс есептеу үшін де маңызды. Қаржы ұйымдары клиенттің төлем қабілетін бағалау әдістерін жетілдіріп, қажет болғанда қарызды қайта құрылымдау жолдарын қарастырып жатыр. Бірақ ең бастысы — қоғамда «қарыз кешіріледі» деген тәжірибені таратпау керек. Бұл адал емес мінез-құлыққа жол береді. Сондай-ақ қажетсіз шектеулерден аулақ болу керек.
Мысалы, алғаш несие алатын клиент банктің бөлімшесіне міндетті түрде келуі тиіс деген талап ұсынылды. Банктың лицензиясы бар, заң талаптарын орындайды. Онда клиент бөлімшеге келмесе, қандай қауіп төнеді? Ал егер адам ауылдық жерде тұратын болса, ауа райы қолайсыз болса ше? Мұндай шектеулер клиент мүддесіне кері әсер етуі мүмкін.
— Мұндай шектеулерге банктер қалай бейімделеді?
— Әрине, банктер талаптарын күшейте бастайды. Нәтижесінде сол қорғағысы келген клиенттері зардап шегеді.
Мысалы, бұрын банк бөлімшесінде болмаған жас жігіт онлайн несие алғысы келеді. Енді ол бөлімшеге барып, құжаттарға қол қойып, қосымша рәсімдерден өтуі керек. Ол бұған бара қоймайды. Демек, банктің қызметін пайдаланбай, реттелмейтін, бейресми ұйымдарға жүгінуі мүмкін.
«Бүгінде төлем ұйымдарының лицензиясы жоқ, олар Ұлттық банкте тіркелсе жеткілікті»
— Заңға әмбебап және базалық деп аталатын екі түрлі лицензия енгізу жоспарланып отыр. Бұл жаңалық нарыққа, банктер мен тұтынушыларға не береді?
— Қазіргі таңда біздегі барлық банктер — әмбебап. Яғни, олар банк шоттарын жүргізе алады, депозиттер қабылдайды, ақша аударымдарын жүзеге асырады, несие береді, валюта операцияларын жүргізеді және т.б.
Базалық лицензия, реттеуші органның көзқарасы бойынша, қызметтердің анағұрлым шектеулі түрлерін ұсынуға мүмкіндік береді. Әсіресе, резидент еместермен және күрделі қаржы құралдарымен жұмыс істеуге шектеу қойылады. Мұндай банктердің қызметтеріне сұраныс бола ма — уақыт көрсетеді. Ал клиенттердің базалық лицензиясы бар банктердегі депозиттерінің көлеміне қойылатын шектеулер айқын емес. Себебі кез келген клиенттің, әсіресе жеке кәсіпкер мәртебесі бар адамның ағымдағы шотында айтарлықтай сома болуы мүмкін. Бұл да депозит болып есептеледі және жеке тұлғалардың депозиттерін кепілдендіру жүйесіне кіреді. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай шектеу қандай тәуекелді жабатыны түсініксіз.
— Базалық лицензияны енгізуден кім ұтады деп ойлайсыз?
— Әзірге нақты айту қиын. Кейбір микрокаржы ұйымдары осы жолды таңдауы мүмкін. Бірақ бұл жерде бір шиеленіс бар. Базалық банк лицензиясын енгізу идеясымен қатар, оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі беретін болса, Ұлттық банк те өз бетінше төлем ұйымдарына лицензия беруді жоспарлап отыр. Бұл ұйымдарға банк аударымдарын жасау және электрондық ақша эмиссиясын жүзеге асыру құқығы беріледі. Қазір мұндай құқық тек банктерде және банк шоттарын жүргізуге рұқсат алған Қазпоштада ғана бар. Бүгінде төлем ұйымдарына лицензия талап етілмейді, оларға Ұлттық банкте есептік тіркеу рәсімінен өту жеткілікті. Соңғы уақытта бұл нарық күрт өсті. Қазақстанда мұндай ұйымдар саны шамамен 130-ға жетті.
Жеке өз басым бұл жағдайға алаңдаймын.
— Қандай қауіп-қатер көріп отырсыз?
— Менің түсінбейтінім, неге төлем ұйымындағы банк аударымы базалық лицензиясы бар банктегі осындай операциядан қауіпсіз деп есептеледі? Бұл екеуі де мәні жағынан бірдей нәрсе.
Менің ойымша, кез келген формадағы арбитраж мүмкіндігін болдырмау керек. Егер нарық субъектісіне банк аударымдарын жүргізуге рұқсат берілсе, ол банк лицензиясына ие болуы және тиісті бақылаушы орган яғни, Агенттік тарапынан реттелуі тиіс.
Ұлттық банкке қосымша бақылау функцияларын беру маған тиімсіз көрінеді.
Заң жобасы әзірге әзірлеу сатысында. Оны мұқият талқылауға уақыт қажет. Сонда ғана олқылықтарды жойып, қаржы нарығын тиімді реттеу мен дамыту форматын қалыптастыруға болады.
«Бұл банк активтерінің табысын биылғы жылы төмендетуі мүмкін»
— Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер банк секторына қалай әсер етеді?
— Қазақстанға шетелдік банктер мен инвесторларды тарту үшін бір ғана шарт керек: банк бизнесі тартымды әрі болжамды болуы тиіс. Өкінішке қарай, қазір жағдай бұлай емес. Салық кодексіне енгізілетін соңғы ұсыныстар, ашығын айтқанда, банктерді казиноға теңестіреді.
Мәселе мынада: салық мөлшерлемесін, соның ішінде корпоративтік табыс салығын жоғарылату ұсынылып жатыр. Егер көптеген бизнес үшін мөлшерлеме 20% күйінде қалса, банктер үшін — 25% болады. Бұл «осы салада салықтық жүктеме жоғары болады» деген сигнал.
Әзірге бұл тек жоба ғана, бірақ осы нұсқада қабылдану ықтималы жоғары.
— Банктерге қатысты салық және реттеушілік ортада тағы не өзгереді?
— Банктер мемлекеттік бағалы қағаздармен жасалатын операциялар бойынша салықтық жеңілдіктерден айырылады, бұған дейін бұл мәмілелер салықтан босатылатын. Енді босатылмайды. Себеп ретінде арбитражды жою қажеттілігі көрсетілген.
Сонымен қатар, қосалқы заңнамалар арқылы жаңа талаптар енгізіліп жатыр: міндетті резервтер нормасы артады, капитал буферлері күшейтіледі. Мұның бәрі банктер капиталына қысым түсіріп, олардың табысын төмендетеді, бизнесті тұрақтылықтан айырады.
Мынаны есте ұстау керек: банк бизнесі — өзінің табиғаты бойынша реттелетін сала, яғни белгілі бір тұрақтылықты талап етеді. Әсіресе шетелдік қатысушылар үшін бұл нарыққа кіру үшін белгілі бір деңгейде табысты болғаны қажет. Егер реттеу және салық қысымы шамадан тыс болса, Қазақстанның банк нарығына жаңа инвесторлар келмей қалуы мүмкін.
— Минимал резерв талаптарының (МРТ) артуы мен артық табысқа салынатын салық туралы не ойлайсыз?
— Ұлттық банк МРТ-ны күрт арттыруды ұсынып отыр: бірінші кезеңде теңгелік міндеттемелер бойынша — 2%-дан 3,5%-ға дейін, ал валюталық міндеттемелер бойынша — 3%-дан 12%-ға дейін (және бұл да теңгемен), кейін бұдан да жоғары болуы мүмкін. Бұл нені білдіреді? Минимал резерв талаптары — банктердің Ұлттық банктегі корреспонденттік шотында тегін сақтауға міндетті қаражат. Бұл активтер жұмыс істемейді, табыс әкелмейді. Яғни, банктер тартқан қаражаттың бір бөлігі жай ғана бұғатталады.
Бұл пассивтерді айтарлықтай қымбаттатады. Банктер депозиттер тартады, солар бойынша пайыз төлейді, бірақ сонымен қатар сол ақшаның бір бөлігін инвестициялауға немесе несиеге беруге құқығы жоқ, Ұлттық банкте резервке қоюы тиіс. Сәйкесінше, пайыздық маржа қысқарады, рентабельдік төмендейді.
Ұлттық банктің мақсатын түсінемін: жүйедегі басы артық ақшаны жинап алғысы келеді. Қазір бұл үшін нарықтық мөлшерлеме төленіп отыр, ал жаңа норма бойынша тіпті төлемеуге болады. Бұл монетарлық саясат тұрғысынан қисынды. Бірақ банктер үшін бұл табыс жоғалту және реттеушілік ортаның күрт өзгеруі.
Бұдан бөлек, банктердің «артық табысына» қосымша салық салу мүмкіндігі талқылануда, әрі бұл салық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кері күшпен енгізілуі мүмкін. Жобада мемлекеттік бағалы қағаздар, своптар және Ұлттық банктегі депозиттер бойынша табыстарға қосымша 10% салық салу қарастырылған. Бұл да биылғы жылы банктердің активтерінің табысын төмендетеді.
— Банктердің «шектен тыс табыс» табуы туралы пікір қаншалықты негізді?
— Геосаяси тәуекелдер, құбылмалы жағдайлар, инфляция — мұның бәрі банктерден асқан тұрақтылықты талап етеді. Сонымен қатар, соққыларға төтеп беру үшін капитал, былайша айтқанда «қауіпсіздік жастығы» қажет. Ал егер бұл жастықты салықпен, ликвидті бұғаттап қысқартатын болсақ, бұл банктік жүйенің тұрақтылығына да, бизнеске берілетін несиелердің болашақта арту қабілетіне де кері әсер етеді.
— Қаржылық технологиялар (финтех) қарқынды дамып жатқанда банктердің рөлі қалай өзгереді?
— Бізде банктер финтехпен бәсекелесіп жатқан жоқ, керісінше, өздері финтехке айналды. Еуропадағыдай дәстүрлі банктер Қазақстанда іс жүзінде қалған жоқ. Каспи, Халық, БЦК, Форте банктеріне қараңыз, барлығының суперапптары, маркетплейстері, цифрлық сервистері бар. Бүгінде банктер толыққанды цифрлық платформаларға айналды. Тек қаржылық қызмет емес, мемлекеттік қызметтер де солар арқылы көрсетіледі.
Бірақ мұның екінші жағы бар. Нарықта өзін финтех деп атайтын, бірақ банк реттеуінен тыс жұмыс істейтін ұйымдар көбейіп жатыр. Бұл жерде реттеушілік арбитраж пайда болады: біреулер қатаң ережелерді сақтауға міндетті, ал басқалар дәл сол қызметті лицензиясыз, бақылаусыз атқарады. Бұл — shadow banking, яғни көлеңкелі банк жүйесіне апарар жол.
Екінші жағынан, банктердің өздеріне де көбірек еркіндік қажет. Қазір оларға тек нақты рұқсат етілген кәсіпкерлік қызметпен ғана айналысуға рұқсат берілген. Бірақ нарық өзгерді. Егер бұл салымшылардың мүддесіне қайшы келмесе, банктерге финтехке, венчурлік жобаларға инвестиция салуға мүмкіндік берілуі тиіс.
Реттеушілердің міндеті — тепе-теңдік табу: банктерге innovation кеңістігін ашу — мысалы, ендірілген банк қызметтері (embedded banking) немесе BaaS бойынша, бірақ сонымен қатар, банктік қызметтер лицензиясыз және тұтынушылардың қорғалуынсыз көлеңкеде көрсетілмеуін қадағалау.
«Көп адам зейнетақы жүйесіне мүлдем қатыспайды немесе ең төменгі мөлшерде жарна аударады»
— Сіздің ойыңызша, Қазақстанның зейнетақы жүйесінің негізгі проблемалары қандай? Жекеменшік зейнетақы қорларына оралудың қажеті бар ма?
— Бүгінде зейнетақы жинақтарының 99%-ы Ұлттық банктің басқаруында. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) тек техникалық функция атқарады, жарналар мен жинақтарды тіркейді.
Жекеменшік зейнетақы қорларына емес, жеке басқарушы компаниялар жүйесіне, яғни зейнетақы активтерін басқаруда бәсекелестікке қайта оралу керек. Бұл — өте маңызды мәселе.
Иә, қазір салымшы өз жинағының бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға бере алады. Бірақ бұны ешкім істемейді, себебі адамдарды белсенді басқарудан алыстатып жіберді. 2014 жылы активтер БЖЗҚ-ға шоғырланып, барлық басқару Ұлттық банкке берілгелі 10 жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта салымшылар тәуекелді бағалау қабілетін жоғалтты, белсенділігінен айырылды. Қазір сенім мен белсенділікті қалпына келтіру өте баяу жүріп жатыр. Жүйенің толыққанды жұмыс істеуі үшін тағы он жыл қажет болуы мүмкін.
— Салымшылардың жинақтары аз, неге?
— Бұның қарапайым себебі бар: көп адам зейнетақы жүйесіне мүлдем қатыспайды немесе жарнаны ең төменгі мөлшерде ғана төлейді. Мысалы, 2024 жылы зейнетке шыққан азаматтардың тек 26%-ында жинақтаушы жүйеде 5 жылдан астам еңбек өтілі болған. Қалғандары ше? Бірі анда-санда төлесе, енді бірі мүлде төлемеген, көпшілігі ең төменгі жалақыдан ғана жарна аударып отырған. Содан кейін: «Неге төлем аз?» деп таң қалады.
Біздің жүйе кеңестік кездегідей ортақ жауапкершілік (солидарлық) жүйесі емес. Бұл — жинақтау моделі: қанша салсаң, сонша аласың. 25 жыл бойы жақсы жалақының 10%-ын тұрақты аударып отырған адамның төлемдерін өмір бойы тек 10–15 рет минималды жарна аударған адаммен салыстыруға болмайды.
Ерекше мәселе — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Олардың саны 2–2,5 миллион адам шамасында, ал олар жүйеге өте аз жарна төлейді немесе мүлде төлемейді. Ал бастапқы идеяда болашақ зейнетақының негізгі көзі жинақтаушы бөлігі болады деген еді. Қазір мемлекет тек базалық бөлігін береді, ол күнкөріс минимумының шамасына тең. Қалғаны — азаматтың өз жауапкершілігінде.
— Тұрғын үй немесе емделу үшін зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын шешіп алуға рұқсат берудің жүйеге әсері қандай болды?
— Меніңше, бұл халықты шатастырды. Адамдарға жинақтарын тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге жұмсауға рұқсат бергенде, олар зейнетақы қаражатын қарттыққа арналған ұзақмерзімді инвестиция емес, қазіргі қажетке арналған резерв ретінде қабылдай бастады. Оған қоса, модельдің өзгеруі туралы тұрақты айтылып жүрген әңгімелер бар: мүмкін, біз қайтадан солидарлық жүйеге оралармыз, жұмыс берушілер есебінен шартты жинақтаушы жүйе де енгізілді. Мұның бәрі сенімді азайтады. Әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында: олардың жұмыс берушісі жоқ, қосымша 5%-ды кім төлейді? Ақыр соңында, көптеген жаңашылдық мәселені шешудің нақты жолы емес, жүйе жақсы жұмыс істеп жатқандай әсер қалдырады. Бұл — сапа иллюзиясы. Ал шын мәнінде, нақты проблемаларға дәл бағытталған, тиімді шешімдер қажет.
— Енді болашақ туралы сөйлесейік. Алдағы 2–3 жылда қаржы саласындағы мамандар үшін қандай дағдылар маңызды болады?
— Ең алдымен — үнемі оқуға қабілет. Бір кезде қаржыгер мамандығын меңгеріп, сол біліммен зейнетке дейін жұмыс істеуге болатын кезең аяқталды.
Бүгінде оқу — жасқа, лауазымға немесе тәжірибеге қарамастан үздіксіз жүретін процесс. Әсіресе қаржы саласында технологиялар өзгеріп жатыр, құралдар жаңарып жатыр, тұтынушылардың мінез-құлқы да басқа. Дамымайтын маман жүйеден тыс қалады.