Аймақтың цифрлық эволюциясы: Yandex Scale Kazakhstan кәсіпқой мамандардың басын қосты

Rus
Жарияланған күні: 08.11.2024, 09:28

23 қазанда Қазақстанда алғашқы Yandex Scale конференциясы өтті, бұл Yandex Cloud-тың цифрлық өнімдер мен шешім әзірлеушілерге арналған іс-шарасы. Digital Business тілшілері шараға қатысып, цифрлық сала өкілдерінің не туралы айтып жатқанын тыңдады.

Жасампаздық уақыты: Қазақстандағы Yandex Cloud дамуы

Ұйымдастырушылар шараға көпшіліктің назары ауатынын күтпесе керек: баяндама тыңдауға 400-ден астам адам келді. Көбі шара басталмай жатып, залдағы орнына жайғасса да, The Ritz‑Carlton Almaty қонақ үйінің фойесінде кісі қарасы әлі де көп. Олар бір‑бірімен танысып, кім қай трекке баратынын жоспарлап тұр. Айтпақшы, конференция сайтында бәрі көрсетілген: маңызды баяндамаларды белгілеп, іс-шараның жеке бағдарламасын алуға болады.

Тұңғыш Yandex Scale Kazakhstan конференциясы «Жасампаздық уақыты» ұранымен өтіп жатыр. Оның мәнін Yandex Cloud-тың Ресей мен ТМД-дағы бас директоры Александр Черников ашып берді:

— Мен IT-ді жасампаздар индустриясы деп санаймын. Үнемі алға жылжып келе жатқан компаниялар Yandex Cloud-тың зор пайдасын көріп жатыр. Нарықтың өзі процестерді саралауға итермелейді. Жаңа технологиялар – бұл эксперименттердің негізі.

Александр Черников

Александр Черников

Александр әлемдік компаниялардағы инфрақұрылымдық шығындардың 48%-ы бұлтты технологиялардан келетінін мәлімдеді. 2025 жылға қарай жаңа қолданбалардың 95%-ы бұлтты платформаларда орналастырылады.

Yandex Cloud-тың Қазақстандағы және Орталық Азиядағы бас директоры Арыстанбек Жолдасбеков конференция Қазақстандағы бұлтты нарықты дамыту үшін де қажет екенін түсіндірді. Басшы саланың болашағы зор екенін көріп отыр және пікіріне санмен дәлел келтірді:

— Бұлттың жаһандық нарығының көлемі биыл 20,5%-ға өседі деп күтілуде, ал Қазақстан бойынша өсім 30%-ға жетеді деген болжам бар. Сонымен қатар, бұлттар – Қазақстандағы IT-салаға салынған инвестициялардың ең жылдам өсіп келе жатқан санаты. ТМД және Орталық Азия елдері арасында бұлтты нарықтың көлемі мен өсу қарқыны бойынша біздің еліміз көш басында.

Арыстанбек Джолдасбеков

Арыстанбек Джолдасбеков

2022 жылы бұлтты қызметтерді қолдану жөнінен банктер тізімді бастаса, 2023 жылы өнеркәсіптік компаниялар алға шықты. 2026 жылға қарай көшбасшылар қатарын кәсіби қызметтер, бөлшек сауда, көлік және логистика толықтырады. Арыстанбектің айтуынша, бұл салалардың барлығы бизнес үшін технологияларды пайдаланудың жаңа сценарийін жетілдіріп жатыр, ал Yandex Cloud-тың міндеті – индустрияларға барлық қажетті бұлтты сервисті ұсыну. Ол үшін 2024 жылдың маусым айынан бастап Yandex Cloud платформасы Қарағандыдағы дата-орталық базасында ашық режимде жұмыс істейтінін спикер еске салды.

«Технологияны түсіну – аз. Оның негізінде қалай бизнес жасау керектігін ұғу керек»

Келесі блокта өңірдің венчурлық нарығы мен стартаптардың даму болашағы талқыланды. Шақырылған сарапшылардың қатарында MOST Ecosystem компаниясының тең құрылтайшысы және басқарушы серіктесі Әлім Хамитов сөз сөйледі. Әлім Қазақстаннан басқа құрамына Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан кіретін Кавказ және Орталық Азия аймағындағы венчурлық нарықтың дамуы туралы баяндама жасады. Соңғы бес жылда бұл елдерде венчурлық мәмілелер саны 5,5 есе өскен. Стартаптар 6 есе және белсенді венчурлық инвесторлар 2,5 есеге көбейген.

Алим Хамитов

Әлім Хамитов

Мұндай іс-шараларда сөз сөйлеудің маңызын Әлім Digital Business-ке арнайы түсіндірді:

— Технологияны түсінген жақсы, әрине, бірақ одан қалай бизнес жасалатынын білу керек. Корпорация өкілдерін in-house шешімдеріне тұйықталмай, ашық инновациялар моделі бойынша көбірек жұмыс істеуге көндіргім келеді.

Келесі болып Yandex Cloud Boost бағдарламасының жетекшісі Никита Ражев сөз алды:

— Технологиялық стартаптарға сенім мол. Олар тез шешім қабылдап, гипотезаны жылдам тексереді, сондай-ақ өзгерістерге төзімділігімен ерекшеленеді. Қазақстан мен Орталық Азия – стартаптар өз жолын бастайтын базалық нарық.

Никита Ражев

Никита Ражев

Никита MOST Ventures, Astana Hub, Террикон алқабы және басқа да серіктестер арқылы Yandex Cloud boost грантын қалай алуға болатынын айтып өтті.

Виртуалды шындық және қызу әңгіме: қатысушылар тәжірибесі

Digital Business тілшілерімен әңгімесінде Yandex Cloud-тың Қазақстан мен Орталық Азиядағы бизнесті дамыту жөніндегі директоры Сергей Сорокин конференциядағы нетворкингтің маңызын атап өтті:

— Мұндай іс-шаралар ұзақ мерзімді перспективада бизнес пен бұлттардың дамуына күшті серпін береді, өйткені бұл алаңда 400 адам өзара араласып, тәжірибе алмасып жатыр.

Сергей Сорокин

Сергей Сорокин

Осы сәтте қатысушылар сахнада естігенін өзара талқыласын деп үзіліс жарияланды. Көрермендердің бірі Константин Ким Kaspi Bank-те мәліметтер базасын басқарумен айналысады. Ол конференцияның атмосферасына және осы саладағы әріптестерін көргеніне риза.

Константин Ким

Әр тректің командасы қонақтарды интерактивті стендтермен қызықтыруға тырысты. Экрандағы Yandex Cloud қызметтерінің интерфейсін қарап қана қоймай, түртіп көруге де болады. Infra & DevTools стенді жанында VR көзілдірігін киген жігіттер мен қыздарды көрдік. Бұлар – толықтырылған шындық жағдайында бұлтты инфрақұрылым схемасын жинап тұрған қатысушылар екен. Оны елестету қиын, әйтсе де, ұйымдастырушылар бұлттағы интернет-дүкен, гибридті инфрақұрылым және микросервисті архитектура секілді үш сценарий ойлап тапқан.

Resortix тревелтех-стартап өкілі Игорь Заболотских мүмкіндікті пайдаланып, сервистер иконкасынан оның стартапы үшін бұлтты инфрақұрылым дайын болғанда қалай іске асырылатынын көрсететін схема жинады. Digital Business тілшісімен сөйлесіп тұрып, Игорь VR технологиясы телефон сияқты күнделікті өмірде көбірек қолданса екен деген тілегін айтып қалды. Жұмыста оны бірнеше монитордың орнына пайдалануға болады екен.

Игорь Заболотских

Игорь Заболотских

Сәуле деген кім және Yandex Scale Kazakhstan-да жасалған баяндамалардың басқа да құпиясы

Кейін The Ritz‑Carlton Almaty конференц-залы Yandex Scale тректерінің саны бойынша үшке бөлінді.

ML & AI трегі дәстүр бойынша болашаққа бағытталған, бірақ ол Yandex Cloud-тың іске асырылған технологиялары туралы баяндамамен ашылды. Yandex Cloud ML‑сервистер бизнесін дамыту тобының жетекшісі Елена Белоброва компания өнімдеріндегі сөйлеу технологиясының мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Еленаның айтуынша, қазақ тілі компания үшін өте маңызды және Yandex Cloud төрт жылдан бері локализациямен айналысып келеді.

Елена Белоброва

Қазақстан нарығында тілді тану және синтездеу ерекшелігі – билингвизмде. Yandex Cloud өнімдерінде ерлер дауысы да (Мәди) да, әйелдер дауысы да (Сәуле) қазақ және орыс тілдерінде қатар қолданыла алады. Айтпақшы, бүгін спикерлер сахнаға Сәуленің дауысымен шақырылды.

ML & AI трегінде ұсынылған жаңа технологиялар туралы толығырақ келесі материалдардың бірінен оқыңыздар. Біз Data Platform залына ауысамыз, онда аналитикалық қызметтер мен деректер витринасы талқыланды. Сахнаға шыққан Кузьма Лешаков баяндамасында Yandex Cloud пайдаланушыларға «ваниль» нұсқаны ғана емес, сонымен қатар қосымша артықшылықтарды ұсыну үшін ClickHouse платформасына қалай үлес қосқаны туралы айтты.

Кузьма Лешаков

Кузьма Лешаков

Infra & DevTools секциясында Technodom компаниясының IT-инфрақұрылым директоры Асхат Донаев сөз сөйледі. Оның баяндамасы – команданың Docker-ден Kubernetes-ке қалай ауысқаны және осылайша инфрақұрылымды оңтайландырып, шығындарды азайтқаны туралы. Баяндамадан кейін аудитория сұрақ жаудырды, шараны онлайн тамашалап отырған көрермендер де сауал жолдады.

Асхат Донаев

Асхат Донаев

Іс-шараның уақыты шектеулі, сондықтан Alina Group өндірістік компаниясының өкілдері Инна Август пен Алексей Август сұрақ қоюға үлгермеді, бірақ олар фуршет кезінде спикерді тауып алып, онымен жеке сөйлеспек. Алексей – девопс-инженер және юникс-әкімші. Әлемдік нарықта сенімді болу үшін Алексей компания инфрақұрылымының бір бөлігін бұлтқа көшіруді өзіне міндет етіп отыр. Компания жақында Жапония нарығына шықты.

«Цифрлық» қауымдастық біріккен сияқты: іс-шара соңында әңгімелесу орны да, көрермендер қатары да бір сәтке босаған жоқ. Ал ең табандылары ұйымдастырушылар ұсынған afterparty-ге қалды.

Іс-шараға қатыса алмағандар немесе тікелей эфирге қосыла алмағандар үшін ұйымдастырушылар баяндамалардың жазбасын сақтап қойды:

Infra & DevTools 

Data Platform 

ML & AI