Қала телефоны арқылы қосылу, сұмдық баға және жылдамдық баяу. Қазнет неден басталғанын еске түсіреміз

Rus
Жарияланған күні: 17.06.2024, 19:32
Александр Ляхов

Александр Ляхов

Биылғы жыл Қазнет тарихында айтулы дата – 30 жыл бұрын еліміз жекеменшік KZ домендік аймағын иеленді. Көп ұзамай ғаламторда мұндай доменмен бірінен соң бірі жаңа сайттар – жаңалық порталдары, корпоративті ресурстар, түрлі каталогтар және т.б. пайда бола бастады. Біз бүгін өмір сүріп жатқан ғаламтор кеңістігінің іргетасы, міне, сол кезеңде қаланды десек болады.

Қазнеттің қалыптасуын мұқият бақылап, оның дамуына тікелей атсалысқандардың бірі – Site.KZ порталының негізін қалаушы және бас редакторы, кейін «Lyakhov.KZ – Қазнеттің үлкен энциклопедиясы» ақпараттық-ағартушылық порталын құрған Александр Ляхов. Digital Business пен Yandex Qazakhstan-ның біріккен «Қазақстанның IT-тарихы» жобасы аясында Александр Егорұлы Фидонет не екенін, Интернетке шығу үшін қалалық телефон не үшін қажет болғанын, 1990-шы және 2000-жылдары деректерді тарату жылдамдығы қандай болғанын айтып берді. Сонымен қатар, тұңғыш республикалық провайдерлердің қалай пайда болғанын, сол кездегі тарифтер (спойлер – қазір арзанырақ) құнын және енді пайда болған уақытта ғаламторда не істеуге болғанын сөз еттік.

Фидонет, түнде байланысқа шығу, желіге қосылу үшін сағатына ақы төлеу

«90-жылдардың басында теледидар сатып күн көрдім»

Ақпараттық технологиялармен Александр Ляхов 1980-жылдардың бас кезінде Мәскеу орман шаруашылығы инженерлік институтының электроника және есептеу технологиялары факультетінде оқып жүргенде танысты, оны халық арасында «ғарыш» атайтын. Мұның себебі оқу орнында ғарыш саласына қажетті инженерлер даярланатын.

– Бұл факультетке түсу қиынның қиыны болатын. Оған Мәскеу мен Мәскеу облысының қыз-жігіттерін алатын. Басқа аймақтардан келген талапкерлер тек басқарудың автоматтандырылған жүйесі мамандығына түсетін еді. Міне, мен соған түстім. Жүйе инженері мамандығын бітірген соң, мені кеңестің «қорғанысы» – мәскеулік ПО «Гранит» кәсіпорнына жұмысқа жіберді. Ол жерде маған Киев маңындағы Борисполь әуежайына немесе орталығы Приозерск қаласында (ол кезде Жезқазған, қазіргі Қарағанды ​​облысы) орналасқан Сары-Шаған зымыранға қарсы қорғаныс полигонына іссапарға баруды ұсынды. Екінші нұсқаны таңдадым. Мен Брянск облысының тумасымын ғой, үйден 200 шақырым жердегі нысан соншалықты қызық болмады. Сол себепті Қазақстанға жол тартамын деп шештім. Бұл 1984 жыл болатын, – деп еске түсіреді Александр.

Александр Ляхов

Содан кейінгі 8 жыл кейіпкеріміз стратегиялық маңызды нысандарда жұмыс істеді. Приозерскідегі полигоннан кейін ол Нуректегі «Окно» оптикалық-электронды кешенге түсті. Ол онда 1992 жылға дейін, яғни КСРО ыдырағаннан кейін Тәжікстанда азаматтық соғыс оты тұтанғанша жұмыс істеді. Александр Нуректен Алматыға көшіп келіп, алматылық «Гранитте» жұмысын жалғастырды:

– Қиын күндер болды, аз айлық төледі. Қосымша табыс іздей бастадым. Тұрмыстық техниканы алып-сатумен айналыстым. Газет алып, жаңа немесе жаңалау теледидар сататын адамдармен хабарласып, сатып алып, кейін оны басқаларға саттым. Артылған ақшадан әжептәуір табыс тауып жүрдім.

«Ғаламторға түнде арналар босаған кезде кіретінбіз»

Бірақ кейіпкеріміз мұндай өмірге көндіге қоймады. 1994 жылы Arna-Sprint Data Communications (қазіргі ASTEL) компаниясына сату жөніндегі менеджер қызметіне конкурстан өтті. Александр ол жерде Sprint халықаралық деректер желісі қызметтерін сатумен айналысты. Ол кезде бұқаралық интернет жайлы әңгіме қозғалмайтын:

– 90-жылдардың басында Қазақстанда интернетті жергілікті провайдерлер жүргізетін. Ең мықтылары Алматы, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Семейде еді. Ол кезде ғаламторға dial-up арқылы коммутация жолымен қол жеткізуге болатын: компьютерден деректерді тасымалдау сеансын бастау үшін модемнің көмегімен қалалық телефон желісі арқылы провайдердің серверіне қосылатын. Интернет тек қаланың өзінде болды, көп болса айналасындағы елді мекендерді қамтитын. Қалааралық желі арқылы байланысу («сегізді» теріп) қымбат болды. Ғаламторды кеңінен қолдану туралы сөз қозғау артық екені айтпаса да түсінікті.

Александр Ляхов

Ғаламторға қосылу қалай болды: белгілі бір нөмірді тересіз, жауап келген соң компьютерде логин мен парольді енгізесіз, сөйтіп интернетке кіресіз. Бәрі автоматты түрде жасалады, қолдан қосылудың қажеті жоқ. Бастысы, Александр айтқандай, желі бос болуы керек:

– 90-жылдардың басында-ақ ғаламтордың ізашары – Фидонет болды. Бұл «нүктеден нүктеге» технологиясы бойынша құрылған халықаралық әуесқой коммерциялық емес компьютерлік желі. Фидонеттің басты ерекшелігі, модемге қосылған компьютер мен телефон желісі арқылы электронды хаттар тегін жіберіліп, конференцияларға қосылып, каталогтар қарауға мүмкіндік болды. Бәрі өте қарабайыр. Оны негізінен түнде, арналар бос кезде пайдаланды.

«Сағатына $12 болғандықтан, ғаламтор ірі компанияларға ғана қолжетімді болды»

Arna-Sprint-ке оралсақ, 1994–1995 жылдары Тұран Әлем банкі берген несиенің арқасында компания Қазақстанның барлық облыс орталығында байланыс тораптарын құра бастады. Ал 1996 жылдың 1 сәуірінде Arna-Sprint ресми интернет-провайдер атанды:

Александр Ляхов

— Есімде, ол кезде техник мамандар кеңсеге мүлдем келмейтін: олар үнемі сапарда жүрді, жаңа қалаларда байланыс орнатты. Республикалық масштабтағы тұңғыш интернет-провайдер осылай пайда болды. Ол не берді? Мысалы, Алматыда тұрып, ASTEL (компания солай атала бастады) клиенті болсаңыз, Қарағанды немесе Өскеменге барған кезде сол бір нөмірмен желіге қосыла аласыз. Бұл елдегі бұқаралық интернетке жасалған алғашқы қадам болды деп айта аламыз.

Әлбетте, ол кездегі ғаламтор жылдамдығы қазіргідей емес еді. Ең жылдам деген dial-up-модемнің өзі56 Кбит/с болатын. Салыстырсақ, қазір Speedtest Global Index дерегі бойынша Қазақстандағы орташа тіркелген интернет жылдамдығы – 51,83 Мбит/с.

Сөйте тұра оның бағасы сұмдық қымбат болды. Алғашқы клиенттер сағатына $12 төледі! Сондықтан Қазақстанда ол кезде ғаламторды Visa мен MasterCard секілді халықаралық корпорациялардың өкілдіктері, елшіліктер, банктер мен басқа да корпоративті клиенттер ғана пайдалана алатын.

Бұл ұйымдар үшін қауіпсіздік бірінші кезекті еді, сондықтан ASTEL басынан-ақ өз желісін X.25 (деректерді жіберу стандарты – Digital Business ескертпесі) хаттамасында құрды. Ол арналардың сенімділігін және ақпараттық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етті, дегенмен жылдамдығы шектеулі еді. Провайдерлер болса, жақсы ақша тауып, қаржыдан қысылмайтын жағдайда болды.

Александр Ляхов

Саладағы жалақы көлемі де айтарлықтай жоғары болды. Arna-Sprint-ке енді келгенде $150 төледі. Ал, 1998 жылы компаниядан кетіп жатқанымда айына $550 алып жүрдім, сол уақыт үшін өте жақсы ақша еді.

Айтпақшы, сол кездері ASTEL-дің мықты бәсекелесі – Нұрсәт интернет-провайдері пайда болды. Олар Қазақстанның барлық ірі қалаларында өзінің байланыс тораптарын жүргізе бастады. Ұзақ уақыт ұйқыда жатқан «Қазақтелекомның» белсенділігі артты. Олар басқа провайдерлерге соңғы миль арналарын жалға берді, өйткені коммуникациялық инфрақұрылымдар соған тиесілі еді. Қателеспесем, олар 1998 жылы бүкіл Қазақстан бойынша өзінің интернетке кіру нөмірін жасап шықты.

Бәсекелестіктің дамуы бағаның түсуіне әсер етті: сағатына $9, одан кейін $6, сөйтіп түсе берді. 2000-жылдардың басында үй интернетінің құны қарапайым адамдарға қолжетімді болды.

Домен аймағы, Семей, алғашқы сайттар

«Домен өрісіне кім жауапты екенін ұзақ уақыт анықтай алмадық»

– Қазнетке қатысты айтар болсам, оның туған датасы деп KZ домені пайда болған 1994 жылды айтуға болады.

Александр Ляхов

Бастапқыда қазақстандық сайттар SU доменін қолданды, ол Кеңес одағында мәскеулік компания арқасында пайда болған еді. Олар 1990 жылдың жазында баламалы телефон модемдерінің (UUCP хаттамасы арқылы электронды почтаны жіберу үшін) көмегімен Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербор – Digital Business ескертпесі) пен Новосибирь қалаларындағы ғылыми мекемелердің компьютерлерін байланыстырды. Ал 28 тамызда алғаш рет шетелмен – Хельсинкидегі (Финляндия) университетпен байланысқа шықты.

КСРО ыдырағаннан кейін жекеменшік домен аймағын бірінші болып Литва, Эстония, Грузия және Украина алды, бұл 1992 жыл еді.

Қазақстанды айтсам, бізде домен өрісіне кім жауапты болатынын ұзақ уақыт анықтай алмадық. 90-жылдары ол тегін жасалатын жұмыс болатын. Саған домендік мекенжай құру туралы өтініш жібереді, сен оны ашасың да, деректер базасында сақтайсың, ол үшін ешқандай ақы алмайсың. Шаруасы көп, пайдасы жоқ. Кейін ғой, табысты бизнеске айналғаны.

Александр Ляхов

Нәтижесінде доменнің жауапкершілігін сол кезде Семейде орналасқан Relcom компаниясының жетекшісі Павел Гусев өз мойнына алды. Ол ICANN-ді (Домендік атаулар мен IP мекенжайларды басқару жөніндегі Интернет корпорация – Digital Business ескертпесі) қоса алғанда, барлық халықаралық ұйымдармен келісіп, оған KZ домендік аймағын басқаруға рұқсат берілді.

«2000-жылдардың басында қазақстандықтардың 10%-ында ғана интернет болды»

– Павел екеуміз KZ доменімен пайда болған алғашқы сайтты анықтамақ болдық, алайда ортақ пікірге келе алмадық. Менің болжамым бойынша, ол www.kz мекенжайын алған сайт. Жалпы, бастапқыда домендер электронды почта үшін көбірек қолданылатын.

KZ домені бар сайттар тізімін жасамақ болғанымда, олардың саны 50-ге жуықтаған еді. Оған қоса, COM, ORG және басқа да домендерде қазақстандық мазмұндағы сайттар болды. Site.KZ каталогы туралы айтар болсам, іске қосқан кезде оның ішіндн 333 сайт болды.

Александр Ляхов

Алғашқы қазақстандық сайттар қандай болды? Негізінен, компаниялар өзі, өнімдері және қызметтері туралы айтатын корпоративті сайттар болды. Каталогтар, анықтамалықтар, жаңалықтар порталдары пайда болды. Көп адам көбіне ресейлік электронды почталарды пайдаланды.

ASTEL

90-жылдары Интернет қазіргідей мультимедиалы емес, тым қарапайым болды. Функциясы өте шектеулі еді: қолданушылар хат жазу, бірдеңе оқу, каталог қараумен ғана шектелетін. Басқа ештеңе жоқ: сурет те, видео да, онлайн-ойындар да жоқ. Бас директордың орынбасары Асқар Ержанов 1995 жылдың соңында Мәскеуден келгенде бізге тылсымға толы «Мозаика» (NCSA Mosaic веб-браузері — Digital Business ескертпесі) туралы айтып бергенін таңданыспен тыңдағанымыз есімде қалыпты.

Веб-браузер NCSA Mosaic

Осы браузердің арқасында DOS пәрмен жолы бар Интернеттің бізге үйреншікті ақ-қара кеңістігі кенеттен түрлі түске, әртүрлі өлшемді қаріптерге және тіпті графикаға ие болды. 2000-жылдардың басына қарай Қазақстан халқының 10%-ға жуығы интернетке қол жеткізе алғанын атап өткен жөн. Бұған компьютердің және интернет құнының жоғары болғаны әсер етті. Мұндай шығынды ол кезде екінің бірінің қалтасы көтермеді.

Банктердің ықпалы, смартфонның қолжетімділігі және мобильді интернеттің дамуы

«Мобильді интернеттің бағасы сұмдық қымбат еді, айына $600 болатын»

– Қоғамда интернеттің таралуына банктердің де ықпалы тиді. Бірінші кезекте 2000-жылдары технологиясы жағынан ең озық болған Қазкоммерцбанктің ықпалы зор. Басқарушы директоры Ермек Шамұратовтың арқасында олар бірінші болып автоматтандырылған банк жүйесі мен толыққанды карта сервисін қолданысқа енгізді. 2000-жылы интернет-банкингті, ал 2002 жылы шағын және орта бизнеске арналған электронды алаң – интернет-базарды іске қосты, онда интернет-дүкен ашуға болатын. Алайда кәсіпкерлер онлайнға көшуге дайын емес еді. Бұған қолма-қол ақшасыз төлемнің сол кезде дамымағаны себеп.

Александр Ляхов

Қазкоммерцбанк пен Халық банкі арасындағы бәсекелестік банктік технологиялардың қоғамның күнделікті өміріне енуін айтарлықтай жеделдеткені рас.

Ол кезде мобильді интернет туралы мүлдем айтылмады. Мобильді телефондар әлі жетілдірілмеген кез, байланыс құны да тым қымбат. Біздің алғашқы ұлттық провайдеріміз ұялы байланыс қызметіне бірден бес жылдық эксклюзивті лицензия алды ғой. Осы уақыт бойы олар сүттің бетіндегі қаймағын алып отырды. Бағалары сұмдық болды – бір пайдаланушы айына $600 төлейтін.

Смартфондар пайда болып, мобильді байланыс нарығына басқа компаниялар шыққан кезде мобильді интернет тез дами бастады. Бекітілген интернет жағдайындағыдай, бағасы түсе бастады.Сонымен қатар, банктер электроника тауарларына несие бере бастады. Адамдарда қымбат ұялы телефон сатып алу мүмкіндігі пайда болды. Оған қоса, банк карталары тарала бастады.

Александр Ляхов

«Арзан мобильді интернет – қолжетімді мобильді телефон – банк картасы» үштігі интернет-қызметтерге сұранысты арттырды. Шамамен 2010-2011 жылдардан бастап Қазақстанда мобильді интернетті пайдалану өте жоғары қарқынмен өсті деп айта аламыз.

Қазнет дамуының үш кезеңі

Бірінші кезең – қалыптасу. Ол 90-жылдары өтті. Алғашқы провайдерлер пайда болды: әуелі – жергілікті, кейін – ASTEL және Нұрсәт секілді республикалық провайдерлер нарыққа шықты. Біздің жекеменшік домендік аймағымыз пайда болды, алғашқы сайттар құрылды, адамдар электронды почтаны белсенді пайдалана бастады. Қазнет қалыптаса бастады.

Екінші кезең – бәсекелестіктің дамуы. 2000-жылдары бизнес интернетті көбірек қолдана бастады. Банктің автоматтандыру жүйесі, карта қызметі, интернет-банкинг пайда болды. Бұл интернетті қолданушылардың санын арттыруға мүмкіндік берді.

Үшінші кезең – интернет пайдаланушылар санының күрт артуы. 2010-жылдары мобильді интернет қарқынды дамыды. Смартфондардың қолжетімділігі және адамдар күнделікті өмірде электронды ақшаны көбірек қолдануы бұған әсер етпей қоймады. Оған қоса, dial-up-тан 1 Мбит/с дейінгі басқа жылдамдықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ADSL-ге көштік. Қазір талшықты оптика үстемдік етіп жатыр.

Александр Ляхов

– Қазнет басқаша дамуы мүмкін бе еді? Талас тудыратын сауал. Мемлекет ұзақ уақыт бойы интернет саласына көңіл бөлген жоқ деуге болады. Алғашқы уақытта ол айтарлықтай шығынды талап етіп, табыс әкелмеді ғой. Саусақпен санарлық корпоративті клиенттерден ғана ақша түсетін, табысты бизнес деуге келмеді.

Мемлекеттік инвестициясыз, сондай-ақ интернет-провайдер жалға алуға мәжбүр болған инфрақұрылымға «Қазақтелекомның»монополиясын ескере отырып, ғаламдық жағдаймен салыстырғанда біздің елімізде интернет баяу дамыды. Барлығын энтузиастар жасады. Дегенмен Қазақстан әлемді қуып жетті. Көпшілік интернеттің сапасын сынайтынына қарамастан, түрлі елдердің (Еуропаның да, Азияның да) тұрғындарынан Қазақстандағы интернет жылдамдығын армандамайтынын да естимін, – деп түйіндеді сөзін Александр Ляхов.