IT-мамандар табыс табу үшін Қытайға барды, ал IT-компаниялар тоңазытқыш сатты. Қазақстанда IT-сала қалай пайда болды
Digital Business редакциясы Yandex Qazakhstan-мен бірге «Қазақстанның IT-тарихы» ауқымды жобасын бастайды. Онда біздің елімізде қалай IT-сала пайда болып, дамығанын айтамыз. Осы салада үлкен рөл атқарған жəне əлі де атқарып жүрген жандармен кездесеміз. 1970-80-90-жылдары кодтаумен айналысқандардан бастап, eGov пен финтехтің, электронды сауданың, Аstana Hub құрудың, стартаптар мен қазір алдыңғы қатарда тұрған компанияларға дейін венчурдың пайда болуының бастауында тұрған тұлғалармен əңгімелесеміз. Мұндай «тарихты» жасау қазір даму жолының қай жерінде тұрғанымызды аңғаруға мүмкіндік беретініне сенеміз. Бізде IT-индустрияның қалыптасуына не əсер етті. Ал оның болашағы мейілінше табысты жəне жарқын болуы үшін қайтпек керек. Жобамыздың алғашқы қонағы – Қазақстан интернет қауымдастырының президенті, елдегі алғашқы IT-мамандардың бірі Шавкат Сабыров.
Оқушы кезінде Шавкат Сабыров достарымен бірге жертөледе қолдан түрлі құралдар жасап, кейін оны аулада сатуға тырысатын. 1970-жылдардың аяғында инженер-электроншы мамандығына оқуға түсіп, оған ілесе университет зертханасындағы перфокартасы бар үлкен суперЭЕМ-де кодтауды бастады. Əрі қарай IT-саласындағы мансабы өрге басты, ал 2009-жылы Сабыров əлі күнге шейін басшылық етіп жүрген Қазақстан Интернет қауымдастығы президенті болды.
Шавкат Сабыров «Қазақстанның IT-тарихы» жобасына арнайы 1980-90-жылдары қазақстандық IT-сала қандай болғанын, сол шақта IT-мамандар не істегенін жəне қанша табыс тапқанын айтып берді.
Алғашқы отандық IT-компаниялар, олардың өзгеруі жəне мемлекетті не себепті ұзақ уақыт бойы ақпараттық технологиялар қызықтырмағанын да сөз еттік. Сонымен қатар, финтехтің қарқынды өсімін жəне Қазақстандағы IT-дың дамуына серпін берген негізгі оқиғаларды талқыладық.
Кеңес кезінде IT-мамандар немен айналысты?
«Студенттерге түнде ғана кодтауға рұқсат етілетін»
Шавкат Сабыров бала кезінен технологияға қызығатын. Дəнекерлеу құралын қолына қалам мен қарындаштан бұрын алды десе болады. Əдетте, сабақ бітісімен Шавкат басқа балалар секілді футбол алаңына емес, түрлі бұйымдар жасайтын жертөлеге асығатын:
– Досым екеуміз шағын радиоқабылдағыштар жасайтынбыз. Оны құлаққап ретінде музыка тыңдау үшін қолдануға болады. Əрқайсысын 1 рубльге сатамыз деп жоспар құрдық. Мың дана радиоқабылдағыш жасап, əбден байимыз деп ойладық, кеңес заманы үшін бұл көп ақша еді. Шын мəнінде екі-үшеуін ғана сата алдық, əрі қарай ісіміз жүрмей қалды. Бірақ темір шұқуды институтқа кеткенше тоқтатпадым.
1979 жылы Шавкат Сабыров Томскідегі радиоэлектрониканы басқару жүйелері университетінің электронды техника факультетіне оқуға түсті. Жақсы академиялық білім алып шықты. Жолы болып, өнертабысы мен патенттері бар профессорлардан сабақ алды. Мысалы, кафедра меңгерушісі Григорий Абрамович Воробьев бүкіл КСРО бойынша физикалық электроника саласындағы ең мықты мамандардың бірі болатын.
– Инженер-физикке оқыдым. Түрлі тапсырмалар орындайтынмын: схемалар сыздым, микросхемаларды тұндыру процестерін меңгердім, түрлі платалар жасадым жəне т.б. Айтқандай, кодпен де жұмыс істедік. Университетімізде сол заманның байлығы саналатын бірнеше суперЭЕМ (ЭВМ) болатын.
ЭEМ-де тек перфокарта көмегімен кодтауға болатын. Бұл екі өлшемді бит массиві түріндегіақпаратты қамтитын жұқа картон парағы. Бір перфокарта — картондағы саңылаулардың бар немесе жоқтығын көрсететін 80 таңбадан тұратын жол. Оларды машинадан өткізу үшін алдын ала дайындау керек болды. Мысал үшін шамамен 1 Гб ақпараттың салмағы перфокартада 22 тонна қағазбен тең. Бізге, студенттерге, тек түнде кодтауға рұқсат берілетін: күндіз ЭЕМ ғылыми шаруадан босамайтын. Бағдарламашылар 40 жыл бұрын да түнгі уақытта жұмыс істеді десе болады. Бірақ сол кездер қызық болатын, – деп еске алды Шавкат Омарұлы.
«1980-жылдары бағдарламашы болып жұмыс істегенім үшін жақсы жалақы алдым, нан мен майға жететін. Бірақ шашылмадым»
Оқуды бітірген соң, Сабыров Алматыға оралып, «АСУ-Город ГАИ» деп аталатын мекемеге жұмысқа тұрды. Онда көлік нөпірін басқарудың автоматтандырылған жүйесі жұмысына жауапты болды:
– Əріптестеріммен бірге математикалық модельдерді пайдалана отырып, қаланың белгілі бір жерінде белгілі бір уақытта жасыл жəне қызыл бағдаршамның қанша уақыт жанып тұруы керектігін есептедік. Айтпақшы, жұмысқа келгеніме 2-3 айдан соң мені қазірше айтсақ тимлид, ал кеңес заманы үлгісінде бағдарламалық жəне технологиялық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы етіп тағайындады.
Сол уақыттың өлшемімен бұл жұмысым үшін жақсы еңбекақы алдым: нан мен майға жететін. Бірақ, ақша шашып жүрмедім: табысым IT-саладағы қазіргі жалақымен салыстыруға келмейтін. Кеңес үкіметі ыдыраған сəтте жағдай қиындады. Алматыдағы бағдаршамдардың жұмысына қажетті электр жарығын төлеу үшін жалақымыздан шегеріп қалатын. Бағдаршамды бүкіл қала пайдаланды, ал ақысын біз төледік. Қиын уақыт еді. Артық пафоссыз айта аламын, қалай да аман қалуды ойладық.
Неліктен 1990-жылдары Қазақстанда IT-дің жағдайы мүшкіл болды
«Шенеуніктер бізге технология қажет емес, елде мұнай мен газ бар, демек ақшасыз қалмаймыз, бəрін сатып аламыз деп шешті»
Табыс табу үшін Шавкат Сабыров іссапармен Қытайға кетті, Қорғаста жүк диспетчері болып жұмыс істеді:
– Ара-тұра Үрімшіге қатынап жүрдім, Қорғас екеуінің арасы шамамен 650 шақырым болғанымен, үш тəулік жолда жүретінбіз. 1990-жылдардың басында Қытайда жақсы жолдар болған жоқ, жайдақ жол еді. Сол себепті көлік баяу жүріп, жолда үш күн түнеп жететін едік.
Айтқандай, Қытай ол кезде қазіргідей дамыған ел емес. Есімде, Қазақстаннан ол жаққа электронды шəйнектер тасыдым. Үлкен сұранысқа ие болатын. Оны сатып, тапқан ақшама косметика сатып алып, кейін Алматыда қымбат бағамен сататын едім. Сөйтіп, тірлік жасадым.
Кəдімгі бизнес – сол кездің тілімен айтқанда шағын кəсіпорын ашуға талпыныс болды. Досым екеуміз алдымен аяқ киім, сосын сөмке тігетін цех аштық, кейін тағы бір нəрсемен айналыстық. Қысқасы, пайда əкелетін шаруамен жүрдік. Бірақ, ақыр соңында күйіп тындық. Біріншіден, ақша біз оны тапқаннан тез құнсызданып жатты. Екіншіден, табысымыздың көп бөлігін сақтап отырған банк банкрот болды.
Расында, 1990-жылдары техникалық жəне инженерлік білімі бар жігіттердің көбі қиын жағдайға тап болды. КСРО тарағаннан кейін Қазақстанда түрлі ғылыми- зерттеу институттары, конструктор бюролары жəне басқа да ғылыми ұйымдар жаппай жабылды. Оларға қаржы мүлдем бөлінбеді. Мемлекет бізге бұл қажет емес деп шешті. Елде мұнай мен газ бар, демек, ақша əрдайым болады, технологияны қажет болса сатып аламыз деп ойлады.
Нəтижесінде талай адам жұмыссыз қалды. Біреулер басқа елге көшіп кетті, екіншілері саудагер болды.
Бағдарламашы болып еңбек еткен кейбір мамандар компьютерлерге сервистік қызмет көрсете бастағанын білемін: драйвер мен операциялық жүйе орнатты, принтердің картриджін ауыстырды, бағдарламаларды орнатып берді жəне басқа да осындай қызмет түрімен айналысты. Қазіргі түсінікте оларды IT-мамандар деп айту қиын. Олар көбірек кəсіпкерлер болды, бірақ мұндай жұмыс олардың IT-дағдысын сақтауға көмектесті. Оған қоса, аз болса да, ақша əкелді.
«Банктен азық-түлік қоймасына дейін кез келген ұйымның барлық деректері қағазда сақталды»
IT-компаниялар да болған жоқ. Ол кезде Logycom (Қазақстандағы компьютерлік техниканың ең ірі өндірушісі, компания сонымен қатар корпоративтік секторда жəне шағын жəне орта бизнесте бағдарламалық қамтамасыз етуді əзірлеуге жəне енгізуге маманданған – Digital Business ескертпесі) жəне Glotur (есептеу жəне телекоммуникациялық техниканы, бағдарламалық қамтамасыз ету жəне жүйелік интегратор шығарушы компания, бұдан басқа, IT-жобаларды бастан-аяқ дайындаумен жəне жүзеге асырумен айналысады – Digital Business ескертпесі) пайда болды. Алайда бастапқы кезеңде олар қазіргі Sulpak немесе «Мечта» дүкендері секілді тоңазытқыштан бастап фенге дейін тұрмыстық техника сатумен айналысты. Қарағандылық Плюс-Микро компаниясы ол кезде бухгалтерияға арналған софт əзірлеумен айналысты. Бірақ ол заманда IT-компания деген түсінік болған жоқ. Əйтсе де, осылар саланың бір іргетасын қалады десек болады.
Бірақ ол кезде IT-дің қажеті жоқ болғанын мойындаған жөн. Жалпы, мұндай технологияға сұраныс болған жоқ. Банктен азық-түлік қоймасына дейін кез келген ұйымдағы барлық деректер қағаз жүзінде сақталды. Мұны мемлекет талап етті. Ал нарықта IT-өнімдерге сұраныс болмаса, IT-компаниялар қайдан пайда болмақ?
1990-2000-жылдары қаржы секторына халықаралық ойыншылардың келуі жəне жаңа технологиялардың таралуы
«Италықтармен бірге электронды ақшаға қатысты түрлі жобаларды жүзеге асырдық»
Əйтсе де ақпараттық технологиялар біртіндеп Қазақстанға ене бастады. Бұған 1990-жылдардың ортасында елімізге ірі халықаралық компаниялардың келуі көп ықпал етті. Солардың бірі компьютерлік техниканы өндіруші ірі компаниялардың бірі – италиялық Olivetti компаниясы:
– Үлкен іріктеуден өтіп, олардың Қазақстандағы өкілдігіне жетекшілік еттім. Əуелі калькулятор мен көшірме техникасын, жазу машиналары мен кассалық аппараттар саттық, содан кейін банкоматтар мен төлем жүйелерін орнатуға кезек жетті. Бірнеше жыл осымен айналыстым.
Сонымен қатар, италықтармен бірге электронды ақшаға қатысты түрлі жобаларды жүзеге асырдық. Мысалы, Балқашта бүкіл қала бойынша қаржы жүйесімен біріктірілген POS терминалдар орнаттық. Жүргізушілерге ақылы жолда жүру ақысын қолма- қол ақшасыз төлеуге мүмкіндік беретін жобалар болды. 2000-шы жылдардың басында бұл ғажап дүние еді.
«Цифрландыру алғашында қаржы секторына енді»
Жалпы, Қазақстандағы IT-саланың дамуы туралы айтар болсақ, цифрландыру бірінші кезекте қаржы секторына кірді. Ол кезде дамып келе жатқан сала болатын жəне бұған таңқалудың қажеті жоқ: капиталдың ең жоғары кірісі осында еді. Ал экономика қарқынды дами бастаған кезде, оған қызмет көрсететін жаңа құралдарға сұраныс туады, бұл ретте технология ең тиімді көмекші саналады.
Olivetti, HP жəне IBM сияқты халықаралық ойыншылардың елге келуімен сала дами бастады, олар түрлі технологияны əкеліп, адамдарды оқытуға көмектесті. Өйткені, ол кезде Қазақстанда банк технологиясын жетік білетін мамандар саусақпен санарлық еді.
– Өнім жасаумен айналысатын алғашқы қазақстандық IT- компаниялар қай кезде пайда бола бастады?
– Оны айту қиын. Менің ойымша, алғашқы қарлығаштар 2000- жылдардың басында пайда болды. Ол кезде Logycom мен Glotur өз қажеттілігіне сай бағдарламалық жасақтамаларды əзірлей бастады, «Плюс-Микро» аяғына нық тұрып, бағдарламалық шешімдер мен инфрақұрылымдық жобалар əзірлеумен айналыса бастаған басқа компаниялар ашылды, олар серверлер орнатты, солардың негізінде бірдеңелерді іске қосты, жүйелерді аяққа тұрғызды. Бірақ, бұның бəрі жергілікті деңгейде болды.
2000-шы жəне 2010-шы жылдары Қазақстандағы IT-саланың дамуын тездеткен төрт фактор
Фактор 1. Электронды үкіметті қалыптастыру мемлекеттік бағдарламасы жəне eGov.kz-тің іске қосылуы
Қазақстан мемлекеті цифрландыру үдерісін өзінен бастады, яғни мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшірді (2006-жылы eGov.kz порталы іске қосылды – Digital Business ескертпесі). Бұл адамдарды онлайн қызметтерді пайдалануға «мəжбүрлеудің» жалғыз жолы еді. Бұл өте күрделі процесс, өйткені болашақта жұмыссыз қалатынын түсіне бастаған кішігірім шенеуніктер аяқтан шалмақ болды.
Елімізде электронды үкіметті қалыптастыру кезінде билік сингапурлық жолмен «жүруді» шешті, сондықтан бірінші кезекте жеке жəне заңды тұлғалар, мекенжай регистрі жəне т.б. мемлекеттік деректер қорын құруға кірісті. Назар аударар жайт, бұның бəрін қазақстандық компаниялар жасады, олардың қатарында мысалы, кейін EPAM құрамына енген қарағандылық «Плюс-Микро» бар. Салада бюджет пайда болды, сөйтіп, бұрын есеп бөлімі үшін бухгалтерлік есеп жүйесін əзірлеп жүрген жігіттер GovTech-шешімдер жасауға көшті.
Фактор 2. Интернеттің қазақстандықтардың күнделікті өміріне енуі
2010-2012 жылдары IT индустрия тағы бір рет серпін алды. Интернет күнделікті өмірге ене бастаған кез. Жаппай қолданылғанын айтудың қажеті жоқ шығар. Пысықайлар қарақшылық жолмен фильмдер жүктеп алып, оны бейнекассета мен DVD-дискіге жазып, базарда сатты.
Мемлекет сол кезде электроника саласын реттеу туралы ойлана бастады. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен интернет-дүкендерде онлайн сауда қызды. Қоғамдық сана «цифрлық революциядан» өтті, онлайн мемлекеттік қызметтер қарапайым жəне түсінікті болды, смартфон қолжетімді дүниеге айналды.
Фактор 3. Финтех жəне электронды ақша
Төлем технологиясын ұсынатын стартаптардың өсуі адам санасында төңкеріс жасағаны анық. Электронды ақша үшінші тұлғалардың пайдасына төлемдердің мəртебесін заңдастырып, қаржылық хаос дəуірі аяқталды.
Мысалы, 2010-жылдардың ортасында қарағандылық жігіттер жасап шығарған Wooppay жобасы қарқын ала бастады. Олар бүкіл Қазақстанға таралып, Алматы мен Астанада ғана емес, өңірлерде де IT-орта бар екенін көрсетті.
Содан кейін банктердің IT жəне онлайн қызметтер саласындағы секторы ессіз қарқынмен дами бастады. Қазкоммерцбанк пен Астана банкі финтехтің негізін қалады. Содан кейін басқалары келді, олардың қатарында Kaspi жəне Freedom Bank бар.
Менің ойымша, оларды IT-компания деп атау қате. Бұлар ең алдымен, жан-жағынан IT-инфрақұрылым жасақтап, мықты мобильді қосымша жасаған банктер. Олар финтехтің дамуына үлкен үлес қосқаны рас. Сондай-ақ қазақстандықтарға онлайн сауда жасауды жəне электронды мемлекеттік қызметтерді пайдалануды үйретті.
Бірақ мұның бəрі нақты заңнамалар шықпаса болмас еді. Сонымен қатар, жігіттер дер кезінде, яғни елде интернеті бар смартфондар кеңінен таралған шаққа тап болды. Бұның бəрі үлкен серпіліс жасауға мүмкіндік берді.
Фактор 4. Қазақстандық онлайн-медианың пайда болуы
2010-жылға дейін, бəлкім одан кейінірек те, қазақстандықтар негізінен шетелдік БАҚ контентін тұтынды. Біз онлайн-аудиторияға жаңалық жасауды енді ғана үйрене бастадық. Бір кезде қазақстандық онлайн- медиа жаңа деңгейге көтерілді. Дəл сол сəтте қазақстандықтардың санасы сілкінді. Біздің жаңалығымыз өзімізге қызық бола бастады, «шоу- бизнес басын көтерді», Интернеттегі айқай-шу мен туыстардың қызметке тағайындалуын бүкіл ел талқылайтын болды.
Қазақстан қандай мүмкіндікті жіберіп алды – өткенге көзқарас
«Қазақстандағы салық қайта сату емес, өндіру тиімді болатындай болуы керек»
– 2012 жылдан бастап бізге G-Cloud жобасы аясында электронды үкіметтің цифрлық трансформациясы қажет болды. Ал 2013 жылы «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасында мен IT-саланы қолдау бағдарламасын ұсынған болатынмын.
Даму əрқашан ынталандырудан туады. Оны қолдан жасап отыру керек, сонда ғана ІТ-саласындағы шағын жəне орта бизнес қарқын ала бастайды. Қазақстандағы салық қайта сату емес, өндіру тиімді болатындай болуы керек. 2018 жылы осындай мүмкіндіктер ұсынатын Astana Hub пайда болды. Бірақ бұл тым кеш қабылданған шешім деп ойлаймын.
Шавкат Сабыровтың айтуынша, егер мемлекет технологиялық компанияларды ертерек ынталандырса, салық салымдарын сол сəтте жоғалтар еді де, бірақ ұзақ мерзімді перспективада IT-сектордағы кірістің (демек, салық базасының), экспорттың жəне жұмыс орындарының өсуі арқасында əлдеқайда көп ұтар еді.