«Пернетақтаның көмегімен адамның моральды-психологиялық жағдайын біле аламыз». Алматылық қыз-жігіттер жұмыстағы күйзелістен құтқаратын сервис ойлап тапты

Eng Ru
Жарияланған күні: 01.09.2023, 11:24

«Toyota компаниясында жұмыс істеген кезде досым екеуміз алаяқтардың жолын кестік, олар көлік шамдарын ұрлап, соның кесірінен Ресейде автокөлік жинау құны 20%-ға көтерілген. Содан кейін қызметте өстік. Алайда, көп ұзамай досым өз-өзіне қол салды… Сараптама оның кәсіби тұрғыдан шаршағанын көрсетті. Жүктелген жұмыс пен қысымды көтере алмаған. Ол 3 ай бойы дұрыс тамақ ішпеді, ұйықтамады. Қайғылы оқиға болған кезде мейілінше көп адамды осындай тағдырдан аман алып қалу үшін қолымнан келгеннін бәрін істеймін деп уәде бердім», – дейді GoDays стартапының негізін қалаушысы және директоры Елнұр Қай.

GoDays жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, жұмыстағы күйзелісті болжайтын және оның алдын алатын құрал. Digital Business пен Astana Hub бірлескен «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасына берген сұхбатында Елнұр мен GoDays операциялық директоры Динара Өскенбаева пернетақтаның көмегімен адам жанын қалай түсінуге болатынын, бұл ақпарат команда жетекшісі мен HR-ға пайдалы болатынын және бұл сервис қазақстандық және халықаралық компанияларға қаншалықты қызық екенін айтты.

«Сынақ жүзінде 16:00-ден 00:00-ге дейінгі жұмыс уақытын енгіздік. Соның арқасында қызметкерлердің жұмыс өнімділігі 20%-ға артты»

– GoDays тұжырымдамасы не нәрсеге негізделген?

Елнұр: – Досыммен осындай жағдай болғаннан кейін жұмыстағы күйзеліс табиғатын зерттей бастадым. Осы тақырыпта 55 ғылыми жұмыс оқыдым. Берклидегі (АҚШ) Калифорния университетінің психология профессоры Кристина Маслахтың теориясы бәрінен көп қызықтырды. Ол пернетақтадағы пернені басу сипатының өзгеруінен адамның моральды-психологиялық жағдайын бағалауға болады деген болжам жасады.

Елнур Кай

Негізгі мәні – әр адамның түрлі жағдайда қозғалыс тұрақтылығы бар. Жағдайға байланысты пернені басу тәсілі өзгереді. Бұл адам туралы көп ақпарат алуға мүмкіндік береді: бүгін ұйқысы қанды ма, түскі үзілісте әріптестерінің бірімен ұрысып қалмады ма, күннің қай бөлігінде өзін жақсы сезінеді және т.б.

Біздің техникалық директорымыз Димаш Айтқали профессордың теориясын кодта қалай жүзеге асыруға болатынын ойлап тапты. Плагин белгілі бір кезеңдегі пернелерді басудағы өзгерістерді бақылайтын пернетақтамен біріктірілген. Неғұрлым ұзақ бақыласа, соғұрлым жақсы, көп ақпарат жинауға болады. Кейін оны жасанды интеллект өңдеп, нәтижесін көрсетеді: адамның жағдайы жақсы ма, әлде күйзеліске жақын ба.
Ғылыми еңбегін қолдануды рұқсат етуін сұрап, профессорға жүгіндік. Ол кісі келісім берген соң, сынақ өткізуді бастадық.

– Қазақстаннан бөлек, гипотезаны Португалияда тексерген екенсіңіздер. Неліктен ол елді таңдадыңыздар?

Елнұр: – GoDays идеясымен португалдық онлайн-акселераторға түстік. Ол жақта жергілікті университеттер мен елдегі ірі байланыс операторы MEO компаниясына кіруге мүмкіндік алдық. Өніміміз – MacOS, Linux және Windows жүйелеріне орнатуға болатын техникалық плагинді сынақтан өткіздік.

Айтпақшы, біз API интерфейсін 100% ықтималдықпен алу үшін олармен үйлесімділікті ұзақ уақыт тексердік. Күн сайын бас тартатындар болды. Тек миллион итерация мен 9 ай жұмыстан кейін ғана бәрі ойдағыдай болды.

Елнур Кай и Динара Ускенбаева

Бастысы, пернетақтадағы пернені басу арқылы адам жанын бақылау теориясы қызмет ететінін дәлелдей алдық. Қызық кейс болды. IT-компаниялардың бірінде сынақ жүзінде 16:00-ден 00:00-ге дейінгі жұмыс уақытын енгіздік. Осы өзгерістің арқасында қызметкерлердің жұмыс өнімділігі 20%-ға артты, себебі айти-мамандарға кешке жұмыс істеген оңай.

Динара: – Оған қоса, мінез-құлық ерекшеліктері ұлтқа байланысты емес екенін түсіндік. GoDays Қазақстанда да, Португалияда да жақсы нәтиже көрсетті. Қызметкерлеріміз арасында өнімді сынап көргенде бір жігіттің үш айдан бұрынғы эмоционалды күйзелісін болжай алдық. Табысты кейстерден соң бәрін цифрландыра бастадық.

– Эмоционалды күйзелісті болжау — істелген істің жартысы ғана сияқты. Кері әсерін болдырмау үшін оның алдын-алу керек. Мұны GoDays көмегімен қалай істеуге болады?

Динара: – Командасында күйзеліске жақын қызметкер бар деген ақпаратпен бірге, басшы GoDays-тен оның жағдайын жақсарту жөнінде кеңес алады. Мысалы, қызметкердің жұмысын азайту немесе жұмыс күрделілігін төмендету, кейде тіпті адамды қысқа мерзімді демалысқа жіберу деген сияқты кеңестер.

Сөйте тұра, басшы қандай жағдай болмасын, күйзеліс күдігі туралы қызметкердің бетіне тура айтпауы тиіс. Мұны көбі әлсіздік ретінде қабылдайды. Әдептілік бұл жерде – сәттілік кілті.

Динара Ускенбаева

Тиімділікті күшейту үшін Trello-мен бірігеміз деп келістік. Бұл қызметкер қандай жүктемені көтере алатынын түсінуге мүмкіндік береді. Жүйе басшыға тапсырмаларды дұрыс бөлуге көмектеседі: кімге жылдам істелетін жұмысты орындату керек, ал кімге үлкен жобаларды тапсыруға болатынын көрсетеді. Сөйтіп, шамадан тыс жүктемені болдырмауға болады.

Елнұр: – Қазір жасырын көшбасшыларды анықтай алатын тағы бір өнім әзірлеп жатырмыз. Еуропалық банктен жақсы кейсіміз бар. Әйел қызметкер жұмыстың көп бөлігін бір өзі жауып отырған. Алайда оның орнына бұнын бәрін бірге істедік деген басқа адам қызметте жоғарылаған. Қыз бала тағы бір жарым жыл істеп, күйзеліске түсіп, жұмыстан шығып кеткен. Есесіне Microsoft компаниясына жақсы қызметке орналасты, ал банк білікті маманын жоғалтты.

«Қазақстанда, Кипр мен АҚШ-та кеңселері бар компанияны қосып жатырмыз»

– Жұмыс берушілердің сіздің жүйені қосуға және қызметкерлердің жағдайын бақылауға практикалық қызығушылығы неде?

Динара: – Қазақстан туралы айтсақ, жақсы қызметкерді жоғалтып алмауға көмектесеміз. Турасын айтқанда, біздің нарықта ақпараттық технологиялар саласының жоғары білікті мамандары көп емес. Олар үшін күрес жүріп жатыр.

Елнур Кай и Динара Ускенбаева

Түрлі жергілікті компанияда аудит жүргізіп, кадр тұрақтамайтынын аңғардық. Неге бұлай болатынын ешкім талдамайды. Кеткен кісі кетті. Дегенмен бұл айтарлықтай экономикалық шығын. Жұмыс беруші бейімделуіне байланысты алғашқы 3 айда толық күшінде жұмыс істей алмайтын жаңа қызметкерді оқытуға ақша жұмсауы керек. Одан да қызметкерге жұмыстан кетпейтіндей жағдай жасаған оңай және тиімді.

– Шешім қабылдайтын тұлғаларға осы құндылықты жеткізе алдыңыз ба?

Елнұр: – Бастапқыда қиын болды. Бірден қаржы директорлар және басшылармен сөйлесуге тырыстық. Бірақ олар персоналмен тығыз байланыспайтындықтан, біздің оларға қажетіміз неде екенін түсінбеді.

Елнур Кай и Динара Ускенбаева

Содан кейін жұмысқа қабылдау және қызметкерді бейімдеумен айналысатын HR-департаменттері арқылы кіруді ұйғардық. Осы дұрыс болды. HR-менеджерлер пайдамызды жақсы түсінеді, себебі қызметкерлердің жұмыстан шығуы – олардың «бас ауруы». Содан кейін олар компанияның қаражатына жауапты тұлғаларға барып, мұның бәрі не үшін қажет екенін түсіндіреді.

– Қазіргі клиенттеріңіз кім?

Динара: – Әзір тек қазақстандық компаниялар: IT, банктер, консалтинг. Басым бөлігі — халықаралық корпорациялардың бөлімшелері немесе жұмыс барысында батыстық көзқарас пен тәсілдерін қолданатын біздің жергілікті ұйымдар. Яғни, тек қана В2В.

Қазір Қазақстанда қызметкерге қатынас жақсы жағына өзгеріп жатқаны қуантады. Көп компанияда well-being, яғни адамдардың әл-ауқатымен айналысатын бөлімдер пайда болып жатыр.

– Шетелдік компаниялар ше? Toyota, Shell, Nike, Spotify-да жұмыс істеп көрдіңіз ғой?

Елнұр: – Олармен кеңесшілер арқылы байланыса алдық. Тегін жұмыс істедік десем болады. Олардың сенімін ақтап, өз құндылығымызды дәлелдеу біз үшін маңызды болды. Қолымыздан келді де. Осы брендтердің кейбірімен келісім шарт жасасуға дайындалып жатырмыз.

Елнур Кай

Динара: – Үлкен компаниялармен жұмыс істеуде мына стратегияны таңдадық. Алдымен олардың бір кеңсесін қосамыз. Бір айдан кейін нәтижесін көрсетіп әрі қарай басқа бөлімшелеріне тараймыз.

Мысалы, қазір Қазақстанда, Кипрде және АҚШ-та кеңселері бар бір IT-компанияны қосып жатырмыз. Әуелі осы жақта жұмыс істейміз деп келістік, оларға ұнаса, басқа елдерді қосамыз.

«Оңтүстік Корея мен Жапонияда таралуды жоспарлап отырмыз. Ол жақтарда халықаралық корпорациялар артық жұмыс істеу мәселесін шешкісі келеді»

– Қай елдерге бірінші кезекте шығуды жоспарлап отырсыздар?

Елнұр: – Эмоционалды күйзеліс проблемасы ушығып тұрған және оны шешуге сұраныс бар елдер. Бірінші кезекте, Оңтүстік Корея мен Жапония. Ол жақтарда халықаралық корпорациялар артық жұмыс істеу мәселесін шешкісі келеді. Оңтүстік Кореяда біздің жобаға қызығушылық бар. Бірақ біз ол жаққа шығуға асықпаймыз. Алдымен америкалық компания ретінде есептелу үшін Делавэрде тіркелуді жоспарлап отырмыз.

Динара: – Оңтүстік Кореяда бір қормен сынақ өткізіп жатырмыз. Бұл өте ерекше нарық. Ол жерге толық дайын шешіммен бару керек, өйткені қатенің бағасы тым қымбат.

Мысалы, GoDays қолданбасын пайдаланатын компанияда бір қызметкер жұмыстағы күйзеліске ұшыраса, бүкіл нарықта біздің өнімге деген сенімсіздік бірнеше есе артады.

– Оңтүстік Кореяда таралуға қашан дайын боласыздар?

Динара Ускенбаева

Динара: – Басты міндетіміз – мейілінше дәл болу. Ол үшін GoDays-ты белгілі бір мөлшердегі адамды сынақтан өткізу керек. Қазір 60 мың адамды сынадық, алайда жүйені оңтайландыру үшін бұдан да көп сынақ өткізуіміз қажет.

Оған қоса KPI-бөлігі, бонус жүйесі мен жүктемені бөлу қызметін жетілдіргіміз келеді. Оларды әзірше Қазақстанда сынап жатырмыз, себебі таныс нарық және арзан. Бәрін жүзеге асырған соң, масштабталуды бастаймыз. Бірінші Оңтүстік Корея мен Жапонияда, содан кейін Еуропа мен АҚШ-та.

– Бұл елдерде сіздікіне ұқсас жобалар бар ма?

Елнұр: – Көп. Бірақ кейбірі жеке хабарламаларды оқмды немесе адам компьютер алдында не істейтінін бақылайды. Бұл жеке бас құпиясын бұзады және қызметкерге ыңғайсыздық тудырады.

Біз жеке деректерді жинамаймыз. Тек пернетақтадағы пернелер неше рет басылғанын өңдейміз. Сөйте тұра компьютер алдында кім отырғанын білмейміз. Оны біз бақылау нәтижесін жіберген соң HR көріп отырады. Олар нақты қай қызметкер қауіпті жағдайда жүргенін түсіне алады.

– Ал қызметкер оның компьютер алдындағы іс-әрекеті бақыланатынын біле ме?

Динара: – Көптеген компанияда келісім-шарт жасасқан кезде қызметкер оның кейбір жеке бас деректерін өңдеуге келіседі. Ол туралы айта ма, айтпай ма – жұмыс берушінің өз еркі.

Елнур Кай и Динара Ускенбаева

Жалпы болашақта ақпарат жинаудың екі нұсқасын қарастырып жатырмыз. Біріншісі – қызметкер аптасына 1-2 рет психолог құрған арнайы сауалнаманы толтырады. Онда эмоционалды күйзелісті анықтайтын 20 сұрақ бар. Бұған қоса пернетақтада 1-2 сөйлем жазу керек. Бұдан кейін жасанды интеллект барлық ақпаратты өңдеп, адамның хал-жағдайын 94,5% дейінгі дәлдікпен анықтап береді.

Екіншісі – тұрақты түрде пернетақтадағы ақпаратты оқып тұру. Бұл тиімдірек нұсқа. Пернетақтаны неғұрлым көп басса, қызметкердің портреті мен оның жағдайын түсіну соғұрлым дәлірек болады.

«Егер ақшаның соңынан қуа бастасақ, өнімді дамытуға жеткілікті уақыт бөле алмаймыз»

– Ненің көмегімен ақша тауып жүрсіздер?

Динара: – Ай сайынғы жазылым. Компания бір қызметкер үшін $4,49 төлейді. Алайда әзірше табысқа шыққан жоқпыз, операциялық минустамыз. Бұл жақсы да шығар. Егер ақшаның соңынан қуа бастасақ, өнімді дамытуға жеткілікті уақыт бөле алмаймыз.

Динара Ускенбаева

Негізінде кез келген нәрсені сатуға болады. Тезірек ақшаны алып, тарап кетуге де болады. Бірақ біздің мақсатымыз – көп адамға көмегі тиетін дүние жасап шығару. Осы жолмен келе жатырмыз.

– Ендеше ненің есебінен дамып жатырсыздар?

Елнұр: – Әуелі жобаға өз ақшамызды салдық. Жалпы құны $57 мың. Бұған 9 ай өмір сүрдік. Шығын негізінен сервердің төлемақысы мен командадағы 5 адамның жалақысы болатын. Содан соң штатты 11 адамға көбейттік.

Кейін MyVentures қорынан $75 мың тарттық. Инвестицияның көмегімен жаңа гипотезаларды сынап, әрі қарай өмір сүрдік. Қазір біз құны $5 млн болатын жаңа раунд тартуға дайындалып жатырмыз. Кейбір фичтерді іске асырып, жаңа нарыққа шығу үшін қаржы керек.

Елнур Кай

– Жақын арада GoDays Қазақстанның мектеп оқушылары мен студенттеріне арналған жасанды интеллект зертханасын іске қосатынын жариялады. Бұған да қаржы құю керек пе?

Динара: – Операциялық және басқарушылық бөлігі мектептер мен университеттердің мойнында. Біздің тараптан – білім беру бағдарламасын құрастырып, тәлімгер болу. Оған қоса серіктестеріміздің сервер ақысын төлеу секілді жеңілдіктерін бөлісе аламыз.

– Бұл сіздерге не үшін қажет?

Елнұр: – Көп адамды, соның ішінде жастарды жаңк технологиялармен таныстырғымыз келеді. GoDays командасының жасанды интеллект саласында жақсы сараптамасы бар, сонымен бөліскіміз келеді. Біз стартап ретінде Қазақстанда осындай қауымдастықтарды тірілтуіміз керек. Бұл жігіттер мықты идеяларды ойлап таба алады немесе біршама тәжірибе жинаған соң, біздің командаға қосылуы мүмкін.

– Жыл соңына дейін GoDays-те нені жүзеге асырғыңыз келеді?

Елнур Кай и Динара Ускенбаева

Елнұр: – Әлем бойынша 500 мың қызметкерді жүйеге қоссақ, жақсы болар еді. Ақша дейсіз бе? Біздің хикаямыз миллион доллар туралы емес, адамдар туралы. Көп адамға көмектессек, тамаша болады.