Өз әнімізді тыңдаймыз! SAZALEM стартапы онлайн-платформа құрып, онда қазақстандық барлық музыканы жинап жатыр

Eng Ru
Жарияланған күні: 06.09.2023, 11:32

«Басты мақсатымыз – Қазақстанның цифрлық мәдени игілігіне айналу», — дейді SAZALEM CEO-сы Нуми Мұсалиева.

Оның командасы 2023 жылдың қаңтарынан бері қазақстандық орындаушылардың заманауи және классикалық музыкасы жиналған мобильді платформаны дамытып жатыр. Жобаның деректер қорында қазір 20 мыңнан астам әуен бар, ал қосымша миллион рет жүктелген. Жоба не үшін керек және SAZALEM әрі қарай қалай дамиды? Нумидің Digital Business-ке берген сұхбатын оқыңыздар.

Digital Business редакциясы Astana Hub-пен бірлесіп «Қазақстанның 100 стартап-тарихы» жобасын іске қосты. Бұл – қазақстандық кәсіпкерлер мен Astana Hub бағдарламаларына қатысушы шетелдіктердің теңдессіз өнімдері мен сервистері жайлы жарқын оқиғалар. Біз аталған стартаптардың бірі міндетті түрде «unicorn» болып, Қазақстанды әлемдік IT-нарықта танымал етеді деп сенеміз. Сондай-ақ, түрлі кәсіпкер жігіттердің бір жерде жиналған тәжірибесі аудиторияны жаңа, батыл және креативті стартаптарға шабыттандырады деген үміттеміз.

Жоба үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығады және біздің кейіпкерлеріміз үшін толығымен тегін болады. Егер сіз де жобаның бір бөлігі болғыңыз келсе – бізге жазыңыз: editor@digitalbusiness.kz

«Sazalem $150 мың періштелік инвестиция алды»

— Нуми, менің білуімше, Sazalem-нің иесі басқа адам еді. Не өзгерді және қашан? Толығырақ айтып беріңізші.

— Бұл жобаны 2013 жылы Ғани Мырзамұратов бастаған. Білуімше, ол қазақстандықтар отандық музыканы емес, көбіне ресейлік және америкалық орындаушыларды тыңдайтынын көріп, Sazalem жобасын жасағысы келген.

Елде сапалы контент көп екенін көрсету үшін платформа құрған. Ол кезде заманауи әндермен қатар, музыкалық фольклор, соның ішінде күйлер (қазақтың ұлттық аспапты пьесасы – Digital Business ескертпесі) жиналған сайт болатын. Уақыт өте порталға жақсы трафик келе бастады – күніне 1000 адам кіретін болды.

Ғани Sazalem-ге 10 мың шығарма жинаған кезде жоба дамуын тоқтатты. Шын мәнінде не болғанын өзінен сұраған жөн болар, бірақ менің болжамым бойынша, порталдың негізін қалаушы осыншалықты танымал болатынын күтпеген. Бастапқыда жай ермек болған, алайда уақыт өткен сайын сайт техникалық қолдауды қажет етті, ал бұған уақыт керек.

Сондықтан 2022 жылы Sazalem мен оның барлық зияткерлік және коммерциялық құқықтарын қазір Google компаниясында жұмыс істейтін Серік Бекетаев есімді азамат сатып алды. Ол жобаны дамыту үшін және команданың еңбегіне деп $150 мың көлемінде инвестиция бөлді. Қазір ол Sazalem-нің дамуына қатысты стратегиялық маңызды сұрақтар бойынша бізге кеңес береді.

— Серікке бұл не үшін қажет?

— Пафос сияқты естілгенімен, Серік мұны парызы деп санайды. Ол Қазақстанда туып-өскен, осында домбыра тартуды үйренген, қазір АҚШ-та жұмыс істей жүріп, Қазақстанның мәдениетін дамыту және насихаттауға үлес қосу мүмкіндігі бар екенін байқады. Қазір осындай қадам жасайтын шақ: көпшілігі ана тіліне көшіп жатыр, бұл жергілікті әртістердің көбеюіне септік етеді. Жапония мен Оңтүстік Кореяда осыған ұқсас жағдай болды: бұл елдер прогрессивті бола тұра айдентикасын жоғалтпады, себебі мәдениеті мен тарихын бағалайды.

Және бізге бәрін нөлден бастаудың қажеті жоқ еді: сайт бар, музыкалық шығармалардың ауқымды қоры (10 мың қазақстандық туынды) бар. Тек оның iOs пен android жүйелеріндегі нұсқасын жасап, ребрендинг жүргізіп, қолданушыларды мобильді қосымшаға бағыттау үшін процестерді реттеу қалған болатын.

— Неге тек mobile?

— Барлық озық музыкалық алаңдар осы логиканы ұстанады. Тіпті саланың көшбасшысы Spotify да адамдар тек мобильді қосымшаны пайдалансын деп қолдан келгенін істеп жатыр.

Sazalem сайты әлі де жұмыс істеп тұр. Бірақ онда тек музыка іздеуге болады. Қолданушы қажетті әуенді тауып, “Тыңдау” тетігін басқанда оған телефондағы қосымшаға өту ұсынылады.

«Платформа аудиториясының 95%-ы – ауыл тұрғындары»

— Spotify-ды қозғасақ, бәсекелестік туралы айтайық. Сіздер бұл платформадан немесе, мысалы, «Яндекс Музыка» платформасынан немен артықсыздар?

— Қысқаша жауап берсем, біз түрлі мақсатты аудиторияға жұмыс істейміз.

Сіз айтқандардың бәрі ірі жаһандық алаңдар, олар жергілікті ерекшеліктерді ескермейді және біздің менталитетті түсінбейді. Оған қоса, олар ірі қалалар аудиториясына бағытталған және өнімдерін негізінен қала тұрғындары арасында таратады.

Sazalem болса, оның аудиториясының 95%-ы ауылдық аймақтарда, тұрғындары Spotify-дың бар екенін білмейтін өңірлерде. Міне, бұл біздің аудитория.

Адамдардың бізді таңдайтын тағы бір себебі: Sazalem-де музыканы тегін тыңдауға болады. Әрине, онда жарнама бар. Бірақ арнаға жазылу нұсқасын қарастырсақ, бізде ай сайынғы төлем шамамен 500 теңге, басқа алаңдарда – кем дегенде 1,5 мың теңге.

Яғни, біздің команда шағын және орта қалалар мен ауыл-аймақтардың халқы қазақстандық музыканы тыңдай алатындай жағдай жасағысы келеді. Ол тегін, сапалы және жеке жинақ функциясымен болуы тиіс. Бұл мәселенің екінші жағы бар – ол орындаушылар. Басқа платформаларда жүйе былай құрылған: әртістер олардың шығармасы қайда орналастырылғаны туралы ақпарат жинап, содан кейін қаламақы төлету үшін қанша рет тыңдалғаны туралы мәлімет сұратады. Ал біз Sazalem-ге тіркелген және біздің комплаенстан өткен әр музыкант статистиканы өзі көріп, әділ қаламақы алатын жүйе жасағымыз келеді.

2023 жылдың тамыз айында SAZALEM-де тыңдалған ТОП-3 ән:

  1. Жазира Байырбекова — Бесік жыры
  2. Нұрлан Өнербаев — Ана туралы жыр
  3. Қайрат Нұртас — Мен ғашықпын

— Сіз аймақтарға бағытталамыз дейсіз. Бірақ ол жақта интернет мәселесі бар ғой. Егер ауыл тұрғындары сіздердің қосымшаңызға тікелей қол жеткізе алмаса, қызметті қалай таратпақшысыздар?

— Иә, мұндай мәселе шынында бар. Әндерді офлайн режимінде тыңдау мүмкіндігінің көмегімен мәселені ішінара шештік: керек әуенді сақтап алып, оны кез келген жерде тыңдауға болады.

Болашақта біздің қосымшаны көбірек адам пайдалануы үшін елдегі интернет жағдайы жақсарады деп үміттенеміз. Бірақ қазірдің өзінде сандар жаман емес: ай сайынғы белсенді 70 мың қолданушымыз бар, оның 70%-ы аймақтардан. Бұл адамдар біздің брендтің шағын амбассадорына айналып жатыр. Олар Sazalem туралы айтып, қосымшамыздың таралуына көмектесіп жүр.

— Қолданушылар географиясы туралы айтыңызшы. Sazalem-ді қай жерде жиі тыңдайды?

— Қазақстанның оңтүстігі мен шығысы. Еліміздің осы аумақтарында қолданушылардың 50%-ы тұрады.  Мысалы, 30-тамызда қосымшаға кіргендердің есебі міне:

«Sazalem — бұл табыс табу туралы емес»

— Қалай ақша тауып жатырсыздар?

— Ақша табудың екі түрі бар – жарнама және жазылым. Жазылыммен бәрі оңай: біз клиентке платформаны пайдалану үшін ақы төлегісі келетіндей етіп құндылығымызды дәлелдеуіміз керек. Қызмет құны 499 теңге. Ай сайынғы белсенді 70 мың қолданушының шамамен 8%-ы жазылымды рәсімдеді.
Sazalem-дегі жарнаманың бірнеше түрі бар: баннер, аудиожарнама жасауға болады. Қазір бірге жұмыс істеудің осы форматы жөнінде бірнеше ірі брендпен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Таралу мен ақша табудың ықтималды үшінші түрі — Қазақстандағы ірі компаниялармен ынтымақтастық. Мысалы, біз Altel мен Tele2 байқауында жеңіске жетіп, серіктес болдық. NDA себебінен әзірше толығырақ айта алмаймыз. Бірақ жуық арада жариялаймыз.

Осы жерде маңызды жайтты айта кетейін: Sazalem – ақша табу туралы емес. Әрине, қызметкерлерге еңбекақы төлеу және әрі қарай даму үшін бізге қаржы керек. Бірақ біздің басты мақсатымыз — Қазақстанның цифрлық мәдени игілігіне айналып, қазақстандықтар отандық шығармашылықты сүйіп тыңдайтындай деңгейге жеткізу.

— Рахмет, маңызды жайтты айттыңыз. Ақша туралы тағы бір сұрақ: Sazalem $150 мың көлемінде инвестиция алды дедіңіз. Қанша уақытқа жетеді?

— Бұл сома өнімді техникалық дамытуға, команданың қажетіне және маркетинг науқандарын ұйымдастыруға 2023 жылдың соңына дейін жетеді деп есептеп отырмыз. Ал 2023 жылдың желтоқсанына қарай өз-өзімізді толық қамтамасыз етуіміз керек.

— Жоба командасында қанша адам бар?

— 14 адам. Техникалық және креатив болып екі командаға бөліндік. Біріншісінде бағдарлама әзірлеушілер мен өнімнің жұмысқа қабілеттілігіне жауапты қызметкерлер бар. Екіншісінде офлайн және онлайнда сирек кездесетін әуендер іздейтін біздің қаһармандар – контент-менеджерлер мен SMM-мамандар жиналған.

«Көне музыка жазбаларының сапасын жақсартатын технологияны сынап жатырмыз»

— Sazalem-нің IT-құрамы туралы айтып беріңізші.

— Біздің базамыз – бұл біз 4 ай бойы әзірлеген iOs пен android жүйелеріндегі мобильді қосымша.

Бұған қоса, музыкалық жинақтар дербес болуы үшін машиналық оқытуды қолданамыз: басқа әлемдік музыка платформаларынан кем емес, ұқсас әндер мен музыканы шығаруы үшін алгоритмді ұзақ уақыт бойы сынақтан өткіздік.

Тағы бір қызық жайт: қазір көне музыка жазбаларының сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін технологияны сынап жатырмыз. Қорымызда дыбысы нашар тамаша шығармалар өте көп.

— Тамаша. Соңғы сұрақ жоспарға қатысты. Жарты жылда Sazalem-нен не күтсек болады?

— Бірінші кезекте, музыкалық туындыларды жинауды (қазір қорда 20 мыңнан астам әуен бар) жалғастыру үшін жағдайымыз экономикалық тұрақты болуы керек.

Бұдан бөлек, ауқымды арнайы жобалар жасауды қолға алмақпыз. Солардың бірі – Қазақстандағы барлық күйдің цифрлық кітапханасы. Ел аралап, жергілікті туындыларды жинап алғымыз келеді. Себебі бір шығарманың әр өңірде түрлі орындау нұсқасы бар. Яғни біздің жаһандық міндетіміз – елдің мәдениетін цифрландыруға көмектесу.

Тағы бір бағыт – Қазақстан мәдениеті туралы қазақ тілінде подкаст шығару. Жаһандық деңгейде бұл шаруаның бәрі сапалы, әрі көлемді контентпен қамтамасыз етіп, қосымша қолданушылары үшін Sazalem-нің құнын арттыруы керек.

Бірақ, құпияның бәрін айтқым келмейді. Жуырда біз Қазақстан бойынша ауқымды маркетинг науқанын бастаймыз, сол кезде бәрін білесіздер.