Computer vision қабілеті бар адамдар. Қазақстандық стартап қалай биометриялық сәйкестендіру жүйесін әзірлеп, әлемнің үздік он шешімі қатарынан көрінді

Eng Ru
Жарияланған күні: 09.08.2023, 12:33
стартап Verigram

Verigram — Қазақстандағы computer vision саласындағы алғашқы стартаптардың бірі. Компания 2017 жылы пайда болды және жасанды интеллектің көмегімен жасалатын биометриялық сәйкестендіру жүйесімен нарыққа танымал. 2022 жылы стартаптың бұл технологиясы америкалық NIST институтының нұсқасы бойынша әлемдегі ең дәл сәйкестендіру жүйесінің ондығына кірді. Verigram қалай құрылды және жоба неге АҚШ емес, Оңтүстік-Шығыс Азияда масштабталып жатыр? Жобаның тең құрылтайшылары Әділет Мұқашев пен Игорь Литтигтің Digital Business-ке берген сұхбатын оқыңыз.

«Қазақстанның 100 стартап-тарихы» жобасын іске қосты. Бұл – қазақстандық кәсіпкерлер мен Astana Hub бағдарламаларына қатысушы шетелдіктердің теңдессіз өнімдері мен сервистері жайлы жарқын оқиғалар. Біз аталған стартаптардың бірі міндетті түрде «unicorn» болып, Қазақстанды әлемдік IT-нарықта танымал етеді деп сенеміз. Сондай-ақ, түрлі кәсіпкер жігіттердің бір жерде жиналған тәжірибесі аудиторияны жаңа, батыл және креативті стартаптарға шабыттандырады деген үміттеміз.

Жоба үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығады және біздің кейіпкерлеріміз үшін толығымен тегін болады. Егер сіз де жобаның бір бөлігі болғыңыз келсе – бізге жазыңыз editor@digitalbusiness.kz

«Verigram Қазақстандағы computer vision саласындағы алғашқы IT-әзірлеушілердің бірі болды»

— Жоба құрылтайшылары, әңгімені сіздерден бастағым келеді. Команданың артында кім тұрғанын айтып беріңізші.

Әділет Мұқашев: — Менің мамандығым – қаржыгер. Халықаралық корпорацияларда және телеком саласында қызмет еттім, кейін Қазақстандағы тау-кен өндіру компаниясына жұмысқа тұрдым. Жалдамалы қызметкер ретіндегі соңғы жұмыс орным – қазақстандық IT-компаниялардың бірі болды. Мен онда бірінші рет бағдарлама әзірлеу және жалпы технологиялық бизнес мәдениетімен жақын таныстым. Сол жерде Verigram-ның өзге болашақ тең құрылтайшылары – Уахат Бастимиев пен Асқар Еділбаевтармен бірге жұмыс істедік.

Шыңғыс Кеншімов мен Уахат Бастимиев бір-бірін мектеп кезінен таниды. Шыңғыс – программист, ол Англиядағы Imperial College London университетінде білім алып, жасанды интеллект саласында маманданған. Verigram-ға дейін computer vision саласымен байланысты басқа стартапқа қатысып үлгерген. Ал, Уахат болса, тау-кен ісі және логистика салаларын IT-трансформациялау бағдарламаларына қатысқан.

Игорь Литтиг: — Институт бітірген соң, бір жылдай ата-анамның компаниясында жұмыс істедім, онда сайтты іске қосып, бейнекамераларды монтаждау секілді инженерлік шаруалармен көмектестім. Ақша жинап, ағылшын тілін үйренген соң, мен де Англияға оқуға аттандым. Бұл елде жасанды интеллект негізіндегі технологиялармен таныстым, қолыма диплом алдым. Қазақстанға оралып, соларға қосылу үшін стартап-команда іздей бастадым. Сөйтіп, осы жігіттерге кезіктім, бұл 2016 жыл еді.

Әділет: — Яғни, Verigram-ды 5 адам құрды. Алайда, Асқар Еділбаев орта жолда жобадан шығып, АҚШ-қа кетіп қалды да, компанияны әрі қарай төртеуміз дамыттық.

— Рахмет. Computer vision 2017 жылы кәдімгідей инновациялық сала болған сияқты. Бұл салада Қазақстанда және әлемде не болып жатыр еді?

— Әділет: — Қазақстанда стартап-экожүйесі енді өне бастаған шақ еді. Бағдарламалық жасақтамамен айналысып, софт өнім шығарған компаниялар көп емес ол кезде. Жасанды интеллект тренді бізге сол кездері жетті. Әлемде жасанды интеллект және computer vision көмегімен түрлі процестерді автоматтандыруға тырысқан көптеген жобалар пайда болды.

Байқасақ, Қазақстанда мұндай компаниялар саусақпен санарлық екен. Технологияны елімізде дамыта бастағандардың алғашқысы болғымыз келді.

Игорь: — Deep learning (терең оқыту — Digital Business ескертпесі) дүмпуі болды. Бұл терең нейрожелілерді оқытуға қолайлы және түсінікті құралдар пайда болған кезең. Салаға өту шегі төмендеп, кез келген программист ниеті болса пайдалы дүние жасай алатын деңгейге жетті.

Ал жалпы, computer vision және жасанды интеллект инвесторларды нейрожелілерді оқыту үшін графикалық карталары мен үлкен көлемдегі деректерді, миллиондаған кескінді қолдана бастаған кез 2012 жылдан кейін қызықтыра бастады. Нәтижесі, айтсам адам сенгісіз әсерлі еді. Технологияны бизнесте тиімді қолданудың кейстері де сол кезде пайда болды. Бірақ біз Қазақстанда заманауи трендтер енгізу жағынан артта едік. Сондықтан, индустрияны қуып жетіп, әлемнің үздік технологиялары қатарына кіру үшін Verigram-ға 4 жыл қажет болды. Расында, бұл мүмкін емес жағдай еді, себебі жиырма көшбасшы тізімінде құны $100+ млн стартаптар бар болатын.

— Ал, 2017 жылы Қазақстанда осыған ұқсас шешімдермен айналысқан қанша компания бар еді?

Әділет: — Компьютерлік көру технологиясымен тығыз айналысқан жалғыз отандық компания – Қайрат пен Әсет Ахметовтердің «Сергек» тобы. Ал, жалпы нарықта, әсіресе өндіріс пен банк секторында шетелдік қызмет көрсетушілердің IT-шешімдері қолданылды.

Яғни, жергілікті бағдарламалық жасақтамалар болған жоқ, есесіне импорт технологиясын сатқан дистрибьютор-компаниялардың дәурені жүрді.

«Шешім қабылдайтын тұлғалар бізге: «Жігіттер, сіздер пайдалы іспен айналысып жатырсыздар, бірақ біз үшін әлі ерте» дейтін

— Осынау күрделі, әрі белгісіз өнім жасап шығару кезінде сіздер, меніңше, нарық пен оның қиындықтарына сүйенуіңіз керек еді. Тауашаны қалай байқадыңыздар?

Әділет: — Басында ешқандай тауаша болған жоқ. Біз тек computer vision-ның әлеуетін байқадық және бізде мықты инженерлік сараптама бар екенін түсіндік.

Оны қолдану саласына қатысты бірнеше нұсқа болды. Сол уақытта нарықты қызықтыруы мүмкін өнімдердің бірі – тұлғаның биометриялық верификациясы еді. Қазір айналысып жүрген ісіміз. Бірақ бас кезде өте қиын болды, өйткені банктермен, телеком-операторлармен және басқа да әлеуетті клиенттермен сөйлескенімізде үнемі баяғы жартас – бір жартасқа соғылатынбыз. Шешім қабылдайтын тұлғалар бізге: «Жігіттер, жарайсыздар, пайдалы іспен айналысып жатырсыздар, бірақ біз үшін әлі ерте» дейтін. Біздің команда әрқайсысына түсіндіреміз деп осындай кездесулерге көп уақытын зая кетірді.

Игорь: — Жауапты толықтырғым келеді. Мен біздің тауашаны о баста көрдім: ол құжаттарды тану. Тым тартымды деп айту қиын, себебі нарық аумағына қарасақ, тым тар сегмент. Бірақ, соған қарамастан, біздің сараптамамыз осы салада көрінеді және осыған ұқсас отандық өнімнің болмауы бізге бәсекелестер арасында артықшылық береді.

Кастдев өткізген кезде азды-көпті оң нәтиже алдық. Ол кезде MVP көргісі келген көптеген әлеуетті клиент жинадық.

— Компанияларға сіздің өнім қажет емес деген сөзді қалай түсіндірдіңіздер?

Әділет: — Осы салада бизнес жүргізген компанияның көбінде бұдан да маңызды мәселе болған еді. Банктің көбінде жақсы жұмыс істеп тұрған мобильді қосымшасы жоқ еді.  Бәрі ескі сүрлеумен істейтін – және автоматты верификацияны тәуекел деп санап, сол себепті процестерді өз бөлімшелері арқылы құратын.

Бұл күмәншілдік біздің командаға да берілді. Верификациясы бар өнімді тоқтатып қойып, оның клиенттерін асықпай іздедік. Онымен бір уақытта computer vision технологиясын басқа жобаларға ұсындық. Мысалы, ритейлге арналған бейнеаналитика жасап шығардық. Бірінші жылы 20-ға жуық әртүрлі гипотеза мен прототип жасап, Қазақстанның барлық компаниясын араладық.

— Алғашқы проблемалық сұхбаттардан бастап жұмысқа қабілетті MVP құрғанша қанша уақыт кетті?

Әділет: — Verigram құрылған жарты жыл ішінде біз жай ғана біреу сатып ала алатындай идея іздедік. Нақты тапсырыспен жасаған алғашқы өніміміз оператор немесе менеджер мәліметтің барлығын қолымен енгізбеу үшін құжаттарды тану жүйесін енгіздік. Оны әзірлеп шығаруға 2017 жылдың қазан айында кірістік. 9 айдан кейін ғана тапсырыс берушіге ұялмай көрсететіндей нұсқа жасап шығардық.

Бұл, айтпақшы, біздің көңіл-күйімізге жақсы әсер етті. Стартаптар туралы кітаптарда MVP-ді 2-3 күнде жасау керек дейді ғой. Бірақ computer vision ерекшелігі өз ізін қалдырды.

Игорь: — Келісемін. Жасанды интеллект жүйесіндегі басты мәселе сол – ол ешқаншан 100% жақсы немесе 100% жаман жұмыс істемейді. Модельдер өте ұзақ құралады – ұзақ болған сайын, оның тану мүмкіндігі жоғары.

Әрине, біз 1-2 ай ішінде жақсы прототип әкелер едік. Алайда клиенттермен жұмыс кезінде мұндай жүйе, керісінше, бәрін баяулатар еді.

«Verigram әуелі АҚШ пен Үндістанды көздеді, бірақ ақыр соңында Оңтүстік-Шығыс Азияға шықты»

— Компанияда сатумен кім айналысты?

Әділет: — Уахат Бастимиев — бас сэйлз, мен оған көмектесемін. Қазір Уахат Вьетнамда жүр және Verigram-ның халықаралық нарыққа таралуы мәселесімен айналысып жатыр. Шыңғыс та сол жақта, ол жүзеге асырылып жатқан алғашқы жобаларға техникалық тұрғыдан жауапты.

— Онда сұрақ. Сіздер жұмыс істейтін бірінші өнім жасап шығарған шақта нарықтағы сұраныс қандай еді?

Әділет: — Біз жаңашылдыққа жақын салалар – телеком және банк секторына фокус жасаймыз деп шештік. Компания басшыларымен өте көп кездесу өткіздік. Нәтижесінде Beeline Қазақстанмен жұмыс істеуге келістік. Сол 2018 жылы биометриялық сәйкестендіру жүйесін жасай бастадық, ал 2019 жылы серіктесіміз процестерді автоматтандырудың алғашқы нәтижесін көрді, сөйтіп жүйені барлық бөлімшелерде өзі енгізе бастады.

2020 жылы коронавирус басталып, бізге оң әсерін тигізді. Цифрландыру қажеттілігі күрт артты, компаниялар есігімізді қағатын болды. Сол кезде айымыз оңынан туды деп ойлаймын: Verigram өз уақытында дайын өніммен нарыққа шыға келді.

— Қазақстаннан гөрі шетелде көбірек пайда табатыныңызды қай жылы түсіндіңіздер?

Игорь: — Шын айтсам, оны бірден түсіндік. Verigram құрылған күннен бастап біздің команда бүкіл әлемде клиентіміз болса деп армандады. Бірақ, бәлкім біздің бұл өніммен Қазақстанда орнығу үшін бірнеше жыл жоғалтқанымыз қате болған шығар. Бірден басқа нарықтарға шығу керек еді. Бұл қадамды тек 2022 жылы жасадық, Вьетнам мен Сингапурда кеңсе аштық.

Әділет: — Дегенмен, қалай болғанда да Қазақстан Verigram үшін маңызды және жақсы нарық. Біз бұл жерде компания ретінде қалыптастық.

— Оңтүстік-Шығыс Азияға қалай шықтыңыздар?

Игорь: — Айтпақшы, әуелі біз АҚШ жайлы ойладық. Содан кейін Үндістан туралы. Алайда, екеуінен де бас тарттық, себебі олардың b2b-нарығы қиын. Ол жерлерде тұрақтап, ең болмағанда бір жыл жұмыс істеу үшін бірнеше миллион доллар мен қажетті телефон нөмірлері жазылған қойын дәптер керек.

Сондықтан біз Оңтүстік-Шығыс Азияға: Вьетнам, Малайзия, Индонезия, Сингапурға бет бұрдық. Алдымен көрмелерге барып, таныстық. Сосын жергілікті заңға бағынатын бөлек заңды тұлға қажет екенін түсініп, Синграпурда кеңсе аштық.

— Кеңселер не үшін керек?

Әділет: — Таныс стартапшылардың айтуынша, осылай жергілікті компаниялармен пилот жобаларды жүзеге асыру оңай. Азияда b2b-секторындағы қарым-қатынас сенімге құрылады. Жергілікті аймақтардың жігіттері қазақстандық заңды тұлғаларға қарағанда өз еліндегі компанияға көбірек сенеді. Ол былай жұмыс істейді: Сингапурда кеңсе ашасың, бітті — Сингапур болсын, Индонезия болсын, Вьетнам, Малайзия болсын, сен өз адамы боласың.

Алайда, осы мәртебең бола тұра, Қазақстанға қарағанда Оңтүстік-Шығыс Азияда келісім-шарт жасасу қиынырақ. Орташа есеппен жарты жыл және одан көп уақытта бір мәмілеге қолың жетеді.

«Мақсатымыз — 2023 жылдың соңына дейін жылдық $1 млн табыс табу»

— Соңғы сұрақ — жоспарлар жайында. Осы жылы Verigram-нан не күтеміз?

Әділет: — Оңтүстік-Шығыс Азияда әбден орнығуымыз керек, бар назарымыз бен күш-жігерімізді соған саламыз. Бізге көбірек сенім білдіріп, көбірек келісім-шарт жасасатындай етуіміз керек.

Бұған қоса біз үнемі RnD-мен айналысамыз. Қалай дегенмен осы өнімнің шыққанына 5 жыл толды. Жыл өткен сайын оның функционалдылығы артқанымен, жаңашылдығы кеміп жатыр. Сондықтан компанияға қосымша әлеует беретін жаңа нәрсе ойлап табу керек. Осындай ықтимыл жаңашылдықтың бірі — бизнестің транзакцияларын жасанды интеллектің көмегімен сараптау.

Енді сандарға тоқталсақ. Сыртқы сын-қатерлер мен әлемдегі қайғылы оқиғаларға қарамастан, біз жыл сайын жылдық табысты екі еселеп отырдық. Қазіргі мақсатымыз 2023 жылдың соңына дейін жылдық $1 млн табысқа жету.