Кілем сатып күн көрген өзбекстандық кәсіпкер енді АҚШ-та жиһазға арналған AI-жоба жасап жатыр
Хикматилло Умарходжиев
Хикматилло Омарходжиев 31 жаста. Ол Әндіжанда кілем тоқитын отбасында өскен, кілем сатып, бөлшек сауда бизнесін дамытқан. Кейін кәсіпкер АҚШ-қа көшіп, Findecor стартапын іске қосады. Бұл сервис сатып алушыларға жиһаз бен интерьердегі басқа да заттардың бөлмеде қалай тұратынын алдын ала көруге мүмкіндік берген. Ал 2026 жылы Хикматилло жаңа командасымен Arbuz жобасына ауысты. Бұл – жиһаз сатушыларға арналған AI-сервис. Қазір оны АҚШ-тағы 10 компания сынақтан өткізіп жатыр.
Astana Hub пен Digital Business-тің «Орталық Еуразияның 100 стартапы» жобасына арнайы берген сұхбатында Хикматилло алғашқы стартап моделінің неге іске аспағанын, АҚШ-тағы алғашқы B2B клиенттерін қайдан тапқанын және Silicon Valley Residency бағдарламасына қатысуы не бергенін айтып берді.
«Жастайымнан атамның шеберханасында кілем тоқуды үйрендім»
– Хикматилло, өзіңіз туралы айтып берсеңіз. АҚШ-қа барғанға дейін немен айналыстыңыз?
– Мен 1995 жылы Әндіжанда дүниеге келдім. Жастайымнан атамның шеберханасында кілем тоқуды үйрендім. Станокта жұмыс істедім, материалдарды ажыратуды, түйіндердің тығыздығын және өрнектің сапасын бағалауды меңгердім. Кейін отбасымыздың «Mamadaliev Islombek gilamlari» кілем бизнесіне қосылып, алты жыл шәкірт болып жұмыс істедім.

2013 жылы Ұлыбританиядағы Сандерленд университетіне «Бухгалтерлік есеп және қаржы» мамандығына оқуға түстім. 2017 жылы диплом алдым. Оқумен қатар, 2016 жылы Өзбекстанның Маргилан және Асака қалаларында қолмен кілем тоқитын шеберхана аштым. 500-ден астам бұйым жасадық, олардың кейбірін Еуропа мен АҚШ-қа жеткіздік. Сондай-ақ кілем сататын дилерлік желіні дамыттым. 2020-2023 жылдары дүкендер саны бірден төртке дейін көбейді, сатылым шамамен 250%-ға артты, ал клиенттер базасындағы үй шаруашылықтарының саны 2,6 мыңнан асты.
Бұл жылдары кілем тоқу бизнесін жан-жақты зерттедім. Өнім таңдаумен, дизайнымен, өндірісімен, бөлшек саудамен, операциялық мәселелермен айналыстым және клиенттермен тікелей жұмыс істедім.
– АҚШ-қа көшіп, технологиялық стартап ашуға не себеп болды?
– АҚШ-қа студенттік визамен келдім. Golden Gate университетінің MBA бағдарламасына түстім. Бұған дейін жақсы білетін үй тауарлары нарығын технологияның қалай өзгерте алатынын түсінгім келді.
Яғни стартапқа бағдарламашы ретінде емес, клиентті, өнімді және сату процесін ішінен білетін кәсіпкер ретінде келдім.

– Алғашқы жобаның идеясы қалай пайда болды?
– Көп жыл бойы сатып алушылардан еститінім: «Бұл зат менің бөлмеме үйлесе ме?», «Өлшемі дұрыс па?», «Түстері бір-біріне жараса ма?», «Жанына не қойған дұрыс?». Тауар сатып алғанда адамдардың күмәні көп болады. Мен осы күмәнді қалай азайтуға болатынын ойлап, клиенттің бөлмесінің өзін пайдалануды ұсындым. Осылайша Findecor идеясы пайда болды.
«Ритейлердің қолына сату құралы берілді»
– Стартап қалай жұмыс істеді?
– Findecor-ды 2025 жылдың наурызында сатып алушыларға арналған B2C сервис ретінде іске қостым. Адам өз бөлмесін суретке түсіреді, ал жүйе сол бөлмеге үйлесуі мүмкін интерьер заттарын қосып көрсетеді.
Кейін дүкен иелерімен 30 сұхбат жүргіздім. Алғашқы реакция эмоцияны көрсетті. Кілемнің немесе диванның нақты бөлмеде қалай көрінетінін визуализациялау барлығына ұнады. Бірақ содан кейін ритейлерлер: «Бұл менің тауарым ба? Қазір менде бар ма?» деп сұрай бастады.
Біз дүкенге әдемі суреттің жеткіліксіз екенін түсіндік. Ол сатып алушыға шынымен сатып алуға болатын тауарларды көрсетуі керек. Сондықтан сервиске ритейлерлердің ассортименті, бағасы және қоймадағы қалдығы көрсетілген нақты каталогын қоса бастадық. Осылайша B2C моделінен B2B моделіне көштік.

Өнімді сынақтан өткізіп жүргенде ритейлерлермен сөйлестік, технологияның мүмкіндіктерін жақсырақ түсіндік. Соның арқасында мәселені қабылдауымыз да өзгерді. Бұрын «Адамға көбірек тауарды қалай көрсетуге болады?» деп сұрасақ, кейін «Оған бөлмесіне шынымен не үйлесетінін көруге және сатып алу туралы шешім қабылдауға қалай көмектесуге болады?» деген сұраққа көштік.
Біртіндеп Findecor жобасының жұмысын тоқтатып, 2026 жылдың ақпанында жаңа жобаға кірістім. Бұл жолы толықтырылған шындық технологиясына негізделді. Оны Arbuz деп атадым.
«Бір тауардан бастап, тұтас бөлмеге қажетті заттарды таңдауға көмектесеміз»
– Жаңа жобаның идеясы қандай?
– Бұл – жиһаз сатушыларға арналған, сатып алушы таңдаған тауардың айналасына интерьер құруға көмектесетін AI-жүйе. Мысалы, сатып алушыға дүкен сайтындағы диван ұнады делік. Arbuz көмегімен ол диванды AR технологиясы арқылы өз бөлмесіне орналастырып көре алады. Содан кейін жүйе ритейлердің каталогынан кілем, үстел, кресло немесе шам сияқты соған үйлесетін тауарды ұсынады. Сатып алушы интерьерді толық көріп, қай заттарды сатып алатынын таңдай алады.

– Arbuz АҚШ нарығындағы басқа шешімдерден несімен ерекшеленеді?
– Көбіне бізді екі түрлі шешіммен салыстырады. 3D-сервистер сапалы көрініс жасайды, бірақ тауар сатумен байланыспайды. Ал AR арқылы бір тауарды бөлмеге қойып көруге болады, бірақ оның жанына не үйлесетінін көрсетпейді. Біз ритейлердің нақты каталогымен жұмыс істеп, сатып алушыға бір тауардан бастап, бүкіл бөлмеге қажетті заттарды таңдауға көмектесеміз.
Arbuz жиһаз дүкенінің сайтына тікелей кіріктіріледі: мысалы, келуші диванды таңдап, оны AR арқылы өз бөлмесіне орналастырады, ал сервис сол дүкендегі басқа тауарларды соған үйлестіріп ұсынады.
– Arbuz қандай технологияға негізделген? Өздеріңіздің AI-моделіңізді қолданасыздар ма, әлде сыртқы шешімдерді пайдаланасыздар ма?
– Arbuz-дың негізгі технологиясын өзіміз әзірлейміз. Ол кеңістікті талдап, ритейлердің каталогынан бір-бірімен үйлесетін тауарды іріктейді. Заманауи AI-модельді өз инфрақұрылымымызда іске қосамыз. Сондықтан жүйенің сапасы мен жұмыс жылдамдығын, сондай-ақ клиенттердің деректерінің қауіпсіздігін өзіміз бақылай аламыз.

– Клиенттерге Arbuz-ды қосудың қандай пайдасы бар?
– Arbuz конверсияға, орташа чекке, бір тапсырыстағы тауарлар санына және сатып алушының шешіміне деген сенімділігіне әсер етеді деп күтеміз. Егер адам диванды өз бөлмесінен көріп, оған қандай заттардың үйлесетінін бірден түсінсе, күмән азаяды. Соның арқасында ол бір тауардың орнына бірнеше затты таңдауы мүмкін.
Алдымен ритейлердің негізгі көрсеткіштерін тіркеп аламыз. Содан кейін Arbuz қосылғаннан кейін не өзгергенін өлшейміз. Тауар парақшаларындағы белсенділікті, конверсияны, орташа чекті, тапсырыстағы тауарлар санын және деректер қолжетімді болса, қайтарым көрсеткішін қараймыз.
Біздің мақсатымыз нақты. Ритейлер өз көрсеткіштеріне қарап: «Arbuz бізге көбірек сатуға көмектесті» деп айта алатындай нәтиже бергіміз келеді. Егер мұндай нәтижені тұрақты түрде көрсете алсақ, жай ғана көз тартатын AI-функциясын емес, шынымен табыс әкелетін құрал жасағанымыз.

«Қазір әртүрлі кезеңде сынақтан өтіп жатқан 10 корпоративтік жобамыз бар»
– Клиенттерді қалай іздеп жүрсіздер?
– Компания иелеріне, сату және маркетинг басшыларына өзім тікелей жазамын. Жобаның бастапқы кезеңінде тапсырыс берушілермен өзің сөйлесуге тура келеді. Сонымен қатар командамен бірге АҚШ-та өткен жиһаз және үй тауарлары индустриясындағы әлемдегі ең ірі көрме – High Point Market-ке қатыстық.
Ең қиыны – мені ешкім танымайтын жаңа нарыққа шығу болды. Сондықтан өнім туралы айтып беру жеткіліксіз: ритейлерлер сервистің қалай жұмыс істейтінін, оны қолданыстағы жүйеге біріктіруге бола ма және нақты өлшенетін нәтиже бере ме – соны көргісі келеді.
Сондықтан компанияларға Arbuz-ды өз каталогында сынап көру үшін пилоттық жобалар ұсына бастадық.

– Arbuz-ды қанша дүкен сынап жатыр?
– Қазір бізде әртүрлі кезеңдегі 10 корпоративтік жоба бар. Бұл – үй тауарлары саласында жұмыс істейтін жиһаз компаниялары. Негізінен шоурумдары мен интернет-дүкендері бар тәуелсіз дүкендер мен өңірлік желілер.
Біздің негізгі назарымыз – орта деңгейдегі ритейлерлерде. Оларда тауар каталогы, келушілер ағыны және сатылым бар, бірақ мұндай технологияны өз ішінде әзірлейтін инженерлік командасы жоқ.
– Ритейлер сіздердің қызметіңізге қалай төлейді және пилотты іске қосуға қанша уақыт кетеді?
– Пилоттық жоба әдетте қысқа мерзімді тегін немесе жеңілдетілген кезеңнен басталады. Кейін ай сайынғы жазылымға көшеміз. Оның құны каталогтың көлемі мен сауда нүктелерінің санына байланысты.
Алғашқы байланыстан пилоттық жобаны іске қосқанға дейін орта есеппен 1,5-3 ай өтеді. Ал каталогты жүйеге қосу үшін әдетте 5-10 жұмыс күн кетеді.

«Инвестицияны тұрақты нәтиже көрген кезде тартамыз»
– Findecor мен Arbuz-ды қандай қаражатқа әзірледіңіздер?
– Алғашқы кезде кілем және бөлшек сауда бизнесінен тапқан өз қаражатымды салдым. Жобаның бастапқы кезеңінде Findecor-ға SAFE арқылы бизнес-періштеден инвестиция да алдық.
Arbuz-ға инвестицияны тұрақты нәтижеге қол жеткізгенімізді көріп, қосымша капитал жұмыс істеп тұрған модельді тезірек ауқымдауға көмектесетініне көз жеткізген кезде тартамыз.
– Ал қазір Arbuz-ды кімдер дамытып жатыр?
– Абдулазиз Алимов пен Джон Азимов. Олармен Кремний алқабындағы Silkroad Innovation Hub-та таныстым.
Мен – жобаның тең құрылтайшысы әрі CEO-мын. Жаһандық даму бағытына, клиенттерге, сатылымға, серіктестікке, инвестиция тартуға және бизнес стратегиясына жауап беремін. Абдулазиз – CTO. Оның инженерлік тәжірибесі 10 жылдан асады. Стартапқа дейін ол қазір юникорнға айналған америкалық Jasper және Olive компанияларының алғашқы инженерлік командасында жұмыс істеген. Ол Arbuz-ды әзірлеуде маңызды рөл атқаратын ChatVLM атты AI-платформаны жасаған. Оның модельдер арасында сұраныстарды бағыттайтын өзіндік ақылды архитектурасы бар және коммерциялық ақпараттың қалай өңделетінін толық бақылауға мүмкіндік береді.
Джон компанияның заңға қатысты барлық мәселесін шешеді. Оның бұл салада 20 жылдық тәжірибесі бар.

Сонымен қатар Маунтин-Вьюдегі кеңседе 3 инженер мен маркетолог жұмыс істейді, тағы 4 әзірлеуші Ташкентте отыр.
– Құрылтайшылармен Silkroad Innovation Hub арқылы танысқан екенсіз. Қандай бағдарлама немесе іс-шара туралы айтып отырсыз?
– 2025 жылы Findecor жобасымен AlchemistX & Silicon Valley Residency Program бағдарламасына қатыстық. Оны Astana Hub, Silkroad Innovation Hub, Alchemist Accelerator және IT Park Uzbekistan ұйымдастырды. Бұл бізге америкалық нарықты тереңірек зерттеуге мүмкіндік берді. B2B сатылымдары мен инвесторлармен жұмыс істеуге арналған сессиялар, питчтерді талдау және ритейлерлер мен кәсіпкерлермен тікелей танысу есімізде қалды.
Дәл осы бағдарламаға қатысып жүрген кезде B2B бағытына – кілем дүкендері мен ритейлерлерге – ауысып, Кремний алқабынан алғашқы 5 клиентімізді таптық.

– 5 жылдан кейінгі компанияны қалай елестетесіз?
– Arbuz онлайн жиһаз және үй тауарларын сатудың негізгі құралдарының біріне айналса деймін. Мақсатымыз – клиенттері бар әрі нақты өлшенетін құндылық ұсынатын, жаһандық деңгейде тұрақты B2B компания құру.
Жиһазды онлайн сатып алу процесі әлі де қарапайым. Адам тауардың суретін көреді де, оның өз кеңістігінде қалай көрінетінін және жанына не қою керегін өзі елестетіп жүр. Осыны біздің өнім көмегімен өзгертеміз деп үміттенеміз.