Қазақстандықтар медициналық құжаттарды реттейтін AI-сервис жасап шығарды. Енді оны АҚШ-тың жетекші клиникалары сынақтан өткізіп жатыр

Freedom Freedom О редакции О редакции Добавить в источники Google Добавить в источники Google
Дата публикации: 07.09.2026, 12:30
2026-09-07T12:30:50+05:00
Қазақстандықтар медициналық құжаттарды реттейтін AI-сервис жасап шығарды. Енді оны АҚШ-тың жетекші клиникалары сынақтан өткізіп жатыр

Санжар Мырзағалым, Қуаныш Идриссов және Жарасхан Аман технологиялық компаниялар мен стартаптарда еңбек етіп, тәжірибе жинаған. Кейін үшеуі күш біріктіріп, Defect AI сервисін құрды. Бұл – медициналық құжаттарды тексеріп, клиниканың ондағы қателердің салдарынан қаржылай шығынға ұшырау қаупін төмендететін жасанды интеллект сервисі. Соның арқасында дәрігерлердің пациенттерге көбірек уақыты қалады, ал клиникалар көрсетілген қызмет ақысын кешіктіру немесе төлемнен бас тарту қаупін азайтады.

Қазақстанда бұл шешімді күн сайын шамамен 30 клиника пайдаланады. Ал АҚШ-та команда өнімін Rette брендімен дамытып жатыр. Қазір ортопедиялық клиникалармен бірнеше пилоттық жобаны іске қосқан. Сонымен қатар ауруханалар, клиникалар мен ғылыми-зерттеу орталықтарын біріктіретін АҚШ-тағы жетекші медициналық ұйымдардың бірі – Mayo Clinic-пен жұмыс істеп жатыр.

Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Санжар мен Қуаныш команданың өнімді америкалық нарыққа қалай шығарғанын, неге ортопедияға басымдық бергенін және клиникаларға Rette сервисі не үшін қажет екенін айтып берді.

«Тарихта алғаш рет медицинадағы құжат айналымын автоматтандыру мүмкіндігі пайда болды»

– Өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Стартапқа дейін немен айналыстыңыз?

Санжар: – Қуаныш екеуміз ҚБТУ-ға бірінші курсқа түскеннен бері бір-бірімізді танимыз. Оған да 15 жылдан асты. Осы уақыт ішінде бірге түрлі жобалар жасадық. Солардың бірі – 2018 жылы Astana Hub базасында іске қосқан Sheberkhana прототиптеу зертханасы.

Computer Science мамандығы бойынша бакалаврды бітіргеннен кейін Microsoft-та 9 жыл жұмыс істедім. Деректерді өңдеу және жасанды интеллект бағыты бойынша архитектор болдым, ірі корпоративтік клиенттерге арналған ЖИ шешімдерін жобаладым. Жақында Стэнфорд университетінде магистратура тәмамдадым.

Санжар Мырзағалым, Defect AI және Rette негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық HealthTech стартап, медицинадағы AI

Санжар Мырзағалым

Қуаныш: – 10 жылдан астам уақыт бойы өнім жасайтын командаларды басқарып келемін. Өз жобамызды іске қосқанға дейінгі соңғы үш жылда Y Combinator акселераторынан өткен сингапурлық HealthTech стартапы AlemHealth-та өнім жетекшісі болдым. Компания радиология және қашықтан диагностика жасауға арналған шешімдерді дамытты. Оларды 40-тан астам елдегі мыңдаған дәрігер пайдаланды.

Қуаныш Идриссов, Defect AI және Rette негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық HealthTech стартап, медицинадағы AI

Қуаныш Идриссов

– Өз бизнесіңізді бастау идеясы қалай туды?

Санжар: – Қуаныш екеуміз студент кезімізден түрлі жобалар жасап келдік. Әрқашан олардың біреуге нақты пайдасын тигізгенін қалайтынбыз. Уақыт өте келе үлкен өзгеріс жасағымыз келсе, мұнымен жұмыстан бос уақытта ғана емес, толық айналысуымыз керек екенін түсіндік.

Екі жыл бұрын Microsoft-тағы жұмысымнан кетуге бел будым. Ол жерде мансабым жақсы қалыптасып келе жатты. Бірақ өзіме ең көп пайда әкеле алатын бағытты анықтау үшін уақыт керек екенін түсіндім. Магистратура үзіліс жасап, алдағы жолымды қайта ой елегінен өткізуге жақсы мүмкіндік сияқты көрінді. Егер оқуды жалғастырсам, әлемдегі ең үздік университеттердің бірінде ғана оқимын деп шештім. Тізімімде бірінші болып Стэнфорд тұрды. Сол жерге түсіп, АҚШ-қа көшіп бардым.

Microsoft-та жүрген кезімде жасанды интеллектінің қаншалықты жылдам дамып жатқанын көрдім. Оның ең үлкен әсер бере алатын салаларының бірі медицина екенін түсіндім. Стэнфордта жүйелі ойлау әдістерін зерттеп, оны денсаулық сақтау саласына қолдануды шештім. Соңғы бір жылымды америкалық денсаулық сақтау жүйесін зерттеуге арнадым: Стэнфорд медицина мектебінен шықпай деуге болады, жүйенің ішкі жұмысын түсінуге және онда нені жақсартуға болатынын анықтауға тырыстым.

Санжар Мырзағалым және Қуаныш Идриссов, Defect AI және Rette негізін қалаушылар

Қуаныш: – AlemHealth-та әртүрлі елдерден келген жүздеген дәрігермен жұмыс істедім. Олардың жиі кездесетін мәселелерін өз көзіммен көрдім. Санжар екеуміз әрқайсымыз өз тарапымыздан білгенімізді үнемі талқылап отырдық. Біртіндеп осы әңгімелер бізді медициналық құжаттама мәселесіне әкелді.

Оның маңызы өте зор. Біріншіден, медициналық көмектің сапасына әсер етеді. Пациентпен кейін жұмыс істейтін әрбір маманға толық әрі нақты жазба қажет. Екіншіден, бұл – ақша мәселесі. Көптеген елдерде клиника көрсеткен қызметі үшін мемлекеттік немесе жеке сақтандыру жүйесі арқылы төлем алады. Егер құжаттарда қате кетсе немесе қажетті ақпарат толық көрсетілмесе, клиника көрсеткен қызметінің ақысын ала алмай қалуы мүмкін.

Қуаныш Идриссов, Defect AI және Rette негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық HealthTech стартап, медицинадағы AI

Санжар: – Меніңше, медициналық стартап құруымызға әсер еткен басты себеп – жағдайлардың бір арнаға тоғысуы. Қуаныш дәрігерлердің мәселесін ішінен көрді, ал мен Стэнфордта денсаулық сақтау жүйесін зерттедім. Сонымен қатар екеуміз де жасанды интеллектінің дамуын мұқият бақылап отырдық. Сол кезде түсіндік: тарихта алғаш рет медицинадағы құжаттамаға байланысты күрделі процестерді автоматтандыруға нақты мүмкіндік пайда болды.

Оның үстіне нарық өте үлкен. Тек АҚШ-тың өзінде денсаулық сақтау саласына жыл сайын шамамен $5 трлн жұмсалады. Бұл – елдің жалпы ішкі өнімінің 18 пайызы.

Мүмкіндікті көрген соң, осы мәселеге толықтай көңіл бөлдік. Жобамен жұмыс істей бастағанда командаға Жарасхан Аманды шақырдық. Ол да ҚБТУ түлегі. Спорттық бағдарламалаумен айналысып, беделді ICPC жарысының финалына екі рет шыққан. Кейін біраз уақыт Meta компаниясында инженер болып жұмыс істеді, одан соң бірнеше стартапта еңбек етті.

Алғашқы айларда жұмысты өз қаражатымызға қаржыландырдық. Кейін бізді инвесторлар қолдады. Осылайша Defect AI пайда болды.

«Құжаттарды тексеруге бірнеше күн кететін, қазір шамамен 5 минут қажет»

– Defect AI қандай мәселені шешеді?

Санжар: – Қысқаша айтқанда, клиникаларға медициналық құжаттарды сапалы әрі толық жүргізуге көмектесеміз. Толық және нақты жазбалар бәріне: пациентке де, дәрігерлерге де, көрсетілген медициналық көмекті төлейтін сақтандыру жүйесіне де қажет. Бірақ бұл күнделікті жұмысқа өте көп уақыт кетеді.

АҚШ-та тіпті pajama time деген термин бар – «пижамадағы уақыт» деген мағынада. Яғни дәрігер қабылдаудан кейін үйіне барып, кешкі уақытын медициналық құжаттарды толтыруға жұмсайды. Қазақстандағы жағдай да осыған ұқсас, тек бізде мұндай атау жоқ. Медициналық жазбалар дұрыс толтырылса, дәрігерлер мен басқа да қызметкерлердің пациенттерге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік туады. Ал медициналық ұйым төлемнің кешігуі немесе одан бас тартылу қаупін азайтады.

Қазақстанда медициналық қызметтердің едәуір бөлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы төленеді. Схемасы қарапайым: пациент ем алады, содан кейін медициналық ұйым құжаттарды медициналық сақтандыру жүйесіне төлем алу үшін жібереді. Талаптар өте көп, олардың барлығын бірден ескеріп отыру оңай емес. Біз көрсетілген медициналық көмектің қаншалықты толық әрі нақты жазылғанын тексеруге көмектесеміз және құжаттарды жібермес бұрын нені қайта қарап шығу керектігін көрсетеміз.

Қуаныш: – Оның үстіне талаптар үнемі өзгеріп отырады: заңнама, клиникалық хаттамалар, бұйрықтар жаңарып тұрады. Осы өзгерістердің барлығын бақылап отырудың өзі клиника қызметкерлері үшін үлкен жұмыс. Defect AI осы жұмысты өз мойнына алады: құжаттарды жібермес бұрын оларды қолданыстағы талаптармен салыстырып, қандай ақпарат жетіспейтінін және нені нақтылау керектігін көрсетеді. Біз бүкіл деректер ағынын жүйелеп, мәселе тұрған нақты жерлерді көрсетеміз. Ал клиника қызметкерлері сол тұстарды ғана қарап, түзетеді.

– Қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?

Санжар: – Қазір Қазақстанда біздің шешімді күн сайын шамамен 30 клиника пайдаланады. Әр апта сайын жаңа клиникалар қосылып жатыр. Біз үшін ең маңыздысы – өзгеріс динамикасы. Алғашқы күндері жүйе медициналық жазбаларда ақпарат жетіспейтін жерлерді көптеп анықтайды. Бірнеше айдан кейін мұндай ескертулердің саны бірнеше есе азаяды.

Қызметкерлердің де уақыты үнемделеді. Бұрын құжаттарды жібермес бұрын тексеруге бірнеше күн кетуі мүмкін еді, қазір оған шамамен 5 минут жеткілікті.

Қуаныш: – Бірнеше айдан кейін өніміміздің жұмыс істейтінін түсіндік. Бірақ Қазақстан нарығы біз үшін шағын: сақтандыру жүйесінде шамамен 2 мың медициналық ұйым бар. Сондықтан елден тыс жерде масштабтау мүмкіндіктерін іздей бастадық.

Дегенмен бізге ең маңызды нәрсені дәл Қазақстан берді: осы жерде тәсіліміздің жұмыс істейтініне көз жеткіздік. Бұл жолда Astana Hub үлкен қолдау көрсетті – акселерациялық бағдарламалардан өттік, хабтың іс-шараларына қатыстық, ал бастапқы кезеңдегі салықтық жеңілдіктер әкімшілік жүктемені азайтып, өнім мен командаға көбірек ресурс бағыттауға көмектесті.

Өткен жылы alem.ai ашылуы, Digital Bridge кезінде

Енді АҚШ-та дәл осы жолды қайталап жатырмыз. Тек ол жақтағы нарық Қазақстанға қарағанда жүздеген есе үлкен.

«Rette – қазақтың “реттеу”, яғни тәртіпке келтіру деген сөзінен шыққан»

– Жаңа аймақты қалай таңдадыңыздар?

Санжар: – Зерттеу жүргіздік. Әрине, көрші елдерді де ойладық. Оңтүстік-Шығыс Азияға да қарадық: Индонезия мен Малайзияда технологиялардың таралу деңгейі Қазақстандағыдай, денсаулық сақтау жүйесі де бір-біріне көбірек ұқсайды. Еуропаны да қарастырдық. Бірақ Еуроодақ болғанына қарамастан, әр елдің өз реттеуші талаптары бар, олар жұмысты едәуір шектейді.

Санжар Мырзағалым, Қуаныш Идриссов, Defect AI, Rette, Rette негізін қалаушылар, қазақстандық HealthTech стартап, медицинадағы AI

Соңында мынадай шешімге келдік: жаңа нарыққа кіретін болсақ, ең үлкенінен бастайық. Ол – АҚШ.

– Өнімді қаншалықты өзгертуге тура келді?

Қуаныш: – АҚШ-тағы жүйе әлдеқайда күрделі. Денсаулық сақтауға жыл сайын жұмсалатын шамамен $5 трлн-ның $1 трлн-ға жуығы әкімшілік шығындарға кетеді.

Мыңдаған сақтандыру компаниясы бар, олардың әрқайсысында тарифтер өте көп және өз ережелері бар. Біз осыдан клиникаларға тәртіп орнатуға көмектесіп, ауқымды коммерциялық жоба құру мүмкіндігін көрдік. Өнімнің атауы да осыны білдіреді: Rette – қазақтың «реттеу», «тәртіпке келтіру» деген сөзінен шыққан. АҚШ-та Defect AI атауы адамдарға тым жағымсыз естілді.

Rette – ауқымы кеңірек өнім. Ол пациенттің ем алу жолындағы барлық кезеңде медициналық құжаттармен жұмыс істейді: емді сақтандыру компаниясымен алдын ала келісуден бастап, төлемге өтінім беруге және бас тартылған жағдайда шағым түсіруге дейін. Жұмысты ортопедиядан бастадық.

Қуаныш Идриссов, Defect AI және Rette негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық HealthTech стартап, медицинадағы AI

– Нарықтың бәріне арналған өнім жасамай, неге бір ғана мамандыққа көңіл бөлуді шештіңіздер? Нарықты көлемі үлкен болғаны үшін таңдадыңыздар ғой.

Санжар: – Көптеген компания кең жолды таңдайды: кез келген клиниканың қажеттілігін өтейтін бір үлкен өнім жасауға тырысады. Біз басқа тәсілді таңдадық – бір бағыттан бастап, оның міндеттерін терең зерттеу.

Әр мамандықтың ерекшелігі бар. Сарапшылардың бірі бізге: АҚШ-тағы денсаулық сақтау саласы $5 трлн нарық болғанымен, шын мәнінде ол – көлемі миллиард доллармен өлшенетін мыңдаған нарықтан тұрады, деді. Бірден бәрін қамту мүмкін емес. Нақты бір жерден бастап, дәрігерлердің бір тобының қажеттілігін шешу керек, содан кейін ғана кеңейген дұрыс.

Санжар Мырзағалым, Defect AI және Rette негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық HealthTech стартап, медицинадағы AI

Ортопедияда қымбат операциялар көп, олардың құны $250 мыңға дейін жетеді. Сақтандыру компанияларымен келісу де күрделі. Сондықтан мұнда құжаттағы қателіктің бағасы өте жоғары.

– Мысал келтірейік. Пациент америкалық клиникаға дәрігерге келді. Одан кейін не болады және Rette қай кезде іске қосылады?

Санжар: – Дәрігер пациентті қабылдап, оның жағдайына қатысты көрсеткіштерді медициналық ақпарат жүйесіне енгізеді. Осы клиникалық жазба кейінгі бүкіл процестің қалай жүретініне қатты әсер етеді.

Мысалы, пациентке операция қажет болса, көбіне алдымен prior authorization – сақтандыру компаниясымен алдын ала келісу рәсімінен өту керек. Бұл жерде дәрігердің жазбаны қаншалықты толық толтырғаны маңызды. Егер сақтандыру ережесінде талап етілетін қандай да бір көрсеткішті жазуды ұмытып кетсе, қызметке ақы төлеуден бас тартуы мүмкін.

Келісім алынғаннан кейін дәрігер өз жұмысын атқарады. Қайтадан құжаттар жасалып, олар биллинг тобына түседі. Бұл топ сақтандыру компаниясына claim – төлемге өтінім жібереді. Оның да ережелерге сәйкестігін тексеру керек.

Санжар Мырзағалым, Қуаныш Идриссов, Defect AI, Rette, Rette негізін қалаушылар, қазақстандық HealthTech стартап, медицинадағы AI

Содан кейін сақтандыру компаниясы қызмет ақысын төлейді немесе өтінімді қабылдамайды. Егер бас тартса, клиника қосымша ақпарат ұсынып, шағым түсіре алады. Rette осы кезеңдердің әрқайсысында клиникаға көмектеседі.

– Rette деректерді нақты қалай тексереді?

Қуаныш: – Бізде өзіміз әзірлеген проприетарлық модельдер бар. Олар классикалық машиналық оқыту мен үлкен тілдік модельдердің үйлесімінен тұрады. Жазбалардың дұрыс толтырылған-толтырылмағанын солар анықтайды. Модельдерді АҚШ-тағы жетекші ауруханалардың бірімен бірге нақты клиникалық деректер негізінде оқытып, тексеріп жатырмыз.

Сонымен қатар ережелер базасын үнемі жаңартып отыратын агенттік инфрақұрылым құрдық. Жүздеген ЖИ агенті жаңартуларды күн сайын тексереді – сақтандыру компанияларының сайттары мен порталдарын бақылап отырады. Мұндай көлемдегі өзгерістерді қолмен қадағалау іс жүзінде мүмкін емес.

– Жүйе проблеманы тапса, дәрігер немесе клиника қызметкері нені көреді?

Санжар: – Дәрігер медициналық жазбаны әдеттегідей жасайды. Содан кейін біздің жүйе оны тексереді. Егер қандай да бір қауіп байқалса, хабарлама жібереді. Мысалы, белгілі бір ақпараттың жетіспейтінін және осының салдарынан жазба келесі кезеңнен өтпей қалуы мүмкін екенін көрсетеді.

Санжар Мырзағалым, Defect AI және Rette негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық HealthTech стартап, медицинадағы AI

Қазір АҚШ-та бұл құжат жасалып болғаннан кейін орын алады. Бірақ біз жүйені нақты уақыт режимінде жұмыс істейтіндей етуді көздеп отырмыз: дәрігер қорытынды жазып жатқанда, жүйе бірден қандай деректерді қосу керектігін көрсетеді.

«Клиника $1 млн-ға қызмет көрсетті, бірақ сол ақшаны алу үшін тағы $100 мың жұмсайды»

– Клиниканың уақыты мен ақшасын қаншалықты үнемдейсіздер?

Қуаныш: – Біздің бағалауымызша, кейбір медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтер үшін төлем алуға байланысты шығындар түсімнің 10 пайызына дейін жетеді. Мысалы, клиника $1 млн-ға қызмет көрсетті делік. Бірақ сол $1 млн-ды алу үшін тағы $100 мың жұмсауы керек. Бұл онсыз да қымбат медициналық қызметтердің құнын одан әрі арттырады.

Қуаныш Идриссов, Defect AI және Rette негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық HealthTech стартап, медицинадағы AI

Біздің мақсатымыз – бұл көрсеткішті шамамен 1 пайызға дейін төмендету: процестің басым бөлігін автоматтандырып, клиникаға сол көлемдегі түсімді әлдеқайда аз шығынмен алуға көмектесу.

– Ал өздеріңіз бұл жобадан қалай табыс табасыздар?

Санжар: – Қазақстанда біз жазылым арқылы жұмыс істейміз. АҚШ-та жазылымға қоса, клиникаға алуға көмектескен қаражаттың белгілі бір пайызын алуды жоспарлап отырмыз. Әзірге бұл шамамен 1 пайыз болады деп ойлаймыз. Мұндай қызмет үшін нарықта әдетте алынатын үлестен бұл әлдеқайда төмен.

Яғни клиника $1 млн-ға қызмет көрсетсе, құжаттарын ретке келтіруге көмектескеніміз үшін біз $10 мың аламыз.

Санжар Мырзағалым, Defect AI және Rette негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық HealthTech стартап, медицинадағы AI

– АҚШ-та қазір не істей алдыңыздар?

Қуаныш: – Көктемде ортопедиялық клиникалармен алғашқы пилоттық жобаларды іске қостық. Қазір оларды аяқтап жатырмыз және жақын уақытта коммерциялық келісімшарттарға айналады деп күтеміз. Олардың арасында Калифорниядағы ең ірі тәуелсіз ортопедиялық топтардың бірі бар. Сонымен қатар тағы бірнеше штатта келіссөз жүргізіп жатырмыз.

Rette Mayo Clinic Platform Accelerate бағдарламасына іріктеуден өтті. Бұл бағдарламаны Mayo Clinic – АҚШ-тағы жетекші медициналық ұйымдардың бірі өткізеді. Бағдарлама аясында модельдерімізді нақты клиникалық деректер негізінде оқытып, тексеріп жатырмыз және Mayo Clinic желісіндегі эдвайзерлермен жұмыс істейміз. Сондай-ақ Калифорния ортопедтер қауымдастығымен келісімге қол қойдық: қауымдастықтың клиникалық ұсынымдарын өнімімізге енгізу бағытында бірге жұмыс істеп жатырмыз.

Тағы бір маңызды кезең – StartX, Стэнфорд экожүйесіндегі акселератор. Оған Astana Business Campus қолдауымен өттік. Бұл бізге көп мүмкіндік берді: StartX қауымдастығы арқылы бірнеше мықты эдвайзер таптық, бизнес-періштелерден инвестиция тарттық және бірнеше клиникамен жылы байланыс орнаттық.

Rette

TechCrunch Disrupt 2025, Сан-Франциско

– Жобаны қалай қаржыландырып отырсыздар?

Санжар: – Алғашқы 6–8 айда өз жинағымызды салдық.

Өткен жылы 500 Eurasia, JAS Ventures және Astana Hub Ventures қатысқан алғашқы инвестициялық раундты жаптық. Жақында pre-seed раундының басталғанын жарияладық. Негізінен АҚШ қорларына бағыт алып отырмыз. Қазіргі инвесторларымыз да қатысатынын растады.

Санжар Мырзағалым, Қуаныш Идриссов, Defect AI, Rette, Rette негізін қалаушылар, қазақстандық HealthTech стартап, медицинадағы AI

«Уақытымыздың 85–90 пайызын АҚШ-тағы өнімді дамытуға жұмсаймыз»

– Қазір Rette жобасында кімдер жұмыс істейді?

Қуаныш: – Defect AI мен Rette-нің командасы бір. Ол – әр елге бөлініп жұмыс істейтін команда: қызметкерлер Қазақстанда, АҚШ-та, Еуропа мен Азия елдерінде жұмыс істейді. Командада әзірлеушілер, data science тобы, өнім менеджері және Қазақстан бағытына жауап беретін коммерциялық директор бар. Заңгеріміз де бар. Ол Қазақстандағы компания мен АҚШ-тағы C-Corp құрылымын біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтіндей етіп құруға көмектесті.

Қазір ML Research инженерлерінің командасын белсенді түрде кеңейтіп жатырмыз. Медициналық құжаттармен жұмыс істеуге арналған state of the art деңгейіндегі өз модельдерімізді жасап жатырмыз (ең үздік заманауи шешімдер деңгейінде – Digital Business ескертпесі). Бұл – басты артықшылықтарымыздың бірі. Әмбебап тілдік модельдер мәтінді оқиды, ал біздің модельдер клиникалық жазбаны түсінеді: олар нақты деректер негізінде оқытылған, ортопедияны және сақтандыру компанияларының талаптарын егжей-тегжейлі біледі. Осы жұмыстың бір бөлігін жариялауды жоспарлап отырмыз – тек өнім жасап қана қоймай, индустрияны алға жылжытқымыз келеді.

Rette Defect AI

Комплаенс бойынша маманды да бөлек жұмысқа алдық. Медициналық деректермен жұмыс істеу үшін бұл өте маңызды: ISO/IEC 27001:2022 сертификатынан өттік, HIPAA талаптарына сәйкес келеміз және SOC 2 есебін алдық. Клиникалар мен ауруханалар үшін бұл стартапқа пациенттердің деректерін сеніп тапсыруға болатынын көрсетеді.

Санжар: – Сонымен қатар Қазақстанда бізге part-time көмектесетін дәрігер-сарапшылар бар. Олар өзгерістер, жаңа талаптар мен бұйрықтар туралы кеңес береді.

– Эдвайзерлер тегін көмектесе ме?

Санжар: – Ынтымақтастық ресми түрде бекітілген: advisory agreements жасалған. Әдетте эдвайзерлер өтемақыны стартаптағы үлес түрінде алады. Бірақ ең бастысы – бұл адамдар біздің жасап жатқанымызға сенеді. Кеңесшілеріміздің арасында Mayo клиникаларының біріндегі ортопедия бөлімінің басшысы, тәжірибеде жүрген хирургтер бар. Сондай-ақ бізбен HealthTech-компанияларын өздері құрған және бірнеше жыл бұрын шамамен біз тұрған кезеңнен өткен кәсіпкерлер жұмыс істейді.

– 2026 жылдың соңына дейін не істегілеріңіз келеді? Ал ұзақ мерзімді жоспарыңыз болса, түптің түбінде кім болғыңыз келеді?

Қуаныш: – Қазір уақытымыз бен назарымыздың 85–90 пайызы АҚШ-тағы өнімді дамытуға жұмсалады. 2026 жылға арналған жоспарымыз – қазіргі пилоттық жобаларды коммерциялық негізге көшіру және олардың санын көбейту. Калифорнияда штаттағы ең ірі тәуелсіз ортопедиялық топтардың бірінде орнығып, Калифорния ортопедтер қауымдастығымен бірге біздің құжаттама стандартын оның барлық клиникаларына енгізгіміз келеді. Сонымен қатар басқа штаттардағы келіссөздерді пилоттық жобаларға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Mayo Clinic-пен серіктестікті одан әрі дамытып, оның желісіндегі клиникалармен жұмыс істей бастау және алғашқы бірлескен ғылыми жарияланымдарды шығару жоспарда бар.

Rette

Қазақстандағы сервис те дамып жатыр. Мұндағы клиенттеріміз сұраған мүмкіндіктерді өнімге бірнеше күннің ішінде қосып бере аламыз. Әр апта сайын жаңа клиникаларды қосып жатырмыз. Бірақ біз үшін ең бастысы – Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін жақсарту, оның сапасын арттыру және дәрігерлердің жүктемесін азайту.

Санжар: – Сондықтан клиникалармен жұмыс істеумен қатар, оқу орындарымен де ынтымақтасып жатырмыз: Астана медицина университетімен және Назарбаев Университетінің Медицина мектебімен жұмыс істейміз. Біз елдегі денсаулық сақтау сапасына тек бір өнім арқылы емес, жүйелі түрде әсер еткіміз келеді. Егер болашақ дәрігерлер оқу кезінде медициналық құжаттармен дұрыс жұмыс істеуге және заманауи құралдарды пайдалануға үйренсе, кейін бұл дағдыларын тәжірибеге алып келеді.

Санжар Мырзағалым, Defect AI және Rette негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық HealthTech стартап, медицинадағы AI

Егер жүйелі көзқарас тұрғысынан айтсақ, клиникалар мен сақтандыру компанияларының арасындағы сенімді буын болғымыз келеді. Идеал жағдайда жүйе былай жұмыс істеуі керек: егер медициналық жазба Rette арқылы тексерілсе, ол дұрыс әрі толық деп есептеледі. Сақтандыру компаниясына оны қайта тексеруге ресурсын жұмсаудың қажеті болмайды, ол бұл деректерге сеніп, тезірек төлемге көшеді.

Сонда дәрігерлер қағазбастылықпен емес, емдеумен айналысады, клиникалар өз еңбегі үшін тиесілі ақшаны жоғалтпайды, ал пациенттер емін тезірек бастайды. Бұл бір жылдан кейін емес, әлдеқайда кеш болуы мүмкін. Бірақ біз бәріміз осы мақсат үшін бастадық.