Қазақстандық кәсіпкер дүкен салуға және басқаруға арналған жасанды интеллект агентін жасап, $2,3 млн инвестиция тартты

Freedom Freedom О редакции О редакции
Дата публикации: 25.08.2026, 10:59
2026-08-25T10:59:27+05:00
Қазақстандық кәсіпкер дүкен салуға және басқаруға арналған жасанды интеллект агентін жасап, $2,3 млн инвестиция тартты

Әлім Үдербеков АҚШ-та Surfaice атты жасанды интеллект стартапын іске қосты. Алғашында компания жасанды интеллекті дүкендер мен мейрамханалардың құрылысын жоспарлау кезінде қолданды. Кейін оның қызмет аясы нысандарды жалға беруді басқару және оларды пайдалануға беру бағыттарын да қамтыды. 2024 жылы жоба тартса $1,5 млн инвестиция, кейін тағы $800 мың алды. Бүгінде компанияның жасанды интеллект агенті 3000-нан астам сауда нүктесін басқарады және 270 дүкеннің құрылысына қолданылып жүр.

Digital Business Astana Hub-пен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Әлімнен Surfaice компаниясының жылына $150 мыңға дейін төлейтін ірі америкалық компанияларға қалай жол тапқанын және АҚШ нарығындағы сатылым үшін жергілікті мамандардың неліктен маңызды болғанын сұрадық. Кәсіпкер сондай-ақ шетелдік инвесторларды тартқаннан кейін де Орталық Азия қорларынан қаржы тартуды неге маңызды деп санайтынын айтып берді.

«Жобаларды орындау жылдамдығы 30%-ға артты»

– Әлім, Surfaice-ті іске қоспай тұрып немен айналыстыңыз?

– Алматыдағы РФММ-ді бітірдім, жоғары білімді Мәскеудегі Н.Э. Бауман атындағы ММТУ-да «Ғарыш кешендерін модельдеу және басқару» мамандығы бойынша алдым. Екі жыл мамандығым бойынша жұмыс істегеннен кейін консалтинг саласына кеттім, кейін Yandex кәсіпкерлер мектебіне түстім. Өз жобам үшін идея іздеп жүріп, құрылыс материалдарының «ГдеМатериал» маркетплейсін құрдым. Ол Қазақстан мен Ресейде сәтті жұмыс істеді. 2022 жылы Вьетнамға, кейін АҚШ-қа көшіп бардым. Сол жерде Astana Hub пен Draper University-дің бірлескен акселерациялық бағдарламасы Hero Training арқылы стартап индустриясын зерттей бастадым.

– Қазіргі айналысып жүрген стартап идеясы қалай пайда болды?

– Бастапқыда АҚШ-қа басқа жоба – құрылыстың бастапқы кезеңдеріне инвестиция салуға арналған платформамен бардым. Бұл жоба шынымен бәрін таңғалдыра алады деп ойладым. Бірақ Кремний алқабындағы инвесторлар жағдайға басқаша қарауға көмектесті. Олар: «Бұл стартап емес, жай ғана бизнес. Компанияның жаңашылдығы жеткіліксіз», – деді.

Содан кейін ескі өнімімді инвесторларға ұсынуды тоқтаттым. Қорлармен кездесулерге барып, тәжірибем туралы айтып, олардың қандай жобаларға инвестиция салатынын сұрай бастадым. Олардың барлығы дерлік AI-ға қаржы құятынын айтты. Сонда жасанды интеллект құрылыс саласын қалай өзгерте алатынын ойластыру керек екенін түсіндім. Оның үстіне, өзім құрылыс инженері отбасында дүниеге келдім. Бала кезімнен құрылыстағы процестердің қаншалықты ретсіз жүретінін көріп өстім және осы жағдайды өзгерткім келді.

Сөйтіп жаңа нысандарды дайындау мен іске қосу жұмыстарының бір бөлігін өз мойнына алатын AI-агент жасай бастадым. Ол нысанға орын іздеуге, деректер жинауға, бюджет пен мерзімді есептеуге, мердігерлерді табуға және тапсырмалардың орындалуын бақылауға көмектеседі. McDonald’s сияқты типтік нысандарға басымдық беруді шештім. Өйткені мұнда көптеген процесс қайталанады және белгілі бір алгоритммен жүреді. Біртіндеп мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа міндеттер қоса бастадық.

Қазір Hugo атты агентіміздің бірнеше бағыт бойынша 150-ден астам дағдысы бар.

Әлім Үдербеков

– Агент нақты қандай жұмыстарды атқара алады?

– Негізгі бағыттардың бірі – сауда нысанының бүкіл өмірлік циклін басқару. Агент жалдау келісімшартын зерттеп, негізгі шарттарын бөліп шығара алады, міндетті төлемдердің күнтізбесін жасайды, олардың уақытында орындалуын бақылайды және тағы басқа жұмыстарды атқарады. Hugo салық органдарына қажетті құжаттарды жинайды, шоттарды салыстырып, сәйкессіздіктерді анықтайды.

Сонымен қатар нысанды басқаруға қатысты кейбір міндеттерді де өз мойнына алады. Мысалы, кондиционерді жөндеуге кім жауапты екенін анықтап, қажетті мердігерді таба алады.

Бұдан бөлек, Hugo жаңа нүктелерді ашуға көмектеседі. Агент қолайлы орын іздей алады, жалдау келісімшартын талдайды, жөндеу жұмыстарына кететін бюджетті есептейді, мердігерлерді тауып, олардың ұсыныстарын салыстырады және жұмыстың орындалуын бақылайды. Яғни клиент өз дүкендерін толықтай Hugo-ның басқаруына бере алады.

Әлім Үдербеков

– Hugo енгізілгеннен кейін клиенттердің көрсеткіштері қалай өзгерді?

– Клиенттеріміздің біріне агентті салық аудитін жүргізуге үйреттік. Қазір бұл жұмысты орындауға 40 минут емес, 2,5 минут қана кетеді.

Тағы бір тапсырыс беруші үшін AI-агентпен бірге құрылыс нысанын тексеруге арналған құрал жасадық. Қызметкер планшетпен нысанға барып: «Есік дұрыс орнатылмаған, терезеде сызат бар, кіреберіс лас» және тағы басқа жайттарды дауыстап айтады. Агент оны тыңдап, кемшіліктердің тізімін жасайды. Оның үстіне, Hugo процесті бақылап, әлі қандай аумақтарды тексеру керегін еске салып отырады. Содан кейін есеп дайындап, тапсырмаларды мердігерлер арасында бөліп береді: істемей тұрған кранды – сантехникке, лас терезелерді – тазалық қызметкерлеріне жібереді. Осылайша жобаларды орындау жылдамдығы 30%-ға артты. Сондай-ақ агент қызметкерлердің бұрын күнделікті қайталанатын жұмыстарға жұмсайтын аптасына 20 сағатын босатты.

«Ірі компаниялар бізбен жылына $120-150 мыңдық келісімшарт жасайды»

– Негізгі клиенттеріңіз кім?

– Негізінен нарықта бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан, орныққан ұлттық брендтер: супермаркеттер, мейрамханалар, құрылыс дүкендері, пилатес студиялары. Филиалы көп ірі америкалық корпорацияларға басымдық береміз. Қазір 10 ұзақмерзімді келісімшартымыз бар, ал Hugo 3000-нан астам сауда нүктесінде қолданылады.

Сөйте тұра тек АҚШ-та жұмыс істейміз. Қазақстан нарығынан толықтай кеттік. Кейбір клиенттермен жұмысты тоқтаттық, ал бір бөлігін басқа компанияларға жүргізуге бердік.

Әлім Үдербеков

– Бұған не себеп болды?

– Қазақстан мен АҚШ нарықтары бір-бірінен тым ерекшеленеді. Нәтижесінде біз екі бөлек стартап құрып жатқандай болдық. Шашырап кеткіміз келмеді, сондықтан АҚШ-қа шоғырлануды шештік.

– Қанша табыс табасыздар?

– Шағын клиенттермен жылына $50-60 мыңдық келісімшарттар жасаймыз. Ал ірі компаниялармен орта есеппен жылына $120-150 мыңға келісімшартқа отырамыз.

– Ірі тапсырыс берушілерге қалай шыға алдыңыздар?

– Болашақ клиенттермен түрлі салалық іс-шаралар мен конференцияларда көп араластым. Басында өзімді бөтен адамдай сезіндім. Олардың әзілдерін түсінбейтінмін, мәдениетін білмедім, әңгімені әрдайым жалғастырып әкете алмайтынмын. Кейде ішімнен: «Мен мұнда не істеп жүрмін?» деп ойлайтынмын. Бірақ кейін қай жерден шыққанымды еске түсіретінмін. Таразда дүниеге келдім, кәдімгі аулада өскен баламын, ал қазір өз өнімімді Кремний алқабында ұсынып жүрмін. Бұл әр кездесуге тым үлкен мән бермеуге көмектесті. Процеске ойын сияқты қарай бастадым: осы клиенттерге жол таба аламын ба, жоқ па деген қызығушылық пайда болды.

Жинақтайтын болсақ, тәжірибемде екі нәрсе маңызды екенін түсіндім. Біріншісі – шын мәнінде көмектесуге деген ниет. Бейтаныс салаға келсең де, клиенттің мәселесін шешуге шын ықыласпен ұмтылсаң, жетістікке жетуге мүмкіндік бар. Екіншісі – бедел және дұрыс серіктестерді таңдау. Мысалы, жақында америкалық Джо Валери кофаундерім болды.

Ол бұған дейін бөлшек саудадағы жылжымайтын мүлікті басқаруға арналған стартапын сәтті сатқан. Бастапқыда Джо эдвайзер болуға келісті. Бірақ жобаға тереңірек үңілгеннен кейін толыққанды серіктес болғысы келді. Одан бөлек, Surfaice командасына осы саланы жақсы білетін жергілікті бірнеше сату маманы қосылды. Олардың келуі жұмысты жеделдетті.

Әлім Үдербеков

– Неліктен жергілікті кадрларға басымдық берген жөн?

– Жылжымайтын мүлік пен құрылыс жалпы алғанда – «ағашкалар индустриясы». Біз ондаған жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан ірі компаниялармен жұмыс істейміз. Кейбірінде 10-12 мың қызметкер бар, ал басшылары өз қызметтерінде ондаған жыл отыруы мүмкін. Бұл – өте консервативті орта. Сондықтан мұндай нарыққа жаңа ойыншының кіруі оңай емес.

Жергілікті мамандар сенімді тезірек қалыптастыруға көмектеседі. Олармен бірге әлеуетті клиенттер бізбен байланысуға көбірек ықылас танытады, кездесулер де ашық өтеді. Бірақ өнім ұнап, компания ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан күннің өзінде келісімшартқа қол қоюға 12-18 ай кетуі мүмкін.

Нарықтың сеніміне ие болу үшін клиенттеріміздің бірімен бірге «Сауда орталықтарын дамытуда AI-ды қолдану жөніндегі нұсқаулық» атты кітап жазып, оны әлеуетті тапсырыс берушілерге сыйға тартып жүрмін. Нұсқаулықта жылжымайтын мүліктегі процестерді оңтайландыру, дүкендердің өмірлік циклін басқару, жалға беру және құрылыс салаларында AI-ды қалай қолдануға болатынын түсіндіремін. Бұл – ескі мектептің өкілдеріне жақсы өтетін формат.

Әлім Үдербеков

– Өнімді енгізу кезінде қарсылыққа жиі тап боласыздар ма?

– «Сендердің агенттерің түкке тұрмайды, компьютермен сөйлесіп қайтемін», – деген сияқты сөздерді жиі естідік. Консервативті салаларда қызметкерлер өзгерістерге онша бейім емес. Мысалы, бағдарламашылармен салыстырғанда, олардың ойлау икемділігі төмендеу.

Біздің құралдарды IT мамандары немесе маркетологтар емес, жылдар бойы келісімшарттарды қолмен рәсімдеп, мердігерлермен жұмыс істеп, дүкендер ашып келген қызметкерлер қолданады. Олардың көбі бұған дейін AI-мен іс жүзінде жұмыс істеп көрмеген. Сондықтан бізге өнімнің мүмкіндіктерін көрсетумен ғана шектелмей, адамдардың жасанды интеллектке деген көзқарасын өзгертуге де көмектесу керек.

«Орталық Азия қорынан инвестиция алу – өз адамдарыңа қолдау көрсетудің бір жолы»

– Америкалық мамандар сатуға көмектеседі. Командада тағы кімдер бар?

– Қазір компанияда 12 қызметкер бар, олардың жартысынан көбі – қазақстандық. Олар өнімді дамытуға жауап береді.

Соңғы бір жылда штатымызды екі есеге қысқарттық: Қазақстандағы бизнесті жаптық, кейбір міндеттерді AI өз мойнына алды. Бұл командаға жұмсалатын шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік берді. Нәтиже көрсету үшін тиімді жұмыс істеуіміз керек. Бұл жаңа инвестиция тарту үшін де маңызды.

– Surfaice-ке жалпы қанша инвестиция салынды?

– 2024 жылы Sturgeon Capital, Shadow Ventures, iSeedVC, Big Sky Capital, Plug and Play және MOST Ventures қорларынан $1,5 млн тарттық.

Қазір жаңа раундқа дайындалып жатырмыз. Алайда былтыр тағы $800 мың алдық, оның ішінде Astana Hub Ventures-тен $100 мың көлеміндегі инвестиция да бар.

Әлім Үдербеков

– Шетелдік қорлардан қаржы тартуға мүмкіндік бола тұра, неге Astana Hub Ventures-тен инвестиция аламын деп шештіңіз?

– Орталық Азия қорынан инвестиция алу – өз адамдарыңа қолдау көрсетудің бір жолы. Өйткені портфеліндегі табысты стартап қордың өз құнын да арттырады. Шетелдік қорлар, әрине, бұл ақшаның қайдан келгенін сұрайды. Бірақ әрдайым: «Бұл мені қолдаған қазақстандық достарым», – деп айта аласың.

Портфелінде ірі шетелдік қорлары бар қазақстандық фаундерлердің жергілікті VC-лерден ақша алғысы келмейтінін жиі естимін. Ал менің бұл мәселеге көзқарасым басқа.

Егер Долинаға барып, мықты инвесторлардан ақша тарта алсаң, қазақстандық қорлар бірлескен мәмілеге қуана қатысады. Оларға мұндай мүмкіндік беру керек. Осылайша өз нарығымыздың дамуына көмектесеміз. Қазақстандық инвесторларға пайда таба алатын табысты жобалар қажет. Мысалы, MA7 мен Higgsfield тарихы стартаптарға салынған инвестиция инвесторларға бірнеше есе қайтарым әкеле алатынын көрсетті. Мұндай мысалдар көбейген сайын жергілікті қорлар келесі жобаларға да көбірек қаржы сала бастайды.

Әлім Үдербеков

– Surfaice-тің жақын арадағы жоспары қандай?

– Жаңа дүкен салып жатқан құрылыс компанияларымен жұмыс істей бастаймыз. Hugo олар үшін жаңа жобалардың құнын есептейді, қосалқы мердігерлерді іздейді, орындалған жұмыстардың көлемін сипаттайды, жеткізушілермен келісімшарт жасауға көмектеседі, жұмыс жоспары мен кестесін құрып, күнделікті есеп жүргізеді. Сондай-ақ бізге басқа салалардан да, мысалы, тұрғын үй кешендерін салушылардан өтініштер түсе бастады.

Агентіміз енгізілген нүктелердің санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Қарқынды түрде кеңейіп жатқан ірі корпорацияларға басымдық береміз. Бұл шағын компаниялармен көп келісімшарт жасағаннан әлдеқайда тиімді.

Функционалына келсек, түпкі мақсатымыз – Hugo-ның иесінің араласуынсыз филиалдарды өздігінен ашып, басқара алуы. Оған: «Тараздағы Киров көшесінен жаңа дүкен аш» деп жазып, оны жүйеге қосу жеткілікті болады. Қалғанының бәрін Hugo өзі жасайды.