Қазақстандықтар ІТ-командалардың тиімділігін бағалайтын сервис әзірледі. Стартап $5 млн-ға бағаланып отыр

Freedom Broker Freedom Broker О редакции О редакции Где предпринимательницам взять деньги на бизнес Где предпринимательницам взять деньги на бизнес
Дата публикации: 13.07.2026, 10:08
2026-07-13T10:08:21+05:00
Қазақстандықтар ІТ-командалардың тиімділігін бағалайтын сервис әзірледі. Стартап $5 млн-ға бағаланып отыр

Артур Пан мен Мадияр Бақбергенов ІТ саласында табысты мансап құрған. 2024 жылы олар PanDev Metrics стартабын іске қосуды ұйғарды. Бұл – ІТ-командалардың жұмысын талдайтын, белгілі бір функцияны әзірлеуге қанша қаражат жұмсалғанын есептейтін және қызметкерлердің күйзеліп, кәсіби тұрғыда қажу белгілерін анықтайтын өнім. Жас компания қазірден $5 млн-ға бағаланып, $400 мың инвестиция тартып, келесі инвестициялық кезеңге дайындалып жатыр.

Digital Business пен Astana Hub-тың «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» бірлескен жобасы аясында Мадияр мен Артур пәтер алуға жинаған $100 мыңды өз жобасына қалай жұмсағанын, неге кейбір әзірлеушілердің бұл сервиске көңілі толмауы мүмкін екенін айтып берді. Сонымен қатар фаундерлер неге қазір жобадан шығу мүмкіндігін ойластырып жүргенін және PanDev Metrics-тің келесі даму кезеңін қалай елестететінін бөлісті.

«Алдымда таңдау тұрды: не пәтер алу, не ақшамды жобаға салу»

– PanDev Metrics-ке дейін немен айналыстыңыздар және неге стартап ашуға бел будыңыздар?

Мадияр: – Мен Қарағандыданмын. 2019 жылдан бастап Chocofood компаниясында жұмыс істедім. 2020 жылы жұбайыммен бірге әйелдер киімі дүкенін аштық. Бір жылдан кейін мені Choco мейрамханалар желісін дамыту үшін Алматыға шақырды. Кейін Kwaaka стартабына ауыстым. Бұл – тағам жеткізу агрегаторларын POS-терминалмен біріктіретін сервис. Бір жылдың ішінде жақсы нәтижеге қол жеткіздік: үш елде тамақтану орындарының саны 200-ден 1200-ге дейін өсті. Одан кейін Индонезиядағы ай сайынғы белсенді пайдаланушылары 160 мыңға жеткен жобаға қатыстым. Кейін біртіндеп консалтингке бет бұрып, стартаптарға нарыққа шығу стратегиясын құруға, презентацияны жетілдіруге және питчинг стратегиясын әзірлеуге көмектестім.

Артур: – Мен алматылықпын. Колледжді бітірген соң университетке түспей-ақ бағдарламашы болып жұмысқа орналастым. Kaspi Дүкен мен курьердің жеке кабинетін іске қосқан алғашқы он әзірлеушінің қатарына кірдім. Курьерге SMS арқылы келген кодты көрсетіп, жеткізуді растау функциясын өзім әзірледім.

Артур Пан

Артур Пан

Kaspi-ден кейін Vlife жанармай құю станцияларына арналған адалдық бағдарламасының техникалық директоры болдым. Қазір оның 1,5 миллион пайдаланушысы бар. Кейін Umico-да (қазіргі Birmarket) жұмыс істедім. Бұл маркетплейсті, адалдық бағдарламасын және финтех сервистерін біріктіретін Әзербайжанның цифрлық платформасы. Онда ең үлкен командалардың бірі болды, департаментте шамамен 150 адам еңбек етті. Бірақ әзірлеу процесі онша ашық емес еді. Сол кезде әзірлеме қалай жүріп жатқанын, әр тапсырмаға қанша уақыт кететінін, жобаға кімнің қаншалықты үлес қосып жатқанын көрсететін талдау сервисін жасау идеясы туды. Себебі кейде үш адамның қолынан келетін жұмысты жиырма адам атқарып жүрген жағдайлар болатын.

Жобаға өз қаражатымнан $100 мың салдым. Бұл – үй алуға жинаған ақшам еді. Алдымда екі таңдау тұрды: пәтер сатып алу немесе өз стартапыма инвестиция салу. Екіншісін таңдадым. Команда жинап, PanDev Metrics-ті әзірлеуге кірістік. Ақша тез таусыла бастады. Сол кезде 55 долларға алғашқы сатылымды жасадық. Тіпті ол кезде төлемді қалай қабылдау керектігін де білмейтінмін. Біздің өнімді Қазақстандағы шағын аутсорсинг компаниясы сатып алды.

Қаржылық жағдайымыз қатты қиындаған кезде LinkedIn-де Мадиярмен таныстым. Менде дайын өнім болды, ал оның сату мен стартаптарды дамыту тәжірибесі бар еді. Бірге жұмыс істесек жобаны күшейте алатынымызды бірден түсіндік. Сөйтіп Мәдияр PanDev Metrics-ке тең құрылтайшы ретінде қосылды.

Мадияр Бакбергенов

Мадияр Бакбергенов

Мадияр: – Артурмен алғаш рет 2025 жылғы CEVF форумында жүзбе-жүз кездестік. Бұл – стартаптар мен инвесторларға арналған ірі венчурлық форум. Сол жерде акселерация бағдарламасына өткен әрі MOST Ventures қорынан $200 мың инвестиция алатын жобаларды жариялады. Толқып, күтіп тұрдық. PanDev Metrics-ті ең соңында атады. Осыдан кейін акселерациядан өтіп, барлық ұйымдастыру мәселесін шештік: заңды тұлға аштық, банк шоттарын рәсімдедік, АХҚО-да тіркелдік те, Astana hub қатысушысы атандық.

«Клиенттердің ешқайсысы PanDev Metrics-ті қамшы ретінде қолданбайды»

– PanDev Metrics-тің негізгі идеясы қандай?

Артур: – ІТ саласы кейде «етікшінің өзі жалаңаяқ» дегендей жағдайға тап болады. Компанияда колл-орталықтан бастап сату, контентті басқару сияқты барлық процесс цифрландырылған болуы мүмкін. Бірақ бағдарламашылардың өз жұмысы көбіне ашық көрінбейді.

Көптеген кәсіпкердің түсінігінде бағдарламашы бірдеңені өзі ғана түсінетін сиқыршы сияқты. Сондықтан оның жұмысына араласпауға тырысады. Бірақ командада шынымен жүз адам қажет пе, әлде елу адам жеткілікті ме? Кім бар күшін салып жұмыс істеп жүр, ал кім күніне небәрі бірнеше сағат қана еңбек етеді? Біздің жүйе осы сұрақтарға жауап береді.

Артур Пан и Мадияр Бакбергенов

Біз әзірлеушілердің жұмысына талдау жасаймыз: әр тапсырмаға қанша уақыт кеткенін және белгілі бір функцияны әзірлеуге қанша қаражат жұмсалғанын көрсетеміз. PanDev Metrics – әзірлеу құнын нақты есептей алатын санаулы өнімдердің бірі. Жалпы ІТ-департаменттегі қаржының қайда жұмсалып жатқанын сараптайды. Жүйеге бағдарламашының жалақысы енгізіледі, содан кейін жобаларға, функцияларға және тармақтарға кеткен шығын есептеледі. Жақында жұмысты жақсартуға арналған ұсынымдар әзірлеуді бастадық. Құралдарымыз көрсеткіштерді өздігінен талдап, ІТ-командаларды ұйымдастырудағы әлсіз тұстарды анықтайды. Жақын арада бұл мүмкіндік қолжетімді болады.

Біз әр инженердің жұмыс қарқынын көріп, соған ұқсас келесі тапсырмаға қанша адам-сағат қажет болатынын болжай аламыз. Мысалы, PanDev Metrics-тің өзін жасауға осы уақытқа дейін шамамен 40 мың адам-сағат жұмсалды. Оның 25 700 сағаты – таза код жазу. Көптеген компаниялар мұндай қарапайым көрсеткіштердің өзін айта алмайды.

– PanDev Metrics дегеніміз не? Бұл бизнестің қолданыстағы экожүйесіне кіріктірілетін бағдарлама ма?

Артур: – Инженерлер пайдаланатын түрлі өнімдер бар. Мысалы, Claude Code және басқа да ондаған құрал. PanDev Metrics соларға плагин ретінде қосылып, олардың әрекеттерін талдайды.

– Бағдарламашылардың жұмысын бақылау сияқты естіледі. Теріс пікірлер болды ма?

Артур: – Иә, мұндай пікірлер жиі кездеседі. Жүйе инженердің жұмысын анағұрлым ашық етеді, бұл бәріне бірдей ұнай бермейді. Кейбір бағдарламашылардың бірнеше жұмысы болады. Әрине, ондай адамдар мұның жария болғанын қаламайды. Сондай-ақ Claude Code немесе ChatGPT арқылы код жазып, оны өз еңбегі ретінде көрсететіндерге де қиын болады.

Соған қарамастан, клиенттеріміздің ешқайсысы PanDev Metrics-ті қызметкерлерге қысым көрсету құралы ретінде пайдаланбайды. Біріншіден, жүйе бағдарламашыларға барынша бейтарап қарайды: ешкімді асықтырмайды, тиімдірек жұмыс істеуге мәжбүрлемейді, тек нақты деректерді талдайды. Екіншіден, өнім менеджерлері мен тимлидтер әр қызметкердің қалай жұмыс істейтінін көріп, сыйақы мен ынталандырудың әділ жүйесін құра алады. Өйткені бір адам үндемей жүріп бүкіл жобаны сүйреп жүреді, бірақ оны ешкім байқамайды. Ал екіншісі өзін жақсы жарнамалап, басшылықтың назарында болады. Қызметкерлер бұл жүйенің бар екенін біледі, бұл жасырын бақылау емес.

Артур Пан

– Бизнестегі қандай да бір мәселені анықтауға көмектескен жағдайды еске түсіре аласыз ба?

Артур: – Бір компанияда инженерлер әлдеқашан жабылған жоба бойынша жұмысын жалғастырып жүргені анықталды. Бағдарламашылар бұл бағыттың тоқтатылғанын білмеген. Тағы бір жағдайда өнім әзірлеуге шамадан тыс көп қаражат жұмсалған. Ал шын мәнінде дайын қораптық шешімді енгізген әлдеқайда тиімді болар еді.

Тағы бір компанияда басшылық бағдарламашылардың өнімділігі төмен екенін байқады. Тереңірек зерттегенде мәселе олардың өзінде емес екені белгілі болды. Жоба менеджері тапсырмаларды дұрыс сипаттамағандықтан, әзірлеушілер нақты не талап етіліп тұрғанын түсінуге көп уақыт жоғалтқан. Менеджер ауыстырылғаннан кейін өнімділік бірден артты.

Бір қызығы, біздің жүйе көп жағдайда мәселе бағдарламашыларда емес, жұмыс процесінің өзінде екенін көрсетеді.

«PanDev жүктемеге шыдамай қалса, қуанар едік»

– Өнімнің осыған ұқсас сервистерден қандай артықшылығы бар?

Артур: – Ең басты артықшылығымыз – дәлдігі. Көп жағдайда техникалық директорлар тек Jira мен Git сервистерінің деректеріне сүйенеді. Олар тапсырмаларды басқаруға және код нұсқаларын бақылауға арналған. Ал PanDev Metrics бұлармен ғана емес, әзірлеуші күнделікті пайдаланатын барлық жұмыс құралдарымен байланысады. Яғни әзірлеу ортасы, браузер, терминал және жасанды интеллект сервистерімен де жұмыс істейді.

Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі жаңа мүмкіндіктерді енгізіп жатырмыз. Мысалы, жүйе қызметкердің нейрожеліге жазатын промпттарына қарап, кәсіби қажудың жанама белгілерін анықтауды үйреніп келеді. Айталық, адам нейрожелімен дөрекі немесе жағымсыз түрде сөйлессе, бұл оның күйзеліске түскенін білдіруі мүмкін. Тағы бір белгі – бір сұрақты қайта-қайта қою. Бұл адамның зейіні шашырап жүргенінен хабар береді. Тіпті «істемей қалды» немесе «қосылмады» деген сияқты бейтарап жауаптар да ескеріледі. Бұдан бөлек, қызметкер түнде жиі жұмыс істесе немесе өзгелерден әлдеқайда көп код жазса, мұның бәрі шамадан тыс жүктеменің белгісі ретінде бағаланады.

– Сервис әзірлеушілер қолданатын кез келген құралмен жұмыс істей ме?

Артур: – Иә десем болады. Қандай да бір құрал қосылмаған болса, пайдаланушының сұранысы бойынша оны бір аптаның ішінде қосып бере аламыз.

– Компания көлеміне қатысты қандай да бір шектеу бар ма? Мысалы, он мың қызметкері бар ірі компанияда да өнім шағын стартаптағыдай тиімді жұмыс істей ме?

Артур: – Әзірге он мың инженері бар корпорацияда өнімімізді енгізген нақты кейстер жоқ. Бірақ жүктеме сынақтарын өткіздік. Жүйе деректер ағынын көтере алады. Мұны бес мың виртуалды қызметкер арқылы тексердік. PanDev Metrics жүктемеге шыдамай тоқтап қалса да, қуанар едік. Өйткені бұл бізге осындай ауқымды клиентпен жұмыс істеу мүмкіндігі туғанын білдіреді.

Артур Пан и Мадияр Бакбергенов

– PanDev Metrics әзірлеушілердің жұмысын талдайды. Ол үшін жасанды интеллект қолданыла ма?

Артур: – Өнімнің негізгі бөлігі жасанды интеллектке сүйенбейді. Әрине, біртіндеп AI мүмкіндіктерін қосып жатырмыз. Бірақ бағдарламашының жұмыс тиімділігін бағалайтын негізгі функционал жасанды интеллектсіз-ақ жұмыс істейді.

Қазір көптеген компания жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланады. Бірақ токендердің нақты қайда жұмсалғанын көбісі айта алмайды. Олар жұмыс тапсырмаларына кетті ме, әлде жай ғана ас мәзірін іздеуге жұмсалды ма – белгісіз.

Кейде тіпті таңғаларлық көрсеткіштер айтылады. Ресми емес мәліметке сүйенсек, Meta бір айдың ішінде 73 триллион токен пайдаланған. Бұл шамамен $220 млн. Ал оның экологияға әсерін айтпағанда: деректер орталықтарының жұмыс істеуі мен салқындатылуына қанша электр энергиясы мен су кеткенін де ескеру керек.

Көп нәрсені жасанды интеллектсіз-ақ жасауға болады. Бұл біздің клиенттер үшін маңызды, өйткені сервисті енгізу әлдеқайда оңай. Барлық компанияда қуатты бейнекарталары бар инфрақұрылым жоқ. Оның үстіне бәрі бірдей өз деректерін сыртқы провайдерлерге жібергісі келмейді. Біз өз тарапымыздан тек пайдаланушылардың санын және жазылым белсенділігін ғана көреміз. Сондықтан жүйе кез келген компанияның қауіпсіздік талаптарынан өте алады.

«Шығынымызды ақтайтын деңгейге жақындадық»

– Командада қанша адам бар?

Артур: – Бастапқыда көбіне тәжірибесі аз мамандарды жұмысқа алдым. Ол кезде жасанды интеллект қазіргідей дамымағандықтан, командада адам да көбірек болды. Алғашында 12-13 адам жиналды. Олардың көбіне өзім тәлімгер болып, үйреттім. Қазір қуатты нейрожелі модельдері пайда болып, біз тиімділікке басымдық берген соң алты тәжірибелі инженермен жұмыс істеп жатырмыз.

Бұдан бөлек, бизнесті дамыту жөніндегі менеджер, заңгер, бухгалтер және қаржы маманы бар.

– Былтыр күзде компания $5 млн бағалаумен $400 мың инвестиция тартты. Қазір сол қаражаттың есебінен дамып жатырсыздар ма, әлде табыс тауып үлгердіңіздер ме?

Мадияр: – Әзірге тартылған инвестицияның есебінен жұмыс істеп келеміз. Бірақ компания өзін-өзі ақтау деңгейіне жақындап қалды. Бұл бірнеше айдың ғана мәселесі. Қазір пилоттық нұсқадан ақылы пакетке көшіп жатқан бірнеше ірі клиентіміз бар. Бүгінде ай сайынғы тұрақты кірісіміз (MRR) $20 мыңды құрайды.

Сонымен қатар жаңа инвестициялық кезеңге дайындалып жатырмыз. $1,5-2 млн тартуды жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсат – АҚШ пен Еуропа нарығына шығу.

Мадияр Бакбергенов

– Клиенттеріңіз кімдер және олардың саны қанша?

Мадияр: – Инвестиция алып, компанияны тіркегеннен кейін екі аптаның ішінде 15-20 клиент таптық. Барлығы таныстарымыз арқылы келді. Клиенттердің шамамен 85%-ы Қазақстанда орналасқан. Олардың қатарында MyCar, Biometric, Halyk Finance, MyLink, Damumed, Zeely.ai, ABR tech, Freedom Доставка, Freedom Restaurants және басқа компаниялар бар. Қалған тапсырыс берушілер Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан мен Тәжікстаннан. Сондай-ақ АҚШ-та бір клиентіміз бар.

Баға мынадай: 20 әзірлеушіге дейін – $500, 50 адамға дейін – $1000, 100 адамға дейін – $2000. Ал жүзден көп инженер болса, онда әр клиентпен жеке келіссөз жүргізіледі. Көбіне компаниялар 50 қызметкерге дейінгі пакетті таңдайды.

Алдағы уақытта өсуді жоспарлап отырмыз. Өнімімізді нарыққа шығаратын дистрибьюторлармен жұмыс істеп жатырмыз. Негізгі назар АҚШ пен Еуропаға, әсіресе Канада мен Ұлыбританияға аударылған. Ол жақта көптеген байланыс орнаттық. Компанияларға электронды пошта және LinkedIn арқылы хабарласамыз. Алғашқы байланыс орнату мен кездесулерді белгілеу үшін AI-агенттерді пайдаланамыз. Кездесуге дейінгі конверсия шамамен 9 пайызды құрайды. Мұндай арна үшін бұл жақсы көрсеткіш. Бұған қоса ІТ саласындағы жеке таныстықтарымыз да көмектеседі.

– Сатылымнан бөлек, ірі компаниялармен серіктестік орнатып жатырсыздар. JetBrains-пен жұмыс істеудің қандай пайдасы бар?

Мадияр: – Біз стартапты болашақта ірі нарық ойыншысына сату мүмкіндігін ескеріп дамытып жатырмыз. Сондықтан JetBrains немесе Atlassian секілді компанияларға жақын болғанымыз маңызды.

PanDev Metrics JetBrains Consulting Partner Program бағдарламасына қабылданды. Бұл бізге компанияларға JetBrains құралдарын енгізуге көмектесуге және әзірлеу ортасынан алынған деректерді талдауға мүмкіндік береді. Соның арқасында код жазу процесінің қалай жүріп жатқанын, команданың қай жерде уақыт жоғалтып жатқанын және қандай үдерістерді жақсартуға болатынын анықтай аламыз.

– Стартапты неге сатпақшысыздар?

Мадияр: – Біздің саладағы көптеген ірі өнім кейін технологиялық алпауыттардың экожүйесіне қосылды. Мысалы, Atlassian 2017 жылы Trello сервисін сатып алған болатын. Осындай өнімдер үшін бұл – табиғи әрі түсінікті қадам. Олар ірі корпорациялардың өнім желісіне жақсы үйлесіп, қолданыстағы сервистерін күшейте алады. Мұндай жол стартапқа кейінірек тиімді мәміле жасап, табыс табуды көздейтін инвесторларға да түсінікті.

Мадияр Бакбергенов

– Мұндай мәмілеге қашан шығамыз деп ойлайсыздар?

Мадияр: – Қазір бір стратегиялық ойыншымен сөйлесіп жатырмыз. Болашақ мәміле үшін қандай көрсеткіштердің маңызды болатынын талқылап жатырмыз. Әзірге толық мәлімет бере алмаймыз.

Болжамымыз бойынша, оған 2-3 жыл қажет. Осы уақыт ішінде көздеген көрсеткіштерге жетеміз.

– Бір жылдан кейін тағы сұхбаттасамыз деп елестетейік. Ол кезде компанияның бағасын қанша деп айтар едіңіздер және өнім туралы қандай жаңалық айтасыздар?

Мадияр: – Меніңше, бір жылдан кейін компанияның бағасы $25-50 млн аралығында болады.

Артур: – Бірнеше жүз келісімшартқа қол қоямыз. Ал біздің жүйе, ең кемі Қазақстанда, өз бағыты бойынша ең үздік өнім ретінде танылатын болады. Біз әрбір техникалық директордың міндетті құралдарының біріне айналғымыз келеді. Jira мен GitLab бүгінде саладағы негізгі платформаларға айналды, оларды іс жүзінде барлық компания қолданады. Біздің мақсатымыз – дәл сондай кең таралған өнім болу.

Артур Пан и Мадияр Бакбергенов