Қазақстандықтар өнімді іске қоспай тұрып-ақ клиенттен 7 млн теңге алып, бизнеске арналған AI-платформа әзірледі
Артур Кривцов пен Нұрлыбек Маратов ІТ-студияны басқарып, тапсырыспен түрлі жоба жасап жүрген. Бір күні клиент олардан корпоративтік деректердің ауқымды қорына негізделген жасанды интеллект ботын үйретуді сұрайды. Сол сәтте Артур мен Нұрлыбек мұның бір реттік тапсырыс емес, көптеген компанияға ортақ мәселе екенін түсінеді. Сөйтіп жасанды интеллект агентін тез қосатын Barion AI платформасын құрады.
Digital Business пен Astana Hub-тың «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» бірлескен жобасы аясында Артур мен Нұрлыбек компанияларға AI-көмекшіні енгізу неге қиын екенін, жүздеген құжатты «жасанды интеллект миына» қалай айналдыруға болатынын және сатушы-роботтың жарты күннің ішінде мыңдаған клиентке қалай қоңырау шалатынын айтып берді.
«Өнім әлі дайын болмай тұрып, ақша шотта жатты»
— Қалай таныстыңыздар және Barion AI-ға дейін немен айналыстыңыздар?
Артур: — Нұрлыбекпен бірге Алматыдағы Нархоз университетінде бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығында оқыдық. Дипломдық жұмысымызды да бірге жаздық, ол толықтырылған шынайылық (AR) технологияларына арналды.
2021 жылы бакалавриатты тәмамдаған соң бірден жиһаз дүкеніне арналған AR-жобаның шағын прототипін жасадық. Оның көмегімен сатып алушы жиһаздың үйінде қалай көрінетінін ">алдын ала көре алатын. Осы шешіммен Astana Hub-тың Seed Money бағдарламасына қатыстық. MVP әзірлеуге қаржы ұтып алдық. Осылайша университетті бітіргеннен кейін бірден алғашқы стартапымыз пайда болды.
Жиһаз дүкендерінің арасынан бірнеше ірі клиент таптық. Көп ұзамай жоба өзін ақтап, аздап пайда әкеле бастады. Бірақ Қазақстанда қарқынды өсімге қол жеткізе алмадық. Дубайға барып, БАӘ нарығына шығуға тырыстық, алайда сату тәжірибесінің жетіспеуіне байланысты компанияны жабуға тура келді.
Соған қарамастан команда, тәжірибе және байланысты сақтап қалдық. Бизнесті қайта бейімдеп, кәдімгі IT-студия ретінде аутсорсинг тапсырыс орындай бастадық.

Артур Кривцов
— Жаңа стартап құрамыз деп қалай шештіңіздер?
Нұрлыбек: — Бір күні білім беру компанияларының бірінен сұраныс түсті. Олар үй тапсырмасын тексеріп, оқушылардың сұрақтарына жауап беретін ЖИ-бот жасауды сұрады. Бірақ онда ақпарат өте көп еді: 50 курс, әрқайсысында сабақтар, үй тапсырмасы мен тесттер бар. Бір ғана ЖИ-көмекшіні оқыту үшін орасан көлемдегі деректерді енгізіп, жүздеген промпт жазып, көп уақыт пен қаражат жұмсау қажет болатын. Ол кезде бізде дайын өнім де, мұны қалай іске асыратынымыз жөнінде нақты түсінік те болмағандықтан, бастапқыда бас тарттық.
Артур: — Кейін осы жағдайды талқылап отырып: «Мүмкін бәрібір қолға алармыз?» деп ойладық. Әр курсқа, бөлімге немесе міндетке арнап бөлек ЖИ-көмекші оқытудың қолайсыз екенін түсіндік. Егер бизнес барлық ақпаратын: құжаттарын, регламентін, сату сценарийін, оқу материалдарын, білім базасын жүктей алатын бірыңғай платформа жасасақ, жүйе сол деректерді құрылымдап, ортақ «ЖИ-миын» қалыптастырады. Содан кейін клиент ботқа қажетті рөлді: сату менеджері, техникалық қолдау маманы немесе тапсырмаларды тексеретін оқытушы таңдай алады. Barion AI идеясы дәл осылай пайда болды.
– Бастапқы кезеңде не істедіңіздер?
Артур: — Техникалық архитектураны шамалап жасап шықтық, оны команданың қай мүшсі жүзеге асыра алатынын анықтадық. Клиентке хабарласып, жобаны қолға алуға келісетінімізді айттық. Келесі күні-ақ толық алдын ала төлем алдық. Яғни өнім әлі жоқ, идеяға небәрі бір күн болған, ал ақша шотымызға түсіп үлгерді.
Содан кейін бізге бұрын осындай мәселемен жүгінген тағы бірнеше компания есімізге түсті. Барлығына хабарласып, тиімді шарттармен жобаға қазір қосылуды ұсындық. Осылайша шамамен 7 миллион теңге көлемінде алдын ала төлем жинадық. Бұл қаражат әзірлеу жұмыстарының бюджеті болды.
«Қазақ тіліндегі сапалы дауыстық жасанды интеллект Қазақстанда жасалуы керек»
— LLM-модельдер мен дауыстық технологиялар қазірден бар. Онда Barion AI-дың ерекшелігі неде? Нақты қандай үдерісті автоматтандырдыңыздар?
Артур: — Әдетте бизнес құжаттарды, регламенттерді, сату сценарийлерін, жиі қойылатын сұрақтарды, хат алмасуларды, тауар базаларын қолмен жинайды. Кейін оларды құрылымдап, промпттар жазып, жауаптарды тексеріп, әртүрлі сценарийлерді бөлек баптауға мәжбүр болады. Сондықтан McKinsey деректеріне сәйкес, ірі ұйымдарда бір ЖИ-ботты іске қосу алты айға дейін созылуы мүмкін.
Уақыт өте келе біздің басты артықшылығымыз — ЖИ-агентті автоматты түрде оқыту екенін түсіндік. Пайдаланушы файлдарды жүктейді, ал жүйе ақпаратты өзі құрылымдап, ботқа арналған білім базасын қалыптастырады.
Біз әртүрлі міндеттерге қарай Gemini, Claude және ChatGPT сияқты әртүрлі LLM-модельдерді қолданамыз. Бірақ деректерді жинап, оларды құрылымдап, ботты оқытатын алгоритм — өзіміздің жеке әзірлемеміз.
Нұрлыбек: — Жалпы, біз Barion AI-ды бизнес қажетті сценарийді таңдап, бір батырманы басу арқылы промпт жазбай-ақ бот құра алатын платформа ретінде көреміз. Қазір дауыстық ЖИ-агенттерге басымдық беруді шештік. Себебі бұл бизнес үшін ең түсінікті қолдану бағыттарының бірі. Робот клиенттерге қоңырау шалып, лидтерді саралап, қосымша сатылымдар жасап, алдын ала өңделген өтінімдерді менеджерлерге жолдай алады.
Дауыстық технологияны әзірге үшінші тарап әзірлеушілерінің API-лары арқылы қосамыз. Бірақ болашақта өзіміздің дауыстық моделімізді жасауды жоспарлап отырмыз. Мұның мәні бар, өйткені жаһандық модельдер қазақ тілін өте нашар әрі табиғи емес түрде дыбыстайды. Қазақ тіліндегі сапалы дауыстық жасанды интеллект Қазақстанда жасалуы керек деп сенемін және осы іске өз үлесімізді қосамыз деп үміттенемін.
— Почему выбрали это направление?
— Неге дәл осы бағытты таңдадыңыздар?
Артур: — Биыл Astana Hub пен Draper University ұйымдастырған Hero Training халықаралық акселерациялық бағдарламасына қатысу үшін Кремний алқабына барған Қазақстаннан шыққан алты стартаптың қатарына ендік. АҚШ-тағы менторлар мен инвесторларға технологиямызды масштабтауға болатын өнімге қалай айналдырамыз деген нақты бір сұрақпен бардық. Өйткені жай ғана технологиялық өзекті сату қиын. ЖИ-боттар құруға арналған автоматтандыру жүйесі тым күрделі әрі «гиктерге арналған» өнім сияқты көрінеді.
Сондықтан қазір нақты мәселені шешетін дайын сценарийлерді сатуға көшуді жөн көрдік. Яғни клиент түсінікті әрі нақты шешімді сатып алады. Алғашқы бағыт ретінде дауыстық қоңырауларды таңдадық.
«Адамдар жасанды интеллектіні келемеждеуі мүмкін»
— Қоңырау шалу сценарийі қалай жұмыс істейді?
Нұрлыбек: — Платформадағы жеке кабинетке кіріп, қажетті ақпаратты жүктейсіз, қоңырау шалу сценарийін таңдап, баптайсыз, қоңырау шалынатын базаны енгізіп, науқанды іске қосасыз. Бірнеше минуттан кейін толық есеп аласыз. Мұның бәрін санаулы минут ішінде жасауға болады.
Жуырда болған бір мысалды айтып берейін. Заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсететін консалтингтік компаниямен жұмыс істедік. Оларда бұрын хабарласпаған клиенттер базасы болды. Біз дауыстық роботты баптап, оның клиенттерге хабарласып, аты-жөнімен сөйлесуін, нақтылайтын сұрақтар қоюын ұйымдастырдық. Кейбір сценарийлерде клиент келіскеннен кейін WhatsApp арқылы презентация жіберілді. Нәтижесінде тапсырыс беруші сөйлесулердің жазбасы, мәтіндік нұсқасы және қызығушылық деңгейіне қарай сұрыпталған лидтері бар егжей-тегжейлі есеп алды.
5 мың байланыс нөміріне қоңырау шалынды. Түскі уақытта бастадық, ал кешке қарай клиенттің қолында толық есеп болды. Осынша көлемді жарты күнде қолмен өңдеу үшін қанша колл-орталық қызметкері мен уақыт қажет болатынын елестетіп көріңіз. Нәтижесінде тапсырыс беруші шамамен 30 келісімшарт жасады. Оның үстіне бір ғана сатылым бүкіл науқанның шығынын толық жапты.
— Адамдарға олармен робот сөйлесіп тұрғанын ескерту қажет пе?
Артур: — Адамдар табиғатынан басқа адамдармен сөйлескенді жөн көреді. Егер адам роботпен сөйлесіп тұрғанын түсінсе, қоңырауды бірден үзуі немесе жасанды интеллектіні мазақтай бастауы мүмкін.
Біздің агенттер өте табиғи сөйлейді. Сондықтан олардың ар жағында адам емес екенін жұрттың 3-5 пайызы ғана аңғарады. Әрине, сатылымның тиімділігі үшін қоңырауды бағдарлама емес, тірі оператор шалып тұрғандай әсер қалдырған дұрыс.
Жалпы, бәрі бірдей жасанды интеллектіні адамнан ажырата алмайды. Компаниямыз үшін әдемі қыздың аватарын жасаған едік. Бір кезде жұмыс WhatsApp-ына түн ортасында: «Диана, сіз тұрмыстасыз ба?» деген сияқты хабарламалар келе бастады. Кейін оның жауаптарынан барлық смайликті алып тастауға тура келді, өйткені тым достық пейіл танытып тұрғандай көрінген. Кеңсеге келіп: «Диана қайда?» деп сұрайтын клиенттердің көңілін түсіруге де тура келді.
— Егер адам ЖИ-агентті танып қойып, үлкен жеңілдік сұрай бастаса ше?
Артур: — Біздің боттар әңгіменің негізгі мақсатын өзгерпейтіндей етіп бағдарламаланған. Олар компанияның регламенті мен бұрынғы хат алмасуы негізінде оқытылады, сондықтан белгіленген шекарадан шықпайды. Егер бұрынғы жазбаларда клиентке себепсіз жеңілдік беру жағдайлары болмаған болса, жасанды интеллект те ондай жеңілдік ұсынбайды.
Нұрлыбек: — Дегенмен AI-көмекшілердің не жазып жатқанын бақылап отыру қажет. Бірде WhatsApp-тағы мәтіндік ботты сынап жатқанда қызық жағдай болды. Ол клиентті таңғы сағат 11-де кеңседе кездесуге шақырған. Бірақ біз мұны білмедік, кеңседе ешкім болмаған. Клиент келіп, сурет жіберіп: «Мен келдім, сіздер қайдасыздар?» деп жазды. Ал WhatsApp-тағы бот бірден: «Сәл күте тұрыңыз, қазір сізді қарсы алуға түседі», — деп жауап берген. Мұны бірнеше рет қайталады. Кейін клиенттен жеке кешірім сұрап, жағдайды түсіндіруге тура келді.
Неге бұлай болды? Сірә, бот біздің бұрынғы хаттарымыздан үйренген болуы керек. Бұрын клиенттерді кеңсеге шақырып, өзіміз барып қарсы алатынбыз. Бірақ мұндай жағдайлар — сирек кездесетін техникалық қателіктер ғана, оларды тез түзетеміз.
«ЖИ-агент 20 филиалы бар автодилердің базасынан көлікті бірнеше секундта тауып береді»
— Қазір Barion AI жобасында қанша адам жұмыс істейді?
Артур: — Нұрлыбек екеуміз жобаның тең құрылтайшыларымыз. Екеуміз де IT мамандығы бойынша білім алғанбыз, сондықтан техникалық маман мен кәсіпкердің міндеттерін қатар атқарамыз.
Алайда технологиямыздың негізін жетекші әзірлеушіміз Эльдар Хайбуллов қалады. Ол тәжірибелі IT-маман.
Сондықтан қазір өнімді дамытуға белсенді түрде үш адам қатысып жатыр деуге болады.
— Шешімдеріңізді қалай сатасыздар?
Артур: — Клиенттердің басым бөлігі бізге ауызша ұсыныс арқылы келеді. Олар — алғашқы AR-стартапымыз кезінен бері бірге жұмыс істеп келе жатқан компаниялар немесе IT-студиямыздың бұрынғы тапсырыс берушілері.
Ірі бизнеспен жұмыс істеу үшін жақсы танысымызды тартамыз. Ол IT саласының ерекшеліктерін жақсы біледі әрі Қазақстандағы ірі компания басшыларымен байланысы бар. Алғашқы ірі келісімдерімізді жасауға сол көмектесті.
— Қазіргі монетизация моделі қандай?
Артур: — Бастапқыда келісімшарт моделімен жұмыс істедік: нақты клиентке арналған шешім әзірлеп, оны енгізетінбіз. Қазір компанияның жылдық табысы 100 миллион теңгеден асты. Бірақ біз pay-as-you-go моделіне, яғни пайдаланған көлеміне қарай төлем жасау жүйесіне көшіп жатырмыз. Клиент платформаға деректерін жүктейді, қажетті сценарийлерді қосады және жұмсалған токендер көлеміне қарай ақы төлейді. Әзірге нақты бағаларды білмейміз, баға саясатын әлі қалыптастырудамыз.
— Қай бизнес сегментіне басымдық беріп отырсыздар?
Артур: — Қызметкерлер саны 500 адамнан асатын компанияларға назар аударуды жөн көрдік. Мұндай кәсіпорындарда жүйені оқыту үшін жүктеуге болатын барлық қажетті құжаттар бар. Сонымен бірге олардың нақты қажеттілігі мен мәселесі бар, ол — ЖИ-агенттерді жылдам оқыту. Біз осы мәселені шеше аламыз: дайын платформа бар, тестілеу мен енгізуге уақыт пен күш жұмсаудың қажеті жоқ.
Білім беру саласынан бастадық. Кейін өніміміз әртүрлі бизнеске қажет екенін түсіндік. Мысалы, Қазақстандағы 20 филиалы бар ірі автодилердің пайдаланылған көліктер базасымен жүйемізді біріктірдік. Енді Атыраудағы клиент көлік іздесе, оның сипаттамасы мен талаптарына сәйкес жүйе бірнеше секунд ішінде сол қаладан да, Қазақстанның басқа өңірлерінен де лайықты нұсқаларды тауып береді. Сонымен қатар сұранысқа сәйкес келетін басқа маркадағы, жабдықталуы ұқсас көліктерді де ұсынады. Бұдан бөлек, хабарламаны автоматты түрде қажетті филиалдағы тиісті менеджерге бағыттайды.
Мұнай өндіру саласында да бірнеше жоба жасағымыз келеді. Өйткені ол жақта құжаттар мен регламенттердің көлемі өте үлкен екенін білеміз. Мұндай жағдайда ЖИ-жүйелерін енгізу күрделі болады, ал Barion AI бұл мәселеде көмектесе алады.
– Деректер қауіпсіздігі мәселесі қалай шешілген? Ірі бизнес үшін бұл әдетте ең маңызды тақырыптардың бірі ғой.
Артур: — Біріншіден, ЖИ-бот клиенттермен байланыс кезінде бәрібір баға, қызмет көрсету шарттары, презентациялар сияқты ашық ақпаратты пайдаланады. Біз клиенттердің байланыс деректерін алмаймыз және үшінші тараптарға бермейміз. Олар компанияның өз ішінде қалады.
Екіншіден, егер барлық деректі өз серверінде сақтау аса маңызды болса, біздің шешімді жергілікті инфрақұрылымда орналастыруға ешқандай кедергі жоқ.
«Barion AI-дың IPO-ға шыққанын қалаймыз»
— Жобаны қандай қаражатқа дамытып жатырсыздар?
Артур: — Бутстрэппинг қағидатын ұстанамыз: несиесіз, венчурлік инвестициясыз, тек өзіміз тапқан қаражатымызға өсіп келеміз.
Алайда Кремний алқабындағы бағдарлама кезінде жаһандық нарықтарға шығып, жылдам масштабталғымыз келсе, инвестиция қажет екенін түсіндік. Бірақ дайын сценарийлерді сату моделінің юнит-экономикасын толық жолға қойғаннан кейін ғана инвестор іздеуді бастаймыз.
– Barion AI-дың алдағы жоспары қандай?
Артур: – Қазақстаннан бөлек АҚШ нарығында және MENA өңірінде жұмыс істегіміз келеді. Бұған Hero Training бағдарламасына қатысуымыз қатты әсер етті. АҚШ нарығының жасанды интеллект стартаптары үшін қаншалықты ауқымды әрі маңызды екенін өз көзімізбен көрдік.
— Стартапты ұзақ мерзімді перспективада қалай елестетесіздер?
Артур: — Мемлекет технологияларды дамыту үшін көп жұмыс атқарып жатыр. Қазақстан ChatGPT қолдану бойынша әлемдегі алғашқы 30 елдің қатарына кірді, ұлттық LLM моделі жасалып жатыр. Ерте ме, кеш пе, Орталық Азиядан халықаралық биржаға IPO өткізетін, құны бір триллион долларға жететін компания шығатыны анық. Сол компанияның Barion AI болғанын қатты қалаймыз.
Нұрлыбек: — IT саласында бәрі өте жылдам өзгереді. Біз 2021 жылы толықтырылған шынайылықпен айналысып жүрген кезде Apple Vision Pro әлі таныстырылмаған еді, нарық мүлде басқаша болатын. Қазір ЖИ-агенттермен жұмыс істеп жатырмыз. Бес жылдан кейін не боларын айту қиын. Бірақ жобаларымыздың ауқымы кеңейіп, шешімдеріміз бизнеске нақты пайда әкелгенін қалаймыз.