Қазақ жігіттері мектеп оқушыларына психологиялық қолдау көрсететін AI-платформа жасап шығарды. Қазір оны 1 миллионнан астам бала пайдаланады

Freedom Broker Freedom Broker О редакции О редакции Узкие места цифровизации в Казахстане Узкие места цифровизации в Казахстане
Дата публикации: 22.05.2026, 08:52
2026-05-22T08:52:48+05:00
Қазақ жігіттері мектеп оқушыларына психологиялық қолдау көрсететін AI-платформа жасап шығарды. Қазір оны 1 миллионнан астам бала пайдаланады

Ақжол Замбаев Тараз қаласының тумасы. Ол Назарбаев университетін тәмамдаған. Бастапқыда ғылыммен айналысып, биолог болуды жоспарлаған. Алайда студент кезінен кәсіпкерлікке қызығып, білім беру жобаларын аша бастады.

2023 жылы Ақжол KAIST түлегі әрі бағдарламашы Болат Әшіммен бірге WeGlobal AI стартапын құрды. Жоба психологтар мен кәсіби бағдар беретін мамандарға арналған AI-құралдары бар платформаны дамытып жатыр. Қазір сервис 2000 мектепте жұмыс істейді және 1 миллионнан астам оқушыны қамтиды.

Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Орталық Еуразияның 100 стартап тарихы» жобасына берген сұхбатында Ақжол компанияның IT-өнімді мемлекеттік мектептерге қалай енгізгенін, не үшін Қазақстанның оңтүстігін аралағанын және неге WeGlobal AI енді АҚШ пен Ұлыбритания нарығына бет бұрғанын айтып берді. Сондай-ақ компанияның бизнес-моделі қалай құрылғанын және сервистің ел көлемінде қалай таралып жатқанын талқыладық.

«Психолог бір сауалнаманы өңдеуге бір жарым ай уақыт жұмсайды»

– WeGlobal AI-ды іске қоспай тұрып немен айналыстыңыз?

— Бастапқыда болашағымды ғылыммен байланыстырдым. Назарбаев Университетінде «Биология ғылымдары» мамандығында оқып, зерттеу саласына ден қоюды жоспарладым. Бірақ студент кезімнің өзінде кәсіпкерлікке қызығушылық ояна бастады.

Бұған Астана экономикалық форумына ерікті ретінде қатысқаным қатты әсер етті. Сол жерде алғаш рет ірі инвесторлар мен кәсіпкерлердің келіссөз жүргізіп, стратегиялық шешім қабылдау процесін ішінен көрдім. Ол орта маған қатты ықпал етіп, бизнес, қаржы және тұрақты жобалар құру қағидаларын тереңірек зерттеуге түрткі болды. Төртінші курста жаратылыстану және нақты ғылымдарға арналған алғашқы EdTech-стартапымды іске қостым. Клиенттеріміз мектептер мен жеке адамдар болды. 2020 жылы команда бұл өнімді сатып жіберді. Кейін шетелдік университеттерге түсуге көмектесетін тағы бір білім беру стартапына серіктес ретінде қосылдым. Үш жылдан соң жобадан шығу туралы шешім қабылдадым.

– Келесі стартаптың идеясы қалай пайда болды?

– Кофаундер әрі техникалық директор Болат Әшіммен бірге білім беру саласындағы AI арқылы шешуге болатын жүйелі мәселелерді іздей бастадық. Ол кезде сапалы кәсіби бағдар беру көбіне жекеменшік мектептерде ғана бар еді. Біз оны Қазақстандағы әр оқушыға қолжетімді еткіміз келді. Осылайша мектептерге арналған кәсіби бағдар құралдары бар SaaS-платформа – WeGlobal AI дүниеге келді.

Болат Ашим

Болат Әшім

Платформаны Астана мектептерінде пилоттық режимде іске қосқан кезде бұл шешім психологтарға да қажет екенін түсіндік. Өйткені көптеген мектепте кәсіби бағдар жұмысын дәл сол мамандар жүргізеді.

– Өнім психологтардың қандай мәселесін шешеді?

– Бір маманға жүздеген баламен қатар жұмыс істеуге тура келеді. Қазірдің өзінде жұмыстың көп бөлігі қолмен атқарылады: психологтар сауалнаманы қағазға шығарып, жауаптарын жинайды, кейін бәрін Excel-ге енгізіп, қай оқушыға қосымша назар бен қолдау қажет болуы мүмкін екенін өздері талдайды. Осындай бір циклге бір ай, тіпті бір жарым ай уақыт кетеді.

Жүктеменің көптігінен мамандар көбіне мәселенің алдын алумен емес, салдарымен күресуге мәжбүр болады. Сол кезде технология мен AI бұл процесті әлдеқайда жылдамдата алатынын түсіндік.

Болат Ашим и Акжол Замбаев WeGlobal

Осылайша WeGlobal AI біртіндеп мектеп психологтары мен кәсіби бағдар мамандарына скрининг сауалнама (оқушылардың жағдайын бастапқы бағалауға арналған қысқа сауалнама – Digital Business ескерт.) жүргізіп, деректерді талдауға көмектесетін платформаға айналды.

«Қосымшада AI-есепшімен сөйлесуге болады»

– WeGlobal қалай жұмыс істейді?

– Мектеп қызметкерлері үшін WeGlobal AI – жазылым арқылы қолданылатын SaaS-сервис, яғни онлайн-платформа. Ал балалар үшін бұл смартфонға орнатылатын тегін қосымша. Әр оқушыға жеке аккаунт ашылады. Балаға түрлі тапсырма беріледі: мысалы, кәсіби бағдар тестінен өту, скрининг сауалнама толтыру, ҰБТ немесе ағылшын тілінен сынақ тестін тапсыру.

Сондай-ақ оқушы көңіл күйі мен хал-жағдайын белгілей алатын құрал бар. Платформада эмоционалдық күйзеліс не депрессия жағдайы белгілерін анықтауға арналған сауалнамалар да мезгілімен өткізіліп тұрады. Бұл жерде WeGlobal AI тек технологиялық құрал ретінде жұмыс істейді: платформа диагноз қоймайды, психологтың орнын алмастырмайды және әдістемені өздігінен жасамайды. Әдістемелік бағытты «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты қадағалайды.

Жұмыста осы ұйым бекіткен әдістемелік материалдар мен ұсынымдар қолданылады.

Буллинг пен физикалық зорлық-зомбылық сияқты ауыр жағдайларға арналған «SOS батырмасы» да қарастырылған. Ақпарат жауапты мамандар мен тиісті органдарға жолданады. Барлық дерек ата-аналардың келісімімен және Қазақстан заңнамасының талаптарына сай өңделетінін де атап өткен жөн.

– Ал мамандар нені көреді?

– Психолог қандай оқушылар сауалнамадан өткенін және кімдерде эмоционалдық күйзеліс пен жоғары стресс белгілері болуы мүмкін екенін көре алады. Бізде мектептерді онбординг кезеңінде сүйемелдейтін тәжірибелі психологтар командасы бар. Сонымен қатар айына екі рет онлайн-семинарлар мен супервизия өткіземіз. Онда мамандар практикалық кейстерді құпиясы сақталған, тұлғасы ашылмайтын форматта талқылайды.

Акжол Замбаев WeGlobal Болат Ашим

Ал директор мен оқу ісінің меңгерушісі оқушылардың жеке деректерін ашпай-ақ, сыныптар бойынша жинақталған сараптаманы көреді. Онда кәсіби бағдар, жалпы психоэмоционалдық ахуал, буллинг жағдайлары және басқа да жасырын көрсеткіштер болады. Мұндай аналитикалық мәліметтерді аудан немесе облыс деңгейінде профилактикалық әрі білім беру жұмыстарын жоспарлауға пайдалануға болады.

– Қосымшада AI қандай рөл атқарады?

– Бізде AI екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – оқушының қызығушылығын арттыру. Мысалы, кәсіби бағдар тесті балаға есепші мамандығын ұсынады. Осыдан кейін ол AI-бухгалтермен сөйлесіп, бұл маман немен айналысатынын, қандай дағдылар қажет екенін, Қазақстандағы қай университеттер мен колледждерде сәйкес бағдарламалар барын және қандай пән тапсыру керегін сұрай алады.

WeGlobal Болат Ашим

Екінші бағыт мектеп мамандарына көмектесуге арналған. Платформа әртүрлі дереккөзден кәсіби бағдар тестінің нәтижесі, скрининг сауалнамалар, көңіл күй трекері, оқушының қызығушылығы, таңдаған мамандықтары мен оқу траекториясы туралы ақпарат жинап, талдайды. Кейін жүйе маманға оқушының мықты тұстары, назар аударуды қажет ететін бағыттар және ұсынымдар бойынша қысқаша қорытынды ұсынады.

Бұл жерде AI маманның орнына шешім қабылдамайтынын және диагноз қоймайтынын түсіну маңызды. Ол ақпаратты жүйелеп, өзгеріс динамикасын көруге және Excel-дегі есептер мен талдау сияқты қол еңбегін азайтуға көмектеседі. Соның арқасында мектеп психологтары мен кәсіби бағдар мамандары оқушылармен көбірек жұмыс істей алады.

«Әуелі нәтиже көрсету керек, содан кейін ғана кеңею қажет»

– Сырттай қарағанда мемлекеттік мектептер Оқу-ағарту министрлігінің шешіміне қатты тәуелді сияқты. IT-өнім мұндай жабық жүйеге қалай кіреді?

– Меніңше, мемлекеттік білім беру секторына кіру жолы әкімшілік қолдаудан емес, ашық презентациядан, пилоттық жобалардан және мектептердің кері байланысынан басталады.

Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздікке, деректерді сақтау мен қорғауға қойылатын жоғары талаптарды сақтау қажет. Біз осы талаптарға сай келеміз. Сондықтан WeGlobal AI Қазақстандағы сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету тізіміне енді. Бұл – тексеруден өтіп, мемлекеттік және білім беру ұйымдарында қолдануға рұқсат берілген IT-шешімдердің ресми тізімі.

– Мектептерді WeGlobal-ға қосылуға қалай көндіресіздер?

– Біз тікелей көндірмейміз, өнімнің нақты қандай мәселені шешетінін көрсетуге тырысамыз. 2024 жылы Педагогтердің тамыз конференциясында WeGlobal AI платформасын таныстырдым. Ол кезде мектептерде кәсіби бағдар мамандарының жеке рөлі енді ғана қалыптасып жатқан, бірақ олардың жұмысқа арналған цифрлық құралдары жоқ еді.

Осы презентациядан кейін біздің жобаға Түркістан облысының өкілдері қызығушылық танытты. Қосымша сөйлесіп, содан кейін 71 мектепте пилоттық жоба іске қосылды. Бұл әрі қарай міндетті түрде кеңейеді деген кепілдіксіз формат болатын.

WeGlobal Акжол Замбаев

Бізге өнімнің мектепте шынымен де жұмыс істейтінін дәлелдеу маңызды болды. Басынан бастап EdTech-өнім мектептердің, мамандардың, оқушылар мен ата-аналардың нақты сұранысынан туындап дамуы керек деген ұстанымымыз бар еді.

– Бұл нені білдіреді?

– Әуелі нәтиже көрсету керек, содан кейін ғана кеңеюге көшу қажет. Біз өнімді әкімшілік жолмен енгізуге сүйенгіміз келмеді. Мектептермен бірге толық жолдан өткіміз келді: пилот өткізу, шынайы пікір алу, қолдану сценарийін көру және платформаны мамандардың сұранысына қарай жетілдіру маңызды болды.

Пилот кезінде мектептермен өте тығыз жұмыс істедік: директорлармен, психологтармен, кәсіби бағдар мамандарымен, оқушылар және ата-аналармен сөйлестік, пікір жинадық, қиындықтарды анықтап, күн сайын нені жақсарту керегін талқыладық. Үш ай ішінде Түркістан облысының 20 мың шақырымдай жерін аралап шықтым. Мұның бәрі өнімнің қалай жұмыс істейтінін өз көзіммен көру үшін қажет болды.

Кері байланыс әртүрлі болды: бірі жобаны қолдады, енді бірі сыни пікір айтып, жетілдіруге қатысты ұсыныс берді. Біз үшін оның бәрі өте құнды еді. Оқушылардың қажеттілігін түсінуге көмектескен барлық мектептерге, мамандарға және білім беру жүйесінің өкілдеріне алғысымыз шексіз.

– Нәтижесі қандай болды?

– Пилоттық жоба мектептерде мұндай құралдарға шынымен сұраныс бар екенін көрсетті. Кейін ынтымақтастықтың келесі кезеңіне өтіп, Түркістан облысында платформаны кең көлемде енгізе бастадық.

2024 жылдың соңына қарай WeGlobal AI платформасымен шамамен 80 мектеп жұмыс істеді. Кейін олардың саны 1000-нан асты, ал қазір сервис 2000-нан астам мектепке енгізілген. Өнімімізді 1 миллионнан астам оқушы пайдаланады.

Команда да өсті: бастапқыда небәрі 5 адам болсақ, қазір компанияда шамамен 120 қызметкер жұмыс істейді.

«Курс ұнамаса, 10 күн ішінде ақшаны толық қайтарып береміз»

– Жоба қалай табыс табады?

– Біздің негізгі клиенттеріміз — мемлекеттік білім беру мекемелері. Сөйте тұра, платформаны барынша қолжетімді етуге тырысамыз: егер мектепте 100-ден аз бала оқыса, өнімді тегін пайдаланады. Ал қалғандары үшін жазылым құны оқушы санына байланысты есептеледі және жылына 300 мың теңгеден басталады.

WeGlobal Акжол Замбаев

Тек осы төлемге сүйенсек, экономикалық модель аса тартымды болып көрінбейді. Сондықтан WeGlobal AI әу бастан B2B2C және B2G2C платформасы ретінде құрылды. Мектеп біздің шешімді қосады, ал кейін экожүйе ішінде оқушылар мен ата-аналарға қосымша білім беру сервистерін ұсына аламыз. Негізгі табыс көзі — ҰБТ, SAT, IELTS, NUET-ке дайындық, ағылшын тілі курстары және басқа да бағыттар.

Мысалы, оқушы ҰБТ-ның сынақ тестінен өтіп, математикадан білімі әлсіз екенін көреді. Содан кейін тегін сынақ сабағына қатыса алады. Егер формат ұнаса, ата-анасы платформа ішінен толық курсты сатып алады.

– Неліктен дәл осындай модельді таңдадыңыздар?

– Таза B2G немесе B2B – тұрақты модель емес. Егер тек жазылым сатып, соның өзі жеткілікті болады деп ойласаң, нарықтың шектеуіне тез тірелесің. B2G саласында бюджет мәселесі, төлем мерзімі, әртүрлі деңгейдегі шешімдер, саясаттағы өзгерістер секілді белгісіздік өте көп.

WeGlobal Акжол Замбаев

– Оқушылар мен ата-аналар мұндай ұсыныстарды қалай қабылдайды?

– Жалпы, оқушылар мен ата-аналар жақсы қабылдайды. Біз кездейсоқ өнім ұсынбаймыз, нақты оқу сұранысына қарай жұмыс істейміз. Оқушы қай емтиханға дайындалып жүргенін, нені оқығысы келетінін ескереміз.

– Бұл жағдайда табысты болу мүмкін бе? Ата-аналар міндетті түрде курс сатып алады деген кепілдік жоқ қой.

– «Ғаламат» табыс тауып жатқан жоқпыз, бірақ қазірдің өзінде пайдаға шықтық. Бұған көп жағынан клиент тарту құнының төмендеуі әсер етті.

Егер білім беру өнімдерін тікелей сатсаң, бизнес көбіне маркетингке және аудитория тартуға кететін тұрақты шығындарға тәуелді болады. Ал B2B2C/B2G2C моделінде логика сәл өзгеше: платформаны мектептер мен оқушылардың өзі қолданып отырғандықтан, біз өнім сапасы мен NPS-ке (тұтынушы адалдығы индексі – Digital Business ескерт.) көбірек көңіл бөлеміз.

WeGlobal Болат Ашим

Бұл өте маңызды, өйткені жасөспірімдер – өте талапшыл аудитория. Егер өнім ұнамаса, олар сервисті бірден қолдануды тоқтатады және теріс пікірін әлеуметтік желіде де, достары арасында да тез таратады. Біз оқушылардың платформаны жай ғана пайдаланып қоймай, бір-біріне ұсынғанын қалаймыз. Сондықтан бізде мынадай ереже бар: егер курс сәйкес келмесе, 10 күн ішінде төленген ақшаның 100%-ын қайтарып береміз.

«Америка мектептері сапалы софт үшін ақша төлеуге дайын»

– Жобаны қандай қаражатқа бастадыңыздар?

– Бастапқы кезеңде кофаундерім екеуміз жобаға өз қаражатымызды салдық және оны bootstrapping моделімен, яғни сыртқы инвестициясыз дамыттық. Қазірдің өзінде WeGlobal AI негізінен табысты қайта инвестициялау арқылы кеңейіп келеді.

WeGlobal Акжол Замбаев

Біз үшін технологиялық экожүйенің қолдауы да маңызды болды. 2025 жылы Digital Bridge 2025 форумындағы Astana Hub Battle байқауында жеңіске жетіп, $25 мың сыйақы алдық. Сол жылы тағы QazInnovations ұйымынан 9 млн теңге грант ұтып алдық.

Бұдан бөлек, команда Google for Startups қолдауымен Astana Hub аясында өткен Silkway Accelerator бағдарламасынан өтті. Бұл өнімді дамыту тұрғысынан біз үшін өте құнды тәжірибе болды.

Дамуымызға үлес қосқан Astana Hub-қа, QazInnovations-қа, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне алғысымызды білдіреміз.

– Неге венчурлық инвестиция тартпадыңыздар?

– Венчурлық инвестиция тарту туралы ойладық. Бірақ әзірге ірі раундсыз дамуды таңдадық. Бұл көп жағдайда B2G нарығының ерекшелігіне байланысты. Көп инвестор үшін мұндай жобалар тұрақсыздау көрінеді: мемлекеттік саясат өзгеруі мүмкін, ал реттеу тетіктері нарыққа тікелей әсер етеді.

WeGlobal Акжол Замбаев

Жергілікті нарықтың ауқымын да шынайы бағалауға тырысамыз. Егер $1-2 млн көлемінде ірі раунд көтерсең, инвесторлар компания құнының бірнеше есе өсуін күтеді. Ал Қазақстанның өзінде құны жүздеген миллион долларға жететін компания құру жаһандық нарыққа қарағанда әлдеқайда қиын.

Сондықтан қазір тұрақты өсім мен табыстылыққа басымдық беріп отырмыз. Ал үлкен халықаралық нарықтарға, соның ішінде ең алдымен АҚШ-қа шыққанда инвестиция тарту қажет болады. Онда капиталсыз ауқымды тез кеңейту мүмкін емес.

– Неге көрші елдерден емес, АҚШ-тан бастадыңыздар?

– Әртүрлі нарықты зерттедік. Мысалы, Өзбекстанды қарастырдық. Мен ол жақта шамамен үш ай болып, білім беру жүйесінің өкілдерімен сөйлестім. Ол нарық орталықтандырылған, сондықтан жүйелі деңгейде ұзақ мерзімді байланыс орнату қажет.

MENA аймағындағы елдерді де талдадық. Ол жақта да жағдай күрделі: әр мемлекеттің өз білім беру жүйесі, жеке реттеушілері, балалар дерегін сақтау талаптары және сатып алу тетіктері бар.

WeGlobal Акжол Замбаев Ашим Болат

Соңында АҚШ нарығына назар аударуды жөн көрдік. Қазір ол жақта мектеп оқушыларының психикалық денсаулығы білім беру жүйесіндегі негізгі тақырыптардың біріне айналған. Нарықта ірі ойыншылар мен миллиардтаған долларлық компаниялар болғанына қарамастан, бұл сегмент әлі де өте үлкен әрі өсіп келеді.

Одан бөлек, Америка мектептері сапалы софт үшін Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда көп төлеуге дайын. Бұл WeGlobal AI-ды тек қосымша білім беру сервистері арқылы емес, классикалық жазылым моделіндегі SaaS-бизнес ретінде дамытуға мүмкіндік береді.

Қазір біздің міндетіміз – нарықты тереңірек зерттеу: әлеуетті клиенттермен сұхбат өткізу, пилоттық жобаларды іске қосу және мектептермен тікелей жұмыс істеу. Сонымен бірге икемділікті сақтап отырмыз және қажет болса, өнімді АҚШ аудиториясының сұранысына бейімдеуге, тіпті толық өзгертуге де дайынбыз.

– Америка нарығына шығу үшін бүгінге дейін не істедіңіздер?

– Өнімнің бөлек нұсқасын дайындап қойдық және әлеуетті клиенттер мен серіктестермен келіссөздерді бастап кеттік. Жақын арада Сан-Францискоға барамыз. Команда Назарбаев Университеті экожүйесінің қолдауымен StartX акселераторына іріктеуден өтті. Бұл – Stanford University жанындағы акселератор.

Болат Ашим WeGlobal

Сонымен қатар Y Combinator акселераторына өтуге тырысып, сұхбат кезеңіне дейін жеттік. Сол жерде қызық пікір естідік. Олар бізге тікелей: «Сіздерді Америкада күтеміз. Кем дегенде пилот деңгейінде нәтиже көрсетсеңіздер, әрі қарай қиын болмайды», – деді.

– Сіздер Ұлыбританиядағы BETT UK білім көрмесіне қатысып, британ мектептерімен келіссөз бастадыңыздар. Қазір ол қалай жүріп жатыр?

– Ұлыбританияда мектеп оқушыларының әл-ауқаты мен қолдауына қатысты IT-жобаларды іске қосу үшін бірнеше реттеуші рәсімнен өту керек. Бұл ұзақ процесс. Қазір серіктестік пен академиялық ынтымақтастық арқылы байланыс орнатып жатырмыз. Атап айтқанда, 20 жылдық тәжірибесі бар Мина Фазельмен жұмыс істеп жатырмыз. Ол Оксфорд университеті жанындағы балалар мен жасөспірімдер психиатриясының профессоры. Бірлесіп Қазақстандағы балалардың психологиялық жағдайына қатысты ауқымды зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оған елдің барлық 20 өңірінен 10 мыңнан астам оқушы қатысады.

Акжол Замбаев WeGlobal

– WeGlobal-дың биылғы жоспары қандай?

– Қазақстандағы ауқымды кеңейтуді жалғастырамыз. Өнім сапасына назар аудара отырып, жергілікті нарықтағы позициямызды күшейтеміз. Ал халықаралық бағыттағы негізгі міндет – алғашқы пилоттық жобалар мен сатылымдарға көшу. Әуелі АҚШ нарығында орнығып, содан кейін Ұлыбританияға шығуды жоспарлап отырмыз.