Екі қазақ жігіті дәрігерден небәрі 1000 теңгеге кеңес алуға болатын сервис құрды. Ол қалай жұмыс істейді

Freedom Broker Freedom Broker О редакции О редакции
Дата публикации: 24.12.2025, 12:32
2025-12-24T12:32:41+05:00
Екі қазақ жігіті дәрігерден небәрі 1000 теңгеге кеңес алуға болатын сервис құрды. Ол қалай жұмыс істейді

Нұрәли Исмағұлов бизнес-серіктесімен бірге 1,5 жылдан бері Қазақстанда телефондағы цифрлық медициналық клиника — Metaclinic.kz сервисін дамытып жатыр. 2025 жылдың жазында жоба $2 млн-ға бағаланып, $150 мың инвестиция тартты.

Digital Business пен Astana Hub бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Нұрәли қазақстандықтар неге онлайн-медицинаны жиі таңдайтыны, платформада қандай дәрігерлер бар және қайсысына сұраныс жоғары екені, сондай-ақ жасанды интеллект отандық денсаулық сақтау саласына қалай көмектесе алатыны туралы айтып берді.

«Дәрігер мұндайға әкімшілік жазалайтынын айтты»

— Бастапқыда жалдамалы жұмыста істедім: бірнеше жыл бойы UMC медицина орталықтары желісінде маркетинг бөлімін басқардым, кейін Beeline Қазақстанға ауысып, e-commerce бағытына жауапты болдым.

Цифрлық клиника идеясын өз қажеттілігімнен туған дүние деп айтар едім. Созылмалы ауруларым бар, сондықтан өзім де, жақындарым да жиі дәрігерге қаралуға мәжбүр болдық. Бірде дәрігерден WhatsApp арқылы кеңес алуға бола ма деп сұрадым: ол келісті, бірақ мұндайға аурухана әкімшілігі жазалайтынын ескертіп қойды.

 

Сөйтіп, дәрігерлердің онлайн-консультациясын заңдастыру идеясы туды. Оның үстіне, менде телемедицинаны енгізу тәжірибесі 2018 жылы болған, бірақ ол кезде нарық та, заңнама да мұндай шешімдерге дайын емес еді. Қазір жағдай өзгерді, сондықтан компанияны іске қосып, Astana Hub-тың қатысушысы ретінде тіркелдік.

— Жобаның негізін қалаушы кім? Командаңыз үлкен бе?

— Кофаундер екеуміз, екеуміз де коммерциялық медицина саласынанбыз. Менің тәжірибем цифрлық бизнес құру, маркетинг және өнім жасап шығару бағытында. Ал әріптесім медициналық басқаруға және клиникалық үдерістерді жолға қоюға жауапты, өйткені біздің өзіміздің офлайн-клиникамыз бар.

Жоба командасы 6 адамнан тұрады. Ресми мәртебесіне немесе төлем шарттарына қарамастан, барлық мамандар, соның ішінде әзірлеушілер де, іс жүзінде уақытының басым бөлігінде бізге in-house бөлім сияқты жұмыс істейді.

Әрине, бұл жеткіліксіз, кеңею керек, жаңа адамдар алу керек. Аутсорс форматы да онша ұнамайды. Бірақ стартаптың қазіргі кезеңінде осылай істеуге негіз бар: сырттан тартылған мамандар арзанырақ және жоспарлаған дүниені жылдам жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«1000 теңгеге 15 минут консультация алуға болады»

— Metaclinic қалай жұмыс істейді? Мысалы, мен дәрігерден кеңес алғым келсе, не істеймін?

metaclinic.kz сайтына кіріп, мазалайтын сұраққа қарай маманды таңдау керек. Егер мәселе түсініксіз болса, алдымен жалпы практика дәрігері — терапевтке жүгінген дұрыс.

Қолданушыларға ыңғайлы болсын деп кезекші терапевт немесе педиатрмен 15 минут консультацияны небәрі 1000 теңгеге қойдық. Дәрігерлер консультацияға жазылғаннан кейін шамамен 10 минут ішінде байланысқа шығады. Қалыпты онлайн-қабылдау дәрігердің бағыты мен біліктілігіне қарай орташа есеппен 5-10 мың теңге тұрады.

Нурали Исмагулов, Metaclinic.kz

Яғни жұмыс істеу жүйесі былай: пациент өзі таңдайтын дәрігерді және қолайлы уақытты белгілейді, консультацияны төлейді де, белгіленген уақытта байланысқа шығады. Қарап болғаннан кейін маман ресми медициналық қорытынды жібере алады. Осы арқылы біздің өнім толыққанды қашықтан көрсетілетін медициналық қызметке айналады.

Metaclinic-тің басты артықшылығы да осында: барлық дәрігердің сертификаттары өзекті, ал олар қызмет көрсететін серіктес клиникалардың лицензиясы бар. Біз принцип бойынша жеке дара кеңес беретін фриланс-дәрігерлермен жұмыс істемейміз. Сертификаты жаңартылмаған дәрігер мен лицензиясы жоқ медицина мекемесінің қызметі заңсыз.

— Консультациялар тек бір реттік пе?

— Жуырда жазылым жүйесін іске қостық. Таңдалған тариф шеңберінде клиент пен оның отбасы мүшелері белгілі бір дәрежеде дәрігерлерге қол жеткізе алады. Мысалы, айына 12 мың теңге тұратын стандартты пакетте 1 бала мен 1 ересекке кезекші дәрігерлерден лимитсіз кеңес және сала маманының консультациясы беріледі.

Жазылымның пайда болуына пациенттердің өзі себеп болды. Үнемі дәрігерге жүгінетін адамдар әр жолы карта деректерін толтыра бермей, алдын ала төлейтін мүмкіндік сұрады.

Бізде корпоративтік тарифтер де бар. Бұл — сол жазылымның өзі, бірақ оны компания төлейді. Медициналық сақтандыруға ұқсайды және клиникаларға тікелей бару мүмкіндігі жоқ қашықтан немесе вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлері бар компаниялар үшін жақсы амал.

Нурали Исмагулов, Metaclinic.kz

— Metaclinic қалай табыс табады? Жоба өзін ақтап жатыр ма?

— Біз бір реттік консультациядан және жазылымнан комиссия аламыз. Екі бағытта да юнит-экономика оң нәтиже көрсетіп тұр. Нақты сандарын айта алмаймын, себебі жаңа серіктестер қосылғаннан кейін көрсеткіштер үнемі өзгеріп жатыр. Бірақ өз күшімізбен дамып жүрген кезеңнің өзінде нарықтағы бенчмарктарға жете алдық: клиентті тарту құны біз одан алатын табыстан бірнеше есе төмен болды, оған дәрігерлерге төленетін ақы мен операциялық шығындар да кіреді.

Бір ай бұрын жоба өз шығынын өзі өтейтін деңгейге жетті. Енді ағымдағы шығындарды жауып отырғандықтан, жаңа кіріс құрылымын ескере отырып алты ай ішінде табысқа шығуды мақсат етіп қойдық.

«Ауылдағы тәжірибелі дәрігер бір айдың ішінде табысын екі есе арттырды»

— Дәрігер платформаға қалай қосылады?

— Дәрігерден өтініш түскеннен кейін біз қатаң комплаенс тексерісін жүргіземіз: дипломын қараймыз, ал сертификатының жарамдылығын E-license порталынан тексереміз, оның кәсіби қызметі Қазақстан заңнамасына сай ма, соны анықтаймыз. Бұдан кейін құжаттарды онлайн рәсімдеп, серіктес клиника арқылы келісімшартқа қол қоямыз.

Құжаттар дайын болған соң дәрігер оқыту кезеңіне өтеді. Маман пациенттерге кеңес беруге кіріспес бұрын, біз оны стандарттармен таныстырамыз және тесттік қоңырау жасаймыз. Біздің қызметкерлер де, «жасырын пациенттер» де телефон шалуы мүмкін. Осы кезеңде барлық көрсеткіштерді мұқият қадағалаймыз: дәрігер қаншалықты жылдам қосылды, қабылдау қанша уақытқа созылды, соңында қандай баға алды. Осы кезеңнен сүрінбей өткен маман ғана ресми түрде пациенттерді қабылдай бастайды.

Нурали Исмагулов, Metaclinic.kz

Әрі қарай дәрігер бос уақыт слоттарын қойып, адамдарды қабылдай алады. Кестесі мен қабылдау бағасын дәрігердің өзі белгілейді. Сонымен қатар бізде кезекші дәрігерлер бар: олар уақыт үшін бекітілген төлем және әр консультация үшін бонус алады. Мұндай мамандар нақты кестемен жұмыс істейді, бұл бізге SLA-ны ( Service Level Agreement – қызмет көрсету деңгейі – Digital Business ескерт.) сақтау және пациентке 10 минут ішінде кеңес береді деп кепілдендіруге мүмкіндік береді.

— Дәрігерге онлайн кеңес берудің қандай қажеті бар?

— Басты мотивация — табыс және оның ашықтығы. Metaclinic арқылы дәрігер ешқандай бюрократия мен түрлі төлемдерді уайымдамай, заңды түрде кеңес бере алады. Барлық рәсімдер мен салықтарды серіктес клиника өзі реттейді.

Офлайнда дәрігердің табысы төмендеу, себебі қызмет құнына ғимарат жалдау, әкімшілік және операциялық шығындар кіреді. Ал онлайнда мұндай шығындар жоқ, сондықтан дәрігердің алатын үлесі жоғары.

Бұдан бөлек, біздің дәрігерлердің төрттен бірі — декреттегі әйелдер. Олар клиникаға шыға алмайды, бірақ біліктілігін де, табысын да жоғалтқысы келмейді. Қашықтан жұмыс форматы олар үшін өте қолайлы. Мысалы, кейбір дәрігерлер онлайн жұмысқа аптасына бір-ақ сағат — екі 30 минуттық слот бөледі.

Бізде ерекше әсер қалдырған бірнеше жағдай болды. Солардың бірі — алыс ауылда тұратын егде жастағы дәрігер. Платформаға қосылғаннан кейін ол бір айдың ішінде табысын екі еседен астам арттырды. Бұл — керемет нәтиже. Көп жағдайда біз тек құрғақ статистиканы көреміз, ал бұл жерде адам арнайы хабарласып, алғысын айтты. Мұндай жағдайлар шабыт береді, өйткені біздің қызмет тіпті жасы үлкен мамандарға да түсінікті әрі ыңғайлы екенін түсінеміз.

Нурали Исмагулов, Metaclinic.kz

— Metaclinic арқылы қанша дәрігер жұмыс істейді? Платформаның өсуіне көңіліңіз тола ма?  

— Қазір базада шамамен 370 дәрігер бар, оның ішінде күн сайын белсенді қабылдау жүргізетіндері — 100 бен 150 арасы. Осы уақытқа дейін біздің сервисті 3 мыңнан астам пациент пайдаланған.

Өсу динамикасына келсек, шын айтайын: жаңа дәрігерлерді тарту қарқыны әзірге біз күткеннен төмен. Бірақ бұл — саналы түрде жасалған таңдау. Соңғы жарты жылда сан қумай, тиімділікке жұмыс істеп келеміз, ал бұл бағытта көрсеткіштер өте жақсы. Біз үшін ең маңызды метрика — LTV (қызметті пайдалану мерзіміндегі құндылық) өсіп жатыр. Қазір біздің мақсат — жаңа маман немесе пациент ғана тарту емес, келген адамды платформада ұзақ ұстап, тұрақты табыс әкелуіне мүмкіндік жасау.

«Адамдардың денсаулыққа уақыт бөлуге шамасы жоқ»

— Қазақстанда адамдарды емдеу бағытында өсу әлеуеті бар деп ойлайсыз ба?

— Әрине. Бұл тікелей урбанизацияға байланысты: қалада тұратын адамның кептеліс пен тығыз кесте салдарынан бос уақыты барған сайын азайып келеді.

Екінші фактор — қазақстандықтардың өмірін жеңілдетіп жатқан цифрлық сервистердің жалпы өсуі. Бұл әсер барлық салаға таралып отыр, оның ішінде медицинада да жақсартуды қажет ететін тұстар өте көп. Міндетті сақтандыру жүйесін немесе мемлекеттік поликлиникаларды айтпағанның өзінде, жеке медицинада да клиент тәжірибесі жағынан әлі талай жұмыс бар.

Нурали Исмагулов, Metaclinic.kz

— Қазақстандықтар экранның ар жағындағы дәрігерге сене ме?

— Адам әртүрлі. Онлайн-сервис қалай жұмыс істейтінін егде адамға түсіндіру қала жастарына қарағанда әлдеқайда қиын.

Стартап ретінде біз алдымен дайын аудиторияны, яғни бізді қолдаушы әрі белсенді қолданушы болатын адамдарды тартқымыз келеді. Біз үшін арзанға шығады. Себебі әзірге ұзақ түсіндіруді қажет ететін «қымбат» клиент тартуға мүмкіндік жоқ. Бірақ нарықты оқыту: әрі дәрігерлерді, әрі пациенттерді үйрету — біздің мойнымыздағы жұмыс екенін түсінемін.

Және қуантатыны — бұл үдерісте жалғыз емеспіз. Қазір осындай бағыттағы стартаптар, түрлі сервистер көбейіп жатыр, тіпті мемлекеттік пилоттар да іске қосылуда. Қазір оларды бәсекелес деп қабылдамаймыз, нарықтағы үлеске таласатындар деп те көрмейміз. Керісінше, барлығымыз бірге цифрлық медицина нарығын қалыптастырып, дамытып жатырмыз. Әрбір жаңа жоба осы процестегі қатысушыларды оқытуға және қазақстандықтардың онлайн-емделуге дағдылануына көмектеседі.

Айтпақшы, мамандармен мәселе аз. Пандемияның арқасында көп дәрігер онлайн-консультация дегеннің не екенін біледі, бірақ көбісі оны заңсыз жүргізеді. Сондықтан олар Metaclinic қалай жұмыс істейтінін тез түсінеді және платформаға қуана-қуана қосылып жатыр.

Нурали Исмагулов, Metaclinic.kz

— Адамдарды онлайн медицинаға жүгінуге не ынталандырады?

— Ең басты себеп — уақыт тапшылығы. Қызығы, бастапқыда біз негізгі фактор қашықтық болады деп ойладық. Бірақ статистика керісінше нәтиже көрсетті: клиенттеріміздің басым бөлігі — қала тұрғындары. Олардың баратын емханасы бар, бірақ денсаулыққа қарайтын уақыты жоқ. Адам сырқаттанған кезде, оған дәл сол сәтте жедел көмек керек.

Соның ішінде, кішкентай баласы бар аналар. Оларға үйден шығу қиын немесе мүлдем мүмкін емес. Онлайн-консультация соларға өте қолайлы.

Үшінші сценарий — гибридті, яғни пациент офлайннан онлайнға ауысады. Мысалы, сіз дәрігерге барып келдіңіз, бірақ қайта қаралу қажет емес, тек бірдеңені нақтылау керек немесе талдау нәтижесін түсіндіруді сұрау қажет. Мұны онлайн жасай беруге болады. Консультациялардың көп бөлігі терапевттер мен педиатрларға тиесілі, яғни адамдар алдымен жалпы сұрақтармен келеді.

«Цифрлық емхана қызметі ірі экожүйелерге жақсы бейімделеді»

— Metaclinic-ті қалай жарнамалап жатырсыздар?

— Пациент тартуда біз үш негізгі арнаны бөліп көрсетеміз. Біріншісі — бізбен жұмыс істейтін дәрігерлер. Бір жылдың ішінде біз сервисті үнемі пайдаланатын мамандар пулын қалыптастырдық. Олар пациенттерін қайта қабылдауға платформамыз арқылы жазылуға ынталандырады және, мысалы, аптасына бір күнді толығымен біз арқылы қашықтан жұмыс істеуге арнап отырады.

Екінші арна — классикалық маркетинг құралдары: Google-дағы контекстік жарнама, таргетинг. Жарнаманы ірі қалаларда да, алыс аймақтарда да сынап көріп жатырмыз.

Нурали Исмагулов, Metaclinic.kz

Үшінші, қазір біз үшін өте маңызды бағыт — серіктес желілер. Жуырда бір телеком-оператормен интеграцияны аяқтадық, енді біздің сервис олардың қосымшасының ішінде қолжетімді, сол жерден дәрігерден онлайн-консультация алуға болады.

Қазір фитнес индустриясындағы ірі серіктеспен келіссөз аяқталуға жақын. Олар өз өнім желісіне медициналық қызметті қосуды қалайды. Жалпы нарықтан осындай серіктестікке деген сұранысты анық байқадық. Қазақстандағы цифрлық өнім ұсынатын компанияларға экожүйелік шешімдер қажет болып отыр.

— Серіктестіктен не аласыздар?

— Бірінші мақсат — аудиторияны кеңейту және өнімнің құндылығын мақсатты клиенттерге дұрыс жеткізу. Екінші — стратегиялық мақсат. Цифрлық емхана қызметі үлкен экожүйелерге өте жақсы үйлесетінін көріп отырмыз. Бұған қоса, серіктестіктердің арқасында мүлде жаңа өнімдер пайда болады. Мысалы, біздің онлайн-медициналық консультацияларға фитнес-клубқа бару мүмкіндігін қоса аламыз.

«Жақын уақытта Өзбекстан нарығын сынап көреміз»

— Стартапқа жалпы қанша ақша салдыңыздар? 

— Соңғы инвестициялық раундты жазда жаптық: $2 млн-ға бағалана отырып, $150 мың тарттық. Жалпы есепте қазірдің өзінде шамамен $250 мың жинадық.

Соңғы раундта алған қаржының едәуір бөлігі серіктестермен интеграцияға дайындалу үшін техникалық команданы кеңейтуге жұмсалды.

Нурали Исмагулов, Metaclinic.kz

Ендігі инвестиция дәрігерге және пациентке арналған екі бөлек қосымша жасауға кетеді. Бұған тәжірибе барысында келдік. Себебі дәрігерлерге компьютердегі веб-нұсқа жеткіліксіз болып шықты, көптеген маманға мобильдік формат қажет екен. Қазіргі нұсқаны тез бейімдедік, бірақ толыққанды жеке қосымша әзірлеу жоспарда бар.

— Жаңа инвестиция іздеп жатырсыздар ма?

— Иә, бірақ дамудың екі стратегиялық бағыты бар. Біріншісі — B2B сегментіне шығу. Үлкен медициналық клиникалар тарапынан терең интеграция сұранысы бар: олар таза телемедицинаның аясынан шығып, оны офлайн-қабылдаумен байланыстыруды қалайды.

Екінші сценарий — жасанды интеллект және платформада жиналып жатқан үлкен көлемдегі деректерді өңдеу. Барлығын егжей-тегжейлі айта алмаймын, бірақ жалпы айтқанда, ЖИ-ды дәрігерге емес, тұтас медициналық орталыққа арналған көмекші ретінде қолдануға болады.

Қазір екі бағытты да сынап көріп жатырмыз, әрі болашақ инвестиция осы тесттердің нәтижесіне тікелей байланысты болады.

Нурали Исмагулов, Metaclinic.kz

—  Басқа нарықтарға шығу туралы қандай ойыңыз бар?

— Алдағы уақытта Өзбекстан нарығын сынап көреміз. Бұл бастама сырттан келді. Ірі экожүйе ойыншыларының бірі бізді бірлескен пилотқа серіктес ретінде шақырды. Қазір осы процесті барынша тез әрі тиімді іске қосудың жолдарын зерттеп жатырмыз.

Бірақ біздің негізгі фокус — Қазақстан. Қазіргі кезеңде осында өсіп, өнімнің сапасын жақсарту маңызды.

 — Metaclinic жобасының орта және ұзақ мерзімді болашағын қалай елестетесіз?

— Стартап қай бағытта дамымасын, басты назарда әрдайым бір мәселе тұрады, ол — Metaclinic платформасындағы пациенттер алатын медициналық көмектің сапасы. Сол себепті қазір дәрігерлердің клиникалық шешімдерінің сапасын жасанды интеллект арқылы бақылап көруге тырысып жатырмыз. ЖИ ұлттық клиникалық хаттамалар мен халықаралық клиникалық ұсынымдарға сүйене отырып, дәрігерлер қабылдаған шешімдерді талдайтын болады.