Қазақ қызы дрондарды ой күшімен басқарудың амалын тапты. Оның стартапы АҚШ-та сынақтан өтіп жатыр
Дара Түменбаева – Алматының тумасы. Бірнеше жыл бойы шетелде жұмыс істеп, жасанды интеллектке қатысты жеке жобаларын іске қосты. Ал биыл Black Swan атты стартапты құрды. Команда ми сигналдары мен қол қимылы арқылы дрондарды басқаруға мүмкіндік беретін құрылғы жасап жатыр. Өнім қазірдің өзінде ивент-салада қолданылып жүр, бірақ басты мақсат – АҚШ-тағы мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарына қол жеткізу.
Digital Business пен Astana Hub бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап-тарихы» жобасы аясында Дара не себепті медицина саласынан DefenceTech-ке бет бұрғанын, нейрошлемнің ойды қалай «оқитынын» және стартап не үшін дрон жарысын ұйымдастыратынын айтып берді.
«Ештеңе болмағандай көз жұмып отыру – баланың ұстанымы»
– Black Swan-ды бастамай тұрып немен айналыстыңыз?
– Инженер-әзірлеуші ретінде мансап құрдым. Малайзияда оқыдым, Азия мен Еуропада жұмыс істедім, Испаниядағы Amazon компаниясында еңбек еттім. Сонымен қатар өз жобаларым болды. Мысалы, дерматология және эстетика медицинасы саласындағы Doro AI стартапын іске қостым. АҚШ, Латын Америкасы және Аустралиядағы клиникалармен жұмыс істедік.
Ол кезде косметологиялық процедуралардан кейін адамның қалай көрінетінін алдын ала көрсетуге мүмкіндік беретін платформа жасадық. Біздің әдеттегі клиентіміз – ботоксты көп салдырған, соған қарамастан сырт келбетін одан әрі «жақсартудың» жаңа жолдарын іздеп жүрген адам еді.
Бір сәтте бұл жобаның мені таңертең оятатын мәні жоқ екенін түсіндім. Стартаптың трекшні болды, клиенттері де, табысы да бар еді. Бірақ өзімнің шынымен маңызды бір іспен айналысып жүргенімді сезінбедім. Мен – дәрігердің қызымын, адамға нақты пайда тигізу мен үшін әрдайым маңызды болған. Ал Doro AI-де тек сырт келбетке басымдық берілді.
Содан кейін әрі қарай қай бағытта қозғалатынымды ойлай бастадым, түрлі салаларды қарастырдым.
– Келесі жобадан не іздедіңіз?
– Адамның күйін тереңірек түсінуге көмектесетін технологиялар: зейін деңгейі, күйзеліс, назар қызықтырды. Бұл қызығушылық жеке тәжірибемнен де туды: депрессия мен себепсіз үрейді бастан өткеріп, мидың қалай жұмыс істейтінін зерттедім. Сөйтіп инвазивті емес нейротехнологияларға, яғни нейроинтерфейстерге назар аудардым. Бұл – ота жасамай-ақ, мидың сигналдарын сырттан оқитын құрылғылар.
Қарапайым тілмен айтсақ, басыңа сенсорлары бар арнайы құрылғы киіледі. Ол ойды тура мағынасында «оқымайды», тек адамның қандай күйде екенін: зейін қойып отыр ма, алаңдаулы ма, босаңсыған ба, әлде назары басқа жаққа ауып отыр ма, соны анықтайды.
Осы деректерді талдап, тәжірибеде мысалы, батырма мен джойстиксіз-ақ құрылғыларды басқару үшін қолдануға болады. Сырт көзге бұл «ой күшімен қозғалу» сияқты көрінеді, ал шын мәнінде жүйке жүйеміз тарататын толқындарды тану туралы сөз болып отыр.
Осылайша Black Swan идеясы пайда болды. Бұл – әскери жағдайларда техниканы басқару үшін нейроинтерфейстерді қолданатын стартап. Ең алдымен FPV-дрондар туралы айтып отырмыз (First Person View – бірінші тұлға режиміндегі камерасы бар ұшқышсыз аппараттар – Digital Business ескерт.).
– Эстетика медицинасынан құндылықтар сәйкес келмегендіктен бас тартқаныңызды айттыңыз. Ал әскери индустрия этикалық тұрғыдан одан да даулы сала емес пе?
– Мен DefenceTech-ті саналы түрде таңдадым. Бұл – қорғаныс пен қауіпсіздікке арналған технологиялар. Олардың мақсаты – агрессияны күшейту емес, қателік ықтималдығын азайтып, адамдардың қауіпсіздігін арттыру және жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Бұрын саясаттан және оған қатыстының бәрінен аулақ жүруге тырысатынмын. Бірақ бір кезде мұның балалық ұстаным екенін түсіндім. Көзді жұмып, мәселе жоқ сияқты кейіп таныту оңай. Ал әлемде қандай қақтығыстар болып жатқанын және олардың не себепті туындайтынын түсіну әлдеқайда маңызды. Мұнда бейтарап болу мүмкін емес. Мен өз таңдауымды жасадым. Наурыз айында сарапшылармен белсенді жұмыс басталып, өнімнің алғашқы нұсқасын құрастыруға кірістік.
Black Swan командасы нейроинтерфейстің жұмыс істейтін прототипін шамамен бір айда жинады. Дайын BCI-сенсорларды (мидың электрлі белсенділігін бас терісінен оқитын датчиктер – Digital Business ескерт.) алып, соның негізінде дрондарға тікелей қосуға болатын өзіміздің нейрошлемді жасадық. Одан кейін ең күрделі кезең басталды. Жүйені ми сигналдары мен адамның күйін дұрыс түсініп, оны техникаға түсінікті командаларға айналдыратындай етіп үйрету керек. Бұл оңай болған жоқ: «темірге» қатысты жобалар бағдарламалық өнімдерге қарағанда қашанда күрделірек. Көп нәрсе бір жасағаннан шықпады, жабдықты қайта-қайта өзгертіп, дәлдеуге тура келді. Процесс барысында тіпті бірнеше дронды сындырып та алдық.
«Ешкімге бұл жолды таңдауға кеңес бермеймін»
– Дрондарды әдеттегідей басқарудың қандай шектеулері бар және осы тұста Black Swan пилоттарға қалай көмектеседі?
– Оператор экраннан бейнені ұшатын аппараттың ішінде отырғандай көріп отырады. Экранға бар зейінімен қадалып отырған дрон пилоты кез келген сәтте өрескел қате жіберуі мүмкін. Бұл мәселе әсіресе VR-көзілдірік қолданғанда анық байқалады. Сол кезде адам өз қолын да, түймелерді де көрмей қалады. Командаларды шатастырып алу, дұрыс емес жерді басу, бағдарынан айырылу, контроллерді түсіріп алу немесе тіпті өзі де құлап қалуы оңай.
Әскерде мұның салдары тіпті ауыр. Әртүрлі зерттеулерге сүйенсек, ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметкерлердің едәуір бөлігі Post-Traumatic Stress Disorder-ға (посттравмалық күйзеліске – Digital Business ескерт.) тап болады. Ал пилот үнемі қысым жағдайында, секундтар ішінде шешім қабылдайды. Кез келген қателік өзінің ғана емес, өзгелердің де өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Сондықтан басқаруды ми сигналдарына немесе сенсорлық әрі ым-ишараға негізделген интерфейстерге көшіру әлдеқайда қауіпсіз әрі дәл. Біздің нейрошлем мен арнайы білезіктеріміз дәл осыны қамтамасыз етеді.
– Құрылғыңыз несімен ерекше?
– Шын мәнінде, инвазивті емес нейротехнологиялар он жылдан астам уақыттан бері бар. Сырттай олар сенсорлары бар жеңіл нейрошлем, бас таңғышы немесе шеңбер секілді көрінеді. Бұл сенсорлар тері арқылы мидың электрлік белсенділігін тіркейді. Мұндай технологиялар медицинада депрессиямен, мазасыздықпен, ұйқы қашу проблемасымен жұмыс істеу үшін, сондай-ақ жарақаттан кейінгі оңалтуда қолданылады. Екінші ірі бағыт – спорт пен eSports. Мұнда нейроинтерфейстер зейінді, реакцияны және қысым жағдайында жұмыс істеу қабілетін жаттықтыру үшін пайдаланылады.
Бірақ мәселе мынада: соңғы уақытқа дейін мұндай шешімдер негізінен тек зертханалық жағдайда тұрақты жұмыс істейтін. Адам қозғала бастағанда, шулы ортаға шыққанда немесе күйзеліске түскенде сигнал бұрмаланып кететін. Сондықтан Neuralink пен Synchron секілді танымал стартаптардың көбі инвазивті шешімдерге, яғни миға хирургиялық жолмен енгізілетін импланттарға бет бұрды.
Біз «таза ойды оқуға» тырысқан жоқпыз, керісінше адамның ниетін тануға мән бердік. Ми сигналдарын дене қимылымен және адамның жалпы күйімен біріктіреміз, ал жасанды интеллект осының бәрін біртұтас басқару моделіне жинайды. Соның арқасында нейроинтерфейс зертханадан тыс, шынайы ортада да тұрақты жұмыс істей бастайды.
Black Swan – аппараттық стартап. Бірақ біз нейрошлемді нөлден ойлап таппаймыз. Қолда бар құрылғылармен жұмыс істеп, «темірді» нақты сценарийлерге бейімдеп, баптаймыз. Ал әзірлемедегі ең басты бөлік – AI-үлгі. Дәл осы модель нейросигналдарды, дене қимылын және адамның күйін бір басқару жүйесіне біріктіреді.
– Іс жүзінде бұл қалай көрінеді?
– Шынайы өмірдегі телекинез сияқты. Бірақ ешқандай сиқыр жоқ, бұл ғылым: адам барынша зейін қойған кезде мида жоғары жиілікті толқындар басым болады. Жүйе соны тіркейді де, дрон қозғала бастайды. Ал зейін шашырай салысымен, жүйе оны да байқайды, сол кезде дрон тоқтайды.
Қол қимылдары басқарудың қосымша деңгейі ретінде қолданылады. Білектегі сенсорлар қолды бұру, қозғалыс бағыты, алақанды қысу немесе жазу сияқты қарапайым әрі интуитивті әрекеттерді оқиды.
95 пайызында дрон оператор ойлағандай әрекет етеді: тоқтайды, қозғалысты жалғастырады немесе қажетті команданы қатесіз орындайды. Қалған 5 пайызда команда орындалмайды, себебі жүйе зейіннің жеткіліксіз екенін, кенет күйзелісті немесе сигналдағы «шуды» анықтап, дронды қауіпсіз режимге ауыстырады. Көбіне бұл – тоқтау немесе орнын ұстап тұру деген сөз. Мұны болдырмай үшін AI-модельдің дәлдігін әлі де жетілдіріп жатырмыз.
– Өнімді қолданып жатқандар бар ма?
– Қазір технологияны пилоттық режимде сынап жатқан 5 клиентіміз бар. Мысалы, бір қыз құрылғыны роботтар жекпе-жегін ұйымдастыру үшін сатып алып отыр. Тағы біреулер іс-шараларда дрон арқылы түсірілімді басқарумен айналысады.
Сан-Францискода ұшқышсыз дрондар жарысын тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Қатысушылар кезек-кезек нейрошлем киіп, дронды зейінін шоғырландыру арқылы басқарады: адам фокус күйінде тұрса – дрон қозғалады, ал көңілі бөлінсе – тоқтайды.
Соңғы іс-шараға 30 адам қатысты, шамамен $5 мың табыс таптық. Маңызды жайт, біз мұны ұйымдастырумен айналыспаймыз. Барлық операциялық жұмысты мойнына алатын мықты серіктесіміз бар.
— Көңіл көтеру форматындағы жарыстардың қорғаныс саласына қатысы қандай?
– Ивенттер бізге модельді үйрету үшін қажет деректер береді. Шын мәнінде, әрбір жарыс – технологиямызға арналған жаттығу алаңы. Қазірдің өзінде әртүрлі адамдан жиналған мыңға жуық нейродерек жазбамыз бар. Солар арқылы технологияны қалай дамыту және ауқымын кеңейту керегін түсінеміз.
Дегенмен, жобаның негізгі бағыты – DefenseTech және қорғаныс пен мемлекеттік тапсырыс берушілермен жұмыс.
– Қорғаныс министрліктері кез келген елде жабық құрылым. Олармен қалай байланыс орнатып жатырсыздар?
– Шынымды айтсам, мүмкін еместей көрінеді. АҚШ-тағы мемлекеттік қорғаныс ұйымдары шетелдік құрылтайшылармен өте сирек жұмыс істейді. Нақты екі ғана жол бар: сенде ешкімде жоқ, аса маңызды бірегей технология болуы керек немесе жүйенің ішінде сенетін адамдарың болуы тиіс.
Біздің командада бұрын әскери қызметте болған маман бар. Қазір ол Вашингтонда, АҚШ-тың негізгі қорғаныс құрылымдарымен байланыс орнатуға көмектесіп жүр. Соған қарамастан сенім деңгейі өте төмен. Сондықтан басты міндет – технологияны жай ғана көрсету емес, қарым-қатынас құру. Бұл – уақытты, беделді және жаныңда дұрыс адамдарды талап ететін ұзақ жол. Алғашқы келісімшартқа дейін кемінде 2-3 жыл өтеді деп ойлаймын.
Ешкімге бұл жолды таңдауға кеңес бермеймін. Өте қиын, тәуекелі көп және үлкен төзімді қажет етеді.
– Осы ұйымдарға қандай бірегей шешім ұсына аласыздар?
– Біздің ерекшелігіміз — деректерде және жүйені адамның мінез-құлқын шынайы, шулы әрі күйзеліс жағдайындағы ортада қалай дұрыс түсіндіруге үйретуімізде. Бұл әртүрлі құрылғыларды басқару да, күрделі техниканы игеру де болуы мүмкін. Мысалы, тікұшақтың жекелеген түрлерін басқару, біздің құрылғыны пайдаланған адамның қан қысымы мен тамыр соғысын бақылау.
«2026 жылы pre-seed раундты $2 млн-ға жабуды жоспарлап отырмыз»
— Ұзақ мерзімді мақсатыңыз ірі мемлекеттік және қорғаныс құрылымдарымен байланысты болса, қандай бизнес-модельге сүйенесіздер? Бұл барлық қаржылық мәселені бірден шешетін бір үлкен келісімшарт па, әлде бірнеше бағыт па?
— Негізгі үміт, расында да, қорғаныс саласындағы тапсырыстарға байланысты. Біздің жағдайда бұл, ең алдымен, АҚШ Қорғаныс министрлігі мен оның зерттеу агенттігі — DARPA. Олар үшін зерттеуге бөлінетін $100-200 мың күнделікті операциялық шығын, болмашы сома.
Біз үшін ең мінсіз сценарий — АҚШ үкіметімен стратегиялық әріптестік орнату. Бұл ірі келісімшарттарға жол ашады. Әңгіме жүз мың емес, миллиондаған, тіпті миллиардтаған бюджеттер туралы болмақ.
Қазіргі таңда Black Swan-ның бірнеше ниет хаты бар. Олардың шарттарына сәйкес, пилоттық жобалар аяқталғаннан кейін серіктестер технологияны сатып алу және шамамен 100 құрылғы жеткізу мүмкіндігін қарастырады.
— Жоба қандай қаражат есебінен дамып жатыр және инвестиция тарту жайы қалай?
— Бір кездерде жоба Friends, Family & Fools моделіне сүйеніп дамыды. Яғни, жеке қаражатымызды, сондай-ақ бастапқы кезеңде бізге сенген достарымыздың, отбасы мүшелерінің және таныстардың қолдауын пайдаландық. Шығынды барынша қысқартуға тырыстық.
Мысалы, әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан мыңдаған үміткердің арасынан бір стартап-бағдарламаға іріктеуден өттім. Соның арқасында тегін баспана, жұмыс кеңістігі және зертханаға қол жеткіздік. Бұдан бөлек, Astana Hub қолдауымен Кремний алқабындағы Silkroad Innovation Hub базасында өткен әлемдегі жетекші B2B-акселераторлардың бірі — AlchemistX пен Silicon Valley Residency бағдарламасына қабылдандым. Бұл тәжірибе басқа фаундерлермен және сарапшылармен араласуға, АҚШ-тағы стартап экожүйесін және нарық талаптарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Шығындардың бір бөлігін ивенттер мен алғашқы сатылымдар есебінен жауып отырмыз. Әзірге венчурлық қаржыландыру алған жоқпыз. Егер америкалық болсам, бұл әлдеқайда оңай болар еді. Дегенмен жобаға деген қызығушылық бар әрі тұрақты. DefenseTech өзекті сала және 2026 жылы оған сұраныс одан әрі арта түсуі мүмкін.
Қазір индустрия ішінде байланысы мықты, ірі чекке дайын періште-инвестормен келіссөздер жүргізіп жатырмын. Pre-seed раунд бойынша мақсатымыз — шамамен $2 млн. Оны 2026 жылы жабуды жоспарлап отырмыз.
— Стартаптың тағы қандай жоспары бар?
— Дрон жарысын ай сайын өткізуді жалғастырамыз. Мен үшін бұл қатаң тәртіп сақтаудың да бір жолы. Менде гипербелсенділік пен зейін жетіспеушілік синдромы бар, сондықтан маған жақсы жұмыс істеу үшін дедлайн керек.
Әрбір мұндай ивент — сынақ, дерек және өнімді жақсартудың мүмкіндігі. Келесі жарыста екінші қатысушыны қосуды жоспарлап отырмыз (қазір тек бір дронды ұшыруға болады), трассаны қиындатып, жаңа деңгейлер енгіземіз. Мысалы, кедергілердің үстінен ұшу секілді элементтер қосылады.
Ұзақ мерзімді жоспарда — АҚШ Қорғаныс министрлігімен келісімшарттарға қол жеткізу бар. Одан бөлек, бүгінде «жаңа мұнай» деп айтылып жүрген, жеке тұлғаға байланбайтын деректерді сату бағытына көшетін шығармыз, бәлкім. Негізі, бұл — жүктеме мен қысым жағдайында адамның қалай әрекет ететіні, миының қалай жұмыс істейтіні туралы мүлде жаңа ақпарат. Қазір жинап жатқан осы өлшемдер алдағы жылдары Black Swan үшін аса құнды активке айналады.