Қазақ жастары ағылшын тілін үйрететін AI-қосымшасын жасады. Оны аз уақытта 300 мыңнан астам адам жүктеп алды

Freedom Broker Freedom Broker О редакции О редакции
Дата публикации: 17.12.2025, 16:17
2025-12-17T16:17:15+05:00
Қазақ жастары ағылшын тілін үйрететін AI-қосымшасын жасады. Оны аз уақытта 300 мыңнан астам адам жүктеп алды

Алидар Кучуков 21 жаста. Ол Алматының тумасы, бірақ соңғы 8 жыл АҚШ-та тұрады. Мектепте жүріп-ақ кәсіпкер атанып, бірнеше жоба жасап үлгерген. Асылжан Алтай екеуі GetEnglish онлайн-мектеп жобасын ашып, бұл курстан 35 елден 4 мыңнан астам адам өтті. 2025 жылдың көктемінде жігіттер жаңа өнім - шет тілдерін үйренуге арналған Aleem атты AI-қосымша жасауды ұйғарды. Іске қосылған бір тәулік ішінде бұл сервис Duolingo-ны басып озып, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан App Store-ының жалпы рейтингінде көш бастады. Екі апта ішінде Aleem 250 мың қолданушы жинады.

Digital Business пен Astana Hub бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Алидар Aleem идеясының қалай туғанын, платформа не себепті алғашқы күндердің өзінде-ақ танымал болғанын және жас кофаундерлер қаржыны қайдан іздейтінін айтып берді. Сондай-ақ жобаны монетизациялау және қосымшаның кейіпкері – Әлім атты мысықтың мінезі туралы сөйлестік.

«17 жасымда алғашқы стартапты ашып, оған $150 мың инвестиция тарттық»

– Aleem-ге дейін немен айналыстыңыз?

– Соңғы 8 жыл АҚШ-та тұрамын. Мектепті аяқтаған жоқпын. 10-сыныптан кейін тастап кеттім. 2019 жылдан бері кәсіпкерлікпен шұғылдандым. Онлайн да, офлайн да түрлі жобалар іске қосып көрдім, Web3 бағытында да тәжірибе жасадым. Операциялық процестерді, бизнес-дамуын, маркетингті тәжірибе жүзінде меңгергім келді. Тіпті код жазып та көрдім: C++ және фронтенд бойынша курстарға қатыстым. MVP құрастыра аламын, бірақ толықтай бағдарламалаумен айналысу менікі емес екенін түсіндім.

17 жасымда алғашқы жобамды аштым. Блокчейн мен NFT-ді қолданып, қайырымдылық процестерін толық ашық етуді, яғни барлық қаржыны бақылап отыратындай етуді мақсат еттім. Инвесторлардан $150 мың тарттым. Бұл – стартап жасаудағы алғашқы шынайы тәжірибем болды.

– Тіл үйрететін қосымша жасау идеясы қалай туды?

– 2023 жылы Асылжан екеуміз GetEnglish деген ағылшын тілі курсын жасадық. Мен CEO ретінде кіріп, операциялық жағынан және бизнес-девелопментке жауапты болдым. Компанияны белгілі бір деңгейге дейін көтердік те, ары қарай жобаны ол өзі дамытсын, ал мен басқа бағыттарға кетемін деп шештік.

Aleem алидар Кучуков, Асылжан алтай

Кейін GetEnglish Орталық Азиядағы ағылшын тілін өздігінен үйренуге арналған, 35 елден 4000-нан астам студенті бар ең ірі мектептердің біріне айналды. Бір жылдан соң Асылжан Бостонға көшкенде, АҚШ-та қайта жолығып, енді не істей алатынымызды ойластыра бастадық. Солай тіл үйренуге арналған қосымша – Aleem идеясы пайда болды.

– Оның ерекшелігі неде болды?

– Біз бірден «тағы да карточкамен сөз жаттататын» өнім жасамайтынымызды шештік. Aleem-нің негізгі ерекшелігі – толықтай жекелендірілген оқыту. Курсты адамның қызығушылығына, деңгейіне, ұнататын тақырыптарына, тіпті сөйлеу стиліне қарай бейімдеу үшін жасанды интеллект қолдануды ойладық.

– Жобаны неден бастадыңыздар?

– 2025 жылдың жазында алғашқы гипотезаларды тексеруге кірістік. MVP – Telegram-да шағын қосымша жасап шығардық. Бір айда 40 мың қолданушы тіркеліп, $10 мыңға алдын ала сатылым жасадық. Сол кезде-ақ өнімнің «өтімді» екенін сездік. Гипотезаның жұмыс істейтіні байқалған соң, мобильді қосымша жасауды шештік. Қыркүйектен бастап жобамен толық айналыса бастадық.

Бір кезде прототипті әлі де жетілдіре берейік пе, әлде кейін шығарамыз ба деген ой болды. Бірақ ақыры: «болды, бастаймыз» деп шештік. Өнімді шығарып, нақты қолданушыларда сынау керек болды. Қазір қосымшада, шынын айтсам, жоспарлағанымыздың небәрі 1%-ы ғана бар. Әзірше шикі, бұл – кез келген стартаптың басында болатын жағдай.

«Күн сайын қосымшаны шамамен 40-50 мың адам ашады»

– Қосымшаны іске қосқаннан кейін не болды?

– Алғашқы апта эмоцияға толы өтті. Бізде үш болжамды сценарий болды: үздік, орташа және ең нашар. Бірақ ең оптимистік нұсқаның бірнеше күнде орындалуы біз үшін күтпеген жағдай болды. Жоспарлаған 100 мың жүктеуді айдың соңына дейін аламыз деп ойласақ, оны небәрі 2 күнде жинадық, ал 3 күнде 150 мыңға жеттік.

Команда тәулігіне 3-4 сағат қана ұйықтады. Денеге де, психикаға да ауыр тиді, себебі бір уақытта багтарды түзедік, техникалық қолдау көрсеттік, функционалды жақсарттық, медиаға жауап бердік. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақстандықтар осылай қолдайды деп күтпегенбіз. Қосымшада қазақ тілі болмағаны үшін орынды сын да айтылды, бірақ жағымды пікірлер әлдеқайда көп болды. Айтпақшы, қазір қазақ тілін қостық, релизге дейін оған ресурстар жетпей қалды. Командамыз өте шағын, әрі әлі инвестициясыз жұмыс істеп жатырмыз.

– Қазір қанша қолданушы бар?

300 мыңнан асады. Қосымшаны күн сайын шамамен 40-50 мың адам ашады. Android-нұсқасын жасамадық, себебі мұндай нөпірді көтере алмайтынымызды білдік. Әйтпесе қазір миллионнан да көп қолданушы болар еді деп ойлаймын.

Метрикаларға келсек, қайтып келушілер көрсеткіші, яғни ретеншн алғашқы күндерден-ақ нарықтағы орташа деңгейден екі есе жоғары. Оның үстіне бізде адамдарды ұстап қалатын механизмдер әлі жоқ: хабарлама жіберу де, геймификация да енгізілмеген. Оларды қосуға үлгермедік. Сондықтан толыққанды ретеншн-құралдары пайда болғанда, кем дегенде қазіргі көрсеткішті сақтаймыз деп ойлаймын, тіпті өсетін де шығар.

– Тез өсудің себебі неде деп ойлайсыз?

– Көбіне еститін пікіріміз бір: Aleem-мен тіл үйрену қолайлы. Бір жерде бірден сөйлеу машығын (speaking), жазуды (writing) дамытуға, drilling-жаттығулар (қайталау, бекіту) орындауға және флешкарталармен жұмыс істеуге болады. Яғни карточкалар үшін Anki не Quizlet, drilling үшін Duolingo және сөйлесу үшін бөлек сервис қолданудың қажеті жоқ.

«Тілді үйрену өмірдің бір бөлігіне айналсын дейміз»

– Қосымша бір кезде App Store-да Duolingo-ны басып озып, көп адам Aleem-ді сонымен салыстырып жүр. Айырмашылығыңыз неде?

– Біз әрдайым ашық айтамыз: Duolingo – тіл үйрене бастаушылар үшін ең жақсы платформа. Олар расымен жаңа оқушыларды мықты оқытады. Әдетте ол жердің «шыңы» – шамамен B1 деңгейі. Яғни сен негізгі деңгейде сөйлесе аласың, бірақ еркін сөйлеуге әлі тәжірибе мен сенімділік жетіспейді. Біз дәл осы шекараны жабуға тырысамыз: мақсатымыз – адамды A2/B1-ден Advanced деңгейге жеткізу, яғни тілді шын мәнінде еркін меңгеруге көмектесу.

Біздің екі негізгі айырмашылығымыз бар: әр қолданушыға жеке бейімделу және прогреске, контекстке қарай оқытуды реттейтін AI модельдері. «Қақпақтың астында» Gemini де, GPT де, бұқараға аса таныс емес басқа модельдер де бар. Тіпті Илон Масктың X платформасындағы Grok-ты да сынап көрдік. Қай модель қазір тиімді екенін үнемі бақылап, қажет болса ауыстыра аламыз.

– Жекелендіру тіл үйренуге қалай көмектеседі?

– Тіркелу кезінде адамдар өз қызығушылықтарын белгілейді. Екі түрлі қолданушыда оқу жолы мүлде басқа болуы мүмкін: сіз өзіңізше жауап бересіз, жүйе сізді бір бағытпен алып жүреді; досыңыз басқаша жауап береді, оған мүлдем басқа тапсырмалар түседі.

Нарықтағы басты мәселе – адамдарда тіл үйренуге уақыт жоқ. Ол кейде қызықсыз, қиын әрі қымбат көрінеді. Практикада қолданбайтын нәрсені оқу – ми үшін ынтаны ұзақ сақтауға қиын. Біз тілді үйренуді күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырғымыз келеді. YouTube көресің, сериал қарайсың, TikTok ашасың, жаңалық не кітап оқисың – соның бәрі оқудың бір бөлшегіне айналсын дейміз.

Видео көрдің бе, біз оның қандай екенін білеміз. Кел, талқылайық, оған пікір жазайық. Кітап оқыдың ба, шағын рецензия жасаймыз. БіреуменФ онлайн сөйлестің бе, толық фидбек береміз: қандай сөздер жетіспеді, қай грамматикалық құрылымдарда қате болды. Сосын сол әлсіз тұстарды бірден флешкартаға немесе тапсырмаға айналдыруды ұсынамыз.

– Қауіпсіздік қалай сақталады? Қолданушылар барлық дерегін сыртқы сервиске беруге қорқуы мүмкін ғой.

– Біз еуропалық, америкалық, қандай да болсын қауіпсіздік және құпиялылық стандарттарын қатаң сақтаймыз. Қажетті деңгейдің бәрі болады.

Шын мәнінде, көптеген қолданушылар бұл ақпаратты Google-мен, YouTube-пен, әлеуметтік желілермен, ChatGPT-мен өзі-ақ бөлісіп жүр. Айырмашылығы – оларда уақыт скроллингке кетеді, ал бізде – оқуға. Сонымен қатар, қолданушыға бақылау береміз. Мысалы, арнайы ағылшын үйренуге арналған YouTube плейлист жасап, дәл соны ғана бізбен бөлісуге болады, бүкіл көру тарихын емес.

– Сіздердегі кейіпкер – мысықтың Duolingo-дағы үкі сияқты өзіндік мінезі бола ма?

– Жұмыс істеп жатырмыз. Тіпті мысықтың мінезі қолданушының тұлғалық типіне қарай бейімделетін болсын дейміз. Біреуге қатаң мотивация ұнайды, біреуге жұмсақ айту керек.

Сондықтан тіл деңгейін анықтаумен қатар, қолданушының тұлға типін де анықтайтын боламыз.

«Бізді Кремний алқабындағы стартап ретінде бағаласа дейміз»

– Өз қаражатыңыздан жобаға қанша салдыңыздар?

– Әзірге аса ірі сома болған жоқ. Ең көп шығын әзірлемеге емес, АҚШ-та өмір сүруге кетті. Онда өмір өте қымбат, әсіресе стартап құрып жүрген кезде. Командадағы әрқайсымыздың жеке табыс көзіміз болды: менде – алдыңғы жобалар, Асылжанда – GetEnglish, басқа жігіттердің де өз бағыттары бар еді.

Мысалы, біздің CTO Нью-Йорк университетінде (NYU) толық грантпен оқиды. Грант оның жатын орнын, тамағын толығымен өтейді, ай сайын стипендия береді. Операциялық директор Қазақстандағы SAT және IELTS-ке дайындайтын ең үлкен мектептердің бірінің иесі, ол айына шамамен $47 мың табыс әкеледі. Сондықтан біз біршама уақыт жалақысыз жұмыс істей аламыз.

Қажет болған кезде шығындарды өз күшімізбен жаптық. Мысал ретінде: AlchemistX акселерациясының 4 айлық бағдарламасынан өту (Astana Hub пен IT Park Uzbekistan қолдауымен өтеді – Digital Business ескерт.) үшін Кремний алқабында тұрдық. Тек тұрудың өзіне әрқайсымыз шамамен $5 мыңнан жұмсадық.

– Инвестиция тартуды жоспарлап отырсыздар ма?

– Қазір АҚШ-тағы жергілікті инвесторлармен де, посткеңестік кеңістіктегі жігіттермен де келіссөз жүргізіп жатырмыз.

Алидар Кучуков

Бізге дәл америкалық қорлардан қолдау алу маңызды. Мұнда капитал көп, жағдай да жақсырақ, сол арқылы өнімді тезірек дамытып, сапасын көтеріп, масштабтай аламыз. Бізді тек

Қазақстан немесе посткеңестік нарыққа бағытталған жоба емес, Кремний алқабындағы стартап ретінде көргенін қалаймыз.

– АҚШ нарығына шығу үшін америкалықтар қолданатын өнім қажет. Не істемексіздер?

– Испан тілін қосып, испан тілді пайдаланушыларға арнап локализация жасамақпыз. Бұл – өте үлкен нарық. АҚШ-тағы көптеген иммигрант ағылшын тілін білмейді.

Қазірдің өзінде АҚШ-тың App Store тізімінде «Білім» бөлімі бойынша топ-50-ге кірдік, небәрі 10 мыңдай америкалық қолданушымыз бар, көбіне орыс тілділер. Тек Нью-Йорктің өзінде бір миллионнан астам орысша сөйлейтін адам тұрады, олардың жартысы ағылшын тілін білмейді. Қытайлықтар, арабтар, үндістер де дәл солай, аудитория үлкен, және олар біздің өнімді қуана қолданар еді.

– Қосымша қазір тегін. Монетизацияны қалай жоспарлап отырсыздар?

– Техникалық жағынан жазылымды ертең-ақ қоса аламыз немесе жарнама енгізуге болады. Компаниялар өздері жазып, жарнама орналастырғысы келетінін айтып жатыр. Бірақ біз егер жаһандық деңгейде шын бәсекелес болғымыз келсе және №1 орын – яғни Duolingo деңгейіне үміттенсек, стандарттан тыс қадам керек екенін түсінеміз. Қазір ақылы қызмет қоссақ, бұл қолданушыларға ұнамайды, көбі кетіп қалады.

Егер Орталық Азиядағы жергілікті қорлар, инвесторлар мен бизнес-періштелер бізді қолдаса, нарықты жаулап алғанға дейін қосымшаны толықтай тегін ұстай аламыз. Ал содан кейін монетизация қосамыз, ең болмағанда жазылым түрінде жұмыс істеп көреміз.

Бірақ seed немесе А раундына шықсақ, B2B бағытын іске қоса аламыз: корпоративтік оқыту, командаларды оқыту жақсы табыс әкеледі және алғашқы тұрақты кіріс арналарының бірі бола алады.

– Алдағы бір жылға негізгі жоспар қандай?

– Посткеңестік кеңістік нарығына Blitzscaling (жылдам масштабтау – Digital Business ескерт.) жасау. Мақсатымыз – 10-15 миллион пайдаланушыға жету, сондай-ақ Батыс нарығына, алдымен АҚШ-қа кеңею.

Бір жылдан кейін seed-раундты көтергіміз келеді. Бұл бізге өсу қарқынын жылдамдатып, команданы кеңейтіп, жаңа тілдер қосуға және өнімді әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.