Қазақ қызы АҚШ, Еуропа және Азия университеттеріне грантқа түсуге көмектесетін стартапты іске қосты
Әмине Хадыр Моңғолияның батысындағы Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Бұл өңірде тілі мен дәстүрін сақтап отырған шамамен 100 мыңға жуық этникалық қазақ тұрады. 16 жасында ол Босния және Герцеговинадағы университетке менеджмент және IT бағдарламасы бойынша оқуға түскен. Одан кейін Түркия мен Франциядағы MBA, банк пен стартаптағы жұмыс, кейін Назарбаев университетінің Жоғары бизнес мектебі болды. Осылайша Әмине Қазақстанға келді. Көп ұзамай ана атанып, бала күтімімен отырғанда онлайн тіл мектебін ашты, ол уақыт өте келе YerAI Mentor стартапына айналды. Бұл — шетел университеттеріне түсу жолында, бірінші кезекте өңірлерден шыққан талапкерлерге бағыт-бағдар беретін цифрлық ментор.
Digital Business пен Astana Hub бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Әмина Еуропада білім алғаннан кейін не үшін Қазақстанға келгенін, алғашқы бизнесін қалай бастағанын және не себепті IT-стартап жасауға бел буғанын айтып берді. Сонымен қатар YerAI Mentor талапкерлерге нақты қалай көмектесетіні және олардың қандай университеттерге түсе алатыны туралы да сөйлестік.
«19 жасымда университет бітіріп, MBA-ға түстім»
— Әмине, Моңғолиядағы өміріңіз туралы айтып берсеңіз. 16 жасыңызда университетке қалай түсе алдыңыз?
— Анам — Өлгей қаласындағы ағылшын тілінің алғашқы ұстаздарының бірі, мені жалғыз өзі тәрбиеледі. Өте қарапайым тұрдық, бірақ интеллектуалдық тұрғыдан бай ортада өстім: анам кітапқа, шетел тілдеріне деген сүйіспеншілікті бойыма сіңірді.
12 жасымда Моңғол-түрік лицейіне түсу емтиханынан өттім. Математика, орыс, түрік және ағылшын тілдері бойынша олимпиадаларға қатысып, жүлде алдым. Оның ішінде халықаралық деңгейдегілері де болды. Дәл солар мен үшін әлемге ашылған терезе іспетті еді.
Мектепке екі жыл ерте барғанымның арқасында 16 жасымда университетке құжат тапсырып жаттым. Таңдауым Босния және Герцеговинаның астанасы Сараевода орналасқан International Burch University-ге түсті. Бұл университеттің делегациясы Моңғолияға келіп, Моңғол-түрік лицейінің оқушыларына үш толық грант ұсынған еді. Мектептегі үздік оқушылардың бірі болғандықтан, сол грант иегерлерінің қатарынан табылдым. Оның үстіне ағылшын тілім өте жақсы болғандықтан, foundation year қажет болмады, бірден негізгі курсқа қабылдандым.
19 жасымда бакалавр дипломын алдым. Университетті Magna Cum Laude дәрежесімен тәмамдадым (латын тілінен аударғанда — «ерекше мақтаумен»). Бакалаврдан кейін Türkiye Bursları түрік мемлекеттік шәкіртақысын жеңіп алып, Marmara University-де ұйымдық мінез-құлыққа бағытталған MBA бағдарламасына түстім. Сонымен қатар Erasmus бағдарламасы арқылы Париждегі INSEEC Business School-да оқып, халықаралық менеджментке мамандандым. Магистратураны үздік бітірдім.
— Оқуды аяқтаған соң немен айналыстыңыз?
— Стамбулда MBA бағдарламасында оқып жүргенде Еуропалық қайта құру және даму банкінің жергілікті кеңсесінен тағылымдамадан өтуге ұсыныс алдым. ETC Hub-та (Early Transition Countries) агробизнес бөлімінде жұмыс істедім. Ал магистратурадан кейін Copyrobo стартапына (қазіргі атауы — Proofstack, блокчейн-протоколы бар онлайн нотариалдық куәландыру қызметі — Digital Business ескерт.) маркетинг командасына қосылдым. Кейін құрбыларымның бірінен Назарбаев университеті (НУ) туралы естіп, сол жерге түйіндемемді жібердім. Ол 2017 жыл еді.
Көп ұзамай сұхбатқа шақырды. Сол уақытта Ұлан-Батордан да жақсы ұсыныс алғанмын. Бірақ соған қарамастан Астанаға келіп, Назарбаев университетінде тағылымгер болып жұмыс істей бастадым. Кейін НУ Жоғары бизнес мектебіне Teaching & Research Assistant ретінде қабылдандым. АҚШ пен Азияның түрлі елдерінен келген профессорлармен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды.
— Жалдамалы жұмыстан бизнеске кетемін деп қашан шештіңіз?
— 2019 жылы сәбилі болдым. Декретте отырып, табыс табу керек екенін, бірақ сонымен қатар баламның қасында болғым келетінін түсіндім. Сол кезде: «Неге онлайн оқытпасқа?» деген ой келді.
Сөйтіп, өз қаражатыма ағылшын және түрік тілдерінен, сондай-ақ IELTS, SAT және шетелге оқуға түсуге дайындық бойынша онлайн мектеп аштым. Бастапқыда сатудан бастап, сабақ беру мен менторлыққа дейін бәрін өзім істедім. Кейін оқытушылар командасы қалыптасты.
Негізінен ауылдар мен шағын қалалардағы жастармен жұмыс істедік. Онлайн мектебіміз іске қосылғаннан кейін бірнеше ай өткен соң айына кемінде 50 оқушысы бар деңгейге жеттік. Бірақ мен әрдайым көп адамға көмектескім келді. Менторлық бәріне қолжетімді болуы керек деп есептедім. Алайда білім беру орталықтары атқаратын барлық қызметті бір жерге біріктіретін платформа жоқ екенін көрдім. Сөйтіп, оны өзім жасауға бел будым. Осылайша, YerAI Mentor пайда болды.
«AI-жүйе нағыз емтихан алушы сияқты: жауапты бағалап, қатені көрсетеді»
— Алты жыл бойы жақсы жұмыс істеп келген онлайн-мектепті қалай трансформациялауға тура келді?
— YerAI Mentor-ды 2025 жылдың жазында, Astana Hub-тың AI'preneurs бағдарламасына қатысып, екінші батчтың финалисі атанған кезде іске қостым. Сол жерде шетелге түсу жолындағы абитуриентті басынан аяғына дейін сүйемелдейтін толыққанды цифрлық ментор жасау туралы шешім қабылдадым.
Алғашында бәрін өзім істедім: дизайн ойластырдым, өнімнің логикасы мен архитектурасын құрдым, AI-ды интеграцияладым. Техникалық білімім болған жоқ, бірақ университетте белгілі бір ІТ-база алдым. Ал жетіспейтін дағдыларды кейін өз бетімше меңгердім.
YerAI Mentor-дың алғашқы MVP нұсқасы GPT-4 моделіне негізделген IELTS Mock Test еді, ол speaking пен writing-ті бірден бағалайтын. Кейін шетелдік университетке түсу жолындағы барлық кезеңді: IELTS, эссе жазу, гранттар, CV, виза істетуді қамтитын платформаға жеттік. Платформа үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді.
— Платформаның басты ерекшелігі неде? Ол талапкерлерге не береді?
— Біздің өнім AI мен ментордың әдістемесін біріктіреді. Жүйе бірнеше дереккөз бен шетелге түсуге байланысты практикалық сценарийлердің негізінде оқытылған. Атап айтқанда, IELTS-тің құрылымы мен бағалау критерийлері, академиялық логика, мықты эссе жазудың қағидалары, әр ел университеттерінің талаптары, сұхбат пен кеңес берудің нақты сценарийлері қамтылған.
Өнімнің өзін бірнеше бөлікке бөлуге болады. Біріншісі — Speaking. Ол үш бөлек AI-модульден тұрады: IELTS Speaking-тің толық имитациясы, жалпы ауызекі ағылшын тілін дамыту құралы және визалық сұхбат симуляторы. Интерфейс пен нұсқаулар үш тілде қолжетімді, бірақ практиканың өзі тек ағылшын тілінде өтеді.
Екіншісі — Writing Checker. Бұл IELTS форматындағы жазба жұмыстарын тексеруге арналған AI-құрал. Ол студент mock test барысында немесе біздің IELTS PEP курсы аясында жазған әр тапсырманы талдайды. Құрал эссенің құрылымын, идеясын, дәйектілігін сараптайды.
Үшіншісі — CV Builder. Ол студентке түйіндеменің дұрыс форматын таңдауға, негізгі тұстарын айқындауға және CV-ді халықаралық білім беру стандарттарына бейімдеуге көмектеседі. Бұл құрал шетелдік университеттерге құжат тапсыру кезінде қолданылатын типтік үлгілерге және шәкіртақылар мен оффер алуға әкелген сәтті резюмелердің талдауына негізделген.
Төртіншісі — Scholarship Matcher / University Matcher. Жүйе студент профилінің негізгі параметрлерін талдап, алгоритм арқылы оларды біздің дерекқормен салыстырады. Жүйе нақты түсу кейстері негізінде оқытылған, сондықтан тек формалды талаптарды ғана емес, университетке шынайы қабылдану мүмкіндігін де ескереді.
Бесіншісі — Essay Coach. Бұл құрал университет талаптарына сай ойды дұрыс құрылымдауға көмектеседі және нағыз ментордың жұмысын имитациялайды. Алдымен студентке сұрақтар қояды, сол жауаптардың негізінде эссенің құрылымын жасайды, идеялар мен тұжырымдарды ұсынады, мәтінді қалай тұтас әрі нанымды етуге болатынын көрсетеді.
Жалпы алғанда, біздің AI-жүйе нағыз емтихан алушының рөлін атқарады: жауапты бағалайды, қатені көрсетеді және нақты ұсыныс береді.
Сонымен қатар сұхбатқа дайындықты да толық қамтимыз. Мысалы, АҚШ визасы үшін барлық типтік сұрақтарды және жиі бас тартуға себеп болатын қателерді көрсетеміз. Сондай-ақ AI-сұхбаттасымен сенімді деңгейге жеткенше сұхбатты қайта-қайта пысықтауға мүмкіндік береміз. Қазір АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Австралия визаларына арналған жаттықтырушылар қолжетімді.
«Біздің тәсіл «көп нұсқа» стратегиясына негізделген: студенттер 20-дан аса университетке құжат тапсырады»
— Қазір базаңызда қанша университет пен шәкіртақы бар? Оларды қалай іріктейсіздер?
— Базамызда 500-ден астам шетелдік университет пен 73 халықаралық шәкіртақы бар. Біз тек грант ұсынатын, оқу жетістіктеріне немесе қаржылық жағдайды ескеріп қолдау көрсететін оқу орындарын ғана қостық.
Бастапқы кезеңде бәрін қолмен жинадық: ашық деректерді қарап, мұқият тексеріп, сұрыптап, жүйеледік. Кейін осының бәрін өз жүйемізге көшіріп, сол жердегі ақпаратты үнемі жаңартып отырамыз. Қазір базамызда АҚШ, Канада, Австралия, Еуропа елдерімен қатар Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай университеттері бар. Ең сұранысқа ие бағыттарды қосу арқылы географияны біртіндеп кеңейтіп келеміз.
Біздің тәсіл «көп нұсқа» стратегиясына сүйенеді: студенттер 3-5 елдегі 20-дан аса университетке бірден құжат тапсырады. Нәтижесінде 4-тен 18-ге дейін оффер алады. Мұның жұмыс істейтінін жақсы білемін, өйткені өзім де менторсыз, осындай жолдан өттім: Еуропаның үш университетінде толық грантпен оқыдым. Енді осы жүйені басқаларға да үйретіп жүрмін.
— Платформаны пайдаланушылар қай университеттерге түсіп жатыр, грант алатындар көп пе?
— Платформаны шілде айында ғана іске қосқандықтан, қазір студенттеріміз келесі оқу жылына дайындалып жатыр. Университеттерден жауаптар наурыз бен шілде аралығында келе бастайды.
Бұрын онлайн-мектеп ретінде студенттерге бір мезетте бірнеше елдегі университеттерге құжат тапсыруға көмектесетінбіз. Сол кезде шамамен 95%-ы кемінде 4-5 оффер алатын. Мысалы, Boston University, Penn State, University College London сияқты университеттерге түскендер бар. Дәл осы тәсілді қазір YerAI Mentor-да да қолданып отырмыз.
— Студенттер үшін платформа ақылы ма?
— Иә, біз жазылым моделімен жұмыс істейміз, бұл — біздің негізгі табыс көзіміз. Апталық, айлық, тоқсандық және жылдық жазылым түрлері бар.
Негізгі тарифтен бөлек, гибридті жоспарлар да ұсынамыз: студент платформа арқылы жұмыс істеп, сонымен қатар ментордан тікелей кері байланыс алады. Бұл — қосымша қызмет, өйткені кейбір абитуриенттер үшін тірі ментордың пікірі аса маңызды.
«Біз инвестиция әкелетін ұсыныстарға ашықпыз»
— Қазір YerAI Mentor жобасында кімдер жұмыс істеп жатыр?
— Менің жобаны бірігіп бастаған серіктесім бар, ол COO рөлін атқарады, есімі — Ерханат Хуанбай. Халықаралық тәжірибесі бар, Қазақстанда, Моңғолияда және Оңтүстік Кореяда жұмыс істеген, сертификатталған хирург әрі зерттеуші. Ерханаттың ғылыми еңбектері беделді халықаралық журналдарда жарияланған. Жобада ол операциялық стратегияға, өнім менеджментіне, оқу бағдарламаларының сапасына және сарапшылармен өзара жұмысқа жауап береді.
CTO қызметін Димаш Жүнісов атқарады, MENA аймағы мен Орталық Азияда күрделі әрі ауқымды платформаларды дамытуда 8 жылдық тәжірибесі бар мықты Senior Python Developer. Ол YerAI Mentor-дың backend-архитектурасына, AI-сервистеріне, LLM интеграциясына және «ақылды агенттерді» құруға жауапты.
Сонымен қатар бізде AI жөніндегі кеңесші бар, ол — Алтынбек Мұрат, есептеу материалдары, машиналық оқыту және кванттық модельдеу саласының ғалымы. Ол Массачусетс технологиялық институты жанынан құрылған, қазақ тіліндегі AI бастамаларын дамытумен айналысатын QazaqAI коммерциялық емес ұйымының негізін қалаушы. Алтынбек жобаға ең басынан қосылып, күрделі AI-компоненттер бойынша сараптамалық пікірін беріп келеді.
— Шетел нарықтарына шығуды жоспарлап отырсыздар ма?
— Біз өнімнің жаһандық деңгейде болғанын қалаймыз. Қазір платформамызда жүздеген қолданушы бар, олар тек Қазақстаннан ғана емес, аудиторияның шамамен 30%-ын Моңғолия жастары құрайды.
Қазіргі таңда біз үшін маңызды қадам — Германиядағы Constructor University ұйымдастыратын Constructor Start Acceleration Program-ға қатысу. 1680 стартаптың ішінен небәрі 26 жоба іріктелді, соның бірі — YerAI Mentor. Бұл — өнімді еуропалық нарықта сынап көруге және халықаралық серіктестерге шығуға үлкен мүмкіндік. Demo Day кезінде жобаны инвесторлар мен еуропалық венчурлік қорларға таныстырамыз. Бағдарлама халықаралық қорлардың назарын аударуға көмектеседі деп үміттенеміз.
Қазір біз әлі pre-seed кезеңіндеміз және келіссөздерді жалғастырып жатырмыз, сондықтан инвестициялық ұсыныстарға ашықпыз. Жергілікті де, халықаралық бизнес-періштерлер мен венчурлік қорларды да қарастырып отырмыз. Команданы күшейтіп, жаңа AI-функцияларды енгізіп, біртіндеп кеңеюді жоспарлап отырмыз.
— Абитуриенттерге шетелдік университеттерге түсу мүмкіндігін қалай арттыруға кеңес берер едіңіз?
— Шыны керек, көп жағдайда мәселе университетке түсуде емес. Ең қиыны — толық немесе жартылай шәкіртақы ұтып алу. Немесе оқу құны қаржылық жағынан барынша қолжетімді болатын бағдарламаны табу. Осы тұрғыда бірнеше кеңесім бар.
Біріншіден, бір ғана шәкіртақымен шектеліп қалмау керек. Бірнешеуіне қатар тапсыру қажет, өйткені бәсеке өте жоғары. Екіншіден, дайындықты 10–11 сыныпта емес, әлдеқайда ертерек бастау маңызды. Ағылшын тілін жетілдіру, академиялық әрі жеке профиліңді қалыптастыру керек. Тесттерден жоғары балл алу — грантқа ие болу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
Сонымен қатар өз оқиғаңды қалыптастыру да маңызды. Университеттер тек бағаны емес, тұлғаның өзін де көргісі келеді: жобаларға қатысу, мектептегі немесе жергілікті қауымдастыққа қосқан үлес, қызығушылық пен мотивацияны көрсететін бастамалар болса құба-құп. Міндетті түрде ауқымды болуы шарт емес, жергілікті шағын жоба да жақсы кейс бола алады.
Жетістіктеріңізді ұмытпай жазып жүріңіз де, оларды мықты эссеге айналдырыңыз. Барлығын тізіп шығу емес, тұлғалық өсуіңізді, қызығушылықтарыңызды және нақты үлесіңізді көрсету маңызды. Осылардың барлығы біріге келе бір емес, бірнеше грант алу мүмкіндігін береді. Ал соңында ең тиімді ұсынысты таңдай аласыз.
Әйел стартапер ретінде кейде маған оңай емес. Шынымды айтсам, жақындарымның қолдауынсыз мұның бәрі мүмкін болмас еді. Жолдасымнан, анамнан, сондай-ақ жұбайымның ата-анасынан үлкен қолдау алып отырмын. Оларға ерекше алғысымды білдіргім келеді.