Қазақстандық жас кәсіпкер бизнеске қажетті AI-бот жасауды үйрететін платформаны іске қосты. Жобасы $50 млн-ға бағаланып отыр

Freedom Broker Freedom Broker О редакции О редакции
Дата публикации: 15.12.2025, 10:54
2025-12-15T10:54:05+05:00
Қазақстандық жас кәсіпкер бизнеске қажетті AI-бот жасауды үйрететін платформаны іске қосты. Жобасы $50 млн-ға бағаланып отыр

Мирас Советов стартаптар әлеміне кездейсоқ келді. Назарбаев университетінде «Электротехника және компьютерлік инженерия» бағдарламасында оқып жүргенде тағылымдама өтетін жер іздей бастаған. Microsoft пен басқа корпорацияларға өтінім берген, бірақ онысы сәтсіз болды. Ірі компаниялар мұндай мамандыққа тек PhD дәрежесі барларды ғана алуға дайын еді. «Ешкім жұмыс бермесе, ендеше өзім бірдеңе ойлап табамын деп ойладым», – дейді Мирас. Ол университеттегі акселераторға барып, арамшөппен күресетін AgroTech-жобасын жасаған. Кейін досымен бірге античит жүйесін іске қосты.

Қазір Мирас серіктестерімен бірге адамдарға бизнеске қажетті AI-бот жасауды үйрететін JobEscape білім платформасын дамытып жатыр. Digital Business пен Astana Hub бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында ол алғашқы жобалары немен аяқталғанын, JobEscape қарапайым қолданушылар үшін несімен құнды екенін және бұл стартап неге болашақта жүздеген миллион долларлық табысқа жетуі мүмкін екенін айтып берді.

«Бізге біреулер ұсыныс жасады, ал біз қазір оны ақшаға айналдыру тиімді деп есептедік»

– Мирас, сіздің стартаптағы мансабыңыз ауыл шаруашылығына арналған жобадан басталды. Оның тағдыры қалай болды?

— Басында бәрі жақсы еді. Платформа іске қосылған соң тез арада төлем жасайтын клиенттер пайда болды, Гонконгтағы австралиялық венчурлық қордан $150 мың инвестиция алдық. Алайда кейін дамуға әлдеқайда көп ақша қажет екені белгілі болды. Мысалы, ең жақын бәсекелес сол уақытта $10 млн-ға раунд жапқан, бірақ әлі кіріс түсірмеген. Біздің нарықта сол кезде, мүмкін қазір де ондай қаражат жоқ. Сол себепті жобаны жабуға тура келді.

– ​​Содан кейін не болды? Жаңа стартапты қашан іске қосуға шешім қабылдадыңыз?

— Бірден бастап кеттім. Ол уақытта қазіргі JobEscape серіктесім Марғұлан Ермек BI Group үшін бет-әлпетті тану жобасын жасап жүрді. Олардың үйлерінде пәтерді толық дайын күйінде жөндеумен бір компания айналысатын. BI Group қызметкердің ауысымға келгенін немесе келмегенін бақылауға арналған құрал қажет етті, өйткені сол арқылы нысанды уақытында тапсыру мүмкіндігі анықталатын.

Мирас Советов

Дегенмен, Қазақстанда BI Group-тен басқа ешкімге мұндай шешім керек емес екенін тез түсіндік. Мен AgroTech жобамды жапқанда, Марғұлан бизнес жағынан көмектесуді сұрады. Нәтижесінде білім беру бағытында пивот жасадық, бұл нарықтың болашағы бар сияқты көрінді. Оның үстіне, коронавирус пандемиясы басталып, көптеген процестер онлайнға өтті. Осылайша емтихан тапсырғанда қолданылатын античит жүйесін жасаймыз деп шештік.

– ​​Бұл жоба қаншалықты сәтті шықты?

– Ол жобамен экзит жасауға мүмкіндік туды. Қазақстан нарығы бойынша бағаланғанда жоба адекватты болды. Олар біздің пайдамызды қарап, бағалауды модельдеді де, private equity ретінде сатып алды. Сомасы алты таңбалы, бірақ миллион доллардан аз болды.

Неге сатып жібердік? Бізге ұсыныс жасалды және біз қазір оны ақшаға айналдыру тиімді деп есептедік. Себебі сол кезде коронавирустан кейін емтихандармен не болатыны белгісіз еді. Сол себепті жобаны сатып, әрі қарай жүреміз деп шештік.

Мирас Советов

23 жастағы жас жігіт, мен үшін экзиттен түскен ақша кәдімгідей көп болды: нан мен май, қара уылдырыққа жететіндей еді. Жалпы, бәрі керемет өтті.

«Кофаундерім екеуміз бастапқыда жобаға $20 мың салдық»

– JobEscape оқиғасы экзиттен кейін бірден басталды ма?

– Жоқ. Ол кезде стартаптардан сәл шаршағанымды сезініп, өмірімде алғаш рет жалдамалы жұмысқа барғым келді. Дубайға көшіп, DIFC-тің (Дубай халықаралық қаржы орталығы – ағылшын жалпы құқығына негізделген сот жүйесі мен өз қаржылық реттеуі бар еркін экономикалық аймақ – Digital Business ескерт.) ішкі консалтинг бөлімінде, стратегия департаментінде жұмыс істедім. Бірақ өзіме ұнамады. Міндеттерімнің басым бөлігі CEO-ға арналған презентациялар әзірлеу еді. Ол алғашқы және соңғы бетін ғана қарап, «OK, cool» дейтін. Мұнымен мүлде айналысқым келмеді.

Ал Марғұлан сол кезде украиналық Genesis холдингінде істеді (сайттар, мобильді қосымшалар әзірлеу, ІТ-аутсорсинг және консалтингпен айналысады – Digital Business ескерт.). Ол performance marketing бағытында – Google, Meta және басқа платформаларда жарнама жүргізумен айналысты. Сөйтіп, Марғұлан Қазақстанда performance marketing-ке негізделген B2C-жобасын іске қосуды ұсынды. Бірнеше идея тастап, ақыры екі өнімге тоқталдық. MVP жасап, сұранысты байқау үшін тестке шығардық.

Біріншісі – жүкті әйелдерге арналған кеңестер мен жаттығуларды қамтитын Bloomy сервисі. Бірақ мұндай шешіммен біз үлкен жауапкершілік алатынымызды тез түсіндік. Себебі әр әйелге жеке қарау керек. Ал біз тым күрделі бағытқа кіріскіміз келмеді. Дегенмен пайдаланушыларды тарту жағынан өнім жақсы нәтиже көрсетті.

Мирас Советов

Екіншісі – фриланста мансап дағдыларын AI көмегімен үйрететін платформа. Мұнда адамдарға бейнесабақтар мен практикалық құралдар беріледі. Бұл – JobEscape болатын. Пайдаланушылар бірден келе бастаған соң, әрі өнім қарапайым болғандықтан соған көбірек назар аудардық. Кейін Astana Hub резиденті атандық.

– Екі өнімді қатар іске қосқаныңызды ескерсек, бастапқыда қанша ақша қажет болды?

– Алғашында Марғұлан екеуміз шамамен $20 мың салдық. Кейін бір тапсырыс орындап, $15 мың таптық. Бастапқы бюджетіміз сол болды. Сәл уақыттан соң сырттан инвестиция тарттық $300 мың. Оны White Hill Capital мен Caucasus Ventures қорлары, сондай-ақ бизнес-періште Елдар Төлеш құйды. Осы қаражатпен екі өнім бойынша сынақ жүргіздік.

Мирас Советов

Кейін тағы $1 млн инвестиция алдық. Оны JobEscape-ті дамытуға бағыттадық. Бірақ жақында пивот жасадық. Енді фриланс-мамандықтарға үйретпейміз, керісінше адамдарды Make.com және n8n no-code сервистерінде бизнеске арналған AI-бот жасауды үйретіп жатырмыз. Бұл бағытта сұраныс пен әлеуеттің зор екенін көрдік.

«Біздің миссия – мүмкіндігінше көп адамды AI-құралдарды сауатты қолдануға үйрету»

– JobEscape нақты қандай мүмкіндік береді?

– Пайдаланушылар бірден ақша таба алатын дағдыға ие болады: сату процесін, қолдау қызметін, SMM-ді және рекрутерлерге арналған резюме скринингін автоматтандыратын боттар жасайды.

Адамдарға бұл платформа әртүрлі форматтағы контент ұсынылатын білім беру сервисі ретінде көрінеді, онда бейнесабақтар, практикалық тапсырмалар, мәтіндік материалдар және кіріктірілген AI-көмекші бар. Яғни тек қарап отыру емес, тәжірибемен бекітілетін толыққанды оқу. Платформада ChatGPT-ден Midjourney-ге дейін 30-дан аса AI-құрал қолжетімді. Студенттер тапсырманы орындау кезінде соларды пайдаланады.

Жалпы біздің басты миссия – барынша көп адамды AI-құралдарды дұрыс, сауатты пайдалануға үйрету. Сондықтан қазір AI-конструктор жасауды көздеп отырмыз. Ол адамдарға бір платформада түрлі ЖИ-бот жасап, оларды клиенттердің жүйелеріне енгізуге мүмкіндік береді. Мысалы, адам Make.com немесе n8n арқылы кадрлық құжаттарды өңдейтін чат-ботты телефоннан-ақ іске қосады, оны WhatsApp-қа қосып қояды, ал бизнес барлық құжатты бір жерге жинап, жауапты адамдарға қол қоюға жіберетін шешімді дайын күйінде алады.

Мирас Советов

Сонымен қатар біз ЖИ-агентті іске қосуды дайындап жатырмыз. Ол АҚШ-тағы бизнестерге хабарласып, біздің оқушылармен жұмыс істесуді ұсынады. Бұл – фрилансер кастом бот жасап беретін еңбек биржасы секілді платформа болмақ. Курсты аяқтағандардың барлығы осындай вакансияларға қол жеткізе алады.

Осы қадамдар LTV-ді (клиенттің өмір бойғы құндылығы – Digital Business ескерт.) арттыруға мүмкіндік береді. Қазір ол шамамен 3-4 ай, ал AI-конструктор шыққаннан кейін бұл көрсеткіш 2-3 есеге өседі деп күтеміз. Сондай-ақ MRR-ді $800 мыңнан $2-2,5 млнға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

– Қазір сіздерде төлем жасайтын қанша қолданушы бар?

– 20 мыңнан сәл асады. Географиясын айтсақ, 40%-ы Солтүстік Америка (АҚШ және Канада), олар біздің негізгі нарығымыз. Тағы 30%-ы – Ұлыбритания және Еуропаның кейбір елдері, қалған 30%-ы – әлемнің басқа аймақтары.

Жақын уақытта испан және португал тілдерінде сөйлейтін елдерге, ең алдымен Латын Америкасына шығуды көздеп отырмыз. Бұл – онлайн табыс көзін іздеп отырған миллиондаған клиенті бар ауқымды нарық. Мұндай қадам сол өніммен-ақ табысты екі есеге арттыруы мүмкін, контент бизнесін 2 жаңа тілге бейімдеу қиын емес. Платформаны толық өзгерту қажет емес, видео мен мәтіндерді аударып, мысалдарды жергілікті нарыққа сәйкестендірсек жеткілікті. Оның үстіне контентті өзіміз жасаймыз.

Бұған қосымша B2B бағытына шығуды жоспарлап отырмыз. Түрлі корпорация қызметкерлерін AI-агент жасауға үйретеміз. Қазірдің өзінде алғашқы тапсырыс бар. Қазақстандық бір компаниямен пилот жоба жасаймыз деген келісімге келдік. Егер процесі ауыр болмай шықса, корпоративтік оқытуды да кеңейтеміз.

«Алдағы 3-4 жылда жылдық табысты $100 млн-ға жеткізу біз үшін қиын емес»

– Латын Америкасы нарығына шығу және AI-конструкторды іске қосу үшін инвестиция тартуды жоспарлап отырсыздар ма?

– Инвестиция емес, қарыз алатын шығармыз. Шамамен $500 мың – $1 млн көлемінде. Жалпы алдағы бірнеше жылда JobEscape-ке $20 млн заем тарту жоспарда бар.

Неге олай десеңіз, жоба табысты, сол себепті үлесті ары қарай бөлудің қажеті жоқ. ARR (жылдық қайталанатын табыс – Digital Business ескерт.) $100–200 млн-ға жеткенде ғана инвестицияға шығамыз. Өйткені үлкен цифрларда бәрі басқаша болады.

– Қазір стартап қаншаға бағаланып отыр?

– Шамамен $50 млн болды. Біз осы бағамен due diligence-тен өттік. Бірақ кейін бұл бағытты жалғастырмай, өсімді заем арқылы жүргізуге басымдық бердік. Ойымша, 3-4 жыл ішінде жылдық табысты $100 млн-ға дейін жеткізе аламыз, тіпті одан да көп болуы мүмкін.

Мирас Советов

Менің жеке мақсатым – ARR-ді $1 млрд-қа жеткізу. «Юникорн» мәртебесі аса қызық емес: бүгін бар, ертең жоқ. Олар көпіршік сияқты жарылып кетеді. Ал жылына $1 млрд табыс – нақты орындалатын мақсат. Мысалы, Genesis ARR-ді $3-4 млрд деңгейіне шығара алды. Бізде де оны істеуге ешқандай объективті шектеу жоқ деп ойлаймын.

– JobEscape бұл көрсеткішке қалай жете алады?

– Мұнда бірнеше фактор қатар іске асады. Жаңа аудиторияға шығу: испан және португал тілдерінен кейін басқа тілдерді де қоса беруге болады. ЖИ арқылы ішкі процестерді автоматтандыру және AI-конструкторды іске қосудың арқасында өнімді күшейту. Сонымен қатар Қазақстандағы шағын табыс тапса да, біздің өніммен синергиясы бар EdTech-жобаларды сатып алуымыз мүмкін. Бұл жалпы өсімді жақсы жылдамдатады.

Жақын уақыттағы мақсаттарға келсек, LTV-ді айтарлықтай өсіріп, жылдық табысты $30-40 млн деңгейіне шығарғымыз келеді. AI-конструкторды іске қоссақ, оған жете аламыз. Өйткені Make.com мен n8n көп адамға қиын көрінеді. Есепші не дәнекерлеуші секілді no-code шешімдермен жұмыс істеп көрмеген адам да қысқа оқудан соң AI-агент жасай алатын болсын деп біз кіру шегін төмендеткіміз келеді. Айтпақшы, менің үлкен мақсаттарымның бірі – 1 млн адамды ЖИ-құралдарын дұрыс қолдануға үйрету.

– Соңында, жаңа стартапшыларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Біріншіден, қандай қиындық болса да тоқтамаңыз. Кәсіпкердің ең маңызды қасиеті – тәуекел ету және сол тәуекелдің салдарын көтере білу. Иә, бүгін қиын күн болуы мүмкін, бірақ үміт үзбеу керек. Бір сәтте мүмкіндік міндетті түрде пайда болады. Өзім шаршағанда жатып ұйықтап аламын. Ертеңіне шешім табу оңайырақ болады. Маған бұл тәсіл жақсы көмектеседі.

Мирас Советов

Көп адам «далада қаламын» деген қорқыныштан жағдайды тым әсірелеп көреді. Шынында соншалықты жаман емес. Бастапқыда ең жаман жағдайдың да болуы мүмкін екенін қабылдап, соған қарамастан алға жүре беру маңызды. Сіз берілмегенше, ештеңе бітпейді.

Екіншіден, бірден фандрайзингке байланып қалмау керек. Ол көп жағдайда субъективті ойын. Ақша тартудың екі жолы бар: біріншісі – өзіңіз туралы ақпараттық шу тудырып, «мен мықтымын» деп айту. Біреулер сенсе, инвестиция береді. Бірақ бір күні шу басылады ды да, не істейтініңіз белгісіз болып қалады. Екіншісі – жақсы өнім жасап, нақты нәтиже көрсету. Сол кезде қорлар өзі келіп инвестиция салғысы келеді.

Үшіншіден, қызық әкелетін, қуат беретін іспен айналысқан дұрыс. Мысалы, DIFC-де маған адамдармен қарым-қатынас жасау өте қолайсыз болды. Меніңше, ұнамайтын адамдармен жұмыс істеуден жаман жаза жоқ. Сол үшін өз принципім бар: табыс аздау болса да, өзіме ұнайтын, рух беретін адамдардың ортасында, ләззат сыйлайтын іспен айналысқым келеді.