Қазақ жігіттері құрылыс саласын ЖИ арқылы жақсартудың жолын тауып, $1 млн инвестиция алды

Санжар Рахметжанов 25 жыл бойы өндірістік инжинирингпен айналысып, технологиялық бизнесін дамытып келеді. Ал 2025 жылы ол ұлы Темірлан Рахметжанов және Нұралы Бақтығалиевпен бірге Armeta AI компаниясын құрды. Команда құрылыс-жобалау саласына арналған ЖИ платформасын жасап, америкалық-қатарлық қордан $1 млн инвестиция тартты.

Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Санжар мен Темірлан Armeta AI идеясының қалай пайда болғанын және олардың өнімі құрылыс жобаларын сараптайтын инженерлердің жұмысын қалай жеңілдететінін айтып берді. Сондай-ақ, бұл жоба несімен ерекше екенін, $40 млн алдағы жылдары қандай мақсаттарға жұмсалатынын білдік. Компанияның Таяу Шығыс пен АҚШ нарықтарына шығу жоспарын және ІТ саласында отбасылық бизнес жүргізу неліктен жақсы шешім екенін де талқыладық.

«Инженерлеріміз уақытының 90%-ын бірсарынды жұмысқа жұмсайтынын көруден шаршадым»

– Armeta AI-ды іске қоспай тұрып немен айналыстыңыздар?

Санжар: – Көп жыл бойы өнеркәсіптік технологиялар саласында жұмыс істедім. 2012 жылға дейін жалдамалы менеджер болдым: инвестицияларға жауап бердім, зауыттарды дамыту, оларды цифрландырумен айналыстым. Кейін өз бизнесімді аштым. KPSP жобалау институтының және Өскемендегі өнеркәсіптік арматура зауытының тең иесі болдым. Сонымен қатар құрылыс барысын қадағалау, есептеу, техникалық бақылау және мердігерлермен жұмыс істеуге арналған түрлі технологиялық сервистерді іске қостым. Жобаларды дамыттық, саттық, жаңасын бастадық, оны да саттық. Клиенттер Қазақстанда да, шетелде де болды. Мысалы: Ресейде, Таяу Шығыста, т.б.

Темірлан: – Германиядағы Constructor University-де инженер мамандығы бойынша оқыдым. Сол жерде алғаш рет жұмыс істедім. 1-курста әкем: «Мен тек оқуыңды төлеймін. Тамақтану, көңіл көтеруге қажет ақшаны өзің тап» деді. Сөйтіп, бір неміс кәсіпкері мені көмекші етіп алды. Оның жылжымайтын мүлікті басқаруға қатысты бірнеше бизнесі бар еді. Төрт жыл адал еңбек етіп, ақыры топ-менеджер деңгейіне дейін өстім.

Германияда мен үшін өте жайлы болды, бірақ соған қарамастан бір арманым бар еді, әкеммен бірге жұмыс істегім келді. Оған жақын болғым келді.

– Бірге стартап ашу идеясы қалай туды?

Темірлан: – Қазақстанға келген алғашқы үш жылда әкемнің бизнесін жан-жақты зерттедім, процестерге тереңірек үңілдім. Бір кезде әкеме барып: «Инженерлеріміздің уақытын қайталана беретін жұмыстар жеп қоятынын көріп, шаршадым. Бұған бірдеңе істеу керек» дедім. «Не өзім жеке ЖИ жобасын бастаймын, не оны бірге жасаймыз» деп те айттым.

Санжар: – Мен оған: «Ешқайда кетпе. Мен де дайынмын. Кірісейік» деп жауап бердім. Сол күні-ақ АҚШ-та компания ашып қойдық.

– Қандай бағыт таңдадыңыздар?

Санжар: – Бұл идея стартаптан әлдеқайда бұрын, ChatGPT шыққан кезде туған еді. Сол уақытта мен MIT пен Стэнфордта оқып, ЖИ мен венчурлық капитал нарығын зерттеп жүрдім. Әрине, алдымен өзімізге жақын саланы – жобалау, құрылыс, индустриялық активтерді басқару бағыттарын қарап, қандай өзгерістер жасауға болатынын ойластырдық.

Алғашында GitHub-тың баламасын жасауды ойладық. Бұл – код сақталатын, пікір алмасатын, командалар бірге жұмыс істей алатын платформа. Сол секілді, бірақ жобалаушы инженерлерге арналған жүйе құрғымыз келді. Көп ұзамай мұның ауыр шаруа екенін, әрі сол кезде технологиялардың оған дайын емесін түсіндік. Бағдарламашыларда тек код бар. Ал инженердің қолында сан алуан форматтар, құжаттар, сызбалар, 3D-үлгілер, сипаттамалар, техникалық және нормативтік талаптар болады. Жобаны пилот ретінде тек өзіміздің жобалау институтында іске қостық.

Темірлан: – Бастапқы идеядан уақытша бас тартып, AI-көмекші жасауға көңіл бөлдік. Ол мамандарға арналған техникалық құжаттар жасап бере алатын, инженерлік-техникалық есептер орындайтын, құрылысқа қатысты политехникалық сұрақтарға жауап бере алатын. Бірақ оны да уақытша кейінге қалдырдық.

«Сені мойындау үшін өнім тез қаржылық нәтиже беруі керек»

– Неге AI-көмекші жасау идеясынан бас тарттыңыздар?

Санжар: – АҚШ-қа ұшып барып, Кремний алқабындағы венчурлық қорлар мен сарапшылармен кездесе бастадық. Сонда ассистент тақырыбы өзектілігін жоғалтып бара жатқанын білдік. Бізге: «Егер бір жыл бұрын келгендеріңізде, нарыққа қажет болар едіңіздер. Қазір бұдан да терең нәрсе жасаңыздар» деп тура айтты.

Темірлан: – Construction Tech – ең дәстүрлі салалардың бірі. Бұл нарықта сені мойындау үшін өнім айқын пайда әкеліп, лезде қаржылық нәтиже беруі қажет. Сондықтан біз терең технологиялық платформа бағытына бет бұрдық. Қазір құрылыс саласына арналған өзіміздің үлгілерімізді жасап жатырмыз. Ең басты мақсат – мамандарды күн сайын қайталанатын бірқалыпты жұмыстан арылту.

– Қандай жұмыстарды?

Темірлан: – Нақты мысал келтірейін. Қазір Қазақстанда мемлекеттік серіктеспен пилот жобаны бастап жатырмыз. Бұл – құрылысқа рұқсат беретін реттеуші орган. Әдетте мамандар барлық құжатты қолмен қарайды. Біздің модель осы бірсарынды жұмысты өзіне алып, мамандарға шынымен жақсы көретін әрі жақсы меңгерген сараптама, шығармашылық ой және талдауды қалдырады.

– Реттеуші органдар үшін бұл жоба қалай жұмыс істейді?

Темірлан: – Мемлекеттік органдарда арнайы порталдар бар, оған құрылыс компаниялары жобалық-сметалық құжаттаманы жүктеп, тексеруге жібереді. API-инфрақұрылымы арқылы файлдар автоматты түрде біздің жүйеге түседі, ал біз оларды тексере бастаймыз.

Санжар: – Соңында сарапшы анықталған сәйкессіздіктер, жиналған түсініктемелерден дайын нәтижелер жиынтығын алады. Қарапайым тілмен айтсақ: жүйе жүктелген құжаттардың бүкіл пакетін: сызбаларды, модельдерді, сметаларды, сипаттамаларды автоматты түрде «талдап», оларды біздің модельдер мен ережелер тізбегінен өткізіп шығады. Құжаттарды қолданыстағы нормалармен салыстырады, айырмашылықтарды табады, күдік тудыратын элементтерді белгілейді, есеп құрылымын жасайды және мәселенің нақты қай жерде екенін көрсетеді.

Сарапшы бірден жалпы көріністі көреді, алынған ақпаратты талдайды, құрылысшыға ескерту береді және соңында құрылысқа рұқсат беру-бермеу жөнінде шешім қабылдайды.

– Неге AI-ға басымдық бердіңіздер? Қайталанатын жұмысты жай ғана автоматтандырса болмай ма?

Санжар: – Кәдімгі автоматтандыру – бұл қатаң ережелер жиыны, монолитті жүйе. Алгоритмге не жазылса, соны ғана орындайды. Жоба құрылымы, сызбалардың форматы немесе құжаттардың түрі сәл өзгерсе болды – алгоритм жұмыс істемей қалады.

Ал инженерлік жобалар ешқашан бірдей болмайды. Әр жобада өзіне тән сызбалар, сипаттамалар, техникалық талаптар, 3D-модельдер бар. Мұның бәрін бір ғана «скриптке» сыйдыру мүмкін емес. Сондықтан дәстүрлі автоматтандыру бұл жерде жарамайды.

AI басқаша жұмыс істейді. Ол контексті түсіне алады, инженерлік деректерді оқи алады, жаңа форматтар мен объектілерге бейімделеді. Қазіргі компьютерлік көру, мысалы, сызбалардағы элементтерді тануға және күрделі техникалық құрылымдарды түсіндіруге мүмкіндік береді. Мұны бұрынғы алгоритмдер жасай алмайтын.

«Бір жылға созылатын құрылыс жобасының сараптамасы енді санаулы күнде дайын болады»

– Құрылыс сапасы – адамдардың өмірі. Сонда инженерлік жобаларды AI-ға қалай сеніп тапсыруға болады? Ол да қателесуі мүмкін ғой.

Санжар: – Біз әдейі жалпыға белгілі LLM модельдерін қолданудан бас тарттық. Өйткені дәл солар кең тараған қателердің негізгі себебі. ChatGPT секілді көпшілікке арналған модельдер қарапайым тұрмыстық тақырыптан бастап күрделі тақырыптарға дейін ақпараттың бәріне оқытылған. Ол құрылыс инженериясының контекстін түсінбейді, қажетті стандарттарды ажырата алмайды, саланың ерекшелігін білмейді.

Біз тек жобалау-құрылыс саласына арналған, нақты қатысы бар деректермен оқытылатын өзіміздің базалық модельдерімізді жасаймыз. Сонымен қатар мультиагенттік жүйені қолданамыз, яғни тапсырмаға бір ғана модель емес, бірнешеуі қатар жұмыс істейді. Әр модель басқасын «тексереді», деректерді нақтылайды, қателерді түзетеді. Нәтижесінде қорытынды әлдеқайда дәл және сенімді болады.

Темірлан: – Соңғы шешімді бәрібір адам-сарапшы қабылдайды. AI сәйкессіздіктер мен күмәнді тұстарды көрсетеді, ал инженер қорытындыны бекітеді және жауапкершілік алады. Мұндай тандем әрі дәлдікті, әрі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

– Сіздердің өнімді компания пайдаланса, онда не өзгереді?

Санжар: – Шығармашылыққа уақыт пайда болады. Елестетіп көріңіз: порталға жүздеген файл жүктеледі, мөрлерді, қолтаңбаларды, датасын, құжаттар құрамын, түпнұсқалығын тексеру керек. Бұл – адамды титықтататын жұмыс. Сарапшы күн сайын 100 мөрді салыстыру үшін оқымаған. Ол – архитектор, жобалаушы инженер, технологиялар маманы. Оның міндеті – жобалау, талдау, шешім ойлап табу, эксперимент жасау. AI арқасында дәл осы жұмысқа қайта оралады.

– Демек, сараптама әлдеқайда жылдам жүре ме? Бұл құрылыс саласына қалай әсер етеді?

Темірлан: – Бекітілген нормалар бар, құжаттардың толықтығын тексеруге 5 жұмыс күні, жобаны қарауға және қорытынды беруге 45 жұмыс күні қарастырылған. Бұған дейін экологиялық сараптама, техникалық шарттарды алу сияқты өзге де кезеңдер бар. Нәтижесінде бүкіл цикл кей жағдайда бір жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Біздің мақсат – сараптаманы санаулы күнге дейін қысқарту.

Қазір құрылыс саласындағы реттеу – инвестициялық жобалардың жүзеге асуына кедергі болатын «тежеліс нүктесі». Мемлекеттік сараптама арқылы жылына мыңдаған жоба өтеді. Ал шын мәнінде жүйе ондаған мың жобаны өңдей алады. Бұл капитал айналымын жеделдетіп, құрылыс қарқынын арттыру арқылы ЖІӨ-нің де өсуіне ықпал етуі мүмкін.

«Алдағы 2 жылда өнімге $40 млн инвестиция салуды жоспарлап отырмыз»

– Жоба қалай табыс табады?

Санжар: – Бізде монетизацияның аралас моделі бар. Мемлекеттік сектор үшін – құны мен шарттары алдын ала белгіленген кәдімгі мемлекеттік сатып алу форматы немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік.

Жеке компаниялар үшін – лицензиялық модель. Компания өнімді пайдалану үшін лицензия сатып алады, бірақ оны бір ретке емес, ай сайын немесе жыл сайын жазылу форматында төлейді.

– Инвестициялар туралы сөйлесейік. Жоба қандай қаражатқа дамып жатыр?

Санжар: – Бастапқыда жоба толықтай өз қаражатымыз есебінен өсті, оған жүздеген мың доллар инвестиция салдық. Кейін АҚШ-катарлық қордан алғашқы $1 млн инвестициямызды тарттық.

Менің ойымша, екі апта ішінде Pre-Seed раундымызды толық жабамыз. Мен де компанияның тең иесі ретінде жобаны қаржыландырамын. Идеямызға сенемін және ерте кезеңде үлесті тым қатты сұйылтқым келмейді.

– Қазір ақша қандай мақсаттарға қажет?

Темірлан: – Алдағы екі жылда өзіміздің фундаменталды модельдерімізді дамыту және оқытуды басымдық етіп отырмыз. Бүгінде AI саласындағы ең қымбат бағыт – осы. Біз оған шамамен $40 млн көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отырмыз, қаржыны кезең-кезеңімен тартамыз.

Модельдерді оқыту – өте ауқымды жұмыс: барлық ақпаратты белгілеу керек, модельді контексті түсінуге үйрету, деректермен дұрыс жұмыс істеуге бейімдеу қажет. Оның үстіне, деректерді сақтау, өңдеу, түрлі сервистерге жазылымдар, инфрақұрылым шығындары бар.

Санжар: – Біздің стартап – DeepTech, ал ол әлдеқайда терең әрі күрделі тәсілді талап етеді. Мұнда «екі аптада өнім жасап» MVP шығарып тастау мүмкін емес. Үлкен команда, маңызды зерттеулер, қуатты R&D қажет.

50-60 мықты AI-, ML- және backend-инженердің еңбекақысы да арзан емес. Бұл – болашаққа жасалған есеп. Қазір командада 26 адам бар және біз қарқынды өсіп келеміз.

– Команда қайда орналасқан?

Санжар: – Басты R&D орталығымыз Астанада. Басқа қалаларды қарастырған да жоқпыз. Ұлым Арланның сөзімен айтқанда, технология тұрғысынан қарасақ, Алматы Нью-Йоркке, ал Астана Сан-Францискоға ұқсайды. Мұнда стартаптарға мүмкіндік көп, талантты студенттер мен жас мамандар жетеді.

АҚШ-та шағын офисіміз бен екі ML-инженер бар. Олардың міндеті – технологиядағы ең жаңа дүниелерді бірінші болып бақылау. Кремний алқабында не жаңалық шықса, бірден бізге жеткізеді. Сынақтан өткіземіз, эксперимент жасаймыз, көп нәрсе жарамсыз болады, бірақ сол арқылы расында жұмыс істейтін шешімдер пайда болады.

– Команда ішінде рөлдер қалай бөлінген?

Санжар: – Темірлан – компанияның CEO-сы әрі тең иесі, ол өнімдер мен корпоративтік бағытты басқарады. Мен – тең иемін және сату, коммерция, бизнесті дамытуға жауаптымын. Менің лауазымым – Chief Business Development Officer (CBDO). Үшінші кофаундер – CTO Нұралы Бақтығалиев. Ол Ұлыбританиядағы университеттің компьютерлік технологиялар факультетін үздік бітірді. Оқып жүрген кезден бастап AI, ML және сол салаларға толықтай ден қойды. Диплом алған бойда ұшып келді, үшеуміз компанияны бірге құруға келістік.
Нұралы – менің жақын досымның баласы, яғни жиенім десем болады.

– Сіз үшін отбасылық байланыстың маңызы не?

Санжар: – Көп адам «отбасылық бизнес – жаман идея» дейді. Ал мен керісінше, отбасылық байланыс пен ортақ құндылықтар компанияны керемет нығайтады деп ойлаймын. Мұндай модельдер АҚШ-та да, Еуропада да жақсы жұмыс істейді. Ондай бизнес­термен әріптестік жасағанмын, олардың қалай дамитынын жылдар бойы көрдім.
Шынымды айтсам, менде бір стартап болған, ол кофаундерлер арасындағы келіспеушіліктен ыдырап кетті. Сол жағдайдан кейін балаларым есейгенін күтуді және бизнесімді олармен бірге құруды жөн көрдім. Ортаншы ұлым Арлан өз жолымен кетті, оның Nozomio атты стартапы бар, оған тек кеңес беріп тұрамын.

– Алдағы бір жылдағы жоспар қандай?

Темірлан: – Біздің міндет – Қазақстанда мемлекеттік секторда да, жеке компанияларда да мүмкіндігінше кең интеграция жасау. Платформамызды қолдануға болатын салалар өте көп, әсіресе мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда. Қаңтардан бастап Сан-Францискода Alchemist акселераторында алты айлық бағдарламадан өтеміз. Сол кезеңде АҚШ-қа масштабтауды бастаймыз. Америкалық нарық сыйымдылығы үлкен, әрі Қазақстанға қарағанда әлдеқайда фрагменттелген. Құрылыс талаптары штаттан штатқа ғана емес, қала деңгейінде де өзгере береді. Сондықтан саланы реттеушілер мен ірі корпорацияларға ыңғайлы құрал қажет екеніне сенімдімін.

Санжар: – Біз үшін Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ да стратегиялық маңызды нарық, соның ішінде бірінші кезекте Өзбекстан мен Әзербайжан нарықтары. 2026 жылы бұл елдерде бөлімшелер ашамыз, қазір әлеуетті клиенттермен келіссөздер жүріп жатыр.

Таяу Шығысқа шығып жатырмыз. Жуырда Катарда кеңсеміз ашылды.

Бір өңірге тәуелді болғымыз келмейді. Мақсат – бірнеше елде қатар дамып, өнімді жергілікті құрылыс нормаларына тез бейімдеп, аймақтық серіктестер желісін құру.

Armeta AI