Студенттер Ташкентте гүл маркетплейсін ашып, $100 мың алды
Өзбекстан тумасы Абдумалик Абдухалимов стартапқа студент кезінен-ақ кірісіп кеткен. Оның алғашқы бастамасының өзі табысты болды: Ташкентте мыңдаған адам ай сайын OYGUL маркетплейсі арқылы гүл сатып алады. Оны кейіпкеріміз университетте бірге оқыған IT мамандарымен іске қосқан. Жас OY Startech компаниясы сервистің сапасына және сатушыларға арналған ыңғайлы CRM жүйесіне ерекше көңіл бөлді, бұл өздері жасаған жасанды интеллект шешімі арқылы жүзеге асты. Енді олар Қазақстан нарығына шығуды және ЖИ-агентті техқолдауға арналған жеке өнім ретінде сатуды жоспарлап отыр.
Digital Business пен Astana Hub-тың «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында біз Абдумаликпен гүл бизнесінің ерекшеліктері, гүл жеткізу кезіндегі қызық жағдай және президенттік байқауда жеңіп алған $100 мың гранты жайлы әңгімелестік.
«Біздің стартап идеясы Лондонда пайда болды»
— Өзіңіз туралы айтыңызшы: ІТ саласына қалай келдіңіз?
— Мен Өзбекстанның Қаршы қаласында (Қашқадария облысы; халқы шамамен 270 мың адам) өстім. Ташкентке Президенттік университет — «Жаңа Өзбекстан» оқу орнына, бағдарламалық инженерия (Software Engineering) факультетіне оқуға келдім. Сол жерде OYGUL-дың болашақ кофаундері Нурисломбек Махкамжонхожизодамен таныстым. Екеуміз бірге алғашқы студенттік кеңесті құрдық, бұл — студенттер мен әкімшілік арасында көпір іспетті ұйым. Біз бұл университеттің алғашқы қабылданған тобы едік, сол себепті ол кезде мұндай бірлестіктер әлі жоқ болатын.
Нурисломбек екінші курстың соңында OYTICKET атты табысты стартап жасады. Бұл — Ташкенттегі барлық кинотеатр билеттерін бір жерге жинайтын агрегатор. Жоба тез танымал болды, себебі ол «Барбигеймер» дүрбелеңі кезінде (2023 жылдың жазында екі ірі фильм: «Барби» және «Оппенгеймер» бір мезетте прокатқа шыққан. Интернетте мүлде екі түрлі картинаның бәсекесі туралы көптеген әзіл шықты, оны «Барбигеймер» деп атады — Digital Business ескерт.) пайда болды.
Агрегатор жақсы дамыған соң, Нурисломбек жобаны кеңейткісі келетінін айтты. Ол кезде мен UX/UI-дизайнмен айналысатынмын, сол үшін маған жаңа жобаны бірге жасауды ұсынды.
— Гүл сататын маркетплейске бірден кірістіңіздер ме?
— Иә. Нурисломбек мені екі кофаундер — Темур Касимов пен Асилбек Акбаровпен таныстырды. Маркетплейс идеясы Асилбектен шыққан: ол Лондонда оқиды, бір күні Ташкенттегі қарындасына гүл жібергісі келеді. Бірақ дүкендермен келісу де, төлем жасау да қиынға соғады. Сол кезде Асилбек бұл процесті әлдеқайда жеңілдетуге болатынын ойлайды. Осылайша OYGUL басталды.
Алғашқыда мен UX/UI-дизайнмен айналыстым. Бірақ мұндай стартапта 3-4 айдан кейін дизайнердің жұмысы азая бастайды. Сондықтан мен гүл дүкендерімен келіссөз жүргізу, байланыс орнату сияқты барлық операциялық процесті өз мойныма алуды ұсындым. Бұндай тәжірибем бар еді: студенттік кеңес құрған кезде барлық іс-шаралар мен университет әкімшілігімен байланыс менің мойнымда болды. Осылайша мен басты операциялық менеджер, кейін OYGUL-дың COO-ы атандым.
— Гүл дүкендері көбіне Instagram, Telegram арқылы жұмыс істейді. OYGUL-дың өзгешелігі неде?
— Біз Ташкенттегі көптеген дүкеннің ұсынысын бір жерге жинаймыз, ал сіз бюджетіңізге сай ең тиімді нұсқаны таңдай аласыз. Бұл — біріншіден.
Екіншіден, маркетплейс бүкіл операциялық жұмысты өз мойнына алады: тапсырыс бересіз — болды, сатушыға қайта хабарласудың, статусты нақтылаудың қажеті жоқ. OYGUL тапсырыс жасалған сәттен бастап, гүл жеткізілгенге дейінгі толық процесті бақылап отырады. Үшіншіден, біз сапа мен сервисті басты орынға қоямыз: мысалы, дүкендер көбіне жеткізер алдында букеттің фотосын жібермейді, бұдан түсініспеушілік тууы мүмкін; ал бізде гүлдің суретін жіберу — міндетті талап.
«Бір жылда стартапқа шамамен 8 мың доллар жұмсадық»
— OYGUL-ды іске қосуға кеткен қаржы — алдыңғы стартаптан түскен ақша ма?
— Солай деуге де болады. Негізінде, біз көп қаражат жұмсаған жоқпыз. Ол кезде барлық кофаундерлер университетті аяқтап жатқан, ал адамдар нақты жұмыс тәжірибесін алғысы келді, сондықтан алғашқы команда портфолио үшін бізбен жұмыс істегісі келген мамандардан жиналды.
Негізгі шығын маркетингке кетті. Бір жылдың ішінде шамамен 8 мың доллар жұмсадық, стартап үшін бұл аса көп сан емес.
Қазір командада мені қосқанда 5 адам бар. Мен және Асилбек дүкендермен байланыс пен бүкіл операциялық процесті жүргіземіз, ал тағы үш қызметкер, оның ішінде екі кофаундер — әзірлеушілер.
— Қаржылық моделіңіз қандай?
— Ташкентте ешкім каталогқа орналастыру үшін ақша төлемейді, сондықтан біз сатылған гүл шоғынан комиссия аламыз. Оның көлемі тауар құнына байланысты: 500 000 сумға дейін (21 700 теңге шамасында) комиссия — 20%, баға өскен сайын пайыз азаяды. Бұл көп сатушыны тартуға көмектесті, бүгінге дейін біздің жүйеге 45-тен астам дүкен қосылды. Олардың ішінде шағын дүкендер де, ірі желілер де бар. Бәсекелестер бар, бірақ олар әдетте прогрессивті шкаласыз жұмыс істейді, сондықтан қымбат гүл шоғына тапсырыс берілген кезде дүкен айтарлықтай ақша жоғалтады.
— Жеткізу қызметін кім атқарады? Такси агрегаторларымен серіктестік бар ма?
— Өзіміздің жеткізу қызметін ашу өте қымбат, сондықтан оны аутсорсқа бердік. Ірі таксопаркпен келісіп, бізге гүлді бүлдірмей жеткізе алатын арнайы жүргізушілерді бөлді. Егер клиент үшін жылдамдық маңызды болса, Яндекс Жеткізу қызметі да бар.
Сонымен қатар сервиске ерекше мән беретін жеткізу қызметімен келісім жасадық. Мұнда адами факторға байланысты жағымсыз жағдайлар болмайды. Мысалы, курьердің көңіл-күйі жоқ болуы немесе асығып, алушыға қыспақ жасауы. Ал гүл тапсыру сәті сыйлықтың маңызды бөлігі ғой?! Сондықтан клиенттің қалауы мен бюджетіне қарай жеткізу сервисі де өзгеріп отырады.
«Ай сайын біз арқылы 1,5 мың тапсырыс өтеді. Қазірдің өзінде табысқа шықтық»
— Тапсырыстың сапасы мен статусын бақылау қалай жүреді?
— Бізде алғашқы күннен бері өзіміздің техникалық қолдау командамыз бар, олар жаңа тапсырыстарды қарап отырып, қажет жағдайда сатушымен немесе курьермен байланысқа шығады. Сонымен қатар, біз жасанды интеллектті қолданамыз. Сапаны бақылау тауар карточкасын толтырудан басталады. Дүкендерге позицияларды орналастыруға мүмкіндік беретін тегін CRM беріледі.
Бұрын сатушылар гүл түрін, гүл шоғындағы санын, жалпы сипаттамасын толтыруға міндетті болса да, жиі толтырмай қалатын. Енді жүйеге гүл шоғының суретін жүктеп, бағасын көрсетсе жеткілікті: жасанды интеллект суретті таниды да, тауар карточкасын өзі жасайды. Бұл дүкеннің уақытын айтарлықтай үнемдейді.
Бұдан басқа, біз Telegram-дағы аккаунтымызға саппорт-бот енгізіп жатырмыз. Ол 30 секунд ішінде адам сияқты жауап береді, техқолдау маманының да, сатушының да функциясы болады. Қазір жоба сынақтан өтіп жатыр, келесі жылы шығарамыз. Жүйе тек мәтінді ғана емес, дыбыстық хабарламаларды да танитын болады: кейбір сатып алушылар осылай байланысқанды жөн көреді, ал чат-бот үшін бұл қиындық тудырмайды.
Біздің мақсат — алдымен ЖИ шешімінің тиімділігін OYGUL мысалында дәлелдеу, содан кейін жиналған статистиканы пайдаланып, оны жеке өнім ретінде басқа компанияларға ұсыну.
— Енді сандарға келейік. Сіздер қазір табысқа шықтыңыздар ма?
— OYGUL қазірдің өзінде табысты жоба. Айына шамамен 1,5 мың тапсырыс өңделеді, ал ең жоғары көрсеткіш — 3,5 мың. Орта есеппен күніне 150 гүл жеткізіледі, бірақ бұл көрсеткіш маусымға байланысты өзгеріп отырады. Тағы бір маңызды нәрсе — бізде ең жоғары орта чек бар: бір гүл шоғының орташа бағасы шамамен $60. Біз серіктес дүкендерден алған мәліметке қарағанда, бұл басқа маркетплейстердегі орташа чектен екі есе жоғары.
«Тура төрт сағат бойы жұбайын күйеуінің гүлін қабылдауға үгіттедік»
— Неге OYGUL сайты тек мобильді құрылғыдан ғана ашылады?
— Өзбекстанда пайдаланушылардың әдеті сондай, тапсырысты телефоннан береді. Оның үстіне бізде қаражат көп болмады: стартапты студент кезімізде бастағанымызды еске сала кетейін. Біздің басты назар сұранысы ең жоғары нұсқа — мобильді нұсқаны жасауға бағытталды. Ал келесі жылдың басында үлкен OYGUL 2.0 атты жаңартылған нұсқасы шығады. Басқа өзгерістерден бөлек, онда веб-нұсқада да қолдау болады.
— OYGUL тек гүл ұсына ма? Басқа сыйлықтар — кәмпит, торт бар ма?
— Ондай да бар, бірақ онша сұраныс жоқ. Ташкентте адамдар көбіне кондитерлік дүкенге өздері барып, сыйлықты көзбен таңдайды. Қазақстанда басқаша: сіздерде кез келген тауар санаты бойынша онлайн тапсырыс беру әлдеқайда кең таралған.
— Гүл жеткізу кезінде есте қалған қызық оқиға айта аласыз ба?
— Бірде біздің танысымыз, кәсіпкер, әйелімен ренжісіп қалған соң кешірім ретінде үлкен гүл шоғын жібергісі келді. Ал жұбайы күйеуін барлық жерде бұғаттап тастаған. Біз оны гүлді қабылдауға және татуласуға төрт сағатқа жуық уақыт үгіттедік. Ақыры екеуі мәмілеге келді! Содан бері әлгі азамат айына кем дегенде екі гүл шоғына тапсырыс береді.
«Астана — прогрессивті де қарқынды қала, мұнда кәсіпкерлер бәрін «иә-иә / жоқ-жоқ» принципімен шешеді»
— Қазір сіз Astana Hub пен IT Park Uzbekistan-ның Market Entry бағдарламасынан өтіп жатырсыз. Қазақстан нарығына шығуды жоспарлайсыз ба?
— Иә, дәл солай. OYGUL-ды іске қоспас бұрын біз roadmap жасадық: алдымен Ташкентте дамып, сосын Өзбекстанның басқа қалаларына кеңейеміз деп шештік. Бірақ нарықты зерттеген соң ойымыз өзгерді. Ташкент — елдегі гүл бизнесінің өзіндік орталығы. Мұнда бәсеке жоғары, барлық дүкен сапаны сақтауға тырысады. Ал басқа ірі қалаларда (Бұхара, Самарқанд, Әндижанды қарастырдық) жағдай өзгеше: дүкендер аз, көбінде тоңазытқыш жоқ, ал бұл біздің маркетплейске қосылу үшін міндетті талап.
Содан кейін көрші елдерді Қазақстан мен Қырғызстанды қарастыра бастадық. Сол кезде Market Entry акселерациясының басталғанын дәл уақытында білдік. Бағдарламаға қатысу мүмкіндігі үшін алғыс айтамыз: ол бізге нарықтың ерекшелігін, бизнес жүргізудің қыр-сырын түсінуге қатты көмектесті. Астана — өте прогрессивті, қарқынды дамып жатқан қала. Мұнда кәсіпкерлер бәрін «иә- иә / жоқ-жоқ» принципімен шешеді. Адамдар онлайн арқылы барлығына тапсырыс береді, маркетплейстер өте көп.
Бізде кемінде екі бәсекелес болады: Wolt және Flowwow. Екеуі де — ондаған елде жұмыс істейтін ірі ойыншылар. Бірақ Wolt гүлге маманданбаған, көп болса сыртқы орамды әдемі етеді, соның кесірінен гүл шоғының жалпы көрінісі онша болмауы мүмкін. Ал Flowwow Қазақстанда аса байқалмайды: бәлкім, компания бұл нарыққа портфолионы кеңейту үшін ғана кірген шығар.
Қазір Астанада менторлармен жұмыс істеп жүрмін, олар маркетплейске де, Қазақстандағы бизнес жүргізудің ерекшеліктеріне де қатысты маңызды кеңестер береді. Astana Hub-та көптеген стартап бар, олардың бәрімен сөйлесу өте құнды тәжірибе болды.
— Сіз сондай-ақ Өзбекстандағы President Tech Award байқауында жеңімпаз болып, $100 мың грант алдыңыз. Толығырақ айтып берсеңіз.
— Барлығы Market Entry бағдарламасына ұқсас болды: операциялық көрсеткіштерімізді жазып, өтінім жібердік. Бір кезде анкета толтырғанымызды ұмытып та кеттік. Кенет бізбен хабарласып, финалға өткенімізді және Demo Day-ға дайындалу керегін айтты. Сайып келгенде жеңдік, ал бұл қаражат бізге өте көп көмек болды. Грантқа дейін үнем режимінде жүргенбіз, ал қосымша қаражат маркетплейсті танымал етуге, жарнамаға, Өзбекстанның танымал блогерлерімен бірлескен жобаларға мүмкіндік берді.
— Инвестиция тартпадыңыздар ма?
— Жоқ, бізге грант аяқтан тік тұруға жетті. ЖИ-жобаны толық жасап біткен соң инвестициялық раунд болуы мүмкін.
— Стартаптың 2026 жылға жоспары қандай?
— Біріншіден: Ташкентте OYGUL 2.0 нұсқасын енгізіп, дүкендерге арналған инновациялық шешімдерге басымдық береміз. Екіншіден: ЖИ негізіндегі чат-ботты техникалық қолдауға арналған жеке өнім ретінде шығарамыз. Үшіншіден: маркетплейсті алдымен Астанада, сосын Алматыда іске қосамыз. Одан кейін бәрі ойдағыдай болса, Қырғызстанға шығамыз.