Жас кәсіпкер Орталық Азияның стартаптарын біріктіретін база құрып жатыр
Үмед Рахимов мектеп кезінде-ақ информатикаға қызығып, жоғары оқу орнында ІТ мамандығын таңдаған. Бірінші курстан бастап стартаптарда жұмыс істеп, кейін өз жобасын – Тәжікстанда жұмыс іздеуге арналған vazifa.tj сервисін іске қосқан. Бұл шешім ел ішінде кеңінен танымал болды. Алайда биылғы жылдың басында Үмед компаниясын сатып, Stanbase атты жаңа жобаны қолға алды. Бұл – Орталық Азиядағы инновациялық стартаптар мен венчурлік және бизнес инвесторларды бір платформаға біріктіретін деректер базасы.
Digital Business және Astana Hub бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Үмед Stanbase идеясының қалай пайда болғанын және сервистің шетелдік ұқсас платформалардан қандай айырмашылығы бар екенін айтып берді. Сондай-ақ, фаундерлер жобаны дамытуға қанша қаражат салғанын, стартаптың табыс табу тәсілін және алдағы бір жылда қай бағытта дамитынын да білдік.
«Өмірде жетер шегім – информатика мұғалімі болу деп ойлайтынмын»
– Үмед, сіздің ІТ саласындағы жолыңыз қалай басталды?
– Мектепте жүргенде-ақ информатикаға қызықтым. Университет таңдаған кезде де осы бағытты қарастырдым. Бірақ жоғары сыныптарда ІТ туралы нақты түсінігім болмады. Маған бар жетістігім – информатика пәнінің мұғалімі болу сияқты көрінді.
Тәжік ұлттық университетіне оқуға түсіп, бірінші курста стартап Nexus Tajikistan жобасына проджект-менеджер болып жұмысқа орналастым. Бұл жоба Тәжікстандағы HeadHunter баламасы еді. Локдаун басталғанда жоба жабылып қалды. Сол уақытта елде Telegram-ды жаппай пайдалану басталды. Сөйтіп, мен онда tajwork деген арна ашып, жұмыс туралы хабарландырулар жариялай бастадым. Арна тез өсіп, кейін vazifa.tj атты толыққанды жұмыс іздеу платформасына айналды. Осы жобамен PEAK Tajikistan акселерациясынан өттік, 2023 жылы монетизацияны іске қостық. Қазір vazifa.tj – елдегі ең ірі жұмыс іздеу алаңдарының бірі.
– Дегенмен, соңғы екі жылда Ташкентте тұрып жатырсыз. Өзбекстанға қалай тап болдыңыз?
– 2023 жылдың басында біз жобаны Өзбекстанға кеңейткіміз келді, сол үшін Ташкентке көшіп келдім. Бірақ нарықтағы жағдайды толық бағаламай, бұл идеядан бас тарттық. Бастапқыда процестерді реттеп, Тәжікстанға қайта ораламын деп ойладым, бірақ қалуды шештім. Түрлі жобаларда проджект-менеджер болып жұмыс істедім, жергілікті ІТ қауымдастыққа қосылуға тырысып жүріп, vazifa.tj-ды өз елімізде дамытуды жалғастырдым.
2024 жылдың тамызында YouTube-та «Umed Rahimov» атты арнамды аштым. Командаммен бірге кәсіпкерлермен, стартаперлермен, инвесторлармен және венчурлік индустрия өкілдерімен подкасттар түсіреміз. Қазірдің өзінде 25-тен астам шығарылым дайын. Сонымен қатар Тәжікстанның стартап-экожүйесі туралы «Инновацияның тууы» атты деректі фильм мен «School 21 – адамдар» атты ІТ-ге нөлден бастап кіру жолы туралы фильм түсірдік.
– Stanbase идеясы қашан пайда болды?
– 2020 жылдан бері жеке Telegram-арнамды жүргізіп келемін. Онда Орталық Азиядағы ІТ-компаниялар, өнімдер мен адамдар туралы жазамын. Жазбаларға дайындық кезінде мәмілелер, инвестициялық раундтар және индустрия жаңалықтары туралы мәлімет іздедім. Ақпарат көп болғанымен, ол шашыраңқы еді: жергілікті БАҚ-та, шетелдік платформаларда (CrunchBase, Dealroom және т.б.) бытырап жатты.
Биылдың басында vazifa.tj-дегі үлесімді сатып, жобадан шықтым. Не істесем болатынын ойлап, бастапқыда ІТ-мамандарды жалдайтын рекрутерлерге арналған HR-tech өнім жасағымыз келді. Бірақ бұл бағыттың жұмыс істемейтінін түсініп, идеяны Stanbase тұжырымдамасына қарай өзгерттік.
– Ол қандай жоба?
– Stanbase – Орталық Азиядағы барлық инвестициялық ақпаратты жинап, бір жерден қолжетімді ететін бірыңғай платформа. Тамыз айынан бастап өңірдегі стартаптар, венчурлік қорлар, бизнес-періштелер және инвестиция тарту жаңалықтары туралы деректерді жинап келеміз.
Қазірдің өзінде 2022–2025 жылдар аралығындағы мәмілелер туралы жаңалықтардың 80%-ын жинадық. Осы деректер негізінде зерттеу мен талдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз: нарық динамикасын, аномалиялар мен заңдылықтарды зерттейміз, қай бағыттарға жиі инвестиция салынатынын, қай қорлар белсендірек екенін анықтаймыз.
– Stanbase-тің шетелдік ұқсас платформалардан айырмашылығы неде?
– Ең басты айырмашылық – аймаққа бейімделген контент. CrunchBase негізінен АҚШ стартаптарына, ал Dealroom Еуропа нарығына назар аударады және жақында ғана Қазақстан мен Өзбекстанда іске қосылды. Бірақ ондағы біздің өңір туралы деректер Astana Hub пен IT Park Uzbekistan арқылы жиналған. Мұндай тәсілдің кемшілігі – ақпараттың үнемі жаңартылып отырмауы. Біз өз өңірімізде отырғандықтан, бұл процесті үздіксіз жүргізе аламыз.
Сонымен қатар, жиналған деректерді жаһандық платформаларға да беруге дайынбыз, оларда да өзекті ақпарат сақталуы үшін.
«Кейбір венчурлік қорлар бізді елемейді»
– Жоба басталғанда қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Бұрынғы тәжірибемнің арқасында айтарлықтай кедергілер болған жоқ. Алғашқы жобаларда техникалық команданы жинау қиын еді, ал қазір Telegram-арнам мен кең нетворк арқасында мамандар өздері хабарласады.
Нетворк инвесторлар мен қор өкілдерімен байланыс орнатуға да көмектеседі. Егер біреуге тікелей жете алмай жатсам, оны подкастқа шақырамын. Түсірілім кезінде жиі Stanbase-пен серіктестік орнату туралы келісіп қоямыз.
– Қорлар сіздермен ақпарат бөлісуге қаншалықты құлықты?
– Қазірдің өзінде Өзбекстан мен Қазақстанның бірнеше қорларымен меморандумға қол қойып жатырмыз. Мұндай серіктестік арқылы құрылымдалған деректерді тезірек аламыз. Мысалы, ашық деректерден іздеп әуре болмай, бірден инвестициялар туралы кестені сұрата аламыз.
Бірақ кейбір венчурлік қорлар бізді елемейді, ал кейбіріне ақпарат бер деп үнемі еске салып тұру керек.
Тағы бір мәселе – барлық мәліметті алу мүмкін емес. Мысалы, компаниялардың бағалануы көп жағдайда жабық ақпарат. Дегенмен, біз қорлардың басшылығымен тікелей байланысамыз, кейде NDA аясындағы деректерге де қол жеткізе аламыз. Оларды ашық жарияламаймыз, тек аналитика үшін пайдаланамыз.
– Басқа қандай дереккөздерді қолданасыздар?
– Қазір Өзбекстанның салық жүйесіне iHamkor серіктесі арқылы интеграция жасап жатырмыз. Бұл елдегі заңды тұлғалар туралы ақпарат іздеуге арналған сервис. Осы арқылы компанияның тіркеу деректерін, айналымын, салық берешегін және тұрақтылық рейтингін аламыз.
Бірақ біз тек өз базамызда бар стартаптардың деректерін ғана пайдаланамыз.
– Қорлар мен стартаптарға Stanbase-те тіркелудің қандай пайдасы бар?
– Қорлар үшін Stanbase деректері due diligence кезінде пайдалы. Инвесторлар мәліметтердің нақты әрі толық екеніне сенімді бола алады.
Стартаптар үшін де бірнеше артықшылық бар. Біріншіден, осылай инвесторлардың назарына түсу ықтималдығы жоғары. Екіншіден, тіркелу тегін, тіпті серіктестерден бонус алуға мүмкіндік бар. Мысалы, біз Hyper App — Enterprise Cloud корпоративтік бұлт платформасымен әріптеспіз, ол компанияларға үш ай бойы тегін сақтау қоймасын ұсынады. Сондай-ақ Admixer Uzbekistan сервисімен жұмыс істейміз, ол Meta Ads пен Google Ads бюджеттерін арнайы шарттармен толықтыруға мүмкіндік береді. Ал Alif Uzbekistan финтех-компаниясында жарты жыл эквайрингті комиссиясыз рәсімдеуге болады. Серіктестер тізімі үнемі кеңейіп келеді.
«Жыл соңына дейін инвестиция көлемі шамамен $50 мың болады»
– Жобаны қалай монетизацияламақсыздар?
– Бірнеше аудитория үшін жазылым түрлерін енгізуді жоспарлап отырмыз, бірақ бағасы әлі белгісіз.
Инвесторларға арналған жазылымға стартаптар туралы кеңейтілген ақпарат кіреді: олардың заңды мәртебесі, салық берешегі, тұрақтылық рейтингі, өсу динамикасы мен қаржылық көрсеткіштері. Сондай-ақ индустрия жаңалықтарына, аналитика мен іс-шаралар туралы деректерге қол жеткізе алады. Қазірдің өзінде бірнеше венчурлік қормен алдын ала келісім бар, жылдық әріптестік келісімшарттарын әзірлеп жатырмыз, құны ондаған мың доллар болады.
Стартаптар да жазылым рәсімдей алады. Олар базаға енгізілген жобалар мен қорлар туралы кеңейтілген ақпаратқа қол жеткізіп, серіктестерден бонустар ала алады.
Сонымен қатар, мемлекеттік құрылымдарға арналған B2G бағытын іске қосуды ойластырып отырмыз. Мақсат – индустрия бойынша талдаулармен бөлісу. Бірақ әзірге нақты тұтынушы кім болатыны анық емес.
– Жобаны қандай қаржыға дамытып жатырсыздар?
– Қаражаттың негізгі бөлігі – фаундерлер мен бизнес-періштелердің инвестициясы. Дәл сома нақтыланбаған, бірақ жыл соңына дейінгі жалпы көлем шамамен $50 мыңды құрайды. Бұл қаражат жобаның негізгі бағыттарына бөлінеді.
– Негізгі шығын неге кетеді?
– Қазір команданы ұстап тұру мен зерттеу жұмыстарына қаржы жұмсап жатырмыз. Маркетингке әзірге ақша салмаймыз, жобаны өз әлеуметтік желілерім мен YouTube арнам арқылы жарнамалаймын.
«Stanbase базасында кемінде 1000 стартап болса дейміз»
– Көптеген стартаптар акселератордан бастайды. Сіздер де сондай бағдарламаларға қатысасыздар ма?
– Бұрынғы жобаларда мен осындай тактиканы ұстанатынмын. Stanbase жағдайында біз алғаш рет акселераторға қатысып жатырмыз. Желтоқсанға дейін Astana Hub пен IT Park Uzbekistan бірлесіп іске қосқан MARKET ENTRY бағдарламасынан өтеміз. Ол Өзбекстанның технологиялық компанияларына Қазақстан нарығына шығуға көмектесуге арналған.
– Сізден басқа Stanbase-ті кімдер дамытып жатыр?
– Үш кофаундер, әрқайсысының өз бағыты бар. Сонымен қатар штатта тағы төрт адам жұмыс істейді: әзірлеушілер мен контент жасаушылар. Негізгі талдаумен әзірге өзім айналысамын, бірақ келесі жылы кеңейтілген зерттеу құралдарын әзірлейтін аналитиктерді жалдаймыз.
– Кеңейтілген аналитика дегенде не көзделіп отыр?
– Бұл жерде метчинг, скоринг және іріктеу құралдары болады. Олар қажетті компанияларды тез табуға мүмкіндік береді.
Мысалы, егер Astana Hub-та тіркелген Орталық Азияның ең табысты 100 стартапының рейтингін құрастыру қажет болса, жүйе автоматты түрде іріктеп, әр жобаның негізгі метрикаларын көрсетеді.
– Алдағы жылға тағы қандай мақсат қойдыңыздар?
– Ең алдымен, базада кемінде 1000 стартап жинау. Қазір соның 11%-ы дайын. Сондай-ақ Astana Hub пен басқа серіктестермен бірігіп, Қазақстан және Орталық Азияның өзге елдеріндегі салық деректерін интеграциялағымыз келеді. Тағы бір мақсат – кемінде 100 инвесторды платформаға тарту. Егер біздің көмегімізбен кем дегенде 10 мәміле жүзеге асса, бұл үлкен жетістік.
Сондай-ақ $300-500 мың инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Ол қаражат R&D мен команданы кеңейтуге жұмсалады. Ұзақ мерзімде Оңтүстік Кавказ елдеріндегі стартаптар туралы деректерді де қосып, өңірдегі инвестициялар мен мәмілелер туралы негізгі платформа болғымыз келеді. Тіпті бірнеше жылдан кейін халықаралық ірі ойыншыға сатылуымыз да мүмкін.
Сонымен бірге подкасттар түсіруді, жергілікті стартаперлер мен инвесторлардың тәжірибесін бөлісуді жалғастырамыз. Болашақта Орталық Азиядан шыққан, бірақ әлемде жұмыс істеп жатқан жобалар туралы мини-фильм форматындағы халықаралық жобаны іске қоспақпыз.
– Жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге қандай кеңес бересіз?
– Мен ешқашан ақыл айтуға әуес адам емеспін. Сол себепті әлеуметтік желіде эксперт болып сөйлеудің орнына, сұхбаттар жүргіземін, сұрақ қоямын. Міне, кеңесім де осы: егер бір нәрсені түсінбесеңіз, оны білетін адамдардан сұраңыз.
Және ең бастысы – әрекет етуден қорықпаңыз. Көп стартаперлерді көріп жүрмін: көп жоспарлайды, бірақ аз істейді. Ал мұндай амал ешқашан нәтиже бермейді.