Ташкенттен шыққан жігіттер дүкендерге AI-камера жасап, $1,8 млн алды

Ташкенттен шыққан Шахзод Өмірзақов пен Джамшид Хакимжонов 2021 жылы TASS Vision стартапын құрды. Команда дүкендерге арналған AI-камералар жасап шығарды. Бұл жүйе компьютерлік көру технологиясының көмегімен дүкенге келушілер ағынын талдап, олардың жынысы мен жасын анықтайды және дүкен иесіне табысты арттыруға көмектеседі.

Бүгінде TASS Vision шешімдері Қазақстан, Өзбекстан, Перу және Түркияны қоса алғанда, 10 елдегі 2 мыңнан астам дүкенге орнатылған. Осы уақытқа дейін стартап $1,8 млн инвестиция тартты.

Digital Business пен Astana Hub бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында TASS Vision компаниясының негізін қалаушы, әрі бас директоры Шахзод Өмірзақов нейрожеліні үйретіп жатқанда келушілерді қалай санағанын, AI-камералардың бөлшек сауда бизнесіне қалай пайда әкелетінін және компанияның бағасы $100 млн-ға жеткенде стартапты не күтіп тұрғанын айтып берді.

«Түнде автобустарға жабдық орнататынбыз»

— TASS Vision идеясын қалай ойлап таптыңыз?

— 2018 жылы, мен 19 жаста болған кезде, әкеме бизнесте көмектесіп жүрдім. Ол шағын автобус паркінің иесі еді, жолаушылар тасымалымен айналысатын. Бұл бизнесте бір мәселе бар: кондукторлар түскен ақшаны қалтасына басады, бірақ оны дәлелдеу қиын. Сол жағдайды өзгерткім келіп, әкеме жолаушыларды автоматты түрде санайтын құрылғы жасауды ұсындым.

Бұл инфрақызыл есептегіш: адам есіктен өткен сайын көзге көрінбейтін сәулені кесіп өтеді де, жүйе оны тіркейді. Құрылғыны үш айдың ішінде жинап, автобустарға орнаттым. Кондукторлар мұны түсінген соң, адал жұмыс істей бастады. Нәтижесінде екі апта ішінде табыс екі есе өсті, жоба өзін толық ақтады.

Кейін команда жинап, басқа автобазаларға да құрылғы орната бастадық. Есімде, түнде жігіттермен бірге автобустарға жабдық орнататынбыз, ал таңертең ұйықтайтынбыз. Күндіз код жазып, 3D-принтерде корпустар басып шығаратынбыз, оған микроконтроллерді дәнекерлеп, кешке қайта автобазаға баратынбыз. Кейін осы жоба мені бөлшек саудадағы сатып алушылардың мінез-құлқын талдау идеясына итермеледі.

— Неге көлік саласында қалмадыңыз?

— 2019 жылы Алматыда жүргенде, онда Onay көлік карталарының жүйесі жұмыс істейтінін байқадым. Яғни, жақында Өзбекстанда да осындай жүйе енгізіледі деп түсіндім. Ақша айналымы қолма-қолдан кетеді, ал біздің құрылғының мәні жоғалады. Сол сәтте бағытты өзгерту керек екенін ұқтым.

Жаңа идея іздей бастадым. Аналитикаға нақты сұраныс қайда бар екенін білу үшін бөлшек сауда, құрылыс компаниялары, дәмхана мен мейрамханаларға жүздеген қоңырау шалдым. «Сізге күніне қанша адам келеді? Оны қалай есептейсіз?» деп сұрайтынмын.

Әртүрлі жауап болды. Бірі «Ол неге керек?» десе, енді бірі қызығушылық танытты. Түсінгенім, офлайн ритейлде көпшілігі дүкеніне кім келетінін және сатылымға не әсер ететінін білмейді. Сол кезде мүмкіндік көрдім: интернет-дүкендердегідей дәл әрі қолжетімді аналитиканы нақты сауда нүктелеріне де енгізуге болады. Көп ұзамай маған Джамшид Хакимжонов қосылды. Оның инженерлік білімі мықты, компьютерлік жүйелермен жұмыс істеу тәжірибесі бар еді. Бірге өнімнің алғашқы нұсқасын жасап, кейін ол TASS Vision-ға айналды.

— Алғашқы клиентіңіз кім болды?

— Өзбекстандағы Texnomart ірі электроника желісі. Олардың бас маркетологы бізге дүкенге қанша адам кіретінін санайтын жүйе бар, бірақ клиенттің жасы, жынысы мен мінез-құлқы туралы тереңірек деректер керек деді. Біз үш айда бейнекамера арқылы тұтынушылар ағынын талдап, нақты уақытта аналитикаға айналдыратын «ақылды» камераларға негізделген жаңа құрылғы жасап береміз деп уәде бердік. Яғни, «қанша адам келді» емес, «кім келді және өзін қалай ұстады».

Біз жобаны үш айда бітіреміз деп ойладық, бірақ шындығында нейрожелілерді оқыту мен алгоритмдерді жетілдіруге көбірек уақыт кетті.

Шартты орындау үшін амал жоқ, ізденуге тура келді. Біз клиентке әр күннің соңында есеп беруге міндетті едік. Мен оларға «жүйе келушілерді жасанды интеллект көмегімен талдайды» деп айтатынмын, ал шын мәнінде, бәрін қолмен жасайтынмын. 12 сағаттық бейнені жылдамдатып, екі экраннан қарап, бір жарым сағатта бір күннің дерегін өңдейтінмін. Клиент санын, жынысын, жасын есептеп, Excel-де кесте құрып, есеп жіберіп отыратынмын. Осылай 99 күн бойы істедім. Яғни, fake it till you make it («Жасап көргенше, жасап жатқандай көрін» — ағылшын мәтелі, Digital Business еск.) деген қағидамен жұмыс істедім. Ол кезде басқа жол жоқ еді.

Бірақ дәл осы тәжірибе маған AІ-дің қалай жұмыс істеу керектігін түсінуге көмектесті. Өз қолмен жасаған нәтижелермен салыстырғанда, модельдің дәлдігі 50-60%-дан аспайтынын байқадым. Қателерді анықтап, алгоритмдерді қайта оқыттық. Бірнеше айдан кейін жүйе расымен автоматты түрде жұмыс істей бастады.

«Екі жыл бойы микросхемасынан бастап, оптикасы мен корпусына дейін өзіміздің «ақылды» камерамызды жобаладық.

— Алғашқы қадамдар оңай болмаған сияқты: маман да, қуат та жоқ, ал клиент нәтиже күтіп отыр. Қиындықты қалай еңсердіңіздер?

— Шыны керек, басында AІ дегеннің қалай жұмыс істейтінін ешқайсымыз білген жоқпыз. 2019–2020 жылдар еді, ChatGPT мен AI төңірегіндегі дүрбелең әлі басталған жоқ. Маман да жоқ, тіпті көрші елдерде де жоқ. Сондықтан барлығын нөлден үйрендік: YouTube, мақалалар, форумдар, Google арқылы. Бір істейміз — шықпайды, қайта көреміз.

Жай қозғалдық, өйткені тәлімгер де, қажетті сервер қуаты да болған жоқ. Ал нейрожелілерді оқыту үшін үлкен сервер ресурсы қажет, ол қымбат. Біз айналып өтудің жолын іздедік. Мысалы, біздің Head of AI Сирожиддин Нұриев Оңтүстік Кореяда оқыды және сол жақтағы университет зертханасының есептеу қуатын пайдалануға көмектесті. Алғашқы модельдерді сол жерде оқыттық.

Бара-бара ішкі сараптамамызды күшейтіп, модельдің тұрақтылығын арттырдық, тәжірибеден нақты өнімге өттік.
Қазір бізде шамамен 40 адам жұмыс істейді, соның ішінде 12 инженер және Оңтүстік Кореяда AI мен компьютерлік көру саласында магистр және PhD дәрежесін алған екі зерттеуші бар.

— TASS Vision жүйесінің артықшылығы неде?

— Қазір көп дүкендер қозғалысқа реакция беретін қарапайым сенсорларды пайдаланады. Сол себепті жүйе кейде жай есіктің қасынан өтіп бара жатқан адамды да «келуші» деп есептейді.

Мұндай датчиктер 40-50%-ға дейін қателесуі мүмкін, бірақ бұл құрылғы арзан болғандықтан, соны таңдайды, өйткені ритейл — маржасы төмен сала.

Ал AI-аналитика, керісінше, өте дәл, бірақ қымбат: бір дүкенге жылына $500–1000 шығады.

Біз екі жақтың тиімділігін біріктірдік: AI жүйелеріндей дәлдік, бірақ қарапайым сенсордың өзіндік құнымен. Мұны деректерді тікелей камераның ішінде өңдеу арқылы іске асырдық.

— Бұл қалай жұмыс істейді?

— AI жүйелері әдетте дүкендегі камералардан бейнені бұлтқа жібереді де, өңдеу серверде жүреді. Бұл қымбатқа түседі, өйткені бұлттағы сақтау мен есеп үшін төлеу керек. Біз бұдан бас тартып, есептеуді тікелей құрылғының өзіне көшірдік. Осылайша құны бірнеше есе төмендеді, ал деректер нақты уақытта өңделе бастады.

Біз екі жыл бойы өзіміздің «ақылды» камерамызды жобаладық, микросхемасынан бастап оптикасы мен корпусына дейін өзіміз жасадық. Яғни, Apple сияқты, дизайн мен сипаттаманы өзіміз жасаймыз, ал өндіруді Шэньчжэньдегі серіктестерге тапсырамыз. Кейін өзіміздің софтымызды орнатамыз.

Қызмет ету мерзімі 5 жыл болатын камера дүкенге айына бар болғаны $2,5-қа түседі. Бұл бұлттық AI шешімдерінің $250-ымен салыстырғанда жүз есе арзан.

«Бір дүкенде конверсияның 1%-ға өсуінің өзі жүйені ақтайды»

— Қанша клиентіңіз бар?

— Қазір біздің жүйе 10 елдегі 2 мыңнан астам дүкенде орнатылған. Клиенттерді делдалсыз, тікелей өзіміз тартамыз. Нысаналы аудиториямызды жақсы білеміз, ол азық-түліктік емес сауда — электроника желілері, дәріханалар, киім дүкендері. Әр елде мұндай компаниялар көп емес, ең көбі жүзге жуық, сондықтан нақты тізім жасап, кеңсесіне қоңырау шалдық. Осылай қадам-қадаммен сату мен беделді қалыптастырдық, жарнама емес, жеке кездесу мен ұсыныс арқылы.

— Жүйе нақты не өлшейді және ритейлге қалай көмектеседі?

— Біз келушілерді санап қана қоймаймыз, сонымен қатар сатылымды арттыруға көмектесетін инсайт береміз. Мысалы, жүйе жарнама науқандарының тиімділігін көрсетеді: қанша адам жарнамадан кейін келді және қаншасы шынымен сатып алды.
Маркетологтар қай кампания тиімді болғанын, ал қайсысы тек бюджетті босқа жұмсағанын көреді. Сондай-ақ жүйе клиент тарту құнын (CAC) есептейді, офлайн ритейлде бұрын мұны өлшеу мүмкін емес еді.

— Ал бұл мәліметтер сатушылардың жұмысына қалай әсер етеді?

— Біз дүкендерге конверсияны есептеуге көмектесеміз: мысалы, 100 адам кіріп, тек 5-і сатып алса — бұл 5%. Енді менеджерлер бұл көрсеткіштерді қызметкерлердің KPI-ына енгізеді.

Сатушылар камера «көріп тұрғанын» түсінгенде, әр клиентке мұқият қарауға тырысады, ал бұл табысқа тікелей әсер етеді. Конверсияның төмен болуының басты себебі — қызмет көрсету сапасы. Көп жағдайда адам дүкенге кіреді, бірақ ешкім жақындамайды, сұрақ қоймайды, көмектеспейді, нәтижесінде ол ештеңе алмай шығып кетеді.

— Мұның нақты нәтижесін берген мысал бар ма?

— Бар. Бір ірі электроника желісі мотивация жүйесін толық өзгертті: тұрақты жалақыны алып тастап, тек конверсия бойынша бонус қалдырды. Тәуекелге барды, бірақ нәтижесі керемет болды. Үш айда сатылым 63%-ға өсті.

Яғни, деректердің арқасында мотивация жүйесі ашық әрі әділ болды. Ірі желілерде конверсияның 1%-ға өсуі TASS Vision жүйесінің өзін-өзі толық ақтайды. Орта есеппен біздің камералар алты айда өз құнын өтейді.

— Стартап қалай табыс табады?

— Бізде төрт тариф бар: Standard, Plus, Pro және Enterprise — ай сайынғы төлемі атқаратын функциясына қарай тиісінше $29, $49, $69 және $119.

Standard — базалық нұсқа: келушілерді санау, жынысын және жасын анықтау, топтар (мысалы, отбасы немесе достар тобы бір рет кірді деп есептеу), деректер дұрыс болуы үшін бейдждері бар қызметкерлерді ескермеу. Сондай-ақ мобильді қосымша, e-mail хабарламалар және негізгі статистика кіреді.

Plus — AI-есептер, инсайттар, бенчмаркинг және POS-интеграциялар секілді қосымша функциялар мен есептер бар нұсқа. Pro — бет-әлпетті тану функциясы бар кеңейтілген нұсқа, жаңа және тұрақты клиенттерді ажыратуға, әр дүкен бойынша терең талдау жасауға мүмкіндік береді. Enterprise ірі желілерге арналған, жеке модульдер мен интеграцияларды және бірінші кезектегі техникалық қолдауды қамтиды.

Қазір клиенттердің шамамен 70%-ы Pro-жоспарға өтуді жоспарлап отыр, оған тағы бес жаңа модуль қосылады.

«Бізді Перудегі серіктеске ChatGPT ұсынған»

— Инвестиция туралы айтып өтсеңіз. Барлығы қанша қаржы салынды?

— Басында капиталымыз болған жоқ, тек уақытымыз бен білімімізді салдық. Алғашқы табыс клиенттердің алдын ала төлемдерінен келді. Кейін алғашқы $100 000-ды үш періште-инвестор салды, олардың бірі — Texnomart желісінің негізін қалаушы.

Кейін UzVC мен қазақстандық Activat VC қосымша $150 000 инвестиция салды, ал 500 Global бағдарламасына қатысу тағы $100 000 әкелді. Осылайша алғашқы кезеңде шамамен $350 000 жинадық, бұл өнімнің алғашқы нұсқасын жасап, масштабтауға жетті.
2025 жылы біз $1,5 млн-ға раунд жаптық. Еуропалық Purple Ventures қоры $500 000 чекпен көш бастады. Сондай-ақ Pragmatech Ventures, IT Park Ventures, Big Sky Capital, SABAH.fund және тағы басқа сегіз инвестор қосылды.

— Орта Азиядағы стартапқа еуропалық инвестиция тарту қиын болды ма?

— Иә, оңай болған жоқ. Бізде бәрі жақсы еді: 86% маржалық табыс, жылдық қайталанатын табыс (ARR) — $1 млн шамасында, бизнес-модель түсінікті. Жеке өзім 250-ден астам венчурлық қорға жаздым, көбісі: «Қызық, бірақ бізге Еуропа немесе АҚШ-та traction керек» деп жауап берді. Орта Азияда pre-seed тарту оңай, seed қиындау, ал Series A кезеңіне жету тіпті қиын: толық due diligence жасайтын ірі қорлар аз. 2024 жылдың желтоқсанында Purple Ventures қорымен кездесу бәрін өзгертті. Алты ай келіссөз жүргіздік, ақырында олар раундты басқаруға келісті. Содан кейін қалған инвесторлар да қосылды. Purple Ventures — Өзбекстаннан шыққан стартапқа сеніп, ерекше жағдай жасаған алғашқы тәуелсіз еуропалық қор болды. Олар Орталық Азиядан жаһандық tech-компаниялар шығатынына сенді.

Тартылған қаржыға жабдық сатып алдық, R&D-команданы дамыттық және жаңа нарықтарға шықтық.

— Шетел нарықтарына қашан шыға бастадыңыздар және әртүрлі елде қалай жұмыс істейсіздер?

— Өзбекстаннан кейін алғашқы ел Қазақстан болды, 2023 жылы. Бүгінде біздің жүйе 10-нан астам елде, соның ішінде Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, Сауд Арабиясы, БАӘ және Перуде бар.

Барлық жерде ритейлдің мәселесі бір: дүкенге кім келеді, персонал қалай жұмыс істейді, конверсияға не әсер етеді. Айырмашылық тек тіл мен уақыт белдеуінде: Перуде испанша, Түркияда түрікше, ал Орталық Азияда орысша сөйлесеміз.

Біз екі үлгімен жұмыс істейміз. Қазақстан сияқты елдерде компания ашамыз, команда жалдаймыз, сатылым мен қолдауды өзіміз жүргіземіз. Басқа елдерде дистрибьюторлармен серіктесеміз: өнім мен оқытуды береміз, олар 20–40% маржамен жұмыс істейді, осылай масштаб тезірек жүреді. Осы тәсілмен Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия және Тәжікстан нарығына шықтық. Жыл соңына дейін Грузия мен Арменияны қосамыз деп жоспарлап отырмыз.

Кейде серіктестер өздері бізді табады. Мысалы, Перудегі электроника дүкендер желісі бізді ChatGPT ұсынғанын айтты. Біз оларға камералар жіберіп, 50 нүктеде пилот жүргіздік, енді олар 1100 сауда нүктесіне жүйені енгізуге дайындалып жатыр.

— Алдағы жоспар қандай?

— Жыл соңына дейін бет-әлпетті тану және келушілердің дүкенде қанша уақыт өткізгенін есептеу функциялары бар Pro-пакетті толық аяқтап, Армения мен Грузияда жаңа серіктестер қосуды жоспарлап отырмыз.

Алдағы 3-5 жылда әлем бойынша 15 мың сауда нүктесін қосып, жылдық табысты кем дегенде 150%-ға арттырып, компанияны $100 млн-нан жоғары бағалауға жеткізгіміз келеді. Содан кейін стратегиялық серіктеспен бірігу немесе АҚШ-тағы ірі ойыншылардың біріне компанияны сату туралы M&A келісім жасаймыз. Мен үшін бұл логикалық қадам, өйткені TASS Vision — менің алғашқы стартапым. Одан кейін жаңа, бұдан да ауқымды жобаларға кірісемін.

— Қай салалар сізді қызықтырады?

— Агротехнология, сумен қамту мәселелерін шешу және тұрақты даму. Алдағы 50-100 жылда адамдардың өмірін айқындайтын басты салалар. Мен ұзақ жылдар бойы пайдалы болып қалатын өнімдер жасап, миллиондаған адам күнделікті қолданатын шешімдер ұсынғым келеді.

 

TASS VISION