Қазақстандық ғалым «ақылды» ұлтарақ жасауға $90 мың инвестиция алды. Ол не үшін қажет?

Freedom Broker Freedom Broker О редакции О редакции
Дата публикации: 21.10.2025, 16:25
2025-10-21T16:25:37+05:00

Назарбаев университетінің профессоры Гүлнұр Қалимолдина – зертхана жобасын DeepTech-стартапқа айналдыра алған Қазақстандағы алғашқы ғалымдардың бірі. Бәрі қозғалыс кезінде электр энергиясын өндіре алатын материалмен жүргізілген тәжірибеден басталған. Сол идеяның негізінде Mirai Tech стартапы пайда болды. Бұл спортшылардың қимыл-қозғалысын талдап, дәрігер байқамай тұрып-ақ жарақаттың алдын алуға көмектесетін «ақылды» наноұлтарақ әзірлейтін жоба. Қазір Mirai Tech технологиясы Қазақстанның футбол клубтарында сынақтан өтіп жатыр, ал команда алғашқы $90 мың инвестицияға ие болды.

Digital Business және Astana Hub-тың бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Гүлнұр Қалимолдина аяқ киімге орнатылған сенсорлар спорт клубтарына миллиондаған доллар үнемдеуге қалай көмектесетінін және Mirai Tech ұлтарақтары қарапайым адамдарға қашан қолжетімді болатынын айтып берді. Ол сондай-ақ жоба қашан $100 мың пайдаға шығатынын, шетелдің қай нарықтарында жұмыс істейтінін және жаппай өндіріс қашан басталатынын да бөлісті.

«2 минутта ұлтарақ 20 000-нан астам дерек жинайды»

— Mirai Tech ғылыми зерттеуден шыққан жоба. Қай сәтте бұл идеядан толыққанды стартап жасауға болатынын түсіндіңіз?

— Стартап құру идеясы біз қозғалыс кезінде электр өндіретін материалдарды зерттеген кезде пайда болды. Бір сәтте сенсорлардың жай ғана тоқ тудырмай, адамның жүру тәсіліне қарай түрліше реакция беретінін байқадық. Сол кезде бұл адамдарға нақты пайда әкелетін технологияға айналуы мүмкін екенін түсіндік. Осылайша, наногенератор негізінде жасалған сенсорлары бар «ақылды» наноұлтарақ пайда болды. Олар адамның ең ұсақ қозғалысы мен денеге түскен күшті анықтайды. Сондықтан жобаның атауында «нано» сөзі бар, бәрі осы технологиядан басталды.

Алғашында біз паралимпиадашылардың оңалту процесі, аутизм спектріндегі балалардың моторлық дамуын бақылау сияқты бірнеше бағытты қарастырдық. Бірақ соңында назарымыз толығымен спортқа ауды. Биыл қаңтарда компанияны тіркеп, SportTech бағытына, яғни спортшылардың жаттығуы мен қалпына келуін деректер мен жасанды интеллект көмегімен жақсартатын технологияларға ден қойдық.

— Неліктен спортты таңдадыңыз?

— Ең алдымен кәсіби спорт клубтарының үлкен қызығушылығын байқадық. Футбол, хоккей, баскетбол сияқты командалық спорт түрлерінде кез келген жарақат – тек жаттығудан уақытша шеттеу емес, сонымен қатар емдеу, қалпына келтіру, ойыншыны алмастыру сияқты қомақты қаржылық шығын. Элиталық лигаларда мұндай жағдайлар миллиондаған доллармен есептеледі.

Бірақ Қазақстанда уақтылы диагноз қоятын білікті реабилитологтар аз. Біздің наноұлтарақ осының орнын толтыра алады, ол проблеманы ерте сатысында анықтайтын жүйе секілді жұмыс істейді. Спортшы небары екі минут жүріп өтеді, ал біз бірден қозғалыс асимметриясын, артық жүктемені, дене салмағының дұрыс бөлінбеуін көреміз. Бұл деректер дәрігер мен бапкерге мәселені нақты анықтауға және жаттығу жүктемесін түзетуге мүмкіндік береді.

— ​​Наноұлтарақ қалай жұмыс істейді және қандай деректерді жинайды?

— Аяқ киімнің ішіне адамның қозғалысын тіркейтін сенсорлар орнатамыз. Аяқтың басылуы, салмақтың қай бөлікке түсуі, жүру, жүгіру немесе секіру кезіндегі күштің таралуы — бәрі есепке алынады. Олар микрокозғалысты да сезеді. Екі минуттың ішінде құрылғы 20 мыңнан астам көрсеткіш жинап, арнайы алгоритмдер арқылы өңдейді. Нәтижесінде қозғалыстың цифрлық профилі жасалады.

Гульнур Калимулдина Mirai Tech

Сонымен қатар, спортшы денесіне тағы қосымша сенсорлар тағылады. Олар аяқтың бүгілу бұрышын, қозғалыс дисбалансын және техникадағы ауытқуларды анықтайды. Мысалы, бапкер ойыншының өнімділігі төмендегенін байқайды, бірақ себебін түсінбеуі мүмкін. Сенсор деректері қозғалыс асимметриясы ма, техника қателігі ме, әлде жасырын жүктеме ме — нақты себепті көрсетеді.

— Әр адамның өзіне тән жүру мәнері, қалпы бар ғой. Жүйе мұны қалай ажыратады?

— Негізі жүйенің өзегі – математика. Алгоритмдер адамның қозғалысын есептеп, сенсорлардан келетін микросигналдарды талдайды. Әрбір қадам мен қысым нүктесі – ерекше үлгі, сол арқылы жүйе қозғалыстың қайсысы физиологиялық тұрғыда дұрыс, қайсысы ауытқығанын түсінеді.

Жүйені «ажыратуға» үйрету үшін біз үлкен, дербестендірілмеген деректер базасын жинадық. Технологияны Астананың 9 клиникасында және бірнеше спорт орталығында сынақтан өткіздік: түрлі жүру типтері бар, жарақатты және жарақатсыз адамдардың қозғалысын талдадық.

Осы деректер негізінде жүйені калибрлеп, дәлдігін арттырып, үлгілерді тануға үйретіп жатырмыз. Яғни бұл жай ғана датчиктер емес, адамның денесі дұрыс жұмыс істемей тұрған кезде соны «түсінетін» аналитикалық модель.

Гульнур Калимулдина Mirai Tech

— Бапкерге ақпарат қандай түрде жеткізіледі?

— Барлық мәлімет қарапайым әрі түсінікті интерфейсте көрсетіледі. Бапкерлер негізгі көрсеткіштерді көреді: қозғалыс симметриясы, жүктеме, қалпына келу динамикасы. Егер бұл деректерді жаттығу жоспарына қалай енгізу керектігі жөнінде сұрақтар туындаса, бізде штаттық реабилитологтар бар, олар кеңес береді. Қазір клиент аз болғандықтан, әрқайсысымен жеке жұмыс істей аламыз. Бірақ ауқым кеңейген сайын жасанды интеллект қосамыз, оны клиникалық және зерттеу деректерінің дербестендірілген нұсқаларына сүйене отырып үйретіп жатырмыз.

«Еуропада мұндай деңгейдегі дәл аналитиканы көрмегенін айтты»

— Технологияны қайда сынап көрдіңіздер?

«Астана» футбол клубымен пилоттық жоба жүргіздік. Бір айдың ішінде ойыншылардағы жасырын мәселелерді анықтап, жүктемені түзетуге және жаттығу жоспарын өзгертуге көмектестік. Кейін команданы жүйемен жұмыс істеуге үйреттік, қазір жылдық келісімшарт жасау мүмкіндігін талқылап жатырмыз.

Сондай-ақ Премьер-лиганың үздіктерінің бірі — Қостанайдың «Тобыл» клубымен жұмыс істедік. Алдымен ойыншылардың буын жүктемесін және жалпы жағдайын бағалайтын бір реттік диагностика жасадық, қазір қайта тексеруге дайындалып жатырмыз.

Клубпен келісіп, көшпелі диагностикалық check-up жүргіздік, бұл формат оларға ыңғайлырақ болды. Алғашқы ақылы жобадан кейін жылдық келісімшартқа көшу жоспары бар. Тек ойын күнтізбесінің тығыздығына байланысты соңғы шешім әлі қабылданған жоқ.

Гульнур Калимулдина Mirai Tech

— Бизнес-модель туралы толығырақ айтып өтсеңіз. Қалай табыс табасыздар?

— Екі негізгі бағыт бар. Біріншісі — технологияны сату. Клиент жүйені сатып алып, аналитикаға жазылым рәсімдейді. Пакетке сонымен қатар оқыту кіреді, спорттық реабилитация бойынша тренинг өткіземіз, деректерді қалай түсіндіру және оларды жаттығу процесіне енгізу жолдарын үйретеміз.

Екіншісі — біздің команда жүргізетін диагностика. Бұл чекап форматы: клуб жылдық бағдарлама сатып алады, ал біз үш ай сайын барып тұрамыз.

Келесі жылдың басында тоқсандық пайда шамамен $100 мыңға жетуі керек деп жоспарлап отырмыз.

— Бұл табысты Қазақстандағы футбол клубтары әкеле ме, әлде шетел нарығына шығасыздар ма?

— Негізгі өсім, әрине, шетелдік нарық есебінен болады деп күтеміз. Қазір бес еуропалық футбол клубымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олармен де пилоттық сынақтар өткізіп, келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отырмыз. Сол үшін өнімді жетілдіріп жатырмыз, зертханалық прототип емес, сериялы құрылғы түрінде шығару керек.

Гульнур Калимулдина Mirai Tech

— Үлкен шетелдік клубтар кез келген қымбат технологияны сатып ала алады. Неліктен сіздердің өнімге қызығушылық танытады?

— Иә, нарықта сенсорлы ұлтарақ жасайтын бірнеше компания бар. Бірақ біздің құрылғы адам көзі байқамайтын ең ұсақ өзгерістерді де тіркей алады. Еуропада мамандар біздің аналитика дәлдігіне таңғалып, мұндай деңгейдегі талдауды бұрын көрмегенін айтты.

Одан бөлек, мұндай диагностика әдетте тек мамандандырылған клиникаларда ғана жасалады. Ол жерде процесс күрделі: спортшыны түрлі датчикке қосып, камераға түсіреді, кейін талдауы қиын үлкен есеп береді. Ал біз осының бәрін бір шағын құрылғы мен түсінікті графикаға алмастырып отырмыз.

«$500 мыңнан асатын pre-seed раунды бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз»

— Бастапқыда жобаны қандай қаржыға дамыттыңыз және қазірге дейін қанша қаражат тарттыңыз?

— Негізінен жобаны өз қаражатыма дамыттым. Кейбір кезеңдерде зерттеу жұмыстарын гранттар арқылы қаржыландырдық. Бізге алғаш сенім білдірген — Jas Ventures Limited қоры, олар бридж-раунд аясында $90 мың инвестиция салды. Қор технологияның әлеуетін көріп, келесі раундтарға да қатысуды жоспарлап отыр. Қазір $500 мыңнан асатын pre-seed раунды бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұдан бөлек, жақында Astana Hub Startup Battle байқауында MA7 Ventures-тен $25 мың ұтып алдық және ұлттық AI SANA Generative Nation конкурсының финалында 10 млн теңге грантқа ие болдық.

Гульнур Калимулдина Mirai Tech

— Бұл қаражатты неге жұмсамақсыздар?

— Масштабтауға және сериялық өндірісті жолға қоюға керек. Қазір ұлтарақтарды зертханада қолдан жасап жүрміз, бұл пилоттық жобаға жеткілікті, бірақ ірі келісімшарттарға жарамайды. Ұлтарақты көп мөлшерде өзіміз өндіре алмаймыз, ол үшін жүздеген адам жалдауға тура келер еді, сондықтан өндірістің бір бөлігін аутсорсқа береміз. Сенсор технологиясы мен электроника өзімізде қалады, ал, мысалы, ұлтарақтың корпусы мен кейбір модульдерді сыртта, ең ықтималы, Қытайда шығаратын шығармыз.

Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі патент алуға, зерттеу мен әзірлеуге (R&D) және жасанды интеллектке негізделген аналитиканы жетілдіруге жұмсалады. Бұл аналитика — жүйенің негізгі бөлігіне айналады. Біз Mirai Tech-ті жай ғана қозғалысты тіркейтін құрылғы емес, әртүрлі спорт түрлерінде жарақаттың алдын алуға арналған толық экожүйе ретінде дамытқымыз келеді.

— Яғни тек футболмен шектелмейсіздер ме?

— Баскетбол клубтарын да тартпақпыз, оның ішінде NBA (АҚШ-тың Ұлттық баскетбол қауымдастығы) нарығына шығу жоспарда бар. Бұл — өте үлкен нарық. Кейін хоккей мен теннис бағыттарын қамтимыз. Сонымен қатар балалар академиялары және спорт мектептерімен де жұмыс істеуді көздеп отырмыз: онда спортшылардың биомеханикасы жаңа қалыптаса бастағанда-ақ қозғалыстың дұрыс техникасын үйретуге болады.

Гульнур Калимулдина Mirai Tech

Бұдан бөлек, технологияны кәсіби спорттан бөлек, қарапайым қолданушыларға да қолжетімді еткіміз келеді. 2026 жылдың соңына дейін Mirai Tech-тің «ақылды» наноұлтарақтарын кез келген адам сатып ала алатын болады деп жоспарлап отырмыз. Кәсіби спортшы болмасаңыз да, фитнеске барып жүрсеңіз немесе әуесқой марафонға дайындалып жатсаңыз, қозғалыс динамикасын бақылап, тізе мен арқаны артық жүктемеден қорғау маңызды. Біздің аналитика сіздің табаныңызды дұрыс басатыныңызды және жарақат қаупінің бар-жоғын көрсетеді.

— Мақсаттарыңыз өте нақты екен. Бірақ өткен жылы өзіңіз мойындағандай, ғылымнан келген адам ретінде бизнес жүргізу тәжірибеңіз болмаған еді. Қалайша қысқа уақытта осылай өзгердіңіз?

— Өткен жылы NURIS ұйымдастырған ABC business incubation бағдарламасынан өттік, ал жақында Astana Hub пен Google for Startups бірлескен Silkway Accelerator бағдарламасын аяқтадық. Сол жерде үш айдың ішінде өнімді клиентке құндылық тұрғысынан қайта қарап, сату жүйесін құрдық. Ойлау тәсілім өзгерді, жобаны енді ғылыми тәжірибе емес, технологиялық бизнес ретінде қарастыра бастадым. Команда да үлкен рөл атқарды: бізге стартаптарды іске қосу тәжірибесі бар бизнес-даму директоры Әсет Бегалиев және бизнес-процестерге жауапты операциялық директор Азамат Есжанов қосылды.

— Ал ғылыми жағы әлі де сіздің жауапкершілігіңізде ме?

— Иә, жобаның ғылыми жағы әуелден менің бақылауымда болды және солай қала береді. Мен — зерттеуші ғалыммын, сондықтан жаңа буындағы сенсорлар, деректерді талдау, тәжірибелер мен гипотезаларды тексеру — бәрі менің қадағалауымда. Бұл — бүкіл стартаптың іргетасы. Біз жай ғана құрылғы емес, ғылыми негізі терең технология жасап жатырмыз. Инженерлік командамен бірге осы бағытты әрі қарай күшейтіп келеміз.

Гульнур Калимулдина Mirai Tech

Қазір командаға техникалық және машиналық оқыту (ML) бағыттары бойынша мықты мамандар қосылды. Hardware-CTO Манат Нұрсұлтан сенсор модульдерінің схемалық жобалауынан бастап өндірістік интеграцияға дейін жүйенің архитектурасына жауап береді. Ол және оның командасы жоғары сезімтал сенсор элементтерін және энергия үнемдейтін микроконтроллерлерді жасап, құрылғының тұрақты әрі дәл жұмысын қамтамасыз етеді.

ML бағыты бойынша CTO Абылайхан Ергеш реабилитологтар және травматологтармен бірлесіп, машиналық оқыту мен биомеханика саласында зерттеу жүргізеді. Ол деректер ағынын өңдеу мен түсіндіруге, қозғалыс үлгілерін тануға, жүктеме мен бұрыштарды талдауға, бұлшықет реакциясын бағалауға бағытталған тұрақты модельдер құрумен айналысады. Оның тәсілі арқасында жүйе кәдімгі киілетін гаджеттер байқамайтын нәрселерді «көріп үйренеді».

— Алдағы жылдары өзіңіз бен командаңыздың алдына қандай мақсат қойдыңыз?

— 2026 жылдың соңына дейін Mirai Tech компаниясының нарықтағы бағасы шамамен $100 млн-ға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Ал 2-3 жылдан кейін Mirai Tech-ті аты әйгілі спорттық брендтермен қатар тұратын, әлемдік деңгейдегі компания ретінде көремін. Елестетіп көріңіз: «Реал Мадрид» пен «Барселона» ойнап жатыр, әлем бойынша мыңдаған көрермен экраннан қарап отыр, ал стадион бортының бойымен жүгіріп тұрған жолақта біздің логотипіміз жанып тұр. Сол сәтте ғана «иә, біздің командамыз бәрін дұрыс істеді» деп айта аламын.