Қазақстандық жігіт 19 жасында жұмысшылардың ауысым алдындағы медтексерісін автоматтандырды. Оның шешімі зауыттарға миллиондаған теңге үнемдеуге мүмкіндік береді

Данил Мухалев – 19 жаста. Мектепте оқып жүргенде робототехникаға қызығып, бірде байқау үшін «робот-дәрігер» құрастырған. Жоба жоғары баға алып, біртіндеп AMS стартапына айналды. Бүгінде Ақтаудағы команда шағын планшет шығарады. Ол жұмысшылар мен құрылысшыларды ауысымға кірмей тұрып тексереді, дене қызуын өлшейді және алкогольге тест жасайды.

Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында AMS компаниясының негізін қалаушы, әрі CEO-сы Данил Мухалев мектептегі робот идеясының сұранысқа ие өнімге қалай айналғанын, құрылғы кәсіпорындардың ақшасын қалай үнемдейтінін және неге Франция нарығына шығуды көздеп отырғанын айтып берді.

«Робот-терапевтке нарық дайын емес, бұл тым ауқымды идея»

— Айтыңызшы, стартап идеясы қайдан туды?

— Бәрі Ақтаудағы НЗМ-де оқып жүрген кезімнен басталды. 13 жасымнан қарапайым құрылғы жасап, ғылыми жобалар байқауына қатыстым. 16 жасымда командамен алғашқы медициналық роботты жасадық. Ол температура, пульс, қан құрамындағы алкоголь деңгейін өлшей алады. Жарыстарға қатысып, жүлде алдық, бірақ нақты қолданысы жайлы ойламадық.

Samsung Solve for Tomorrow байқауына қатысуым бәрін өзгертті. Финалға өтіп, төртінші орын алдық және шағын қаржылай жүлде иелендік. Сол қаражатты AMS стартапына саламыз, бірақ өнімді өзгертеміз деп шештік. Роботтан бас тарту қажет екенін түсіндік.

— Неге роботтан бас тарттыңыздар?

— Нарық мұндай шешімге дайын емес екенін ұқтық. Бұл ауқымды және жақсы идея, бірақ оған біздің құзыретіміз жетпеді. Теория жүзінде робот зауыт-фабрика сияқты ірі кәсіпорындардың қызметкерлерін медициналық тексерістен өткізе алады.

Роботты клиенттерге көрсеткенде: «Бізге мұндай керек емес. Ықшам нұсқа қажет», деді. Сондықтан роботты тек жарнамалық бейне ретінде қалдырып, экспресс-медтексеруге арналған қабырғаға ілінетін планшет жасауды бастады.

Заң бойынша көптеген кәсіпорында әр жұмысшы ауысым алдында денсаулығын тексертуі тиіс. Әдетте оны медбике істейтін. Ал, планшет мұны адамның қатысуынсыз-ақ өткізеді, сезімтал құрылғы жұмысшы мас, не ыстығы бар-жоғын өзі анықтайды. Қызметкер сау, әрі сергек болса ғана зауытқа кіруге рұқсат алады.

— Сіздің шешіміңіз басқа өнімдерден несімен ерекше?

— Нарықта қазір Med365 жүйесі бар, ол мемлекеттік секторда және ірі корпорацияларда кеңінен қолданылады. Бірақ бағасы қымбат, оны тек үлкен компаниялар ғана ала алады. Ал орта бизнес те ауысым алдындағы тексерісті өткізуге міндетті, бірақ қолжетімді шешімдер жоқ. Біздің тағы бір артықшылығымыз — жекелеген талаптарға бейімделуіміз. Барлығын өзіміз құрастырамыз және планшетті тапсырыс берушінің нақты талабына сай өзгерте аламыз. Өндірісіміз Ақтауда орналасқан, себебі біздің әзірлеушілер де, клиенттердің басым бөлігі де осында.

— Қазір AMS құрамында қанша адам бар?

— 10 адамбыз. Үш кофаундер — мен, Камила Қуатова (CMO) және Ұлан Айтбай (CTO). Қалғаны — әзірлеушілер мен дизайнер. Алғашында барлығын өзіміз жасадық: мен «темірімен» және есебімен айналыстым, Ұлан код жазды, Камила маркетинг пен презентацияға жауап берді. Кейін алғашқы табыс пайда болған соң, адамдарды жұмысқа ала бастадық.

«Жұмысшылар жүйені алдамақ болып, тексерістен әріптестерінің суретін қойып өтті»

— Құрылғы қалай жұмыс істейді?

— Бұл қабырғаға ілінетін шағын қорап. Ол есік құлпымен, не турникетпен байланыстырылған. Жанында тыныс алуға арналған түтік модулі бар, төменгі жағында пульс сенсоры мен инфрақызыл камера орналасқан.

Планшет температураны, пульсті, кіріктірілген алкотестер көмегімен алкоголь деңгейін өлшейді және Face ID арқылы тексереді. Егер бәрі қалыпты болса — есік ашылады, уақыт тіркеледі, жұмыс сағаттары табельге автоматты енгізіледі. Ауысым соңында қызметкер қайтадан тексеруден өтеді, ал бухгалтерия еңбекақыны есептеу үшін осы деректі пайдаланады.

Егер жұмысшының бойынан алкоголь немесе қызу анықталса, жүйе бұғатталады, прорабқа, медбикеге және директорға хабарлама жібереді. Жағдайды маман тексермейінше, жұмысшы ауысымға кіргізілмейді.

— Сіздің шешіміңізді қазір кімдер пайдаланып жүр?

— Біздің алғашқы клиентіміз Ақтаудағы ESG компаниялар тобы болды. Оның иесі Данияр Сандыбаев біздің идеяға сеніп, прототипін жасауға қаржы берді: құрылғыны өзіндік құнымен сатып алып, толықтай авансын төлеп берді. Әрине, бастапқыда қате көп болды, құрылғыны тез арада жетілдіріп, сол мезетте жөндеуге тура келетін. Данияр мұны түсіністікпен қабылдады, сол үшін оған ризамын.

Қазір 10 клиентіміз бар. Жыл сайын сатылым көлемі шамамен 100%-ға өсіп жатыр. Біздің жүйені, мысалы, Қарағанды облыстық полиция департаменті, мұнай-газ құбырларына қызмет көрсететін компания және ESG-дің тағы бір кәсіпорны енгізді.

Ерекше кейстердің бірі — Маңғыстау облыстық қан орталығына планшет орнату. Донорлар міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді, ал тіркеу бөлімі мұны әрдайым тез атқара бермейтін. Біз құрылғыны олардың қажеттілігіне бейімдедік, енді донор алкогольге тексеріледі және планшетте бірден анкета толтырады: есірткі қолданған-қолданбағанын белгілеп, жеке деректерін енгізеді. Бұл процесті жылдамдатып, қызметкерлердің жүктемесін азайтты.

— Құрылғыны алғаш рет орнатқан кезде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

— Мысалы, Жаңаөзенде құрылғыны өндірістік аймақтың тереңіне орнатуға тура келді, сондықтан біздің кофаундеріміз Камила Қуатова жұмысшылармен бірге камазға мініп, ұзақ жол жүрді. Бұл физикалық тұрғыдан өте ауыр болды.

Кейде планшет климаттық жағдайларға шыдамай қалатын: +40 градус ыстықта оны тағы жетілдіру үшін қайтаруға тура келетін. Ең қолайсыз жағдайлардың бірі — жүйе барлық көрсеткіштерді дұрыс тіркегенімен, есік ашылмай қойған кез. Сол сәтте дереу барып, жөндеуге тура келді.

Бірде жұмысшылар жүйені алдамақ болды: әріптестерінің суретін қойып, олардың орнына кіргендей көрсеткісі келді. Алғашқы прототипте бұл әдіс істеп кетті, бірақ кейін біз инфрақызыл камера қостық, енді ол алдында тірі адам тұрғанын анықтайды.

«Планшет 2,5 млн теңге тұрады және бір жылда өзін ақтайды»

— Құрылғы қанша тұрады және компания үшін қаншалықты тез ақталады?

— Бір құрылғының бағасы — 2,5–3,5 млн теңге аралығында. Бұған қоса, шағын ғана айлық қызмет көрсету ақысы бар. Лизинг мүмкіндігін де қарастырдық, яғни компания құрылғыны бірден сатып алмай, автокөлік сияқты ұзақ мерзімге жалға алады. Бірақ кәсіпорындар бұған үзілді-кесілді қарсы болды. Неліктен екенін толық түсіне алмадық. Мүмкін, бұл үлгінің артықшылығын жеткілікті деңгейде көрсете алмаған шығармыз.

Орта есеппен жүйе бір жыл ішінде өзін ақтайды, себебі бұрын тексерістерді қолмен жүргізген қызметкерлерге төленетін шығындар азаяды. Енді оларға тек жүйе мас, не ауру белгілерін анықтаған жағдайды тіркеу керек.

Ірі кәсіпорындарда нәтиже тіпті айқын: бұрын бір нысанда бір ауысымда бірнеше медқызметкер жұмыс істесе, енді бір маман жеткілікті, ал жүктеме қайта бөлінеді. Жылдық есепте компания тек жалақы қорынан миллиондаған теңге үнемдейді. Бұған қоса, жұмыстағы үзіліс пен адами факторға байланысты қателер саны азаяды.

— Қаражатты үнемдеуден бөлек, жұмыс берушілер тағы қандай артықшылық көреді?

— Есеп бөлімі мен менеджментке жұмысқа келу-кету есебін жүргізу және қауіпсіздікті басқару әлдеқайда жеңілдейді, өйткені жүйе жұмыс уақытын автоматты түрде тіркеп, табель құрады. Сонымен қатар, кешігушілер саны айтарлықтай азайды. Қызметкерлер бақылаудың автоматтандырылғанын және оны айналып өту мүмкін еместігін түсінгенде, тәртіп күшейеді.

Тек өткен жылдың өзінде AMS арқылы шамамен 4 мың тексеріс өтті. Базада алкоголь анықталған бірнеше ғана жағдай бар, бірақ дене қызуы көтерілген ондаған қызметкер тіркелді. Біз мұны өндірістегі тәуекелдерді шынымен азайтады деп ойлаймыз. Ауырып тұрған қызметкер тез шаршайды және жиі қателеседі.

— Жоба қазір сізге табыс әкеліп жатыр ма? Сіз одан ақша табасыз ба?

— Қазір иә. Бірақ бұған тек осы жылдың маусымында ғана жеттік: сол кезде айналымнан жалақыма ақша бөле алатынымды түсіндім. Бұған дейін дұрыс қаржылық модель болған жоқ, жобаны бастағанда біз 17 жаста едік, көп нәрсені білмедік. Барлығын өзім есептеп, жиі қателесетінмін. Кейде минусқа кетпесек те, көбіне нөлге жұмыс істейтінбіз.

Қоса кетейін, біз көбіне басқа жобадан, яғни компанияларға IT өнімдер әзірлеуден табыс таптық. Біреу CRM, не ERP жүйесін сұрайтын, ал біреуге сайт қажет болды.

Алғашында уақыт өткізудің бір амалы еді, кейін бұл бағыт планшетті және оның дамуын қаржыландыруға көмектесе бастады. Табысымыздың бір бөлігін өнімге, бір бөлігін жалақыға жұмсадық.

«Францияда біздің салада бәсекелестерді кездестірген жоқпыз»

— Қазақстаннан тыс жерде қай елден әлеует көресіз?

— Ең алдымен, Франциядан. Жеке себептерге байланысты, мұнда жоғары білім алып жатырмын. Тілді білемін, жергілікті үдерістерді түсінемін. Бұл индустриялы мемлекет, бірақ цифрландыру деңгейі Қазақстаннан айтарлықтай артта. Демек, нарықта бос орын да, нақты сұраныс та бар. Еңбек заңнамасы біздің заңдарға ұқсас, мәселелер де дәл сондай. Әрине, компанияны тіркеу, патенттер, медициналық лицензия секілді кедергілер бар. Бірақ мұның бәрі шешілетін нәрсе.

— Француз компанияларымен сөйлесіп көрдіңіз бе?

— Әзірге тек кастдев аясында. Бір жыл ішінде бар болғаны 7 компаниямен келіссөз жүргіздім. Мұнда тамыр-таныссыз алға жылжу өте қиын: бейтаныс нөмірлерге қоңырау шалу, хат жазу, LinkedIn-нен таныс іздеу керек болады. Қазақстанда бұл оңайырақ: әрқашан керек адаммен таныстырып жіберетін біреу табылады.

Бірақ ең бастысы — Францияда біздің салада әзірге ешқандай бәсекелес кездестірген жоқпыз. Құлаққа оғаш естіледі, бірақ солай. Кәсіпорындар өндірістік үдерістерін автоматтандырып, станоктар мен роботтар енгізіп жатыр, ал ауысым алдындағы медициналық тексеру жағын ешкім қозғамайды.

— Алдағы жылдарға қандай жоспарыңыз бар?

— Негізгі мақсат — Қазақстан аумағынан шығып, Еуропада орнығу. Францияға шығу үшін инвестиция тартамыз. Қазір өнімді «қаптап», нарықты зерттеп, инвесторларға арналған материалдар дайындап жатырмыз. Түсінеміз, қорлар мен бизнес-періштелер тек MRR, яғни айлық тұрақты табысы бар компанияларға ақша салуға дайын. Сол себепті үлгіні қайта қарап жатырмыз, планшеттерге қосымша жазылым бойынша ұсынылатын софт енгіземіз.

Біз аналитиканы және деректермен жұмысты дамытуға ниеттіміз: кіріп-шығу пункті жүйелерімен, бейнабақылаумен, ауысымдарды автоматты басқарумен интеграция жасағымыз келеді. Шын мәнінде ол «цифрлық прораб», яғни құрылыс не зауыттағы барлық үдерістерді басқаруға, қауіпсіздік пен тәртіпті бақылауға көмектесетін ассистент болады. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың болашағы осында екеніне сенімдімін.