Дамир Ысқақов 18 жаста. Мектеп кезінен-ақ технологияға әуестеніп, жоғары сыныпта алғашқы стартап – білім беру ұйымдарын таңдауға арналған платформа құрды. Біраз уақыттан кейін бұл сервис жабылды. Ал биыл наурызда Дамир жаңа өнім – Vetra AI жобасын іске қосты. Бұл – хабарламаларды, файлдарды және дауыстық жазбаларды автоматты түрде тапсырмаға, кездесуге және ескертпеге айналдырып, күнтізбемен синхрондайтын жасанды интеллект негізіндегі көмекші. Жақында жоба Google, OpenAI және Cloudflare компанияларынан жалпы құны $200 мыңнан астам грантқа ие болды.
Digital Business пен Astana Hub-тың бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Дамир Vetra AI идеясы қалай пайда болғанын, алғашқы нұсқаны жүзеге асыруға қанша уақыт кеткенін және команда қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді. Сондай-ақ ірі корпорациялардан грант алу процесі және жоба алдағы бір жылда қалай дамитыны жайлы бөлісті.
«Түлектердің тек 4-6%-ы өтетін бағдарламаға қабылдандым»
– Дамир, IT саласындағы жолыңыз қалай басталды?
– 7-сыныпта Яндекс Лицейге түскен кезімде технологияға қызығушылығым оянды. Екі жыл бойы Python, алгоритмдер мен командалық әзірлеме негіздерін меңгердім. Осы тәжірибе маған мықты техникалық база беріп қана қоймай, өз жобаларымды сенімді бастауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ Гарвард түлектері негізін қалаған, жоғары сынып оқушыларына арналған Veritas AI онлайн бағдарламасына қатыстым. Оған түлектердің 4-6%-ы ғана қабылданады. Солардың ішінен іріктеліп, 100% грант жеңіп алдым. Стэнфорд, Гарвард, Колумбия, Йель университеттерінің студенттерімен, түлектерімен бірге жұмыс істедім. Жасанды интеллект пен қаржы саласы тоғысқан жерде машинаны оқыту модельдерінің инвестициялық талдау мен нарықтық трендтерді болжауда қалай қолданылатынын зерттедім.
Жобамда S&P 500 индексіндегі барлық компаниялардың деректерін талдадық. Инвестициялық стратегияларды сынадық, портфельдік аналитика құрдық және модельдерді тарихи деректерге үйреттік. Күрделі техникалық аспектілерден бөлек, болжам жасау философиясына да ой жүгірттім: шынымен нарықты «болжап білуге» бола ма, әлде біз тек сенгіміз келетін үлгілерді қайталап жүрміз бе?
Бұл тәжірибе AI мен қаржыдағы білімімді тереңдетіп қана қоймай, жаһандық ғылыми қауымдастықтағы зерттеу стандарттарын түсінуге көмектесті.
– Vetra AI – алғашқы стартапыңыз емес. Бұрын қандай жобамен айналыстыңыз?
– 10-сыныпта білім беру ұйымдарын таңдауға арналған RatingKZ платформасын құрдым.
Достарыммен қосымша оқу курстарын іздеген кезде қарапайым, бірақ өте кең таралған проблемаға тап болдық. Қай орталықтың шынымен сапалы екенін түсіну мүмкін емес еді. Ашықтық жетіспеді, пікірлер аз болды, бағдарламаларды салыстыруға мүмкіндік жоқ. Мұның бәрін бірнеше сағат отырып, іздеп немесе таныстардан сұрастыруға тура келетін.
Валери Мухизинова, Дамир Ысқақов
Сыныптасым Валерия Мухизинова екеуіміз оқушылар мен ата-аналарға ыңғайлы білім беру орталықтарын тауып, ұсыныстарды салыстырып, шынайы пікірлерді оқуға болатын платформа құрамыз деп шешім қабылдадық. 2023 жылдың жазында MVP нұсқасын жасап шықтық, алғашқы айларда-ақ платформаға жүздеген қолданушы өздігінен қосыла бастады. Кейін жеке кабинет, пәндер бойынша сүзгі, карта, пікірлер жүйесі және курстарды салыстыру функциясын қостық.
Жоба бастапқыда мектеп деңгейінде басталғанымен, кейін мен оны «үлкендерше сынап көргім» келді, сондықтан Jas Ventures акселерациялық бағдарламасына қатысуға өтініш бердім. Дәл сол кезде шынайы стартаптың не екенін түсіндім: бізде трекер болды, воркшоптарға қатыстық, менторлармен жұмыс істедік.
Сондай-ақ American Space & Maker Space орталығынан қолдау көрдік, олардың ішкі байқауында 2-орынға ие болып, $300 ұттық.
– Жоба неге жабылды?
– Біз екі үлкен шектеуге тап болғанымызды түсіндік. Біріншіден, нарық тым шағын болды. Қазақстанның жекелеген қалаларынан тыс кеңею оңай емес екен. Екіншіден, бұл идея аясында техникалық тұрғыдан дамымай қалғанымды сездім, мен үшін әрі қарай жүріп, анағұрлым күрделі нәрсе жасау маңызды еді. Сондықтан RatingKZ жобасын жабуға шешім қабылдадық, алайда дәл осы тәжірибе менің стартаптар әлеміне кірер қақпам болды.
«Менеджерлер жұмыс уақытының 20%-ын күнді жоспарлауға жұмсайды»
– Vetra AI идеясы қалай пайда болды?
– Бұл ой биылғы наурыз айында өз басымдағы қиындықтан туды. Күнделікті жүктемем шамадан тыс екенін сездім: тапсырма, дедлайн, хат-хабар, Zoom, сілтеме, дауыстық хабарлама көбейді. Соның салдарынан тек жоспар құрудың өзіне бірнеше сағат кететін. Жоспарлауға нақты қанша уақыт жұмсалатынын талдай бастадым да, қатты таңғалдым: аптасына 5–7 сағат жұмсайды екенмін. Ал менеджерлерде бұл көрсеткіш жұмыс уақытының 20%-ына дейін жетеді екен. Сонда осы процесті автоматтандыруға болатынын түсіндім. Сөйтіп түсетін ақпаратты өзі өңдеп, құрылымдайтын жасанды интеллект негізіндегі көмекші құру идеясы пайда болды.
– Жұмысты неден бастадыңыз?
– Astana Hub-тың Startup Garage бағдарламасына өтініш бердім. Үш ай бойы 500 Global сарапшыларының және Кремний алқабындағы стартаптардың негізін қалаушылардың воркшоптарына қатыстым, сондай-ақ трекермен тұрақты жұмыс істедім.
Бағдарламаның ортасында фаундерлер мен техникалық мамандар арасында арнайы мэтчинг-сессия өтті. Сол жерде қазіргі кофаундерім әрі жобаның CTO-сы – Естай Есенбаймен таныстым.
Естай – Оңтүстік Кореядағы GIST университетінің студенті, жасанды интеллект саласында академиялық та, практикалық та тәжірибесі бар фулстек-әзірлеуші. Ол Vetra AI архитектурасы мен іске асырлуына зор үлес қосып жүр.
– MVP жасауға қанша уақыт кетті?
– Шамамен екі ай. Стартап өлшемімен алсақ, бұл ұзақтау, бірақ біз маңызды стратегиялық қадам жасадық. Бастапқыда MVP-ді веб-сайт ретінде жасауды жоспарлағанбыз, бірақ пайдаланушыларға қолжетімді болсын деп оны Telegram ішінде жүзеге асырған дұрыс екенін тез түсіндік. Бұл қадам толықтай өзін-өзі ақтады: қолданушылар өнімді ешқандай тіркеусіз, күрделі онбордингсіз-ақ тестілеуге мүмкіндік алды.
MVP-дің алғашқы нұсқасы оқиғалардың атауын дұрыс танымай, пайдаланушыларға жиі нақты емес нәтиже беретін еді. Бұл біз үшін басты техникалық қиындықтардың бірі болды. Бастапқы қолданушыларға жағымсыз әсер қалдырмау үшін біз бірден 7000-нан астам мысалдан тұратын датасетте өзіміздің AI-моделімізді жаттықтыруды жөн көрдік.
– Қазір Vetra AI қандай қызмет ұсынады?
– Бұл – хабарламаларды, файлдарды және дауыстық жазбаларды автоматты түрде тапсырмаға, кездесуге және ескертпеге айналдырып, оларды күнтізбемен синхрондайтын AI-хатшы. Пайдаланушы ботқа тапсырма, кездесу немесе дедлайн туралы жазады немесе басқа чаттағы хабарламаны жөнелтеді. Біздің сервис сұранысты талдап, оқиғаны күнтізбеге автоматты түрде қосып, еске салғыш қояды.
Естай Есенбай
Telegram – біздің алғашқы интеграциямыз, бірақ жалғыз емес. Соңғы өнім веб-сайт арқылы да, жеке қосымша арқылы да қолжетімді болады. Жақын уақытта WhatsApp, пошта және басқа да платформаларды қосуды жоспарлап отырмыз.
– Бастапқы қолданушылар өнімді қалай қабылдады?
– Фидбэкке сүйенсек, адамдар барынша «көрінбейтін» өнімді сұрайды. Ассистент фондық режимде жұмыс істеп, артық әрекет талап етпесе дейді. Пайдаланушылар Vetra AI көмегімен жоспарлауға аз уақыт жұмсап, көбірек тапсырма орындайтынын атап өтті. Сонымен қатар олар сервис тек кездесулерді ғана емес, толыққанды тапсырмаларды да реттесе екен деді. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
«Ақша төлейтін 30-дан астам клиент тарттық»
– Vetra AI-дың негізгі клиенттері кім?
– Қазір біз пилоттық режимде жұмыс істеп жатырмыз, бірақ әртүрлі сегменттен ақша төлейтін 30 клиентіміз бар. B2C тұрғысынан айтсақ, бұл – фрилансерлер, студенттер, жеке кәсіпкерлер. Олардың көпшілігі күту кезегіне қосылып, Telegram-дағы өнімнің ерте нұсқасын сынап көрген. Көп адамға ыңғайлы чат-формат пен жоспарлаудың автоматтандырылуы ұнады, сондықтан олар pro-нұсқасына арнайы бағамен алдын ала жазылған.
B2B сегментінде де шағын компаниялар мен стартап негізін қалаушылардан алғашқы алдын ала тапсырыстар бар. Олар өнімнің ортақ тапсырмалар мен күнтізбені басқару құралы ретіндегі әлеуетін байқаған. Осы мақсатта корпоративті нұсқаның іске қосылуын күтеміз деп алдын ала жазылды.
Сонымен қатар білім беру орталықтарынан да тапсырыс бар. Мұнда менеджерлер бұрын оқушылар мен мұғалімдердің уақытын келісу үшін біраз сағат жұмсайтын. Vetra AI көмегімен бұл процесс бірер минут алады, сөйтіп қызметкерлердің кестесін басқару жеңілдеді, ал оқушылар сабаққа келмей қалуды азайтты.
Келесі кезеңде толыққанды сату кезеңдерін құрып, клиент тарту арналарының тиімділігін тексеріп, жеке және командалық сегментте LTV-ге (клиенттің өмірдегі құндылығы – Digital Business еск.) және төлемге конверсияны арттыруға көңіл бөлмекпіз.
– Қызметтеріңіздің бағасы қанша?
– Қазір B2C-клиенттер үшін шектеулі сұранысы бар тегін нұсқаны аштық. Белсенді пайдаланушылар pro-нұсқаны айына $15-ға қолдана алады.
Сонымен қатар ерте жазылу ұсынысы бар, мысалы, бір айдың бағасына екі ай қолдану және қызметке ерте қол жеткізу. Біз байқағанымыз: адамдар өнімді сынап көргеннен кейін тез үйреніп кетеді де, алдын ала тапсырыс береді. Компанияларға корпоративті жазылым ұсынамыз: оның бағасы менеджердің орташа жалақысының 20%-ына тең уақытын үнемдеуден екі есе төмен. Есесіне, бизнестің жұмысты үйлестерген кезде қателеспейтін және тәулігіне 24/7 жұмыс істейтін ассистенті болады.
– Vetra AI-дың нарықта бар ұсыныстардан айырмашылығы неде?
– Біз қолданушылар қазірдің өзінде жұмыс істеп жүрген құралдарына кіріге алатын, барынша «көрінбейтін» көмекші жасаймыз. Vetra AI-ды бәсекелестерден ерекше ететін басты айырмашылықтардың бірі – осы.
Ұқсас компаниялар АҚШ-та бар, бірақ Орталық Азияда бізге балама жоқ.
«Google, OpenAI және Cloudflare-ден гранттай $200 мыңнан астам алдық»
– Жобаны қандай қаражатқа дамыттыңыздар?
– Командадағы барлық адам тек идея үшін жұмыс істеді, ал өз қаражатымыздан мүмкіндігінше аз жұмсадық, $1000-нан (шамамен 540 мың теңге – Digital Business еск.) сәл аз.
Алайда Startup Garage аяқталған соң Google, OpenAI және Cloudflare компанияларының стартаптарды қолдау бағдарламаларына өтініш бере бастадық және олардан жалпы көлемі $200 мыңнан асатын грант алдық.
– Мұндай гранттарды алу үшін не істеу қажет?
– Әр компанияның процесі әртүрлі: кей жағдайда іріктеу кезеңінен сәтті өтсең, жеткілікті, ал кейбірінде өкілдерімен сұхбат кезеңінен өту қажет. Мысалы, Google-мен бірнеше сұхбат өткіздік, онда өнімді, оның қолданылуын және әлеуетін егжей-тегжейлі түсіндірдік.
– Тартылған қаржы қайда жұмсалады?
– Жобаның негізгі технологиялық және операциялық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жұмсаймыз. Мәселен, серверлік инфрақұрылым мен бұлтты есептеулерге, әзірлеу құралдары мен сервистеріне, сондай-ақ техникалық қолдау мен мессенджерлерге, күнтізбелерге және сыртқы дереккөздерге интеграцияға қаражат керек.
Бұл гранттар кэшке айналдырылмайды, бірақ инвестиция есебінен кететін елеулі шығындарды жабады. Осылайша біз қосымша бюджетке алаңдаймай-ақ, өнімді дамыту мен өсіруге мән бере аламыз.
– Раунд ашу жоспарыңыздар бар ма?
– Соңғы айда бізге негізінен шетелдік, бірнеше венчурлық қордан хабарласты. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біздің үшін инвестиция – өмір сүру амалы емес, өсу нүктесі. Өнімге деген қызығушылықты алғашқы алдын ала тапсырыстар мен фидбэк арқылы растадық. Қазіргі басты міндетіміз – дамуды жеделдетіп, өнімді жаңа деңгейге шығару.
– Алдағы бір жылда өнім қалай дамиды?
– Веб-интерфейс пен Telegram-боты бар Vetra AI-дың ашық B2C-нұсқасын іске қосуға дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ дауыс арқылы енгізу функциясын жетілдіруді, Outlook және Apple Calendar-мен интеграция жасауды жалғастырып жатырмыз. Төртінші тоқсанда шетелдік акселераторларға шығуды, сондай-ақ өнімді командалық кездесулердің аналитикасы және KPI-дашбордтары бар корпоративті деңгейге дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Біз Vetra AI күнделікті өмірге өздігінен еніп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қолданушыларға пайдалы құрал болса дейміз. Қазірдің өзінде АҚШ, Өзбекстан және басқа елдерден алғашқы клиенттеріміз бар, сондықтан өнімді әуел бастан жаһандық құрал ретінде құрып жатырмыз.